Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 23 тамыздағы № 513 қаулысы.

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 24.12.2018 № 873 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы Кәсіпкерлік кодексінің 94-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының ҮкіметіҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 24.12.2018 № 873 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 23 тамыздағы
№ 513 қаулысымен
бекітілген

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2020 № 189 қаулысымен.

1-бөлім. Жалпы ережелер

      1. Осы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес әзірленді және бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға мемлекеттік гранттар беру шарттары мен тетігін айқындайды.

      2. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды беру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы № 746 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) шеңберінде жүзеге асырылады.

      3. "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен немесе Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан жұмыссыз адамдар, кәсіпкерлер және жүгінген сәтте Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бірыңғай жиынтық төлем төлеген адамдар мемлекеттік гранттар алуға үміткерлер болып табылады.

      4. Бұл ретте үміткерлер қатарынан атаулы әлеуметтік көмек алатын, табысы аз және (немесе) көпбалалы отбасылардың мүшелеріне, сондай-ақ қандастар мен қоныс аударушыларға "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өту немесе Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқу талап етілмейді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.03.2021 № 169 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Мемлекеттік грантқа үміткер кәсіпкерлер үшін заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу/дара кәсіпкер мәртебесін ресімдеу мерзімі Бағдарламаның өңірлік операторына мемлекеттік грант алу үшін жүгінген сәтте бір жылдан аз болуға тиіс.

      6. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – комиссия) қорытындысы бойынша Бағдарламаның өңірлік үйлестірушілері арқылы беріледі.

      7. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар нысанындағы қолдау шараларын қаржыландыру республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырылады.

2-бөлім. Терминдер мен анықтамалар

      8. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі – халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган;

      2) бастапқы бизнес (стартап жоба) – заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелу/дара кәсіпкер мәртебесін ресімдеу мерзімі мемлекеттік грант алу, кредиторға кредит/микрокредит алу үшін жүгінген кезде бір жылдан аз уақытты құрайтын Бағдарламаға қатысушылардың бизнес жобалары;

      3) жаңа бизнес-идея – бастапқы бизнесті іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастама;

      4) жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант беру туралы шарт (бұдан әрі – шарт) – халықты жұмыспен қамту орталығы және мемлекеттік грант алушы арасында жасалатын екіжақты жазбаша келісім, оның талаптарына сәйкес мемлекеттік грант алушыға халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша мемлекеттік грант беріледі;

      5) кәсіпкер – өз қызметін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъекті;

      6) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты жұмыспен қамту саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

3-бөлім. Бағдарламаға қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды беру шарттары

      9. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар бизнесті іске асыруды жоспарлайтын Бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде 200 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде беріледі.

      Бұл ретте тиісті қаржы жылындағы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің мөлшері қолданылады.

      10. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар қаражаты қажетті мүкәммалды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, өсімдіктерді, коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілері, сондай-ақ сауда объектілері, оның ішінде жалға алу, пайдалану, сенімгерлік басқару құқығындағы объектілер аумағында Бағдарламаға қатысушының бизнес-жобасын іске асыру үшін ғимараттарды жалға алу ақысы ретінде нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.12.2020 № 932 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредит қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне берілмейді.

      12. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар Бағдарламаға қатысушыларға бір рет беріледі.

      13. Бағдарламаға қатысушылардың жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алуының міндетті шарттары:

      1) комиссияның оң шешімінің болуы;

      2) осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда, Бағдарлама шеңберінде оқуды аяқтағаны туралы құжаттың және бұрын "Еңбек" бағдарламасы шеңберінде қаржылық қолдау алмағаны туралы дәлелдің болуы;

      3) мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен тұрғылықты тұратын жері бойынша тұрақты тіркеуі туралы деректердің болуы.

      14. Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарау үшін аудандар, облыстың маңызы бар қалалар, республикалық маңызы бар қалалар, астана деңгейінде "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми-білім беру мекемелері, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, салалық сарапшылардың қатысуымен құрамы кемінде 5 адамнан тұратын комиссияны құрады.

      Комиссияның отырысы қажеттілігіне қарай өткізіледі, сондай-ақ бейне конфернцбайланыс режимінде өткізілуі мүмкін.

      Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан және комиссия мүшелерінен тұрады. Жергілікті атқарушы органдар мен "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері комиссияның төрағасы бола алмайды.

      Комиссияның хатшысы комиссия отырыстарын ұйымдастыруды жүзеге асырады, төрағамен келісу бойынша отырыс өткізілетін жерді, күнді және уақытты айқындайды, комиссия мүшелерін алдағы отырыс туралы хабардар етеді, отырыс өткізу үшін қажетті материалдарды оның мүшелерінің назарына жеткізеді.

      Комиссия хатшысы оның құрамына кірмейді және шешім қабылдаған кезде оның дауыс беру құқығы болмайды.

      Комиссия отырысына комиссия мүшелерінің жартысынан астамы қатысса, ол заңды деп саналады.

      Отырысқа қатысып отырған мүшелерінің жартысынан астамы дауыс берсе, комиссияның шешімі қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының даусы шешуші болып табылады.

      15. Үміткер (немесе оның нотариат куәландырған сенімхат бойынша өкілі) жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алу үшін тұратын жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінеді және мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Бағдарлама шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алуға өтініш;

      2) жеке басын куәландыратын құжат, ал қандастар үшін – қандас куәлігі (салыстырып тексеру үшін құжаттың түпнұсқасы ұсынылады);

      3) әзірленген бастапқы бизнес-жоспар (осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген адамдар үшін – үлгілік бастапқы бизнес-жоспар);

      4) осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда, Бағдарлама шеңберінде оқудан өткенін растайтын құжаттың көшірмесі;

      5) кәсіпкердің атынан өтініш беру құқығына сенімхат, сенім білдірілген өкілдің жеке басын куәландыратын құжаттың (заңды тұлғаның атынан – заңды тұлға куәландырған) көшірмесі.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 29.03.2021 № 169 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      16. Халықты жұмыспен қамту орталықтары өтініш пен осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген құжаттарды қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ұсынылған өтініштер мен құжаттардың негізінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар алу үшін үміткерлердің тізімін қалыптастырады, оларды комиссияның қарауына жібереді және бір жұмыс күні ішінде бұл туралы өтініш берушіні (еркін нысанда) хабардар етеді.

      Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты алуға үміткер осы Қағидалардың 15-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталығы өтінішті алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды нақты кемшіліктерін көрсете отырып, үш жұмыс күні ішінде пысықтау үшін үміткерге қайтарады.

      Құжаттардың пысықталған топтамасы белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталығы үміткерге оның жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты алуға арналған өтінішінің тізімге енбегені туралы хабарлама жібереді.

      Үміткер жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты алуға үміткерлердің тізіміне енбегені туралы хабарлама алғаннан кейін хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде халықты жұмыспен қамту орталығына қайта жүгіне алады.

      17. Комиссия халықты жұмыспен қамту орталықтарынан құжаттарды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оларды қарайды, мемлекеттік грант беру (бермеу) себептерін көрсете отырып, қорытындылар дайындайды және комиссия қорытындысына қол қойылғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік гранттар беру туралы тиісті қорытындыны халықты жұмыспен қамту орталығына жібереді.

      Комиссияның қорытындысында бизнес-идеялардың енгізуге әзірлігі (өндірісті ұйымдастыру мәселесінің пысықталуы) туралы ақпарат көрсетіледі.

      Қорытынды беру үшін комиссия қажет болған жағдайда мемлекеттік грант алуға үміткер адамдармен жеке әңгімелесу өткізеді не қосымша құжаттарды сұратады.

      18. Халықты жұмыспен қамту орталығы комиссия қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіні қабылданған шешім туралы жазбаша түрде хабардар етеді.

      19. Халықты жұмыспен қамту орталығы комиссия қорытындысын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік грант алушымен шартқа қол қояды.

      20. Мемлекеттік грант алушы грант алған күннен бастап он екі ай бойы бизнесті кеңейтуге бағытталған шараларды қоспағанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатыса алмайды.

      21. Халықты жұмыспен қамту орталықтары "Еңбек нарығы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде мемлекеттік гранттар алған Бағдарламаға қатысушылар туралы мәліметтерді орналастырады.

      22. Халықты жұмыспен қамту орталығы шарт жасасқан күннен кейін екі жұмыс күні ішінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алушының ағымдағы банктік шотына ақша қаражатын аударуды жүзеге асырады және мемлекеттік грант алған Бағдарламаға қатысушы туралы деректерді ауданның (қаланың) салық органына жібереді.

      23. Бағдарламаға қатысушы мемлекеттік грант алған күннен бастап үш ай ішінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында өз қызметін тіркеу немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы оның нысаналы пайдаланылуын растайды.

4-бөлім. Мемлекеттік гранттарды іске асыру мониторингі

      24. Мемлекеттік гранттардың мақсатты пайдаланылуына мониторингті Халықты жұмыспен қамту орталығы жүзеге асырады.

      25. Халықты жұмыспен қамту орталығы шарт жасасқан күннен бастап он екі ай ішінде қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізеді.

      26. "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы бизнес-жобаны іске қосқан сәттен бастап – он екі ай бойы, ал табысы аз және (немесе) көпбалалы отбасылардың мүшелеріне он сегіз ай бойы жобаны сүйемелдеу бойынша сервистік қызмет көрсетуге (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлері) жәрдемдеседі.

      27. Халықты жұмыспен қамту орталығы ай сайын есепті айдан кейінгі айдың бесі күніне қарай Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне мемлекеттік грант алушылардың бастапқы бизнесті іске асыруы туралы есепті жолдайды, онда мынадай ақпарат қамтылады:

      1) жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алған адамдардың саны туралы;

      2) мемлекеттік грант алушылар құрған жұмыс орындарының саны туралы;

      3) сатып алынған мүкәммалдың, еңбек жабдықтарының, техникалық жабдықтардың саны, түрлері, сондай-ақ үй-жайды жалдау ақысын төлеуге бағытталған қаражат туралы;

      4) мемлекеттік гранттың мақсатты пайдаланылуын мониторингтеу нәтижелері туралы;

      5) мемлекеттік грантты алған күннен бастап үш ай ішінде мемлекеттік грант алушылардың бастапқы бизнесті орындауы жөніндегі қызметі туралы;

      6) мемлекеттік грант алушының шарт талаптарын орындауы туралы.

      28. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісі анықталған жағдайда Халықты жұмыспен қамту орталығы анықталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісін көрсетілген факті туралы жазбаша хабардар етеді.

      Халықты жұмыспен қамту орталығы ұсынған ақпараттың негізінде Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі шағын кәсіпкерлік субъектісімен шартты бұзу туралы шешім қабылдайды.

      29. Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі шартты бұзу туралы шешім қабылдаған жағдайда Халықты жұмыспен қамту орталығы аудан (қала) әкімімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен мақсатсыз пайдаланылған мемлекеттік грант қаражатын қайтару бойынша іс-шаралар өткізеді.

  Нәтижелі жұмыспен қамтуды
және жаппай кәсіпкерлікті
дамытудың 2017 – 2021
жылдарға арналған "Еңбек"
мемлекеттік бағдарламасына
қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға
арналған мемлекеттік гранттар
беру қағидаларына
1-қосымша
  Нысан
  ______________________
  ауданының (қаласының)
халықты жұмыспен қамту
орталығының директорына
  ___________________________
  тұрғылықты жері
  ___________________________
  тегі, аты, әкесінің аты (бар
  болса)
  ___________________________
  (қаланың (ауданның) кодын
көрсете отырып, байланыс
телефонының нөмірі,
электрондық пошта мекенжайы)

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алуға өтініш

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы № 746 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант беруді сұраймын.

      Өтінішке Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру қағидаларының 15-тармағына сәйкес құжаттар қоса беріледі.

      Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің көзделген белсенді шараларын алу үшін қажетті менің дербес деректерімді жинауға және өңдеуге келісім беремін.

      Барлығы _________________ құжат ___________________парақта.

      Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты мынаған беруді сұраймын:

      1. Жобаның атауы ______________________________________________.

      2. Жобаның болжамды құны _______________ мың теңге.

      3. Қажетті мүкәммалдың, еңбек құралдарының, технологиялық жабдықтың, жануардың, малдың, құстың сипаттамасы

      ____________________________________________________________________.

      Мемлекеттік грант беру шарттарымен таныстым.

      Күні қолы

  ------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------(кесу сызығы)

      Азамат _____________________________________________ өтініші 20__ жылғы "___" ____________ қабылданды, № ________ болып тіркелді.

      Құжаттарды қабылдаған адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы және қолы:_________________________________________________

  _________________
  Күні
  _______________
  қолы

      *ұсынылған құжаттардың дұрыстығына өтініш беруші жауапты болады.

      ___________________________

  Нәтижелі жұмыспен қамтуды
және жаппай кәсіпкерлікті
дамытудың 2017 – 2021
жылдарға арналған "Еңбек"
мемлекеттік бағдарламасына
қатысушыларға жаңа бизнес-
идеяларды іске асыруға
арналған мемлекеттік гранттар
беру қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның ҚОРЫТЫНДЫСЫ

      Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі мынадай құрамдағы комиссия (бұдан әрі – Комиссия):

      1. Комиссия төрағасы _______________________________________;

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      2. Комиссия мүшесі _________________________________________;
тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      3. Комиссия мүшесі _________________________________________;
тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      4. Комиссия мүшесі __________________________________________;
тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      5. Комиссия мүшесі __________________________________________;
тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      6. Комиссия мүшесі __________________________________________;
тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      7. Комиссия мүшесі __________________________________________;
тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      8. ____________________________________________________________

      9. ____________________________________________________________

      Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты алуға үміткер

      _________________________________________________________________________

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) өтінішін және ұсынған құжаттарын қарап, Комиссия мынадай шешім қабылдады:

      _________________________________________________________________________

      _________________________________________________________________________

      Комиссия негіздемесі (бастапқы бизнестің енгізуге әзірлігі туралы, жаңа жұмыс орындарын құру туралы) ______ парақта.

Комиссия төрағасы
___________________________

Комиссия хатшысы
_____________________________

(тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)
_________________________
қолы

(тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)
_____________________________
қолы

      күні __________________________________