Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қорын құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы 2000 жылғы 22 желтоқсан N 528

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 9-бабын орындау үшін қаулы етемін:
     1. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры (бұдан әрі - Қор) құрылсын.
     2. Қоса беріліп отырған Қордың Жарғысы бекітілсін.
     3. Мыналар:
     1) Қор әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени, білім беру және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарды көздейтін коммерциялық емес ұйым болып табылады;
     2) Қордың ақша қаражатын қалыптастыру көздері заңдарға қайшы келмейтін жарналар мен түсімдер болып табылады деп белгіленсін.
     4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
     1) Қордың 2001 жылғы 1 қаңтарға дейін мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
     2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қолдансын.
     5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

     Қазақстан Республикасының
     Президенті

Қазақстан Республикасы     
Президентінің          
2000 жылғы 22 желтоқсандағы  
N 528 Жарлығымен бекітілген  

Қазақстан Республикасы
Тұңғыш Президенті Қорының
ЖАРҒЫСЫ

1. Жалпы ережелер

      1. Бұдан әрі Қор деп аталатын, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті құрған, мүшелігі болмайтын коммерциялық емес ұйым болып табылады.
      2. Қор өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын , заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Жарғыны басшылыққа алады.
      3. Қор өз қызметін Қазақстан Республикасында және шетелде жүзеге асырады.
      4. Қор қызметі еріктілік, өзін-өзі басқару, заңдылық және жариялылық принциптеріне негізделеді.
      5. Қордың толық атауы: "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры".
      6. Қордың заңды мекен-жайы: _______________________________.
      7. Қор қызмет мерзімі шектелмей құрылған, Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркелген сәтінен бастап заңды тұлға болып табылады, меншігінде оқшауланған мүлкі болады, өз міндеттемелері бойынша осы мүлікпен жауап береді, өз атынан мүліктік және мүліктік емес құқықтарға ие болуы және жүзеге асыруы, міндеттемені атқаруы, сотта қуынушы және жауапкер болуы мүмкін.
      8. Қордың дербес балансы, өз атауы жазылған мөрі, мөртаңбасы, бланкілері мен эмблемасы болады, белгіленген тәртіппен банктерде, соның ішінде Қазақстан Республикасында да, шетелде де шетел валютасында шоттар ашуға хақылы.

2. Қордың мақсаты, қызметінің мәні және құқықтары

      9. Қор қызметінің негізгі мақсаты Қазақстан мемлекеттілігін, патриотизмді нығайтуға, Қазақстан қоғамын одан әрі демократияландыруға, мәдени, экономикалық және саяси салаларда Қазақстан Республикасының халықаралық байланыстарын дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
      10. Қор қызметінің мәні:
      мемлекеттілік пен қазақстандық патриотизм идеясын насихаттау;
      қоғам өміріндегі рухани бастауларды нығайту, мәдениетті, ағарту ісі мен ғылымды дамыту;
      қазіргі заманғы Қазақстан қоғамының мәселелері, оның әлемдік қоғамдастықтағы орны мен рөлі жөніндегі білімдерді тарату;
      Қазақстан Республикасының мемлекеттілігі мен егемендігін қалыптастыру әрі нығайту ісіне, Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етуге, мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды нығайтуға, экономиканы, мәдениетті, ғылымды, ағарту және денсаулық сақтау ісін дамытуға елеулі еңбек сіңірген жекелеген азаматтарды қолдау;
     талантты жастарды анықтау және ынталандыру, сондай-ақ жекелеген ғалымдардың, шығармашыл қызметкерлердің, студенттердің, ғылыми ұжымдардың неғұрлым маңызды зерттеу жұмыстарын қолдау;
     қайырымдылық қызметін жүзеге асыру;
     Қазақстан Республикасының заңдарына және осы Жарғыға қайшы келмейтін басқа да қызметті жүзеге асыру болып табылады.
     11. Қызметінің мақсаты мен мәнін іске асыру үшін Қордың заңдарда белгіленген тәртіппен:
     осы Жарғының 10-тармағында көрсетілген іс-шараларды қаржыландыруға;
     гранттар бөлуге;
     өзінің қаражатын қайырымдылық мақсаттарға пайдалануға;
     тікелей халықаралық байланыстар жасауға, шетелдік ұйымдармен келісімдер жасасуға;
     бұқаралық ақпарат құралдарын құруға, өз қызметі туралы ақпарат таратуға;
      Қордың жарғылық қызметін қаржыландыру үшін отандық және шетелдік инвесторлардың қаражатын тарту жөнінде іс-шаралар өткізуге;
      шарттар жасасуға, мүліктерді сатып алуға және жалдауға, заңды және жеке тұлғалармен өзге де азаматтық-құқықтық қатынастар жасауға, сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруға;
      меншігінде жер учаскелерін, ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үй қорын, көлік, құрал-жабдықтар, мүкәммал, ақша, акциялар, басқа да бағалы қағаздарды, сондай-ақ Қордың қызметін материалдық қамтамасыз етуге қажетті өзге де жылжымалы және жылжымайтын мүліктері болуға;
      Қордың жарғылық мақсатына қаншалықты сәйкес келетініне қарай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға;
     қоғамдық өмірдің әр түрлі мәселелері бойынша бастамалар көтеруге және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына тиісті ұсыныстар енгізуге;
     Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да құқықтарды пайдалануға құқығы бар.     

                          3. Қордың мүлкі

     12. Ақшалай және өзге де нысандарда Қор мүлкін қалыптастыру көздері:
     құрылтайшыдан түсетін тұрақты және бір жолғы түсімдер;
     ерікті жарналар мен қайырмалдықтар;
     кәсіпкерлік қызметтен түсетін түсімдер;
     акциялар, облигациялар, басқа да бағалы қағаздар мен салымдар бойынша алынатын дивидендтер (кірістер, пайыздар);
     Қордың меншігінен алынатын кірістер;
     заңмен тыйым салынбайтын басқа да түсімдер болып табылады.
     13. Қорға оның Құрылтайшысы берген мүліктер Қордың меншігі болып табылады.
     Құрылтайшы Қордың міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал Қор Құрылтайшының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
     14. Қордың тапқан табысы тек жарғылық мақсатқа қол жеткізу үшін ғана пайдаланылуға тиіс.
     15. Қор өз мүлкінің пайдалануы туралы есептерді жыл сайын ресми баспа басылымдарында жариялап тұрады.     

                          4. Қорды басқару

      16. Қорды басқарудың жоғары органы оның Құрылтайшысы болып табылады.
      17. Құрылтайшы өзінің қарауына Қор қызметінің кез-келген мәселесін алуға, қазақстандық, шетелдік және халықаралық ұйымдарда Қордың мүдделерін білдіруге хақылы.
      18. Қор Құрылтайшысының ерекше құзыретіне мына мәселелерді шешу жатады:
      Қорды қайта ұйымдастыру және тарату;
      Қордың Жарғысын бекіту, оған толықтырулар мен өзгерістер енгізу;
      Қорды басқару органдарын қалыптастыру тәртiбiн айқындау;
      Қор қызметінің басым бағыттарын және перспективалық жұмыс жоспарларын, сондай-ақ олардың орындалуы туралы есептерді бекіту;
      заңнамалық актiлермен белгiленген шектерде Қордың өзге заңды тұлғаларды, сондай-ақ өз филиалдары мен өкiлеттiктерiн құруға немесе олардың қызметiне қатысуы туралы шешiм қабылдау.
      Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.03.07. N 298 Жарлығымен.
      19. Құрылтайшының шешімдері жазбаша нысанда ресімделіп, оның қолы қойылып бекітіледі және Қордың мөрімен куәландырылады.
      20. Құрылтайшының шешімдері Қордың барлық басқару органдары мен қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті.
      21. Қорды басқарудың тұрақты қызмет ететiн алқалық органы төрағаны қоса алғанда, тоғыз адамнан тұратын Қордың Қамқоршылық кеңесi болып табылады.
      Қамқоршылық кеңестiң төрағасы лауазымы бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнiң Іс басқарушысы болып табылады.
      Қамқоршылық кеңесiнiң құрамын оның төрағасы қалыптастырады және Құрылтайшы бекiтедi.
      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2007.03.07. N 298 Жарлығымен.
      22. Қамқоршылық кеңес мүшелерiнiң көпшiлiгi некеде тұратын және жақын туыс адамдар, сондай-ақ Қордың штаттағы қызметкерi бола алмайды.
      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2007.03.07. N 298 Жарлығымен.
      23. Қамқоршылық кеңестiң ерекше құзырына:
      Қор қызметiнiң оның жарғылық мақсаттарына сәйкестiгiн бақылауды жүзеге асыру;
      атқарушы директорды тағайындау;
      Қордың ұйымдық қызмет ету мәселелерiн шешу және тиiстi құжаттарды бекiту жатады.
      Қамқоршылық кеңес өз қарауына Құрылтайшының құзырына жататын мәселелерден өзге Қордың қызметiне байланысты кез келген мәселелердi қабылдауға құқылы.
      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2007.03.07. N 298 Жарлығымен.
      24. Қамқоршылық кеңестiң отырысы қажеттiлiгiне қарай өткiзiледi және мүшелерiнiң көпшiлiгi қатысқан жағдайда құқылы болып табылады.
      Қамқоршылық кеңестiң шешiмдерi отырысқа қатысқан мүшелерi санының қарапайым көпшiлiк даусымен қабылданады. Қамқоршылық кеңестiң әрбiр мүшесi бiр дауысқа ие. Дауыстар тең бөлiнген жағдайда Қамқоршылық кеңес төрағасының даусы шешушi болып табылады.
      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2007.03.07. N 298 Жарлығымен.
      25. Қамқоршылық кеңес отырысының хаттамасына Қамқоршылық кеңестiң төрағасы және Қамқоршылық кеңес отырысының хатшысы қол қояды.
      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2007.03.07. N 298 Жарлығымен.
      26. Құрылтайшы тағайындайтын директор Қордың жоғарғы лауазымды тұлғасы болып табылады.
      Директор:
      Қордың қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
      Қор қызметiнiң негiзгi бағыттарын айқындайды;
      Қазақстан Республикасының Парламентiмен, Қазақстан Республикасының Үкiметiмен, саяси партиялармен, өзге де қоғамдық бiрлестiктермен қарым-қатынаста Қордың мүдделерiн бiлдiредi.
      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2007.03.07. N 298 Жарлығымен.
      27. Қордың жеке-дара атқарушы органы Қамқоршылық кеңестiң төрағасы тағайындайтын атқарушы директор болып табылады.
      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2007.03.07. N 298 Жарлығымен.
      28. Атқарушы директор:
      Құрылтайшының, Қамқоршылық кеңестiң және директордың шешiмдерi негiзiнде және оларды орындау мақсатында әрекет етедi және оларға есеп бередi;
      Қордың қызметiн ұйымдастырады және оның нәтижесi бойынша Құрылтайшы мен Қамқоршылық кеңес алдында жауап бередi;
      Қор қызметкерлерiнiң қызметтiк мiндеттерiнiң шеңберiн белгiлейдi;
      Қамқоршылық кеңестiң шешiмдерiне сәйкес Қордың қаражатына және өзге де мүлкiне иелiк етедi;
      Қордың қызметкерлерiн қызметке қабылдайды және қызметiнен босатады, олардың арасында мiндеттердi бөледi;
      Қордың барлық қызметкерлерi орындауға мiндеттi бұйрықтар шығарады және нұсқаулар бередi;
      Қордың атынан сенiмхатсыз әрекет етедi, оның мүддесiн Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік органдарда, өзге де мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдарда және шет елдерде бiлдiредi;
      Қордың атынан мәмiлелер жасасады, сотта сөз сөйлейдi, сенiмхаттар бередi, Қор қызметiнiң мәселелерi бойынша өзге де функцияларды орындайды;
      Құрылтайшының, Қамқоршылық кеңестiң, директордың тапсырмасы бойынша өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2007.03.07. N 298 Жарлығымен.
      29. алып тасталды
      Ескерту. 29-тармақ алып тасталды - ҚР Президентінің 2007.03.07. N 298 Жарлығымен.
      30. Қордың шаруашылық-қаржылық қызметіне бақылауды жүзеге асыру үшін Қор Құрылтайшысы тексеру комиссиясын құруы мүмкін.

            5. Қорды қайта ұйымдастыру және тарату

      31. Қорды қайта ұйымдастыру туралы шешімді Қордың Құрылтайшысы Қамқоршылық кеңестiң ұсынысы бойынша не Құрылтайшының жеке бастамасы бойынша қабылдауы мүмкін.
      Қайта ұйымдастырылған жағдайда, Қордың мүлкі Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес, қайтадан пайда болған заңды тұлғаларға көшеді.
      Ескерту. 31-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.03.07. N 298 Жарлығымен.
      32. Қор Қамқоршылық кеңестiң ұсынысы бойынша Қор Құрылтайшысының шешімімен не Құрылтайшының жеке бастамасы бойынша таратылуы мүмкін.
     Қор таратылған жағдайда, кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған мүлік Қордың жарғылық мақсатына бағытталады.
      Ескерту. 32-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.03.07. N 298 Жарлығымен.

6. Қорытынды ережелер

     33. Қор Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген тәртіппен бухгалтерлік есеп пен статистикалық есептілік жүргізеді, өз қызметі туралы салық және статистика органдарына ақпарат береді.
     34. Қор Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, кедендік  төлемдерді қоса алғанда, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлейді.
     35. Қордың қызметі осы Жарғымен реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.