Еркін қоймалар және еркін қойманың кедендік рәсімі туралы келісімді ратификациялау туралы

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы № 320-IV Заңы. Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 115-VI Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық Одақтың Кеден кодексі туралы шарттың күшіне енуіне байланысты қолданысын тоқтатты (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз)

      Ескерту. ҚР 13.12.2017 № 115-VI Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық Одақтың Кеден кодексі туралы шарттың күшіне енуіне байланысты қолданысын тоқтатты (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз).
      2010 жылғы 18 маусымда Санкт-Петербургте жасалған Еркін қоймалар және еркін қойманың кедендік рәсімі туралы келісім ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының
 
Президенті
Н. Назарбаев

     

Еркін қоймалар және еркін қойманың кедендік рәсімі туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразия экономикалық қоғамдастығы шеңберіндегі кеден одағына мүше мемлекеттер,
      2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шартты, 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының Комиссиясы туралы шартты, 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартты, кеден одағының шарттық-құқықтық базасын құрайтын кеден одағына мүше мемлекеттердің өзге де халықаралық шарттарын негізге ала отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын назарға ала отырып,
      кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында кедендік реттеуді қамтамасыз ету мақсатында,
      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап Осы Келісімде пайдаланылатын негізгі терминдер

      1. Осы Келісімде мынадай негізгі терминдер мен олардың анықтамалары пайдаланылады:
      1) еркін қойма - оның шегінде, осы Келісімге сәйкес еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарлар мен кеден одағының тауарлары, сондай-ақ осы Келісімге сәйкес өзге де тауарлар орналастырылуы және пайдаланылуы мүмкін құрылыс (үй-жай);
      2) құрылыс (үй-жай) - күзетілетін не жеке тұлғаның кіруін бақылайтын режимі бар аумақтары және (немесе) ашық алаңдары жайластырылған және жабдықталған ғимарат (оның бөлігі), ғимараттар кешені.
      2. Осы Келісімнің 18-бабында пайдаланылатын терминдер 2008 жылғы 25 қаңтардағы кеден одағында тауарлардың экспорты мен импорты, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу принциптері туралы келісімде айқындалған мағыналарда пайдаланылады.
      3. Осы Келісімде пайдаланылатын өзге ұғымдар мен терминдер 2009 жылғы 27 қарашадағы кеден одағының Кеден кодексі туралы шарттың (бұдан әрі - Кодекс) ажырамас бөлігі болып табылатын кеден одағының Кеден кодексінде және кеден одағының шарттық-құқықтық базасын құрайтын шарттарда пайдаланылатын мағыналарда қолданылады.

2-бап Еркін қойма туралы жалпы ережелер

      1. Еркін қойманың аумағы кедендік бақылау аймағы болып табылады. Еркін қоймадағы кедендік бақылауды кеден органдары кеден одағының кедендік заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
      2. Мұндай аумақтың периметрін қоршаумен, бейне бақылау жүйесімен жарақтандыру бойынша талаптарды қоса алғанда, кедендік бақылауды жүргізу мақсатында еркін қойманы жабдықтауға және жайластыруға қойылатын талаптар кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалады.
      Мұндай аумаққа адамдардың келу тәртібін айқындауды қоса алғанда, еркін қойманың аумағында бақылау-өткізу режимін қамтамасыз ету кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

3-бап Еркін қойманың иесі

      1. Еркін қойманың иесі - осы мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген және осы Келісімнің 4-бабында айқындалған шарттарға жауап беретін кеден одағына мүше мемлекеттің заңды тұлғасы.
      Заңды тұлға кеден органы оны еркін қойма иелерінің тізіліміне енгізгеннен кейін еркін қойманың иесі болып табылады.
      Еркін қойма иелерінің тізіліміне енгізу және осы тізілімнен шығару тәртібі кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалады.
      Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында заңды тұлғалардың еркін қойма иелері ретінде қызметін тоқтата тұру және жаңарту жағдайлары мен тәртібі белгіленуі мүмкін.
      2. Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен кеден органдары еркін қойма иелерінің тізілімін жүргізеді және оны кемінде тоқсанына бір рет, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, кезеңдік жариялауды қамтамасыз етеді.
      Кеден одағының комиссиясы кеден органдары жүргізетін тізілімдер негізінде еркін қоймалар иелерінің жалпы тізілімін қалыптастырады және оны кеден одағы Комиссиясының ресми Интернет-сайтында кемінде тоқсанына бір рет кезеңдік жариялауды қамтамасыз етеді.
      Еркін қойма иелерінің жалпы тізілімінің нысаны мен оны жүргізу тәртібі кеден одағы Комиссиясының шешімімен айқындалады.

4-бап Еркін қойма иелерінің тізіліміне енгізу шарттары

      Заңды тұлғаларды еркін қойма иелерінің тізіліміне енгізу шарттары мыналар болып табылады:
      1) еркін қойма ретінде пайдалануға арналған және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген талаптарға жауап беретін құрылыстардың (үй-жайлардың) меншікте, шаруашылық жүргізуде, жедел басқаруда немесе жалдауда болуы.
      Егер құрылыстарды (үй-жайларды) иелену жалға алу шарты негізінде жүзеге асырылса, мұндай шарт, егер кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында өзгеше белгіленбесе, еркін қойма иелерінің тізіліміне енгізу туралы өтініш берген күнінен бастап кемінде 3 (үш) жыл мерзімге жасалуға тиіс;
      2) кеден одағына жүгіну күніне кедендік төлемдер, өсімпұлдар бойынша орындалмаған міндеттердің жоқтығы;
      3) жүгіну күніне кедендік реттеу саласында әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңды күшіне енген және орындалмаған қаулының жоқтығы;
      4) кедендік операцияларды жасау кезінде кеден органы ұсынған мәліметтерді кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалған талаптарға сәйкес шаруашылық операцияларын жүргізу туралы мәліметтермен салыстыруға мүмкіндік беретін тауарлар есебі жүйесінің болуы;
      5) өзге де талаптарға сәйкестік және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген өзге де шарттарды сақтау.

5-бап Еркін қойма иелерін тізілімнен шығару үшін негіздеме

      Еркін қойма иелерін тізілімнен шығару үшін негіздемелер мыналар болып табылады:
      1) осы Келісімнің 4-бабының 1), 4) тармақшаларында белгіленген еркін қойма иелерінің тізіліміне енгізу шарттарын сақтамау;
      2) еркін қойма иесінің өзін еркін қойма иелерінің тізілімінен шығару туралы жазбаша нысандағы өтініші;
      3) заңды тұлғаның таратылуы;
      4) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы;
      5) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген өзге де негіздер.

6-бап Еркін қойма иесінің міндеттері

      1. Еркін қойманың иесі:
      1) еркін қойманың жұмыс істеуінің барлық мерзімі ішінде еркін қойманың белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге;
      2) еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлармен осы Келісімнің 11-бабында көзделген операцияларды жүргізуге жол бермеуге;
      3) кедендік бақылауды жүзеге асыруға жәрдемдесуге;
      4) еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлардың, сондай-ақ еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлардың кедендік бақылаудан басқа еркін қойма аумағынан тысқары алып өтілмеуін қамтамасыз етуге;
      5) осы Келісімде көзделген еркін қойма иелерінің тізіліміне оны енгізу шарттарын сақтауға және кеден одағының талаптарын орындауға;
      6) еркін қойманың қызметкері болып табылмайтын және еркін қоймада тұрған тауарларға қатысты өкілеттіктері жоқ бөгде адамдарды кеден органдарының рұқсатынсыз еркін қоймаға кіргізбеуге;
      7) еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлар және олармен жүргізілген операциялар туралы, сондай-ақ еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлардан дайындалған, оның ішінде кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес ақпараттық технологияларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлар туралы есеп жүргізуге және кеден органдарына есеп ұсынуға;
      8) кеден органдарының лауазымды адамдарының еркін қоймада тұрған тауарларға қол жеткізуге қатысты талаптарын орындауға;
      9) осы Келісімнің 13-бабында көзделген жағдайларда кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттерді орындауға;
      10) заңды тұлғаны еркін қойма иелерінің тізіліміне енгізген кеден органына оларды еркін қойма иелерінің тізіліміне енгізу кезінде мәлімделген мәліметтердің өзгергені туралы мұндай мәліметтер өзгерген күннен бастап 5 (бес) күн ішінде хабарлауға міндетті.
      2. Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларға және олармен жүргізілген операцияларға, сондай-ақ еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларға қатысты есеп жүргізу және есеп ұсыну тәртібі кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалады.
      Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлармен болған кез келген өзгерістер есеп құжаттарында көрсетілуге тиіс.

7-бап Еркін қойма иесінің жауапкершілігі

      Кеден одағының кедендік заңнамасында және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген міндеттерді орындамағаны үшін еркін қойма иелері кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жауапты болады.

8-бап Еркін қойманың кедендік рәсімінің мазмұны

      1. Еркін қойманың кедендік рәсімі - тауарлар еркін қоймада кедендік баждар, салықтар төленбей, сондай-ақ шетелдік тауарларға қатысты тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай және кеден одағы тауарларына қатысты тыйым салулар мен шектеулер қолданылмай орналастырылатын және пайдаланылатын кедендік рәсім.
      Кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында кеден одағының тауарлары еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылмайды деп белгіленуі мүмкін.
      2. Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарлар шетелдік тауарлар мәртебесін сақтайды, ал еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған кеден одағының тауарлары кеден одағының тауарлары мәртебесін сақтайды.
      Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған кеден одағының тауарларынан дайындалған (алынған) тауарлар кеден одағының тауарлары мәртебесіне ие болады.
      Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлар мен кеден одағының тауарлары (бұдан әрі - еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлар) осы тармақтың төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, шетел тауарларының мәртебесін алады.
      Егер еркін қойманың кедендік рәсімі мұндай тауарларды кеден одағының кедендік аумағынан тысқары әкетумен аяқталатын болса, еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлардың мәртебесін айқындау осы Келісімнің 16-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
      Иесі Беларусь Республикасында, Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін және Армения Республикасында 2016 жылғы 1 желтоқсанға дейін сондай-ақ олардың иелері Қырғыз Республикасында "Алтын-Ажыдаар" ЖШҚ, "Кока-Кола Бішкек ботлерс" ЖАҚ, "Илбирс" ААҚ, "Авиньен" ЖШҚ, "Жібек жолы" ЖШҚ және "Ренеcанс" ЖШҚ болып табылатын еркін қоймада еркін қоймалар иелерінің тізіліміне енгізілген еркін қоймаға еркін қойманың кедендік рәсімімен орналастырылған шетел тауарларын пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлардың мәртебесін айқындау, егер мұндай тауарлар кеден одағының кедендік аумағынан тысқары әкетілмесе, осы Келісімнің 16-бабына сәйкес осы баптың 3 және 4-тармақтарының ережелері ескеріле отырып, 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін жүзеге асырылады.
      3. Иелері 2010 жылғы 1 мамырға дейін еркін қойма иелерінің тізіліміне енгізілген еркін қоймалар үшін кеден одағының Комиссиясы осы Келісімнің 16-бабына сәйкес айқындалған жеткілікті қайта өңдеу өлшемдерін орындауға қарамастан шетелдік тауарлар мәртебесін алатын еркін қоймадағы еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлар тізбесін белгілеуге құқылы. Көрсетілген тізбе, егер мұндай тауарлар кеден одағының кеден аумағынан тысқары әкетілмесе қолданылады. Кеден одағы Комиссиясының көрсетілген шешімі ымыраға келу арқылы қабылданады.
      4. 2010 жылғы 1 мамырға дейін еркін қойма иелерінің тізіліміне енгізілген еркін қойманың жекелеген иелеріне қатысты кеден одағының Комиссиясы, егер мұндай тауарларды кеден одағының кедендік аумағында шығару кеден одағына мүше мемлекеттердің экономика салаларына елеулі экономикалық залал келтіретіндей немесе мұндай залалды келтіру қаупін туғызатындай осындай өспелі көлемде және шарттарда жүзеге асырылатын болса, кеден одағының тауарлары болып танылуы мүмкін еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарлар пайдаланыла отырып дайындалған (алынған) тауарлар саны бойынша шектеу белгілеуге құқылы. Көрсетілген шектеулерді белгілеу туралы шешім кеден одағының Комиссиясы айқындаған тәртіппен ымыраға келу арқылы қабылданады және, егер мұндай тауарлар кеден одағының кедендік аумағынан тысқары әкетілмейтін болса қолданылады.
      5. Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылатын (орналастырылған) кеден одағының тауарлары, тауарларды еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастыру үшін берілген кедендік декларациясын кеден органы тіркеген сәтінен бастап кедендік бақылауда болады.
      6. Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған кеден одағының тауарлары аварияның немесе еңсерілмейтін күштің салдарынан не тасымалдаудың (тасымалдың) және сақтаудың қалыпты жағдайлары кезінде табиғи кемуі нәтижесінде олардың жойылу (өтемсіз жоғалуы) фактісін кеден органы мойындағаннан кейін кедендік бақылауда тұр деп есептелмейді.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.12.2014 № 265-V; 02.08.2015 № 346-V Заңдарымен.

9-бап Тауарларды еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастыру шарттары

      1. Еркін қойманың иесі, ал осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес белгіленген жағдайларда - өзге де тұлғалар еркін қойманың кедендік рәсіміне. орналастырылған тауардың декларанты бола алады.
      Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылатын тауарлардың декларанты ретінде болуға құқылы қосымша өзге де тұлғалар айқындалуы мүмкін.
      2. Кеден одағының кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған тауарларды және кеден одағының кедендік аумағынан әкетуге тыйым салынған тауарларды еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастыруға болмайды.
      Кеден одағының комиссиясы еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылуға тиіс өзге де тауарлардың тізбесін белгілеуі мүмкін. Бұл ретте еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылуға жатпайтын өзге де тауарлардың тізбесін белгілеу туралы шешімді кеден одағының Комиссиясы ымыраға келу арқылы қабылдайды.
      Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында осы мемлекеттердің аумағында құрылған (құрылатын) еркін қоймадағы еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылуға жатпайтын тауарлар тізбесі белгіленуі мүмкін.
      3. Еркін қойманың кедендік рәсіміне бұрын өзге де кедендік рәсімдерге орналастырылған шетелдік тауарлар орналастырылуы мүмкін.
      4. Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлар кеден одағының кедендік заңнамасында белгіленген тәртіппен кедендік декларациялануға жатады.
      5. Өндірістік процестерді қамтамасыз ету, еркін қойманы ұстау және пайдалану үшін қажетті және еркін қоймада тауарларды дайындау (алу) кезінде шикізат, материалдар және жиынтықтаушылар ретінде пайдалануға арналмаған кеден одағының тауарлары еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылмастан еркін қоймада жайғастырылуы және пайдаланылуы мүмкін.
      6. Тауарларды еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастыру кезінде кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету талап етілмейді.

10-бап Тауарлардың еркін қойманың кедендік рәсімінде болу мерзімдері

      Осы Келісімнің 12-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарлар еркін қойманың жұмыс істеу мерзімі шегінде еркін қойманың кедендік рәсімінде болуы мүмкін.

11-бап Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлармен және еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлармен жасалатын операциялар

      1. Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлармен және еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлармен мынадай операциялар жасауға рұқсат етіледі:
      1) тауарларды жинап қою (сақтау, жинақтау, бөлшектеу);
      2) тауарларды тиеу (түсіру) бойынша операциялар және сақтаумен байланысты өзге де жүк операциялары;
      3) тауарларды сақтау үшін қажетті операциялар, сондай-ақ лекті бөлшектеуді, жөнелтуді қалыптастыруды, сұрыптауды, орауды, қайта орауды, таңбалауды, тауар сапаларын жақсарту операцияларын қоса алғанда, тауарларды тасымалдауға және сатуға дайындау бойынша кәдімгі операциялар;
      4) оны жүргізу нәтижесінде тауарлар өзінің жеке сипаттамасын жоғалтатын тауарларды қайта өңдеу (өңдеу) бойынша және (немесе) тауарларды дайындау (құрастыруды, бөлшектеуді, монтаждауды, сыналастыруды қоса алғанда) бойынша операциялар, сондай-ақ тауарларды жөндеу жөніндегі операциялар;
      5) бұл тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға иелік ету құқықтарын беру бойынша мәмілелер жасауды көздейтін операциялар.
      2. Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларға және Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларға қатысты Кодекстің 155-бабына сәйкес сынамалар мен үлгілерді іріктеу бойынша операциялар жасауға рұқсат етіледі.
      3. Егер тіптен бұл тауарлар толықтай немесе ішінара тауарларды дайындау (алу) процестерінде тұтынылатын болса да, мұндай тауарларды тұтыну фактісін осы Келісімнің 6-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес кеден органына ұсынылатын есептілікте міндетті түрде көрсете отырып, еркін қойма аумағында еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларды дайындауға (алуға) жәрдемдесетін немесе оны жеңілдететін тауарлар ретінде пайдалануға рұқсат етіледі.
      4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлармен жасалатын операциялар тізбесі еркін қойманы құру мақсаттарына орай оны құру кезінде кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қысқартылуы мүмкін.
      5. Осы баптың 1 - 3-тармақтарында көрсетілген операцияларды жасауға еркін қойманың иесі ғана рұқсат етеді.

12-бап Еркін қойманың кедендік рәсімі қолданылуының аяқталуы

      1. Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларға қатысты еркін қойманың кедендік рәсімінің қолданылуы мұндай тауарларды және (немесе) еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды осы Келісімнің 14-бабы ескеріле отырып не осы баптың 5 және 6-тармақтарына сәйкес кедендік транзиттің кедендік рәсімінен басқа, Кодексте белгіленген кедендік рәсімдерге орналастырумен аяқталады.
      2. Еркін қойманың кедендік рәсімінің қолданылуы:
      1) еркін қойма жұмыс істеуін тоқтатқан жағдайда (еркін қойма иесі еркін қойма иелері тізілімінен шығарылған жағдайда);
      2) еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларды және (немесе) еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды еркін қойма аумағынан әкету үшін аяқталуға тиіс.
      3. Еркін қойманың кедендік рәсімі аяқталған кезде осы Келісімнің 9-бабы 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес өзге тұлғалар еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлардың декларанты болған жағдайды қоспағанда, еркін қойманың иесі еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлардың және (немесе) еркін қойма кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлардың декларанты бола алады.
      4. Еркін қойма жұмыс істеуін тоқтатқан кезде (еркін қойма иесі еркін қойма иелері тізілімінен шығарылған кезде) еркін қойма аумағындағы еркін қойма кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлар және еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлар еркін қойма жұмыс істеуін тоқтатқан күннен бастап төрт ай ішінде Кеден кодексінде белгіленген кедендік рәсімдерге орналастырылуға жатады.
      Егер осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген әрекеттер жасалмаса, Кодекстің 21-тарауына сәйкес кеден органы тауарларды кідіртеді.
      5. Егер еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлармен осы Келісімнің 11-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген операцияларды жасау нәтижесінде пайда болған қалдықтар оларды одан әрі коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз күйде қайта өңделсе, көрсетілген қалдықтар, Кодексте белгіленген кедендік рәсімдерге орналастырылуға жатпайды. Бұл ретте оларды одан әрі коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз қалдықтар санына сәйкес келетін және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес айқындалатын бөлігінде еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлар кедендік бақылауда тұрған жоқ деп есептеледі. Мұндай тауарларға қатысты еркін қойманың кедендік рәсімі оларды өзге кедендік рәсімдерге орналастырусыз аяқталады.
      6. Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлардан пайда болған және осы Келісімнің 11-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында белгіленген операцияларды жасау нәтижесінде біржола жоғалған өндірістік шығасылар Кодексте белгіленген кедендік рәсімдерге орналастырылуға жатпайды. Бұл ретте еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлар өндірістік шығасылар санына сәйкес келетін және кеден одағына мүше мемлекеттер заңнамасына сәйкес анықталатын бөлігінде кедендік бақылауда тұрған жоқ деп есептеледі. Еркін қойманың кедендік рәсімі осындай тауарларға қатысты оларды өзге кедендік рәсімдерге орналастырусыз аяқталады.
      7. Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларды және (немесе) еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларды еркін қойманың аумағынан әкету Кодекстің 155-бабын, сондай-ақ осы бап ескеріле отырып, кеден органының рұқсатымен жүзеге асырылады.

13-бап Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі

      1. Декларантта еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндет тауарларды еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген сәттен бастап туындайды.
      2. Декларантта еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндет:
      1) осы Келісімге сәйкес мұндай тауарларға қатысты еркін қойманың кедендік рәсімі аяқталған;
      2) Кодекстің 80-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда тоқтатылады.
      3. Кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі:
      1) еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларды және (немесе) еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарларды еркін қойманың аумағынан әкеткен кезде мұндай тауарлар Кодексте белгіленген кедендік рәсімдерге орналастырылғанға дейін - еркін қойма аумағынан әкетілген күн, егер бұл күн белгіленбесе - еркін қойма аумағынан осындай әкету фактісі анықталған күн;
      2) тауарлардың аварияның немесе еңсерілмейтін күштің әсері не тасымалдаудың (тасымалдың) және сақтаудың қалыпты жағдайы кезінде табиғи кему салдарынан жоғалуын қоспағанда, еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлар және (немесе) еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлар жоғалған кезде - тауарлардың жоғалған күні, ал егер бұл күн белгіленбесе - еркін қойманың аумағынан осындай әкету фактісі анықталған күн болып есептеледі.
      4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген жағдайларда, еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждары, салықтар кеден органы тауарларды еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастыру үшін ұсынылған кедендік декларацияны тіркеген күні есептелген кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер ескерілмей, тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне орналастырған кезде төлеуге жататындай кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасына сәйкес мөлшерде төленуге жатады.

14-бап Еркін қойманың кедендік рәсімінің аяқталуы кезінде кедендік баждарды, салықтарды есептеу ерекшеліктерді

      1. Еркін қойманың кедендік рәсімінің аяқталуы кезінде кедендік баждарды, салықтарды есептеу осы бапта белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, еркін қойманың кедендік рәсімінің аяқталуы кезінде тауарлар орналастырылатын кедендік рәсімдер үшін белгіленген кедендік баждарды, салықтарды есептеу тәртібіне сәйкес жүргізіледі.
      2. Тасымалдаудың (тасымалдың), сақтаудың және (немесе) пайдаланудың (пайдалануға берудің) қалыпты жағдайы кезінде табиғи тозу немесе табиғи кему салдарынан болатын өзгерістерден басқа, еркін қойма кедендік рәсіміне орналастырылған және кеден одағының кедендік аумағы шегінен тыс әкетілетін шетелдік тауарларға қатысты еркін қойма кедендік рәсімінің аяқталуы кезінде мұндай тауарлар кері экспорт кедендік рәсіміне орналастырылады.
      3. Егер осы тауарлар кеден одағының кедендік аумағы шегінен тыс әкетілген жағдайда, еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған кеден одағының тауарларына қатысты еркін қойманың кедендік рәсімі мұндай тауарлардың немесе тауарлардың немесе кеден одағы тауарларынан дайындалған (алынған) экспорты кедендік рәсіміне орналастырумен аяқталады.
      Кеден одағының тауарларына қатысты еркін қойманың кедендік рәсімі аяқталған және мұндай тауарларды экспорт кедендік рәсіміне орналастырған кезде кедендік әкету баждары төленуге жатады.
      Кедендік әкету бажын есептеу кезінде кедендік баж ставкасы, тауарлардың құны және (немесе) олардың заттай түрдегі түгел сипаттамасы (мөлшері, салмағы, көлемі немесе өзге де сипаттамасы), сондай-ақ тауарлар саны және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленетін валюта бағамы тауарларды экспорттың кедендік рәсіміне орналастыру үшін ұсынылған кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күнге айқындалады.
      4. Егер кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша тарифтік преференциялар, жеңілдіктер белгіленбесе, еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған және еркін қойма аумағында осы Келісімнің 11-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген операцияларға ұшырамаған шетелдік тауарларға қатысты еркін қойманың кедендік рәсімі аяқталған және мұндай тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсіміне орналастырған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар төленеді.
      Осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, кедендік әкелу баждарын, салықтарды есептеу кезінде кедендік баж, салықтар ставкалары, тауарлардың кедендік құны және (немесе) олардың заттай түрдегі түгел сипаттамасы (мөлшері, салмағы, көлемі немесе өзге де сипаттамасы), сондай-ақ тауарлар саны және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленетін валюта бағамы тауарларды еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастыру үшін берілген кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күнге айқындалады.
      Егер мұндай тауарлар бұл күні кеден одағының кедендік аумағына әкелінген болса, еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған, пайдалануға берілген және осы Келісімнің 11-бабы 1-тармағының 1)-4) тармақшаларында көзделген операциялар үшін еркін қойманың иесі пайдаланған жабдыққа қатысты кедендік әкету бажын, салықтарды есептеу кезінде кедендік баж, салықтар ставкасы, тауарлардың кедендік құны және (немесе) олардың заттай түрдегі түгел сипаттамасы (мөлшері, салмағы, көлемі немесе өзге де сипаттамасы), сондай-ақ тауарлар саны және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленетін валюта бағамы тауарларды ішкі тұтыну үшін экспорттың кедендік рәсіміне орналастыру үшін берілген кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күні айқындалады.
      5. Тасымалдаудың (тасымалдың), сақтаудың және (немесе) пайдаланудың (пайдалануға берудің) қалыпты жағдайы кезінде табиғи тозу немесе табиғи кему салдарынан өзгеруінен басқа, өзгеріссіз күйде қалған, еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған және кеден одағының кедендік аумағы шегінен тыс әкетілмейтін кеден одағының тауарларына қатысты еркін қойманың кедендік рәсімі аяқталған кезде мұндай тауарлар кері экспорт кедендік рәсіміне орналастырылады.
      6. Егер еркін қойма аумағы кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлар кеден одағының тауарлары деп танылған және кеден одағының кедендік аумағының шегінен тыс әкетілген жағдайда, еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларға қатысты еркін қойманың кедендік рәсімі еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлар экспортының кедендік рәсіміне орналастырумен аяқталады.
      Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларға қатысты еркін қойманың кедендік рәсімі аяқталған кезде, шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған және кеден одағының тауарлары болып танылған тауарлар экспортының кедендік рәсіміне орналастырумен кедендік әкету баждары төленуге жатады.
      Кедендік әкету бажын есептеу кезінде кедендік баж ставкасы, тауарлар құны және (немесе) олардың заттай түрдегі түгел сипаттамасы (мөлшері, салмағы, көлемі немесе өзге де сипаттамасы), сондай-ақ тауарлар саны және кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленетін валюта бағамы тауарларды экспорттың кедендік рәсіміне орналастыру үшін берілген кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күнге айқындалады.
      7. Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларға қатысты еркін қойманың кедендік рәсімі, егер шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлар кеден одағының тауарлары деп танылмаса және кеден одағының кедендік аумағының шегінен тыс әкетілмеген жағдайда, еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлар кері экспортының кедендік рәсіміне орналастырумен аяқталады.
      8. Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған кеден одағының тауарларына қатысты еркін қойманың кедендік рәсімі:
      егер осындай тауарлар кеден одағының кедендік аумағының шегінен тыс әкетілмесе, еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тек қана осындай тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлардың;
      егер дайындалған (алынған) осындай тауарлар кеден одағының тауарлары деп танылса және кеден одағының кедендік аумағының шегінен тыс әкетілмесе, еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған осындай тауарлардан және шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлар кері импортының кедендік рәсіміне орналастырумен аяқталады.
      Егер шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлар кеден одағының тауарлары деп танылған және кеден одағының кедендік аумағының шегінен тыс әкетілмеген жағдайда, еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларға қатысты еркін қойманың кедендік рәсімі шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлар кері импортының кедендік рәсіміне орналастырумен аяқталады.
      9. Егер шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлар кеден одағының тауарлары деп танылмаған және кеден одағының кедендік аумағының шегінен тыс әкетілмеген жағдайда, еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларға қатысты еркін қойма кедендік рәсімі еркін қойма кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлардың Кодекстің 202-бабы 1-тармағының 1), 4), 5), 7), 8), 13), 14) тармақшаларында аталған кедендік рәсімдерге орналастырумен аяқталады.
      Осы Келісімнің 17-бабына сәйкес жүзеге асырылатын шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлардағы еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарлардың сәйкестендіру шартымен кедендік әкелу бажын, салықтарды есептеу кезінде еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған және еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларды дайындалған (алынған) шетелдік тауарларға қатысты тауарлар саны және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленген валюта бағамы тауарлар экспортының кедендік рәсіміне орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны тіркеген күнге белгіленген (анықталған) кедендік баж ставкасы, тауарлар құны және (немесе) олардың заттай мәндігі (мөлшері, салмағы, көлемі немесе өзге де сипаттамасы) қолданылады.
      Кеден органы тіркеген күні еркін қойманың кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларға қатысты кедендік декларация болмаған кезде кедендік әкелу баждарын, салықтарды есептеу, осы Келісімнің 17-бабына сәйкес жүзеге асырылатын шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлардағы еркін қойманың кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлардың сәйкестігі кезінде еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған тауарлар пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарларға қатысты Кодекстің 202-бабы 1-тармағының 1), 4), 5), 7), 8) тармақшаларында көрсетілген кедендік рәсімге орналастыру үшін кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күні белгіленген кедендік баж ставкасы, тауарлар құны және (немесе) олардың табиғи көріністегі (мөлшері, массасы, көлемі немесе өзге де сипаттамасы) қолданылады.

15-бап Тауарлардың кедендік құны

      Еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған тауарларға, сондай-ақ еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған тауарлардан дайындалған (алынған) тауарларға қатысты еркін қойманың кедендік рәсім аяқталған кезде мұндай тауарлардың кедендік құны кеден одағы Комиссиясының шешімімен белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, 2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімге сәйкес айқындалады.

16-бап Еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауардың мәртебесін айқындау

      1. Кедендік мақсаттар үшін еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауардың мәртебесін айқындау тауарлардың жеткілікті қайта өңдеу өлшемдеріне сәйкес жасалады, олар былайша көрінуі мүмкін:
      1) бірінші төрт белгінің деңгейіндегі кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасы (бұдан әрі - КО СЭҚ ТН) бойынша тауардың жіктелген кодының кез келген өзгерісі;
      2) тауарды кеден одағының тауары деп тануға жеткілікті өндірістік және технологиялық операциялардың қажетті шарттарын орындауы;
      3) пайдаланылатын материалдар құнының пайыздық үлесі немесе қосылған құны түпкі өнімнің бағасындағы белгіленген үлеске жететін, тауар құнының өзгерісі (адвалорлық үлес қағидасы).
      2. Егер тауарды дайындау (алу) бойынша операциялар жүзеге асу нәтижесінде мына шарттардың бірі орындалса:
      осы тармақтың екінші және үшінші бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, КО СЭҚ ТН бойынша тауардың жіктелген кодының бірінші төрт белгінің кез келген деңгейінде өзгеріс болса;
      еркін қойманың кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарлар құнының пайыздық үлесі түпкі өнімнің бағасындағы белгіленген үлестен аспаса немесе осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, қосылған құн түпкі өнім бағасында белгіленген үлеске жетсе;
      тауарларға қатысты осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, тауарды кеден одағының тауары деп тануға жеткілікті шарттар, өндірістік және технологиялық операциялар орындалса еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауар кеден одағының тауары деп танылады.
      Егер осындай тауарға қатысты өзге шарттарды орындауына байланысты емес жеткілікті қайта өңдеу өлшемдеріне сай келмейтін операциялар ғана жүзеге асырылса, еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауар, кеден одағының тауары деп танылмайды.
      Егер тауарларға қатысты тауарды кеден одағының тауары деп тануға жеткілікті өндірістік және технологиялық операциялар шарттарының тізбесі белгіленген жағдайда, КО СЭҚ ТН бойынша тауардың жіктелген кодының бірінші торт белгінің кез келген деңгейіндегі өзгерісі, еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарларды жеткілікті қайта өңдеу өлшемдері ретінде қолданылмайды.
      3. Еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарларды кеден одағының тауары деп тануға жеткілікті өндірістік және технологиялық операциялар шарттарының тізбесі, сондай-ақ жүзеге асырылуы еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлардың мәртебесін айқындау кезінде жеткілікті өндірістік өлшемдерге сай келмейтін операциялар тізбесін еркін қойманың кедендік рәсімін аяқтау кезінде кедендік мақсаттар үшін Кеден одағының комиссиясы айқындайды. Кеден одағы комиссиясының аталған шешімі келісіммен қабылданады.
      4. Кеден одағының комиссиясы адвалорлық үлес қағидасын еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлардың жеткілікті қайта өңдеу өлшемдері ретінде пайдалану тәртібін айқындайды. Кеден одағы комиссиясының аталған шешімі келісіммен қабылданады.
      Адвалорық үлес қағидасы еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған кеден одағының тауарларын жөндеу жөніндегі операцияларды жасау кезінде жеткілікті қайта өңдеу өлшемдері ретінде қолданылмайды.
      5. Еркін қойманың кедендік рәсімдерін аяқтау кезінде кедендік мақсаттар үшін еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауардың мәртебесін айқындау осы бапта белгіленген тәртіппен кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес айқындалған кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті органы айқындайды.
      6. Еркін қойманың кедендік рәсімін аяқтау кезінде кедендік мақсаттар үшін еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауардың мәртебесін растайтын құжат ретінде кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті органы еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарды кеден одағының тауары деп тану туралы қорытындыны немесе еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарды кеден одағының тауары емес деп тану туралы қорытындыны береді.
      Еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарды кеден одағының тауары деп тану туралы және кеден одағының тауары болып табылмайтын еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарды тану туралы қорытындыны толтыру нысанын, тәртібін, сондай-ақ оларды беру және қолдану тәртібін кеден одағының Комиссиясы айқындайды.
      Кеден одағының Комиссиясы аталған қорытындылардың электрондық түріне қойылатын талаптарды белгілеуі мүмкін.
      7. Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауардың мәртебесін растайтын құжат болмаған, жойылған немесе жарамсыз деп танылған кезде, еркін қойманың кедендік рәсімі аяқталған кезде мұндай тауар оны кеден одағының кедендік аумағынан шығару мақсатына арналған кеден одағының тауары ретінде, ал өзге мақсаттарда - шетелдік тауар ретінде қарастырылады.

17-бап Шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарларда еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған шетелдік тауарларды сәйкестендіру

      1. Еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларды сәйкестендіру мақсатында еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған), тауарларда мынадай тәсілдер пайдаланылуы мүмкін:
      1) қойма иесінің немесе кеден органдары лауазымды тұлғаларының еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларға мөрлерді, мөртаңбаларды, цифрлық және басқа да таңбалауды қоюы;
      2) шетелдік тауарлар егжей-тегжейлі сипаттау, суретке түсіру, ауқымды бейнелеу;
      3) шетелдік тауарлардың және шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарлардың алдын ала іріктеп алынған сынамаларын, үлгілерін салыстыру;
      4) тауарлардағы таңбалауды, оның ішінде сериялық нөмірлер түрінде пайдалану;
      5) еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған тауарлар сипатының және осы Келісімнің 11-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында белгіленген жасалатын операциялардың негізінде, оның ішінде Келісімнің 11-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында белгіленген операциялар жасаудың технологиялық процесінде еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарларды пайдалану туралы берілген толық мәліметтерді зерделеу жолымен, сондай-ақ олардың өндіріс технологиясы туралы немесе Келісімнің 11-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында белгіленген операцияларды жасау уақытында кедендік бақылауды жүзеге асыру жолымен қолданылуы мүмкін өзге де тәсілдер.
      2. Еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарларда еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған шетелдік тауарларды сәйкестендіруді жүргізу тәртібі кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалады.

18-бап 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағында тауарлардың экспорты мен импорты кезінде жанама салықтар алу тәртібі мен олардың төленуін бақылау тетігі туралы хаттаманы қолдану ерекшеліктері

      1. 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағында тауарлардың экспорты мен импорты кезінде жанама салықтар алу тәртібі мен олардың төленуін бақылау тетігі туралы хаттаманың 2-бабының нормалары еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылатын (орналастырылған) кеден одағының тауарларына қатысты болмайды.
      2. 2009 жылғы 11 желтоқсандағы Кеден одағында тауарлардың экспорты мен импорты кезінде жанама салықтар алу тәртібі мен олардың төленуін бақылау тетігі туралы хаттаманың 1-бабында белгіленген тәртіппен қосымша құн салығының нөлдік ставкасын қолданудың негізділігін растау үшін тауарларды кеден одағына мүше бір мемлекеттің аумағынан кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағына өткізген және кеден одағына мүше екінші мемлекеттің аумағында еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырған жағдайда тауарларды әкелу және жанама салықтар төлеу туралы өтініштің орнына салық органына оған сәйкес мұндай тауарлар еркін қойманың кедендік рәсімінде орналастырылған кеден одағы растаған кедендік декларацияның көшірмесі беріледі.

19-бап Тауар мәртебесі туралы өтпелі ережелер

      1. Армения Республикасында, Беларусь Республикасында, Қазақстан Республикасында, Қырғыз Республикасында және Ресей Федерациясында құрылған еркін қоймалардағы және осы Келісім күшіне енгенге дейін еркін қойманың кедендік режиміне орналастырылған тауарлар, еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырған болып саналады.
      2. Осы Келісімнің күшіне енген күніне кеден мақсаттары үшін Армения Республикасында отандық тауарлардың, Беларусь Республикасында отандық тауарлардың, Қазақстан Республикасында қазақстандық тауарлардың, Қырғыз Республикасында отандық тауарлардың және Ресей Федерациясында ресейлік тауарлардың мәртебесі болған осы баптың 1-тармағында аталған тауарлар кеден одағының тауарлары болып танылады.
      3. Осы Келісімнің 16-бабында көзделген Кеден одағы комиссиясының шешімі күшіне енгенге дейін еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарларды пайдалана отырып дайындалған (алынған) тауарларды кеден одағының тауарлары деп тану мақсатында, осы тармақтың екінші абзацының ережелерін ескере отырып, кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жеткілікті қайта өңдеу өлшемдері қолданылады.
      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген кеден одағына мүше мемлекеттерден шығу тегі Армения Республикасы үшін СТ-1 нысанды тауардың шығу тегі туралы сертификатпен, Беларусь Республикасы үшін СТ-1 нысанды тауардың шығу тегі туралы сертификатпен, Қазақстан Республикасы үшін СТ-КZ, нысанды тауардың шығу тегі туралы сертификатпен, Қырғыз Республикасы үшін СТ-1 нысанды тауардың шығу тегі туралы сертификатпен, Ресей Федерациясы үшін СТ-1 нысанды тауардың шығу тегі туралы сертификатпен расталған тауарлар кеден одағының тауарлары болып танылады.
      Қырғыз Республикасында жеткілікті қайта өңдеу өлшемшарттары ретінде мыналар:
      1) ЕАЭО СЭҚ ТН-нің 51 – 63 тауар топтарында сыныпталатын тоқыма материалдар мен тоқыма бұйымдарға, ЕАЭО СЭҚ ТН-нің 64 тауар тобында сыныпталатын аяқ киімге және оның бөліктеріне қатысты – 2009 жылғы 20 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесі туралы келісімде белгіленген тауарлардың шығарылған елін анықтау өлшемшарттары;
      2) ЕАЭО СЭҚ ТН-нің 8415, 8418, 8421 және 8422 тауар позицияларында сыныпталатын жабдыққа және механикалық құрылғылар мен олардың бөліктеріне, ЕАЭО СЭҚ ТН-нің 8508, 8509, 8510, 8512, 8513, 8516 және 8528 тауар позицияларында сыныпталатын электр машиналары мен жабдықтарға және олардың бөліктеріне, дыбыс жазу және дыбыс шығару аппаратурасы мен оның бөліктеріне, телевизиялық кескіндерді жазуға және қайта шығаруға арналған аппаратураға және оның бөліктеріне қатысты – 2009 жылғы 20 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесі туралы келісімде белгіленген тауарлардың шығарылған елін анықтау өлшемшарттары не оларды орындау нәтижесінде қосылған құнының пайыздық үлесі кемінде 40%-ды құрай алмайтын, Қырғыз Республикасының заңнамасында белгіленген жеткілікті қайта өңдеудің өзге де өлшемшарттарын;
      3) ЕАЭО СЭҚ ТН-нің 3901 – 3921 тауар позицияларында сыныпталатын тауарларға қатысты - 2009 жылғы 20 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесі туралы келісімде белгіленген тауарлардың шығарылған елін анықтау өлшемшарттары не оларды орындау нәтижесінде қосылған құнының пайыздық үлесі кемінде 50%-ды құрай алмайтын, Қырғыз Республикасының заңнамасында белгіленген жеткілікті қайта өңдеудің өзге де өлшемшарттары;
      4) ЕАЭО СЭҚ ТН-нің 44-тобында сыныпталатын сүрекке және одан жасалған бұйымдарға, ЕАЭО СЭҚ ТН-нің 9401 және 9403 тауар позицияларында сыныпталатын сүректен жасалған жиһазға және оның бөліктеріне қатысты - 2009 жылғы 20 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесі туралы келісімде белгіленген тауарлардың шығарылған елін анықтау өлшемшарттары пайдаланылады.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.12.2014 № 265-V; 02.08.2015 № 346-V Заңдарымен.

20-бап Дауларды шешу

      1. Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар ең бірінші кезекте, келіссөздер және консультациялар жүргізу жолымен шешіледі.
      2. Егер даудың бір тарабы даудың екінші тарабына оларды жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш жіберген күннен бастап алты ай ішінде дау тараптары дауды келіссөздер және консультациялар жолымен реттемесе, онда дау тараптарының арасында оны шешуге қатысты өзге уағдаластық болмаған кезде, дау тараптарының кез келгені бұл дауды Еуразия экономикалық қоғамдастығының Сотына қарау үшін жібере алады.
      3. Кеден одағының Комиссиясы Тараптарға дау Еуразия экономикалық қоғамдастығы Сотына қарау үшін берілгенге дейін реттеуге жәрдем көрсетеді.

21-бап Өзгерістер енгізу

      Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

22-бап Қорытынды ережелер

      Осы Келісім ратификациялауға жатады және 2009 жылғы 27 қарашадағы кеден одағының Кеден кодексі туралы шарт күшіне енген күннен бастап уақытша қолданылады.
      Осы Келісім депозитарий дипломатиялық арналар арқылы кеден одағына мүше мемлекеттердің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
      2010 жылғы 18 маусымда Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы кеден одағының Комиссиясында сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі болып табылды және әрбір тарапқа оның расталған көшірмесін жібереді.

Беларусь
Қазақстан
Ресей
Республикасы
Республикасы
Федерациясы
үшін
үшін
үшін

     
      Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарының кедендік бақылаудың белгілі бір нысандарын қолдауынан босату туралы келісімді ратификациялау туралы келісімнің қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі мәтініне сәйкес келеді.

Индустрия және жаңа технологиялар
 
бірінші вице-министрі
А. Рау