Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 14 маусымдағы № 573 Қаулысы

Жаңартылған

      «Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығының 8-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар (бұдан әрі - атқарушы органдар) қызметінің тиімділігін бағалау ережесі бекітілсін.
      2. Атқарушы органдар қызметінің тиімділігін тиісті бағыттар бойынша бағалауға жауапты мемлекеттік органдар үш ай мерзімде тиісті қорытындылар дайындауды қамтитын бағалау жүргізу әдістемесін әзірлесін және бекітсін.
      3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы үш ай мерзімде облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппаратымен келісім бойынша атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалаудың нәтижелері туралы қорытындының форматын әзірлесін және бекітсін.
      4. Облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің аппараттары:
      2010 жылғы 1 желтоқсанға дейін атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне жыл сайынғы бағалау жүргізу кестесін бекітсін;
      кестеге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне жыл сайынғы бағалау жүргізудің алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей жүзеге асырсын.
      5. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2010 жылғы 14 маусымдағы
№ 573 қаулысымен   
бекітілген      

Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың)
жергілікті атқарушы органдарының бюджеттерінен
қаржыландырылатын атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне
бағалау жүргізу ережесі

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.04.23 № 438 Қаулысымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» (бұдан әрі - Жүйе) Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығына сәйкес әзірленді.
      2. Ереже облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар (бұдан әрі - атқарушы органдар) қызметінің тиімділігіне жыл сайынғы бағалаудың негізгі ережелерін, қағидаттарын, бағыттарын белгілейді, органдар жүйесі мен жүргізу, нәтижелерін айқындау және оларға шағымдану тәртібін айқындайды.
      3. Атқарушы орган қызметінің тиімділігін бағалаудың (бұдан әрі - тиімділікті бағалау) мақсаты оған жүктелген міндеттер мен функциялардың іске асырылу тиімділігін айқындау болып табылады.
      4. Тиімдікті бағалау үшін ақпарат көздері:
      1) атқарушы органдардың есепті кезеңде жүргізілген жұмыс туралы есептері;
      2) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппараты және бағалауға уәкілетті атқарушы органдар жүргізген тексеру нәтижелері;
      3) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің, оның орынбасарларының және облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімі аппаратының бақылау нәтижелері;
      4) атқарушы органдардың бақылау актілері;
      5) ресми статистикалық деректер;
      6) тәуелсіз сарапшылардың қорытындылары;
      7) тиімділікті бағалаудың белгілі бір бағыты бойынша әлеуметтанушылық зерттеулердің нәтижелері;
      8) тиімділікті жалпы бағалауды дайындау кезіндегі үкіметтік емес ұйымдардың (қоғамдық бірлестіктердің) ақпараты болып табылады.
      5. Тиімділікті бағалау осы Ереженің 10-тармағында айқындалған бағалау жүргізуге уәкілетті атқарушы органдар (бұдан әрі - бағалауға уәкілетті атқарушы органдар) жүргізеді.
      6. Тиімділікті бағалау жыл сайын кестеге сәйкес есепті (күнтізбелік) жылдық қорытындылары бойынша және осы Ереженің 46, 49, 51, 53-тармақтарында көрсетілген мерзімдерді міндетті түрде сақтай отырып, жүзеге асырылады.
      7. Тиiмдiлiкке бағалау жүргiзу кестесi:
      1) бағаланатын атқарушы органдардың тиiстi бағыттар бойынша бағалауға уәкiлеттi атқарушы органдарға есептi жылдың қорытындылары бойынша есептiк ақпаратты;
      2) бағалауға уәкiлеттi атқарушы органдардың бағаланатын атқарушы органдарға танысу үшін және келіспеушіліктер болған жағдайда шағымдану үшін бағалаудың нәтижелерi туралы қорытындыларды;
      3) бағалауға уәкiлеттi атқарушы органдардың облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органға шағымдану рәсімінен кейінгі бағалаудың нәтижелері туралы қорытындыларды;
      4) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органының Өңiрлiк сараптау комиссиясына бағыттар бойынша жалпы бағалау нәтижелерi туралы қорытындыларды;
      5) Өңiрлiк сараптау комиссиясының облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкiмiне бағалау нәтижелерiн;
      6) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкiмiнiң мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға бағалау нәтижелерi бойынша ақпарат ұсыну мерзiмдерiн қамтиды.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.05.08 № 597 Қаулысымен.
      8. Тиімділікке бағалау жүргізу кестесін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы әзірлейді және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі бекітеді.

2. Тиімділікті бағалау қағидаттары

      9. Тиімділікті бағалау қағидаттары:
      1) заңдылық қағидаты - тиімділікке бағалауды қатаң түрде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізу;
      2) объективтілік қағидаты - тәуелсіз бағалауды жан-жақты және толық жүргізу, мүдделер қақтығысын болдырмау;
      3) дәйектілік қағидаты - тиімділікті бағалаудың нәтижелерін тиісті құжаттармен растау;
      4) ашықтық қағидаты - ақпараттың шығу көздерін тексеру мүмкіндігі;
      5) жариялылық қағидаты - құпиялылық режимін және қызметтік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғауды қамтамасыз етуді ескере отырып, тиімділікті бағалаудың нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау болып табылады.

3. Бағалау жүргізуге уәкілетті атқарушы органдар

      10. Бағалау жүргізуге уәкілетті атқарушы органдар:
      1) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппараты;
      2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы;
      3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органы болып табылады.
      11. Тиімділікті бағалауды жалпы әдіснамалық жетекшілік етуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
      12. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы осы Ереженің 15-тармағында көрсетілген бағыттарға сәйкес бағалауға уәкілетті атқарушы органдар беретін қорытындылар негізінде бағаланатын атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалауды (бұдан әрі - жалпы  бағалау) жүзеге асырады.
      13. Бағыттар бойынша тиімділікті жалпы бағалау нәтижелері туралы сараптау қорытындысын қалыптастыру мақсатында облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің шешімімен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі аппаратының лауазымды адамдары арасынан Өңірлік сараптау комиссиясы құрылады, сондай-ақ Өңірлік сараптау комиссиясының жұмыс органы айқындалады.
      14. Өңірлік сараптау комиссиясы өз қызметінде облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің шешімімен бекітілетін Ережені басшылыққа алады.

4. Тиімділікті бағалау бағыттары

      15. Тиімділікті бағалау бағаланатын атқарушы органдар қызметінің мынадай бағыттары бойынша жүзеге асырылады:
      1) қадағаланатын салада/аяда/өңірде стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және іске асыру;
      2) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің, оның орынбасарларының және облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын орындау;
      3) бюджет қаражатын басқару;
      4) мемлекеттік қызметтер көрсету;
      5) персоналды басқару;
      6) ақпараттық технологияларды қолдану.
      16. Осы Ереженің 15-тармағында көрсетілген қызметтің әрбір бағыты бойынша Жүйенің 10-тармағында айқындалған тиімділікті бағалауға уәкілетті орталық мемлекеттік органдар атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау өлшемдері мен көрсеткіштері айқындалатын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісілген тиісті әдістемелерді әзірлейді және бекітеді.
      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.05.08 № 597 Қаулысымен.
      17. Мынадай ережелер тиімділік өлшемдері мен көрсеткіштеріне қойылатын міндетті талаптар болып табылады:
      1) өлшемдер мен көрсеткіштер ресми статистикалық деректерге, атқарушы органдардың деректері мен тексерілуге жататын басқа да ақпаратқа негізделуі тиіс;
      2) шығыс ақпаратты жинау және өңдеу тәсілі алынған деректердің дәлдігін тексеру мүмкіндігіне жол беруі тиіс;
      3) көрсеткішті айқындау оны бағалайтын да, сондай-ақ бағаланатын атқарушы органның да, бір мәнді түсінуін қамтамасыз етуі тиіс;
      4) қажетті деректерді алу мүмкіндігінше аз уақыт пен ресурстар шығындарымен жүргізілуі тиіс;
      5) өлшемдер мен көрсеткіштерді деректерді үздіксіз жинақтау қажеттілігін және жеке кезеңдер үшін олардың салыстырмалығын қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып айқындаған жөн;
      6) өлшемдер мен көрсеткіштер мемлекеттік органның барлық қызметін қамтуы және барлық мемлекеттік функциялардың сапалы орындалуына бағытталуы тиіс.
      18. Тиімділіктің өлшемдері мен көрсеткіштері ретінде халықаралық практикада қолданылатын өлшемдер мен көрсеткіштер пайдаланылуы мүмкін.
      19. Өлшемдер мен көрсеткіштер нақты атқарушы органның тікелей қызметін көрсетуі тиіс.

4.1. Қадағаланатын саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және іске асыру тиімділігін бағалау

      20. Осы бағыт бойынша бағалау қадағаланатын саланы/аяны/өңірді дамытудағы атқарушы органдар шараларының тиімділігін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      21. Атқарушы органдар қадағалайтын саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және іске асыру тиімділігін бағалауды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы жүзеге асырады.
      22. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы қызметінің қадағаланатын саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және іске асыру тиімділігін бағалауды облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппараты жүзеге асырады.
      23. Қадағаланатын саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және іске асыру тиімділігін бағалау жөніндегі әдістемені әзірлеу мен бекітуді және әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.

4.2. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің, оның орынбасарларының және облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалау

      24. Осы бағыт бойынша бағалау облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің оның орынбасарларының және облыс, республикалық  маңызы бар қаланың, астананың әкімдігінің актілері мен тапсырмаларының сапасын, толықтығы мен орындалу уақтылығын айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      25. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің, оның орынбасарларының және облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалауды облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппараты жүзеге  асырады.
      26. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің актілері мен  тапсырмаларын орындау сапасын бағалау әдістемесін әзірлеу мен бекітуді және әдіснамалық сүйемелдеуді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.

4.3. Бюджет қаражатын басқару тиімділігін бағалау

      27. Осы бағыт бойынша бағалау бюджет қаражатын пайдаланудың нәтижелілігі мен тиімділігін қамтамасыз ету шараларының тиімділігін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      28. Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың, сондай-ақ ауданның (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының бюджет қаражатын басқару тиімділігі бойынша  қызметін бағалауды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органы жүзеге асырады.
      29. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органын осы бағыт бойынша облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппараты бағалайды.
      30. Бюджет қаражатын басқару тиімділігін бағалау әдістемесін әзірлеу мен бекітуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.

4.4. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау

      31. Осы бағыт бойынша бағалау жеке және заңды тұлғаларды қолжетімді және сапалы, соның ішінде электрондық форматта мемлекеттік қызметтермен қамтамасыз ету шараларының тиімділігін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      32. Осы бағыт бойынша тиімділікті бағалауды облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппараты жүзеге асырады.
      33. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау әдістемесін әзірлеу мен бекітуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп жүзеге асырады.
      34. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалауды жүзеге асыру мақсатында қосымша әлеуметтік зерттеулер жүргізілуі мүмкін.

4.5. Персоналды басқару тиімділігін бағалау

      35. Осы бағыт бойынша бағалау атқарушы мемлекеттік органда персоналды басқару шараларының тиімділігін айқындау мақсатында жүргізіледі.
      36. Осы бағыт бойынша тиімділікті бағалауды облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппараты жүзеге асырады.
      37. Персоналды басқаруды бағалау әдістемесін әзірлеу мен бекітуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

4.6. Ақпараттық технологияларды қолдану тиімділігін бағалау

      38. Осы бағыт бойынша бағалау үдерістерді оңтайландыру және атқарушы органдар қызметінің ашықтығын арттыру үшін атқарушы органның  ақпараттық технологияларды қолдану тиімділігін айқындау мақсатында жүргізіледі.
      39. Осы бағыт бойынша тиімділікті бағалауды облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппараты жүзеге асырады.
      40. Ақпараттық технологияларды қолдану тиімділігін бағалау әдістемесін әзірлеу мен бекітуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

5. Бағаланатын атқарушы органдардың тиімділігіне бағалау жүргізу тәртібі

      41. Атқарушы органдар жыл сайын бағалауға уәкілетті атқарушы органдарға бағалау жүргізу кестесіне сәйкес өткен жылдың қорытындылары бойынша есептік ақпарат тапсырады.
      42. Бағалауға уәкілетті атқарушы органдар бағаланатын атқарушы органдардың есептік ақпаратындағы деректерді қайта тексеру бойынша ұйымдастыру шараларының кешенін қабылдауға міндетті.
      43. Бағалауға уәкілетті атқарушы органдар тиімділікке бағалау жүргізу кезінде есепті кезеңдегі басқа да бақылау органдарының тексеру нәтижелерін есепке алады.
      44. Бағалауға уәкілетті атқарушы органдар бағаланатын және басқа да атқарушы органдардан бағалаудың тиісті бағыты бойынша  қажетті ақпарат пен құжаттаманы құпиялық режимін, қызметтік немесе басқа да заңмен қорғалатын құпияларды сақтай отырып, өздері белгілеген мерзімде сұратуға және алуға құқылы.
      45. Бағалауға уәкілетті атқарушы органдар бағалау үдерісінде алынған мәліметтердің сақталуына және құпиялылығына жауап береді.
      45-1. Бағаланатын атқарушы органдар тиімділікті бағалау қорытындылары бойынша бұрын берілген тапсырмалар мен ұсынымдарды бағалаудың әрбір бағыты бойынша қызмет тиімділігінің көрсеткіштерін жақсарту жөніндегі шаралар кешенін іске асыру арқылы орындайды.
      Ескерту. Ереже 45-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2012.05.08 № 597 Қаулысымен.
      45-2. Бағалауға уәкілетті атқарушы органдар ағымдағы жылдың 1 маусымынан кешіктірмей тиісті бағыттар бойынша қорытындыларды бағаланатын атқарушы органдарға жібереді.
      Ескерту. Ереже 45-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2012.05.08 № 597 Қаулысымен.
      46. Бағалауға уәкiлеттi атқарушы органдар ағымдағы жылдың 15 маусымынан кешiктiрмей облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органына тиiстi бағыттар бойынша шағымдану нәтижелері ескеріле отырып түзетілген қорытындыларды ұсынады.
      Ескерту. 46-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.05.08 № 597 Қаулысымен.
      47. Қызмет бағыттары бойынша тиiмдiлiктi бағалау нәтижелерi туралы қорытындылар бағалау туралы қорытынды есепті, тиімділікті бағалау қорытындылары бойынша бұрын берілген тапсырмалар мен ұсынымдарды іске асыру нәтижелерін, сондай-ақ бағаланатын атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру бойынша тұжырымдар мен ұсынымдарды қамтуы тиiс.
      Ескерту. 47-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.05.08 № 597 Қаулысымен.
      48. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік  жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалауды қалыптастыру кезінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен коммерциялық емес негізде үкіметтік емес ұйымдарды (қоғамдық бірлестіктерді) және тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқылы.
      49. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы ағымдағы жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей бағыттар бойынша тиімділікті жалпы бағалау нәтижелерін бағаланатын атқарушы органдарды бір мезгілде хабардар ете  отырып, Өңірлік сараптау комиссиясына енгізеді.
      50. Атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытындының және атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері туралы Өңірлік сараптау комиссиясының сараптама қорытындысының форматтарын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесімен келісім бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
      51. Өңiрлiк сараптау комиссиясы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органының жалпы бағалау нәтижелерi туралы қорытындылары негiзiнде атқарушы органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалаудың нәтижелерiн ағымдағы жылдың 15 шілдесінен кешiктiрмей облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкiмiне енгiзедi.
      Ескерту. 51-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.05.08 № 597 Қаулысымен.
      52. Өңірлік сараптау комиссияның жұмыс органы бағалау нәтижелерін атқарушы органдар қызметінің тиімділігін арттыру бойынша тапсырмалар мен ұсынымдармен бірге атқарушы органдардың басшыларына тиісті шаралар қабылдау үшін жіберіледі.
      Ескерту. 52-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.05.08 № 597 Қаулысымен.
      53. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкiмi ағымдағы жылдың 25 шілдесінен кешiктiрмей, мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға тиiмдiлiкке бағалау жүргiзгенi туралы есептiк ақпаратты бередi. Мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган ағымдағы жылдың 15 тамызынан кешiктiрмей облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана әкiмдерiнiң есептерi негiзiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесiне қорытылған ақпаратты жiбередi.
      Ескерту. 53-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.05.08 № 597 Қаулысымен.
      54. Тиімділікті бағалаудың қорытындылары бойынша нәтижелерді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы бұқаралық ақпарат құралдарында құпиялылық режимін, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де  құпиянықамтамасыз етуді ескере отырып жариялайды.

6. Нәтижелерге шағымдану тәртібі

      Ескерту. 6-бөлім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.05.08 № 597 Қаулысымен.

      55. Бағаланатын атқарушы орган тиiмдiлiктi бағалау нәтижелерiн алған сәттен бастап бағалау нәтижелерiмен келiспеген жағдайда бес жұмыс күнi iшiнде тиісті бағыттар бойынша бағалауға уәкілетті атқарушы органдарға растаушы құжаттармен бiрге келіспеушілігін жіберуге құқылы.
      56. Растау құжаттары жоқ наразылықтарды алған жағдайда бағалауға уәкілетті атқарушы орган бағаланатын атқарушы органға қайта тексеру жүргізудің орынсыз екендігі туралы жауап жібереді.
      57. Бағалауға уәкiлеттi атқарушы органдарда нәтижелердi қайта тексеру үшiн бағалаудың объективтiлiгi мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында құрамына атқарушы органды бағалауға қатысқан қызметкерлер кiруге болмайтын арнайы комиссиялар қалыптастырылады.
      58. Бағалауға уәкiлеттi атқарушы органдар 5 жұмыс күні iшiнде қайта тексеру нәтижелерi бойынша наразылықтарды қабылдау не қабылдамау туралы негiзделген қорытындыларды бағаланатын атқарушы органдарға жiбередi.
      59. Бағалауға уәкiлеттi атқарушы орган наразылықтарды қабылдаған жағдайда тиiмдiлiктi бағалау нәтижелерi туралы қорытындыға тиiстi түзетулер енгiзедi.
      60. Өңiрлiк сараптау комиссиясының жұмыс органы егер бағалау үдерiсiнде бағалаудың түпкi нәтижесiне әсер еткен бұзушылықтар анықталған жағдайда уәкiлеттi атқарушы органдардың мамандарын тарта отырып, бағалаудың жекелеген нәтижелеріне қайта тексеру жүргiзуге дербес бастамашылық етуге құқылы.

7. Бағалауға қатысушылардың жауапкершілігі

      62. Осы Ереже қағидаларының уақтылы және сапалы орындалуына атқарушы органдардың бірінші басшылары дербес жауапты болады.
      63. Тиімділікті бағалауға жататын атқарушы органдардың бірінші басшылары тиімділікке бағалау жүргізу үшін есепті кезеңге ақпараттың дұрыстығына, толықтығына және уақтылы берілуіне дербес жауапты болады.
      64. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдарының, сондай-ақ облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімі аппаратының тиімділікке бағалау жүргізуге жауапты құрылымдық бөлімшелерінің бірінші басшылары тиімділікті бағалау нәтижелерінің бекітілген әдістемелерге сәйкес келуіне және тиімділікке бағалау жүргізу кестесімен бекітілген мерзімдердің сақталуына дербес жауапты болады.
      Ескерту. 64-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.05.08 № 597 Қаулысымен.
      65. Бағалауға уәкілетті атқарушы органдар бағалау жүргізу үдерісінде алынған мәліметтерді жария еткені үшін атқарушы органдардың бірінші басшылары дербес жауапты болады.
      66. Осы Ереженің бұзылуы айқындалған жағдайда Өңірлік сараптау комиссиясының жұмыс органы тиісті лауазымды адамдардың жауапкершілігі туралы ұсыныс енгізу құқылы.

8. Өтпелі ереже

      Ескерту. 8-бөлім алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2012.05.08 № 597 Қаулысымен.