Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 14 маусымдағы № 573 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығының 8-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар (бұдан әрі - атқарушы органдар) қызметінің тиімділігін бағалау ережесі бекітілсін.
      2. Атқарушы органдар қызметінің тиімділігін тиісті бағыттар бойынша бағалауға жауапты мемлекеттік органдар үш ай мерзімде тиісті қорытындылар дайындауды қамтитын бағалау жүргізу әдістемесін әзірлесін және бекітсін.
      3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы үш ай мерзімде облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппаратымен келісім бойынша атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалаудың нәтижелері туралы қорытындының форматын әзірлесін және бекітсін.
      4. Облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің аппараттары:
      2010 жылғы 1 желтоқсанға дейін атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне жыл сайынғы бағалау жүргізу кестесін бекітсін;
      кестеге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне жыл сайынғы бағалау жүргізудің алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей жүзеге асырсын.
      5. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2010 жылғы 14 маусымдағы
№ 573 қаулысымен   
бекітілген      

Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың,
астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың)
жергілікті атқарушы органдарының бюджеттерінен
қаржыландырылатын атқарушы органдар қызметінің
тиімділігіне бағалау жүргізу
ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізудің ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» (бұдан әрі - Жүйе) Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығына сәйкес әзірленді.
      2. Ереже облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар (бұдан әрі - атқарушы органдар) қызметінің тиімділігіне жыл сайынғы бағалау жүргізудің негізгі ережелерін, қағидаттарын, бағыттарын, өлшемдерін белгілейді, органдар жүйесін және жүргізу тәртібін айқындайды.
      3. Атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау мәні атқарушы органның жүктелген міндеттері мен функцияларын іске асыру дәрежесі болып табылады.
      4. Атқарушы орган қызметінің тиімділігін бағалаудың мақсаты мемлекеттік орган қызметінің саланың/аяның/өңірдің даму өлшемдеріне әсер ету дәрежесін айқындау және атқарушы органның қызметін ұйымдастыру жүйесін бағалау болып табылады.
      5. Атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау үшін мыналар ақпарат көздері болып табылады:
      1) атқарушы органдардың есепті кезеңде жүргізілген қызмет туралы есептері;
      2) ресми статистикалық деректер;
      3) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің, оның орынбасарларының және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі аппаратының бақылау нәтижелері;
      4) тиісті мемлекеттік органдар жүргізген бақылау және қадағалау нәтижелері;
      5) тәуелсіз сарапшылардың қорытындылары;
      6) сауалнамалар мен әлеуметтік сауал салулар нәтижелері;
      7) үкіметтік емес ұйымдардың (қоғамдық бірлестіктердің) ақпараты.
      6. Атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалауды осы Ереженің 12-тармағында айқындалған мемлекеттік органдар қызметінің бағыттары бойынша бағалау жүргізуге уәкілетті мемлекеттік органдар жүргізеді.
      7. Атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау жыл сайын кестеге сәйкес есепті (күнтізбелік) жылдың қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.
      8. Бағалау жүргізу кестесі:
      бағалау жүргізу жылының айларына (тоқсандарына) бөлінген бағалауға жататын атқарушы органдардың тізбесін;
      тиісті бағыттар бойынша атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізуге уәкілетті мемлекеттік органдардың өз қорытындыларын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсыну мерзімін;
      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органының атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жалпы бағалаудың нәтижелері туралы қорытындыны облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппаратына беру мерзімдерін;
      облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органының атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытындысының негізінде қалыптастырылған сараптамалық қорытындыны облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімі аппаратының тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкіміне енгізу мерзімдерін қамтиды.
      9. Бағалау жүргізу кестесін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі әзірлейді және бекітеді.

2. Атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың
қағидаттары

      10. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың қағидаттары:
      1) әділдік қағидаты — мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына қатаң сәйкестікте жүргізу, мүдделер қақтығысын болдырмау;
      2) дәйектілік қағидаты — мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың нәтижелерін тиісті құжаттармен растау;
      3) ашықтық қағидаты — мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың нәтижелерін баяндау айқындығы;
      4) жариялылық қағидаты — құпиялылық режимін және қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғауды қамтамасыз етуді ескере отырып, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялау болып табылады.

3. Атқарушы органдар қызметіне бағалау жүргізуге
уәкілетті мемлекеттік органдар

      11. Осы Ереженің 12-тармағында айқындалған мемлекеттік органдар қызметінің бағыттары бойынша бағалау жүргізуге уәкілетті мемлекеттік органдар:
      1) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппараты;
      2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы;
      3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органы болып табылады.

4. Атқарушы органдар қызметі тиімділігінің бағыттары,
өлшемдері, көрсеткіштері

      12. Атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау олардың қызметінің мынадай бағыттары бойынша жүзеге асырылады:
      1) қадағалайтын салада/аяда/өңірде стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу;
      2) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің, оның орынбасарларының және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын орындау;
      3) бюджетті атқару кезінде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдарға қатысты бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы.
      13. Ереженің 12-тармағында көрсетілген қызметтің әрбір бағытына өзінің тиімділік өлшемдері сәйкес келеді.
      14. Тиімділіктің әрбір өлшеміне атқарушы органдар қызметінің бағыттары бойынша бағалау жүргізуге уәкілетті мемлекеттік органдар айқындайтын тиісті әдістемелердегі тиімділік көрсеткіштері сәйкес келеді.
      15. Тиімділік көрсеткіштері мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:
      әділдік: функцияларды үстірт орындау есептіліктің жақсаруына және істің нақты жағдайын нашарлатуға соқтыратындай, көрсеткіштер атқарушы органның қызметін бұрмалауға әкеп соқпауы тиіс;
      дәйектілік: бастапқы ақпаратты жинау және өңдеу тәсілі қажет болған жағдайда алынған деректердің дәлдігін тексеру мүмкіндігіне жол беруі тиіс;
      ашықтық: басы артық күрделі көрсеткіштерден аулақ болу, көрсеткішті айқындау бағалаушының да, сол секілді бағаланушы атқарушы органның да оны бірыңғай түсіндіруін қамтамасыз етуі тиіс;
      үнемділік: қажетті деректерді алу мүмкіндігінше ең аз шығындармен жүргізілуі тиіс, қолданылатын көрсеткіштер барынша дәрежеде ақпарат жинаудың қолданыстағы жүйелеріне негізделуі тиіс;
      салыстырмалылық: көрсеткіштерді таңдауды деректерді үздіксіз жинақтау және олардың жекелеген кезеңдегілерінің ұқсас (аралас) міндеттерді шешудегі прогресті бағалау үшін пайдаланылатын көрсеткіштерімен, сондай-ақ халықаралық практикада қолданылатын көрсеткіштерімен салыстырмалылығын қамтамасыз ету қажеттігін негізге ала отырып жүзеге асыру керек;
      толықтығы: көрсеткіштер атқарушы органның барлық қызметін сипаттауы тиіс, жекелеген функциялардың мәнін бұрмалауға ұрындырмауы тиіс.
      16. Тиімділіктің көрсеткіштері ретінде түрлі халықаралық салыстыруларда қолданылатын көрсеткіштер пайдаланылуы мүмкін

4.1. Қадағаланатын саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық
мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалау

      17. Қадағаланатын саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалау атқарушы органдардың қадағаланатын саланы/аяны/өңірді дамыту жөніндегі қызметінің нәтижелілігіне және тиімділігіне қол жеткізу дәрежесін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      18. Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар қызметінің қадағаланатын саласындағы/аясындағы стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалау қадағаланатын саланы/аяны дамыту жөнінде атқарушы органның стратегиялық жоспарында белгіленген стратегиялық мақсаттар мен міндеттер негізінде жүзеге асырылады.
      19. Қадағаланатын өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалау аудандарды (облыстық маңызы бар қалаларды) дамыту бойынша аудандарды (облыстық маңызы бар қалаларды) дамыту бағдарламасында белгіленген стратегиялық мақсаттар және міндеттер негізінде жүзеге асырылады.
      20. Қадағаланатын саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалау өлшемдері мыналар болып табылады:
      1) стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді, нысаналы индикаторларды және нәтижелер көрсеткіштерін таңдаудың дұрыстығы, оларды баяндаудың айқындылығы мен анықтығы.
      Осы өлшем шеңберінде баяндалған стратегиялық мақсаттар мен міндеттердің анықтығы мен дұрыстығы, нысаналы индикаторларды және нәтижелер көрсеткіштерін таңдаудың дұрыстығы, стратегиялық жоспар, аумақты дамыту бағдарламасы мақсаттарының жоғары тұрған құжаттарға, стратегиялық жоспардың, өңірді дамыту бағдарламасының нысаналы индикаторларының жоғары тұрған құжаттарда белгіленген индикаторларға (қадағалайтын сала/ая/өңір бойынша), стратегиялық жоспар, аумақты дамыту бағдарламасы мақсаттары мен міндеттерінің атқарушы органның белгіленген функцияларына сәйкестігі бағаланады;
      2) тікелей нәтижелерге қол жеткізу.
      Осы өлшем шеңберінде тікелей нәтижелерге қол жеткізу дәрежесі, жоспарланған іс-шаралардың орындалу деңгейі, орындалмаған іс-шаралардың стратегиялық жоспарды, аумақты дамыту бағдарламасын одан әрі іске асыруға әсер ету дәрежесі, өткен кезеңмен салыстырғанда қол жеткізілген нәтижелер серпініндегі прогресс бағаланады;
      3) қадағалайтын саланы/аяны/өңірді дамыту жөніндегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу.
      Осы өлшем шеңберінде нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне (аралық және түпкі) қол жеткізу дәрежесі, олардың стратегиялық жоспардың, аумақты дамыту бағдарламасының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігі, шешуіне стратегиялық жоспар мен аумақты дамыту бағдарламасы бағытталған міндеттер мен проблемалардың шешілу деңгейі бағаланады;
      4) стратегиялық жоспардың, аумақты дамыту бағдарламасының іске асырылу барысының қоғамға қол жетімділігі (ақпараттық хабардар болуы).
      Осы өлшем шеңберінде орналастырылған ақпараттың толықтығы мен сапасы, стратегиялық жоспарды, аумақты дамыту бағдарламасын іске асыру туралы ақпаратты жаңартудың уақтылылығы мен жиілігі бағаланады;
      5) мемлекеттік функцияларды іске асырудың толықтығы.
      Осы өлшем шеңберінде қадағаланатын саланы/аяны/өңірді дамыту жөніндегі атқарушы органға жүктелген барлық мемлекеттік функцияларды қызметпен қамту (есепті жылдағы) дәрежесі бағаланады. Толықтық дәрежесі тиісті іс-шаралардың, мемлекеттік функциялардың іске асырылу тетіктері мен сапасының болуы негізге алына отырып бағаланады.
      21. Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар қызметінің қадағалайтын саладағы/аядағы, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) атқарушы органдары қадағалайтын өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалауды осы мемлекеттік орган қызметінің қадағаланатын саладағы/аядағы стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалауды қоспағанда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы жүзеге асырады.
      22. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы қызметінің қадағаланатын саладағы/аядағы стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалауды облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппараты жүзеге асырады.
      23. Қадағаланатын саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалау жөніндегі әдістемені әзірлеуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы жүзеге асырады.

4.2. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің,
оның орынбасарларының және әкімдіктің актілері мен
тапсырмаларын орындау сапасын бағалау

      24. Атқарушы органдардың облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің, оның орынбасарларының және әкімдіктің актілері мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалауды (бұдан әрі - актілер мен тапсырмаларды орындау сапасын бағалау) олардың орындалу нәтижелілігі мен тиімділігі деңгейін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      25. Мыналар атқарушы органдардың актілер мен тапсырмаларды орындау сапасын бағалаудың өлшемдері болып табылады:
      1) орындаудың толықтығы, ол актілер мен тапсырмалардың белгіленген мерзімде толық іске асырылуын көздейді және өткізілген іс-шаралардың тапсырмада немесе актіде соңғы орындаушыға қойылған міндеттерге сәйкестігінің деңгейін көрсетеді. Толықтық дәрежесі облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімі аппаратының сараптамалық қорытындысы негізінде бағаланады;
      2) орындалу уақтылылығы, ол іс-шаралардың белгіленген мерзімде орындалуын және орындау мерзімін атқарушы органның, орындаушының бастамасымен екі және одан көп рет ұзартудың болмауын көздейді.
      26. Атқарушы органдардың орталық мемлекеттік органдар, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі мен әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалауды облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппараты жүзеге асырады.
      27. Атқарушы органдар облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі мен әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалау әдістемесін әзірлеуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппараты жүзеге асырады.

4.3. Бюджеттік бағдарламалардың бюджетті атқару кезінде іске
асырылуын бағалау

      28. Бюджеттік бағдарламалардың аудан бюджетін (облыстық маңызы бар қаланың бюджетін) атқару кезінде іске асырылуын бағалау, республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы индикаторларды қоспағанда, тікелей және түпкі нәтижелердің көрсеткіштеріне, сондай-ақ болған жағдайда бюджеттік бағдарламаларда көзделген тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуді айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      29. Бюджеттік бағдарламалардың бюджетті атқару кезінде іске асырылуын бағалаудың өлшемдері мыналар болып табылады:
      1) тікелей және түпкі нәтиже көрсеткіші.
      Тікелей нәтижеге қол жеткізуді бағалау кезінде бюджет қаражатының уақтылы пайдаланылуына және қаржы жылы ішінде бюджеттік бағдарламалар іс-шараларының орындалуына талдау жүргізіледі, сондай-ақ нәтижелер көрсеткіштерін екі қаржы жылының алдыңғы нәтижелерімен салыстырмалы талдау жүргізіледі. Тікелей нәтиже көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағалау жүргізу кезінде сонымен бірге тиісті мемлекеттік органдардың бақылау объектісі қызметінің Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасының талаптарына сәйкестігі, қаржы есептілігін жасау мен ұсынудың сенімділігі, негізділігі мен уақтылығына және мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламаларды іске асыру барысында тікелей және түпкі нәтижелерге қол жеткізуінің тиімділігі тұрғысынан жүргізген бақылау материалдары пайдаланылады.
      Түпкі нәтиженің көрсеткіштері қол жеткізілген тікелей нәтиженің бюджеттік бағдарламаның және мемлекеттік орган қадағалайтын саланың (аяның) мақсатына қол жеткізуге әсерінің деңгейін (дәрежесін) көздейді;
      2) тиімділік көрсеткіші.
      Бұл көрсеткіш бюджет қаражатының бекітілген көлемін пайдалана отырып ең үздік тікелей нәтижеге қол жеткізуді немесе бюджет қаражатының ең төменгі көлемін пайдалана отырып тікелей нәтижеге қол жеткізуді көрсетеді.
      Осы көрсеткішті бағалау шеңберінде бюджет қаражатының игерілу дәрежесі, бюджет қаражатын үнемдеу деңгейі (шығыстардың жалпы көлеміне шаққанда үнемделген бюджет қаражатының көлемі) айқындалады, тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудің) бірлігіне нақты шығыстардың көлемі жоспарланған шығыстармен салыстырылады, нақты жүргізілген шығындардың жоспарланған шығындардан ауытқу деңгейі айқындалады.
      30. Осы мемлекеттік орган бюджетті атқару кезінде бюджеттік бағдарламалардың іске асыруды бағалауды қоспағанда, бюджетті атқару кезінде бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалауды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органы жүзеге асырады.
      31. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органының бюджетін атқару кезінде бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалауды облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппараты жүзеге асырады.
      32. Бюджетті атқару кезінде бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалау әдістемесін әзірлеуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органы жүзеге асырады.

5. Атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне бағалау
жүргізу тәртібі

      33. Атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне тиісті бағыттар бойынша  бағалау жүргізуге уәкілетті мемлекеттік органдар бағалау жүргізу кестесіне сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органына тиісті қорытындылар ұсынады.
      34. Атқарушы орган қызметінің тиімділігін тиісті бағыттар бойынша бағалау нәтижелері туралы қорытынды мынадай құрамдауыштарды қамтуы тиіс:
      1) тиісті бағыттар бойынша атқарушы орган қызметін бағалау жөніндегі талдамалық есеп;
      2) тиісті бағыттар бойынша атқарушы орган қызметін жақсарту жөніндегі тұжырымдар мен ұсынымдар.
      35. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы тиісті бағыттар бойынша атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдар жүргізген бағалау нәтижелері туралы қорытындыларды алған күннен бастап бір ай мерзімде атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытындыны облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппаратына ұсынады.
      36. Атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытынды мынадай құрамдауыштарды қамтуы тиіс:
      1) әрбір атқарушы органның есепті кезеңдегі қызметінің нәтижелілігі мен тиімділігі туралы, оның ішінде атқарушы орган қызметінің елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына әсерінің дәрежесі туралы тұжырымдар;
      2) атқарушы органның алдына қойылған мақсаттар мен міндеттерді іске асыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру туралы тұжырымдар;
      3) атқарушы органның қызметін жақсарту жөніндегі ұсынымдар.
      37. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің аппараты облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органының атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытындысы негізінде сараптамалық қорытынды қалыптастырады және облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкіміне енгізеді.
      Атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы сараптамалық қорытынды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы дайындаған осы атқарушы орган қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытындыны алған күннен бастап екі апта мерзімде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкіміне енгізіледі.
      38. Атқарушы орган қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы сараптамалық қорытынды сонымен бірге облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы дайындаған қорытындысына бағалауды және қызмет тиімділігіне бағалау жүргізілген атқарушы орган қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдарды да қамтуы тиіс.
      39. Әрбір атқарушы орган қызметінің тиімділігін бағалаудың нәтижелері тұжырымдармен және ұсынымдармен бірге қызмет тиімділігін арттыру бойынша жұмысты ұйымдастыру мақсатында атқарушы органдардың басшыларына жолданады.
      40. Әрбір атқарушы орган қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері құпиялылық режимін және қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғауды қамтамасыз етуді ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.