Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі № 817 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің         
2011 жылғы 18 шілдедегі 
№ 817 қаулысымен   
бекітілген  

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидасы 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидасы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі, «Халықтың көші-қоны туралы» 1997 жылғы 13 желтоқсандағы және «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңдарына және «Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 316 қаулысына сәйкес әзірленді. z1100000477 қараңыз
      Қағида Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ оралмандардың көшіп келу квотасына қосылған және Қазақстан Республикасының азаматтығын алған жаңадан келген этникалық қазақтар қатарындағы көшіп келушілердің (бұдан әрі – этникалық қазақтар қатарындағы көшіп келушілер) Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) үшінші бағытына қатысу, көшуін ұйымдастыру, оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету және мемлекеттік қолдау көрсетуге бөлінген нысаналы трансферттерді пайдалану тәртібін айқындайды.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      2. Үшінші бағытқа қатысушыларды мемлекеттік қолдау:
      1) көшуге субсидия беруді;
      2) қызметтік тұрғын үй беруді;
      3) жаңа тұрғылықты жерінде кәсіптік оқу курстарынан өтуді және жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді;
      4) психологиялық бейімдеуді қамтиды.
      Этникалық қазақтар қатарындағы көшіп келушілер мен олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және қоғамға кіріктіру мақсатында оралмандарды бейімдеу және қоғамға кіріктіру орталықтары арқылы қосымша қызметтер кешені (ақпараттық, құқықтық, әлеуметтік, медициналық және білім беру) көрсетіледі.
      Бейімдеу және кіріктіру қызметтері халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға көзделген қаражат есебінен көрсетіледі.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      3. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аудандық/қалалық комиссия – жергілікті атқарушы органның жанындағы Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын іске асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия;
      2) алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2011.12.28 № 1621 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      3) әлеуметтік келісімшарт – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының өз бетінше жұмыспен айналысушы, жұмыссыз және табысы аз азаматтар қатарындағы жеке тұлға мен халықты жұмыспен қамту орталықтары арасындағы тараптардың құқықтары мен өзара міндеттемелерін айқындайтын келісім;
      4) Бағдарламаға қатысушылар – Бағдарламаға қатысуға оң шешім алған Қазақстан Республикасының азаматтары және этникалық қазақтар қатарындағы көшіп келушілер;
      5) Бағдарламаның операторы – халықты жұмыспен қамту саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      6) Бағдарлама шеңберінде ұсынылатын ынталандырушы төлемдер – Бағдарлама шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын жеке тұлғаларға төленетін ақшалай қаражат (оқуға материалдық көмек; бюджет қаражаты есебінен субсидияланатын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын жеке тұлғалар жалақысының бөлігі; көшуге берілетін субсидиялар);
      7) беру жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар;
      8) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган – бюджетті атқару саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
      9) қызметтік тұрғын үйді жалға беру – қызметтік тұрғын үйді немесе оның бір бөлігін жалға алушыға уақытша пайдалануға және ақысын төлетіп пайдалануға беру;
      10) құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі уәкілетті орган құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі мемлекеттік басқару саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
      11) қызметтік тұрғын үй – азаматтардың еңбек қатынастарының сипатына байланысты өз міндеттерін орындауы кезеңінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан берілетін, оларды қоныстандыруға арналған айрықша құқықтық режимдегі тұрғын үй;
      12) өңірлік комиссия – облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының жанындағы Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын іске асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия;
      13) уәкілетті орган – өңірлік деңгейде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшесі;
      14) халықты жұмыспен қамту орталығы – жергілікті атқарушы орган жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында ауданда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада құрылатын мемлекеттік мекеме;
      15) экономикалық даму мәселелері жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуді салааралық және өңіраралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
      16) экономикалық өсу орталығы – соңғы 5-10 жыл бойы экономикалық көрсеткіштерінің тұрақты өсуімен және жоғары демографиялық әлеуетімен (көші-қон сальдосы оң) сипатталатын елді мекен.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің  2011.12.28 № 1621 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.
      4. Экономикалық әлеуеті төмен және жоғары елді мекендерді және экономикалық өсу орталықтарын айқындау өлшемдерін экономикалық даму және сауда мәселелері жөніндегі уәкілетті орган әзірлеп, бекітетін болады.
      Республикалық маңызы бар қаладан, астанадан және облыс орталықтарынан басқа, жергілікті атқарушы органдар белгіленген өлшемдер негізінде облыстағы экономикалық әлеуеті төмен және жоғары елді мекендердің және экономикалық өсу орталықтарының тізбесін айқындайды және оны экономикалық даму мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен келіседі.
      Экономикалық әлеуеті төмен және жоғары елді мекендердің тізбесін Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – ВАК) бекітеді.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің  2011.12.28 № 1621 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен, өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      5. Халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарлама операторы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, жыл сайын айқындайтын басым кәсіптер (мамандықтар) тізбесін, ағымдағы бос жұмыс орындары мен болжамды жұмыс орындарының жалпыұлттық дерекқорын, сондай-ақ өңірлерді дамыту бағдарламасы мен Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі – ҮИИМБ) шеңберінде іске асырылатын жобаларды ескере отырып:
      1) экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерде тұратын, облыстың (ауданның/қаланың) экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендеріне және экономикалық өсу орталықтарына көшуге қатыса алатын өз бетінше жұмыспен айналысушылардың, жұмыссыздар мен табысы аз адамдардың санын;
      2) көшуге қатыса алатын этникалық қазақтар қатарындағы көшіп келушілердің санын;
      2) экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендердегі және экономикалық өсу орталықтарындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ресурстарына қажеттілігін, олардың жұмыс күшіне деген сұранысын қанағаттандыру үшін қосымша еңбек ресурстарын тарту қажеттілігін айқындайды;
      3) еңбек ресурстарына қажеттілікті аудандық/қалалық комиссиялармен келіседі және ақпаратты уәкілетті органға жібереді.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің  2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      6. Уәкілетті орган ұсынылған ақпараттың негізінде:
      1) экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерде тұратын, облыстың экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендеріне және экономикалық өсу орталықтарына көшуге қатыса алатын өз бетінше жұмыспен айналысушылардың, жұмыссыздар мен табысы аз адамдардың жалпы санын айқындайды;
      2) көшуге қатыса алатын этникалық қазақтар қатарындағы көшіп келушілердің жалпы санын айқындайды;
      3) еңбек ресурстарына деген қажеттілік және азаматтардың көшу мүмкіндігі туралы ақпаратты өңірлік комиссияға жолдайды.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің  2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      7. Өңірлік комиссия:
      1) шыққан және қабылданатын жерін айқындай отырып облыс (аудан, қала) шегінде көшетін азаматтардың ықтимал санын келіседі және көшуді ұйымдастыру үшін ұсынымды уәкілетті органға және (немесе) халықты жұмыспен қамту орталығына жібереді;
      2) республика шегінде көшетін азаматтардың ықтимал санын келіседі және өтінімді немесе ұсынысты Бағдарлама операторына жібереді.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      8. Өңірлік және аудандық/қалалық комиссияның құрамына жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, уәкілетті органның (халықты жұмыспен қамту органдарының), қызметкерлер мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің, қоғамдық бірлестіктердің және өзге де мүдделі ұйымдардың өкілдері кіреді.

2. Азаматтардың Бағдарламаның үшінші бағытына қатысу тәртібі 

      9. Бағдарламаға қатысу үшін экономикалық әлеуеті төмен елді мекенде, республикалық маңызы бар қалада, астанада және облыс орталықтарында тұратын өз бетінше жұмыспен айналысушылардың, жұмыссыздар мен табысы аз адамдардың қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматы, сондай-ақ этникалық қазақтар қатарындағы көшіп келушілер халықты жұмыспен қамту орталықтарына осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      10. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      2) отбасы құрамы туралы мәліметтер;
      3) тұрғылықты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжаттың көшірмесі (мекенжай анықтамасы, селолық және/немесе ауылдық әкiмдердiң анықтамасы);
      4) еңбек кітапшасының көшірмесі (болған жағдайда) немесе еңбек қызметін растайтын өзге құжат (жұмыс істейтін адамдар үшін);
      5) білімі туралы құжаттың (диплом, аттестат, куәлік), сондай-ақ білімі мен біліктілігін растайтын басқа да құжаттардың көшірмесі.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      11. Халықты жұмыспен қамту орталықтары он жұмыс күні ішінде басқа облысқа, республикалық маңызы бар қалаға, астанаға, республикалық маңызы бар қаланың, астананың және облыс орталығының шегінде, сондай-ақ басқа ауданға көшуге ниет білдірген адамдардың өтініштері мен құжаттарын – уәкілетті органға, аудан ішінде – аудандық/қалалық комиссияның қарауына жібереді.
      Уәкілетті орган басқа облысқа, сондай-ақ басқа ауданға көшуге ниет білдіргендердің өтініштері мен құжаттары келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде оларды өңірлік комиссияның қарауына жібереді.
      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      12. Бағдарламаны іске асырудың үшінші бағытына қатысудың басым құқығын ауыл жастары иеленеді.
      13. Қазақстан Республикасы азаматтарының және этникалық қазақтар қатарындағы көшіп келушілердің көшуі:
      1) бір ауданның ішінде;
      2) бір облыс шегінде бір ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) басқа ауданға (облыстық маңызы бар қалаға);
      3) басқа облысқа жүзеге асырылады.
      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      14. Бағдарламаға қатысуға өтініш беруші адамдардың құжаттарын қарау нәтижесі бойынша:
      1) өңірлік комиссиялар:
      бір ауданнан басқа ауданға, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыс орталықтарының шегінде көшетін азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы ұсынымдар дайындайды және уәкілетті органға және (немесе) халықты жұмыспен қамту орталығына жібереді;
      басқа облысқа көшетін азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу туралы (бас тарту туралы) өтінімдер немесе ұсыныстар дайындайды және Бағдарлама операторына жібереді;
      2) аудандық/қалалық комиссиялар бір ауданның шегінде көшетін азаматтарға қатысты Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу (қосудан бас тарту) туралы ұсынымдар дайындайды және халықты жұмыспен қамту орталығына жібереді.
      Өңірлік және аудандық/қалалық комиссияның отырысы Бағдарламаға қатысуға өтініштер мен құжаттардың түсуіне қарай, бірақ айына кемінде бір рет өткізіледі.
      Бағдарлама операторы басқа облысқа көшуге ниет білдіргендердің өтініштері мен құжаттарын өңірлік комиссиялардың өтінімдері мен ұсыныстарын қоса отырып, ВАК-тың кезекті отырысына қарауға енгізеді.
      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      15. Бағдарламаға қатысушылар құрамына енгізілетін үміткерлердің тізімін қалыптастыру кезінде мыналар ескеріледі:
      1) қоныс аударуды ұйымдастыру кезінде:
      соңғы үш жылда бекітілген тізбеге сәйкес экономикалық әлеуеті төмен елді мекенде, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалада, астанада және облыс орталықтарында тұруы жеке тұрғын үйі болмағандықтан, тиісті әкімдікте есепте тұруы немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған тұрғын үйде тұруы;
      кәсіптік даярлығының өңірлік немесе ҮИИДМБ шеңберінде іске асырылатын инвестициялық жобалардың бейініне, сондай-ақ өңір, республикалық маңызы бар қала, астана және Қарағанды қаласы кәсіпорындарының еңбек ресурстарына деген қажеттілігіне сәйкес келуі.
      2) вахталық әдіс бойынша жұмысқа орналастыруды ұйымдастыру кезінде кәсіптік даярлығының өңірлік немесе ҮИИДМБ шеңберінде іске асырылатын инвестициялық жобалардың бейініне сәйкес келуі.
      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің  2011.12.28 № 1621 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.
      16. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      17. Бағдарламаға қатысушылардың саны көшуді және қызметтік тұрғын үйді салуды субсидиялауды қаржыландыру жоспарында көзделген қаражат көлеміне, сондай-ақ жұмыс берушілердің вахталық әдіс бойынша жұмысқа орналастыруға деген қажеттілігіне қарай айқындалады.
      18. Халықты жұмыспен қамту орталығы ВАК-тың, өңірлік не аудандық/қалалық комиссияның ұсынымын алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде өтініш берушілерді Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу туралы (одан бас тарту туралы) шешім қабылдайды.
      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      19. Бағдарламаға қатысуға үміткер осы Қағиданың 15-тармағында көрсетілген шарттарға сәйкес келмеген жағдайларда Бағдарламаға қатысушылардың құрамына енгізуден бас тартылады.
      20. Шыққан жерінің халықты жұмыспен қамту орталықтары шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өтініш берушілерге жазбаша хабарлайды.
      21. Халықты жұмыспен қамту орталығының Бағдарламаға қатысушылардың құрамына енгізу туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасауға болады.
      22. Шыққан жерінің және келген жерінің халықты жұмыспен қамту орталықтары қабылданған шешімдердің негізінде Бағдарламаға қатысушылардың қоныс аудару тәртібін, мерзімін және оларды қабылдау, оның ішінде жұмыстарды вахталық әдіс бойынша ұйымдастыру шарттарын келіседі.
      23. Азаматтарды Бағдарламаға қатысушылар қатарына енгізу туралы шешімнің және қоныс аудару немесе вахталық әдіс бойынша жұмыспен қамту шарттарын келген жерінің халықты жұмыспен қамту орталықтарымен келісу негізінде шыққан жерінің халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларға қоныс аударуға немесе вахталық әдіс бойынша жұмысқа орналасуға осы Қағидаға 2-қосымшаға сәйкес жолдама береді.
      24. Шыққан жерінің халықты жұмыспен қамту орталығы берген жолдаманың негізінде келген жерінің халықты жұмыспен қамту орталығы Бағдарламаға қатысушымен Бағдарлама операторы әзірлеген нысан бойынша әлеуметтік келісімшарт жасайды.
      Ауданның, республикалық маңызы бар қаланың, астананың және облыс орталықтарының ішінде көшетін Бағдарламаға қатысушылармен әлеуметтік келісімшарт оларды халықты жұмыспен қамту орталығының Бағдарламаға қатысушылардың қатарына қосу туралы шешімінің негізінде жасалады.
      Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

1. Қоныс аударуды ұйымдастыру, көшуге субсидия беру және қызметтік тұрғын үй беру тәртібі

      25. Бағдарламаға қатысушылардың көшуі қызметтік тұрғын үйдің берілуімен, сондай-ақ көшуге субсидияның төленуімен өз бетінше жүзеге асырылады.
      Бұл ретте, жаңа тұрғылықты жері бойынша меншік құқығында тұрғын үйі не тұрақты пайдалануында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйі бар Бағдарламаға қатысушыларға қызметтік тұрғын үй берілмейді.
      Ескерту. 25-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      26. Қызметтік тұрғын үй алу және көшуге субсидия тағайындау үшін Бағдарламаға қатысушы отбасының құрамын және беру жөніндегі уәкілетті ұйымда алдын ала ашылған жеке шотын көрсете отырып, келген жерінің халықты жұмыспен қамту орталығына осы Қағидаға 3-қосымшаға сәйкес белгіленген нысан бойынша өтініш береді.
      Өтінішке Бағдарламаға қатысушы мен оның көшіп келген отбасы мүшелерінің мынадай құжаттары қоса беріледі:
      1) (шыққан жерінің) халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы;
      2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      3) келген жері бойынша тұрғын үйінің жоқ екені туралы жергілікті атқарушы органның анықтамасы.
      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      27. Бағдарламаға қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне көшуге берілетін субсидия олар жаңа тұрғылықты жеріне келгеннен кейін және қызметтік тұрғын үйді жалға алу шартын жасағаннан кейін не тұрғын үй мәселесін өз бетінше шешкен жағдайда келген жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі негізінде беріледі.
      Бағдарламаға қатысушының жаңа тұрғылықты жеріне келмеген отбасы мүшелеріне көшуге субсидия берілмейді.
      28. Келген жерінің халықты жұмыспен қамту орталығы Бағдарламаға қатысушымен қызметтік тұрғын үйді жалға алу туралы шарт жасалған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде не тұрғын үй мәселесін өз бетінше шешкен жағдайда келген жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі негізінде, осы Қағиданың 26-тармағында көрсетілген құжаттардың барлығы болған жағдайда, осы Қағидаға 4-қосымшаға сәйкес көшуге берілетін субсидияны тағайындау туралы шешім шығарады.
      Еңбек қызметін вахталық әдіс бойынша жүзеге асыратын Бағдарламаға қатысушыларға, этникалық қазақтар қатарындағы көшіп келушілерге, сондай-ақ республикалық маңызы бар қаланың, астананың және облыс орталықтарының шегінде көшетін адамдарға көшуге берілетін субсидия төленбейді.
      Ескерту. 28-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің  2011.12.28 № 1621 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.
      29. Көшуге берілетін субсидияны тағайындау туралы шешімде Бағдарламаға қатысушының отбасы құрамы, оларға берілетін тиісті төлемдердің мөлшері және беру жөніндегі уәкілетті ұйымда ашылған жеке шотының нөмірі көрсетіледі.
      30. Халықты жұмыспен қамту орталығы көшуге берілетін субсидияны тағайындау туралы шешім шығарғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей беру жөніндегі уәкілетті ұйымдарға тиісті төлемдерді аударады.
      31. Бағдарламаға қатысушыларға көшуге берілетін субсидиялар:
      1) бір ауданның ішінде қоныс аударушыларға – отбасының басшысына он еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, отбасы мүшелерінің әрқайсысына бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      2) бір облыс шегінде бір ауданнан басқа ауданға қоныс аударушыларға – отбасының басшысына жиырма бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, отбасы мүшелерінің әрқайсысына он бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бөлінеді;
      3) басқа облысқа көшетін адамдарға – отағасына елу еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, отбасы мүшелерінің әрқайсысына отыз бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бөлінеді.
      Ескерту. 31-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      32. Әлеуметтік келісімшарттың талаптарына сәйкес Бағдарламаға қатысушы (отбасымен бірге) келген жерінен алты айдың ішінде кеткен жағдайда көшуге берілетін субсидияның сомасы бюджетке өтеледі.
      Бағдарламаға қатысушы отбасы мүшелерінің біреуі келген жерінен алты ай ішінде кеткен жағдайда, отбасының кетіп қалған мүшесі алған көшуге берілген субсидия сомасы бюджетке қайтарылады.
      33. Бағдарламаға қатысушыларға келген жерлерінде олардың қалауы бойынша қызметтік тұрғын үй беріледі.
      Қызметтік тұрғын үй жергілікті атқарушы органның шешімімен халықты жұмыспен қамту орталығының теңгеріміне беріледі.
      Берілетін қызметтік тұрғын үйдің ауданы отбасының құрамына қарай бірге тұратын отбасы мүшесінің біреуіне он сегіз шаршы метрден не отбасына жүз шаршы метрден аспауға және бір бөлмелі пәтерден не отбасылық үлгідегі жатақхананың бір бөлмесінен кем болмауға тиіс.
      Еңбек қызметін вахталық әдіс бойынша жүзеге асыратын, сондай-ақ жаңа тұрғылықты жері бойынша меншік құқығында тұрғын үйі не тұрақты пайдалануында коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйі бар Бағдарламаға қатысушыларға отбасылық үлгідегі жатақхананы қоспағанда, қызметтік тұрғын үй берілмейді.
      Ескерту. 33-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      34. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      35. Қызметтік тұрғын үй халықты жұмыспен қамту орталығының тұрғын үй комиссиясы қабылдаған тұрғын үй беру туралы шешімінің және халықты жұмыспен қамту орталығы мен Бағдарламаға қатысушы арасында жасалған қызметтік тұрғын үйді жалға беру туралы шарт негізінде беріледі.
      Тұрғын үй комиссиясының шешімі екі дана жасалады, оның біреуі қатаң есептегі құжат ретінде халықты жұмыспен қамту орталығында сақталады, ал екіншісі өтініш берушіге беріледі.
      Ескерту. 35-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      36. Бағдарламаға қатысушымен қызметтік тұрғын үйді жалға алу шартын халықты жұмыспен қамту орталығының тұрғын үй комиссиясы тиісті шешім қабылдағаннан кейін бес жұмыс күні ішінде (келген жерінің) халықты жұмыспен қамту орталығы жасайды.
      Бағдарлама қатысушы қызметтік тұрғын үйді жалға алу шартының тарапы болады. Қызметтік тұрғын үйді жалға алу шартына Бағдарламаға қатысушының сенімді адамының қол қоюына жол берілмейді.
      Қызметтік тұрғын үйді жалға алу шарты үш данада жасалады. Қызметтік тұрғын үйді жалға алу шартының бір данасы халықты жұмыспен қамту орталығында сақталады, қатаң есептілік құжаты ретінде сақталатын екіншісі жергілікті атқарушы органға беріледі, үшіншісі өтініш берушіге беріледі және қызметтік тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін бірден-бір құжат болып табылады.
      Ескерту. 36-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      37. Егер шарт жасау туралы ұсыныс берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Бағдарламаға қатысушы шарттың талаптарымен келіспеуіне байланысты қызметтік тұрғын үйді жалға алу шартына қол қоймаса, халықты жұмыспен қамту орталығы қызметтік тұрғын үйді Бағдарламаның басқа қатысушысына қайта бөледі.
      Бағдарламаның жаңа қатысушысымен шарт жасау осы Қағиданың 36-тармағында белгіленген мерзімде жүзеге асырылады.
      38. Жалға алу шартына сәйкес жалға алу шарты күнтізбелік бір жыл мерзімге жасалады және ол аяқталғанға дейін күнтізбелік бір ай бұрын хабарлама жіберетін жағдайларды қоспағанда, автоматты түрде ұзартылады.
      39. Бағдарламаға қатысушылар осы Қағидаға сәйкес қызметтік тұрғын үй алу құқығын бір рет қана іске асырады.
      40. Қызметтік тұрғын үйді жалға алудың ай сайынғы төлемінің мөлшерін құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлем мөлшерін есептеу әдістемесіне сәйкес жергілікті атқарушы орган айқындайды.
      41. Коммуналдық және пайдалану қызметтерінің шығыстары қызметтік тұрғын үйді жалға алу төлемінің сомасына кірмейді және Бағдарламаға қатысушы оны өзі төлейді.
      42. Қызметтік тұрғын үй жалға берілген кезде қосалқы жалға алуға жол берілмейді.
      43. Бағдарламаға қатысушының отбасы мүшесінің жеке қызметтік тұрғын үй беру немесе Бағдарламаның басқа қатысушысының отбасы құрамында қызметтік тұрғын үй беру туралы өтініші қаралмайды.
      44. Жергілікті атқарушы органдар Бағдарламаға қатысушыларды тұрғын үймен отбасылық үлгідегі жатақханалардан орын беру, тұрғын үйлерді сатып алу, құрылысы басталған объектілерді салып бітіру, осы Қағиданың 33-тармағында көрсетілген шарттарға сәйкес келетін, жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігіндегі бос тұрған көппәтерлі тұрғын үйлерді реконструкциялау есебінен қамтамасыз ете алады.
      Ескерту. 44-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      45. Бағдарламаға қатысушылар тиісті біліктілігі болған жағдайда қызметтік тұрғын үйді салу және тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту барысында құрылатын жұмыс орындарына басым құқығы болады.
      46. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушылар ретінде қызметтік тұрғын үй берілген Бағдарламаға қатысушылар қызметтік тұрғын үйде кемінде бес жыл тұрған жағдайда, өздері тұратын қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жекешелендіре алады.
      47. Қызметтік тұрғын үйлерді жекешелендіру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

2. Үшінші бағытқа қатысушыларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу

      48. Кәсіптік даярлығы бар Бағдарламаға қатысушыларды жұмысқа орналастыру үшін Бағдарламаның бірінші бағытында көзделген шарттарда бос жұмыс орындары, әлеуметтік және уақытша жұмыс орындары пайдаланылады.
      Еңбек нарығындағы нақты жағдайларды ескере отырып, жұмыстар вахталық әдіспен ұйымдастырылуы мүмкін.
      Жұмыспен қамту жаңа тұрғылықты жеріне келгенге дейін және одан кейін жұмыс берушілермен жасалған Келісім негізінде қамтамасыз етіледі.
      49. Жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жағдайда Бағдарламаға қатысушыларға келген жері бойынша Бағдарламаның бірінші бағытында көзделген шарттарда кейіннен жұмысқа орналастыра отырып оқуға немесе Бағдарламаның екінші бағытында көзделген шарттарда жеке ісін ұйымдастыруға мүмкіндік беріледі.
      50. Бағдарламаны іске асырудың барлық кезеңдерінде, оған Қазақстан Республикасы азаматтарының қатысуы туралы ақпарат әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің «Жұмыспен қамту» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде орналастырылады.
      Халықты жұмыспен қамту орталықтары әлеуметтік келісімшартты сүйемелдеуді және мониторинг жүргізуді жүзеге асырады, жүргізілген іс-шаралардың тиімділігін бағалайды және Бағдарламаға қатысушылардың өздеріне қабылдаған міндеттемелерін орындауын бақылайды.
      Ескерту. 50-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

3. Бағдарламаға қатысушыларды мемлекеттік қолдау шараларын қаржыландыру

      Ескерту. 3-кіші бөлім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің  2011.12.28 № 1621 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      51. Қызметтік тұрғын үй құрылысы және (немесе) оны сатып алу, Бағдарламаға қатысушыларға көшу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға субсидия беру үшін облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне нысаналы трансферттер бөлінеді.
      Нысаналы трансферттерді уақтылы аудару, бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуына және түпкілікті нәтижесіне мониторинг жүргізу үшін:
      1) Бағдарлама операторы мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері арасында Бағдарламаға қатысушылардың қоныс аудару шығындарын өтеу бөлігінде;
      2) құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі уәкілетті орган мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері арасында қызметтік тұрғын үй салу және (немесе) сатып алу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және (немесе) сатып алу бөлігінде нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдер жасалады.
      52. Бағдарлама операторы мен құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі уәкілетті орган бюджет заңнамасына сәйкес облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне тиісті республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша нысаналы трансферттерді аударады.
      53. Қызметтік тұрғын үйді салуға және (немесе) оны сатып алуға, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға және (немесе) сатып алуға арналған нысаналы трансферттер объектілер бойынша бөлінбей, бір сомамен облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне аударылады.
      Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары тиісті шешімдер қабылданғаннан кейін екі апта мерзімде іске асырылуына қаражат көзделген объектілер бөлінісінде жергілікті инвестициялық жобалар туралы жиынтық ақпаратты бюджетті атқару жөніндегі және құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі уәкілетті органдарға жібереді.
      54. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері:
      1) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 5-күніне Келісімде бекітілген нысан бойынша Бағдарлама операторына - экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендерге және экономикалық өсу орталықтарына көшіп келген, оның ішінде субсидия алған, тұрғын үй алған, жұмысқа орналастырылған (жұмыспен қамту түрлері бөлінісінде), оқуға жіберілген және жеке ісін ұйымдастырған бағдарламаға қатысушылардың саны туралы;
      2) жартыжылдық қорытындысы бойынша жылына екі рет құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі орталық уәкілетті органға - сатып алынған және пайдалануға енгізілген қызметтік тұрғын үйлердің саны туралы есеп береді.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің  
белсенді шараларына қатысатын  
адамдардың ұтқырлығын арттыруға 
жәрдемдесу және оларға мемлекеттік
қолдау шараларын көрсету қағидасына
1-қосымша        
 

________________________ ауданының
      (қаласының)
Халықты жұмыспен қамту орталығының
директорына           
 
______________________мекенжайында
тұратын __________________________
__________________________________
 
 

ӨТІНІШ

      Ескерту. 1-қосымшаға өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.12.01 N 1427 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.

      Мені Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушылардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу бағыты бойынша Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасына қатысушылар қатарына қосуыңызды сұраймын.
      Мына құжаттарды өтінішке қоса беремін:
      1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      2) отбасы құрамы туралы мәліметтерді;
      3) тұрғылықты тұратын жерi бойынша тiркелгенiн растайтын құжатты (мекенжай анықтамасын не селолық және/немесе ауылдық әкiмдердiң анықтамасын);
      4) еңбек кітапшасының көшірмесі (болған жағдайда) немесе еңбек қызметін растайтын өзге құжат (жұмыс істейтін адамдар үшін);
      5) білімі туралы құжаттың (диплом, аттестат, куәлік), сондай-ақ білімі мен біліктілігін растайтын басқа да құжаттардың көшірмесі.

Барлығы______ құжат _____ парақта.

Көшу шартымен таныстым.

Күні                                                   қолы

Азамат ___________________________________________________________
өтініші
20____ж.«___»____________қабылданды. № ___болып тіркелді.

 
Құжаттарды қабылдаған адамның Т.А. Ә., лауазымы және қолы:
____________________________________________________________________
____________________________________________________________________

Күні                                                   Қолы

*ұсынылған құжаттардың дұрыстығына өтініш беруші жауапты болады.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысатын адамдардың  
ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және 
оларға мемлекеттік қолдау шараларын 
көрсету қағидасына           
2-қосымша               

Көшуге немесе еңбек қызметін вахталық әдіс бойынша жүзеге асыруға
№____ жолдама

      Аталған жолдама Халықты жұмыспен қамту орталығының 20__ ж. «___» ____________ шешіміне сәйкес __________ мекенжайында тұратын ________________ берілді.
      Онымен бірге отбасының мынадай мүшелері қоныс аударады:
 

р/с

Т. А. Ә.

Туыстық қатынасы

















      Басшы                                      Т.А.Ә. қолы

      Жолдама берілген күн М.О.
 

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысатын адамдардың  
ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және
оларға мемлекеттік қолдау шараларын
көрсету қағидасына        
3-қосымша            

________________________________
ауданының (қаласының)          
Халықты жұмыспен қамту         
орталығының директорына        
кімнен__________________________
________________________________

Қызметтік тұрғын үй беруге және көшуге субсидия тағайындауға өтініш

      Сізден _______________________________________________________
(қоныс аудару себебін көрсетіледі) байланысты маған және отбасымның
мүшелеріне отбасының мынадай құрамын ескере отырып:
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
қызметтік тұрғын үй беруді, қоныс аударуға субсидия тағайындауды және төлеуді сұраймын.
      Бізге тиесілі соманы
____________________________________________________________________
(банктің атауы, банктің СТН, (ЖСН), банктің БИК, алушының есеп
шотының нөмірі көрсетіледі) аударуыңызды сұраймын.
      Мына құжаттарды өтінішке қоса беремін:
____________________________________________________________________
____________________________________________________________________
____________________________________________________________________

20__ жылғы «_____»                     _____________________________
                                     (Бағдарламаға қатысушының қолы)

*ұсынылған құжаттардың дұрыстығына өтініш беруші жауапты болады.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысатын адамдардың   
ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және 
оларға мемлекеттік қолдау шараларын 
көрсету қағидасына         
4-қосымша            

_________________________ауданының (облыстық маңызы бар қаланың, астананың, республикалық маңызы бар қаланың) Халықты жұмыспен қамту орталығы № _____      бұйрық

      Күні                                  ауыл (қала)

      Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидасының 28-тармағына сәйкес Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының әлеуетті қатысушылары ұсынған құжаттарды қарап, БҰЙЫРАМЫН:
      1. ____________________ отбасына қоныс аударуға мынадай мөлшерде субсидия тағайындалсын:
      1) Бағдарламаға қатысушыға____________ теңге мөлшерінде;
      2) отбасы мүшелеріне _____________ теңге мөлшерінде.
      Барлығы ____________ теңге.

      2. Субсидия __________________________________ (банктің атауы, банктің СТН, (ЖСН), банктің БИК, алушының есеп шотының немесе төлем карточкасының нөмірі көрсетіледі) аударылсын.

      Басшы                                      Т.А.Ә. қолы