Мемлекеттік қаржы бақылау стандарттарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Төрағасының 2004 жылғы 7 қазандағы N 28 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 20 қазанда тіркелді. Тіркеу N 3164. Күші жойылды - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Төрағасының 2009 жылғы 13 тамыздағы № 20 Қаулысымен.

      Күші жойылды - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Төрағасының 2009.08.13 № 20 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Бюджет  кодексінің 57-бабы 2) тармақшасына сәйкес Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылайтын есеп комитеті ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік қаржы бақылау стандарттары бекітілсін.
      2. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылайтын есеп комитеті Аппаратының басшысы Т.Н.Ибрашов осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне оны қабылдаған күнінен бастап бір ай мерзімде мемлекеттік тіркеу үшін ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылайтын есеп комитетінің мүшесі Ә.Ж.Сұлтанғазинге жүктелсін.
      4. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Төраға

      КЕЛІСІЛГЕН

      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрлігі
      Қаржы бақылау комитетінің
      төрағасы
      9 қазан 2004 ж.

Қазақстан Республикасы   
Республикалық бюджеттің  
атқарылуын бақылайтын   
Есеп комитетінің     
2004 жылғы 7 қазандағы  
N 28 қаулысымен     
бекітілген        

  Мемлекеттік қаржы бақылау стандарттары 1-тарау. Негізгі ережелер

      Мемлекеттік қаржы бақылаудың осы стандарттары (бұдан әрі - Стандарттар) Қазақстан Республикасының Бюджет  Кодексіне , Қазақстан Республикасының бюджет заңына және Халықаралық жоғары бақылау органдары ұйымының (INTOSAI) стандарттарына сәйкес әзірленді.

  1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік қаржы бақылауға қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейтін нормативтік құжаттар стандарттар болып табылады.

      2. Стандарттардың мақсаты негізінде мемлекеттік қаржы бақылау органдары, маслихаттардың тексеру комиссиялары және ішкі бақылау қызметі (бұдан әрі - Бақылау органдары) және олардың қызметкерлері бақылау іс-шарасын (бұдан әрі - Бақылау) жүзеге асыратын негізгі қағидаттар мен талаптарды айқындау болып табылады.

      3. Стандарттар бақылаудың тұтастығын, өзара байланыстылығын, дәйектілігін, сабақтастығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін әзірленеді.

      4. Стандарттарға жалпы стандарттар, жұмыс стандарттары, есептілік стандарты, басқару және сапаны бақылау стандарттары жатады.

      5. Стандарттарды іс жүзінде жүзеге асыру олардан шығатын бақылауды жүзеге асырудың әдістері мен рәсімдерін сипаттайтын әдістемелік және басқа құжаттарды әзірлеу мен бекіту жолымен қамтамасыз етіледі.

      6. Мемлекеттік қаржы бақылау стандарттарының орындалуын бақылауды республикалық бюджеттің атқарылуын бақылайтын Есеп комитеті (бұдан әрі - Есеп комитеті) Бюджеттік кодекстің  138-бабына сәйкес жүзеге асырады.

      7. Ішкі бақылау жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік қаржы бақылау стандарттарын орталық мемлекеттік органдардың ішкі бақылау қызметтерінің сақтауын бақылауды жүзеге асыра алады.

  2. Стандарттардың іс-қимыл саласы және
қолданылуы

      8. Стандарттарды бақылау органдарының, олардың қызметкерлерінің, бақылауды жүзеге асыруға қатысатын басқа да мемлекеттік органдар қызметкерлерінің сақтауы міндетті.

      9. Мемлекеттік қаржы бақылауды жүзеге асыруға тартылған аудиторлық ұйымдардың мамандары мен сарапшылар осы стандарттардың нормаларын сақтауға тиіс.

  2-тарау. Жалпы стандарттар

      10. Жалпы стандарттар бақылау органдары мен олардың қызметкерлеріне бірыңғай талаптар белгілейді.

      11. Жалпы стандарттарға тәуелсізділік, құзыреттілік (біліктілік), жариялылық және құпиялылық жатады.

  $1. Тәуелсіздік

      12. Тәуелсіздік бақылау органдарының, олардың қызметкерлерінің тәуелсіздігіне, олар жүргізетін бақылаудың тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін кез келген араласуға жол бермеуді білдіреді.
      Бақылау органдары бақылау қызметінің барлық мәселелері үшін бақылау объектісінен және заңсыз бөгде әсерден тәуелсіз болуға тиіс.

      13. "Тәуелсіз" стандартының мақсаты турашылдықты, адалдықты, объективтілік пен бақылау органдарының және олардың қызметкерлерінің шынайы бағалауын және ұсынымдарды қамтамасыз ету болып табылады.

      14. Бақылау органдары өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға қажетті функционалдық және ұйымдық тәуелсіз болуға, бақылауды жүзеге асыру кезінде олардың тәуелсіздігі мен объективтілігін шектейтін іс-әрекеттерге жол бермеуге тиіс.

      15. Бақылау органдарының қызметі оларға бекітілген белгілі бір басымдықтарға қарамастан жоспарлардың, бағдарламалардың және бақылаудың дербес айқындаған әдістердің негізіне сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.

      16. Бақылау органына бақылау жүргізудің түрін өзгерту немесе қалыс қалу жөнінде міндеттеме жүктеуге болмайды, сондай-ақ оларға бақылаудың қорытындылары бойынша жасалған нәтижелерді, қорытындылар мен ұсынымдарды өзгерту мақсатында қысым көрсетуге болмайды.
      Бақылаудың қолданылатын рәсімін, жинақталатын дәлелдердің сипаты мен көлемін таңдауға араласу жөніндегі кез келген іс-әрекетті, сондай-ақ бақылау ауқымының негізсіз шектеулерін бақылау органдары болдырмау тиіс.

      17. Бақылау органдарының қызметкерлері өзінің міндеттерін еркін және объективті орындау үшін бақылау объектісінен қаржылық, жеке және функционалды тәуелсіздігін сақтауға тиіс.
      Бақылау органдары қызметкерлерінің саяси, психологиялық, идеологиялық себептер бойынша тәуелсіздігіне және объективтілігіне немесе қаржылық және мүліктік мүдде негізіне әсер етуі мүмкін кез келген байланысқа жол берілмейді.

      18. Бақылау органдарының қызметкерлері бақылау объектісінің лауазымды тұлғасының жақын туысқандары, құда-жекжаттары немесе құрылтайшысы болмауға тиіс.

      19. Бақылауға тап болған кезең ішінде бақылау объектісінде жұмыс жасаған бақылау органдары қызметкерлерінің бақылауға қатысуына жол берілмейді.

      20. Егер бақылау органдары қызметкерлерінің тәуелсіздігі күдік туғызатын болса, ол бақылаудың бастапқы объектісіне қатысты ол орындаған міндеттерін сақтамастан басқа бақылау объектісіне дереу ауыстырылуға тиіс.

      21. Бақылау органдары қызметкерлерінің тәуелсіздігі мен объективтілігін сақтау мақсатында олардың қызмет бағыттары мен лауазымдық міндеттерін белгілі бір мерзім аяқталғаннан кейін ауық-ауық ауыстырып отырған орынды.

      22. Бақылау органдары мен олардың қызметкерлерінің тәуелсіздігі бақылау объектісімен ізгіниетті қатынастарын қолдауға қайшы келмейді.
      Егер осы қатынас олардың тәуелсіздігін шектемейтін болса, ғылыми, кәсіби және басқа ұйымдармен ынтымақтастықта болуға рұқсат етіледі.

  $2. Құзырет (біліктілік)

      23. Бақылау органдары қызметкерлерінің жиынтықты сапалы бақылауды жүзеге асыруға қажетті кәсіби білімдері мен машықтары болуға тиіс.

      24. "Құзырет" стандартының мақсаты сапалы бақылауды жүзеге асыру үшін бақылау органдары қызметкерлерінің тиісті дәрежедегі кәсіби деңгейін қолдау болып табылады.

      25. Бақылауды жоспарланып отырған бақылаудың барлық мәселелері бойынша жиынтықты жеткілікті деңгейде білімдері мен машықтары бар қызметкерлер жүзеге асыруға тиіс.

      26. Бақылау органдарының қызметкерлері бақылауды білікті түрде жүзеге асыру үшін қажетті теориялық және кәсіби дайындығы болуға тиіс.

      27. Бақылау органдарының қызметкерлері бақылау объектісін алдын ала зерделеуден бастап бақылауды өткізгені туралы есепті дайындағанға дейін - бақылаудың барлық процесінің өн-бойында тиісті біліктілік танытуға тиіс.

      28. Бақылау органдары өз қызметкерлерінің оқу қажеттілігінің мониторингін тұрақты түрде жүзеге асыруға және кадрлар даярлау мен қайта даярлау мәселелеріне тиісті дәрежеде назар аударуға тиіс.

      29. Бақылау органдарының кәсіби білімдері мен машықтары үздіксіз кәсіби оқу мен өздігінен оқу жолымен жетілдірілуге тиіс.

  $3. Жариялылық

      30. Бақылау органдары өз қызметін жұртшылыққа бақылаудың нәтижелері туралы тәуелсіз, шынайы және объективті ақпаратты ұсыну жолымен жариялы жүзеге асыруға тиіс.

      31. "Жариялылық" стандартының мақсаты экономиканы басқарудың демократиялық негіздерін іске асыру, мемлекеттің бақылау қызметінің тиімділігін арттыру және қоғамды сыбайлас жемқорлықтан және өзге де құқық бұзушылықтардан қорғау болып табылады.

      32. Бақылау органдарының жариялылықты қамтамасыз етудің негізгі нысаны Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Парламентіне және жалпы жұртшылыққа өзінің қызметі, мемлекеттік қаржы ресурстарын пайдалану, бақылаудың нәтижелері мен сараптамалық-талдау іс-шаралары туралы ақпаратты ұсыну болып табылады.

      33. Жариялылық сондай-ақ бақылаудың нәтижелері және бақылау органдарының қызметі туралы өзге мәліметтер бойынша материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру, баспасөз-мәслихаттарын, брифингілер мен басқа да іс-шаралар өткізу жолымен іске асырылады.

      34. Бақылау органдарының қызметін жариялы жүзеге асыру заңдылық, объективтік қағидаттарын сақтаған жағдайда және жеке адамның құқықтары мен бостандығын қорғау туралы, мемлекеттік құпиялар және заңда көзделген өзге де мәліметтер туралы заңдардың талаптарына сәйкес мүмкін болады.

  $4. Құпиялылық

      35. Бақылау органдары мен олардың қызметкерлері бақылауды жүзеге асырған кезде алынған ақпараттың құпиялылығын сақтауға тиіс.

      36. "Құпиялылық" стандартының мақсаты бақылауды жүзеге асырған кезде алынған ақпараттың сақталуын және қол жетпейтіндігін қамтамасыз етуге тиіс.

      37. Бақылау органдары мен оның қызметкерлері бақылауды жүзеге асырған кезде алынған ақпараттың құпиялылығын, сақталуын және оған қол жеткізуді шектеуді қамтамасыз етуге тиіс.

      38. Құпиялылық міндеттемелерін, сондай-ақ бақылау аяқталғаннан кейін орындаған жөн.

      39. Бақылау органдары мен олардың қызметкерлері сұраған ақпарат бақылау мақсатында ғана пайдаланылуға тиіс.

      40. Бақылау органдары қызметкерлерінің бақылауды жүзеге асырған кезде алынған ақпараттан тікелей немесе жанама пайда алуға құқығы жоқ.

      41. Бақылау органдары қызметкерлерінің бұқаралық ақпарат құралдарына бақылаудың қандай да бір аспектілеріне қатысты ол аяқталғанға дейін мәлімдеме жасауға құқығы жоқ. Бақылаудың нәтижелері бойынша түпкілікті құжат ресімдегеннен және қабылдағаннан кейін бақылау органдарының басшылары және/немесе оларға уәкілеттік берілген лауазымды тұлғалар бұқаралық ақпарат құралдарына өткізілген бақылау қорытындыларына қатысты ақпаратты ұсына алады.

  3-тарау. Жұмыс стандарттары

      42. Жұмыс стандарттары бақылау органдары қызметкерлерінің бақылауды жүзеге асыруы бойынша іс-әрекеттерін бір жүйеге және ретке келтіреді.

      43. Жұмыс стандарттарына жоспарлау, қадағалау, дәлелдер мен құжаттама жатады.

  $1. Жоспарлау

      44. Бақылау органдары өткізген бақылау ресурстардың ең аз шығындарымен бақылаудың мақсаттарына жету үшін тиісті дәрежеде жоспарлануға тиіс.

      45. "Жоспарлау" стандартының мақсаты бақылауды сапалы, үнемді, тиімді, нәтижелі және уақытылы өткізуге жәрдемдесу болып табылады.

      46. Әрбір бақылауды өткізу оның тиімді, уақытылы жүзеге асуын және оның барлық мақсаттарына жетуді қамтамасыз ету үшін тиісті дәрежеде жоспарлануға тиіс.

      47. Жоспарлау бақылау объектісін алдын ала зерделеуден, бақылау жоспарын, бағдарламаларын әзірлеуден бастап және бақылаудың нәтижелері бойынша есеп жасағанға дейін - бақылаудың барлық кезеңдерінің өзара байланысын қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылады.

      48. Бақылаудың жоспары мен бағдарламаларын жасау алдында қол жетімді ақпарат негізінде, бақылау объектісінің қызметіне қатысты нормативтік құқықтық актілермен, оның қаржыландыру рәсімдерімен және ол жүргізіп отырған шығыстармен танысуды қоса, бақылау объектісін алдын ала зерделеу жүргізілуге тиіс.

      49. Бақылауды жоспарлау кезінде басымдықтары, мақсаттары мен ауқымдары, сондай-ақ оны жүзеге асыруға қажетті ресурстар айқындалады.

      50. Бақылаудың жоспарын, оған енгізілген барлық өзгерістер мен толықтыруларды бақылау органының басшысы бекітеді.

      51. Бақылауды өткізудің егжей-тегжейлі әзірленген тәртібі болып табылатын бақылау бағдарламаларын тиісті лауазымды тұлға немесе бақылау органының басшысы бекітеді.

      52. Бақылау органдары бақылауды жоспарлаудың әдістері мен құралдарын жетілдіруге назар аударуға тиіс.

  $2. Қадағалау

      53. Бақылау топтарының немесе бақылау органдарының жекелеген қызметкерлерінің жұмысы бақылау жүргізудің әрбір кезеңінде жоғары тұрған лауазымды және басқа анағұрлым тәжірибелі қызметкерлердің жүйелі қадағалауымен жүзеге асырылуға тиіс.

      54. "Қадағалау" стандартының мақсаты бақылау бағдарламасын толық көлемде орындау және бақылауды жоспарлаған, жүргізген және бақылаудың нәтижелері бойынша есептерді дайындаған кезде объективтікті қамтамасыз ету болып табылады.

      55. Қадағалау бақылау органы қызметкерлерінің біліктілігі мен кәсіпқойлығының деңгейіне қарамастан бақылаудың барлық кезеңдерінде жүзеге асырылуға тиіс.

      56. Қадағалау дәрежесі бақылаудың күрделілігіне, бақылау тобының немесе бақылауды жүзеге асыруға қатысушы бақылау органының жекелеген қызметкерінің біліктілік пен кәсіпқойлығының деңгейіне қарай айқындалады.

      57. Бақылау органының басшылары қадағалау нысандары мен әдістерін дербес анықтайды.

      58. Қадағалауға міндетті түрде бақылауды жүзеге асырудың мазмұны, әдістері, сондай-ақ бақылау бағдарламаларында көзделген тапсырмаларды орындау жөніндегі бақылау органдары қызметкерлерінің іс-әрекеттері жатады.

      59. Қадағалау неғұрлым жиі туындайтын проблемалар туралы түсіндіруді, хабарландыруды, орындалған жұмысқа бақылауды, бақылауды жүзеге асырушы топта пікір алшақтығы болған жағдайларда дауларды шешуді, сондай-ақ бақылау жоспары мен бағдарламасына өзгерістер енгізуді қамтуға тиіс.

  $3. Дәлелдер

      60. Негізінде бақылау нәтижелері бойынша қорытындылар мен ұсынымдар тұжырымдамасы жасалатын дәлелдер объективті, шынайы, жеткілікті, тиісінше және құзыретті болуға тиіс.

      61. "Дәлелдер" стандартының мақсаты негізінде бақылау нәтижелері бойынша барабар қорытындылар мен ұсынымдар қалыптасуы мүмкін объективті және шынайы деректер жиынтығымен қамтамасыз ету болып табылады.

      62. Жұмыс құжаттары бақылау нәтижелері бойынша қорытындылардың шынайы және объективті дәлелі болып қызмет атқаратын ақпараттың жеткілікті көлемін қамтуға тиіс.

      63. Дәлелдер бақылау мақсатымен салыстырғанда орынды, шынайы және құзыретті сияқты сапалы сипаттамаларға сәйкес келуге тиіс.

      64. Бақылау объектісінде тікелей жинақталған, сондай-ақ басқа да шынайы көздерден алынған материалдар мен ақпарат дәлелдердің негізі бола алады.

      65. Ақпаратты жинау мен өңдеу бақылаудың бекітілген бағдарламаларына сәйкес мұқият түрде жүргізілуге тиіс.

      66. Бақылау нәтижелері бойынша қорытындылар мен ұсынымдар құжаттамалық және талдау дәлелдеріне негізделуге тиіс.

      67. Ақпаратты жинау мен өңдеу әдістері бақылаудың мақсаттары мен міндеттеріне барабар болуға тиіс. Дәлелдерді жинаған кезде бақылау органдарының қызметкерлері заңның талаптарына қайшы келмейтін барлық қол жетімді әдістер мен рәсімдерді пайдалана алады.

  $4. Құжаттама

      68. Бақылау органдары мен олардың қызметкерлері белгіленген нысанда дәлелдерді және жүргізілген бақылаудың барлық маңызды аспектілерін құжаттауға тиіс.

      69. "Құжаттама" стандартының мақсаты бақылаудың барлық кезеңдері бойынша жұмыс құжаттарын дайындау мен бір жүйеге келтіруді қамтамасыз ету болып табылады.

      70. Құжаттамалау кезінде бақылаудың қорытындысын растайтын барлық қажетті материалдар жинақталуға тиіс, оларды кейіннен пайдалану және сақтау үшін тиісті дәрежеде бір жүйеге келтіруге тиіс.

      71. Бақылау органдарының қызметкерлері құжаттамалауға қажетті материалдарды өздігінен анықтайды.

      72. Құжаттаманың көлемі мен мазмұны бақылаудың ауқымына, сипатына және бақылау объектісі қызметінің күрделілігіне қарай анықталуға тиіс.

      73. Құжаттама белгіленген тәртіппен тігілуге және сақталуға тиіс.

      74. Бақылау органдарының қызметкерлері бақылаудың барлық жұмыс құжаттарының сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

  4-тарау. Есептілік стандарттары

      75. Есептілік стандарты бақылау органдары мен олардың қызметкерлерінің олардың қызметтерінің қорытындысы бойынша дайындалатын есептерінің нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды белгілейді.

      76. Бақылау органдары мен олардың қызметкерлері атқарылған жұмыстың нәтижелері бойынша толық, қысқа, қисынды, объективті, дәл және сындарлы баяндалған жазбаша есеп дайындауға тиіс.

      77. "Есептілік" стандартының мақсаты бақылаудың ашықтығын қамтамасыз ету, қаржы тәртібін нығайту және есептерді бір ізге салу жолымен бақылау органдарының арасындағы өзара іс-әрекетті қамтамасыз ету болып табылады.

      78. Бақылау нәтижелері жөніндегі есеп бақылау нәтижелерін жедел іске асыру үшін уақытылы дайындалуға және ұсынылуға тиіс.

      79. Есептердің мазмұны мынадай қағидаттарға жауап беруге тиіс:
      1) Бақылау нәтижелері туралы есеп бақылау мақсаттарына қол жеткізгенін растауға арналған жеткілікті барлық ақпаратты қамтуға тиіс (қағидаты толықтық);
      2) Бақылау нәтижелері туралы есеп қысқа, бір жүйеге келтірілген және қайталауды алып тастауға тиіс (қағидаты қысқа);
      3) Бақылау нәтижелері туралы есеп қисынды және түсінуге жеңіл болуға тиіс (қағидаты қисынды);
      4) Бақылау нәтижелері туралы есеп бақылау объектісінің қарсылығын (олардың негізділігі кезінде), сондай-ақ бақылау объектісіне объективті қатынасының негізінде сарапшылардың пікірлерін ескере отырып жасалуға тиіс (қағидаты объективті);
      5) Бақылау нәтижелері туралы есеп дүдәмалдылықты, екі мағыналықты, жалпы қабылданған аббревиатураларды және терминдерді пайдалана отырып, қате түсінуге жол бермеу үшін тек қана жиналған дәлелдерге негізделуге тиіс (қағидаты дәл);
      6) Бақылау нәтижелері туралы есеп республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуының тиімділігін арттыруға, қаржы тәртібін арттыруға және бақылау объектілері мен бақылау органдарының арасында өзара түсіністікті нығайтуға көзделуге тиіс (қағидаты сындарлы).

      80. Есепте кіріспе бөлігі, бақылау мақсаты, бақылау ауқымы, бақылаудың негізгі нәтижелерінің баяндалуы мен қорытынды бөлігі қамтылуға тиіс.
      Бақылау нәтижелері бойынша анықталған фактілерді белгілейтін және белгіленген тәртіппен ресімделген актілер, қорытындылар дайындалуға тиіс.
      Бақылау органдарының қаулылары, жазбаша өкімдері мен ұсыныстары бақылау объектісіндегі кемшіліктерді түзетуге бағытталған қорытындылар мен ұсынымдарды және қажет болған жағдайда осы бақылауда қамтылмаған оның жекелеген бағыттарын көрсете отырып, кейіннен бақылау жүргізу жөніндегі ұсыныстарды қамтуға тиіс.

  5-тарау. Басқару және сапаны бақылау
стандарттары

      81. Басқару мен сапаны бақылау стандарттары бақылау органдары мен олардың қызметкерлерінің қызметтеріне басшылықты жүзеге асыруға қойылатын талаптарды белгілейді.

      82. Басқару мен сапаны бақылау стандарттарына басқару стандарты мен сапаны бақылау стандарты жатады.

  $1. Басқару

      83. Бақылау органдары бақылаудың жоғары сапасын, үнемділігін, нәтижелілігін және тиімділігін қамтамасыз етуге арналған өзінің қызметін тиісті дәрежеде басқаруды жүзеге асыруға тиіс.

      84. "Басқару" стандартының мақсаты жақсы ұйымдастырылған және жұмысқа қабілетті ұжымды қалыптастыру мен бақылау мақсаттарына жету үшін оның жұмылдырылуын қамтамасыз ету болып табылады.

      85. Бақылау органының қызметі бекітілген іс-шаралар жоспарының негізінде жүзеге асырылуға тиіс.

      86. Бақылау органдарын басқару олардың ережелеріне, регламенттеріне сәйкес жүзеге асырылуға және персоналдың кәсіби дамуы үшін жағдайлар жасауға тиіс.

      87. Бақылау органдарының лауазымды тұлғаларының арасындағы міндеттер айқын бөлінуге тиіс.

      88. Бақылау органдары персоналдың кәсіби дамуы үшін ынталандыру және жағдайлардың барабар жүйесін жасауға тиіс.

      89. Ынталандыру жүйесі жазалар мен көтермелеулердің шараларын объективті анықтауға мүмкіндік беретін бақылау органдары қызметкерлерінің қызметтерін бағалаудың жалпы өлшемдеріне негізделуге тиіс.

      90. Бақылау органдары әрбір бақылауды өткізу барысын басқаруға тиіс. Басқаруға міндетті түрде бақылауды өткізудің барлық кезеңдері, сондай-ақ бақылау сапасы жатқызылуға тиіс.

      91. Бақылау органдарының қызметін басқару процесі ұдайы жетілдірілуге тиіс.

  $2. Сапаны бақылау

      92. Бақылау органдарының басшылары өткізілген бақылаудың стандарттарға сәйкестігін ішінара тексеру жолымен сапаны бақылауды қамтамасыз етуге тиіс.

      93. "Бақылау" стандартының мақсаты бақылау органдары мен олардың қызметкерлері қызметтерінің стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге тиіс.

      94. Сапаны бақылау ішінара негізде ұдайы жүзеге асырылуға және бақылау жүргізген кезде стандарттардың сақталуына кепілдік жүзеге асырылуға тиіс.

      95. Сапаны бақылауды өткізудің қажеттілігі мен кезеңділігін бақылау органның басшысы анықтауға тиіс.
      Сапаны бақылауды өткізу мерзімдері мен ұзақтылығы оның жеделділігі мен нәтижелілігін қамтамасыз ететіндей етіп анықталуға тиіс.

      96. Сапаны бақылау бақылау органдары мен олардың қызметкерлерінің стандарттарды қолдану, сондай-ақ сапаны бақылауды жақсарту бойынша шараларды іске асыру жөніндегі кері байланысты қамтамасыз етуге тиіс.

      97. Сапаны бақылауға бақылау органдарының барлық қызметтері емес, жүзеге асырылған бақылаудың жекелеген бағыттары мен мәселелері жатқызылуы мүмкін. 

      98. Сапаны бақылауды сапа мәнін бақылайтын жұмысқа қатыспаған бақылау органдарының қызметкерлері жүзеге асыруға тиіс.