Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының және шаруашылық жүргізуші субъектілерінің шетелдік ұйымдардың алдындағы берешегін өтеудің тетігі мен тәсілін жасау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Мынадай құрамда тұрақты жұмыс істейтін Шетелдік ұйымдардың алдындағы берешек мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылсын:
Қазақстан Республикасының Әділет министрі, төраға
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жауапты хатшысы, төрағаның орынбасары
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау департаментінің директоры, хатшы
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі
Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі
Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 N 970 қаулысымен.
2. Қоса беріліп отырған Шетелдік ұйымдардың алдындағы берешек мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже бекітілсін.
3. "Шетелдік кредиторлардың алдындағы берешектердің проблемасын шешу жөніндегі кейбір шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 1 шілдедегі N 913 қаулысының 1, 2, 3-тармақтарының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
1999 жылғы 28 желтоқсандағы
N 2005 қаулысымен
бекітілген
Шетелдік ұйымдардың алдындағы берешек мәселелері
жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы
Ереже
1. Жалпы ережелер
Шетелдік ұйымдардың алдындағы берешек мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі - Ведомствоаралық комиссия) қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына, Азаматтық кодекске, Бюджет кодексiне, "Инвестициялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 1-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2000.03.16 N 409, 2002.03.29. N 371, 2005.03.02. N 191 Қаулыларымен.
2. Негізгі міндеттері мен функциялары
Ведомствоаралық комиссияның негізгі міндеті Қазақстан Республикасының шетел ұйымдары алдындағы берешек мәселелерін шешу бойынша ұсыныстар дайындау болып табылады.
Ведомствоаралық комиссияның функциялары:
- шетел ұйымдарының алдындағы берешектер бойынша материалдарды қарау;
- берешектердi өтеу тетiгi жөнiнде ұсыныстар мен ұсынымдарды пысықтау.
Ескерту. 2-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.06.02. N 498 Қаулысымен.
3. Ведомствоаралық комиссияның органдары
Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Ведомствоаралық комиссияның жұмысын ұйымдастырады, отырыстарда төрағалық етеді, жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады.
Төрағаның жоқ кезінде оның функцияларын орынбасары орындайды.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
Комиссияның жұмыс органы комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар Комиссия отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса Комиссия мүшелеріне жіберілуі тиіс.
Комиссия отырысы өткізілгеннен кейін Комиссия хатшысы хаттама ресімдейді.
Ескерту. 3-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
4. Жұмысын жоспарлау
Ведомствоаралық комиссияның отырыстарында қаралатын мәселелер тізбесі Ведомствоаралық комиссияның жұмыс органының материалдарды ұсынуына қарай жасалады.
Бекітілген тізбе Ведомствоаралық комиссия мүшелеріне тізім бойынша жіберіледі. Жоспарланған мәселені тізбеден алып тастау немесе оның қаралуын басқа мерзімге көшіру туралы шешімді Төраға қабылдайды.
Ведомствоаралық комиссияның кезектi мәжiлiсiн дайындау үшiн Жұмысшы органы сұратқан материалдарды оған министрлiктер мен ведомстволар үш күн мерзiмде ұсынады.
Ескерту. 4-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2000.03. 16 N 409 қаулысымен.
5. Ведомствоаралық комиссияның отырыстарын
дайындау және өткізу тәртібі
Ведомствоаралық комиссияның отырыстары қажеттілiгiне орай өткізіледі және оларды Төраға шақырады. Берешек проблемалары жөнінде шұғыл шешім қабылдау қажет болған жағдайларда Төрағаның шақыруымен комиссияның кезектен тыс отырысының өткізілуі мүмкін.
Ведомствоаралық комиссияның отырыстары ашық болып табылады және мемлекеттік және/немесе орыс тілдерінде өткізіледі.
Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру Комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
Комиссия мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, оны білдірген жағдайда, ол жазбаша түрде жазылуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген Комиссияның есеп-хатына қоса берілуі тиіс.
Комиссия отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтарының негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.
Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, Комиссия хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Комиссия мүшелеріне келісу үшін жібереді.
Комиссия мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.
Дауыс беру парақтарымен қоса, комиссия материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.
Ескерту. 5-бөлімге өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.03.02. N 191, 2006.06.02. N 498; 09.04.2014 N 329 қаулыларымен.
6. Қызметін тоқтату
Ведомствоаралық комиссияның қызметін тоқтатуға Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негіз болып табылады.