Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi туралы ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасының Президентінің 2002 жылғы 5 тамыз N 917 Жарлығы

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының Президентi туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңның 16-бабының 2) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
       Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2009.01.22. N 729 Жарлығымен.            

      1. Қоса берiлiп отырған Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетi туралы ереже бекiтiлсiн.

      2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1) "Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi Есеп комитетi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 19 сәуiрдегi N 2956 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, N 17, 137-құжат);
      2) "Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi Есеп комитетiнiң мәселелерi" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 3 маусымдағы N 3012 өкiмi ;
      3) Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2002 жылғы 21 наурыздағы N 825 "Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу және Қазақстан Республикасы Президентінің 19996 жылғы 18 маусымдағы N 3038 Жарлығының күші жойылды деп тану туралы" Жарлығының 1-тармағының 1) тармақшасы.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң   
2002 жылғы 5 тамыздағы 
N 917 Жарлығымен  
БЕКІТІЛГЕН    

Республикалық бюджеттiң атқарылуын
бақылау жөнiндегi есеп комитетi туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2005.05.04. N  1570 жарлығымен.

      Осы Ереже Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң (бұдан әрі - Есеп комитетi) мәртебесiн, өкiлеттіктерiн және жұмысының ұйымдастырылуын айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Есеп комитеті республикалық бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк қаржы бақылауының жоғары органы болып табылады.

      2. Есеп комитетiнiң негiзгi мiндеттерi:
      1) республикалық бюджеттiң атқарылу мәселелерiн реттейтiн бюджеттiк заңнама және өзге де нормативтiк құқықтық актiлер талаптарының сақталуын бақылау;
      2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң республикалық бюджеттiң атқарылуына байланысты мәселелер бойынша тапсырмаларын орындау;
      3) республикалық бюджетке түсетiн түсімдердің толықтығы мен уақтылылығын, сондай-ақ республикалық бюджеттен түсетiн түсiмдер сомаларының қайтарылуын, салықтық және кедендік әкімшілік етудің тиімділігіне бақылау;
      4) республикалық бюджет қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттер мен кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, концессиялық жобаларды бюджеттен коса қаржыландыруды, сондай-ақ мемлекеттік кепілгерліктері мен активтерін пайдаланудың тиімділігін, қаржылық есептілігін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін бақылау болып табылады.
       Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2009.01.22 N 729, 2010.07.15 N 1024 Жарлықтарымен.

      3. Есеп комитетi мемлекеттiк мекеменiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрi, белгіленген үлгiдегi бланкілері және өзінің туы болады.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2009.01.22. N 729 Жарлығымен.

      4. Есеп комитетiнiң құқықтық ережесi Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен , Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен айқындалады.

      5. Есеп комитетiнiң құрамы Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 7) тармақшасына және 57-бабының 1) тармақшасына сәйкес қалыптасады.

      6. Есеп комитетiнiң құрылымын Есеп комитетiнiң Төрағасы, Есеп комитетiнiң мүшелерi мен аппараты құрайды.

      7. Есеп комитетiнiң қызметін қаржыландыру республикалық бюджет қаражаттары есебiнен жүзеге асырылады.

2. Есеп комитетiнiң функциялары

      8. Есеп комитеті:
      1) сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау жүргізу тәртібін айқындайдыV095816
      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің ішкі бақылау жөніндегі уәкілетті органымен бірлесіп мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын әзірлейді және олардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      3) мыналарға:
      өз қызметінің бағыттары бойынша тиімділігіне;
      республикалық бюджетке түсетін түсімдердің толықтылығы мен уақтылығына, сондай-ақ республикалық бюджеттен түскен түсімдер сомаларының қайтарылуына, салықтық және кедендік әкімшілік етудің тиімділігіне;
      мемлекеттік төтенше бюджеттің атқарылуына;
      Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мемлекеттік органдарға және бақылау объектілеріне жіберілген ұсынымдар мен тапсырмалардың орындалуына;
      бақылау объектілерінің есеп пен есептілікті жүргізуінің растығы мен дұрыстығына;
      республикалық бюджет қаражатының, оның ішінде нысаналы трансферттер мен кредиттердің, байланысқан гранттардың, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздардың, концессиялық жобаларды бюджеттен бірлесіп қаржыландырудың, сондай-ақ мемлекет кепілгерліктері мен активтерінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдаланылуына;
      республикалық бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуына;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қор қаражатының пайдаланылуына;
      Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен немесе тапсырмасы бойынша ғана Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі активтерінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдаланылуына;
      бюджеттік бағдарламаларда көзделген мақсаттар үшін квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады;
      4) мыналарға:
      республикалық бюджеттің, оның ішінде Қазақстан Республикасы бюджеттік жүйесінің принциптеріне сәйкес атқарылуына;
      орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, мемлекеттік және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуына бағалауды жүзеге асырады;
      5) (алынып тасталды - ҚР Президентінің 2010.07.15 N 1024 Жарлығымен);
      6) мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің басқа да жекелеген тапсырмаларын орындайды;
      7) (алынып тасталды - ҚР Президентінің 2010.07.15 N 1024 Жарлығымен);
      8) мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының бақылау актілерін талдайды және мемлекеттік қаржылық бақылаудың сапасын арттыру жөнінде ұсынымдар береді;
      8-1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің ішкі бақылау жөніндегі уәкілетті органы жүргізген бақылаудың республикалық бюджеттің атқарылу бөлігіндегі нәтижелері бойынша қабылданған актілерді сұратуға құқылы;
      9) мемлекеттік қаржы бақылау объектілерінің лауазымды адамдарының іс-әрекетінде қылмыстың немесе әкімшілік құқық бұзушылықтың белгілері анықталған жағдайда бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға береді;
      10) мемлекеттік бюджет саясатын іске асыруға қатысады;
      11) мемлекеттік қаржылық бақылау саласында талдау және зерттеулер жүргізеді, мемлекеттік қаржылық бақылау саласында оқу бағдарламаларын іске асырады;
      12) Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсынымдар енгізеді, мемлекеттік қаржылық бақылау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер әзірлейді және келіседі;
      13) Қазақстан Республикасының Үкіметінен, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен, екінші деңгейдегі банктерден және өзге қаржы ұйымдарынан, мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан Есеп комитетінің сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды республикалық деңгейде жоспарлау мен жүргізу жөніндегі қызметін жүзеге асыруы үшін кажет болатын, өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша барлық қажетті құжаттаманы, ақпаратты, оның ішінде электрондық жеткізгіштерде, сондай-ақ ақпараттық жүйелерге кіруге рұқсатты, жазбаша және ауызша түсініктемелерді және өзге де ақпаратты, оның ішінде құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, сұратады және өзі белгілеген мерзімде алады;
      14) мемлекеттік сыртқы қаржылық бақылау жүргізуге байланысты мәселелер бойынша бақылау объектілерінің лауазымды адамдарының тиісті есептерін тыңдайды;
      15) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік қаржы бақылау объектілерінің лауазымды адамдарының сақтамауы жөнінде анықталған фактілер бойынша, сондай-ақ тиімділікті бақылау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныс енгізеді;
      16) мемлекеттік органдардан және мемлекеттік қаржылық бақылау объектілерінен республикалық бюджеттің атқарылуына сыртқы бақылау жүргізуге байланысты мәселелер бойынша қажетті құжаттарды, анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді, сондай-ақ мемлекеттік қаржылық бақылаудың нәтижелері және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларынан бекітілген жұмыс жоспарына енгізілген өзгерістер туралы ақпаратты өзі белгілеген мерзімде алады;
      17) бақылау және талдау іс-шаралары барысында анықталған (анықталатын) заң бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қолданады;
      18) бақылау объектісінен Қазақстан Республикасының құжаттау және сақтау мәселелерін реттейтін заңнамасын сақтай отырып, бақылаудың қорытындысын растайтын тиісті материалдарды (дәлелдемелерді) кедергісіз алады;
      19) сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізуге мемлекеттік органдардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларының тиісті мамандарын (олармен келісе отырып), сондай-ақ республикалық бюджеттен олардың көрсететін қызметтеріне ақы төлей отырып, аудиторлық ұйымдарды, сарапшыларды тартады;
      20) шетел мемлекеттерінің қаржы бақылау органдарымен және олардың халықаралық бірлестіктерімен байланыс жасайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен олармен ынтымақтастық туралы шарттар мен келісімдер жасасады және халықаралық ұйымдардың құрамына кіреді;
      21) мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды қорғау туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарына өзінің қызметі туралы ақпаратты тұрақты ұсынып отырады;
      22) өзі қабылдаған актілердің мерзімді жинақтарын, бюллетеньдер, журналдар мен басқа да басылымдар шығарады;
      23) облыстардың республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларына әдістемелік көмек көрсетеді;
      23-1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары туралы үлгі ережені әзірлейді және бекітеді;
      23-2) мемлекеттік қаржылық бақылау қызметкерлерін қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыру ұйымдастырады және мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ережесін бекітеді;
      23-3) Үйлестіру кеңесін қалыптастыру және оның қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайды;
      23-4) сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жоспарлау және жүргізу кезінде тәуекелдерді басқарудың үлгі жүйесін әзірлейді және бекітеді;
      24) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сотқа талап арызбен және арызбен жүгінеді, сондай-ақ сот процестеріне қатысады.
       Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2009.01.22 N 729 Жарлығымен, өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.07.15 N 1024, 2011.08.24 N 141 Жарлықтарымен.

3. Есеп комитетiнiң жұмысын ұйымдастыру

      9. Есеп комитетiне Қазақстан Республикасының Президентi бес жыл мерзiмге тағайындайтын Төраға басшылық етедi.

      10. Есеп комитетінiң Төрағасы:
      1) Есеп комитетiнiң қызметiне басшылық етедi, өзiне жүктелген тапсырмалар мен мiндеттемелердiң орындалуына Қазақстан Республикасы Президентiнiң алдында, оның ішінде Есеп комитетінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жасауда дербес жауапты болады;
      2) Есеп комитетiнiң жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларын бекiтедi;
      3) Есеп комитетiнiң лауазымды адамдарының арасындағы мiндеттердi бөледi, Есеп комитетi мүшелерiнiң және оның аппаратының жұмысын ұйымдастырады;
      4) өз құзыретi шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар бередi, олардың орындалуын тексередi, Есеп комитетiнiң отырыстарында қабылданған қаулылар мен өзге де актiлерге қол қояды;
      4-1) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының және Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары Төрағаларының қарауына Есеп комитеті мүшелерінің кандидатуралары бойынша оларды тағайындау және қызметінен босату жөнінде ұсыныстар енгізуге құқылы;
      5) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен Есеп комитетiнің жалпы штат саны және республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде Eceп комитетi аппаратының құрылымы мен штат кестесін бекiтедi;
      6) жұмыс учаскелерін, талдау және бақылау объектілерінің тiзбесiн бекiтедi;
      7) Есеп комитетiнiң жылдық жұмыс жоспары шеңберiнде жүзеге асырылатын бақылау іс-шараларының жоспарларын бекiтедi, бақылаудың кезеңділiгi мен ұзақтығын айқындайды;
      8) Есеп комитетiнің мүшелеріне бақылау жүргізуге тапсырмалар бередi;
      8-1) Есеп комитеті аппараты қызметкерлері қызметінің, олар жүргізген бақылаудың, оның ішінде мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес бақылау объектісінде бола отырып жүргізген бақылаудың жекелеген бағыттарының сапасына бақылау жүргізудің қажеттігін айқындайды;
      9) Есеп комитетi қызметінің регламентiн бекiтедi;
      10) Есеп комитетi аппаратының қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      11) республикалық және шетел ұйымдарымен өзара қарым-қатынастарда Есеп комитетінің атынан өкілдiк етедi;
      12) Есеп комитетi Төрағасының жанынан консультативтік-кеңесшi және консультативтiк-сараптамалық органдар құрады;
      13) Қазақстан Республикасы Үкiметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi басқармасының және Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдары алқасының отырыстарына қатысуға хақылы;
      14) республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау мәселелерiне қатысты құжаттамамен құпиялылық режимiнiң, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпиялардың сақталуын ескере отырып, кедергiсiз танысады;
      15) бақылау объектілерiнен бақылау iс-шараларын жүргізуге байланысты мәселелер бойынша қажеттi анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсiнiктемелердi талап етедi және өзі белгiлеген мерзiмде алады;
      16) заңдарда көзделген жауапкершілiкте болады;
      17) осы Ереженiң 17-тармағында көзделген негiздемелер болған жағдайда, Қазақстан Республикасының Президентi, тиісінше Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты, Мәжілісі тағайындаған Есеп комитетi мүшесiнiң өкiлеттіктерiн мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы Қазақстан Республикасының Президентiне, тиісінше Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына, Мәжілісіне ұсыныс бередi;
      18) өзі болмаған жағдайда Есеп комитетi Төрағасының мiндетiн Есеп комитетi мүшелерiнің бiрiне жүктейдi;
      19) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттiктердi жүзеге асырады.
       Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2009.01.22 N 729, 2010.07.15 N 1024 Жарлықтарымен.

      11. Есеп комитетiнiң мүшелерi:
      1) өз өкілеттiктерiн жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтайды, тексерілетiн бақылау объектілерiнiң жұмыс iстеуiне кедергі жасамауы және олардың ағымдағы шаруашылық қызметiне араласпауы қажет;
      2) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi басқармасының және Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдары алқасының отырыстарына қатысуға хақылы;
      3) республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау мәселелерiне қатысты құжаттамаға құпиялылық режимiнiң, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпиялардың сақталуын ескере отырып, кедергісiз қол жеткiзе алады;
      4) бақылау объектiлерiнен бақылау жүргiзуге байланысты мәселелер бойынша қажеттi анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсiнiктемелердi талап етедi және өздерi белгілеген мерзiмдерде алады;
      5) өз құзыретi шегiнде өздерi жетекшiлiк ететiн қызмет бағыттарының мәселелерi бойынша өз бетiнше шешiм қабылдайды;
      6) бақылауды тиiмдi ұйымдастыру үшiн қажеттi ресурстардың көлемiн анықтай отырып, өз құзыретi шегiнде бақылау бағдарламаларын бекiтедi;
      7) Есеп комитетi аппаратының қызметкерлерiне тексерулер жүргізуге тапсырмалар бередi;
      8) Есеп комитетінің бақылау, сараптамалық-талдау, ақпараттық  және өзге де қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      9) заңдарда көзделген жауапкершiлiкте болады;
      10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.07.15 N 1024 Жарлығымен.

      12. Өз өкiлеттiктерiн iске асыру үшiн Есеп комитетiнiң Төрағасы және мүшелерi:
      1) (алынып тасталды - ҚР Президентінің 2010.07.15 N 1024 Жарлығымен);
      2) бақылау нәтижелерi бойынша актiлердi қабылдайды;
      3) бақылау актiлерi негiзiнде бақылау нәтижелерi туралы қорытындылар жасайды;
      4) Есеп комитетiнiң қаулыларын қабылдайды;
      5) мемлекеттiк органдарға, ұйымдарға және лауазымды адамдарға республикалық бюджеттiң атқарылуы бойынша жұмыстағы кемшiлiктердi жою туралы, құқық қорғау органдарына - Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жауапкершiлiкке тарту мәселелерi бойынша ұсынымдар жолдайды.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.07.15 N 1024 Жарлығымен.

      13. Анықталған кемшiлiктердi жою, мемлекетке келтiрiлген залалдың орнын толтыру және Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдарды жауапкершiлiкке тарту жөнiнде мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың басшыларына жiберiлген Есеп комитетiнiң қаулылары мен ұсынымдары оларда белгілеген мерзiмдерде немесе, егер мерзiмi көрсетiлмеген болса, оларды алған күннен бастап жиырма күн iшiнде қаралуға тиiс.

      14. Тиiстi мемлекеттік орган және ұйым қаулы мен ұсыным бойынша қабылданған шешім туралы және оны iске асыру жөнiндегi шаралар туралы Есеп комитетін дереу хабардар етедi.

      15. Есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiне Қазақстан Республикасының Президентi қол қоятын, белгіленген үлгiдегі куәлiктер берiледi.

      16. Республика Президентi тағайындаған Есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелерiнiң өкiлеттiктерi Республика Президентінің шешiмiмен тоқтатылады.

      16-1. Есеп комитеті Төрағасының немесе мүшесінің орнынан түсу туралы өтініші оның себебі көрсетіле отырып, оны тағайындаған Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына немесе Мәжілісіне тиісінше беріледі.
      Есеп комитеті мүшесінің орнынан түсу туралы өтініші Есеп комитетінің Төрағасын алдын ала хабардар ете отырып беріледі.
      Ескерту. Ереже 16-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2010.07.15 N 1024 Жарлығымен.

      17. Есеп комитетiнiң Төрағасы мен мүшелері:
      1) орнынан түсуiнiң қабылдануы;
      2) оларға қатысты соттың айыптау үкiмiнiң заңды күшіне енуi;
      3) белгiленген тәртiппен iс-әрекет қабiлетi шектеулі немесе іс-әрекетке қабiлетсiз деп танылуы;
      4) анттарын , Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн және осы Ереженi бұзуы, өздерiнiң мәртебесiмен сыйыспайтын әрекеттерге баруы, лауазымдық міндеттерін сақтамауы;
      5) қайтыс болуы себептi, сондай-ақ хабарсыз кеткен немесе дүние салған деп танылған жағдайда;
      6) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылуы;
      7) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі;
      8) басқа лауазымға тағайындалуы себепті мерзімінен бұрын қызметінен босатылуы мүмкін. 
       Ескерту. 17-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2009.01.22 N 729, 2010.07.15 N 1024 Жарлықтарымен.

      17-1. Бақылау іс-шараларын, Есеп комитетінің қызметін ақпараттық-талдау, құқықтық, консультациялық, ұйымдастырушылық және өзге де қамтамасыз етуді Есеп комитетінің аппараты (бұдан әрі - аппарат) жүзеге асырады.
      Есеп комитетінің аппаратын Есеп комитетінің Төрағасы тағайындайтын аппарат басшысы басқарады.
       Ескерту. 17-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2009.01.22. N 729 Жарлығымен.

      18. Аппарат қызметкерлерiнiң құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi, сондай-ақ олардың мемлекеттік қызметтi өткеру жағдайлары мемлекеттiк қызмет туралы заңнамамен, еңбек заңнамасымен, осы Ережемен және өзге де нормативтік құқықтық актiлермен айқындалады.
      Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2010.07.15 N 1024 Жарлығымен.

      19. Есеп комитетiнiң төрағасы Есеп комитетiнiң құзыреті шегiнде бақылау іс-шараларын жүргiзуге қатысуға хақылы Есеп комитетi аппараты қызметкерлерiнiң шеңберiн айқындайды.

      19-1. Есеп комитетінің қызметі Қазақстан Республикасының Президенті немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам бекітетін стратегиялық жоспарға, Есеп комитетінің Төрағасы бекітетін операциялық, жылдық және тоқсандық жоспарларға сәйкес жүзеге асырылады.
      Сапаны бақылауды қоспағанда, Есеп комитетінің жылдық және тоқсандық жоспарлары ғана бақылауды жүзеге асыру үшін негіз болып табылады.
      Қазақстан Республикасы Президентінің және ол уәкілеттік берген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі адамдарының тапсырмалары бойынша бақылау Есеп комитетінің тоқсандық жоспарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу негізінде жүргізіледі.
      Ескерту. Ереже 19-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2010.07.15 N 1024 Жарлығымен.

      19-2. Есеп комитетінің Төрағасы мерзімін белгілейтін тиімділікті бақылауды қоспағанда, бақылауды жүзеге асыру мерзімі алдағы жұмыстар мен қойылған міндеттердің көлемі ескеріліп, бақылау объектісінің басшысына тапсырма берілген кезден бастап күнтізбелік отыз күнге дейін белгіленеді.
      Ескерту. Ереже 19-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2010.07.15 N 1024 Жарлығымен.

      19-3. Бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар Есеп комитетіне оның міндеттерін орындауда жәрдем көрсетеді, құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, өздері жүргізген тексерулердің нәтижелері туралы ақпаратты заңмен белгіленген тәртіппен оның сұратуы бойынша береді. Есеп комитетінің мемлекеттік қаржылық бақылау органдарымен өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. Ереже 19-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2010.07.15 N 1024 Жарлығымен.

      19-4. Есеп комитеті өзінің бақылау қызметін жүзеге асыру кезінде бақылау объектісінен тәуелсіз болады. Есеп комитетінің тәуелсіздігі:
      1) Есеп комитетінің қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге ұйымдардың заңсыз араласуына жол бермеу;
      2) өз қызметін жүзеге асыру үшін тиісті жағдайлар жасау;
      3) Есеп комитетінің қызметін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген шектерде және тәртіппен жеткілікті қаржыландыру арқылы қамтамасыз етіледі.
      Ескерту. Ереже 19-4-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2010.07.15 N 1024 Жарлығымен.

      20. Есеп комитетінің отырысында Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсынылатын ақпарат пен есептердің құрылымы, мазмұны мақұлданады, бақылау іс-шараларының қорытындылары, жоспарлау, әдіснама мәселелері, алқалы шешімді талап ететін өзге де мәселелер қаралады.
      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2010.07.15 N 1024 Жарлығымен.

      20-1. Есеп комитетінің отырыстары ашық немесе жабық түрде өтеді.
      Есеп комитетінің шешімдері Есеп комитетінің отырысқа қатысушы құрамының жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етуші дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      Ескерту. Ереже 20-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2010.07.15 N 1024 Жарлығымен.

      21. Есеп комитетiнiң отырыстарын жүргiзудiң тәртiбi, жұмысты ұйымдастыру мәселелерi және республикалық бюджеттiң атқарылуына бақылауды қамтамасыз ету жөнiндегi басқа да мәселелер Есеп комитетiнiң регламентiмен айқындалады.

3-1. Есеп комитетінің есептілігі

      Ескерту. Ереже 3-1-тараумен толықтырылды - ҚР Президентінің 2010.07.15 N 1024 Жарлығымен.

      21-1. Есеп комитеті жыл сайын есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп (бұдан әрі - жылдық есеп) жасайды, ол өзінің мазмұны бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қорытынды болып табылады.
      21-2. Жылдық есеп:
      1) республикалық бюджеттің негізгі параметрлерінің орындалуын:
      республикалық бюджеттің түсімдері мен шығыстарын;
      салықтық және кедендік әкімшілік етудің тиімділігін;
      2) орталық мемлекеттік органдардың өздерінің стратегиялық жоспарларында көзделген тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуін, мемлекеттік, оның ішінде өткен кезеңдердегі бағдарламалардың және республикалық бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын;
      3) республикалық бюджет қаражатының, оның ішінде нысаналы трансферттер мен кредиттердің, байланысты гранттардың, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздардың, концессиялық жобаларды бюджеттен қоса қаржыландырудың, сондай-ақ мемлекеттің кепілгерліктері мен активтерінің пайдаланылуын;
      4) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өздеріне республикалық бюджеттік бағдарламаларда көзделген мақсаттарға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдалануын;
      5) бақылау объектілерінің есепке aлy мен есептілікті жүргізуінің анықтығы мен дұрыстығын бағалауды қамтиды.
      Жылдық есепте Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі жөнінде қорытынды беріледі, сондай-ақ Есеп комитетінің есепті жылдағы қызметінің негізгі көрсеткіштері, анықталған қаржылық бұзушылықтардың құрылымы, сондай-ақ есепті жылда қаулылар мен ұсынымдардың орындалғаны туралы сандық деректер және олардың атқарылғаны туралы ақпарат көрсетіледі.
      21-3. Есеп комитеті мақұлдаған жылдық есеп ағымдағы жылдың 15 мамырына дейін Қазақстан Республикасының Парламентіне қарап, бекіту үшін және Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат үшін жіберіледі. Жылдық есепті Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсынуды Есеп комитетінің Төрағасы жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының Парламенті жылдық есепті бекіткеннен кейін ол құпиялылық режимі және заңмен қорғалатын өзге де құпия сақтала отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
      21-4. Есеп комитетінің Төрағасы Қазақстан Республикасының Президентіне тоқсанына кемінде бір рет Есеп комитетінің жұмысы туралы есеп, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары жүргізген мемлекеттік қаржылық бақылаудың нәтижелері туралы жинақталған ақпарат береді.
      Ескерту. 21-4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2011.08.24 N 141 Жарлығымен.

4. Қорытынды ережелер

      22. Есеп комитетi Төрағасының лауазымы материалдық-тұрмыстық және медициналық қамтамасыз ету, сондай-ақ көлiк қызметiн көрсету жағдайлары бойынша министрдің лауазымына, ал Есеп комитетi мүшелерiнiң лауазымдары вице-министрдің лауазымына теңестiрiледi.

      23. Есеп комитеті қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету және оған көлік қызметін көрсету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2010.07.15 N 1024 Жарлығымен.

      24. Мемлекеттік органдар Есеп комитетінің қаржылық қызметін бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен немесе тапсырмасы бойынша жүзеге асырады.
      Ескерту. Ереже 24-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2010.07.15 N 1024 Жарлығымен.