Жинақтаушы зейнетақы қорларына арналған пруденциалдық нормативтер туралы ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 21 сәуірдегі N 127 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 26 мамырда тіркелді. Тіркеу N 2316

Жаңартылған

      Жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн реттеудi жетiлдiру мақсатында және "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  сәйкес, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Басқармасы қаулы етеді:
      1. Осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес Жинақтаушы зейнетақы қорларына арналған пруденциалдық нормативтер туралы ереже (бұдан әрi - Ереже) бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы күшiне енген күннен бастап осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес нормативтiк құқықтық актiлердiң күшi жойылды деп танылсын.
      3. Жинақтаушы зейнетақы қорлары:
      1) 2004 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi мерзiмде қаржылық тұрақтылық көрсеткiштерiн Ереженiң 2, 4 және 9-тармақтарында белгiленген талаптарға сәйкес келтiрсiн; Ереженің 5-тармағында белгіленген қаржылық тұрақтылық көрсеткішін 2004 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде осы қаулының талаптарына сәйкес келтірсін; <*>
      2) осы қаулы күшiне енген күннен бастап үш айдың iшiнде бiр эмитенттiң мемлекеттiк емес бағалы қағаздарына, екiншi деңгейдегi бiр банктегi салымдарға инвестициялардың және кассадағы ақша қалдығының мөлшерiн Ереженiң 10 және 12-тармақтарының талаптарына сәйкес келтiрсiн.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 26 желтоқсандағы N 486 қаулысымен .
      4. Қаржылық қадағалау департаментi (Бахмутова Е.Л.):
      1) Заң департаментiмен (Шәрiпов С.Б.) бiрлесiп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын;
      2) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап он күндiк мерзiмде осы қаулыны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi орталық аппаратының мүдделi бөлiмшелерiне және жинақтаушы зейнетақы қорларына жiберсiн.
      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасары Ә.Ғ.Сәйденовке жүктелсiн.
      6. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейiн күшiне енедi.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы

Қазақстан Республикасының Ұлттық 
Банкi Басқармасының "Жинақтаушы 
зейнетақы қорларына арналған   
пруденциалдық нормативтер туралы
ереженi бекiту туралы" 2003 жылғы
21 сәуiрдегi N 127 қаулысына  
1-қосымша           

Жинақтаушы зейнетақы қорларына арналған пруденциалдық
нормативтер туралы ереже

      Жинақтаушы зейнетақы қорларына арналған пруденциалдық нормативтер туралы ереже (бұдан әрi - Ереже) "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңының 41-бабының  4-тармағын орындау мақсатында әзiрленген және жинақтаушы зейнетақы қорлары сақтауға мiндеттi пруденциалдық нормативтердi белгiлейдi.

1-тарау. "Меншiктi капиталдың ең төменгi мөлшерi"
1-пруденциалдық норматив

      1. Жинақтаушы зейнетақы қорының (бұдан әрi - Қор) (корпоративтiк жинақтаушы зейнетақы қорын қоспағанда) меншiктi капиталының ең төменгi мөлшерi К 1  коэффициентiмен сипатталады.

      2. К 1  коэффициентi мына формула бойынша есептелетiн өлшемнен кем болмауы тиiс:
      К 1  = (15 LogПA * LnПА + 250)* 10 6

      ПА - Қордың миллиард теңгемен көрсетілген таза зейнетақы активтерінің сомасы, тұтас саннан кейін екі ондық белгімен; <*>
      Log - логарифм;
      Ln - нақты логарифм.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 26 желтоқсандағы N 486 қаулысымен .

2-тарау. "Меншiктi қаражатты негiзгi құрал-жабдықтарға
 және материалдық емес активтерге салу"
2-пруденциалдық норматив

      3. Қордың меншiктi қаражатын негiзгi құрал-жабдықтарға және материалдық емес активтерге салу аталған салымдардың Қордың меншiктi капиталына қатысы ретiнде мынадай формула бойынша есептелетiн К 2 коэффициентiмен сипатталады:

           ВА
      К 2  = ---, мұндағы
           СК

      ВА - Қордың негiзгi құрал-жабдықтарға және материалдық емес активтерге салымдарының мөлшерi; <*>
      СК - Қордың меншiктi капиталы
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 26 желтоқсандағы N 486 қаулысымен .

      3-1. Қор активтерінің құны Халықаралық қаржылық есеп беру стандарттарына және Қордың есеп саясатына сәйкес есепке алынады және қайта бағаланады. <*>
      Ескерту. 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 26 желтоқсандағы N 486 қаулысымен .

      3-2. Құны шетел валютасымен көрсетілген активтер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағаланады. <*>
      Ескерту. 3-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 26 желтоқсандағы N 486 қаулысымен .

      4. К 2  коэффициентiнiң мәнi:
      ашық Қорлар үшiн - 0,4-тен;
      корпоративтiк Қорлар үшiн - 0,2-ден аспауы тиiс.

3-тарау. "Резервтiк капитал"
3-пруденциалдық норматив

      5. Зейнетақы төлемдерi жөнiндегi мiндеттемелерiн уақтылы және толық орындау мақсатында Қор K 3  коэффициентiмен сипатталатын, мынадай формула бойынша есептелетiн өлшемнен кем болмауы тиiс резервтiк капиталды қалыптастырады:

      К 3  = (8 Log ПА * Ln ПА)* 10 6

      ПА - Қордың миллиард теңгемен көрсетілген таза зейнетақы активтерінің сомасы, тұтас саннан кейін екі ондық белгімен; <*>
      Log - логарифм;
      Ln - нақты логарифм.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 26 желтоқсандағы N 486 қаулысымен .

      6. Қор зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруды бастаған бiрiншi күнтiзбелiк жыл аяқталғаннан кейiн он екі ай iшiнде резервтiк капиталды қалыптастырады. <*>
      Көрсетiлген мерзiм аяқталғаннан кейiн резервтiк капиталдың мөлшерi күн сайын осы Ереженiң 5-тармағының талаптарына сәйкес келуi тиiс.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 26 желтоқсандағы N 486 қаулысымен .

      7. Резервтiк капитал Қордың таза кiрiсi есебiнен қалыптастырылады.
      Таза зейнетақы активтерінің ағымдағы құны кемінде 1 миллиард теңгені құрайтын Қор резервтік капиталды қалыптастырмайды. <*>
      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 26 желтоқсандағы N 486 қаулысымен .

4-тарау. "Меншiктi активтер есебiнен инвестициялар"
4-пруденциалдық норматив

      8. Қордың резервтiк капиталының мөлшерiне сәйкес келетiн мөлшердегi оның меншiктi капиталын Қор жинақтаушы зейнетақы қорларының, зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың, кастодиан-банктердiң, сақтандыру ұйымдарының қызметiн реттеу және қадағалау жөнiндегi функцияны және өкiлеттiктi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) белгiлеген зейнетақы активтерiн инвестициялау тәртiбiне сәйкес қаржы құралдарына орналастыруы тиiс.

      9. Қордың меншiктi активтерi есебiнен осы Ереженiң 8-тармағында көрсетiлген қаржы құралдарына жүзеге асырылатын инвестициялардың жиынтық ағымдағы құны күн сайын Қордың осы Ереженiң 5-тармағына сәйкес есептелген резервтiк капиталының мөлшерiне тең не асатын өлшемдi құрауы тиiс. <*>
      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 26 желтоқсандағы N 486 қаулысымен .

5-тарау. "Бiр эмитенттiң мемлекеттiк емес бағалы
 қағаздарға, екiншi деңгейдегi бiр банктегi салымдарға инвестициясы және кассадағы ақша қалдығы"
5-пруденциалдық норматив

      10. Меншiктi активтердi инвестициялау кезiнде осы Ережеге сәйкес жүзеге асырылуы мүмкiн бiр эмитенттiң мемлекеттiк емес бағалы қағаздарға, екiншi деңгейдегi бiр банктегi салымдарға Қор инвестициясының жиынтық мөлшерi мынадай мәндерден аспауы керек:
      1) екiншi деңгейдегi бiр банк шығарған бағалы қағаздарға, сондай-ақ осы банктегi салымдарға - Қордың меншiктi активтерi жалпы көлемiнiң 10%-i,
      бiрақ осы банктiң меншiктi капиталы мөлшерiнiң 25%-нен аспауы тиiс және Қордың зейнетақы мен меншiктi активтер есебiнен банктiң дауыс берушi акцияларына инвестициялары осы банктiң дауыс берушi акцияларының жалпы санының он процентiнен аз болмаған жағдайда;
      2) екiншi деңгейдегi банктiң және екiншi банк болып табылмайтын, банктiң аффилиирленген тұлғаларының бағалы қағаздарына, сондай-ақ осы банктегi салымдарға - Қордың меншiктi активтерi жалпы көлемiнiң 10%-i,
      осы тармақтың 1) тармақшасының екiншi абзацында, 3) тармақшасының екiншi абзацында және 4) тармақшасының екiншi абзацында белгiленген шектеулердi сақтау шартымен;
      3) екiншi деңгейдегi банк болып табылмайтын эмитенттiң облигациясына - Қордың меншiктi активтерi жалпы көлемiнiң 10%-i,           бiрақ осы эмитенттiң меншiктi капиталы мөлшерiнiң 25%-нен немесе осы эмитенттiң бiр эмиссиясы облигацияларының жалпы көлемiнiң 25%-кен аспауы тиiс (ол көрсетiлген шаманың қайсысы неғұрлым аз болып табылуына байланысты);
      4) екiншi деңгейдегi банк болып табылмайтын эмитенттiң акциясына - Қордың меншiктi активтерi жалпы көлемiнiң 10%-i,
      бiрақ осы эмитент акцияларының жалпы санының 10%-нен аспауы тиіс.
      Ескерту: 10-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 4 тамыздағы N 285 қаулысымен .

      11. Бiр эмитенттiң мемлекеттiк емес бағалы қағаздарға, екiншi деңгейдегi банктегi салымдарға Қор инвестициясының жиынтық мөлшерiн есептеген кезде:
      1) Қазақстан Республикасының резидентi - банктiң (эмитенттiң) меншiктi капиталы банк қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiне немесе акционерлiк қоғамдар туралы Қазақстан Республикасының заң актiлерiне не бағалы қағаздар сауда-саттығын ұйымдастырушылар ұсынған листинг рәсiмдерiне сәйкес баспасөз басылымдарында жарияланған оның соңғы тоқсандық балансы негiзiнде айқындалады;
      2) шетел эмитентінiң меншікті капиталы Reuters немесе Bloomberg V.L.P. ақпараттық талдау жүйелерiнде немесе осы бағалы қағаздар бағаланатын сауда жүйесiнде бағалы қағаздар сауда-саттығын ұйымдастырушылардың ИНТЕРНЕТ желiсiндегі сайтында немесе осы бағалы қағаздар эмитентiнің сайтында орналастырылған соңғы тоқсандық немесе жылдық балансы негiзiнде айқындалады;
      3) бiр-бiрiне қатынасы бойынша аффилиирленген банктер бiр банк есебiнде танылады, мұндайда осы Ереженiң 10-тармағының 1) тармақшасының екiншi абзацында белгiленген шектеулер осындай банктердiң әрқайсысына қатынасы бойынша қолданылады;
      4) бiр-бiріне қатынасы бойынша аффилиирленген екiншi деңгейдегi банктер болып табылмайтын эмитенттер бiр эмитент есебiнде танылады, мұндайда осы Ереженiң 10-тармағының 3) тармақшасының екiншi абзацында және 4) тармақшасының екiншi абзацында белгіленген шектеулер осындай эмитенттердiң әрқайсысына жеке қолданылады.

      12. Қордың кассасындағы ақша қалдығының мөлшерi жұмыс күнiнiң соңында Қордың меншiктi активтерiнiң 10%-нен аспауы керек.

      13. Осы Ереженiң 10 және 11-тармақтарында белгiленген нормалар Уәкiлеттi орган белгiлеген зейнетақы активтерiн инвестициялау тәртiбiне сәйкес Қор сатып алуы мүмкiн халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына қолданылмайды.

6-тарау. Пруденциалдық нормативтердi сақтауды бақылау

      14. Қор өткен күннiң соңындағы жағдай бойынша әрбiр күннiң есебiн жүргiзедi:
      1) К 1  коэффициентiнiң мәнi;
      2) К 2  коэффициентiнiң мәнi;
      3) K 3  коэффициентiнiң мәнi;
      4) 4-пруденциалдық нормативке жүзеге асырылған инвестициялардың сәйкестiгiне;
      5) 5-пруденциалдық нормативке жүзеге асырылған инвестициялардың сәйкестiгіне.

      15. Есептi аптаның соңғы жұмыс күнiндегi нормативтер мәндерiнiң есебiн Қорлар есептi аптадан кейiнгi аптаның бесінші жұмыс күнi және есепті айдың соңғы күнтізбелік күн үшін есепті айдан кейінгі айдың бесінші күніне дейін уәкiлеттi органға ұсынады.<*>
      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 26 желтоқсандағы N 486 қаулысымен .

      16. Есептер жазбаша түрде ресiмделедi және Қордың бiрiншi басшысы (Қордың алқалық атқару органының басшысы немесе Қордың атқару органының функциясын жеке жүзеге асыратын тұлға) немесе оның мiндетiн атқарушы және Қордың бас бухгалтерi қол қояды.

      17. Осы Ереженiң 14-тармағында көрсетiлген мәндер осы Ережеде белгiленген пруденциалдық нормативтерге сәйкес келмеген жағдайда Қор бiр күн iшiнде оны жою жөнiндегi iс-шаралардың жоспарын қоса жiбере отырып, осы сәйкессiздiктiң фактiсi мен себептерi туралы уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.
      10-тармақтың 1) тармақшасының екiншi абзацында белгiленген талаптар бұзылған жағдайда, Қор осы бұзушылықты өз активтерiнiң есебiнен жояды.
      Ескерту: 17-тармақ толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 4 тамыздағы N 285 қаулысымен .

      18. Осы Ереженiң талаптары орындалмаған жағдайда Қор Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiк көтередi.

Қазақстан Республикасының 
Ұлттық Банкi Басқармасының
2003 жылғы 21 сәуiрдегi  
N 127 қаулысына      
2-қосымша         

Күшi жойылды деп танылатын нормативтiк құқықтық
актiлердiң тiзбесi

      Мынадай нормативтiк құқықтық актiлердiң күшi жойылды деп танылсын:
      1) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Ұлттық зейнетақы агенттiгiнiң "Қазақстан Республикасында жинақтаушы зейнетақы қорларының өз капиталын қалыптастыру туралы нұсқаулықты бекiту туралы" 1997 жылғы 27 тамыздағы N 2-П бұйрығы және көрсетiлген бұйрықпен бекiтiлген Нұсқаулық  (Қазақстан Республикасының Нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде N 374 тiркелген, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы жөнiндегi нормативтiк-құқықтық және нормативтiк актiлер жинағында 2001 жылы жарияланған, 4-том);
      2) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Ұлттық зейнетақы агенттiгiнiң "Қазақстан Республикасында жинақтаушы зейнетақы қорларының өз капиталын қалыптастыру туралы ережеге" толықтырулар енгiзу туралы" 1998 жылғы 22 мамырдағы N 68-П бұйрығы  (Қазақстан Республикасының Нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде N 90 тiркелген);
      3) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Ұлттық зейнетақы агенттiгiнiң 1997 жылғы 27 тамыздағы N 2-П бұйрығымен бекiтiлген "Қазақстан Республикасында жинақтаушы зейнетақы қорларының өз капиталын қалыптастыру туралы ережеге" өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Ұлттық зейнетақы агенттiгiнiң 1998 жылғы 18 желтоқсандағы N 176-П бұйрығы  (Қазақстан Республикасының Нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде N 674 тiркелген);
      4) "Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Ұлттық зейнетақы агенттiгiнiң 1997 жылғы 27 тамыздағы N 2-П бұйрығымен бекiтiлген "Қазақстан Республикасында жинақтаушы зейнетақы қорларының өз капиталын қалыптастыру туралы ережеге" өзгерiстер мен толықтыруларды бекiту туралы" Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігінiң Жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн реттеу жөнiндегi комитетiнiң 1999 жылғы 15 қазандағы N 83-П бұйрығы  (Қазақстан Республикасының Нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк тiркеу тізiлiмiнде N 1005 тiркелген);
      5) "Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Ұлттық зейнетақы агенттiгiнiң 1997 жылғы 27 тамыздағы N 2-П бұйрығымен бекiтiлген "Қазақстан Республикасында жинақтаушы зейнетақы қорларының өз капиталын қалыптастыру туралы нұсқаулыққа өзгерiстер мен толықтыруларды бекiту туралы" Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн реттеу жөнiндегi комитетiнiң 2000 жылғы 31 қаңтардағы N 9-П бұйрығы  (Қазақстан Республикасының Нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде N 1067 тiркелген).