Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 18 шілдедегі
№ 817 қаулысымен
бекітілген
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын
адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға
мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.08.2013 N 817 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі, «Халықтың көші-қоны туралы» 1997 жылғы 13 желтоқсандағы, «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңдарына және «Жұмыспен қамту 2020 жол картасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 19 маусымдағы № 636 қаулысына (бұдан әрі – Бағдарлама) сәйкес әзірленді.
Қағидалар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесуге, өз еркімен қоныс аударуға, көшуді ұйымдастыруға, оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын көрсетуге арналған нысаналы трансферттерді пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға бағытталған шаралар:
1) көшуге субсидия беру;
2) кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарында оқу, сондай-ақ жаңа тұрғылықты жеріне жұмысқа орналасуына жәрдемдесу;
3) психологиялық бейiмдеу;
4) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарына қызметтiк тұрғын үй беру жолымен іске асырылады.
3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аудандық/қалалық комиссия – ауданның/қаланың жергілікті атқарушы органы жанындағы Бағдарламаны іске асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия;
2) әлеуметтік келісімшарт – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және табысы аз азаматтары қатарындағы жеке тұлға мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы, тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім;
3) Бағдарламаға қатысушылар – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар, табысы аз адамдар, ішінара жұмыспен қамтылғандар, мүгедектер, оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде жалпы білім беретін мектептердің 11-сыныбын, техникалық және кәсіптік білім беру, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын бітірушілер қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Бағдарламада басымдық белгіленген адамдардың өзге де санаттары және оралмандар;
4) Бағдарлама операторы – халықты жұмыспен қамту саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
5) жалпыұлттық дерекқор (бұдан әрі – дерекқор) – жекелеген мамандықтар (кәсіптер) бөлінісіндегі ағымдағы бос жұмыс орындары мен болжанатын жұмыс орындарының дерекқоры;
6) көшуге субсидия беру жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар;
7) қызметтік тұрғын үйді жалдау (жалға беру) – қызметтік тұрғын үйді немесе оның бір бөлігін жалдаушыға (жалға алушыға) уақытша пайдалануға және ақысын төлетіп пайдалануға беру;
8) өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – өңірлік даму саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру бойынша басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
9) қызметтік тұрғын үй – мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан берілетін және өздерінің еңбек қатынастарының сипатына байланысты міндеттерін орындау кезеңінде Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарын қоныстандыруға арналған айрықша құқықтық режимдегі тұрғын үй;
10) өңірлік комиссия – облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы жанындағы Бағдарламаны іске асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия;
11) уәкілетті орган – өңірлік деңгейде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшесі;
12) халықты жұмыспен қамту орталығы – жергілікті атқарушы орган жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында ауданда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада құратын мемлекеттік мекеме;
13) экономикалық өсу орталығы – соңғы 5-10 жыл бойы экономикалық көрсеткіштерінің тұрақты өсуімен және жоғары демографиялық әлеуетімен (көші-қон сальдосы оң) сипатталатын елді мекен.
4. Жаңа тұрғылықты жері бойынша кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарында оқыту, сондай-ақ жұмысқа орналасуға жәрдемдесу Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында көзделген шарттарда жүзеге асырылады.
2. Көшуге субсидия беру
5. Әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұратын өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және табысы аз адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының көшуі:
1) бір ауданның ішінде;
2) бір облыс шегінде бір ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) басқа ауданға (облыстық маңызы бар қалаға);
3) бір облыстан басқа облысқа жүзеге асырылады.
6. Қазақстан Республикасы азаматтарының басқа облысқа көшуі республикалық маңызы бар қаланы және астананы қоспағанда, облыстардың жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдары берген жұмыс берушілер өтінімдері негізінде Бағдарлама операторының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
7. Өңірлік комиссия шешімінің негізінде республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыс орталықтарының шегінде тұратын адамдар қатарындағы Бағдарламаға қатысушыларды Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 316 қаулысымен бекітілген Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының шеңберінде құрылысы 2011 жылғы 1 шілдеден бастап 2013 жылғы 1 шілде аралығында жүргізілген қызметтік тұрғын үйлерге көшіруге жол беріледі.
Бұл ретте, Бағдарламаға қатысушылар мынадай өлшемшарттарға сәйкес келуге тиіс:
1) өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз, халықтың еңбекке қабілетті табысы аз санатына жатуға;
2) жұмыс берушілер жаңа тұрғылықты жері бойынша мәлімдеген қолданыстағы дерекқордағы жұмыс орындарына сәйкес келетін кәсіптік білімі не Бағдарлама шеңберінде кәсіптік оқуды аяқтағаннан кейін тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасу туралы жазбаша міндеттемесі болуға;
3) соңғы үш жылда бекітілген тізбеге сәйкес әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұрақты тұруға тиіс.
8. Бағдарламаға қатысушылардың көшуі қызметтік тұрғын үйдің берілуімен, сондай-ақ көшуге субсидияның төленуімен өз бетінше жүзеге асырылады.
Бұл ретте Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің жаңа тұрғылықты жері бойынша меншік құқығында тұрғын үйі не тұрақты пайдалануында коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйі болған жағдайда жаңа тұрғылықты жері бойынша қызметтік тұрғын үй берілмейді.
9. Қызметтік тұрғын үй беру және көшуге субсидия тағайындау үшін Бағдарламаға қатысушы отбасының құрамын және көшуге субсидия беру жөніндегі уәкілетті ұйымда алдын ала ашылған жеке шотын көрсете отырып, келген жерінің халықты жұмыспен қамту орталығына осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес белгіленген нысан бойынша өтініш береді.
Өтінішке Бағдарламаға қатысушы мен оның көшіп келген отбасы мүшелерінің мынадай құжаттары қоса беріледі:
1) халықты жұмыспен қамту орталығының (шыққан жерінің) жолдамасы;
2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
3) әлеуметтік келісімшарт;
4) Бағдарламаға қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне келген жері бойынша тұрғын үйі жоқ екені туралы жергілікті атқарушы орган берген анықтама.
10. Бағдарламаға қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне көшуге берілетін субсидиялар олар жаңа тұрғылықты жеріне келгеннен кейін және қызметтік тұрғын үйді жалдау (жалға алу) шартын жасағаннан кейін не тұрғын үй мәселесін өз бетінше шешкен жағдайда келген жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі негізінде беріледі.
Бағдарламаға қатысушының жаңа тұрғылықты жеріне келмеген отбасы мүшелеріне көшуге субсидия берілмейді.
11. Келген жерінің халықты жұмыспен қамту орталығы Бағдарламаға қатысушымен қызметтік тұрғын үйді жалдау (жалға алу) туралы шарт жасасқан күннен бастап бес жұмыс күні ішінде не тұрғын үй мәселесін өз бетінше шешкен жағдайда келген жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі негізінде, осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құжаттардың барлығы болған жағдайда, осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көшуге берілетін субсидияны тағайындау туралы шешім шығарады.
Бір елді мекен шегінде көшетін Бағдарламаға қатысушыларға көшуге субсидия төленбейді.
12. Көшуге берілетін субсидияны тағайындау туралы шешімде Бағдарламаға қатысушының отбасы құрамы, оларға берілетін тиісті төлемдердің мөлшері және көшуге субсидия беру жөніндегі уәкілетті ұйымда ашылған жеке шотының нөмірі көрсетіледі.
13. Халықты жұмыспен қамту орталығы көшуге берілетін субсидияны тағайындау туралы шешім шығарғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей көшуге субсидия беру жөніндегі уәкілетті ұйымдарға тиісті төлемдерді аударады.
14. Әлеуметтік келісімшарттың талаптарына сәйкес Бағдарламаға қатысушы (отбасымен бірге) келген жерінен алты айдың ішінде кеткен жағдайда көшуге берілетін субсидияның алынған сомасы бюджетке өтеледі.
Әскери қызметке шақырылған, осы елді мекенде тұруға мүмкіндік бермейтін ауруларды, жұмыс берушінің өтінімі бойынша оқуға жіберілген жағдайларды қоспағанда, Бағдарламаға қатысушы отбасы мүшелерінің біреуі келген жерінен бір жыл ішінде кеткен жағдайда, отбасының кетіп қалған мүшесі алған, көшуге берілген субсидия сомасы бюджетке қайтарылады.
15. Бағдарламаға қатысушыларға келген жерлерінде олардың қалауы бойынша қызметтік тұрғын үй беріледі.
Берілетін қызметтік тұрғын үйдің ауданы отбасының құрамына қарай бірге тұратын отбасы мүшесінің біреуіне он сегіз шаршы метрден не отбасына жүз шаршы метрден аспауға және бір бөлмелі пәтерден не отбасылық үлгідегі жатақхананың бір бөлмесінен кем болмауға тиіс.
Жастар қатарындағы адамдарға, сондай-ақ оралмандарға, жиырма тоғыз жасқа толмаған балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған балаларға (осындай адамдарды әскери қызметке шақырған кезде жасы мерзімді әскери қызмет өткеру мерзіміне ұзартылады), көшіру мен жұмысқа орналастыруды жұмыс беруші өзі жүзеге асырған Бағдарламаға қатысушыларға, сондай-ақ басқа облыстарға көшетіндерге жатақханадан бөлмелер беру олардың бұрынғы тұрған жеріне, оның ішінде облыс орталықтарына, республикалық маңызы бар қалада және астанада тұрғанына қарамастан жүзеге асырылады.
16. Жастар, оның ішінде некеде тұрғандар үшін жатақханалардан бөлмелер мынадай шарттармен беріледі:
1) жасы 29-ға дейін болуы;
2) қолданыстағы еңбек шартының немесе әлеуметтік келісімшарттың болуы;
3) тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіне қатысуы тиіс.
Жастар үшін жатақханалардан бөлмелер 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
17. Жастар үшін жатақханадан бөлме, қызметтік тұрғын үй халықты жұмыспен қамту орталығының тұрғын үй комиссиясы қабылдаған тұрғын үй беру туралы шешімінің және халықты жұмыспен қамту орталығы мен Бағдарламаға қатысушы арасында жасалған қызметтік тұрғын үйді және жатақханадағы бөлмені жалдау (жалға беру) туралы шарт негізінде беріледі.
18. Бағдарламаға қатысушыда не оның отбасы мүшесінде екі айдан астам қолданыстағы еңбек шарты болмаған жағдайда олармен жастарға арналған жатақханадан бөлмені жалға алу шарты бұзылады.
19. Жастарға арналған жатақханадан бөлме берілгеннен кейін Бағдарламаға қатысушы жоғары, жоғарыдан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына кәсіптік оқудан өтуге жіберіледі.
20. Тұрғын үй комиссиясының шешімі екі дана жасалады, оның біреуі қатаң есептегі құжат ретінде халықты жұмыспен қамту орталығында сақталады, ал екіншісі өтініш берушіге беріледі.
21. Халықты жұмыспен қамту орталығы Бағдарламаға қатысушымен жастарға арналған жатақханадан бөлмені, қызметтік тұрғын үйді жалға алу шартын халықты жұмыспен қамту орталығының (келген жерінің) тұрғын үй комиссиясы тиісті шешім қабылдағаннан кейін бес жұмыс күні ішінде жасайды.
Бағдарламаға қатысушы жастарға арналған жатақханадан бөлмені, қызметтік тұрғын үйді жалға алу шартының тарапы болады. Жастарға арналған жатақханадан бөлмені, қызметтік тұрғын үйді жалға алу шартына Бағдарламаға қатысушының сенім білдірілген адамының қол қоюына жол берілмейді.
Жастарға арналған жатақханадан бөлмені, қызметтік тұрғын үйді жалға алу шарты үш данада жасалады. Жастарға арналған жатақханалардан бөлмені, қызметтік тұрғын үйді жалға алу шартының бір данасы халықты жұмыспен қамту орталығында сақталады, екіншісі жергілікті атқарушы органға беріледі, ол қатаң есептілік құжаты ретінде сақталады, үшіншісі өтініш берушіге беріледі және жастарға арналған жатақханадан бөлмеге, қызметтік тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін бірден-бір құжат болып табылады.
22. Егер шарт жасасу туралы ұсыныс берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Бағдарламаға қатысушы шарттың талаптарымен келіспеуіне байланысты жастарға арналған жатақханадан бөлмені, қызметтік тұрғын үйді жалға алу шартына қол қоймаса, халықты жұмыспен қамту орталығы жастарға арналған жатақханадан бөлмені, қызметтік тұрғын үйді Бағдарламаның басқа қатысушысына қайта бөледі.
Бағдарламаның жаңа қатысушысымен шарт жасасу осы Қағидалардың 21-тармағында белгіленген мерзімде жүзеге асырылады.
23. Жалға алу шарты күнтізбелік бір жыл мерзімге жасалады және жалға алу шартына сәйкес ол аяқталғанға дейін күнтізбелік бір ай бұрын шартты тоқтату туралы хабарлама жіберетін жағдайларды қоспағанда, автоматты түрде ұзартылады.
24. Бағдарламаға қатысушылар осы Қағидаларға сәйкес жастарға арналған жатақханадан бөлме, қызметтік тұрғын үй алу құқығын бір рет қана іске асырады.
25. Жастарға арналған жатақханадан бөлмені, қызметтік тұрғын үйді жалға алудың ай сайынғы төлемінің мөлшерін өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлем мөлшерін есептеу әдістемесіне сәйкес халықты жұмыспен қамту орталығы айқындайды.
26. Коммуналдық және пайдалану қызметтерінің шығыстары жастарға арналған жатақханадан бөлмені, қызметтік тұрғын үйді жалға алу төлемінің сомасына кірмейді және Бағдарламаға қатысушы оны өзі төлейді.
27. Жастарға арналған жатақханадан бөлме, қызметтік тұрғын үй жалға берілген кезде қосалқы жалға алуға жол берілмейді.
28. Бағдарламаға қатысушының отбасы мүшесінің жастарға арналған жатақханадан жеке бөлме, қызметтік тұрғын үй беру не Бағдарламаның басқа қатысушысының отбасы құрамында қызметтік тұрғын үй беру туралы өтініші қаралмайды.
29. Жергілікті атқарушы органдар Бағдарламаға қатысушыларды тұрғын үймен отбасылық үлгідегі жатақханалардан орын беру, тұрғын үйлерді сатып алу, құрылысы басталған объектілерді салып бітіру, осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген шарттарға сәйкес келетін, жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігіндегі бос тұрған көппәтерлі тұрғын үйлерді реконструкциялау есебінен қамтамасыз ете алады.
30. Бағдарламаға қатысушылардың тиісті біліктілігі болған жағдайда жастарға арналған жатақханаларды, қызметтік тұрғын үйді салу және тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту барысында құрылатын жұмыс орындарына орналасуға басым құқығы болады.
31. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушылар ретінде қызметтік тұрғын үй берілген Бағдарламаға қатысушылар қызметтік тұрғын үйде кемінде бес жыл тұрған жағдайда, өздері тұратын қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жекешелендіре алады.
3. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын
Қазақстан Республикасының азаматтарына қызметтік тұрғын үй беру
Қоныс аударуға қажеттілікті айқындау тәртібі
32. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыс берушілерге Бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде қоныс аударуға және жұмысқа орналасуға қатысуға үміткерлерді таңдау тәртібі мен шарттары туралы консультация береді.
33. Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген жұмыс берушілер халықты жұмыспен қамту орталықтарына:
1) мамандықтар (кәсіптер) бөлінісінде қажетті жұмыс күшінің саны көрсетілген;
2) Бағдарламаға қатысушылар үшін жұмыс берушілердің қоса қаржыландыруымен тұрғын үй салу мүмкіндігі туралы;
3) Бағдарламаға қатысушыларды тұрақты жұмыс орындарын ұсына отырып, жұмысқа орналастыру мүмкіндігі туралы өтінім не Бағдарлама шеңберінде кәсіптік оқуды аяқтағаннан кейін тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасу туралы жазбаша міндеттеме береді.
34. Халықты жұмыспен қамту орталықтары әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендерге және экономикалық өсу орталықтарына қажетті еңбек ресурстарын қоныстандыру үшін тұрғын үй салуға қажеттілігі бар жұмыс берушілердің тізілімін жүргізеді.
35. Әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен, орташа және жоғары елді мекендерді және экономикалық өсу орталықтарын айқындау өлшемшарттарын өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
Әзірленген өлшемдерге сәйкес облыстардың жергілікті атқарушы органдары өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісім бойынша әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен, орташа және жоғары елді мекендердің тізбесін айқындайды және оны өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті органға және Бағдарлама операторына жібереді.
36. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыс берушілердің қажеттілігін ескере отырып:
1) әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұратын, облыстың (ауданның/қаланың) әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендеріне және экономикалық өсу орталықтарына көшуге қатыса алатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, жұмыссыздар мен табысы аз адамдардың санын;
2) көшуге қатыса алатын жиырма тоғыз жасқа толмаған балалар үйінің тәрбиеленушілерінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалардың (осындай адамдарды әскери қызметке шақырған кезде жасы мерзімді әскери қызмет өткеру мерзіміне ұзартылады), жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастардың, оралмандардың жалпы санын;
3) әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендердегі және экономикалық өсу орталықтарындағы жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына қажеттілігін, олардың жұмыс күшіне деген сұранысын қанағаттандыру үшін қосымша еңбек ресурстарын тарту қажеттілігін айқындайды;
4) еңбек ресурстарына қажеттілікті аудандық/қалалық комиссиялармен келіседі және ақпаратты уәкілетті органға жібереді.
37. Уәкілетті орган ұсынылған ақпараттың негізінде:
1) әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұратын, облыстың (ауданның/қаланың) әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендеріне және экономикалық өсу орталықтарына көшуге қатыса алатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, жұмыссыздар мен табысы аз адамдардың жалпы санын;
2) көшуге қатыса алатын жиырма тоғыз жасқа толмаған балалар үйінің тәрбиеленушілерінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалардың (осындай адамдарды әскери қызметке шақырған кезде жасы мерзімді әскери қызмет өткеру мерзіміне ұзартылады), жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастардың, оралмандардың жалпы санын қалыптастырады;
3) еңбек ресурстарына қажеттілік және азаматтардың көшу мүмкіндігі туралы ақпаратты өңірлік комиссияға жібереді.
38. Өңірлік комиссия берілетін үйлердің жалпы саны негізінде:
1) шыққан және қабылданатын жерін айқындай отырып, облыс (аудан, қала) шегінде көшетін азаматтардың ықтимал санын келіседі және көшуді ұйымдастыру үшін ұсынымды уәкілетті органға және (немесе) халықты жұмыспен қамту орталығына жібереді;
республика шегінде көшетіндердің ықтимал санын келіседі, өтінімді немесе ұсынысты Бағдарлама операторына жібереді.
2) Бағдарламаға қатысушыларды көшіру, орналастыру мәселелерін қарайды.
39. Өңірлік және аудандық/қалалық комиссияның құрамына жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, уәкілетті органның (халықты жұмыспен қамту орталықтарының), қызметкерлер мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің, қоғамдық бірлестіктердің және өзге де мүдделі ұйымдардың өкілдері кіреді.
40. Бағдарламаға қатысушыларға:
1) бір ауданның ішінде қоныс аударушыларға – отағасына он еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, отбасы мүшелерінің әрқайсысына бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) бір облыс шегінде бір ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) басқа ауданға (облыстық маңызы бар қалаға) қоныс аударушыларға – отағасына жиырма бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, отбасы мүшелерінің әрқайсысына он бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бөлінеді;
3) бір облыстан басқа облысқа көшетін адамдарға – отағасына елу еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, отбасы мүшелерінің әрқайсысына отыз бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көшуге субсидия беріледі.
Өз еркімен қоныс аударуға және қатысуға үміткерлерді іріктеу
тәртібі мен әлеуметтік келісімшарт жасасу
41. Бағдарламаға қатысуға үміткерлер халықты жұмыспен қамту орталықтарына осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді.
42. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі және отбасы құрамы (мекенжай анықтамасы, ауылдық әкімнің анықтамасы);
3) еңбек кітапшасының (болған кезде) немесе еңбек қызметін растайтын өзге құжаттың (жұмыс істейтін адамдар үшін) көшірмесі;
4) білімі туралы құжаттың (диплом, аттестат, куәлік), сондай-ақ білімі мен біліктілігін растайтын басқа да құжаттардың (болған кезде) көшірмелері.
Бағдарламаның осы бағытына қатысуға басым құқықты ауыл жастары, сондай-ақ жиырма тоғыз жасқа толмаған балалар үйінің тәрбиеленушілері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалар (осындай адамдарды әскери қызметке шақырған кезде жасы мерзімді әскери қызмет өткеру мерзіміне ұзартылады) иеленеді.
43. Халықты жұмыспен қамту орталықтары он жұмыс күні ішінде басқа облысқа, сондай-ақ басқа ауданға көшуге ниет білдірген адамдардың өтініштері мен құжаттарын – уәкілетті органға, аудан ішінде – аудандық/қалалық комиссияның қарауына жібереді.
Уәкілетті орган басқа облысқа, сондай-ақ басқа ауданға көшуге ниет білдіргендердің өтініштері мен құжаттары келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде оларды өңірлік комиссияның қарауына жібереді.
44. Бағдарламаға қатысуға өтініш беруші адамдардың құжаттарын қарау нәтижесі бойынша:
1) аудандық/қалалық комиссиялар:
бір аудан шегінде көшетін азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу не қосудан бас тарту туралы ұсынымдар әзірлейді және халықты жұмыспен қамту орталығына жібереді;
бір облыс шегінде басқа ауданға (облыстық маңызы бар қалаға) немесе басқа облысқа көшетін азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу не қосудан бас тарту туралы ұсынымдар әзірлейді және өңірлік комиссияға жібереді;
2) өңірлік комиссиялар:
бір облыс шегінде бір ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) басқа ауданға (облыстық маңызы бар қалаға) көшетін азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу не қосудан бас тарту туралы ұсынымдар дайындайды және уәкілетті органға және (немесе) халықты жұмыспен қамту орталығына жібереді;
республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыс орталықтары шегінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 316 қаулысымен бекітілген Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының шеңберінде құрылысы 2011 жылғы 1 шілдеден бастап 2013 жылғы 1 шілде аралығында жүрген қызметтік тұрғын үйлерге көшетін азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу не қосудан бас тарту туралы ұсынымдар әзірлейді және уәкілетті органға және (немесе) халықты жұмыспен қамту орталығына жібереді;
басқа облысқа көшетін азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу не қосудан бас тарту туралы ұсыныстар әзірлейді және уәкілетті органға жібереді.
Уәкілетті орган өңірлік комиссияның басқа облысқа көшетін азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу және қосудан бас тарту туралы ұсынысын шешім қабылдау үшін Бағдарлама операторына жібереді.
Өңірлік және аудандық/қалалық комиссияның отырысы Бағдарламаға қатысуға өтініштер мен құжаттардың түсуіне қарай өткізіледі.
45. Әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендерге және экономикалық өсу орталықтарына көшетін Бағдарламаның осы бағытына қатысуға үміткерлер мынадай өлшемшарттарға сәйкес келуге тиіс:
1) өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз, халықтың еңбекке қабілетті табысы аз санатына жатуға;
2) жұмыс берушілер жаңа тұрғылықты жері бойынша мәлімдеген қолданыстағы дерекқордағы жұмыс орындарына сәйкес келетін кәсіптік білімі не Бағдарлама шеңберінде кәсіптік оқуды аяқтағаннан кейін тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасу туралы жазбаша міндеттемесі болуға;
3) соңғы үш жылда бекітілген тізбеге сәйкес әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерде тұрақты тұруға тиіс.
46. Көрсетілген өлшемшарттар жиырма тоғыз жасқа толмаған балалар үйінің тәрбиленушілері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалар (осындай адамдарды әскери қызметке шақырған кезде жасы мерзімді әскери қызмет өткеру мерзіміне ұзартылады), жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастар, оралмандар болып табылатын Бағдарламаның осы бағытының қатысушыларына қолданылмайды.
Бұл ретте отбасы мүшелерінің бірінің жұмыспен нәтижелі қамтылуы, коммуналдық қызметтерді, жалдау ақысын төлеуді қамтамасыз ету және отбасының бөлінген тұрғын үйде тұруы Бағдарламаға қатысудың міндетті шарты болып табылады.
47. Тиісті қаржы жылына арналған қаржыландыру жоспарында көшуді және қызметтік тұрғын үй салуды, сатып алуды, салып бітіруді, сондай-ақ жастарға арналған жатақханалар салуды және сатып алуды субсидиялауға көзделген жалпы қаражат (жұмыс берушілер тарапынан қоса қаржыландыруды ескере отырып) көлемі негізінде айқындалады.
Қызметтік тұрғын үйлер пәтерлерден, жеке тұрғын үйлерден және жатақханалардағы бөлмелерден тұрады.
48. Халықты жұмыспен қамту орталығы Бағдарлама операторының, өңірлік не аудандық/қалалық комиссияның ұсынымын алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде өтініш берушілерді Бағдарламаға қатысушылар құрамына енгізу туралы не одан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Бағдарламаға қатысуға үміткер осы Қағидалардың 45-тармағында көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес келмеген жағдайларда Бағдарламаға қатысушылардың құрамына енгізуден бас тартылады.
49. Шыққан жерінің халықты жұмыспен қамту орталықтары шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өтініш берушілерге жазбаша хабарлайды.
50. Халықты жұмыспен қамту орталығының Бағдарламаға қатысушылардың құрамына енгізуден бас тарту туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сот тәртібімен шағым жасауға болады.
51. Шыққан және келген жерінің халықты жұмыспен қамту орталықтары қабылданған шешімдердің негізінде Бағдарламаға қатысушылардың көшу тәртібін, мерзімін және оларды қабылдау шарттарын келіседі.
52. Азаматтарды Бағдарламаға қатысушылар қатарына енгізу туралы шешімнің және көшу шарттарын келген жерінің халықты жұмыспен қамту орталықтарымен келісу негізінде шыққан жерінің халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларға қоныс аударуға осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес жолдама береді.
53. Шыққан жерінің халықты жұмыспен қамту орталығы берген жолдаманың негізінде келген жерінің халықты жұмыспен қамту орталығы Бағдарламаға қатысушымен осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік келісімшарт жасасады, жұмыс беруші оның тарапы болады. Жұмыс беруші осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес лауазымды адамның қолымен және мөрмен куәландырылған келісімшартқа қосылу туралы жазбаша өтініш (хабарлама) беру арқылы әлеуметтік келісімшарт жасасқанын растайды.
Әлеуметтік келісімшарт барлық тараптар оған қол қойған сәттен бастап не халықты жұмыспен қамту орталықтары және Бағдарламаға қатысушылар қол қойған және жұмыс берушілерден әлеуметтік келісімшартқа қосылу туралы жазбаша өтініш (хабарлама) алған сәттен бастап күшіне енеді.
Бағдарламаға қатысушыны жұмысқа орналастыру бойынша міндеттемені орындамаған жағдайда жұмыс берушілер мемлекеттің оқытуға және/немесе көшуді субсидиялауға жұмсаған шығыстарын өтейді.
54. Осы Қағидалар қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған әлеуметтік келісімшарттар өз күшін сақтап қалады және өзгеріссіз күйінде қолданылады.
55. Көшуін және жұмысқа орналасуын жұмыс беруші өзі жүзеге асырған азаматтар басым тәртіппен тиісті мемлекеттік қолдауды ала отырып, Бағдарламаның осы бағытына қатысушылардың құрамына енгізіледі.
56. Бағдарламаға қатысушылардың жұмыспен қамтылуы әлеуметтік келісімшарт негізінде қамтамасыз етіледі. Жұмысқа орналастыру үшін бос жұмыс орындары пайдаланылады.
57. Бағдарламаны іске асырудың барлық кезеңдерінде, оған қатысушылар туралы ақпарат әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің «Жұмыспен қамту» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде орналастырылады.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары әлеуметтік келісімшартты сүйемелдеуді және мониторинг жүргізуді жүзеге асырады және Бағдарламаға қатысушылардың өздеріне қабылдаған міндеттемелерін орындауын бақылайды.
4. Еңбек ресурстары ұтқырлығын арттыруға бағытталған шараларды
қаржыландыру
Тұрғын үйді салу және бөлу тәртібі
58. 2013 жылы Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Павлодар облыстарында, сондай-ақ ВАК шешімімен айқындалған өңірлерде Бағдарламаға қатысушылар құрамына енгізу қызметтік тұрғын үйлер салуға, сатып алуға және қоныстандыруға қатысатын жұмыс берушілердің жолдамасы бойынша жүзеге асырылады.
Жұмыс беруші тарапынан қоса қаржыландырылған жағдайда құрылыс орнын салу, сатып алу және салып бітіру үшін тұрғын үйдің ықтимал нұсқаларын таңдау оның қатысуымен жүзеге асырылады.
59. Жұмыс беруші көппәтерлі тұрғын үйді, сондай-ақ жеке, екі (үш) пәтерлі тұрғын үйлерді салу, сатып алу және салып бітіру кезінде қоса қаржыландыруды тұрғын үйлердің жалпы сметалық құнының кемінде 10 %-ы мөлшерінде жүзеге асырады.
60. Облыстардың жергілікті атқарушы органдары мен жұмыс берушілер мынадай міндеттемелерді көздейтін ниет білдіру шартын жасасады:
1) тұрғын үйді бірлесіп салу, сатып алу;
2) қоныс аударатын азаматтарды міндетті жұмысқа орналастыру;
3) жұмыс берушінің қоса қаржыландыруының мөлшері.
61. Жергілікті атқарушы органдар заңнамаға сәйкес тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін бөлуді, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді, мемлекеттік сараптама жүргізуді, қосылуға техникалық шарттарды беруді, сондай-ақ аумақтарды егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына немесе құрылыс салу жоспарына сәйкес инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қосылуды жүзеге асырады.
Жеке тұрғын үйлерді салу кезінде жобаны жергілікті жерге бекіту жергілікті бюджеттің және жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмсалған қаражатқа пропорционал жүзеге асырылады.
Көп пәтерлі тұрғын үйлерді салу кезінде жобаны жергілікті жерге бекіту жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Заңнамада белгіленген тәртіппен мердігерді және объектінің нақты құнын айқындағаннан кейін жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік бағдарламаларының әкімшісі, мердігер және жұмыс беруші тұрғын үй салу және осы құрылысты қоса қаржыландыру шарттары туралы үшжақты шарт жасасады.
Мердігерлік шартқа сәйкес аванс төлемдерін аударған кезде бірінші тәртіпте міндетті түрде жұмыс берушінің қоса қаржыландыру сомасы аударылуға тиіс.
Салынған және пайдалануға тапсырылған тұрғын үй мемлекет пен жұмыс беруші арасында осы тұрғын үйді салуға жұмсалған қаражатқа пропорционал бөлінеді.
Жергілікті атқарушы органның шешімімен жұмыс беруші тарапынан қоса қаржыландыру қаражаты есебінен салынған тұрғын үй жұмыс берушінің меншігіне беріледі, ал мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен салынған тұрғын үй халықты жұмыспен қамту орталығының теңгеріміне беріледі.
62. Халықты жұмыспен қамту орталықтары мен жұмыс берушілер Бағдарламаға қатысушылармен жалға алу шартын жасасады, кейін Бағдарламаға қатысушыға жалға береді.
Бағдарламаға қатысушыларды мемлекеттік қолдау шараларын
қаржыландыру
63. Қызметтік тұрғын үй, жатақхана салу және (немесе) оны сатып алу, Бағдарламаға қатысушыларға көшуге, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға субсидия беру үшін облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне нысаналы трансферттер бөлінеді.
Нысаналы трансферттерді уақтылы аудару, бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуына және түпкілікті нәтижесіне мониторинг жүргізу үшін:
1) Бағдарлама операторы мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері арасында Бағдарламаға қатысушылардың көшу шығындарын өтеу бөлігінде;
2) өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті орган мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері арасында қызметтік тұрғын үй салу және (немесе) сатып алу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және (немесе) сатып алу бөлігінде нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдер жасалады.
64. Бағдарлама операторы мен өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бюджет заңнамасына сәйкес облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне тиісті республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша нысаналы трансферттерді аударады.
65. Қызметтік тұрғын үй, жатақхана салуға және (немесе) оны сатып алуға, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға және (немесе) сатып алуға арналған нысаналы трансферттер объектілер бойынша бөлінбей, бiр сомамен облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне аударылады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары тиісті шешiмдер қабылданғаннан кейін екі апта мерзімде іске асырылуына қаражат көзделген объектілер бөлінісінде жергілікті инвестициялық жобалар туралы жиынтық ақпаратты өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті органға және Бағдарлама операторына жібереді.
66. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері:
1) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 5-күнiне Бағдарлама операторына – экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендерге және экономикалық өсу орталықтарына көшіп келген, оның ішінде субсидия алған, тұрғын үй, жатақханадан бөлме алған, жұмысқа орналастырылған (жұмыспен қамту түрлері бөлінісінде) Бағдарламаға қатысушылардың саны туралы;
2) жартыжылдық қорытындысы бойынша жылына екі рет өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті органға – сатып алынған және (немесе) пайдалануға енгізілген қызметтік тұрғын үйлердің, жатақханалардың саны туралы есеп береді.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудiң
белсендi шараларына қатысатын
адамдардың ұтқырлығын арттыруға
жәрдемдесу және оларға мемлекеттiк
қолдау шараларын көрсету қағидаларын
1-қосымша
____________ ауданының (қаласының)
Халықты жұмыспен қамту орталығының
директорына кiмнен _______________
__________________________________
Қызметтiк тұрғын үй (жатақханадан бөлме) беруге және көшуге
субсидия тағайындауға
ӨТІНІШ
Сiзден
_____________________________________________________________________
(көшу себебi көрсетiледi) байланысты маған және отбасымның мүшелерiне
отбасының мынадай құрамын ескере отырып:
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
қызметтiк тұрғын үй (жатақханадан бөлме) берудi, қоныс аударуға
субсидия тағайындауды және төлеудi сұраймын.
Бiзге тиесiлi соманы ________________________________________________
(банктiң атауы, банктiң ЖСН, банктiң БИК, алушының дербес
_____________________________________________________________________
шотының нөмiрi көрсетiледi)
аударуыңызды сұраймын.
Мына құжаттарды өтiнiшке қоса беремiн:
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
20__ жылғы «___» ______________ _____________________________________
(Бағдарламаға қатысушының қолы)
*ұсынылған құжаттардың дұрыстығына өтiнiш берушi жауапты болады.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудiң
белсендi шараларына қатысатын
адамдардың ұтқырлығын арттыруға
жәрдемдесу және оларға мемлекеттiк
қолдау шараларын көрсету қағидаларын
2-қосымша
________________________________ ауданының (облыстық маңызы бар
қаланың, астананың, республикалық маңызы бар қаланың) халықты
жұмыспен қамту орталығы
Бұйрық
Күнi № _____ ауыл (қала)
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудiң белсендi шараларына қатысатын
адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттiк
қолдау шараларын көрсету қағидаларының 28-тармағына сәйкес Жұмыспен
қамту 2020 Жол картасы әлеуеттi қатысушылары ұсынған құжаттарды қарап
БҰЙЫРАМЫН:
1. ___________________ отбасына қоныс аударуға мынадай мөлшерде
субсидия тағайындалсын:
1) Бағдарламаға қатысушыға __________________ теңге мөлшерiнде;
2) отбасы мүшелерiне ________________________ теңге мөлшерiнде.
Барлығы ____________ теңге.
2. Субсидия ___________________________________________________
(банктiң атауы, банктiң ЖСН, банктiң БИК, алушының
дербес шотының немесе төлем карточкасының нөмiрi
көрсетiледi)
аударылсын.
Басшы Т.А.Ә. қолы
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудiң
белсендi шараларына қатысатын
адамдардың ұтқырлығын арттыруға
жәрдемдесу және оларға мемлекеттiк
қолдау шараларын көрсету қағидаларын
3-қосымша
_________ ауданының (қаласының)
Халықты жұмыспен қамту
орталығының директорына
_______________________________
мекенжайы бойынша тұратын _____
_______________________________
ӨТIНIШ
Мені Жұмыспен қамту 2020 жол картасы жұмыспен қамтуға
жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушылардың ұтқырлығын арттыруға
жәрдемдесу бағыты бойынша қатысушылар қатарына қосуыңызды сұраймын.
Мына құжаттарды өтінішке қоса беремін:
1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) отбасы құрамы туралы мәліметтері;
3) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын
құжаттың (мекенжай анықтамасы не ауылдық әкімдерінің анықтамасы)
көшірмесі;
4) еңбек кітапшасының (болған жағдайда) немесе еңбек қызметін
растайтын өзге құжаттың (жұмыс істейтін адамдар үшін) көшірмесі;
5) білімі туралы құжаттың (диплом, аттестат, куәлік), сондай-ақ
білімі мен біліктілігін растайтын басқа да құжаттардың көшірмесі.
Барлығы ______ құжат _____ парақта.
Көшу шартымен таныстым.
Күні қолы
---------------------------------------------------------------------
Азамат ________________________________________________ өтініші
20__ ж.«___» ____________ қабылданды № ________ болып тіркелді.
Құжаттарды қабылдаған адамның Т.А.Ә., лауазымы және қолы:
_______________________________________________________________
Күні қолы
*ұсынылған құжаттардың дұрыстығына өтініш беруші жауапты болады.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудiң
белсендi шараларына қатысатын
адамдардың ұтқырлығын арттыруға
жәрдемдесу және оларға мемлекеттiк
қолдау шараларын көрсету қағидаларын
4-қосымша
Көшуге № ____ жолдама
Осы жолдама халықты жұмыспен қамту орталығының 20__ ж. «___» ____________ шешіміне сәйкес __________ мекенжайы бойынша тұратын ________________ берілді.
Онымен бірге отбасының мынадай мүшелері көшеді:
Р/с |
Т.А.Ә. |
Туыстық қатынасы |
Басшы Т.А.Ә. қолы
Жолдама берілген күн М.О.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудiң
белсендi шараларына қатысатын
адамдардың ұтқырлығын арттыруға
жәрдемдесу және оларға мемлекеттiк
қолдау шараларын көрсету қағидаларын
5-қосымша
Әлеуметтік келісімшарт
___________________ 20__ жылғы «___» ______________
(жасалатын орны)
Бұдан әрі «Халықты жұмыспен қамту орталығы» деп аталатын ______
_____________________________________________________________________
(уәкілетті өкілдің лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты)
атынан __________________________________ бір тараптан және бұдан әрі
«Бағдарламаға қатысушы» деп аталатын ________________________________
(Халықты жұмыспен қамту орталығының атауы)
_____________________________________________________________________
(бағдарламаға қатысушының тегі, аты, әкесінің аты, жеке басын
куәландыратын құжаттың сериясы, нөмірі, кім және қашан берді)
екінші тараптан төмендегілер туралы осы әлеуметтік шартты (бұдан әрі
– келісімшарт) жасасты:
1. Келісімшарттың мәні
1. Келісімшарт әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді
мекеннен әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекенге
көшу, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын көрсету мақсатында
жасалды.
2. Халықты жұмыспен қамту орталығы, Бағдарламаға қатысушы, ал
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі № 817
қаулысымен бекітілген Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және
оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидаларында (бұдан әрі
– Қағидалары) көзделген жағдайларда жұмыс беруші келісімшарттың
тараптары (бұдан әрі – тараптар) болады.
3. Жұмыс беруші жауапты лауазымды тұлғаның қолымен және мөрмен
расталған әлеуметтік келісімшартқа қосылу туралы жазбаша өтінішті
(хабарламаны) беру арқылы келісімшартты жасасқанын растайды.
2. Тараптардың міндеттері
1. Халықты жұмыспен қамту орталығы:
1) Бағдарламаға қатысушыны жаңа тұрғылықты жері бойынша
тіркеуге жәрдем көрсетуге;
2) Бағдарламаға қатысушыдан көшуге субсидия тағайындау және
қызметтік тұрғын үй бөлу үшін өтініш және құжаттар пакетін
қабылдауға;
3) тұрғын үй комиссиясының Бағдарламаға қатысушыға қызметтік
тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауға;
4) Бағдарламаға қатысушымен қызметтік тұрғын үйді жалға беру
шартын жасасуға;
5) көшуге субсидия тағайындау туралы шешім қабылдауға және
субсидияны Бағдарламаға қатысушының дербес шотына аударуды жүзеге
асыруға;
6) Бағдарламаға қатысушыларды қызметтік тұрғын үйге
қоныстандыруды қамтамасыз етуге;
7) Бағдарламаға қатысушыларды тұрақты жұмыс орындарына
орналастыруға жәрдемдесуге және бақылауды жүзеге асыруға;
8) Бағдарламаға қатысушы мен жұмыс берушінің келісімшартты
орындауына мониторингті жүзеге асыруға міндеттенеді.
2. Бағдарламаға қатысушы:
1) көшуге жолдама мен әлеуметтік келісімшартты алғаннан кейін
белгіленген мерзімде межелі елді мекенге келуге;
2) халықты жұмыспен қамту орталығына көшуге субсидия тағайындау
және қызметтік тұрғын үй бөлу үшін өтініш және құжаттар пакетін
беруге;
3) халықты жұмыспен қамту орталығымен қызметтік тұрғын үйді
жалға алу шартын жасасуға және оған белгіленген мерзімде қоныстануға;
4) жұмыс беруші ұсынған тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасуға
не кейін жұмысқа орналасумен кәсіптік оқудан өтуге;
5) коммуналдық және жалдау ақысын уақытында төлеуге;
6) халықты жұмыспен қамту орталығының сұрауы бойынша өзінің,
сондай-ақ жұмыс берушінің міндеттемелерінің орындалуына мониторингті
жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты, құжаттарды уақытында және толық
ұсынуға міндеттенеді.
3. Тараптардың құқықтары
1. Халықты жұмыспен қамту орталығының:
1) шыққан жерінің халықты жұмыспен қамту орталығынан
Бағдарламаға қатысушының көшу тәртібі мен мерзіміне қатысты ақпаратты
сұратуға;
2) бағдарламаға қатысушыдан және жұмыс берушіден келісімшарттың
талаптарын уақытында және тиісінше орындауын талап етуге;
3) келісімшарт шеңберінде өзге де мәселелерді шешуге құқығы
бар.
2. Бағдарламаға қатысушының:
1) шыққан жерінің халықты жұмыспен қамту орталығынан көшу
тәртібі мен мерзімдері және қабылдау шарттары туралы, оның ішінде
қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орнына
жұмысқа орналасу мәселелері бойынша ақпарат алуға;
2) келісімшартта көзделген мемлекеттік шараларды алуға;
3) халықты жұмыспен қамту орталығы мен жұмыс берушіден
келісімшарттың уақытында және тиісінше орындалуын талап етуге құқығы
бар.
4. Өзге де шарттар
1. Келісімшартқа тараптардың келісімі бойынша қосымша
әлеуметтік келісімшартқа қол қою арқылы өзгерістер мен толықтырулар
енгізілуі мүмкін.
2. Осы келісімшарт оған халықты жұмыспен қамту орталығы,
Бағдарламаға қатысушы қол қойған және жұмыс берушінің келісімшартқа
қосылуы туралы өтінішін (хабарламасын) алған сәттен бастап күшіне
енеді.
3. Келісімшарттың қолдану мерзімі 20__ жылғы «___» _____ дейін.
5. Келісімшарт талаптарының орындалмағаны үшін тараптардың
жауапкершілігі
Келісімшарттың талаптарын орындамағаны және (немесе) тиісінше
орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына
сәйкес тараптар жауапта болады.
6. Форс-мажорлық жағдайлар
1. Тараптар осы Келісімге қол қойылғаннан кейін туындаған өрт,
жер сілкінісі, су тасқыны және басқа да апатты жағдайлар; әскери
іс-қимылдар және т.б. сияқты төтенше және дүлей жағдайларда
(форс-мажор) міндеттерін толық немесе ішінара орындамағаны үшін
жауапкершіліктен босатылады.
2. Форс-мажор жағдайлары туындаған жағдайда, осы келісімшартқа
сәйкес қандай да болсын міндеттемелерді орындауы осындай жағдайлардың
туындауына байланысты мүмкін болмаған, Тарап форс-мажор жағдайлар
басталған немесе аяқталған күннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде бұл
туралы басқа тараптарды жазбаша нысанда (осы келісімшарт бойынша өз
міндеттерін орындаудың мүмкін еместігін негіздеп және дәлелдеп
хабардар етуі тиіс.
3. Хабарламау немесе уақтылы хабарламау, осындай хабарламау
немесе уақтылы хабарламау форс-мажордың тиісті мән-жайларынан тікелей
пайда болған жағдайларды қоспағанда, Тарапты форс-мажордың осы
келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін
жауапкершіліктен босатуға негіздеме ретінде кез келген форс-мажордың
жағдайына сүйену құқығынан айырады. Форс-мажор жағдайларының
басталғандығы немесе тоқтатылғандығы туралы хабарлама, форс-мажор
жағдайы жалпыға танымал және жаппай сипат алған, дәлелдеуді қажет
етпейтін жағдайларды қоспағанда, құжатпен немесе тиісті органның және
немесе мекеменің куәлігімен расталуға тиіс.
4. Осы келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі
форс-мажор жағдайы орын алған, сондай-ақ осы жағдайлардан туындаған
салдар әрекеті барысына шамалас уақытқа кейінге шегеріледі. Егер
мән-жайларының туындауына байланысты Тараптардың осы келісімшарт
бойынша міндеттемелерді толық немесе ішінара орындай алмауы, _______
(кезеңді көрсету) асып кетсе, Тараптар осы Шартты бұзуға құқылы.
7. Тараптардың мекенжайлары мен деректемелері
Халықты жұмыспен қамту ____________________________________ ____________________________________ ____________________________________ ____________________________________ ____________________________________ М.О. |
Бағдарламаға қатысушы _______________________________ _______________________________ _______________________________ _______________________________ |
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудiң
белсендi шараларына қатысатын
адамдардың ұтқырлығын арттыруға
жәрдемдесу және оларға мемлекеттiк
қолдау шараларын көрсету қағидаларын
6-қосымша
__________________________________________
(Халықты жұмыспен қамту орталығының атауы)
Әлеуметтік келісімшартқа қосылу туралы жұмыс берушінің
өтініші (хабарламасы)
Осымен _________________ атынан _____________________ негізінде
(жұмыс берушінің атауы) (ереже, жарғы және т.б.)
әрекет ететін _______________________________________________________
(уәкілетті өкілдің тегі, аты, әкесінің аты)
және ___________________________ арасында ___________________________
(халықтың жұмыспен қамту (Бағдарламаға қатысушының
орталығы) тегі, аты,
_______________ жасасқан 20__ жылғы «___» __________ № ___ әлеуметтік
әкесінің аты)
келісімшартқа қосылуға ниет білдіреді және төмендегілер туралы:
Бағдарламаға қатысушыны ______________________ кәсіп (мамандық)
(еңбек функциясын көрсету)
бойынша тұрақты жұмысқа орналастыруға және/немесе кейін жұмысқа
орналастырумен өз қаражаты есебінен оқытуға міндеттеме алады.
Тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастырмаған жағдайда көшуге
төленген субсидия сомаларын толық көлемде өтеуге міндеттенемін.
Осы өтінімге мыналарды қоса беремін (құрылтай құжаттардың
көшірмелері, банк деректемелері қоса берілсін):
______________ _______________ ________________________________
(лауазымы) (қолы) (уәкілетті өкілдің Т.А.Ә.)
М.О.