Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 1 шілдедегі N 625 Жарлығы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президенті  
мен Үкіметі актілерінің жинағында  
толық мәтіні және республикалық   
баспасөзде мазмұны жариялануға    
тиіс                  

      Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жүйесін жетілдіру мақсатында және Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 20) тармақшасына сәйкес қаулы етемін:

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес құрылсын.

      2. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес туралы ереже ;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің құрамы бекітілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2008 жылғы 1 шілдедегі
N 625 Жарлығымен  
БЕКІТІЛГЕН     

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
Жастар саясаты жөніндегі кеңес туралы
ЕРЕЖЕ 1. Жалпы ережелер

      1. Жастар саясаты жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Кеңес қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ осы Ереже құрайды.

2. Кеңестің негізгі міндеттері

      3. Кеңестің негізгі міндеттері:

      жастарға қатысты кешенді мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын анықтау, оны қалыптастыру және іске асыру жөнінде ұсынымдар тұжырымдау;

      Қазақстан Республикасының Президентін жастар арасындағы ахуал туралы хабардар етіп отыру;

      мемлекеттік жастар саясатын іске асыру тиімділігіне талдау жасау;

      мемлекет саясатының жастарға қатысты өзге де маңызды сұрақтарын талқылау болып табылады.

3. Кеңестің функциялары

      4. Осы Ережеде айқындалған негізгі міндеттерді іске асыру үшін Кеңес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) Мемлекет басшысына мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      2) жастар саясаты мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарап, талқылайды, Қазақстан Республикасы Президентінің жастар мәселелері жөніндегі ресми құжаттарын дайындауға қатысады;

      3) мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін елдің жастар саясаты саласын қозғайтын мәселелерін талқылауға тартады;

      4) жастармен жұмыс барысында туындаған мәселелерді шешуде орталық және жергілікті атқарушы органдарға консультативтік көмек көрсетеді;

      5) белгіленген тәртіппен мемлекеттік билік органдарымен, үкіметтік емес ұйымдармен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасайды;

      6) жастар саясаты мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта болады.

4. Кеңестің өкілеттіктері

      5. Кеңес негізгі міндеттерін іске асыру мақсатында:

      1) Кеңес құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан қажетті ақпаратты, құжаттарды, өзге де материалдар мен мәліметтерді сұратуға және алуға;

      2) өз отырыстарында орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының жастар саясаты мәселелері жөніндегі ақпаратын тыңдауға;

      3) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жастар саясаты мәселелері жөніндегі жұмысын зерделеуге, талдауға, қорытындысын жинақтауға; осы мақсатта орталық және жергілікті атқарушы органдардың, шығармашылық, ғылыми ұйымдардың және оқу орындарының мамандарын тартуға;

      4) ғылыми мекемелердің, білім беру ұйымдарының және үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық негізде жұмыс істейтін өкілдерінен:
      сараптау-талдау жұмысын жүргізу үшін сарапшылар кеңесін;
      Кеңес құзыретіне кіретін жекелеген мәселелерді қарау үшін жұмыс топтарын құруға;

      5) жастар саясатын іске асыруға байланысты мәселелерді талқылау үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің, сондай-ақ өзге де мемлекеттердің ұқсас құрылымдарымен ынтымақтастықта болуға құқылы.

5. Кеңес қызметін ұйымдастыру

      6. Кеңестің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2012.03.13 N 284 Жарлығымен.

      7. Кеңес оның жұмысына қоғамдық негізде қатысатын төрағадан, хатшыдан және Кеңес мүшелерінен құралады.

      8. Кеңес құрамы орталық мемлекеттік органдардың, республикалық және өңірлік деңгейдегі азаматтық қоғам институттары мен қоғам өкілдері қатарынан үш жыл мерзімге құрылады.

      9. Кеңес төрағасы:

      1) Кеңеске жалпы басшылықты жүзеге асырады, оның отырыстарында төрағалық етеді. Кеңес төрағасы болмаған жағдайда оның тапсырмасы бойынша отырыстарда Кеңес мүшелерінің бірі төрағалық етеді;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің алдында Кеңес жұмысы туралы тұрақты түрде есеп береді;

      3) Кеңестің сарапшылар кеңесі мен жұмыс топтарының құрамын бекітеді;

      4) Кеңес мүшелерінің арасында тапсырмаларды бөледі;

      5) Кеңес жұмысының жоспарларын бекітеді, Кеңес отырыстарының күн тәртібін айқындап, хаттамаларына қол қояды;

      6) Кеңес мүшелерінің Кеңес қызметін жетілдіру және оның құзыретіне кіретін басқа да мәселелер бойынша ұсыныстарын қарайды;

      7) Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық актілерінде, тапсырмаларында және осы Ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      10. Кеңес хатшысы:

      1) Кеңес жұмысының ағымдағы және перспективадағы жоспарларының жобаларын, оның отырыстарына материалдарды дайындауды жүзеге асырады, төрағаның қарауына отырыстардың күн тәртібінің жобасын енгізеді;

      2) Кеңес жұмысының жоспарларын іске асыруға бақылауды қамтамасыз етеді;

      3) жұмыс топтарының және сарапшылар кеңесінің жұмысын үйлестіреді;

      4) қорытындылар талап ететін материалдарды Кеңестің сарапшылар кеңесіне немесе тиісті мемлекеттік органдарға жолдайды;

      5) Кеңес мүшелерін Кеңестің кезекті отырысының өткізілетін орны, уақыты мен күн тәртібі жөнінде хабардар етеді, оларды қажетті материалдармен қамтамасыз етеді;

      6) Кеңес отырысының хаттамаларынан үзінділерді өз қолымен куәландырады;

      7) осы Ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      11. Кеңестің жұмыс органы жастар саясаты мәселелері жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.
      Жұмыс органы:
      1) Кеңестің қызметін ақпараттық-талдау және материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етеді;
      2) ақпаратты жинап-өңдеуді, жастар саясатының іске асырылуын талдауды жүзеге асырады, осы саладағы жұмысты жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдайды;
      3) Кеңес құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен, лауазымды тұлғалармен және ұйымдармен қызметтік хат жазысады;
      4) жергілікті атқарушы органдардың жанындағы жастар саясаты мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органдардың қызметі туралы үлгі ережені бекітеді;
      5) Кеңес қызметін қамтамасыз етуге қажетті өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.04.25 № 303 Жарлығымен.

      12. Кеңес отырыстарын оның төрағасы қажеттігіне қарай, бірақ кемінде бір жылда бір рет шақырады.

      13. Кеңес отырыстары оның мүшелерінің кемінде жартысы қатысқанда, құқықтық күші бар деп саналады.

      14. Кеңес шешімдері оның отырысына қатысқандар санының кемінде үштен екісінің даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
      Төрағаның шешімі бойынша Кеңес отырыстарына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың Кеңес құрамына кірмейтін өкілдері, ғалымдар мен тәуелсіз сарапшылар шақырыла алады. Кеңес отырысына шақырылған адамдар дауыс беруге қатыспайды.

      15. Кеңес шешімдері ұсынымдық сипатта болады. Кеңес шешімдері Төраға қол қоятын хаттамада ресімделеді.

      16. Кеңес мүшелерінің жазбаша түрде баяндалуға әрі хаттамаға қоса берілуге тиіс ерекше пікірін білдіруге құқығы бар.

      17. Кеңестің өз өкілеттіктерінің шегінде қабылданатын шешімдері тиісті мемлекеттік органдарға жолданады.

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2008 жылғы 1 шілдедегі
N 625 Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН      

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
Жастар саясаты жөніндегі кеңестің
ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 27.03.2013 N 533 Жарлығымен; өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 12.02.2014 N 750; 11.04.2014 N 795 Жарлықтарымен.

Әбдірахымов                - Қазақстан Республикасы Президенті
Ғабидолла Рахматоллаұлы      Әкімшілігі Басшысының орынбасары,
                             Кеңес төрағасы

Абай                       - Қазақстан Республикасы Президенті
Айдын Мұратұлы               Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор
                             меңгерушісі, Кеңес хатшысы

Абдоллаев                  - «Қазақстан Студенттерінің альянсі»
Арман Талғатұлы              Республикалық студенттік қозғалысының
                             лидері (келісім бойынша)

Аксютиц                    - «Хабар» агенттігі» АҚ «24 KZ» арнасының
Александр Владимирович       директоры (келісім бойынша)

Ахметов                    - «Қазақстан Республикасы Президентінің
Әмір Амантайұлы              Іс басқармасы Медициналық орталығының
                             Орталық клиникалық ауруханасы» РМК бас
                             дәрігері (келісім бойынша)

Ахметов                    - Қазақстан Республикасы «Ахыска» түрік
Расул Сурмалиевич            этно-мәдени орталығы Жастар істері
                             жөніндегі комитетінің төрағасы,
                             Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі
                             (келісім бойынша)

Әбдірасылов                - Қазақстан Республикасы Президентінің
Болатбек Серікбайұлы         жанындағы Мемлекеттік басқару
                             академиясының ректоры (келісім бойынша)

Бегентаев                  - Қазақстан Республикасы Парламенті
Мейрам Мұхаметрахымұлы       Мәжілісінің депутаты (келісім бойынша)

Бекетаев                   - Қазақстан Республикасы Әділет
Марат Бақытжанұлы            министрлігінің жауапты хатшысы

Ким                        - "Ұлттық еріктілер желісі" заңды тұлғалар
Вера Александровна           бірлестігінің төрайымы (келісім бойынша)

Бишімбаев                  - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры»
Қуандық Уәлиханұлы           АҚ басқарма төрағасының орынбасары
                             (келісім бойынша)

Боранбаев                  - «Жас Қыран» әскери-патриоттық
Жақсыбай Ералыұлы            бірлестіктерін дамыту» республикалық
                             орталығының төрағасы (келісім бойынша)

Бөлтірікова                - «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен
Назира Болатқызы             жасөспірімдер ұйымы» РҚБ төрағасы
                             (келісім бойынша)

Хамидуллин                 - "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтарының
Рахат Мұхамедсәлімұлы        республикалық штабы" жеке мекемесінің
                             басшысы (келісім бойынша)

Ержанова                   - «Еnасtus (Sife) - Қазақстан» Жеке
Альбина Мейірбекқызы         қорының президенті (келісім бойынша)

Жанғозин                   - «Назарбаев зияткерлік мектебі» АҚ
Әнуар Қанатұлы               «Астана қаласының Назарбаев зияткерлік
                             мектептері» филиалының директоры
                             (келісім бойынша)

Жаппарова                  - «Білім» Бірінші қазақстандық білім
Ғазиза Зинилабидиновна       арнасының директоры (келісім бойынша)

Жұмағалиева                - Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар
Гүлнәр Амангелдіқызы         федерациясы төрағасының орынбасары
                             (келісім бойынша)

Жұмаділов                  - «Алаш айнасы» республикалық
Жарқын Түсіпбекұлы           қоғамдық-саяси ақпараттық газетінің
                             тілшісі (келісім бойынша)

Жұмин                      - «Арех Соnsult» консалтингтік
Данат Есболұлы               компанияның бас директоры (келісім
                             бойынша)

Дұйшенов                   - "Қазақстан жастарының конгресі" ЗТБ
Ғани Сұлтанұлы               атқарушы директоры (келісім бойынша)

Қыдырова                   - «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы
Айдос Арғынбайұлы             (келісім бойынша)

Нұрахметов                 - Әскери басқару және қылмыстық қудалау
Нұржан Малкенарұлы           органдары үйлестіру кеңесінің
                             жанындағы жасәскерилер бірлестіктері
                             республикалық штабының төрағасы, Бас
                             әскери прокуратура штабының бастығы

Нұртай                     - Жастар бастамасы қорының атқарушы
Айнұр Нұрбайқызы             директоры (келісім бойынша)

Ошақбаев                   - «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП Басқарма
Рахым Сәкенұлы               бастығының бірінші орынбасары (келісім
                             бойынша)

Өрсариев                   - Павлодар облысы әкімінің орынбасары
Арын Амангелдіұлы

Палаев                     - «Полюс-СТ-Евразия» ЖШС директоры
Василий Владимирович          (келісім бойынша)

Рақышев                    - «SАТ & Соmраnу» АҚ Басқарма төрағасы,
Кеңес Хамитұлы               Қазақстан Дзюдо федерациясының
                             президенті (келісім бойынша)

Саясат Нұрбек              - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым
                             министрлігінің «Халықаралық
                             бағдарламалар орталығы» АҚ президенті
                             (келісім бойынша)

Сәдуақасов                 - халықаралық гроссмейстер, Қазақстан
Дәрмен Қанатұлы              Республикасы Мемлекеттік қызмет істері
                             агенттігі Жоспарлау және сыртқы
                             байланыстар бөлімінің меңгерушісі

Сәпиев                     - Қазақстан бокс федерациясының спорт
Серік Жұманғалиұлы           директоры (келісім бойынша)

Сыдықов                    - «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық
Нұрлан Ерболатұлы            партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар
                             қанатының атқарушы хатшысы (келісім
                             бойынша)

Толкайлов                  - «Қазақстанның жас депутаттары
Олег Вячеславович            қауымдастығы» РҚБ төрағасы          
                             (келісім бойынша)

Мақашев                    - "Қазақстан Республикасы Президентінің
Ермек Нұрсұлтанұлы           "Болашақ" халықаралық стипендиясы
                             стипендиаттарының қауымдастығы" ЗТБ
                             атқарушы директоры (келісім бойынша)

Хаматдинова                - «Отбасыны кешенді қолдау орталығы» ҚҚ
Алина Наильевна              қамқоршылар кеңесінің мүшесі (келісім
                             бойынша)

Ыбыраев                    - ақын, Қазақстан Жазушылар одағының
Маралтай Райымбекұлы         мүшесі
      кеңес құрамына лауазымы бойынша Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Индустрия және жаңа технологиялар, Мәдениет және ақпарат, Өңірлік даму, Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрлері, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Жастар істері жөніндегі комитетінің төрағасы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ЖШС директоры кіреді.