Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 27 қыркүйектегі N 217 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 25 сәуірдегі № 240 Жарлығымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 25.04.2016 № 240 Жарлығымен.

      "Дипломатиялық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 2-тармағына сәйкес қаулы етемін:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысы бекітілсін.
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң    
1999 жылғы 27 қыркүйектегi
N 217 Жарлығымен  
"Бекітілді"     

Қазақстан Республикасының Консулдық Жарғысы

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "-бап" деген сөз алып тасталды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2008.06.26 N 623 Жарлығымен.

1-Бөлім

Қазақстан Республикасы Консулдық мекемелерінің
міндеттері және ұйымдастырылуы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының консулдық мекемелерi шетелдерде Қазақстан Республикасының, Қазақстан Республикасы заңды тұлғалары мен азаматтарының құқықтары мен мүдделерiн халықаралық құқық рұқсат беретiн шекте қорғайды.
      Консулдық мекемелер Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен достық қатынастарының дамуына, экономикалық, сауда, ғылыми-техникалық, мәдени байланыстар мен туризмнiң кеңеюiне жәрдемдеседi.

      2. Консулдық мекемелер болып табылатындар: Қазақстан Республикасы дипломатиялық өкiлдiктерiнiң консулдық бөлiмдерi, бас консулдықтар, консулдықтар, вице-консулдықтық және консулдық агенттiктер.

      3. Консулдық мекемелер өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Дипломатиялық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi, халықаралық шарттарды, халықаралық әдет-ғұрыптарды, сондай-ақ осы Жарғыны басшылыққа алады.

      3-1. Консулдық мекемелер:
      1) бас консулдықтар - Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының;
      2) консулдықтар, вице-консулдықтар және консулдық агенттіктер - Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының;
      3) консулдық бөлімдер - Сыртқы істер министрі бұйрықтарының негізінде құрылады, қайта құрылады және өз қызметтерін тоқтатады.
      Ескерту. 3-1-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2004.12.15. N 1503 Жарлығымен.

      4. Консулдық мекемелер Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiне бағынысты және консулдық мекеме орналасқан елде Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiгi басшысының басшылығымен жұмыс iстейдi.

      5. Қазақстан Республикасы дипломатиялық өкiлдiктерiнiң консулдық бөлiмдерiн консулдар деп аталатын консулдық бөлiмдердiң меңгерушiлерi басқарады. Бас консулдықтарды, консулдықтарды, вице-консулдықтарды және консулдық агенттiктердi тиiсiнше бас консулдар, консулдар, вице-консулдар және консулдық агенттiктер басқарады.

      6. Консул негiзiнде осы Жарғыда көзделген мiндеттердi орындайды, бiрақ сонымен қатар консул, егер Қазақстан Республикасының заңдарына, консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң заңдарына және халықаралық келiсiмдерге қайшы келмейтiн болса, Консулдық Жарғыда көзделмеген өзге де мiндеттердi орындай алады.

      7. Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi жоқ мемлекеттерде, консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң келiсуiмен, консулға сондай-ақ дипломатиялық мiндеттер де жүктелуi мүмкiн.

      8. Консулдық мекеменiң мекен-тұрағы, оның класы мен консулдық округi консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң келiсiмi бойынша белгiленедi.

      9. Консулдық мекеменiң Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және консулдық мекеменiң атауы мемлекеттiк тiлде және мекеме орналасқан мемлекеттiң тiлiнде жазылған мөрi болады.

      10. Консулдық мекеме Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген, консулдық мекеменiң атауы мемлекеттiк тiлде және мекеме орналасқан мемлекеттiң тiлiнде жазылған тақтаны өзi орналасқан үйге ілiп қоюға хақылы.

      11. Консулдық мекеме Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк жалауын консулдық мекеменiң үйiне iлiп қоюға хақылы.
      Консул Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк жалауын өз резиденциясында және бұл қызметтiк мiндеттерiн атқарумен байланысты болса, өзiнiң көлiк құралдарында iлiп қоюға хақылы.

      12. Осы Консулдық жарғыда келтiрiлген терминдердiң мына төмендегiдей мағыналары бар:

     "консулдық лауазымды тұлға" - консулдық мекеме басшысын қоса, осы қызметте консулдық мiндеттердi орындау жүктелген кез келген тұлғаны бiлдiредi.;

     "консул" - бас консул, консул, вице-консул немесе консулдық мекеменiң басшысы болып табылатын консулдық агент.

2-тарау. Консулдық мекемелердiң персоналы және консулды
тағайындау тәртiбi

      13. Консулдық қызмет дипломатиялық қызметтiң бөлiгi болып табылады.
      Консулдық лауазымды тұлғалар дипломатиялық қызметкерлер болып табылады және Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiнде мемлекеттiк қызметте болады.
      Консулдық қызметкерлер және де қызмет көрсетуші персонал дипломатиялық қызмет қызметкерлерi болып табылмайды әрi мемлекеттiк қызметте тұрмайды.

      14. Тек Қазақстан Республикасының азаматы ғана консулдық лауазымды тұлға бола алады.

      15. Консулды қызметке Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi тағайындайды. Консул қызметке тағайындалған кезде оған жазбаша уәкiлеттiк - консулдық патент берiледi.

      16. Консул өз мiндеттерiн атқаруға консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң келiсiмiн (экзекватурасын) алғаннан кейiн кiрiседi.

      17. Егер консул қандай да бiр себепке байланысты өз мiндеттерiн орындай алмаса немесе консулдық қызмет орны уақытша бос болса, консулдың мiндеттерiн атқару консулдық мекеме орналасқан мемлекетте Қазақстан Республикасының осы немесе басқа консулдық мекемесiнiң басқа бiр консулдық лауазым иесiне немесе Қазақстан Республикасының осы мемлекеттегi дипломатиялық өкiлдiгiнiң дипломатиялық персоналы мүшелерiнiң бiріне жүктеледi.

3-тарау. Консулдық мiндеттердi орындау тәртiбi

      18. Консул өзiне жүктелген мiндеттердi өзi орындайды немесе олардың орындалуын басқа бiр консулдық лауазым иесiне тапсырады.

      19. Консулдың басқа мемлекеттiң консулдық мiндеттерiн орындауы тек Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң ерекше нұсқауы бойынша және консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң келiсуiмен ғана орын алуы мүмкiн.

      20. Консул өз консулдық округiнiң шектерiнде консулдық мекеменiң қызметiне байланысты барлық мәселелер бойынша консулдық орналасқан мемлекеттiң өкiмет орындарына өтiнiш бiлдiре алады.

      21. Консул жылына кемiнде бiр рет өз консулдық округiн аралап өтуге мiндеттi.

      22. Консулдық лауазым иелерi iс-қимылдарына жасалған шағымдар бағыныстылық тәртiбiмен қаралады.

2-Бөлім
Консулдың Қазақстан Республикасының Заңды
тұлғалары мен азаматтары жөніндегі міндеттері

4-тарау. Жалпы ережелер

      23. Консул Қазақстан Республикасының заңды ұйымдары мен азаматтарының консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң заңдары және Қазақстан Республикасы мен консулдық мекеме орналасқан мемлекет қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттар, сондай-ақ халықаралық әдет-ғұрыптар оларға берген барлық құқықтарды толық көлемiнде пайдалануы үшiн шаралар қолдануға мiндеттi.
      Консул жазбаша, сондай-ақ ауызша арыздарды қабылдауға мiндеттi.

      24. Консул Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары мен азаматтарының бұзылған құқықтарын қалпына келтiру үшiн шаралар қолдануға мiндеттi.

      24-1. Консул консулдық округ аумағындағы Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және қамтамасыз ету мақсатында жәрдем көрсетеді.
      Ескерту. Жарғы 24-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2012.01.30 № 260 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      25. Консул өзiнiң консулдық округiнде тұрақты түрде тұрып жатқан және уақытша жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының есебiн жүргiзедi.

      26. Консул консулдық округтiң шектерiнде жүрген Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының өкiлдерiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелге iссапарға жiберiлген басқа да азаматтарына олардың қызмет бабындағы мiндеттерiн орындауда жәрдем көрсетедi.

      27. Консул өзiнiң консулдық округiнде уақытша жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарын консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң қолданыстағы заңдары туралы, сондай-ақ жергiлiктi әдет-ғұрыптар туралы хабардар етедi.
      Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелде болуына қатысты мәселелер жөнiндегi консул өкiмдерiнiң олар үшiн мiндеттi күшi бар.

      28. Консул консулдық округте жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарына арнап мәдени-ағарту шараларын өткiзуге жәрдемдеседi.

      29. Консул, егер Қазақстан Республикасының азаматтары болмаса немесе материалдық, қаржылық немесе науқастану себептерiне байланысты келе алмаса, әрi iстiң жүргiзiлуiн қандай да бiр адамға тапсырмаса немесе басқа да себептермен өз мүдделерiн қорғай алмайтын болса, сенiмхатсыз-ақ консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң мекемелерiнде олардың атынан өкiлдiк етуге хақылы. Бұл өкiлдiк олар өз уәкiлдерiн тағайындағанға дейiн немесе өз құқықтары мен мүдделерiн қорғауды өз қолдарына алғанға дейiн созылады.

5-тарау. Консулдың Қазақстан Республикасы азаматтарының
әскери есебi жөнiндегi мiндеттерi

      30. Консул Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осы өзiнiң консулдық округiнде тұрақты тұрып жатқан немесе уақытша жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери есебiн жүргiзедi және Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматтарының (еркек жынысты) Қазақстан Республикасындағы олардың тұрақты тұратын жерлерiндегi әскери комиссариаттарға әскери қызметке шақыру үшiн баруын қамтамасыз етедi.

6-тарау. Консулдың қылмыстық қудалау мен Қазақстан
Республикасы соттарының мiндеттерiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың
тапсырмаларын орындау жөнiндегi мiндеттерi

      31. Консул, егер бұған консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң заңдары тыйым салмаса, қылмыстық қудалау мен Қазақстан Республикасы соттарының міндеттерін жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтары жөнiндегi тапсырмаларын орындайды. Аталған тапсырмалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес орындалуға тиiс.

7-тарау. Консулдың ұл (қыз) асырап алу, қамқоршылық пен
қорғаншылық жөнiндегi мiндеттерi

      32. Консул Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын және Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұратын ұл (қыз) баланы асырап алуды Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген негiздер бойынша және тәртiппен тiркейдi.
      Консул консулдық округ шегiнде шетелдiк азаматтарға асырап алуға берiлген балаларға бақылау жасауды жүзеге асырады.

      33. Консул өзiнiң консулдық округiнде орналасқан, ата-ананың қарауынсыз қалған, жасы кәмелетке толмаған Қазақстан Республикасының азаматтарына қамқоршылық пен қорғаншылық жасауға шаралар қолданады.
      Консул сондай-ақ денсаулығына байланысты өз бетiнше өзiнiң құқықтарын жүзеге асыра алмайтын және өз мiндеттерiн орындай алмайтын, жасы кәмелетке толған Қазақстан Республикасының азаматтарына қамқоршылық пен қорғаншылық жасауға шаралар қолданады.

8-тарау. Консулдың Қазақстан Республикасы азаматтарының
мүлкi жөнiндегi мiндеттерi

      34. Консул Қазақстан Республикасының азаматы қайтыс болғаннан кейiн оның артында қалған мүлiктi қорғауға шаралар қолданады.
      Егер қалған мүлiк толық немесе iшiнара бүлiнген заттардан тұратын болса, сондай-ақ оны сақтау тым қымбатқа түсетiн болса, онда консул залал шектiрмей бұл мүлiктi сатып, түскен ақшаны тиесiлiлiгi бойынша жолдауға хақылы.

      35. Консул мұраға қалған мүлiктi Қазақстан Республикасында тұратын мұрагерге тапсыру үшiн қабылдап алуға хақылы.

      36. Консул Қазақстан Республикасының азаматтарына тиесiлi ақшаны, бағалы заттарды, құнды қағаздарды және құжаттарды қабылдап ала алады.
      Егер сақтауға тапсырылған мүлiктiң иесi болып табылатын адам қайтыс болған жағдайда мұндай мүлiкке осы Жарғының 34-тармағының ережелерi қолданылады.
      Ескерту. 36-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2008.06.26 N 623 Жарлығымен.

9-тарау. Консулдың қамауда отырған, ұсталған немесе
басқа нысанда бас еркiнен айырылған немесе
жазасын өтеп жүрген Қазақстан Республикасының
азаматтары жөнiндегi мiндеттерi

      37. Консул тұтқындалған (қамауға алынған), немесе қылмыс жасады деген күдiк бойынша ұсталған немесе Қазақстан Республикасы азаматының бостандығын шектейтiн басқа да шараларға ұшыраған немесе бас еркiнен айыру ретiнде жазасын өтеп жүрген, сондай-ақ сот немесе әкiмшiлiк жазаға тартудың шаралары қолданылған Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң заңдары мен халықаралық шарттардың сақталуын қадағалауға мiндеттi.
      Консул мүдделi адамдардың өтiнiшi және өз бастамасы бойынша қамауға алынған жерлердегi Қазақстан Республикасының азаматтарына баруға және олардың жағдайларын бiлуге мiндеттi. Консул мұндай азаматтардың санитария мен тазалық талаптарына сай келетiн жағдайларда ұсталуын, олардың қатыгездiкке ұшырамауын және адамдық қасиеттерiнiң қорланбауын қадағалауға мiндеттi.

10-тарау. Консулдың паспорттар мен визалар мәселелерi
жөнiндегi мiндеттерi

      38. Консул Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорттар бередi, оларды ауыстырады және олардың паспорттарына қажеттi өзгерiстер енгiзедi.

      39. Консул Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасына келу, Қазақстан Республикасынан кету және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк өту визаларын бередi, ұзартады, жояды.

11-тарау. Консулдың азаматтық мәселелер жөнiндегi мiндеттерi

      40. Консул өзiнiң консулдық округiнде тұратын адамдардан Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелерi жөнiндегi өтiнiштердi қабылдайды.

      41. Консул Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқандығын тiркейдi.

12-тарау. Консулдың азаматтық хал актiлерiн тiркеу
мәселелерi жөнiндегi мiндеттерi

      42. Консул Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық хал актiлерiн тiркейдi.
      Консул сол мемлекетте тұрақты немесе уақытша тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарынан, сондай-ақ азаматтық хал актiлерiн Қазақстан Республикасының азаматтық хал актiлерiн жазу органдарында тiркеткен шетел азаматтарынан, азаматтығы жоқ тұлғалардан азаматтық хал актерлерiне өзгертулер, толықтырулар мен түзетулер енгiзу жайлы өтiнiштердi қабылдайды.
      Консул сол мемлекетте тұрақты немесе уақытша тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарынан, сондай-ақ азаматтық хал актiлерiн Қазақстан Республикасының азаматтық хал актiлерiн жазу органдарында тiркеткен шет ел азаматтарынан, азаматтығы жоқ тұлғалардан жоғалтылған азаматтық хал актiлерi туралы жазбаларды қалпына келтiру және азаматтық хал актiлерiн жою туралы өтiнiштер қабылдайды.

12-1-тарау. Консулдың Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың сайлау құқығын іске асыруда жәрдем көрсету жөніндегі функциялары

      Ескерту. Жарғы 12-1-тараумен толықтырылды - ҚР Президентінің 2012.01.30 № 260 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      42-1. Консул Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың сайлау құқықтарын іске асыруда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сайлау құқығының қағидаттарын сақтауда жәрдем көрсетеді.
      Егер Қазақстан Республикасының Президентін, Парламент Мәжілісінің партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттарын сайлауды және республикалық референдумды өткізу кезінде шетелдік мекеменің үй-жайында сайлау учаскесі құрылар болса, Консул бұл туралы тұратын мемлекеттің билік органдарын ресми түрде хабардар етеді.

3-Бөлім
Нотариалдық қызмет, консулдық ресмилендіру,
консулдық алымдар

13-тарау. Нотариалдық қызмет

      43. Консул Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес нотариалдық қызмет көрсетедi.

      44. Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы мен консулдық орналасқан мемлекет қатысатын халықаралық шарттарға сәйкес нотариалдық iс-әрекет жасалған кезде орналасқан мемлекеттiң құқықтық нормалары қолданылады.
      Консул Қазақстан Республикасы мен консулдық мекеме орналасқан мемлекет қатысатын халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес түзiлген құжаттарды қабылдайды, сондай-ақ егер бұл Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда көзделмесе, орналасқан мемлекеттiң заңдарында белгiленген нысанда куәландыру жазбаларын жасайды.

14-тарау. Консулдық ресмилендiру

      45. Консул консулдық округ өкiмет орындарының қатысуымен түзiлген немесе осы өкiмет орындарынан шығатын құжаттар мен актiлердi ресмилендiредi.
      Қазақстан Республикасының органдары, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе Қазақстан Республикасы мен консулдық мекеме орналасқан мемлекет қатысушылары болып табылатын халықаралық шартта өзгеше қарастырылмаған болса, мұндай құжаттар мен актiлердi қарауға тек консулдық ресмилендiру бар болғанда ғана қабылдайды.
      Консулдық ресмилендiру дегенiмiз құжаттардың консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң қолданыстағы заңдарына сәйкестiгiн тексеру және мұндай құжаттарды басқа мемлекетте пайдалану мақсатымен оларға лауазым иесiнiң қойған қолы мен басқан мөрiнiң түпнұсқалылығын анықтау мен куәландыру болып табылады.
      Консулдық ресмилендiру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi белгiлейдi.

      46. Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн немесе өздерiнiң мазмұны бойынша Қазақстан Республикасының мүдделерiне зиян келтiруi мүмкiн немесе азаматтардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне дақ түсiретiн мәлiметтерi бар құжаттар мен актiлер ресмилендiруге жатпайды.

15-тарау. Консулдық алымдар

      47. Шетелдерде және Қазақстан Республикасының аумағында орындалатын консулдық іс-әрекет үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленетін тәртіппен консулдық алымдар алынады.
      Ескерту. Жарғы 47-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.01.30 № 260 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      48. Консулдық алымның ставкалары, оны алу, төлеу, есепке алу және төлеуден босату тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленеді.
      Ескерту. Жарғы 47-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.01.30 № 260 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      49. (Алынып тасталды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2008.06.26 N 623 Жарлығымен).

      50. Консулдық алымдар Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының бюджетіне есепке алынады.
      Ескерту. 50-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 2008.06.26 N 623 Жарлығымен.

      51. (Алынып тасталды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2008.06.26 N 623 Жарлығымен).

4-Бөлім
Консулдық Қазақстан Республикасының әскери
кемелері мен әскери-көмекші кемелері жөніндегі
міндеттері

      52. Консул өзiнiң консулдық округiнiң шегiнде консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң порттарындағы, аумақтық және iшкi суларындағы Қазақстан Республикасының әскери кемелерi мен әскери-көмекшi кемелерiне (бұдан әрi "кемелер" деп аталады) жағалаумен байланыс, жергiлiктi өкiмет орындарымен қарым-қатынас, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерi мен басқа да мәселелерде барынша көмектесуге мiндеттi.
      Әскери-теңiз (әскери) атташелерi уақытша болмаған және олар штат кестесiнде болмаған кезде консул кемелердiң келуiмен байланысты барлық мәселелердi шешуге қатысады.

      53. Консулдық округтiң шегiндегi портқа алда кеменiң келетiндiгi, оған кiруi үшiн лоцманның қажеттiгi туралы мәлiмет алынған ретте, консул кемеге лоцманның дер кезiнде келiп жетуi үшiн шаралар қолданады.

      54. Кеме келiсiмен консул кеменiң командирiне жергiлiктi өкiмет орындарымен қатынастар кезiнде қажеттi мәлiметтердi, атап айтқанда, жергiлiктi жердiң санитарлық жағдайы, порттың ережелерi және орындалуы мiндеттi немесе кеме командирi мен экипаж мүшелерiнiң басшылыққа алуы қажет жергiлiктi заңдар мен әдет-ғұрыптар жөнiндегi мәлiметтердi кiдiрiссiз хабарлайды.

      55. Консул мүмкiндiк болысымен келген кемеге немесе кемелер отрядына жеке өзi баруға мiндеттi.
      Консул консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң лауазым иелерiне кеменiң (кемелер отрядының) командирi барған кезде, қажет болған жағдайларда, қасына ерiп жүредi.

      56. Кеме экипажының ауыр науқас мүшесi, консулдық мекеме орналасқан мемлекетте емделуге қалдырылған жағдайда консул емдеу барысын қадағалауға және оның Қазақстан Республикасына жөнелтiлуiн қамтамасыз етуге тиiс.
      Кеме экипажының мүшесi қайтыс болған жағдайда консул тиiстi құрметпен жерлеуге немесе қайтыс болған адамның мәйiтiн Қазақстан Республикасына жөнелтуге шаралар қолданады. Қайтыс болған адамның құжаттары мен жеке мүлкi Қазақстан Республикасына жiберiледi.

      57. Кемелердiң апаты, соқтығысы және басқа теңiз оқиғалары болған жағдайда кемелерге қажеттi көмек көрсету үшiн және болған оқиғаны заң тұрғысынан тиiсiнше ресiмдеу үшiн консул өзiне байланысты шаралардың бәрiн қолданады.

      58. Консул кеменiң (кемелер отрядының) командирiне жоғары тұрған командованиемен байланыс орнатуда көмек көрсетедi, сондай-ақ кеменiң қызмет поштасын жөнелтуге жәрдемдеседi.

      59. Консул кеме қорын сапалы да тез толықтыруға жәрдемдесуi мүмкiн мәлiметтердi табыс етедi, сондай-ақ өзiне кеме командирi берген барлық шоттар мен құжаттарғавиза қояды.

      60. Осы Жарғының 4-бөлiмiнiң ережелерi Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерi авиациясының ұшақтарына (тiкұшақтарына) да тиiсiнше қолданылады.

  5-Бөлім
Консулдың Қазақстан Республикасының кемелері
жөніндегі міндеттері

16-тарау. Консулдың кемелер келген және аялдаған
кездегi мiндеттерi

      61. Консул консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң порттарында, аумақтық және iшкi суларында өзiнiң консулдық округiнiң шегiнде кемелерге консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң заңдарына, Қазақстан Республикасы мен консулдық мекеме орналасқан мемлекет қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес толық көлемдегi құқықтар мен иммунитеттер берiлуiн қадағалайды.

      62. Консул консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң порттарындағы, аумақтық және iшкi суларындағы кемелердiң капитандарына жәрдем мен қажеттi көмек көрсетедi.
      Өкiлдiгi шеңберiндегi консулдың берген өкiмдерi кеме капитаны үшiн мiндетті болып табылады.

      63. Консул өзiне кеме капитанының консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң портына кеменiң келгенi туралы мәлiмдеуiн және кеме туралы әрi жүзудiң мән-жайы жөнiндегi мағлұматтарды хабарлауын қадағалауға тиiс.
      Консул капитанның консулдық мекемеге келуiн және жүзудiң мән-жайы жөнiндегi баяндаманың табыс етiлуiн талап етуге хақылы.

      64. Консул кемеге кез келген уақытта баруға хақылы.

      65. Консул кеменiң жүзу және портта болу кезiнде кеме экипажының құрамында болған өзгерiстердi кеме журналында белгiлеуге мiндеттi.

      66. Консул:
      а) кеменiң портқа кiруiне, одан шығуына және кеменiң портта болуына жәрдемдесуге;
      б) кемеде болған оқиғалардың мән-жайын анықтауға, кеме капитаны мен экипаж мүшелерiнен сұрастыруға;
      в) кеме капитаны мен экипаж мүшелерiнiң арасында туындауы мүмкiн еңбек дауларының шешiлуiне көмектесуге хақылы.

      67. Консул экипаж мүшелерiнiң еңбек тәртiбiн нығайтуға барынша жәрдем көрсетуге тиiс.

      68. Кеме шетелде сатып алынған жағдайда консул Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк жалауы астында жүзу құқығына уақытша куәлiк бередi.
      Консул Қазақстан Республикасының кемелерiне қатысты, Қазақстан Республикасының заңдарында немесе Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген кез келген декларацияны немесе басқа құжатты алуға, жасауға немесе куәландыруға хақылы.

      69. Сыртқы iстер министрлігiнiң Қазақстан Республикасының кеме қатынасы компанияларымен келiсiмi бойынша консул дипломатиялық поштаны және дипломатиялық жүктердi Қазақстан Республикасының порттарына кетiп бара жатқан қазақстандық кемелермен тегiн жөнелтуге хақылы.
      Орналасқан мемлекетте әр түрлi себептерге немесе табиғи апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланғанда консул Қазақстан Республикасының азаматтарын Қазақстан Республикасының порттарына кетiп бара жатқан қазақстандық кемелермен тегiн жөнелтуге хақылы.

17-тарау. Консулдың кемелер кетер кездегi мiндеттерi

      70. Консул кеме капитанына, егер бұл қажет болса, кеменiң келген және кеткен уақыты, капитанның консулдық мекемеге келген күнi, баратын порты, жолаушылар саны, сондай-ақ жүктiң мөлшерi, тегi және баратын жерi көрсетiлген куәлiк бередi.

      71. Егер консулдың қолында бар мәлiметтер бойынша кеменiң қандай да бiр портқа кiруi қауiптi, қажетсiз немесе мүмкiн емес болып көрiнсе, консул бұл туралы кетiп бара жатқан кеменiң капитанын ескертуге мiндеттi.

      72. Аса қажет болған жағдайда консул теңiзге шығуға әзiр тұрған кеменi кiдiртуге немесе оның капитан белгiлеген мерзiмнен ертерек, тiптi тиеу-түсiру операциялары бiткенге дейiн кетуiн талап етуге хақылы. Бұл ретте кеме журналында кеменi кiдiрту немесе оның дереу кетуiн талап ету себептерi көрсетiлген тиiстi белгi жасалады.

18-тарау. Консулдың кеме күйреген немесе апатқа ұшыраған
жағдайдағы мiндеттерi

      73. Кеме күйреген немесе апатқа ұшыраған жағдайда консул жолаушыларды, экипажды, кеменi және жүктi құтқару әрi орын алған оқиғаны тиiсiнше заңдық ресiмдеу үшiн шараларды қолдануға мiндеттi.

      74. Консул капитаннан кеменiң немесе жүктiң опат болғаны немесе бүлiнгенi не кеменiң немесе жүктiң ықтимал бүлiнгенi туралы мәлiмдеменi қабылдайды, сондай-ақ кеме капитанының өтiнiшi бойынша теңiз наразылығы туралы акт жасайды.
      Теңiз наразылығы туралы акт капитан өтiнiшiнiң, кеме журналындағы деректердiң, сондай-ақ капитанның өзiнен және мүмкiндiгiнше кеменің командалық құрамындағы адамдар қатарынан кемiнде екi куәгерден және кеме командасындағы екi куәгерден алынған жауаптардың негiзiнде жасалады. Консул теңiз наразылығы туралы актiнi өзiнiң қойылған қолымен және елтаңбалы мөрмен куәландырады.
      Капитанға оның өтiнiшi бойынша ол жасаған теңiз наразылығы туралы куәлiк және теңiз наразылығы туралы акт берiледi.

      75. Консул күйреген немесе өзге апатқа ұшыраған кеменiң жолаушылары мен экипаж мүшелерiне, соның iшiнде қажет болған жағдайларда оларды Қазақстан Республикасына қайтаруда да жәрдем көрсетуге мiндеттi.

19-тарау. Консулдың кеме экипажының мүшелерi ауырған немесе қайтыс болған жағдайдағы мiндеттерi

      76. Кеме жүзiп жүргенде немесе шет ел портында тұрған кезiнде экипаж мүшелерiнiң бiрi ауырып қалған жағдайда консул экипаждың ауырып қалған мүшесiн консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң емдеу мекемесiне орналастыруда жәрдем көрсетуге мiндеттi.

      77. Кеме экипажының ауыр науқастанған мүшесi консулдық мекеме орналасқан мемлекетте емделуге қалдырылған жағдайда консул емдеу барысын қадағалауға және оның Қазақстан Республикасына жөнелтiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
      Кеме экипажының мүшесi қайтыс болған жағдайда консул қайтыс болған адамды тиiстi құрметпен жерлеу немесе оның денесiн Қазақстан Республикасына жөнелту үшiн шаралар қолданады. Қайтыс болған адамның құжаттары мен жеке мүлкi Қазақстан Республикасына жiберiледi.

6-Бөлім
Консулдың Қазақстан Республикасының азаматтық
әуе кемелері жөніндегі міндеттері

      78. Консул Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемесiнің (бұдан әрi "әуе кемесi" деп аталады) командирiне, экипажына және жолаушыларына консулдық мекеме орналасқан мемлекеттiң өкiмет орындарымен қатынас жасауда жәрдемдесуге, сондай-ақ қажет болған жағдайда әуе кемесiн, оның экипажы мен жолаушыларын Қазақстан Республикасына қайтаруға немесе ұшуды жалғастыруына қатысты барлық шараларды қолдануға тиiс.

      79. Консул:
      а) әуе кемесiнiң әуежайға қонуына, одан ұшып шығуына және әуе кемесiнiң әуежайда болуына көмектесуге;
      б) әуе кемесiнде болған оқиғалардың жағдайын анықтауға, кеме командирі мен Экипаж мүшелерiнен сұрастыруға;
      в)қажет болған жағдайда әуе кемесiнiң экипаж мүшелерi мен жолаушыларын емдеудi және Қазақстан Республикасына жiберудi қамтамасыз ету шараларын қолдануға;
      г) әуе кемелерiне қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында немесе Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген кез келген декларацияны немесе өзге құжатты алуға, жасауға немесе куәландыруға хақылы.

      80. Әуе кемесi консулдық округтiң шектерiнде апатқа ұшыраған, қонуға мәжбүр болған немесе басқа бiр оқиғаға тап болған жағдайда консул экипаж бен жолаушыларға қажеттi көмек көрсетедi.
      Консул сондай-ақ апатқа ұшыраған немесе қонуға мәжбүр болған әуе кемесiн, жүктер мен оқиғаның сипатын айғақтайтын заттай дәлелдердi сақтау үшiн шараларды қолданады және ұшу оқиғасын тергеуде Қазақстан Республикасының мамандарына жәрдем көрсетедi.

      81. Әуе кемесiнiң бортында қылмыс жасалған жағдайда консул Қазақстан Республикасының заңдарынан және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардан туындайтын мiндеттердi орындауда әуе кемесiнiң командирiне жәрдем көрсетедi.

      82. Сыртқы iстер министрлiгiнiң Қазақстан Республикасының авиакомпанияларымен келiсiмi бойынша консул дипломатиялық поштаны және дипломатиялық жүктердi Қазақстан Республикасының әуежайларына ұшып бара жатқан Қазақстан Республикасының әуе кемелерiмен тегiн жiберуге хақылы.
      Орналасқан мемлекетте әр түрлi себептерге немесе табиғи апаттарға байланысты төтенше жағдай жарияланғанда консул Қазақстан Республикасының азаматтарын Қазақстан Республикасының әуежайларына ұшып бара жатқан Қазақстан Республикасының әуе кемелерiмен тегiн жіберуге хақылы.

7-Бөлім
Консулдың автомобиль, теміржол көлігі құралдары
және өзен флоты кемелері жөніндегі міндеттері

      83. Автомобиль, темiржол көлiгi құралдары және өзен флотының кемелерi жөнiндегi консулдық мiндеттердi орындаған кезде консул осы Жарғының 5 және 6-бөлiмдерiнiң ережелерiн басшылыққа алады.

8-Бөлім
Консулдың санитарлық, фитосанитарлық және
ветеринарлық қорғау жөніндегі міндеттері

20-тарау. Консулдың санитарлық қорғау жөнiндегi мiндеттерi

       84. Консулдық округ аумағында карантиндiк аурулар пайда болған жағдайда консул бұл туралы Қазақстан Республикасының уәкiлеттi және мүдделi мекемелерiн ауру таралған ауданның атын және шекарасын, ауруға шалдығу оқиғаларының санын және жергiлiктi өкiмет орындарының iндетке қарсы қолданған шараларын көрсетiп, жедел хабардар етедi.
      Консул Қазақстан Республикасына кiруге рұқсат алған азаматтарға Қазақстан Республикасына кiрген кезде екпелер туралы халықаралық сертификат табыс ету қажеттiгi туралы хабардар етедi.

21-тарау. Консулдың фитосанитарлық және ветеринарлық
қорғау жөнiндегi мiндеттерi

      85. Консулдық округтiң шектерiнде ауыл шаруашылығы өсiмдiктерiнiң қауiптi аурулары немесе зиянкестерi пайда болғанда, сондай-ақ мал мен құстың жаппай ауырған немесе адам мен малға ортақ аурулардың таралу қаупi болған жағдайларда консул бұл туралы Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарына дереу хабарлайды.

      86. Консул Қазақстан Республикасына кiруге рұқсат алған азаматтарға Қазақстан Республикасына кiрген кезде малға, шикiзатқа және мал өнiмдерiне ветеринарлық сертификаттар табыс ету қажеттігі туралы және Қазақстан Республикасына тұқымды, тірі өсімдіктерді, отырғызылатын көшеттерді, жаңа піскен жемістер мен көкөністерді апару ережелері туралы хабарлайды.

9-Бөлім
Құрметті (Штаттан тыс) консулдар

      87. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі консулдық мекеме орналасқан мемлекетпен келісім бойынша жекелеген консулдық міндеттерді орындауды құрметті (штаттан тыс) консулдарға тапсыра алады. Қазақстан Республикасының азаматтары да, сондай-ақ шетелдіктер де құрметті (штаттан тыс) консулдар бола алады.

      88. Құрметті (штаттан тыс) консулдардың міндеттерін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі анықтайды.

      89. Құрметті (штаттан тыс) консулдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметінде тұрмайды.