Еркін қоймалардың қызметін реттеудің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 22 қыркүйектегі № 1086 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы Кодексінің 60-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Кеден органдарының еркін қойма иелерімен өзара қарым-қатынастарын белгілеу қағидасы бекітілсін.
      2. Еркін қойма құру туралы шешімі бар еркін қоймалардың иелері Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы Заңымен ратификацияланған Еркін қоймалар және еркін қойманың кедендік рәсімі туралы келісімнің 4-бабына сәйкес келген жағдайда еркін қоймалар иелерінің тізіліміне енгізілген деп танылатындығы белгіленсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2011 жылғы 22 қыркүйектегі
№ 1086 қаулысымен   
бекітілген      

Кеден органдарының еркін қойма иелерімен өзара қарым-қатынастарын белгілеу қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Кеден органдарының еркін қойма иелерімен өзара қарым-қатынастарын белгілеу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы Заңымен ратификацияланған Еркін қоймалар және еркін қойманың кедендік рәсімі туралы келісімге және «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 60-бабына сәйкес әзірленді және еркін қоймалар иелерiнiң тiзiлiмiне (бұдан әрі – Тізілім) енгiзудің және осы тізілімнен шығару, сондай-ақ еркін қоймалар иелері ретіндегі заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұру, жаңғырту тәртібін айқындайды.
      2. Еркін қойманың иесі – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген және осы Қағиданың 3-тармағында айқындалған шарттарға сәйкес келетін заңды тұлға.
      Кеден органы заңды тұлғаны еркін қоймалар иелерінің тізіліміне енгізгеннен кейін осы заңды тұлға еркін қойманың иесі болып танылады.

2. Еркін қоймалар иелерiнiң тiзiлiмiне енгiзу тәртібі

      3. Мыналар заңды тұлғаларды Тізілімге енгізу шарттары болып табылады:
      1) еркін қойма ретiнде пайдалануға арналған құрылыстардың (үй-жайлардың) меншiкте, шаруашылық жүргiзуде, жедел басқаруда немесе жалға алынған болуы және мынадай талаптарға сай болуы:
      объектіде күзеттің не күзет сигналы жүйесінің және қойманың аумағында соңғы күнтiзбелiк отыз күн iшiнде болған оқиғалар туралы бейнеақпаратты қарауды жүзеге асыруға мүмкiндiк беретiн, тәулiк бойғы режимде жұмыс iстейтiн бейне бақылау жүйесінің болуы;
      қажеттi тиеу-түсiру механизмдерiнiң және арнайы техниканың, сондай-ақ орналастырылатын тауарлар сипатына сәйкес сертификатталған таразы жабдығының болуы, ал арнаулы сақтау орнына газ орналастырылатын жағдайда тиiстi есептеу аспаптарының болуы;
      техникалық жарамды кiреберiс жолдардың болуы;
      тауарларды тексерiп қарау үшiн орындардың, оның iшiнде электр жарығымен жарақтандырылған және кеден органдарының бағдарламалық өнімдерімен үйлесетін, соңғы күнтiзбелiк отыз күн iшiнде болған оқиғалар туралы бейнеақпаратты қарауды жүзеге асыруға мүмкiндiк беретiн, тәулiк бойғы режимде жұмыс iстейтiн бейне бақылау құралдарымен жабдықталған жабық аландардың болуы;
      «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексiнің (бұдан әрі – Кодекс) 186-бабының 3-тармағына сәйкес жапсарлас тиеу-түсiру алаңдарын қоса алғанда, аумақты белгілеу, көрсетілген аумақта қатты немесе асфальт жабындысының болуы;
      қойманың аумағында қойма қызметiне байланысты емес ғимараттардың (құрылымдар) мен құрылыстардың болмауы;
      жапсарлас тиеу-түсіру алаңдарын қоса алғанда, бір немесе бірнеше үй-жайлардан және алаңдардан тұратын еркін қойманың аумағы қоршалуға тиіс;
      2) кеден органына жүгінген күнi кедендiк төлемдердi, өсiмпұлдарды төлеу бойынша орындалмаған мiндеттемелердiң болмауы;
      3) кеден органына жүгінген күні «Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiне сәйкес кедендік реттеу саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша заңды күшіне енген не орындалмаған қаулының болмауы;
      4) Кеден одағының және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес тауарларды есепке алу және олар бойынша есептілік ұсыну жүйесінің болуы;
      5) кедендік бақылауды жүзеге асыру үшін еркін қоймада үй жайлардың, жабдықтардың және байланыс құралдарының бар болуы.
      4. Заңды тұлға Еркін қоймалар иелерінің тізіліміне енгізу үшін кеден ісі саласындағы уәкілетті органға еркін нысанда өтініш береді, сондай-ақ оған мынадай құжаттарды:
      1) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң көшірмесін және салыстыру үшін түпнұсқасын (өтiнiштi қарау аяқталғаннан кейiн кеден органы түпнұсқаны өтiнiш берушiге қайтарады) не нотариат куәландырған көшiрмесiн;
      2) тұлғаның салық төлеуші ретінде тiркелгенiн растайтын құжаттың көшірмесін және салыстыру үшін түпнұсқасын (өтiнiштi қарау аяқталғаннан кейін кеден органы түпнұсқаны өтiнiш берушіге қайтарады) не нотариат куәландырған көшiрмесiн;
      3) құрылтай құжаттарының көшірмелері мен салыстыру үшін түпнұсқаларын (өтінішті қарау аяқталғаннан кейін кеден органы түпнұсқаны өтініш берушіге қайтарады) не құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелерін;
      4) банктерден оларда ашылған шоттар туралы растауларды;
      5) еркін қойма ретінде пайдалануға арналған меншік, шаруашылық жүргізу, жедел басқару, немесе ғимараттарды (үй-жайларды) жалға алу құқығын растайтын құжаттардың көшірмелерін және олардың түпнұсқаларын (өтінішті қарау аяқталғаннан кейін кеден органы түпнұсқаны өтініш берушіге қайтарады) не олардың нотариат куәландырған көшiрмелерiн;
      6) еркін қойма ретінде мәлімделетін үй-жайлар мен аумақтардың жоспарларын, сызбаларын;
      7) қажетті тиеу-түсіру механизмдерінің және арнайы техниканың, сондай-ақ орналастырылатын тауарлардың сипатына сәйкес келетін сертификатталған таразы жабдықтарының бар болуын растайтын құжаттардың көшірмелерін және салыстыру үшін олардың түпнұсқаларын (өтінішті қарау аяқталғаннан кейін кеден органы түпнұсқаны өтініш берушіге қайтарады), не олардың нотариат куәландырған көшiрмелерiн;
      8) Кодекстің 208-бабына сәйкес қызмет аймағында еркін қойма орналасқан кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі жасаған, осы Қағиданың 3-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан кедендік тексеріп қарау қорытындысы бойынша үй-жайлар мен аумақтарды қарау актiсiн қоса бередi.
      5. Өтiнiштi оған қоса берiлетiн құжаттармен бiрге кеден iсi саласындағы уәкiлеттi орган күнтізбелік он бес күн ішінде қарайды.
      6. Өтініш беруші осы Қағиданың 3 және 4-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда кеден ісі саласындағы уәкілетті орган басшысының не оны алмастыратын тұлғаның бұйрығымен ресімделетін тізілімге енгізу туралы шешім қабылданады. Бұл ретте кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтініш берушіні қабылданған шешім туралы жазбаша нысанда 5 жұмыс күні ішінде хабардар етеді.
      7. Еркін қойма иелерінің тізіліміне енгізуден бас тарту туралы шешім осы Қағиданың 4-тармағында көрсетілген барлық құжаттар ұсынылмаған немесе өтініш беруші осы Қағиданың 3-тармағында белгіленген шарттарға сәйкес келмеген жағдайда қабылданады. Бұл ретте кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтініш берушіге осы Қағиданың 5-тармағында белгіленген мерзім ішінде бас тарту себебін негіздей отырып жазбаша нысанда хабарлайды.
      Өтініш беруші анықталған бұзушылықтарды жойғаннан кейін өтініш осы Қағидада белгіленген тәртіппен қаралады.
      8. Еркін қойманың алаңы өзгертілген кезде оның иесі бес жұмыс күні ішінде жазбаша нысанда кеден ісі саласындағы уәкілетті органға осындай өзгеріс туралы хабарлайды.
      Еркін қойма иесінен келген көрсетілген хабарлама еркін қойма иесіне қатысты кеден органында сақталатын материалдарға қоса тіркеледі. Бұл ретте кеден ісі саласындағы уәкілетті орган Тізілімге көрсетілген өзгерісті енгізу туралы шешім шығарады.
      9. Заңды тұлға – еркін қойманың иесі қайта тіркелген жағдайда, еркін қойманың иесі қайта тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде кеден ісі саласындағы уәкілетті органға тиісті құжаттарды қоса бере отырып жазбаша нысанда хабарлайды.
      Еркін қойма иесінің көрсетілген хабарламасы кеден органында сақталатын еркін қойма иесіне қатысты материалдарға қоса тіркеледі. Бұл ретте кеден ісі саласындағы уәкілетті орган Тізілімге көрсетілген өзгерісті енгізу туралы шешім шығарады.
      10. Еркін қоймалар иелерiнiң тiзiлiмiндегі ақпарат, сондай-ақ көрсетілген тұлғаларды тізілімнен шығару не олардың қызметін тоқтата тұру туралы деректер кеден ісі саласындағы уәкілетті органның Интернет-ресурсына орналастырылады.

3. Еркін қойманың иесі ретінде заңды тұлғаның қызметін тоқтата тұру және жаңғырту тәртібі

      11. Еркін қойма иесі ретіндегі заңды тұлғаның қызметі өтініште көрсетілген мерзімге еркін қойма иесінің жазбаша өтініші бойынша тоқтатыла тұрады.
      12. Шешімнің қолданысы тоқтатыла тұрғанға дейін еркін қоймаға орналастырылған тауарлар еркін қойманың қызметін тоқтата тұру туралы шешім қабылданған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде кедендік бақылаумен басқа еркін қоймаға ауыстырылады не өзге кедендік рәсімдермен орналастырылады.
      13. Еркін қойманың иесі ретіндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаның жазбаша өтініші бойынша ол жүзеге асыратын қызмет Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес үй-жайлар мен аумақтарға тексеру жүргізілгеннен кейін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган басшысының не оны алмастыратын тұлғаның бұйрығымен көрсетілген тұлғаның өтінішін тіркеген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қайта жаңғыртылады.
      14. Уәкілетті орган басшысының не оны алмастыратын тұлғаның еркін қойма иесі ретінде заңды тұлғаның қызметін тоқтата тұру немесе көрсетілген иеленушінің тиісті қызметін жаңғырту туралы бұйрығы қабылданған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде мұндай ақпарат жазбаша нысанда көрсетілген иеленушіге жіберіледі.

4. Еркін қойма иелерiнiң тiзiлiмiнен шығару тәртібі

      15. Заңды тұлғаны еркін қойма иелерінің тізілімінен шығару үшін негіздемелер:
      1) еркін қойма иелерiнiң тiзiлiмiне енгізу шарттарын сақтамау;
      2) еркін қойма иесiнiң өзін еркін қойма иелерiнiң тiзiлiмiнен шығару туралы жазбаша нысандағы өтініші;
      3) заңды тұлғаның таратылуы;
      4) бөліп шығаруды, бөлуді және қайта құруды қоспағанда, заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру;
      5) еркін қойма иесiнің Еркін қоймалар және еркін қойманың кедендік рәсімі туралы келісімнің 6-бабының 1-тармағында көзделген міндеттемелерді сақтамауы;
      6) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамасында көзделген жағдайлар болып табылады.
      16. Еркін қоймалар иелерiнiң тiзiлiмiнен шығару туралы шешім кеден ісі саласындағы уәкілетті орган басшысының (оны алмастыратын тұлғаның) бұйрығымен, осындай шығарудың себебі көрсетіле отырып ресімделеді. Бұл ретте еркін қоймалар иелерінің тізілімінен шығару туралы шешімді шығарудың жалпы мерзімі 15 күнтізбелік күнді құрайды.
      17. Бұйрық қабылданған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде тиісті ақпарат жазбаша нысанда еркін қойма иесіне жіберіледі.
      18. Еркін қоймалар және еркін қойманың кедендік рәсімі туралы келісімнің 5-бабының 1)-3) және 5) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша тұлға еркін қоймалар иелерінің тізілімінен шығарылған жағдайда, көрсетілген тұлғаның тиісті тізілімге енгізу туралы қайта берген өтінішін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган тұлғаны осындай тізілімнен шығару туралы бұйрық қабылданған күнінен бастап бір жыл мерзім аяқталғаннан кейін қарайды.