Сот практикасында жеке және заңды тұлғалардың ар-намысын, қадір-қасиетін және iскерлiк беделін қорғау жөніндегі заңнаманы қолдану туралы

1992 жылғы 18 желтоқсандағы № 6 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырыбы және деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "АІЖК-нің", "АК" деген сөздер тиісінше "АПК-нің", "АК-нің" деген сөздермен ауыстырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Жеке және заңды тұлғалардың ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін кемітетін, шындыққа сай келмейтiн мәліметтердің таралуына жол бермеуге бағытталған заңнамада көзделген шаралар жеке мүліктік емес құқықтар мен игіліктерді қорғаудың тиімді құралы болып табылады.

      Жеке және заңды тұлғалардың ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау жөніндегі заңнаманың біркелкі қолданылуы мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      1. Азаматтардың және ұйымдардың ар-намысына және қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтерді тарату деп баспада жарияланған, радио, телевизия арқылы, басқа да масс-медианы пайдаланып хабарланған, мінездемелерде, көпшілік алдында сөз сөйлеуде, әртүрлі ұйымдарға, лауазымды адамдарға жолданған арыздарда көрсетілген немесе басқа, оның ішінде бірнеше немесе ең болмағанда бір адамға ауызша хабарланған мәліметтер танылатынын соттардың ескергені жөн. Бір адамға қатысты мұндай мәліметтер оған ғана хабарланған кезде оларды тарату деп танылуы мүмкін емес.

      Заңдарды, қоғамның моральдық қағидаттарын сақтау тұрғысынан қоғамдық пікірде немесе жеке азаматтардың пікірінде азаматтың немесе ұйымның ар-намысы мен қадір-қасиетін кемітетін, шындыққа сай келмейтiн мәліметтер (мысалы, еңбек ұжымында, отбасыда опасыз әрекеттің, лайықсыз қылықтардың жасалғаны туралы мәліметтер; өндірістік-шаруашылық қызметке, беделге нұқсан келтіретін мәліметтер және т.б.) нұқсан келтіретін мәліметтер болып табылады. Сонымен қатар жұмыстағы, қоғамдық орындағы, ұжымдағы, тұрмыстағы кемшіліктерге айтылған, шындыққа сай келетiн сынды қамтитын мәліметтерді теріске шығару туралы талаптар негізді деп танылуы мүмкін емес.

      Ар-намыс - адамға берілген қоғамдық баға, оның рухани және әлеуметтік қасиеттерінің өлшемі.

      Қадір-қасиет - адамның өзінің жеке қасиеттерін, қабілеттерін, дүниетанымын, қоғамдағы маңыздылығын өзін-өзі бағалауы.

      Іскерлік бедел - адамның іскерлік (өндірістік, кәсіптік) қасиеттеріне қоғамның қалыпты оң баға беруі.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      2. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 141, 143-баптарында, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 23 және 150-баптарында көзделген тәртіппен және негіздер бойынша қозғалған азаматтық істерді қараған кезде соттарға: теріске шығару туралы талап қойылған мәліметтердің таратылған-таратылмағанын, олар азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, ұйымның беделіне нұқсан келтіретін-келтірмейтінін және осы мәліметтердің шындыққа сай келетiнiн түбегейлі толық анықтау қажет.

      Ар-намысқа және қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтер шындыққа сай келмейтiнi анықталған жағдайда, жауапкердің осы мәліметтерді таратуда кінәсінің болуы-болмауына қарамастан, оларды теріске шығару міндеті жауапкерге жүктеледі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      3. Соттың шешімдері мен үкімдерінде, құқық қорғау органдарының қаулыларында және басқа да ресми құжаттарда қамтылған мәліметтерді теріске шығару туралы талаптар АПК-нің 23-бабында және АК-нің 143-бабында көзделген тәртіппен қаралуы мүмкін емес, оларға шағым жасау үшін заңда өзге тәртіп көзделген.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      4. Егер жарияланымда нақты адамдардың тектері көрсетілмесе, алайда мәтіннен кім туралы айтылғаны анық көрініп тұрса, сонымен қатар нұқсан келтіретін мәліметтер оның отбасының қайтыс болған мүшесіне немесе заң бойынша мұрагерлер тобына кіретін басқа жақын туысына қатысты таратылған жағдайда, мүдделі тұлға АПК-нің 8-бабына сәйкес ар-намысы мен қадір-қасиетін сотта қорғауға құқығы бар.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      5. Егер нұқсан келтіретін мәліметтер кәмелетке толмағанға немесе белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамға қатысты таратылған болса, АПК-нің 54-бабының үшінші бөлігінде, 55-бабында, 148-бабының үшінші бөлігінде көзделген тәртіппен заңды өкілдері немесе прокурор оның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау туралы талап қоюға құқылы.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      6. АК-нің 9 және 143-баптарының мағынасы бойынша, егер басқа адамға нұқсан келтіретін қауесеттер таратқан адамның әрекетінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 131-бабында көзделген қылмыс белгілері болса, жәбірленуші қылмыстық іс жүргізу тәртібі бойынша кінәлі адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы арызбен (Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексiнің 408-бабы) және азаматтық іс жүргізу тәртібімен ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.

      Нұқсан келтіретін мәліметтерді таратқан адамға қатысты қылмыстық іс қозғаудан соттың бас тартуы, айыптау немесе ақтау үкімінің шығарылуы немесе қылмыстық істің тоқтатылуы азаматтық істі қозғауға кедергі келтірмейді. Басқа адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратқан адамның әрекеттерiнде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 73-3-бабында көзделген құқық бұзушылық белгiлерi болған жағдайда жәбірленуші кінәлі адамды әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы әкімшілік құқық бұзушылық туралы сот ісін жүргізу тәртібі бойынша арызбен сотқа жүгінуге құқылы.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      7. Егер талап қоюда баспада, басқа да масс-медиада (радио, телевизия және т.б. арқылы хабарлау) таратылған мәліметтерді теріске шығару туралы талап қамтылса, жауапкер ретінде автор және тиісті хабарлау органы (редакция, баспа және т.б.) тартылады, оларға сот АК-нің 143-бабының 2-тармағына сәйкес талап қоюшыға нұқсан келтіретін, шындыққа сай келмейтiн мәліметтерді теріске шығару міндетін жүктеуге құқылы. Мұндай мәліметтерді автордың атын көрсетпей (мысалы, редакцияның мақаласында) жариялаған немесе өзгеше таратқан кезде іс бойынша жауапкер тиісті бұқаралық ақпарат органы болып табылады.

      Қызметтік, тұрмыстық және басқа да мінездемелерде нұқсан келтіріліп жазылған мәліметтерді теріске шығару туралы талап қоюлар бойынша мінездемелерге қол қойған адамдар және мінездемені өзінің атынан берген кәсіпорын, мекеме, ұйым жауапкер болып танылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      8. АК-нің 141-бабының 3-тармағына және 143-бабының 1-тармағына сәйкес таратылған мәліметтердің шындыққа сай келетiнін дәлелдеу міндеті жауапкерге жүктеледі. Талап қоюшы талап қоюында көрсетілген адамның ол жөнінде нұқсан келтіретін мәліметтерді тарату фактісін ғана дәлелдеуге міндетті, сонымен қатар ол ар-намысына және қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтердің шындыққа сай келмейтiні жөнінде дәлелдемелерді де ұсынуға құқылы. Егер дәлелдемелер жеткіліксіз болса, сот тараптарға қосымша дәлелдемелер беру жөнінде ұсыныс жасауға немесе өз бастамасымен оларды талап етіп алдыртуға құқылы.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      9. Егер талап қоюшы дау айтқан мәліметтерді масс-медиа ресми хабарламалардан, эфирге шығарылған жиналыстағы сөз сөйлеулерден не авторлық сөз сөйлеулерден, немесе ақпараттық агенттіктерден алған болса, онда соттар АПК-нің 49 және 50-баптарына сәйкес іске жауапкер ретінде масс-медиа редакциясымен қатар, осы мәліметтің шыққан көзі болған органды немесе адамды тартуы мүмкін. Мұндай жағдайда таратылған мәліметтің шындыққа сай келетiнін дәлелдеу міндеті аталған органға және адамға жүктеледі.

      АК-нің-143-бабына сәйкес таратылған мәліметтерді ар-намысқа және қадір-қасиетке нұқсан келтіреді және шындыққа сай келмейді деп таныған сот шешімін баспада жариялауды немесе өзгеше хабарлауды (радиода, телевизияда және т.б.) осы мәліметтерді таратқан сол масс-медиа жүзеге асырады. Іс бойынша жауапкер - масс-медианың соттың түйініне қайшы келетін түсіндірмелер беруіне жол берілмейді. Егер мұндай түсіндірмелерге жол берілсе, онда соттың шешімі орындалмаған болып есептеледі.

      Азамат немесе ұйым сотқа оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген және шындыққа сай келмейтiн мәліметтер таратқан бірнеше масс-медиаға және басқа да органдар мен адамдарға бірден талап қоюға құқылы (АПК-нің 49-бабы).

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      10. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, талап қоюшының ар-намысына және қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығару туралы талаптарына АК-нің 187-бабына орай талап қоюдың ескіру мерзімі қолданылмайды.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      11. Егер талап қоюшыға нұқсан келтіретін мәліметтерді сот шындыққа сай келеді деп таныса, сондай-ақ таратылған мәліметтер оған нұқсан келтірмейтін болса, оларды теріске шығару туралы талаптар қанағаттандырылуға жатпайды.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      12. Талап қоюды қанағаттандырған кезде сот шешiмнiң қарар бөлiгiнде нақты қандай нұқсан келтiретiн мәлiметтердің шындыққа сай келмейдi деп танылғанын және олар қандай тәсiлмен терiске шығарылуы тиіс екендігін көрсетуге міндетті.

      Терiске шығару деп азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне және iскерлiк беделiне нұқсан келтіріп таратылған мәліметтердің шындыққа сай келмейтiні жөнінде жария хабарлау түсiніледі.

      Масс-медиада таратылған және ұйымдардың шығыс құжаттарындағы нұқсан келтiретiн мәлiметтердi терiске шығару тәртiбi АК-нің 143-бабының 2-тармағында айқындалған.

      Басқа жағдайларда терiске шығару тәртібін сот анықтайды.

      Терiске шығару тәртiбiн анықтай отырып, сот барлық жағдайларда нұқсан келтіретін мәліметтердің шындыққа сай келмейтiнін жария түрде хабарлауды қамтамасыз етуге мiндеттi (шығарылған шешiм туралы баспада, радио, телевизия арқылы хабарлау және т.б.).

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      13. Талап қоюшының ар-намысты және қадір-қасиетті қорғау туралы талап қоюмен бір мезгілде нұқсан келтіретін мәліметтерді тарату арқылы келтірілген материалдық залалды өтеу туралы талап қоюға құқығы бар.

      Сот ар-намысты және қадір-қасиетті қорғау туралы талап қоюды, сонымен қатар азаматтың ар-намысқа және қадір-қасиетке нұқсан келтірген мәліметтерді таратудан келтірілген моральдық (мүліктік емес) зиянды не басқа да мүліктік емес зиянды өтеу туралы талабын қарауға құқылы. Моральдық (мүліктік емес) зиянды өтеу мөлшері шешім шығарылған кезде мәліметтің сипатына (қылмыстық іс-әрекет, әкімшілік-құқықтық және азаматтық-құқықтық құқық бұзушылықтар, моральға қайшы қылықтар және т.б. жасағаны үшін айыптау), оларды тарату шегіне, жауапкер кінәсінің нысанына, оның материалдық жағдайына және басқа да назарға алынуы тиіс мән-жайларға қарай ақшалай мәнде айқындалады.

      Моральдық (мүліктік емес) зиянды өтеу туралы талапқа талап қоюдың ескіру мерзімі қолданылмайды (АК-нің 187-бабы).

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      14. Азаматтар мен ұйымдардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау фактілерін жою және алдын алу мақсатында соттар шындыққа сай келмейтiн, нұқсан келтіретін мәліметтерді таратқан адамдарға немесе ұйымдарға қатысты жекеше ұйғарымдар шығару туралы мәселені талқылауы қажет.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      15. Жеке немесе заңды тұлғаның қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығару туралы шешім белгіленген мерзімде орындалмаса немесе тиісінше орындалмаса, жауапкер заңнамалық актілерде көзделген тәртіппен әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін.

      Тәртіп бұзушының айыппұл төлеуі, оны талап қоюшыға нұқсан келтірген мәліметтерді теріске шығару туралы сот шешімін орындау міндетінен босатпайды.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      16. Осы қаулыны қабылдауға байланысты Қазақстан Республикасында кейінгі өзгерістермен және толықтыруларымен "Ар-намысты және абыройды қорғау жөнінде Советтік Социалистік Республикалар Одағының және Одақтас Республикалардың азаматтық заңдар негізінің 7 бабын сот тәжірибесінде қолдану туралы" 1989 жылғы 2 наурыздағы № 2 КСРО Жоғарғы Сотының Пленумының қаулысы қолданылмайды деп танылсын.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      17. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.