Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 8 ақпандағы N 531 Жарлығы

Қазақстан Республикасының Президенті 
мен Үкіметі актілерінің жинағында  
жариялануға тиіс            

      Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеу және оны тағайындау жөніндегі жұмысты одан әрі жетілдіру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің мынадай актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) "Шетелде кадрлар даярлау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендияларын белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 5 қарашадағы N 1394 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1993 ж., N 43, 515-құжат; 1997 ж., N 10, 68-құжат; 2000 ж., N 43, 503-құжат; 2005 ж., N 19, 227-құжат):
      3-тармақ алып тасталсын;

      2) "Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы N 470 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., N 43, 503-құжат; 2004 ж., N 22, 276-құжат; 2005 ж., N 19, 227-құжат; 2006 ж., N 1, 2-құжат):
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы ережеде:
      1-тармақта:
      "стипендиясын тағайындау үшін кандидатуралар іріктеу" деген сөздер "стипендиясы мәселелері жөніндегі іс-шараларды іске асыру" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясын" деген сөздерден кейін "(бұдан әрі - "Болашақ" халықаралық стипендиясы)" деген сөздермен толықтырылсын;

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Республикалық комиссияның негізгі міндеттері:
      1) шетелде кадрлар даярлау жөніндегі жалпы стратегияны айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу ережесіне (бұдан әрі - Іріктеу ережелері) сәйкес "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешімді, сондай-ақ "Болашақ" халықаралық стипендиясынан айыру және одан бас тартуды қабылдау туралы шешімді қабылдау;
      3) әрбір мамандық бойынша "Болашақ" халықаралық стипендиясының шекті санын анықтай отырып басым мамандықтардың жыл сайынғы тізбесін бекіту;
      4) Іріктеу ережелерімен айқындалған тұлғалар санатына "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін жыл сайынғы квотаны белгілеу;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, негізгі қызмет үшін қажетті өзге де функцияларды жүзеге асыру болып табылады.";

      6-тармақта "және шетелдік сарапшы комиссиялар" деген сөздер алып тасталсын;

      9-тармақта "санының" деген сөзден кейін "кем дегенде" деген сөздермен толықтырылсын;

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "10. Республикалық комиссияның жұмыс органы:
      1) "Болашақ" халықаралық стипендиясына үміткерлердің жеке істерінің мазмұнына қойылатын жалпы талаптарды белгілейді;
      2) Республикалық комиссияның қарауына және бекітуіне басым мамандықтар тізбесін енгізеді;
      3) "Болашақ" халықаралық стипендиясы шеңберінде шетелде оқыту үшін ұқсас мамандықтар тізбесін, "Болашақ" халықаралық стипендиясы иегерлерін оқыту және олардың ғылыми тағлымдамадан өтуі үшін ұсынылатын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтарының және зертханаларының тізімін, "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін бағалар баламалылығы кестесін бекітеді;
      4) "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша іс-шараларды іске асыруға республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде шет елдердің уәкілетті органдары және/немесе шетелдік жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтары, зертханалары және/немесе шет мемлекеттердің уәкілетті органдары айқындайтын оқытуды ұйымдастыру жөнінде қызмет көрсететін шетелдік ұйымдар ұсынған құжаттардың негізінде "Болашақ" халықаралық стипендиясы иегерлерінің оқуы мен ғылыми тағлымдамасын ұйымдастыруға байланысты шығыстар нормаларын әзірлейді;
      5) "Болашақ" халықаралық стипендиясына құжаттарды қабылдау және конкурс өткізу мерзімдерін бекітеді;
      6) тәуелсіз сараптама комиссиясының дербес құрамын, жұмыс тәртібін және оны ұйымдастыруды бекітеді;
      7) үміткерлер үшін мемлекеттік тілді білудің қажетті ең төменгі деңгейін, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтарының, зертханаларының талаптарын ескере отырып, шет тілдерін білудің қажетті ең төменгі деңгейін белгілейді;
      8) үміткерлердің материалдарын Республикалық комиссияның қарауына енгізеді;
      9) "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша іс-шараларды қамтамасыз ету және іске асыру үшін қажетті, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де функцияларды жүзеге асырады.";

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның құрамына (лауазымдар бойынша):
      "Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы түлектерінің қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің президенті енгізілсін;
      "Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі" деген жол мынадай редакцияда жазылсын:
      "Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Әлеуметтік-экономикалық бөлімінің меңгерушісі".

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті