Су шаруашылығы және (немесе) канализациялық жүйелерге және энергетика секторындағы табиғи монополия субъектілеріне қызмет көрсететін табиғи монополия субъектілері үшін іске қосылған активтердің реттелетін базасына арналған пайда (таза табыс) ставкаларын есептеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының 2003 жылғы 27 қаңтардағы N 17-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 6 ақпанда тіркелді. Тіркеу N 2154.

Жаңартылған

      "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 12 қазандағы № 943 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі туралы ереженің 21-тармағының 6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының 2010.12.24 347-НҚ (ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      1. Қоса беріліп отырған Су шаруашылығы және (немесе) канализациялық жүйелерге және энергетика секторындағы табиғи монополия субъектілеріне қызмет көрсететін табиғи монополия субъектілері үшін іске қосылған активтердің реттелетін базасына арналған пайда (таза табыс) ставкаларын есептеу жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігінің Энергетика секторын реттеу жөніндегі департаменті (С.П.Григорьева) осы бұйрықты заңда белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігінің Әкімшілік жұмысы департаменті (А.Т.Шабдарбаев) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін:
      осы бұйрықты белгіленген тәртіппен ресми ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етсін;
      осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігінің құрылымдық бөлімшелері мен аумақтық органдарының назарына жеткізсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Б.Ә.Сағынтаевқа жүктелсін.
      5. Осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға

Қазақстан Республикасы    
Табиғи монополияларды реттеу 
және бәсекелестікті қорғау 
жөніндегі агенттігінің    
2003 жылғы 27 қаңтардағы   
N 17 бұйрығымен       
бекітілген         

Су шаруашылығы және (немесе) канализациялық жүйелерге және энергетика секторындағы табиғи монополия субъектілеріне қызмет көрсететін табиғи монополия субъектілері үшін іске қосылған активтердің реттелетін базасына арналған пайда (таза табыс) ставкаларын есептеу жөніндегі нұсқаулық

      Ескерту: Барлық мәтін бойынша "іске қосылған активтердің коэффициенті" деген сөздер "активтердің іске қосылғандық коэффициенті" деген сөздермен ауыстырылды;
      барлық мәтін бойынша "акционерлік (меншік)"деген сөздер "меншік" деген сөзбен ауыстырылды - ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігінің 2004 жылғы 13 ақпандағы N 70-НҚ бұйрығымен .

      Су шаруашылығы және канализациялық жүйелерге және (немесе) энергетика секторындағы табиғи монополия субъектілеріне қызмет көрсететін табиғи монополия субъектілері үшін іске қосылған активтердің реттелетін базасына арналған пайда ставкаларын (таза табысты) есептеудің тәртібі туралы осы Нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) су шаруашылығы және (немесе) канализациялық жүйелерге және энергетика секторындағы табиғи монополия субъектілеріне қызмет көрсететін табиғи монополия субъектілерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау мақсатында әзірленді.

1. Жалпы ережелер

      1. Нұсқаулық "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы", "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді.
      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының 2010.12.24 347-НҚ (ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Нұсқаулық су шаруашылығы және (немесе) канализациялық жүйе қызметтерін көрсететін табиғи монополия субъектілерінің және тарифтерді (бағаларды, алым ставкаларын) немесе олардың шектi деңгейлерiн есептеу және бекіту кезінде ескерілетін энергетика секторының табиғи монополия субъектілері тарифтерінің (бағаларының, алым ставкаларының) құрамына кіретін пайданың (таза табыстың) қол жетімді деңгейін есептеу тәртібін тәптіштейді.
      Ескерту: 2-тармақ жаңа редакцияда жазылды- ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігінің 2004.02.13 N 70-НҚ, 2010.12.24 347-НҚ (ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.  

      3. Нұсқаулық су шаруашылығы мен канализациялық жүйелерге және энергетика секторындағы табиғи монополия субъектілеріне (бұдан әрі - Субъект) қызметтер (тауарлар, жұмыстар) көрсететін табиғи монополия субъектілерін тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін пайданы (таза табысты) негізді есептеу және алу мүмкіндігі мақсатында енгізіледі.

      4. Осы Нұсқаулық табиғи монополия субъектілерінің Мемлекеттік тіркеліміне енгізілген Субъектілердің қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтер (бағалар, алым ставкаларын) немесе олардың шектi деңгейлерiн қалыптастыру кезінде қолданылады.
      Ескерту: 4-тармақ жаңа редакцияда жазылды- ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігінің 2004.02.13 N 70-НҚ, 2010.12.24 347-НҚ (ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      5. Осы Нұсқаулықта мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) меншік капиталы - Субъектінің қатысушылары немесе акционерлеріне тиесілі, Субъектінің қатысушылары мен акционерлеріне белгілі бір табыс алуға құқық беретін үлестердің немесе акцияларды белгілі бір санынан тұратын, сондай-ақ жинақталған бөлінбейтін пайда мен резерв капиталын, қосымша төленген және қосымша төленбеген капиталды қамтитын капитал;
      2) пайданың (таза табыстың) ұйғарынды деңгейі - уәкілетті органның бекітуіне жататын тұтынушыларға сатылатын тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) тиімді жұмыс істеуі мен сапасын жақсарту үшін алу құқығы берілген, тарифтің (бағаның, алым ставкасының) құрамына кіретін пайда (салық салынғаннан кейінгі таза табыс);
      3) активтердің іске қосылғандық коэффициенті табиғи монополия саласына жататын қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) өндіру және ұсыну кезінде Субъектінің негізгі құралдарының іс жүзінде пайдаланылуын (іске қосылуын) сипаттайтын, олардың технологиялық қуатынан пайыздық түрдегі көрсеткіш;
      4) алынып тасталды ;
      5) алынып тасталды ;
      6) іске қосылған активтердің реттелетін базасы - Субъектінің меншігінде орналасқан және Субъектінің немесе пайда алуға құқығы бар қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) өндіру және ұсыну кезінде пайдаланылатын активтердің реттелетін құны;
      7) энергетика секторындағы табиғи монополия субъектілері - табиғи монополия саласына қатысты қызметтің мынадай түрлерін:
      газды және газ конденсатын сақтауды, бөлуші труба құбырлары арқылы тасымалдауды, газ бөлуші қондырғыларды және олармен байланысты газ бөлуші газ құбырларын пайдалану;
      электр және (немесе) жылу энергиясын беруді және (немесе) бөлуді;
      жылу қазандықтармен, өндірістің аралас үлгісіндегі станциялармен жылу энергиясын өндіруді;
      желіге босатуды техникалық диспетчерлау жөніндегі қызметтерді және электр энергиясын тұтынуды жүзеге асыратын табиғи монополия субъектілері;
      8) капиталдың құны - табиғи монополия саласына қатысты қызметті жүзеге асыруға байланысты инвестициялық тәуекелді көрсететін заемдық және өз қаражаттарына сыйақы ставкасын сипаттайтын шама;
      9)тарифтің (бағаның, алым ставкасының) шекті деңгейі – орташа мерзімді немесе ұзақ мерзімді кезеңге бекітілетін, табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметіне (тауарына, жұмысына) арналған тарифтің (бағаның, алым ставкасының) ең жоғары шамасы.
      Ескерту: 5-тармақ өзгертілді - ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының 2003.05.23 N 138-НҚ, 2004.02.13 N 70-НҚ, 2010.12.24 347-НҚ (ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

2. Пайданың (таза табыстың) ұйғарынды деңгейін
айқындау тәртібі

      6. Пайданың (таза табыстың) ұйғарынды деңгейі іске қосылған активтердің реттелетін базасының шамасына пайда ставкасының туындысы ретінде, мынадай формула бойынша айқындалады:
                      ПҰД = АРБ х ПС, мұндағы,
      ПҰД - пайданың ұйғарынды деңгейі (теңге),
      АРБ - іске қосылған активтердің реттелетін базасы (теңге),
      ПС - пайда ставкасы (%).

3. Табиғи монополия субъектілері үшін іске
қосылған реттелетін базаны айқындау тәртібі

      7. Акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке, сондай-ақ оларға қосылған заңды тұлғаларға тиесілі мемлекеттік кәсіпорындар мен акционерлік қоғамдар іске қосылған активтерінің реттелетін базасы активтердің іске қосылғандық коэффициентіне активтердің нақты құнының туындысы ретінде, мынадай формула бойынша айқындалады:
                    АРБ = АҚ х К іа , мұндағы,
      АҚ - активтердің нақты құны (теңге),
      К іа - активтердің іске қосылғандық коэффициенті.

      8. Активтердің іске қосылғандық коэффициенті Субъектінің қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) негізгі құралдарымен өндіретін және (немесе) көрсететін нақты көлемінің (алдындағы төрт тоқсан үшін немесе алдыңғы күнтізбелік жыл үшін) олардың технологиялық қуатына арасалмағы ретінде айқындалады.

      9. Активтердің іске қосылғандық коэффициентін және уәкілетті органның келісімі бойынша Субъекті айқындайды.

      10. Активтердің нақты құнын конкурстық негізде таңдап алынған тәуелсіз бағалау ұйымдарының оларды қайта бағалау нәтижесінде алынған Субъектілердің негізгі құралдарының қалдық құнының негізінде айқындалады. Субъектінің негізгі құралдарын қайта бағалау уәкілетті органның келісімі бойынша жүргізіледі.

      11. Осы Нұсқаулықтың 7-тармағында көрсетiлген Субъектiлер, сондай-ақ негiзгі құралдары сенiмдi басқаруға, мүлiктiк жалға, лизингi бойынша немесе өзге мәмiлелер нәтижесiнде алынған Субъектiлер үшін:
      1) іске қосылған активтердің реттелетін базасы Субъектілердің негізгі құралдарын сатып алудың (сатып алу және сатып алудың басқа тәсілдері) құнының негізінде иелену және (немесе) пайдалану кезеңі үшін, негізгі құралдардың бастапқы құнының өсуіне әкеп соқтыратын іс жүзінде өндірілетін (жыл сайынғы) инвестицияларды, жұмыстың жөндеу және басқа да түрлерін иелену және (немесе) пайдалану кезеңі үшін (жыл сайынғы) іс жүзінде есептелетін амортизациялық аударымдарды шегеруді ескере отырып айқындалады;
      2) акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілі мемлекеттiк мекемелердiң, акционерлiк қоғамдардың, сондай-ақ олармен үлестес заңды тұлғалардың iске қосылған активтерінің реттелетiн базасы осы Нұсқаулықтың 7, 8, 9, 10-тармақтарымен анықталады.
      Ескерту: 11-тармақ жаңа редакцияда жазылды, өзгеріс енгізілді - ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының 2003 жылғы 23 мамырдағы N 138-НҚ бұйрығымен , 2004 жылғы 13 ақпандағы N 70-НҚ бұйрығымен .

4. Іске қосылған активтердің реттелетін базасына пайда ставкаларын есептеу тәртібі

      12. Іске қосылған активтердің реттелетін базасына пайда ставкасы пайданың (салық салынғаннан кейінгі таза табыс) ұйғарынды деңгейін есептеу үшін пайдаланылады.

      13. Су шаруашылығы мен канализациялық жүйелерге (магистральдық және қалалық бөлу жүйелері, су өткізгіштер) қызмет көрсететін табиғи монополия субъектілері үшін пайда ставкасы экономиканың осы секторына инвестициялау тәуекелдерін есептеу әдісінің көмегімен мынадай формулада есептеледі:
                   ПС = r f + БС + ТТ, мұндағы
      r f - Қазақстан Республикасының еврооблигациясы немесе тараптардың кредиттік рейтингпен шығарған айналымның сол бір мерзіміндегі облигация, Қазақстан Республикасының соған ұқсас рейтингіне табыстылықтың орташа жылдық деңгейіне сүйене отырып, ал олар болмаған жағдайда - мемлекеттің жүз пайыздық қатысуымен және Қазақстан Республикасының егемен рейтингісіне теңдестірілген
рейтингісімен отандық компаниялардың еврооблигациялар табыстылығының орташа жылдық деңгейіне сүйене отырып, айқындалатын тәуекелсіз ставка.
      Қазақстан Республикасының еврооблигациясы немесе тараптардың кредиттік рейтингпен шығарған айналымның сол бір мерзіміндегі еврооблигация, Қазақстан Республикасының соған ұқсас рейтингіне орташа жылдық табыстылық Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі деректерінің негізінде айқындалады. Мемлекеттің жүз пайыздық қатысуымен және Қазақстан Республикасының егемен рейтингісіне теңдестірілген рейтингісімен отандық компаниялардың еврооблигациялар табыстылығының орташа жылдық деңгейі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің не Қазақстан Даму Банкінің деректерінің негізінде айқындалады.
      БС - Субъект шығарған және айналымда жүрген, айналымның сол бір мерзіміндегі мемлекеттік бағалы қағаздарға салыстырмалы түрде, егер шығарылым орынды болса, борыштық міндеттемелеріне сыйақы негізінде айқындалған Субъект жөніндегі тәуекел үшін борыштық сыйақы. Ондай болмаған жағдайда, ол қызметтің сондай түрімен айналысатын және Қазақстан Республикасының аумағында сондай кредиттік рейтингісі бар басқа Субъектілердің тәуекелі үшін борыштық сыйақыларды ескере отырып, айқындалады.
      ТТ - қазіргі бар су шаруашылығы мен канализациялық жүйелердің тозу дәрежесін, сондай-ақ авариялардың туындауына және қосымша шығыстардың жүзеге асырылуына байланысты ұзақ уақыт жөнделгендіктен толық қызмет көрсетпеуді сипаттайтын технологиялық тәуекел.
                  ТР = (Z x P)/С x 100%, мұндағы
      Z - Субъект бойынша орташа жыл үшін 3-5 жыл ішіндегі деректердің негізінде авариялардың салдарларын жоюға арналған шығындар;
      P - Субъект бойынша 3-5 жыл ішіндегі деректердің негізінде авариялардың болу ықтималдығы және мынадай формулада айқындалады:
                   P = Ка/365, мұндағы
      Ка - 24 сағаттан астам қызмет көрсетуді тоқтатуға алып келетін авариялардың санының орташа жылдық мәні;
      Қ - негізгі құралдардың есепті кезеңнің (жыл, тоқсан) басындағы Субъектінің негізгі құралдарына қайта бағалау жүргізгенге дейінгі қалдық құны.
      Ескерту: 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының 2004.02.13 N 70-НҚ , 2008.12.25 N 396-НҚ Бұйрықтарымен .

      14. Энергетика секторындағы табиғи монополия субъектілері үшін пайда ставкасы капиталдың орташа өлшенген капитал құны (бұдан әрі - ОӨКҚ) әдісінің көмегімен есептеледі және мынадай формулада айқындалады:
         ПҚ (ОӨКҚ) = [(1-q) x r e } + [q x r d } мұндағы
      g қаржыландырудың жалпы құрылымдағы, Субъектінің заемдық және жекеменшік капиталының арасалмағын сипаттайтын шама болып табылатын леверидж, яғни негізгі құралдарға жүргізілген соңғы қайта бағалауды ескеріп барлық капитал құрылымындағы (меншік және заемдық капиталдың сомасы) нақты қарызға алынған қаражаттардың үлесі. Леверидждің деңгейі нөлден кем емес шама болып табылады. Субъектінің жеке капиталының жағымсыз мәні жағдайында, леверидж деңгейі бірге тең шама ретінде қабылданады;
      rе  жеке капиталға сыйақының ставкасы (%);
      rd - заемдық қаражатқа сыйақының ставкасы (%).
      Заемдық қаражатқа сыйақы ставкасы мынадай формула бойынша айқындалады:
                   rd = rf  + БС, мұндағы
      Меншік капиталға сыйақы ставкасы мынадай формулада айқындалады:
                   re = rf + rа , мұндағы

      ra  жеке капиталға тәуекел үшін сыйлықақы. Жеке капиталға тәуекел үшін сыйлықақы Қазақстан Республикасының қор нарығы бойынша тұтастай тәуекел үшін сыйақының негізінде айқындалады және салалық бета-коэффициентке мынадай формула бойынша түзетіледі:
                 r а =  b х (r m + r f ), мұндағы
      r m - Қазақстан Республикасының қор нарығы бойынша тұтастай бір күнтізбелік жыл үшін орташа жалпы нарықтық табыстылығы;
      b - энергетикалық сектордың салалық бета-коэффициенті.
      Энергетикалық сектор ұйымының іске қосылған активтеріне пайда ставкасын есептеу үшін салалық бета-коэффициент 0,89 деңгейінде қабылданған.
      Меншік капиталға арналған тәуекел үшін сыйақыны белгіленген тәртіппен уәкілетті орган айқындайды.
      Акционерлік капиталға арналған сыйақы құны кем дегенде заемдық қаражатқа арналған сыйақы құнының шамасы болып табылады.
      Ескерту: 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының 2004.02.13 N 70-НҚ , 2008.12.25 N 396-НҚ Бұйрықтарымен .