Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кадр комиссиялары туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 7 наурыздағы № 520 Жарлығы.

Жаңартылған

      Ескерту. Жарлықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 04.08.2018 № 723 Жарлығымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Жарлық 2013 жылғы 26 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Президенті

      мен Үкіметі актілерінің жинағында

      жариялануға тиіс

      "Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы "Қазақстан-2050" стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 18 желтоқсандағы № 449 Жарлығын іске асыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі-Ұлттық комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Ұлттық комиссия туралы ереже;

      2) Ұлттық комиссияның лауазымдық құрамы;

      3) Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кадр комиссиясы туралы үлгілік ереже (бұдан әрі - Үлгілік ереже);

      4) Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кадр комиссиясының үлгілік лауазымдық құрамы (бұдан әрі - Үлгілік құрам) бекітілсін.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 04.08.2018 № 723 Жарлығымен.

      3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кадр комиссияларын құрсын, олардың ережесі мен құрамын осы Жарлықпен бекітілген Үлгілік ережеге және Үлгілік құрамға сәйкес бекітсін.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 04.08.2018 № 723 Жарлығымен.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Президенті Әкімшілігі және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      6. Осы Жарлық 2013 жылғы 26 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Президенті

Н. Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 7 наурыздағы
№ 520 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі - Ұлттық комиссия) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру және Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік әкімшілік қызметке кіру, оны өткеру және тоқтату, сондай-ақ мемлекеттік органдарға шетелдік жұмыскерлерді тарту мәселелерін қарау мақсатында құрылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 29.12.2015 № 157 Жарлығымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Ұлттық комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және осы Ережені басшылыққа алады.

2. Ұлттық комиссияның міндеттері

      3. Ұлттық комиссияның міндеттері:

      1) "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне қатысты кадр саясатын қалыптастыру және оны іске асыру бойынша ұсыныстар тұжырымдап, Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізу;

      2) "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне қойылатын арнайы біліктілік талаптарын қарау;

      2-1) мемлекеттік органдарға шетелдік жұмыскерлерді тарту мәселелерін қарау;

      2-2) қызметтегі судьялардың, Парламент депутаттарының, тұрақты негізде жұмыс істейтін мәслихат депутаттарының, сондай-ақ өкілеттіктерін теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттіктерін тоқтатқан, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған мемлекеттік саяси қызметшілердің, халықаралық қызметшілердің, судьялардың мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға кадр резервіне іріктеу және конкурстық іріктеу өткізілместен орналасуы мәселелерін қарау;

      2-3) алып тасталды - ҚР Президентінің 12.06.2017 № 498 Жарлығымен;

      3) "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервін қалыптастыру бойынша ұсынымдар тұжырымдап, шығару;

      4) "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің мемлекеттік қызметті өткеру және тоқтату мәселелері бойынша, оның ішінде мансаптық жоспарлау, оқыту, ротация жүргізу, тәртіптік жауаптылыққа тарту, атқаратын лауазымынан босату бойынша ұсынымдар тұжырымдап, шығару;

      5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кадр комиссияларының қызметін үйлестіру;

      6) Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де міндеттер болып табылады.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 29.12.2015 № 157 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.07.2016 № 298 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.06.2017 № 498; 04.08.2018 № 723 Жарлықтарымен.

3. Ұлттық комиссияның функциялары

      4. Ұлттық комиссияға оның міндеттеріне сәйкес мынадай функциялар жүктеледі:

      1) "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алу үшін кандидаттардың жеке ісін қарау және олармен әңгімелесу өткізу;

      2) "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жеке істерін және қызметіне қатысты өзге де материалдарды қарау және олармен әңгімелесу өткізу;

      2-1) мемлекеттік органдарға шетелдік жұмыскерлерді тарту мәселелері бойынша шешімдерді қабылдау және мемлекеттік органдардағы олардың лауазымдарын келісу;

      2-2) қызметтегі судьялардың, Парламент депутаттарының, тұрақты негізде жұмыс істеген мәслихат депутаттарының, сондай-ақ өз өкілеттіктерін теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттіктерін тоқтатқан, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған мемлекеттік саяси қызметшілердің, халықаралық қызметшілердің, судьялардың мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға кадр резервіне іріктеу және конкурстық іріктеу өткізілместен орналасуы мәселелері бойынша шешімдер қабылдау;

      2-3) алып тасталды - ҚР Президентінің 12.06.2017 № 498 Жарлығымен;

      3) Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан, оның ішінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кадр комиссияларынан ақпарат сұрату және алу;

      4) Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша отырыстарда мемлекеттік органдардың, ұйымдардың басшыларын және өкілдерін, оның ішінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кадр комиссияларының төрағаларын тыңдау;

      5) Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдау;

      6) мемлекеттік органдардың басшыларына және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кадр комиссияларының төрағаларына шешімдерді жіберу;

      7) Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелерді қарауға мемлекеттік органдардың, ұйымдардың лауазымды адамдары мен мамандарын қажеттігіне қарай тарту;

      8) Ұлттық комиссияның отырысына Ұлттық комиссияның мүшесі болып табылмайтын лауазымды және өзге де адамдарды, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақыру;

      9) Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша тапсырмалар мен нормативтік құқықтық актілер әзірлеу жөнінде Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныстар енгізу;

      10) Ұлттық комиссияға жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға қажетті, Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 29.12.2015 № 157 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.07.2016 № 298 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.06.2017 № 498; 04.08.2018 № 723 Жарлықтарымен.

4. Ұлттық комиссияның құрамы және оның қызметін ұйымдастыру

      5. Ұлттық комиссия төрағадан, оның орынбасарынан және комиссия

      мүшелерінен тұрады. Қазақстан Республикасының Президенті оның

      лауазымдық құрамын айқындайды.

      6. Ұлттық комиссияның төрағасы:

      1) Ұлттық комиссияның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) Ұлттық комиссияның отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды;

      3) Ұлттық комиссияның отырыстарында төрағалық етеді;

      4) Ұлттық комиссияның дербес құрамын бекітеді;

      5) Ұлттық комиссияның жұмыс жоспарын бекітеді;

      6) Ұлттық комиссияның мүшелеріне орындауға міндетті нұсқаулар береді;

      7) Қазақстан Республикасының Президенті алдында Ұлттық комиссияның жұмысы туралы есеп береді.

      7. Ұлттық комиссияның төрағасы болмаған уақытта оның функцияларын Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары орындайды.

      8. Ұлттық комиссияның отырыстары оның жұмыс кестесіне сәйкес, сондай-ақ қажеттігіне қарай, бірақ жартыжылдықта кемінде бір рет өткізіледі.

      9. Ұлттық комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша Ұлттық комиссия мүшелерінің сырттай дауыс беруі өткізілуі мүмкін.

      Ұлттық комиссияның отырысы немесе сырттай дауыс беру оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі отырысқа қатысқан немесе сырттай дауыс беруге қатысқан жағдайда заңды болып табылады. Ұлттық комиссияның мүшелері отырыстарға және сырттай дауыс беруге ауысу құқығынсыз қатысады.

      Ұлттық комиссия мүшелерінің сырттай дауыс беру мерзімі Ұлттық комиссия мүшелеріне материалдар жіберілген күннен бастап үш жұмыс күнінен аспауы тиіс.

      Сырттай дауыс беру мерзімі аяқталғанға дейін Ұлттық комиссия мүшелері өз пікірлерін Ұлттық комиссияның жұмыс органына жазбаша түрде жолдайды.

      Көрсетілген мерзімде жауап ұсынылмаған жағдайда Ұлттық комиссия мүшесі шешім жобасын қабылдауға дауыс берді деп саналады.

      Ұлттық комиссияның шешімдері ашық дауыс беру немесе сырттай дауыс беру арқылы Ұлттық комиссия отырысына қатысушы немесе дауыс беруге қатысушы мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      10. Ұлттық комиссияның шешімдері хаттамамен ресімделеді, оған Ұлттық комиссия төрағасы мен хатшысы қол қояды.

      Ұлттық комиссияның шешімдері тиісті мемлекеттік органдарға, ұйымдарға жіберіледі және Ұлттық комиссия белгілеген мерзімде міндетті қаралуға жатады.

      11. Ұлттық комиссияның хатшысы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі болып табылады.

      12. Ұлттық комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімі болып табылады.

      Ұлттық комиссияның қызметін ұйымдық қамтамасыз етуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 7 наурыздағы
№ 520 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның лауазымдық құрамы

      Ескерту. Лауазымдық құрамға өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 16.08.2013 № 616 (алғашқы ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.01.2014 N 742; 11.04.2014 N 795; 29.08.2014 N 900; 29.12.2015 № 157 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.12.2015 № 158; 10.10.2016 N 357; 22.07.2019 № 74 Жарлықтарымен.

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Ұлттық комиссияның төрағасы

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының өңірлік саясат жөніндегі орынбасары, Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, мемлекеттік қызмет және әкімшілік реформа мәселелеріне жетекшілік етуші

      Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік етуші

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы

      Қазақстан Республикасы Әділет министрі

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы

      Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 7 наурыздағы
№ 520 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кадр комиссиясы туралы үлгілік ереже

      Ескерту. Ереженің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 04.08.2018 № 723 Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кадр комиссиясы (бұдан әрі – комиссия) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңын және "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне қатысты кадр саясатын іске асыру мақсатында құрылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 04.08.2018 № 723 Жарлығымен.

      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және осы Ережені басшылыққа алады.

2. Комиссияның міндеттері

      3. Комиссияның міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның (бұдан әрі - Ұлттық комиссия) шешімдерін іске асыру;

      1-1) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы мен Ар-намыс кодексінің нормаларын бұзушылықтарды қоспағанда, тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғатын, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзуға жол берген, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстардағы аудандар мен қалалардағы аудандар әкімдеріне қатысты тәртіптік істерді қарау;

      2) Ұлттық комиссияға кадр саясатын қалыптастыру және оны "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне қатысты іске асыру бойынша, оның ішінде мансаптық жоспарлау, оқыту, ротация жүргізу, тәртіптік жауаптылыққа тарту, атқаратын лауазымынан босату бойынша ұсыныстар тұжырымдап, енгізу болып табылады.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) ; 05.04.2017 № 456 (қол қойылған күнінен бастап бір ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.

3. Комиссияның функциялары

      4. Комиссияға оның міндеттеріне сәйкес мынадай функциялар жүктеледі:

      1) Ұлттық комиссияның шешімі бойынша "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен әңгімелесу өткізу;

      2) комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан ақпарат сұрату және алу;

      3) комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша отырыстарда мемлекеттік органдардың, ұйымдардың басшылары мен өкілдерін тыңдау;

      4) комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдау;

      5) мемлекеттік органдардың, ұйымдардың басшыларына шешімдерді жіберу;

      6) комиссияның құзыретіне кіретін мәселелерді қарауға мемлекеттік органдардың, ведомстволар мен ұйымдардың лауазымды адамдары мен мамандарын қажеттігіне қарай тарту;

      7) комиссияның отырысына комиссияның мүшесі болып табылмайтын лауазымды және өзге де адамдарды, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақыру;

      8) комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша тапсырмалар мен нормативтік құқықтық актілер әзірлеу жөнінде Ұлттық комиссияға ұсыныстар енгізу;

      9) комиссияға жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті, Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген және Ұлттық комиссияның шешімдерінде белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

4. Комиссияның құрамы және оның қызметін ұйымдастыру

      5. Комиссия төрағадан, оның орынбасарынан және комиссия

      мүшелерінен тұрады.

      6. Комиссияның төрағасы:

      1) комиссияның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) комиссияның отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды;

      3) комиссияның отырыстарында төрағалық етеді;

      4) комиссияның дербес құрамын бекітеді және комиссияның жұмыс органының ұсынуымен оның хатшысын айқындайды;

      5) комиссияның жұмыс жоспарын бекітеді;

      6) комиссияның мүшелеріне орындауға міндетті нұсқаулар береді;

      7) комиссияның жұмысы туралы Ұлттық комиссияның алдында есеп береді.

      7. Комиссияның төрағасы болмаған уақытта оның функцияларын

      комиссия төрағасының орынбасары орындайды.

      8. Комиссияның отырыстары оның жұмыс кестесіне сәйкес, сондай-ақ қажеттігіне қарай, бірақ жартыжылдықта кемінде бір рет өткізіледі.

      9. Комиссияның отырысы оның құрамының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда заңды болып табылады. Комиссияның мүшелері отырыстарға ауыстыру құқығынсыз қатысады.

      Комиссияның шешімдері ашық дауыс беру арқылы комиссия отырысына қатысушы мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

      10. Комиссияның шешімдері хаттамамен ресімделеді, оған комиссияның төрағасы және хатшысы қол қояды.

      Комиссияның шешімдері тиісті мемлекеттік органдарға, ұйымдарға жіберіледі және комиссия белгілеген мерзімде міндетті қаралуға жатады.

      11. Комиссияның жұмыс органы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі болып табылады.

      12. Жұмыс органы комиссияның жұмысын ақпараттық-талдауды және ұйымдық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде комиссияның жұмыс жоспарлары жобаларын, отырысының күн тәртібін және оның жұмысын ұйымдастыруға қажетті өзге де материалдарды дайындауды қамтамасыз етеді, оларды комиссияның қарауына ұсынады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 7 наурыздағы
№ 520 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кадр комиссиясының үлгілік лауазымдық құрамы

      Ескерту. Лауазымдық құрам жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 04.08.2018 № 723 Жарлығымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 22.07.2019 № 74 Жарлығымен.

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі, комиссия төрағасы

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық органының басшысы

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі аппаратының басшысы

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихатының хатшысы

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясының төрағасы