Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссия туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы N 470 Жарлығы

Жаңартылған

       Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2005.05.04. N 1569   жарлығымен

      Шетелде кадрлар даярлауды одан әрi жетiлдiру және оңтайландыру мақсатында қаулы етемін: 
      1. Қоса берілген:
      1) Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегі республикалық комиссия туралы ереже;
      2) Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссияның құрамы бекітілсiн.
       Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2005.05.04. N 1569   жарлығымен
      1-1. Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендиясына тағайындау үшiн үмiткерлердi iрiктеу ережелерiн бекiтсiн.
       Ескерту. 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2004.05.14. N 1368   жарлығымен , жаңа редакцияда - 2005.05.04. N 1569   жарлығымен
      1-2. Қазақстан Республикасы орталық және жергілiктi атқарушы органдарының басшылары жыл сайын 1 қыркүйектен кешiктiрмей Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссияға Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша мамандар даярлауға өтiнiм берiп тұрсын.
       Ескерту. 1-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2005.05.04. N 1569   жарлығымен .
      2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр актiлерiне мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн: 
      1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 5 қарашадағы N 1394 "Шетелде кадрлар даярлау үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендияларын белгiлеу туралы"  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1993 ж., N 43, 515-құжат): 
      1-тармақта: 
      бiрiншi абзацта "250 халықаралық стипендиясы" деген сөздер "халықаралық стипендиясы" деген сөздермен ауыстырылсын;
      екiншi абзацта "Министрлер Кабинетi" деген сөздер "Үкiметi" деген сөзбен ауыстырылсын;
      4-тармақта "Бiлiм министрлiгіне" деген сөздер "Бiлiм және ғылым министрлiгiне" деген сөздермен ауыстырылсын;
      5-тармақтың күшi жойылды деп танылсын;
      2) <*>
       Ескерту. 2)- тармақшаның күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.01.09. N  1696  жарлығымен.

      3. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

        

Қазақстан Республикасы 
Президентiнiң     
2000 жылғы 12 қазандағы
N 470 қаулысына    
ҚОСЫМША         

       Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2005.05.04.  N 1569 , өзгерту енгізілді - 2008.02.08.  N 531  Жарлықтарымен.

Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi
республикалық комиссияның
ҚҰРАМЫ
(лауазымдар бойынша )

Қазақстан Республикасы
Мемлекеттiк хатшысы             - төраға
Қазақстан Республикасы
Бiлiм және ғылым министрi       - төрағаның орынбасары
Қазақстан Республикасы
Бiлiм және ғылым вице-министрi  - хатшы

Комиссия мүшелерi:

      Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрi
      Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрi
      Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрi
      Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрi
      Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрi
      Қазақстан Республикасы Әділет министрi
      Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң төрағасы
      Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетiнiң төрағасы
      Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсi Әлеуметтiк-мәдени даму комитетiнiң төрағасы
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi Кадр саясаты бөлiмiнiң меңгерушiсi
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлігі Әлеуметтiк-саяси бөлiмiнiң меңгерушiсi
      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Әлеуметтік-экономикалық бөлімінің меңгерушісі
      "Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы түлектерінің қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің президенті

Қазақстан Республикасы         
Президентінің             
2000 жылғы 12 қазандағы        
N 470 Жарлығымен           
бекітілген              

  Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ"
халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеу және
оны тағайындау туралы 
Ереже

       Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2004.05.14. N 1368   жарлығымен .

      Осы Ереже Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Шетелде кадрлар даярлау үшін Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендияларын белгілеу туралы" 1993 жылғы 5 қарашадағы N 1394 қаулысымен бекiтілген, шетелде кадрлар даярлау үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендиясына (бұдан әрі - "Болашақ" стипендиясы) үмiткерлердi iрiктеу мен оны тағайындаудың тәртiбiн айқындайды.

  1. Жалпы ережелер

      1. "Болашақ" стипендиясы дербес болып табылады және оны жарияланатын рейтингтерге сәйкес үздік көрсеткiштерге ие болған шетелдiк жоғары оқу орындарында Қазақстан Республикасы үшiн экономика мен әлеуметтік аяның басым салалары бойынша магистр (шебер) дәрежесiндегi мамандар, сондай-ақ бiлім беру және ғылым ұйымдары үшiн доктор дәрежесiндегi ғылыми-педагогикалық кадрлар және денсаулық сақтау ұйымдары үшiн клиникалық ординатура, аспирантура және докторантура деңгейiнде мамандар даярлау мақсатында Шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссия (бұдан әрi - Республикалық комиссия) жыл сайын тағайындайды.
      2. "Болашақ" стипендиясы республикалық бюджеттен төленеді және ол оқу, визаларды ресiмдеу үшiн жұмсалатын шығыстардың барлық түрiне ақы төлеудi, шетелдiк жоғары оқу орындарының сауалнама нысандарына ақы төлеудi, қабылдаушы елдердің уәкiлеттi органдарында стипендиаттарды тiркеудi, стипендиаттарды шетелдiк жоғары оқу орындарына орналастыру жөнiндегi шығыстарға ақы төлеуді, телефон, электрондық, почта байланысына, тұруына, тамақтануына, оқулық әдебиетке, медициналық сақтандыруға, оқуға түскен кезде Қазақстанда тұратын жерiнен оқитын жерiне және оқуды бiтiргеннен кейiн қайтуға, оқу мерзiмi бiр жылдан астам болған жағдайда әрбiр оқу жылынан кейiн Қазақстандағы тұратын жерiне дейiнгi және қайту жолына шығыстарды, үмiткерлердi iрiктеу жөнiндегi сараптау комиссиясының шығыстарын, шетелдiк серiктестердiң Республикалық комиссияның жұмыс органымен шарттары бойынша олардың мiндеттемелерiн орындауына байланысты шығыстарын, сондай-ақ конкурстық iрiктеудi ақпараттық қолдауды: бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлауды, конкурстың қорытындыларын ресми баспасөзде жариялауды, өңiрлердегi тұсаукесер iс-шараларды қамтиды.
      Стипендияның мөлшерiн әрбiр оқу орны бойынша шетелдiк оқу орны, шетелдiк серiктестер, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi ұсынған калькуляцияның негiзiнде Республикалық комиссияның жұмыс органы белгiлейдi.
      3. "Болашақ" стипендиясы магистратурада оқу үшiн 1 жылдан 2 жылға дейiнгi мерзiмге, аспирантура мен докторантурада оқу үшiн 3 жылдан 4 жылға дейiнгі, бiрақ шетелдiк оқу орнының оқу жоспарында көзделген мерзiмнен аспайтын мерзiмге тағайындалады. Осы Ереженiң 6-тармағының екiншi абзацында көзделген жағдайларда оқу мерзiмi бiр семестрге ұзартылады. Стипендия стипендиаттарға Республикалық комиссияның жұмыс органы мен стипендиат арасында жасалатын келiсiм-шарттың негiзiнде бөлiнедi.
      "Болашақ" стипендиясы бiр рет тағайындалады.

  2. "Болашақ" стипендиясына үмiткерлерге қойылатын талаптар

      4. "Болашақ" стипендиясын беруге арналған конкурсқа қатысуға Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарын бiтiрген және мамандығы бойынша кемiнде бiр жыл жұмыс iстеген Қазақстан Республикасының 35 жасқа дейiнгі азаматтары жiберiледi. Медициналық мамандықтар бойынша оқуға үмiткерлердiң денсаулық сақтау ұйымдарындағы 3 жылдан кем емес жұмыс стажы болуға тиiс. Магистрлiк бағдарлама бойынша ординатура мен аспирантурада оқу үшiн үмiткердiң кәсiптiк жоғары бiлiмi болуға тиiс. Докторлық бағдарлама бойынша оқу үшiн үмiткердiң магистр немесе ғылым кандидаты дәрежесi болуға тиiс.
      Конкурсқа сондай-ақ әлемнiң алдыңғы қатарлы елдерiнiң жарияланатын рейтингтерге сәйкес үздiк көрсеткiштерге ие болған шетелдiк жоғары оқу орындарына магистратураға, аспирантураға, докторантураға өз бетiнше оқуға түскен Қазақстан Республикасының азаматтары да қатыса алады.
      5. Кандидаттар мынадай талаптарға сәйкес келуi тиiс:
      Қазақстан Республикасының жоғары оқу орнын бiтiргендегi орташа үлгерiм балы 4,5-тен кем болмауға тиiс;
      қабылдаушы тараптың тиiстi тестiлерi мен емтихандарын тапсырғаны туралы сертификаттармен, шетелдiк тәуелсiз сараптау комиссиясының тұжырымымен немесе басқа да құжаттармен расталған шет тілдерiнiң (ағылшын, немiс, француз және басқа) бiрiн еркiн бiлуге;
      компьютердi пайдаланушы режимiнде бiлуге;
      жарияланымдармен, авторлық куәлiктермен, баяндамалардың тезистерiмен, дипломдармен, грамоталармен расталған ғылыми-зерттеу жұмысына белсене және нәтижелi қатысуы;
      Қазақстан Республикасының тарихы мен мәдениетiн, мемлекеттiк құрылымын, мемлекеттiк рәмiздерiн бiлуге тиiс.
      Доктор дәрежесiне оқуға үмiткерлер сонымен қатар бiлiм беру (ғылым) ұйымының Ғылыми кеңесiнiң ұсынымын тапсыруға тиiс.
      Шетелдiк оқу орындарына магистр, аспирант, доктор бағдарламалары бойынша өз бетiмен оқуға түскен тұлғалар:
      дәлелдi өтiнiшiн;
      үмiткер оқып жатқан шетелдiк оқу орнының ұсынымын қосымша ұсынады.
      Доктор бағдарламасы бойынша оқуға түскендер сонымен қатар шетелдiк оқу орны бекiткен докторлық диссертациясының кеңейтiлген жоспарын тапсырады.
      6. Инженерлiк, техникалық және медициналық мамандықтар бойынша үмiткерлер "Болашақ" стипендиясына арналған конкурсқа осы Ереженiң 5-тармағында көзделген шет тілдерiнiң бiрiн еркiн бiлуi туралы талап ескерілместен, қатыса алады.
      Инженерлiк, техникалық және медициналық мамандықтар бойынша оқытуға арналған конкурстың жеңiмпаздарына "Болашақ" стипендиясының есебiнен шет тiлi бойынша бiр семестрлiк даярлықтан өтуге рұқсат берiледi. Егер стипендиат шет тiлiн магистр, ординатор, аспирант немесе доктор бағдарламасы бойынша оқу үшiн қажеттi көлемде меңгермеген жағдайда, ол "Болашақ" стипендиясы бойынша оқуын одан әрi жалғастыру құқығынан айырылады және шет тiлiн алдын ала үйренуге жұмсалған шығындарды республикаға өтейдi.

  3. "Болашақ" стипендиясын алуға үмiткерлердi iрiктеудiң тәртiбi

      7. "Болашақ" стипендиясын алуға iрiктеу үш турдан тұрады, ал әлемнiң алдыңғы қатарлы елдерiнiң жарияланатын рейтингтерге сәйкес үздiк көрсеткiштерге ие болған жоғары оқу орындарында магистр, ординатор, аспирант, доктор бағдарламалары бойынша оқуға өз бетiнше түскен азаматтар үшiн бiр турдан (соңғы үшiншi тур) тұрады.
      Бiрiншi турға осы Ереженiң 5, 6-тармақтарында баяндалған өлшемдерге сәйкес келетiн және жыл сайын Республикалық комиссия бекiтетiн Қазақстан неғұрлым қажетсiнетiн мамандықтар тiзбесiне сәйкес салаларда маманданып жүрген кандидаттардың қатысуға құқығы бар.
      Жұмыс органы бiрiншi турды өткiзуге дейiн ресми баспасөзде конкурстың басталуы туралы хабарландыру және Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Болашақ" халықаралық стипендиясына үмiткерлердi iрiктеу және оны тағайындау туралы ереженi жариялайды, сондай-ақ үмiткерлердiң құжаттарын қабылдауды және олардың белгiленген талаптарға сәйкестiгiн тексерудi жүзеге асырады, осыдан кейiн оларды сараптау комиссиясының қарауына жiбередi.
      Конкурстың бiрiншi турын сараптау комиссиясы жыл сайын маусымның 1-не дейiн өткiзедi. Сараптау комиссиясының ережесi мен құрамын жұмыс органының ұсынуы бойынша Республикалық комиссияның төрағасы бекiтедi.
      Жұмыс органы конкурстың бiрiншi турынан кейiн бiр апта iшiнде ресми баспасөзде конкурстың екiншi турына ұсынылған үмiткерлердiң тiзiмiн жариялайды және оны шетелдiк сараптау комиссиясына бередi. Конкурстың екiншi турын жыл сайын 5 маусым - 5 шiлде аралығында шетелдiк сараптау комиссиясы өткiзедi. Бiрiншi турдан ойдағыдай өткен үмiткерлер шет тiлдерiнiң бiрiн еркiн меңгергендiгiне тестiлеуден және әңгiмелесуден өтедi. Шетелдiк сараптау комиссиясының құрамын және жұмысын ұйымдастыруды "Болашақ" стипендиаттарын оқуға қабылдайтын шетелдiң уәкiлеттi ұйымымен бiрлесiп, Республикалық комиссияның жұмыс органы белгiлейдi. Тестiлеудiң нәтижелерi бойынша сарапшылар жұмыс органы белгiлеген нысанда әр кандидатура бойынша өзiнiң қорытындысын бередi.
      Әрбiр кандидатура бойынша жеке қорытындылар Республикалық комиссияның жұмыс органына екiншi тур аяқталғаннан кейiн бiр ай мерзiмде тапсырылады.
      Республикалық комиссияның жұмыс органы шетелдiк сарапшылардың қорытындылары мен "Болашақ" стипендиясына үмiткерлердiң ресми сертификаттарының көшiрмелерiн, екi iрiктеу турынан ойдағыдай өткен, сондай-ақ әлемнiң алдыңғы қатарлы елдерiнiң үздiк жоғары оқу орындарына магистр, ординатор, аспирант немесе доктор бағдарламалары бойынша өз бетiнше оқуға түскен үмiткерлердiң жеке iстерiмен қоса үшiншi турға ұсынады.
      Конкурстың үшiншi турын Республикалық комиссия жыл сайын 1 тамыздан кешiктiрмей өткiзедi.
      Республикалық комиссия екi iрiктеу турынан өткен, сондай-ақ әлемнiң алдыңғы қатарлы елдерiнiң үздiк жоғары оқу орындарына магистр, ординатор, аспирант немесе доктор бағдарламалары бойынша өз бетiнше оқуға түскен үміткерлердiң жеке iстерiн зерделейдi және жеке әңгiмелесу өткiзедi. Республикалық комиссия әңгiмелесудiң нәтижелерiне және Қазақстан Республикасының мамандарға деген қажеттiлiгiне сәйкес стипендияға кандидаттарды iрiктейдi.
      8. Шетелде оқуға ұсынылған үмiткерлерге "Болашақ" стипендиясын тағайындау туралы түпкiлiктi шешiмдi Республикалық комиссия қабылдайды.
      Шешiм мәжiлiстiң хаттамасымен ресiмделедi және оған комиссияның қатысып отырған барлық мүшелерi қол қояды.

  4. Шетелде оқыту үшiн стипендиатпен келiсiм-шарт мiндеттемелерiн жасасу мен орындау

      9. Республикалық комиссия "Болашақ" стипендиаттарының тiзiмiн бекiткеннен кейiн Республикалық комиссияның жұмыс органы стипендиатпен келiсiм-шарт жасасады.
      Келiсiм-шарт мiндеттi түрде:
      келiсiм-шарттың мәнiн;
      тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiн;
      осы Ереженiң 12-тармағында көзделген жағдайда стипендиаттың оны оқытуға жұмсалған қаражатты қайтаруы жөнiндегi мiндеттемелерiн орындауын қамтамасыз етудiң тәсiлiн;
      оқытудың мерзiмi мен шарттарын;
      осы Ереженiң 13-тармағында көзделген жағдайдан басқа, стипендиаттың (шетелде оқуы аяқталғаннан кейiн) бес жыл өтеу жұмысын iстеуi үшiн мiндеттi түрде Қазақстан Республикасына қайтып оралуы туралы шартты қамтуы тиiс.
      10. Келiсiм-шарт "Болашақ" стипендиаттарын оқытуға шетелдік серiктестерге, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiне ақша аудару үшiн негіз болып табылады.
      11. Шетелдiк серiктестерге, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелеріне ақша аударғаннан кейiн Республикалық комиссияның жұмыс органы келiсiм-шартта көрсетiлген мерзiмде шетелдің жоғары оқу орындарында оқыту үшiн стипендиаттарды жiберудi қамтамасыз етедi.
      12. Егер стипендиат оқу бағдарламасынан дәлелсiз себептермен шығып қалса, келiсiм-шартта көзделген өзiнiң мiндеттемелерiн орындамаса, ол оны оқытуға жұмсалған ақшаның бүкiл сомасын қайтаруға тиiс.
      13. Стипендиаттың Республикалық комиссияның жазбаша келiсiмiн алған жағдайда шетелдегi халықаралық ұйымға еңбекпен өтеуі үшiн жұмысқа тұруына құқығы бар.
      Стипендиаттардың жұмысқа тұруға құқығы бар халықаралық ұйымдардың тiзбесiн жыл сайын Республикалық комиссия бекiтедi.
      14. Стипендиат келiсiм-шартта көрсетiлген форс-мажорлық жағдайлардың салдарынан өзiнiң мiндеттемелерiн толық немесе iшiнара орындамаған жағдайда оған жауапты болмайды.

Қазақстан Республикасы        
Президентінің            
2000 жылғы 12 қазандағы       
N 470 Жарлығымен          
бекітілген             

                  Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі
                   республикалық комиссия туралы
                              Ереже 

       Ескерту. Мәтiн бойынша "республикалық комиссия" деген сөздер "Республикалық комиссия" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Президентінің 2004.05.14. N 1368   жарлығымен .     

                       1. Жалпы ережелер

      1. Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі Республикалық комиссия (бұдан әрі - Республикалық комиссия) Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы (бұдан әрі - "Болашақ" халықаралық стипендиясы) мәселелері жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында құрылған Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
       Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2008.02.08.  N 531  Жарлығымен.
      2. Республикалық комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері мен осы Ережені басшылыққа алады. 
      3. Республикалық комиссияның құрамын Қазақстан Республикасының Президенті белгілейді. Республикалық комиссияны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы басқарады. Республикалық комиссия төрағасының орынбасары Қазақстан Республикасы Білiм және ғылым министрі, хатшысы - Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым вице-министрі болып табылады.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.05.04. N 1569   жарлығымен
      3-1. Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгi Республикалық комиссияның жұмыс органы болып табылады. 
       Ескерту. 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2004.05.14. N 1368   жарлығымен .

             2. Республикалық комиссияның міндеттері 

      4. Республикалық комиссияның негізгі міндеттері:
      1) шетелде кадрлар даярлау жөніндегі жалпы стратегияны айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу ережесіне (бұдан әрі - Іріктеу ережелері) сәйкес "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешімді, сондай-ақ "Болашақ" халықаралық стипендиясынан айыру және одан бас тартуды қабылдау туралы шешімді қабылдау;
      3) әрбір мамандық бойынша "Болашақ" халықаралық стипендиясының шекті санын анықтай отырып басым мамандықтардың жыл сайынғы тізбесін бекіту;
      4) Іріктеу ережелерімен айқындалған тұлғалар санатына "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін жыл сайынғы квотаны белгілеу;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, негізгі қызмет үшін қажетті өзге де функцияларды жүзеге асыру болып табылады.
       Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2008.02.08.  N 531  Жарлығымен.

           3. Республикалық комиссияның ұйымдастырылуы 
                    мен қызметінің тәртібі  

      5. Республикалық комиссияның төрағасы республиканың заңдары мен осы Ережеге сәйкес оның жұмысын ұйымдастырады және Республикалық комиссияның қызметiн қамтамасыз етедi.
       Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2004.05.14. N 1368   жарлығымен , өзгеріс енгізілді - 2005.05.04. N 1569   жарлығымен
      5-1. Республикалық комиссияның төрағасы болмаған жағдайда, оның функцияларын төрағаның орынбасары жүзеге асырады.
       Ескерту. 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2005.05.04. N 1569   жарлығымен
      6. Республикалық комиссияның хатшысы жұмыс органы дайындаған құжаттар мен материалдарды Республикалық комиссияның қарауына ұсынады. <*>
       Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2004.05.14.  N 1368 , 2008.02.08.  N 531  Жарлықтарымен.
      7. Республикалық комиссияның төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшы мен мүшелері оның жұмысына қоғамдық негізде қатысады.
       Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.05.04. N 1569   жарлығымен .  
      8. Республикалық комиссияның отырыстары оның жоспарына сәйкес өткізіледі. Жоспардан тыс отырыстар қажеттігіне қарай Республикалық комиссия төрағасының шешімі бойынша өткізіледі. 
      Республикалық комиссияның отырыстары комиссия мүшелерінің жалпы санының үштен екісі қатысқан жағдайда құқықтық күші болады. 
      9. Республикалық комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы отырысқа қатысып отырған комиссия мүшелері санының кем дегенде төрттен үшінің дауысымен қабылданады.
       Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2008.02.08.  N 531  Жарлығымен.
      10. Республикалық комиссияның жұмыс органы:
      1) "Болашақ" халықаралық стипендиясына үміткерлердің жеке істерінің мазмұнына қойылатын жалпы талаптарды белгілейді;
      2) Республикалық комиссияның қарауына және бекітуіне басым мамандықтар тізбесін енгізеді;
      3) "Болашақ" халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелде оқыту үшін ұқсас мамандықтар тізбесін, "Болашақ" халықаралық стипендиясы иегерлерін оқыту және олардың ғылыми тағлымдамадан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтарының және зертханаларының тізімін, "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін бағалар баламалылығы кестесін бекітеді;
      4) "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша іс-шараларды іске асыруға республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде шет елдердің уәкілетті органдары және/немесе шетелдік жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтары, зертханалары және/немесе шет мемлекеттердің уәкілетті органдары айқындайтын оқытуды ұйымдастыру жөнінде қызмет көрсететін шетелдік ұйымдар ұсынған құжаттардың негізінде "Болашақ" халықаралық стипендиясы иегерлерінің оқуы мен ғылыми тағлымдамасын ұйымдастыруға байланысты шығыстар нормаларын әзірлейді;
      5) "Болашақ" халықаралық стипендиясына құжаттарды қабылдау және конкурс өткізу мерзімдерін бекітеді;
      6) тәуелсіз сараптама комиссиясының дербес құрамын, жұмыс тәртібін және оны ұйымдастыруды бекітеді;
      7) үміткерлер үшін мемлекеттік тілді білудің қажетті ең төменгі деңгейін, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтарының, зертханаларының талаптарын ескере отырып, шет тілдерін білудің қажетті ең төменгі деңгейін белгілейді;
      8) үміткерлердің материалдарын Республикалық комиссияның қарауына енгізеді;
      9) "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша іс-шараларды қамтамасыз ету және іске асыру үшін қажетті, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де функцияларды жүзеге асырады.
       Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2008.02.08.  N 531  Жарлығымен.

          4. Қызметінің тоқтатылу тәртібі

       11. Республикалық комиссияның қызметін тоқтату туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды.