"Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 23 тамыздағы № 513 қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы Кәсіпкерлік кодексінің 94-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының ҮкіметіҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 23 тамыздағы
№ 513 қаулысымен
бекітілген

"Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасының қатысушыларына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру қағидалары 1-бөлім. Жалпы ережелер

      1. "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасының қатысушыларына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес әзірленді және бастапқы бизнесті іске асыратын немесе іске асыруды жоспарлайтын "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасының қатысушыларына берілетін мемлекеттік гранттарды беру шарттары мен тетіктерін айқындайды.

      2. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды беру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 919 қаулысымен бекітілген "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) шеңберінде жүзеге асырылады.

      3. Мемлекеттік гранттарды алуға үміткерлер, Бағдарламаларға қатысушылардан басқа, Бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өткен немесе Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқытуды аяқтаған және бұдан бұрын басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржылай қолдау алмаған қоныс аударушылар мен оралмандар болып табылады.

      4. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның қорытындысы бойынша Бағдарламаның өңірлік үйлестірушілері арқылы беріледі.

      5. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар нысанындағы қолдау шараларын қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

2-бөлім. Терминдер мен анықтамалар

      6. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі – халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган;

      2) бастапқы бизнес (стартап жоба) – заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелу/дара кәсіпкер мәртебесін ресімдеу мерзімі кредиторға кредит/микрокредит алу үшін жүгінген кезде бір жылдан кем уақытты құрайтын Бағдарламаға қатысушылардың бизнес жобалары;

      3) жаңа бизнес-идея – бастапқы бизнесті іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастама;

      4) жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант беру туралы шарт (бұдан әрі – шарт) – "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы, халықты жұмыспен қамту орталығы және кәсіпкер арасында жасалатын үшжақты жазбаша келісім, оның талаптарына сәйкес кәсіпкерге халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша мемлекеттік грант беріледі.

      5) кәсіпкер – өз қызметін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъекті;

      6) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты жұмыспен қамту саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

3-бөлім. Бағдарламаға қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды беру шарттары

      7. Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыратын немесе іске асыруды жоспарлайтын Бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі.

      8. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде беріледі.

      9. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар қаражаты қажетті инвентарьды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды сатып алу үшін нысаналы мақсатта пайдаланылады.

      10. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредит қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне берілмейді.

      11. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар Бағдарламаға қатысушыларға бір рет беріледі.

      12. Бағдарламаға қатысушылардың жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты алуы үшін мыналар:

      1) олардың Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында тіркелуі;

      2) "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының жанындағы комиссияның оң шешімінің болуы;

      3) Бағдарлама шеңберінде оқуды аяқтағаны және бұрын өтеусіз және қайтарымсыз негізде, салалық шектеусіз жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржылық қолдау алмағаны туралы құжаттың болуы міндетті шарттар болып табылады.

      13. "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарау үшін атқарушы билік органдары, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми-білім беру мекемелері, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, салалық сарапшылардың қатысуымен құрамы кемінде 5 адамнан тұратын комиссияны құрады.

      Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан және комиссия мүшелерінен тұрады. Жергілікті атқарушы органдар мен "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері комиссияның төрағасы бола алмайды.

      Комиссияның хатшысы комиссия отырыстарын ұйымдастыруды жүзеге асырады, төрағамен келісу бойынша отырыстар өткізілетін орынды, күнін және уақытын айқындайды, комиссия мүшелерін алдағы отырыс туралы хабардар етеді, отырыс өткізу үшін қажетті материалдарды оның мүшелерінің назарына жеткізеді.

      Комиссия хатшысы оның құрамына кірмейді және шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы болмайды.

      Комиссия отырысында комиссия мүшелерінің жартысынан астамы қатысса, ол заңды деп саналады.

      Отырысқа қатысып отырған мүшелерінің жартысынан астамы дауыс берсе, Комиссияның шешімі қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, Конкурстық комиссия төрағасының даусы шешуші болып табылады.

      14. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты алуға үміткер Бағдарламаға қатысушы (немесе оның нотариат куәландырған сенімхат бойынша өкілі) жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты алу үшін тұрғылықты тұратын жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінеді және мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алуға өтініш;

      2) жеке басты куәландыратын құжат, ал оралмандар үшін – оралман куәлігі (салыстырып тексеру үшін құжаттың түпнұсқасы ұсынылады);

      3) кәсіпкерлік субъекті болып табылатын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама (куәліктің көшірмесі)/дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы хабарламаның көшірмесі;

      4) әзірленген бастапқы бизнес;

      5) кәсіпкердің Бағдарлама шеңберінде оқудан өткенін растайтын құжаттың көшірмесі;

      6) кәсіпкердің атынан өтініш беру құқығына сенімхат, сенім білдірілген өкілдің жеке басын куәландыратын құжаттың (заңды тұлғаның атынан – заңды тұлға куәландырған) көшірмесі;

      7) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат (мекенжай анықтамасы немесе ауыл әкімдерінің анықтамасы).

      15. Халықты жұмыспен қамту орталықтары өтініштер мен осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген құжаттарды тапсырған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар алу үшін үміткерлердің тізімін қалыптастырып, оларды комиссияның қарауына жібереді және бір жұмыс күні ішінде бұл туралы өтініш берушіні хабардар етеді (еркін нысанда).

      Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты алуға үміткер кәсіпкер осы Қағидалардың 14-тармағында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталығы өтініш алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды нақты кемшіліктерін көрсете отырып, бес жұмыс күні ішінде пысықтау үшін кәсіпкерге қайтарады.

      Құжаттардың пысықталған топтамасы белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталығы үміткерге оның жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты алуға арналған өтінішінің тізімге енбегені туралы хабарлама жібереді.

      Үміткер жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты алуға үміткерлердің тізіміне енбегені туралы хабарлама алғаннан кейін хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн өткен соң халықты жұмыспен қамту орталығына қайта жүгіне алады.

      16. Комиссия халықты жұмыспен қамту орталықтарынан құжаттарды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оларды қарайды, мемлекеттік гранттар беру (бермеу) себептерін көрсете отырып, қорытындылар дайындайды және комиссия қорытындысына қол қойылғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік гранттар беру туралы тиісті қорытындыны халықты жұмыспен қамту орталығына жібереді.

      Комиссияның қорытындысында бизнес-жобаның енгізуге даярлығы туралы ақпарат (өндірісті ұйымдастыру мәселесін пысықтау) көрсетіледі.

      17. Халықты жұмыспен қамту орталығы комиссия қорытындысын алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде өтініш берушіні қабылданған шешім туралы хабардар етеді.

      18. "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы комиссия қорытындысын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде халықты жұмыспен қамту орталығымен және кәсіпкермен шартқа қол қояды.

      19. Халықты жұмыспен қамту орталықтары "Еңбек нарығы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде мемлекеттік гранттар алған Бағдарламаға қатысушылар туралы мәліметтерді орналастырады.

      20. Халықты жұмыспен қамту орталығы шарт жасасқан күннен кейін бес жұмыс күні ішінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алушының шартта көзделген ағымдағы банк есеп шотына ақша қаражатын аударуды жүзеге асырады.

4-бөлім. Мемлекеттік гранттарды іске асыру мониторингі

      21. Мемлекеттік гранттардың мақсатты пайдаланылуына мониторингті "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы жүргізеді.

      22. "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы шарт жасасқан күннен бастап он екі ай ішінде қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізеді және жобаны сүйемелдеу бойынша сервистік қызмет көрсетуге (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлері) жәрдемдеседі.

      23. "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы ай сайын есепті айдан кейінгі айдың бесі күніне қарай халықты жұмыспен қамту орталығына және Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілген мемлекеттік гранттар жөнінде:

      1) жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алған адамдардың саны туралы;

      2) құрылған жұмыс орындарының саны туралы;

      3) сатып алынған инвентарьдың, еңбек жабдықтарының, техникалық жабдықтардың саны, түрлері туралы;

      4) мемлекеттік гранттың мақсатты пайдаланылуын мониторингтеу нәтижелері туралы;

      5) мемлекеттік грантты алған күннен бастап екі ай ішінде бастапқы бизнесті орындау жөніндегі кәсіпкердің қызметі туралы;

      6) кәсіпкерлердің шарт талаптарын орындауы жөнінде ақпарат қамтылған бастапқы бизнесті іске асыру туралы есепті жолдайды.

      24. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісі анықталған жағдайда "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы анықталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісін және халықты жұмыспен қамту орталығын көрсетілген факті туралы жазбаша хабардар етеді.

      "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұсынған ақпараттың негізінде Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі шағын кәсіпкерлік субъектісімен келісімшартты бұзу туралы шешім қабылдайды, одан кейін өз шешімі туралы "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен халықты жұмыспен қамту орталығын хабардар етеді.

      25. Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі шартты бұзу туралы шешім қабылдаған жағдайда "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы аудан (қала) әкімімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен мақсатсыз пайдаланылған мемлекеттік грант қаражатын қайтару жөнінде іс-шаралар өткізеді.

  "Еңбек" нәтижелі жұмыспен
қамтуды және жаппай
кәсіпкерлікті дамытудың 2017 –
2021 жылдарға арналған
бағдарламасының
қатысушыларына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру қағидаларына
1-қосымша
Нысан
_______________________ ауданының (қаласының) халықты жұмыспен қамту орталығының директорына ___________________________
  тұрғылықты жері
  ___________________________
  тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)
  __________________________
  (қаланың (ауданның) кодын
көрсете отырып, байланыс
телефонының нөмірі,
электрондық почта мекенжайы)

"Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында қатысушыларына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар алуға өтініш

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 919 қаулысымен бекітілген "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант беруді сұраймын.

      Өтінішке "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасының қатысушыларына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру қағидаларының 14-тармағына сәйкес құжаттар қоса беріледі.

      Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің көзделген белсенді шараларын алу үшін қажетті менің дербес деректерімді жинауға және өңдеуге келісім беремін.

      Барлығы _________________ құжат ___________________парақта.

      Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грантты:

      1. _____________________________________ жобаның атауы;

      2. Жобаның болжамды құны __________________ мың теңге;

      3. Қажетті инвентарьдың, еңбек құралының, технологиялық жабдықтың сипаттамасы

      _______________________________________________________

      Мемлекеттік грант беру шарттарымен таныстым.

      Күні қолы

      --------------------------------------------------------------------------------------------

      (кесу сызығы)

      Азамат ________________________________________________ өтініші

      20__ жылғы "___" ____________ қабылданды, № ________ болып тіркелді.

      Құжаттарды қабылдаған адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы және қолы:

      ______________ ____________ Күні қолы

      *ұсынылған құжаттардың дұрыстығына өтініш беруші жауапты болады.

  "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасының қатысушыларына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру қағидаларына
2-қосымша
Нысан

"Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар алуға үміткерлердің өтінімдерін қарау жөніндегі комиссияның ҚОРЫТЫНДЫСЫ

      "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар алуға үміткерлердің өтінімдерін қарау жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия):

      1.Комиссия төрағасы ________________________________________; тегі, аты, әкесінің

      аты (бар болса) 2.Комиссия мүшесі __________________________________________;

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      3.Комиссия мүшесі __________________________________________;

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      4.Комиссия мүшесі __________________________________________;

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      5.Комиссия мүшесі __________________________________________;

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      6.Комиссия мүшесі __________________________________________;

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      7.Комиссия мүшесі __________________________________________;

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      8.…………………………

      9.…………………………

      жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты алуға үміткер

      _______________________________________________________________

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)

      өтінішін және ұсынған құжаттарын қарап, мынадай шешім қабылдады:

      __________________________________________________________

      __________________________________________________________

      Комиссия негіздемесі (бастапқы бизнесті енгізу даярлығы туралы, жаңа жұмыс орындарын құру туралы) _______ парақта.

Комиссия төрағасы
__________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)
_________________________
қолы

Комиссия хатшысы
_____________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)
_____________________________
қолы

      ____________________________

      күні