Инвестициялық қор активтерiнiң, инвестициялық қордың таза активтерiнiң құнын, инвестициялық пай қоры пайының есептi құнын және акционерлiк инвестициялық қордың акцияларын сатып алу бағасын есепке алу және айқындау ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2004 жылғы 21 тамыздағы N 259 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 4 қазанда тіркелді. Тіркеу N 3124

Жаңартылған

      "Инвестициялық қорлар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөнiндегi агенттiгiнiң (бұдан әрi - Агенттiк) Басқармасы қаулы етемін:
      1. Инвестициялық қор активтерiнiң, инвестициялық қордың таза активтерiнiң құнын, инвестициялық пай қоры пайының есептi құнын және акционерлiк инвестициялық қордың акцияларын сатып алу бағасын есепке алу және айқындау ережесi бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейiн қолданысқа енедi.
      3. Стратегия және талдау департаментi (Еденбаев Е.С.):
      1) Заң департаментiмен (Байсынов М.Б.) бiрлесiп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеу шараларын қолға алсын;
      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап он күндiк мерзiмде оны Агенттiктiң мүдделi бөлiмшелерiне, "Қазақстан қаржыгерлерiнiң қауымдастығы" Заңды тұлғалардың бiрлестiгiне, "Активтердi басқарушылар қауымдастығы" Заңды тұлғалардың бiрлестiгiне, инвестициялық портфельдi басқарушыларға жiберсiн.
      4. Агенттiктiң қызметiн қамтамасыз ету департаментi (Несiпбаев Р.Р.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.
      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттiк Төрағасының орынбасары E. Бахмутоваға жүктелсін.

      Төраға

Қазақстан Республикасының   
Қаржы нарығын және қаржы   
ұйымдарын реттеу мен қадағалау
жөнiндегi агенттiгi Басқармасының
"Инвестициялық қор активтерiнiң,
инвестициялық қордың таза  
активтерiнiң құнын инвестициялық
пай қоры пайының есептi құнын
және акционерлiк инвестициялық
қордың акцияларын сатып алу 
бағасын есепке алу және айқындау
ережесiн бекiту туралы"   
2004 жылғы 21 тамыздағы   
N 259 қаулысымен бекiтiлген 

Инвестициялық қор активтерiнiң, инвестициялық қордың таза активтерiнiң құнын, инвестициялық пай қоры пайының есептi құнын және акционерлiк инвестициялық қордың акцияларын сатып алу бағасын есепке алу және айқындау ережесi

      Инвестициялық қор активтерiнiң, инвестициялық қордың таза активтерiнiң құнын, инвестициялық пай қоры пайының есептi құнын және акционерлiк инвестициялық қордың акцияларын сатып алу бағасын есепке алу және айқындау ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Инвестициялық қорлар туралы" 2004 жылғы 7 шілдедегі және "Бухгалтерлiк есеп және қаржылық есеп беру туралы" 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзiрлейдi және Инвестициялық қор активтерiнiң, инвестициялық қордың таза активтерiнiң құнын, инвестициялық пай қоры пайының есептi құнын және акционерлiк инвестициялық қордың акцияларын сатып алу бағасын есепке алу мен айқындау әдiстемесiн және тәртiбiн белгiлейдi.
      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.03.29 N 49 қаулысымен.

1-тарау. Инвестициялық қордың активтерiн
есеп алуды ұйымдастыру

      1. Басқарушы компания және инвестициялық қордың кастодианы қызмет етуiн олар қамтамасыз ететiн әрбiр инвестициялық қор бойынша жеке есептi жүргiзедi.

      2. Басқарушы компания және инвестициялық қордың кастодианы мыналарды сақтай отырып қордың активтерiн есепке алады:
      1) инвестициялық қор активтерiнiң құрылымы:
      инвестициялық қордың бағалы қағаздарының төлемiне алынған активтер;
      алынған кiрiс, оның iшiнде қаржы құралдары бойынша дивидендтер, сыйақылар түрiндегi түсiмдер, сондай-ақ инвестициялық қордың активтерiмен мәмiлелерден болған кiрiстер;
      есептелген кiрiс, оның iшiнде қаржы құралдары бойынша сыйақы, қор активтерiн қайта бағалаудан болған құнының өсiмi бөлiгiнде есепке алу жүйесiнде көрсетiледi;
      2) инвестициялық қор активтерiнiң есебiнен өтелетiн және қордың қызмет етуiн қамтамасыз ететiн тұлғаларға төленетiн шығыстар:
      инвестициялық қордың бағалы қағаздарының төлемiне алынған активтер;
      инвестициялық кiрiс есебiнен өтелетiн шығыстарға бөлiнедi;
      3) инвестициялық қор активтерiнiң есепке алынуы кәсiпкерлер мен ұйымдар үшiн белгiленген бухгалтерлiк есептiң және қаржылық есеп берудiң принциптерi мен негiзгi сапалы сипаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Инвестициялық қордың активтерiн есепке алу шоттары бойынша талдау есебiн жүзеге асырған кезде:
      1) валюта түрi;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шығарылған немесе Қазақстан Республикасының аумағындағы инвестициялық қордың активтерi және Қазақстан Республикасынан басқа, өзге мемлекеттердiң заңдарына сәйкес шығарылған немесе олардың аумағындағы инвестициялық қордың активтерi;
      3) қаржы құралдарының түрлерi және айналыс (қолданылу) мерзiмдерi;
      4) бағалы қағаздардың эмитенттерi (бағалы қағаздардың бiрегейлендiру нөмiрлерi), салым шарттары жасалған банктер, қор сатып алған қаржы құралдарын шығарған тұлғалар көрсетiледi;
      5) инвестициялық қор активтерінің құрамына енгізілген қаржы құралдарының саны;
      6) инвестициялық қор активінің соңғы ағымдағы құны және оның номиналды құны (борыштық бағалы қағаздар үшін) немесе баланстық құны (акциялар үшін);
      7) инвестициялық қор активін сатып алу күні және оның сатып алу құны;
      8) қаржы құралдары бойынша есептелген кіріс сомасы, оның ішінде қаржы құралдары бойынша сыйақы.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.08.05 N 188 (2-т. қараңыз) Қаулысымен.

2-тарау. Инвестициялық қордың активтерi мен
мiндеттемелерiнiң құнын айқындау

      4. Инвестициялық пай қоры активтерi мен мiндеттемелерiнiң құны пайларды орналастырудың барлық кезеңi iшiнде (бастапқы орналастыру кезеңiн қоспағанда) және/немесе пайларды орналастыру және/немесе сатып алу күнiнiң алдындағы жұмыс күнiнiң соңына пайларды сатып алудың барлық кезеңi iшiнде, сондай-ақ:
      1) инвестициялық пай қорының пайларын бастапқы орналастырудың аяқталу күнiне;
      2) ашық инвестициялық пай қоры үшiн әр аптаның соңғы жұмыс күнiнiң жағдайы бойынша;
      3) аралық және жабық инвестициялық пай қоры үшiн әр айдың соңғы жұмыс күнiнiң жағдайы бойынша;
      4) пайларды орналастыруды және (немесе) сатып алуды қалпына келтіруі туралы шешiмдi қабылдау күнiне - оларды орналастыру және (немесе) сатып алу тоқтата тұрылған жағдайда;
      5) инвестициялық пай қорының қызмет етуiнiң тоқтауы үшiн негiз туындаған күнге - оның қызмет етуi тоқтаған жағдайда;
      6) инвестициялық пай қорының ережелерiне сәйкес өзге жағдайларда айқындалады.

      5. Акционерлiк инвестициялық қор активтерi мен мiндеттемелерiнiң құны әр айдың соңғы жұмыс күнiнiң аяғындағы жағдай бойынша және акцияларды шығару проспектiсiне сәйкес өзге жағдайларда айқындалады.

      6. 4-тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетiлген жағдайларда әр айдың соңғы жұмыс күнiнiң аяғындағы жағдай бойынша инвестициялық қор активтерi мен мiндеттемелерiнiң құны басқарушы компанияға және инвестициялық қордың қызмет етуiн қамтамасыз ететiн өзге тұлғаларға шығыстарды есептегеннен және сыйақы төлегеннен кейiн айқындалады.
      6-1. Инвестициялық қор активтерінің құрамында қаржы құралын тану, сондай-ақ қаржы құралын есептен шығару мәмілені кастодианның немесе орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде тіркеу күніне жүзеге асырылады.
      Ескерту. 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.08.05 N 188 (2-т. қараңыз) Қаулысымен.      

      7. Инвестициялық қордың активтерiн құрайтын және қор биржасының тiзiмiне кiретiн қаржы құралы, өзі оның тiзiмiне кiретін қор биржасының қаржы құралдарын бағалау әдістемесіне сәйкес нарықтық құны бойынша бағаланады.
      Қазақстан Республикасынан басқа өзге мемлекеттердiң заңнамасына сәйкес шығарылған қаржы құралдар Bloomberg немесе Reuters ақпараттық-талдау жүйелерінiң деректерi бойынша жұмыс күнінің соңына алдағы сауда күніндегі мәмілелердің орташа мөлшерленген бағасы бойынша бағаланады.
      Қазақстан Республикасының резидент ұйымдарының 2010 жылғы 1 желтоқсанға дейін сатып алынған өтімді емес борыштық бағалы қағаздары әділ құнына 2013 жылғы 1 қаңтарға дейінгі амортизацияны ескере отырып, ағымдағы жиынтық құны бойынша есептеледі.
      Қазақстан Республикасының резидент ұйымдарының 2010 жылғы 1 желтоқсаннан кейін сатып алынған өтімді емес борыштық бағалы қағаздары қор биржасының ресми Интернет-ресурсында жарияланатын әділ құны бойынша есептеледі.
      Өтімді емес борыштық бағалы қағаздар деп анықтау критерийлері қор биржасының қаржы құралдарын бағалау әдістемесінде белгіленген борыштық бағалы қағаздары танылады.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.09.03 N 121 (қолданысқа енгiзiл тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
       7-1. Қазақстан Республикасының резидент емес эмитенттерінің Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа түсетін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы бағалы қағаздардың эмитентімен жасалған келісімдер шеңберінде Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес шығарылған борыштық бағалы қағаздардың бағалануы сатып алу құны бойынша жүзеге асырылады.
       Ескерту. 7-1-тармақпен толықтырылды  - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008.10.29 N 171 Қаулысымен.

      7-2. Басқарушы компания ай сайын инвестициялық қордың активтерін құрайтын қаржы құралдарының құнсыздануына тесттер жүргізеді.
      Құнсыздану бойынша тестілеуге инвестициялық қордың активтерін құрайтын қаржы құралдары, оның ішінде дефолт немесе делистинг жарияланған, сондай-ақ эмитент банкрот болған жағдайдағы қаржы құралдары жатады. Дефолт немесе делистинг жарияланған, сондай-ақ эмитент банкрот болған жағдайдағы инвестициялық қорының активтерін құрайтын қаржы құралдары осы Ереженің 2-қосымшасына сәйкес құнсыздануға жатады. Қаржы құралдары құнсызданған жағдайда олардың әділ бағасын анықтау құнсыздану әдістемесіне (бұдан әрі - Әдістеме) сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 7-2-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.09.03 N 121 (қолданысқа енгiзiл тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
      7-3. Бағалы қағаздардың құнсыздануына жүргізілетін тестімен құнсыздануды танудың мынадай критерийлері анықталады:
      1) эмитенттің қаржылық жай-күйі;
      2) кез келген төлемдердің өтеу мерзімін өткізу;
      3) кепілдіктердің болуы;
      4) белсенді нарықтың болуы;
      5) рейтингтің болуы.
      Акциялардың құнсыздануына тестілеу жүргізу кезінде осы тармақтың 1), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген критерийлер қолданылады.
      Борыштық бағалы қағаздардың құнсыздануына тестілеу жүргізу кезінде осы тармақтың 4) тармақшасында көрсетілген критерий қолданылмайды.
      Әрбір критерий бойынша осы Ереженің 1-қосымшасына сәйкес балл беріледі. Баллдар сомасы бағалы қағаздардың жіктеу санатын анықтаған кезде қолданылады. Актив бойынша алған баллдар санына қарай оның жіктеу санаты және осы Ереженің 2-қосымшасына сәйкес қажетті құнсыздану мөлшері белгіленеді.
      Ескерту. 7-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.08.05 N 188 (2-т. қараңыз) Қаулысымен.
      7-4. Эмитенттің қаржылық жай-күйі, қаржылық жай-күйін бағалау тәртібін, әдісін, тәсілдерін, қажетті құжаттар тізбесін және эмитенттің қаржылық жай-күйін анықтауға мүмкіндік беретін өзге де қабылдауға болатын ақпаратты қамтитын Әдістемеге сәйкес бағаланады. Әдістеме басқарушы компанияның басқару органымен бекітіледі және оның есеп жүргізу саясатының ажырамас бөлігі болып табылады. Әдістеме эмитенттің қаржылық жай-күйін сипаттайтын мынадай негізгі көрсеткіштерді:
      1) эмитенттің өз міндеттемелерін қамтамасыз етуге қабілеттілігін ашып көрсететін, Әдістемеде белгіленген тиісті коэффициенттер жиынтығына қарай есептелетін төлем қабілеттілігін;
      2) капиталдың құрылымын, кірістілік деңгейін (соңғы күнтізбелік жылғы динамикасымен), Әдістемеде белгіленген тиісті коэффициенттер жиынтығына қарай есептелетін рентабельділігін ашып көрсететін қаржылық тұрақтылығын;
      3) эмитент өзінің қаржылық жай-күйін жақсарту үшін қолданатын шараларды қамтиды.
      Ескерту. 7-4-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.08.05 N 188 (2-т. қараңыз) Қаулысымен.
      7-5. Эмитенттің қаржылық жай-күйі былайша жіктеледі:
      1) тұрақты – эмитенттің қаржылық жай-күйі тұрақты:
      эмитент төлеуге қабілетті;
      коэффициенттердің мәні Әдістемеге сәйкес, жалпылама қабылданған нормалар шегінде есептелген;
      бизнестің дамуы үшін жағымды нарықтық жағдайлары бар, сондай-ақ нарықтағы бәсекелестік позициясы жақсы;
      ресурстар мен капитал нарығына еркін қол жетімділігі бар, бағалы қағаздарды шығару мерзімі ішінде эмитенттің қаржылық жағдайын елеулі нашарлатуға әкелетін сыртқы немесе ішкі факторлары анықталмаған;
      эмитенттің өзінің міндеттемесі бойынша есеп айырысу мүмкіндігі күмән туғызбайды;
      эмитенттің активтері мен міндеттемелері мерзімдер бойынша шамалас келеді;
      2) қанағаттанарлық – осы санаттағы эмитенттің қаржылық жай-күйі "тұрақты" сипатындағыға жақын келеді, бірақ оны ұзақ уақыт осы деңгейде ұстап тұру ықтималы төмен болып табылады.
      3) тұрақсыз – эмитент мынадай факторлардың себебінен өзінің міндеттемелері бойынша есеп айырыса алмайды деген ықтималы бар:
      эмитенттің қаржылық жай-күйінің тұрақты және елеулі нашарлауының белгілері бар (эмитент қабылдаған шаралар қаржылық жай-күйінің тұрақтандыруы үшін тиімді емес);
      эмитентті материалдық залалға ұшыратқан, бірақ оның қызметін тоқтатуға әкелмеген төтенше немесе өзге жағдайлардың болуы;
      4) өте қиын – эмитенттің қаржылық жай-күйінің тұрақты нашарлауы сыни деңгейге жетті:
      төлеуге қабілетсіз, эмитент банкрот болуы немесе өзге түрдегі қайта құрылуы ықтимал;
      шарт талаптарын бұзуы (пайыз немесе негізгі борыш сомасын төлемеу немесе төлеу мерзімдерін бұзу);
      бағалы қағаздар ұстаушының эмитентке талап ету құқығын беру, өзге жағдайда ол берілмейтін еді;
      эмитентті материалдық залалға ұшыратқан және (немесе) оған өзінің қызметін жалғастыруға мүмкіндік бермейтін төтенше жағдайлардың болуы.
      Есептен шығару мөлшері бағаланатын бағалы қағаздың санатына байланысты болады, ол осы Ереженің 2-қосымшасына сәйкес анықталады:
      он пайызға – "1-санаттағы күмәнді" жіктеу санаты үшін,
      он бес пайызға – "2-санаттағы күмәнді" жіктеу санаты үшін,
      жиырма бес пайызға - "3-санаттағы күмәнді" жіктеу санаты үшін",
      елу пайызға – "қанағаттанарлықсыз" жіктеу санаты үшін.
      Қаржы құралы үшін ашық сауданың тоқтатылуы нәтижесінде белсенді нарықтың жоғалуы немесе эмитенттің кредиттік рейтингінің төмендеуі, қаржы құралы сапасының, сондай-ақ оның эмитентінің қаржы жағдайының нашарлауын растайтын басқа факторлар болмаған жағдайда құнсызданудың негізі болып табылмайды. Қаржы құралының әділ құнының нақты шығындардан немесе амортизацияланған құнынан төмен төмендеуі құнсызданудың растауы болып табылады. Барлық жоғарыда аталған оқиғалар басқа қолжетімді деректермен жиынтығында қаралады.
      Ескерту. 7-5-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.08.05 N 188 (2-т. қараңыз), өзгерту енгізілді - 2010.09.03 N 121(қолданысқа енгiзiл тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.
      7-6. Акциялардың құны олардың белсенді нарығының болмауы салдарынан әділ құнын анықтауға мүмкіндік болмаған жағдайда сәйкестендірілген құны бойынша анықталады.
      Бұл ретте сәйкестендірілген құны қор биржасының ресми Интернет-ресурсында тоқсан сайын жарияланатын қаржылық есептіліктің негізінде айқындалатын баланстық құнына мынадай сәйкес келтіру кезеңдерін ескере отырып, акциялардың ағымдағы құнын біркелкі өзгерту арқылы анықталады:
      он екі ай ішінде, егер ағымдағы құны баланстық құнынан 1-1,5 есе ауытқыса;
      жиырма төрт ай ішінде – егер ауытқу 1,5-2 есені құраса;
      отыз алты ай ішінде – егер ауытқу 2 – ден астам есені құраса.
      Басқарушы компания немесе өзінің активтерін дербес басқаратын акционерлік инвестициялық қор 2010 жылғы 1 шілдеге дейін сатып алған акциялар сәйкестендірілген құны бойынша есепке алынады, 2010 жылғы 1 шілдеден бастап сатып алынған акциялар – баланстық құны бойынша есепке алынады.
      Осы Ереженің мақсаттары үшін жай акциялардың баланстық құны және артықшылық берілген акциялардың баланстық құны
деп қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау
жөніндегі уәкілетті органмен келісілген эмитенттің қаржылық есептілігі негізінде және қор биржасының ережесіне сәйкес анықталатын тиісінше жай акцияларының құны мен артықшылық берілген акциялардың құны танылады.
      Инвестициялық қордың активтерін құрайтын, бұрын қор биржасының тізіміне енгізілмеген қаржы құралдары басқарушы компанияның есеп жүргізу саясатына сәйкес есепке алынады.
      Эмитенттің қаржылық жай-күйінің нашарлауына байланысты емес себептермен қор биржасының тізімінен алынып тасталған пайлар таза активтер құны бойынша бағаланады.
      Ескерту. 7-6-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.08.05 N 188 (2-т. қараңыз), өзгерту енгізілді - 2010.09.03 N 121(қолданысқа енгiзiл тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.

      8. Қаржы құралдарынан басқа, инвестициялық қордың өзге мүлкiнiң нарықтық құны Қазақстан Республикасының бағалау қызметi жөнiндегi заңдарына сәйкес айқындалады.
      Егер инвестициялық қордың активтерi Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болған жағдайда, олардың құны аумағында инвестициялық қордың активтерi бар мемлекеттердiң заңдарына сәйкес мүлiктi бағалауды жүзеге асыру лицензиясына (рұқсатына) ие бағалаушылар айқындай алады.

      9. Бағалаушы бағалайтын инвестициялық қордың активтерi оларды сатып алған және иелiгiнен шығарған кезде, сондай-ақ акционерлiк инвестициялық қордың акцияларын шығару проспектiсiнде немесе инвестициялық пай қорының ережелерiнде белгiленген мерзiмде, бiрақ жылына бiр реттен кем емес бағалануға жатады.

      10. Құны шетел валютасында көрсетiлген, инвестициялық қор активтерiн бағалау инвестициялық қор активтерiнiң құнын айқындау күнiне валютаны айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша жүзеге асырылады.

      11. Инвестициялық қордың мiндеттемелерiне:
      1) инвестициялық қордың бағалы қағаздарын сатып алу жөнiндегi мiндеттемелер;
      2) инвестициялық қордың бағалы қағаздары бойынша дивидендтердi төлеу жөнiндегi мiндеттемелер;
      3) инвестициялық қордың активтерiмен болған мәмiлелер, инвестициялық қордың қызмет етуiн қамтамасыз ететiн тұлғаларға төленетiн комиссиялық сыйақы бойынша берешек;
      4) инвестициялық қордың активтерi есебiнен орындалуға жататын өзге де мiндеттемелер кiредi.

3-тарау. Инвестициялық қордың таза активтерiнiң құнын, инвестициялық пай қоры пайының есептi құнын және акционерлiк инвестициялық қордың акцияларын сатып алу бағасын айқындау

      12. Инвестициялық қордың таза активтерiнiң құны осы инвестициялық қордың активтерi есебiнен орындалуға жататын активтерi мен мiндеттемелерiнiң құны арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
      Акционерлiк инвестициялық қордың таза активтерiнiң құнын есептеген кезде акционерлiк инвестициялық қордың қызметiн қамтамасыз етуге арналған акционерлiк инвестициялық қордың кастодианында есепте тұрмаған және сақтауында жоқ активтер мен бөлiнбеген кiрiстiң бiр бөлiгi есепке алынбайды.

      13. Инвестициялық пай қоры пайының есептi құны мұндай қордың таза активтерiнiң құнын айқындау күнiне осы құнды пайларды ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын тiркеушiнiң деректерiне сай сол күнге айналыста болатын пайлар санына бөлу арқылы айқындалады.

      14. Акционерлiк инвестициялық қор акцияларын сатып алу бағасы акционерлiк инвестициялық қор акционерлерiнiң жалпы жиналысы бекiткен акциялардың құнын айқындау әдiстемесiне сәйкес айқындалады.

      14-1. Тәуекелді инвестициялау инвестициялық пай қорының пайын қоспағанда инвестициялық пай қоры пайының есептелген құны күнделікті басқарушы компанияның ресми Интернет-ресурсында орналастырылады.
      Ескерту. 14-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.08.05 N 188 (2-т. қараңыз), өзгерту енгізілді - 2010.09.03 N 121(қолданысқа енгiзiл тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.

4-тарау. Қорытынды ережелер

      15. Осы Ережеде реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен шешiледi.

Инвестициялық қор активтерiнiң,    
инвестициялық қордың таза активтерiнiң  
құнын, инвестициялық пай қоры пайының   
есептi құнын және акционерлiк инвестициялық
қордың акцияларын сатып алу бағасын есепке
алу және айқындау ережесiне 1-қосымша 

      Ескерту. 1-қосымшамен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.08.05 N 188 (2-т. қараңыз) Қаулысымен. 

Бағалы қағаздардың құнсыздануын тану критерийлері


Критерийдің атауы

Баллдар саны

1

Қаржылық жай-күйі:


1.1

Тұрақты

+0

1.2

Қанағаттанарлық

+1

1.3

Тұрақсыз

+2

1.4

Өте қиын

+5

2

Кез келген төлемдердің өтеу мерзімін өткізу:


2.1

Мерзім өткізу жоқ

-1

2.2

Мерзімі 7 күнге дейін өткізілген

+0

2.3

Мерзімі 8-ден 15 күнге дейін өткізілген

+1

2.4

Мерзімі 16-дан 30 күнге дейін өткізілген

+2

2.5

30 күннен астам

+3

3

Кепілдіктің болуы:


3.1

Қазақстан Республикасы мемлекетінің (негізгі борыш пен сыйақының 100% кепілдігі болған кезде)

-4

3.2

Қазақстан Республикасы мемлекетінің (негізгі борыш пен сыйақының 100%-дан аз кепілдігі болған кезде)

(баллдар сомасы кепілдік мөлшеріне пропорционалды есептеледі "- 4"-тен)

3.3

"Standard & Poor's" агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "А-" төмен емес рейтингі бар немесе басқа рейтингтік агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар шетел мемлекетінің

-3

3.4

Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктері

-3

3.5

"Standard & Poor's" агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "А-" төмен емес рейтингі бар немесе басқа рейтингтік агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар шетел эмитентінің

-2

3.6

Кепілдігі жоқ

+0

4

Белсенді нарығының болуы:


4.1

Белсенді нарық

+0

4.2

Нарығы белсенді емес

+1

5

Рейтингінің болуы:


5.1

"Standard & Poor's" агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "А" төмен емес рейтингі бар немесе басқа рейтингтік агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар

-4

5.2

"Standard & Poor's" агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "А-"-тен "ВВВ-"-ке дейін рейтингі бар немесе басқа рейтингтік агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар

-3

5.3

"Standard & Poor's" агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВВ-"-тен төмен рейтингі бар немесе басқа рейтингтік агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар

-2

6

Рейтингі жоқ


6.1

"бірінші шағын санатының рейтингтік бағасы жоқ борыштық бағалы қағаздар" шағын санатына енгізілген борыштық бағалы қағаздар

-1

6.2

"екінші шағын санатының рейтингтік бағасы жоқ борыштық бағалы қағаздар" шағын санатына енгізілген борыштық бағалы қағаздар

+0

7

Эмитенттердің қор биржасы тізімінің "акциялар" секторының бірінші санатына кіретін акциялары және олар бойынша депозитарлық қолхаттар

-1

7.1

Эмитенттердің қор биржасы тізімінің "акциялар" секторының екінші санатына кіретін акциялары және олар бойынша депозитарлық қолхаттар

0

8

Қор биржасы тізімінің буферлік санатына енгізілген борыштық бағалы қағаздар

+1

9

Дефолт, делистинг немесе рейтингтің төмендеуі

+2

10

Бағалы қағаздардың орналастырылуын тоқтата тұру (уәкілетті органның орналастыруды тоқтата тұру туралы шешімі)

+2

11

Ақпарат жоқ

+10

      Бағалы қағаздарды құнсыздандыру үшін осы критерийлерді қолданған кезде рейтингтік бағасы және листинг санаты болған жағдайда рейтингтік бағасы алынады.
      1-ге дейін (қоса алғанда) баллдар сомасын алған жағдайда – бағалы қағаз стандартты деп жіктеледі.
      Баллдар сомасы 2-ден 4-ке дейін (қоса алғанда) болған кезде – бағалы қағаз 1-санаттағы күмәнді деп жіктеледі.
      Баллдар сомасы 5-тен 7-ге дейін (қоса алғанда) – бағалы қағаз 2-санаттағы күмәнді деп жіктеледі.
      Баллдар сомасы 8-ден 10-ға дейін (қоса алғанда) – бағалы қағаз 3-санаттағы күмәнді деп жіктеледі.
      Баллдар сомасы 10-нан астам болған кезде қанағаттанарлықсыз деп жіктеледі.
      Бағалы қағаз эмитентінің банкрот болған жағдайда осы бағалы қағаз нөлге дейін біржолғы есептен шығарылады.".
 

"Инвестициялық қор активтерiнiң,     
инвестициялық қордың таза активтерiнiң  
құнын, инвестициялық пай қоры пайының   
есептi құнын және акционерлiк инвестициялық
қордың акцияларын сатып алу бағасын есепке
алу және айқындау ережесiне 2-қосымша   

      Ескерту. 2-қосымшамен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009.08.05 N 188 (2-т. қараңыз) Қаулысымен.

Бағалы қағаздар құнсыздануының қажетті мөлшері

Баллдар сомасы

Бағалы қағаздардың жіктеу санаты

Құнсызданудың қажетті (барынша төмен) мөлшері

1

Стандартты

0%

2-4

1-санаттағы күмәнді

10%

5-7

2-санаттағы күмәнді

15%

8-10

3-санаттағы күмәнді

25%

10 астам

Қанағаттанарлықсыз

50%