Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзу қағидаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 25 шілдедегі № 439 қаулысы.

Қолданыстағы

      "Құқықтық актiлер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 53-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерiнiң мемлекеттік тiзiлiмiн, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргізу қағидалары бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының



Премьер-Министрі


К.Мәсімов




  Қазақстан Республикасы
  Үкiметiнiң
  2016 жылғы 25 шілдедегі
  № 439 қаулысымен
  бекiтiлген

Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерінің мемлекеттiк тiзiлiмiн, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкiн жүргiзу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерінің мемлекеттiк тiзiлiмiн, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкiн жүргiзу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 53-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерінің мемлекеттiк тiзiлiмiн, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкiн жүргiзу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:

      1) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімі (бұдан әрі – Мемлекеттік тізілім) – нормативтік құқықтық актілердің деректемелерін және осы актілер туралы басқа да ақпараттық-анықтамалық сипаттағы мәліметтерді қамтитын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік есепке алудың бірыңғай жүйесі;

      2) Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкi (бұдан әрі – Эталондық бақылау банкі) – олар туралы мәлiметтер Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген қағаз жеткізгіштегі нормативтік құқықтық актілер жиынтығы және электрондық құжат нысанындағы нормативтік құқықтық актілердің электрондық жүйесі;

      3) эталондық бақыланатын нормативтік құқықтық акт – қағаз жеткізгіштегі және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған мемлекеттік кәсіпорынның (бұдан әрі – мемлекеттік кәсіпорын) лауазымды адамының электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған электрондық құжат нысандағы (өзгерістермен және толықтырулармен) нормативтік құқықтық акт;

      4) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дәйектілігін, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі;

      5) электрондық құжат айналымы жүйесі – қатысушылары арасындағы қатынастар "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" 2003 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттелетін электрондық құжаттар алмасу жүйесі.

      3. Мемлекеттік тізілім және Эталондық бақылау банкі Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін бірыңғай мемлекеттік есепке алуды қамтамасыз ету мақсатында құрылады.

      4. Мемлекеттік тізілімді және Эталондық бақылау банкін жүргізуді мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады.

      5. Эталондық бақылау банкіне енгізілген нормативтік құқықтық актілер хронологиялық тәртіппен есепке алуға жатады.

      6. Эталондық бақыланатын нормативтік құқықтық актілер үшін сақтау мерзімі – "тұрақты".

      7. Заңның 22-бабының 2), 3), 4), 5), 6), 7) тармақшаларына сәйкес "Қызмет бабында пайдалану үшін", "Баспасөзде жарияланбайды", "Баспасөзге арналмаған" деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілер электрондық түрде Эталондық бақылау банкіне деректемелер түрінде орналасады.

      "Ерекше маңызды", "өте құпия", "құпия" деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілер Мемлекеттік тізілімге және Эталондық бақылау банкіне енгізілуге жатпайды.

2. Мемлекеттік тізілімді және Эталондық бақылау банкін жүргізу тәртібі

      8. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Парламенті мен оның палаталарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік органның мөрімен расталған және Заңның 35-бабында көрсетілген нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған көшірмелерін қол қойылған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде бір данада қағаз және электрондық түрде мемлекеттік кәсіпорынға жібереді.

      9. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде және оның аумақтық органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының, орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтарының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулыларының, мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерінің, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларының, тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулыларының және әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерінің мемлекеттік органның мөрімен расталған және Заңның 35-бабында көрсетілген нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған көшірмелерін мемлекеттік тіркеу күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде бір данада қағаз және электрондық түрде мемлекеттік кәсіпорынға жібереді.

      Бірлескен нормативтік құқықтық актілерді нормативтік құқықтық актіні әзірлеуге жауапты болып белгіленген уәкілетті орган мемлекеттік кәсіпорынға жолдайды.

      10. Осы Қағидалардың 8 және 9-тармақтарында көзделген электрондық түрдегі нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік кәсіпорынға жіберу электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы жүргізіледі.

      Бірлескен нормативтік құқықтық актілерге электрондық цифрлық қолтаңбаның қойылуын нормативтік құқықтық актіні әзірлеуге жауапты болып белгіленген уәкілетті орган қамтамасыз етеді.

      11. Эталондық бақылау банкіне келіп түскен нормативтік құқықтық актіні тіркеу ол қағаз және электрондық түрде болған кезде жүзеге асырылады.

      12. Келіп түскен электрондық түрдегі нормативтік құқықтық актілер ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен расталған электрондық цифрлық қолтаңбаның төлнұсқалылығын тексеру рәсімінен өтеді. Нормативтік құқықтық актілердің деректемелері мен мәтіні бір нормативтік құқықтық актіге тиесілігі тұрғысынан тексеріледі.

      Тексерудің нәтижесі теріс болған жағдайда, нормативтік құқықтық актілер электрондық түрде алынбаған деп есептеледі, бұл туралы жөнелтушіге құжаттың алынбау себептері көрсетіле отырып, Эталондық бақылау банкі ақпараттық жүйесінен электрондық құжат айналымы жүйесіне хабарлама жіберіледі.

      Мемлекеттік органдар құжаттың алынбауы туралы хабарлама алынған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде мемлекеттік кәсіпорынға нормативтік құқықтық актілерді электрондық түрде қайта жібереді.

      13. Мемлекеттік тізілімге енгізілуге тиіс нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік кәсіпорынға келіп түскен сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде енгізіледі және оларға тіркеу нөмірі беріледі.

      14. Осы Қағидалардың 8 және 9-тармақтарында көрсетілген келіп түскен нормативтік құқықтық актілерді Эталондық бақылау банкіне енгізу олар мемлекеттік кәсіпорынға келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      15. Эталондық бақылау банкіне енгізілген нормативтік құқықтық актілер оларға ағымдағы өзгерістер мен толықтыруларды енгізу, нормативтiк құқықтық актілердің жекелеген бөлiктерiнiң күшi жойылды деп тану не олардың қолданылуын тоқтата тұру арқылы бақыланатын жағдайда ұсталады.

      Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген, нормативтік құқықтық актілердің жекелеген бөліктерінің күші жойылды деп танылған не олардың қолданылуы тоқтатыла тұрған кезде, олардың мәтініне енгізілетін нормалардың тұжырымын, сондай-ақ актінің нысаны, қабылданған күні мен нөмірі туралы ақпаратты нақты көрсететін белгілер енгізіледі.

      16. Нормативтiк құқықтық актінің күшi жойылды деп танылған не оның қолданылуы белгiлі бiр мерзiмге тоқтатыла тұрған кезде Мемлекеттiк тiзiлiмге тиiстi жазбалар және Эталондық бақылау банкіне енгiзiлген нормативтiк құқықтық актінің қағаз және электрондық мәтініне тиiстi нормативтiк құқықтық актіге сiлтеме жасай отырып, оның күшi жойылды деп тану не қолданылуын тоқтата тұру туралы белгi жасалады.

      17. Эталондық бақылау банкiн қалыптастыру кезiнде нормативтiк құқықтық актілердің қазақ және орыс тiлдеріндегi мәтiндерi салыстырылып тексерілмейді.

      18. Эталондық бақылау банкiн қалыптастыру жөніндегі нұсқаулықты, сондай-ақ оған мәліметтер енгізуді Қазақстан Республикасының Әділет министрі айқындайды.


  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2016 жылғы 25 шілдедегі
  № 439 қаулысына
  қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық кесiмдерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн, нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзу ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29 сәуірдегі № 343 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 15, 149-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29 сәуірдегі № 343 және 2006 жылғы 25 тамыздағы № 817 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 19 қарашадағы № 1094 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 43, 510-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 6 қазандағы № 1141 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 4-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 56, 794-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорынды айқындау және "Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29 сәуірдегі № 343 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 қыркүйектегі № 1045 қаулысының 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 59-60, 564-құжат).

      5. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық кесімдерінің мемлекеттік тізілімін, нормативтік құқықтық кесімдерінің эталондық бақылау банкін жүргізу ережесін бекіту туралы" 2006 жылғы 29 сәуірдегі № 343 және "Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының, ведомстволар басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтарын, орталық және жергілікті атқарушы органдардың нормативтік құқықтық актілерін, орталық мемлекеттік органдардың қаулыларын, Орталық сайлау комиссиясының нормативтік қаулыларын, мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, сондай-ақ әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары мен әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін ресми жариялау жүзеге асырылатын интернет-ресурсты айқындау және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" 2013 жылғы 21 қазандағы № 1124 қаулыларына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 35 қаулысының 1-тармағының 1) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 7, 30-құжат).