Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi туралы ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығы 2002 жылғы 5 тамыз N 917

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының Президентi туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңның 16-бабының 2) тармақшасына және "Республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын бақылау туралы" 2002 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 2-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

      1. Қоса берiлiп отырған Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi туралы ереже бекiтiлсiн.

      2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1) "Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi Есеп комитетi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 19 сәуiрдегi N 2956 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, N 17, 137-құжат);
      2) "Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi Есеп комитетiнiң мәселелерi" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 3 маусымдағы N 3012 өкiмi ;
      3) Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2002 жылғы 21 наурыздағы N 825 "Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу және Қазақстан Республикасы Президентінің 19996 жылғы 18 маусымдағы N 3038 Жарлығының күші жойылды деп тану туралы" Жарлығының 1-тармағының 1) тармақшасы.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң   
2002 жылғы 5 тамыздағы 
N 917 Жарлығымен  
БЕКІТІЛГЕН    

Республикалық бюджеттiң атқарылуын
бақылау жөнiндегi есеп комитетi туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2005.05.04. 1570 жарлығымен.

      Осы Ереже Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң (бұдан әрі - Есеп комитетi) мәртебесiн, өкiлеттіктерiн және жұмысының ұйымдастырылуын айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Есеп комитеті республикалық бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк қаржы бақылауының жоғары органы болып табылады.

      2. Есеп комитетiнiң негiзгi мiндеттерi:
      1) республикалық бюджеттiң атқарылу мәселелерiн реттейтiн бюджеттiк заңнама және өзге де нормативтiк құқықтық актiлер талаптарының сақталуын бақылау;
      2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң республикалық бюджеттiң атқарылуына байланысты мәселелер бойынша тапсырмаларын орындау;
      3) республикалық бюджетке түсетiн түсімдердің толықтығы мен уақтылылығын, сондай-ақ республикалық бюджеттен түсетiн түсiмдер сомаларының қайтарылуын бақылау;
      4) республикалық бюджет қаражатының, сондай-ақ мемлекет кепілдiк берген займдардың, мемлекет мiндеттемелерiн өтеуге республикалық бюджеттен берiлген қаражаттың, байланысқан гранттардың, мемлекет активтерiнiң нысаналы әрі тиiмдi пайдаланылуына бақылау болып табылады.

      3. Есеп комитетi мемлекеттiк мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрi, белгіленген үлгiдегi бланкілері болады.

      4. Есеп комитетiнiң құқықтық ережесi Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен , Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен айқындалады.

      5. Есеп комитетiнiң құрамы Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 7) тармақшасына және 57-бабының 1) тармақшасына сәйкес қалыптасады.

      6. Есеп комитетiнiң құрылымын Есеп комитетiнiң Төрағасы, Есеп комитетiнiң мүшелерi мен аппараты құрайды.

      7. Есеп комитетiнiң қызметін қаржыландыру республикалық бюджет қаражаттары есебiнен жүзеге асырылады.

2. Есеп комитетiнiң функциялары

      8. Есеп комитетi:
      1) республикалық бюджеттiң орындалуына сыртқы бақылауды жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi ;
      2) бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылау кезiнде бюджет бағдарламаларының тиiмдiлiгiне бағалауды жүргiзу тәртiбiн айқындайды;
      3) iшкi бақылау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен бiрлесiп мемлекеттiк қаржы бақылау стандарттарын әзiрлейдi, сондай-ақ оларды бекiтедi және олардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      4) мыналарға:
      республикалық бюджет қаражатының тиiмдi пайдаланылуына;
      республикалық бюджетке түсетiн түсiмдердiң толықтылығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету жөнiнде мемлекеттiк органдар мен барлық меншiк нысанындағы ұйымдардың қызметiне, сондай-ақ республикалық бюджеттен түскен түсiмдер сомаларының қайтарылуына;
      бюджет инвестицияларына;
      төтенше мемлекеттiк бюджеттің атқарылуына;
      мемлекеттiк қаржы бақылау объектiлерiнiң республикалық бюджет түсiмдерi мен шығыстары атқарылуының сәйкестiлiгiне, қаржы есептiлігіне және тиiмдiлiгіне;
      бақылау iс-шараларының қорытындылары бойынша қабылданған шешiмдердiң орындалуына бақылауды жүзеге асырады;
      5) Қазақстан Республикасының Президентiне Есеп комитетiнiң жұмысы туралы ақпаратты тоқсан сайын ұсынады;
      6) республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылаудың талдауына, қорытындылары мен нәтижелерiне, салықтардың және басқа да мiндеттi төлемдер түсiмдерiнiң толықтылығы мен уақтылылығына, бюджет қаражатының нысаналы және тиiмдi пайдаланылуына байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнiң тапсырмаларын, сондай-ақ басқа да жекелеген тапсырмаларды орындайды;
      7) өзiнiң мазмұны жағынан республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң есебi бойынша қорытынды болып табылатын және оны Қазақстан Республикасының Парламентi бекiткеннен кейiн бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жататын өткен қаржы жылындағы республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептi ағымдағы жылдың 1 маусымына дейiн Қазақстан Республикасының Парламентiне ұсынады;
      8) iшкi бақылау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган ұсынған республикалық бюджеттің атқарылуына жасалған бақылау актiлерiн талдайды және республикалық бюджеттiң атқарылуына iшкi бақылаудың тиiмділiгін арттыру жөнiнде Қазақстан Республикасы Үкіметіне, тиiсті iшкi бақылау қызметтерiне ұсынымдар бередi;
      9) республикалық бюджет қаражатын пайдалану мәселелерi бойынша мемлекеттiк қаржы бақылау объектiлерiнiң лауазымды адамдарының iс-әрекетiндегi қылмыстың немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың белгілерi, Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де бұзылу фактiлерi анықталған жағдайда бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдарға бередi;
      10) мемлекеттiк бюджет саясатын iске асыруға қатысады;
      11) сыртқы бақылау саласында кадрлардың бiлiктiлiгiн көтерудi және оларды қайта даярлауды ұйымдастырады;
      12) өз өкілеттіктерінің шегiнде бюджет қаражатын игерудiң барлық кезеңдерiнде бюджет қаражатын пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың, қаржы қызметтерiн, оның iшiнде азаматтық-құқықтық мәмiлелер негiзiндегi қаржы қызметтерiн көрсететiн адамдардың қызметiне бақылауды жүзеге асырады;
      13) республикалық бюджеттiк бағдарламалардың (кiшi бағдарламалардың) атқарылуының тиiмділігi мен нәтижелілiгiне баға бередi;
      14) мемлекеттiк және салалық (секторлық) бағдарламалардың iске асырылуының тиiмдiлігіне баға бередi;
      15) республикалық бюджеттiң атқарылуына ықпал ететiн нормативтiк құқықтық актiлердiң қолданысы бойынша ұсынымдар әзiрлейдi және енгiзедi;
      16) республикалық бюджет қаражатының толық түсуіне және жұмсалуына қатысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметiнен, мемлекеттiк органдардан, басқа да мемлекеттiк қаржы бақылау объектiлерiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнен және (немесе) қаржы нарығын peттeу және қадағалау жөнiндегi уәкілеттi органнан және қаржы ұйымдарынан қажеттi құжаттама мен ақпаратты сұратады және оларды алады;
      17) республикалық бюджеттің атқарылуы мәселелерi бойынша мемлекеттiк қаржы бақылау объектiлерінің лауазымды адамдарының есебiн тыңдайды;
      18) республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы нормативтік құқықтық актiлердiң талаптарын мемлекеттiк қаржы бақылау объектілерiнiң лауазымды адамдарының сақтамауы жөнінде анықталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыным бередi;
      19) мемлекеттік органдардан және мемлекеттiк қаржы бақылау объектілерiнен республикалық бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылау жүргізуге байланысты мәселелер бойынша қажеттi құжаттарды, анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсiнiктемелердi өзi белгілеген мерзiмде алады;
      20) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiне және басқа да нормативтiк құқықтық актілерге сәйкес, республикалық бюджет қаражатының нысаналы, негiздi және тиiмдi пайдаланылмауын анықтау және оған жол бермеу жөнiнде шаралар қолданады; см. K080095
      21) республикалық бюджеттiң атқарылуы, байланысқан гранттарды тарту мен оларды пайдалану мәселелерiне қатысты құжаттамамен құпиялылық режимiнiң, қызмет бабындағы, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпиялардың сақталуын ескере отырып, кедергiсiз танысады;
      22) республикалық бюджеттің атқарылуына бақылау жүргізуге мемлекеттік органдардың тиiстi мамандарын және қажет болған жағдайда республикалық бюджеттен осы мақсатқа бөлiнген қаражаттар шегiнде қызметтерiне ақы төлей отырып, аудиторлық ұйымдардың мамандары мен сарапшыларды тартады;
      23) шетел мемлекеттерiнiң қаржы бақылау органдарымен және олардың халықаралық бiрлестiктерiмен байланыс жасайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен олармен ықпалдастық туралы шарттар мен келiсiмдер жасасады және халықаралық ұйымдардың құрамына кiредi;
      24) мемлекеттiк құпияларды , коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды қорғау туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарына өзiнiң қызметi туралы ақпаратты ұдайы ұсынып отырады; V043164
      25) өзi қабылдаған актiлердiң мерзiмдi жинақтарын, бюллетеньдер, журналдар мен басқа да басылымдар шығарады.

3. Есеп комитетiнiң жұмысын ұйымдастыру

      9. Есеп комитетiне Қазақстан Республикасының Президентi бес жыл мерзiмге тағайындайтын Төраға басшылық етедi.

      10. Есеп комитетінiң Төрағасы:
      1) Есеп комитетiнiң қызметiне басшылық етедi, өзiне жүктелген тапсырмалар мен мiндеттемелердiң орындалуына Қазақстан Республикасы Президентiнiң алдында дербес жауапты болады;
      2) Есеп комитетiнiң жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларын бекiтедi;
      3) Есеп комитетiнiң лауазымды адамдарының арасындағы мiндеттердi бөледi, Есеп комитетi мүшелерiнiң және оның аппаратының жұмысын ұйымдастырады;
      4) өз құзыретi шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар бередi, олардың орындалуын тексередi, Есеп комитетiнiң отырыстарында қабылданған қаулылар мен өзге де актiлерге қол қояды;
      5) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен Есеп комитетiнің жалпы штат саны және республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде Eceп комитетi аппаратының құрылымы мен штат кестесін бекiтедi;
      6) жұмыс учаскелерін, талдау және бақылау объектілерінің тiзбесiн бекiтедi;
      7) Есеп комитетiнiң жылдық жұмыс жоспары шеңберiнде жүзеге асырылатын бақылау іс-шараларының жоспарларын бекiтедi, тексерулердiң кезеңділiгi мен ұзақтығын айқындайды;
      8) Есеп комитетiнің мүшелеріне тексеру жүргізуге тапсырмалар бередi;
      9) Есеп комитетi қызметінің регламентiн бекiтедi;
      10) Есеп комитетi аппаратының қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      11) республикалық және шетел ұйымдарымен өзара қарым-қатынастарда Есеп комитетінің атынан өкілдiк етедi;
      12) Есеп комитетi Төрағасының жанынан консультативтік-кеңесшi және консультативтiк-сараптамалық органдар құрады;
      13) Қазақстан Республикасы Үкiметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi басқармасының және Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдары алқасының отырыстарына қатысуға хақылы;
      14) республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау мәселелерiне қатысты құжаттамамен құпиялылық режимiнiң, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпиялардың сақталуын ескере отырып, кедергiсiз танысады;
      15) бақылау объектілерiнен бақылау iс-шараларын жүргізуге байланысты мәселелер бойынша қажеттi анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсiнiктемелердi талап етедi және өзі белгiлеген мерзiмде алады;
      16) заңдарда көзделген жауапкершілiкте болады;
      17) осы Ереженiң 17-тармағында көзделген негiздемелер болған жағдайда, Қазақстан Республикасының Президентi тағайындаған Есеп комитетi мүшесiнiң өкiлеттіктерiн мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс бередi;
      18) өзі болмаған жағдайда Есеп комитетi Төрағасының мiндетiн Есеп комитетi мүшелерiнің бiрiне жүктейдi;
      19) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттiктердi жүзеге асырады.

      11. Есеп комитетiнiң мүшелерi:
      1) өз өкілеттiктерiн жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтайды, тексерілетiн бақылау объектілерiнiң жұмыс iстеуiне кедергі жасамауы және олардың ағымдағы шаруашылық қызметiне араласпауы қажет;
      2) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi басқармасының және Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдары алқасының отырыстарына қатысуға хақылы;
      3) республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау мәселелерiне қатысты құжаттамаға құпиялылық режимiнiң, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпиялардың сақталуын ескере отырып, кедергісiз қол жеткiзе алады;
      4) бақылау объектiлерiнен бақылау жүргiзуге байланысты мәселелер бойынша қажеттi анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсiнiктемелердi талап етедi және өздерi белгілеген мерзiмдерде алады;
      5) өз құзыретi шегiнде өздерi жетекшiлiк ететiн қызмет бағыттарының мәселелерi бойынша өз бетiнше шешiм қабылдайды;
      6) бақылауды тиiмдi ұйымдастыру үшiн қажеттi ресурстардың көлемiн анықтай отырып, өз құзыретi шегiнде тексеру бағдарламаларын бекiтедi;
      7) Есеп комитетi аппаратының қызметкерлерiне тексерулер жүргізуге тапсырмалар бередi;
      8) республикалық бюджеттiң атқарылуына бақылауды қамтамасыз ететiн бақылау-ревизиялық, сараптамалық-талдамалық, ақпараттық және өзге де қызметтердi ұйымдастырады;
      9) заңдарда көзделген жауапкершiлiкте болады;
      10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      12. Өз өкiлеттiктерiн iске асыру үшiн Есеп комитетiнiң Төрағасы және мүшелерi:
      1) өзiнiң мазмұны жөнiнен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есебiнiң қорытындысы болып табылатын аяқталған қаржылық жыл үшiн республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы Қазақстан Республикасының Парламентiне жылдық есеп жасайды;
      2) бақылау нәтижелерi бойынша актiлердi қабылдайды;
      3) бақылау актiлерi негiзiнде тексеру нәтижелерi туралы қорытындылар жасайды;
      4) Есеп комитетiнiң қаулыларын қабылдайды;
      5) мемлекеттiк органдарға, ұйымдарға және лауазымды адамдарға республикалық бюджеттiң атқарылуы бойынша жұмыстағы кемшiлiктердi жою туралы, құқық қорғау органдарына - Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жауапкершiлiкке тарту мәселелерi бойынша ұсынымдар жолдайды.

       13. Анықталған кемшiлiктердi жою, мемлекетке келтiрiлген залалдың орнын толтыру және Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдарды жауапкершiлiкке тарту жөнiнде мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың басшыларына жiберiлген Есеп комитетiнiң қаулылары мен ұсынымдары оларда белгілеген мерзiмдерде немесе, егер мерзiмi көрсетiлмеген болса, оларды алған күннен бастап жиырма күн iшiнде қаралуға тиiс.

      14. Тиiстi мемлекеттік орган және ұйым қаулы мен ұсыным бойынша қабылданған шешім туралы және оны iске асыру жөнiндегi шаралар туралы Есеп комитетін дереу хабардар етедi.

      15. Есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiне Қазақстан Республикасының Президентi қол қоятын, белгіленген үлгiдегі куәлiктер берiледi.

      16. Республика Президентi тағайындаған Есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiнiң өкiлеттiктерi Республика Президентінің шешiмiмен тоқтатылады.

      17. Есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелері:
      1) орнынан түсуiнiң қабылдануы;
      2) оларға қатысты соттың айыптау үкiмiнiң заңды күшіне енуi;
      3) белгiленген тәртiппен iс-әрекет қабiлетi шектеулі немесе  іс-әрекетке қабiлетсiз деп танылуы;
      4) анттарын , Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн және осы Ереженi бұзуы, өздерiнiң мәртебесiмен сыйыспайтын әрекеттерге баруы;
      5) қайтыс болуы себептi, сондай-ақ хабарсыз кеткен немесе  дүние салған деп танылған жағдайда мерзiмiнен бұрын қызметiнен босатылуы мүмкiн.

      18. Аппарат қызметкерлерiнiң құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi, сондай-ақ олардың мемлекеттік қызметтi өткеру жағдайлары мемлекеттiк қызмет туралы, еңбек туралы заңнамамен, осы Ережемен және өзге де нормативтік құқықтық актiлермен айқындалады.

      19. Есеп комитетiнiң төрағасы Есеп комитетiнiң құзыреті шегiнде бақылау іс-шараларын жүргiзуге қатысуға хақылы Есеп комитетi аппараты қызметкерлерiнiң шеңберiн айқындайды.

      20. Есеп комитетiнiң отырыстарында Есеп комитетiнiң жұмысын жоспарлау, ұйымдастыру мәселелерi, бақылау iс-шараларының нәтижелерi, Есеп комитетiнiң Қазақстан Республикасының Президентiне, Қазақстан Республикасының Парламентiне, мемлекеттiк органдардың басшыларына жолданатын есептерiн, ақпараты мен қорытындыларын дайындау қаралады.

      21. Есеп комитетiнiң отырыстарын жүргiзудiң тәртiбi, жұмысты ұйымдастыру мәселелерi және республикалық бюджеттiң атқарылуына бақылауды қамтамасыз ету жөнiндегi басқа да мәселелер Есеп комитетiнiң регламентiмен айқындалады.

4. Қорытынды ережелер

      22. Есеп комитетi Төрағасының лауазымы материалдық-тұрмыстық және медициналық қамтамасыз ету, сондай-ақ көлiк қызметiн көрсету жағдайлары бойынша министрдің лауазымына, ал Есеп комитетi мүшелерiнiң лауазымдары вице-министрдің лауазымына теңестiрiледi.

      23. Есеп комитетi қызметiн материалдық-техникалық қамтамасыз етудi және оған көлiк қызметiн көрсетудi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Iс Басқармасы жүзеге асырады.