Қазақстан Республикасының орта кәсіптік оқу орындарына қабылдаудың Үлгі ережесін бекіту туралы

Бұйрық Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2000 жылғы 10 шілдедегі N 707. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2000 жылғы 22 қыркүйекте тіркелді. Тіркеу N 1245.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 7 маусымдағы "Білім туралы" Заңына  сәйкес Бұйырамын:
      1. Қазақстан Республикасының орта кәсіптік оқу орындарына қабылдаудың Үлгі ережесі бекітілсін (қосымша).
      2. Облыстық, Астана және Алматы қалалық білім басқармалары (департаменттері) осы бұйрықты меншік нысандарына қарамастан барлық орта кәсіптік оқу орындарына жеткізсін.
      3. Бастауыш және орта кәсіптік білім департаменті (Қ. Лекер) белгіленген тәртіпте осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінен тіркеуден өткізсін.
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркеуден өткен сәттен бастап күшіне енеді.

      Министрдің міндетін
      атқарушы     

Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым
министрлігінің
10 шілде 2000 ж. N 707
бұйрығына қосымша

Қазақстан Республикасының орта кәсіптік
оқу орындарына қабылдаудың
Үлгі ережесі

      1. Қазақстан Республикасының кәсiптiк орта оқу орындарына Қазақстан Республикасының азаматтары; Қазақстан Республикасының бiлiм беру ұйымдарымен жасалған халықаралық шарттар, келiсiмдер, сондай-ақ келiсiм шарттар бойынша Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалар; жалпы негiзгi, жалпы орта немесе кәсiптiк бастауыш бiлiмi бар басқа мемлекеттердiң азаматтары болып табылатын ұлты қазақ тұлғалар қабылданады.
      Кәсiптiк орта оқу орындарына басқа шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгiленген тәртiппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық келiсiмдермен қабылданады.
      Ескерту: 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 2002 жылғы 16 мамырдағы N 393 бұйрығымен .

      1-1. Кәсiптiк орта бiлiм беретiн оқу орындарына қабылдау кезiнде мемлекеттiк тапсырыстан ауыл (село) жастары арасынан шыққан азаматтар үшiн ауылдың (селоның) әлеуметтiк-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша 30 пайыз, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға 2 пайыз мөлшерiнде квота белгiленедi.
      Ескерту: 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 2003 жылғы 15 наурыздағы N 157 бұйрығымен .

      2. Орта кәсіптік оқу орындарына оқуға түсушілер қабылдау туралы өтінішіне білімі туралы құжатының түпнұсқасын, N 0-86 үлгі бойынша дәрігерлік анықтамасын ( І және ІІ топтағы мүгедектер үшін және балалық шақтан мүгедек - дәрiгерлiк-санитарлық сарапшы комиссияларының қорытындысы), 3х4 мөлшері 4 суретін қоса тіркейді. Еңбек өтілі барлар куәландырылған еңбек кітапшасының көшірмесін қоса тіркейді.
      Талапкерлер жеке басының куәлігін, төлқұжатын немесе тууы туралы куәлігін немесе оның орнын ауыстыруға болатын құжатын көрсетеді.
      Келiсiм (ақылы) негiзiнде оқуға түсушiлердiң өтiнiштерi жеке тiркеледi және есептеледi.
      Ескерту: 2-тармақ өзгертілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 2002 жылғы 16 мамырдағы N 393 бұйрығымен .

      3. Кәсiптiк оқу орнында қабылдау мәселелерiн шешу үшiн қабылдау комиссиясы ұйымдастырылады, ол өзiнiң жұмысын маусымнан кешiкпей бастауы керек.

      3-1. Кәсiптiк орта бiлiм беретiн оқу орындарына түсушi азаматтардан өтiнiш қабылдау 20 маусымнан 1 тамызға дейiн, түсу емтихандары (тестiлеу) 2 тамыздан 28 тамызға дейiн жүргiзiледi.
      Шығармашылық мамандықтарға құжаттарды қабылдау 10 шiлдеге дейiн, арнайы (шығармашылық) емтихандар 12 шiлдеден 18 шiлдеге дейiн жүргiзiледi.
      Ескерту: 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 2003 жылғы 15 наурыздағы N 157 бұйрығымен .

      4. Мемлекеттiк тапсырыс негiзiнде азаматтарды қабылдау, қабылдау емтихандары бiткеннен кейiн жүргiзiледi, ол күндiзгi оқыту нысанына түсушiлер үшiн 30 тамыздан және сырттай оқыту нысанына түсушiлер үшiн 30 қыркүйектен кешiктірiлмей аяқталады.
      Төлем ақысы негiзiнде оқуға түсушiлердi қабылдау, күндiзгi оқыту нысанына 30 тамыздан және сырттай оқыту нысанына 30 қыркүйектен кешiктiрiлмей аяқталады.
      Ескерту: 4-тармақ жаңа редакцияда жазылды, өзгертілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 2002 жылғы 16 мамырдағы N 393 бұйрығымен , 2003 жылғы 15 наурыздағы N 157 бұйрығымен .

      5. Колледждерге түсушiлер қабылдау емтихандарын мемлекеттiк тiлде немесе ресми қолданылатын тiлде тапсыруға құқығы бар.
      Ескерту: 5-тармақ өзгертілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 2003 жылғы 15 наурыздағы N 157 бұйрығымен .

      6. Қабылдау емтихандарының түрiн (тестiлеу немесе емтихан билеттерi мен тапсырмалары бойынша) оқу орны шешедi.

      7. Жалпы орта бiлiмi бар азаматтар үшiн түсу емтихандары жалпы орта бiлiмнiң үш пәнi, ал жалпы негiзгi бiлiмi бар тұлғалар үшiн, жалпы негiзгi бiлiмнiң екi пәнi бойынша жүргiзiледi.
      Мiндеттi түсу емтихандарының тiзбесiне жалпы негiзгi бiлiмi бар тұлғалар үшiн қазақ немесе орыс тiлдерi, ал жалпы орта бiлiмi бар тұлғалар үшiн қазақ немесе орыс тiлдерi және Қазақстан тарихы енгiзiледi. Арнайы немесе шығармашылық емтихандар (2-ден көп емес) талапкерлердiң таңдауына байланысты мамандықтардың ерекшелiктерiне қарай белгiленiп, түсу емтихандарының алдында орта кәсiптiк оқу орындары бекiткен бағдарлама бойынша жүргiзiледi
      Тестiлеу кезiнде әрбiр пән бойынша 25 сұрақтан болады. Тест тапсырмасының әрбiр дұрыс жауабына 1 ұпай саны беріледi. Арнайы және шығармашылық пәндерден алған "3", "4", "5" деген бағаларды қабылдау комиссиясы тиiстi ұпай сандарына ауыстырады. Мемлекеттiк тапсырыс бойынша тест сынағынан жалпы саны 30-дан кем ұпай жинаған азаматтар оқушылар қатарына қабылданбайды.
      Кешендi тестiлеуге үш пәннен 1,5 ал екi пәннен 1 астрономиялық сағат бөлiнедi.
      Дұрыс жауаптардың коды тестiлеу бiткеннен кейiн бiрден iлiнедi. Емтиханның нәтижесi кешендi тестiлеу бiткеннен кейiн бiр тәулiк iшiнде талапкерлердiң назарына жеткiзiлу керек.
      Жалпы бiлiм беретiн мектепте немесе кәсiптiк мектепте /лицейлерде/ шетел тiлiн меңгермеген талапкерлер ол мамандық бойынша белгiленген негiзгi пән болып табылмаса, колледждiң қабылдау комиссиясы белгiлеген басқа пәннен тапсырады.
      Ескерту: 7-тармақ өзгертілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 2002 жылғы 16 мамырдағы N 393 бұйрығымен , 2003 жылғы 15 наурыздағы N 157 бұйрығымен .

      8. Көрсеткiштерi бiрдей болған жағдайда оқушылар қатарына қабылдануға:
      жетiм балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың, дәрiгерлiк-санитарлық сарапшы комиссияларының қорытындысы бойынша колледждерде оқу денсаулығына зиянды болмайтын I, II топтағы мүгедектер мен балалық шақтан мүгедектер мен бiлiмi туралы үздiк белгiге бiтiрген құжаты бар тұлғалар (куәлiктер, аттестаттар, дипломдар).

      9. Орта кәсiптiк оқу орнымен бiр оқу-тәрбие кешенiне немесе ғылыми-өндiрiстiк-оқу бiрлестiкке (ассоциация) кiретiн мектептер мен кәсiптiк мектептердiң (лицейлердiң) емтихан комиссияларының құрамына орта кәсiптiк оқу орнының оқытушылары енгiзiлген жағдайда олардың бiтiру емтихандарының нәтижелерi қабылдау емтихандарына теңгерiледi.

      10. Арнайы немесе шығармашылық емтихандардан "екi" деген баға алған тұлғалар немесе себепсiз емтиханға келмегендер қалған емтихандарға жiберiлмейдi.

      11. Қабылдау емтихандарын қайта тапсыруға рұқсат етiлмейдi.
      11-1. Қабылдау емтихандарының нәтижелерiмен келiспеген азамат шағым беруге құқылы.
      Шағым қабылдау комиссиясына қабылдау емтихандарының нәтижелерi жарияланғаннан кейiн берiледi және оны бiр тәулiк iшiнде  шағым комиссиясы қарайды.
      Ескерту: 11-1-тармақпен толықтырылды, өзгертілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 2002 жылғы 16 мамырдағы N 393 бұйрығымен , 2003 жылғы 15 наурыздағы N 157 бұйрығымен .

      12. Орта кәсiптiк оқу орындарына оқушылар қатарына қабылдау қабылдау комиссиясының ашық мәжiлiсiнде мамандықтар, бөлiмдер, оқыту тiлi бойынша жеке жүргiзiледi.
      Азаматтардың жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген жеңiлдiктерге сәйкес бөлiнген орындарға жеке конкурс болады.
      Қабылдаудың осы Үлгi тәртiбiне сәйкес қабылдануға жеңiлдiк құқығы бар талапкерлер тиiстi құжаттарын тапсырады.
      Қабылдау емтихандарынан жинаған ұпайлары тең болған жағдайда артықшылық:
      ең бiрiншi кезекте жалпы орта мектептi (лицейдi) үздiк аттестатпен және кәсiптiк мектептi орта мектептiң негiзгi сатысында үздiк дипломмен бiтiргендерге берiледi. Бұл тәртiп кәсiптiк мектептердi (лицейлердi) жалпы бiлiм беретiн мектептiң жоғары сатысы негiзiнде үздiк бiтiргендерге, алған кәсiбiне сәйкес мамандыққа түскен жағдайда қолданылады.

      13. Орта кәсiптiк оқу орны Қазақстан Республикасының орта кәсiптiк оқу орындарына қабылдаудың осы Үлгi Ережесiне сәйкес өздерiнiң нақты қабылдау Тәртiбiн меншiк нысандарына, үлгiлерi мен түрлерiне қарамастан бiлiм беру ұйымдары әзiрлейдi, бiлiм беру ұйымдары құрылтайшыларымен келiседi, құжат қабылдаудан бiр ай бұрын баспасөз бетiнде жариялайды.

      14. Қабылдау тәртiбi туралы мәлiмдеме, сонымен бiрге қабылдау жұмысын ұйымдастыру мен жүргiзу жөнiндегi қабылдау комиссиясының шешiмi, емтихандар кестесi, оқушылар қатарына қабылдау мерзiмi түсушiлердiң назарына уақтылы жеткiзiлуi тиiс.

      15. Орта кәсiптiк оқу орындары аймақтарда көшпелi комиссиялардың қабылдау емтихандарын меншiк нысандарына, үлгiлерi мен түрлерiне қарамастан бiлiм беру ұйымдарының құрылтайшыларымен келiсiп ұйымдастырады.

      16. Орта кәсiптiк оқу орындарының қабылдау комиссияларына оқу орнында қабылдау емтихандарынан өткен талапкерлердiң барлығы қабылданып болғаннан кейiн, қалған бос орындарға басқа колледждер мен жоғары оқу орындарынан конкурстан өтпей қалған тұлғаларды белгiленген үлгiдегi анықтама негiзiнде қабылдауға құқық берiледi.

      17. Барлық орта кәсiптiк оқу орындары облыстық, Астана және Алматы қалалық бiлiм басқармаларына (департаменттерiне) белгiленген үлгi мен мерзiмде жедел статистикалық, ал қабылдау бiткеннен кейiн он күн мерзiм iшiнде колледжге қабылдауды ұйымдастыру мен өткiзудiң жиынтық мәтiндiк нысандағы есептерiн бередi.
      Облыстық, Астана және Алматы қалалық бiлiм басқармалары (департаменттерi) белгiленген үлгiде 1 қазанға дейiн қабылдаудың қорытындылары туралы есептi жинақтап, қорытып Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiне тапсырады.

      18. Қабылдаудың осы Үлгi тәртiбiнде кесiмделмеген мәселелердi колледждердiң қабылдау комиссиялары өздерi шешедi.