Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің мәселелері

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 мамырдағы № 454 Қаулысы

Жаңартылған

      «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 12 наурыздағы № 936 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциялау комитеті құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған:
      1) Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі туралы ереже;
      2) Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі;
      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.
      3. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) өнімді бөлу туралы келісімге және осы қаулыны іске асыруға бағытталған өзге де ілеспе құжаттарға тиісті өзгерістер енгізуді қамтамасыз етсін;
      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де қажетті шараларды қабылдасын.
      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігімен бірлесе отырып, заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
      5. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 20 мамырдағы
№ 454 қаулысымен  
бекітілген     

Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі туралы
ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) мұнай-газ, мұнай-химия өнеркәсібі, көмірсутек шикізатын тасымалдау салаларында мемлекеттік саясатты қалыптастыруды, басқару процесін үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.
      Министрліктің мынадай ведомствосы бар — Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциялау комитеті.
      2. Министрлік өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Министрлік мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өзінің атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық органдарында шоттары болады.
      4. Министрлік мемлекеттің атынан көмірсутек шикізатын барлауды, өндіруді және бірлескен барлау мен өндіруді жүргізуге келісімшарттар жасасады, олардың шарттарын жер қойнауын пайдаланушылардың орындауына мониторинг пен бақылауды жүзеге асырады.
      5. Министрлік өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.
      6. Министрліктің, егер оған заңнамаға сәйкес осындай уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан іс-қимыл жасауға құқығы бар.
      7. Министрлік өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Министрдің бұйрығымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Министрліктің штат санының лимитін ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің штат санын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      9. Министрліктің заңды мекенжайы:
      010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 19.
      10. Министрліктің толық атауы - «Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі» мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Министрліктің құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Министрліктің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Министрліктің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында Министрлікке кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

2. Министрліктің негізгі міндеттері мен функциялары

      14. Министрліктің өз қызметі саласындағы негізгі міндеттері:
      1) мұнай-газ, мұнай-химия өнеркәсібі, көмірсутек шикізатын тасымалдау салаларындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысу;
      2) мұнай-газ, мұнай-химия өнеркәсібі, көмірсутек шикізатын тасымалдау және магистралдық құбыржол көлігі салаларында салааралық үйлестіруді жүзеге асыру;
      3) көмірсутек шикізаты бөлігінде отын-энергетика кешенін дамытуды қамтамасыз ету;
      4) көмірсутек ресурстарын, оның ішінде Каспий теңізі қайраңының қазақстандық бөлігінде бірлескен игеру мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
      5) ілеспе газды қоса алғанда, көмірсутек ресурстарын молайтуды және оларды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету;
      6) өнімді бөлу туралы келісімдерден туындайтын өкілетті органның құзыреттерін жүзеге асыруды қамтамасыз ету болып табылады.
      15. Министрлік қолданыстағы заңнамаға және өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) мұнай-газ, мұнай-химия өнеркәсібі, көмірсутек шикізатын тасымалдау салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      2) өз құзыретінің шегінде техникалық регламенттерді қоспағанда, бағдарламалық құжаттарды, нормативтік құқықтық актілерді, мұнай-газ саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлейді және бекітеді;
      3) табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен бірлесе отырып, тарифтерді (бағаларды, алым ставкаларын) немесе олардың шекті деңгейлерін, тарифтік сметаларды бекіту кезінде ескерілетін инвестициялық бағдарламаларды және (немесе) инвестициялық жобаларды бекітеді;
      4) көмірсутек шикізатын пайдалану бөлігінде шын мәнінде ұлттық отын-энергетика теңгерімдерін әзірлеуге қатысады;
      5) мемлекеттік статистикалық есептіліктің нысандарын әзірлейді және мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның келісімімен көмірсутек шикізаты бөлігінде отын-энергетика ресурстарын өндіру мен тұтынудың көлемі мен номенклатурасы және меншік нысанына қарамастан, кәсіпорындар мен ұйымдар үшін оларды пайдаланудың тиімділік көрсеткіштері туралы, сондай-ақ ілеспе газды жағу көлемдері бойынша мемлекеттік статистикалық есептілікті жүргізуді қамтамасыз етеді;
      6) конкурсқа, оның ішінде ұлттық компанияның үлестік қатысуымен шығарылатын блоктардың тізбесі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар дайындайды;
      7) келісімшарттың орындалу мүмкіндігін, мұнай экспорты үшін олардың аумақтарында құбыржолдар мен басқа да тасымалдау құралдарын салуды және пайдалануды қамтамасыз ететін басқа мемлекеттердің тиісті органдарымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасы бойынша келіссөздер жүргізеді және келісімдер жасасады;
      8) кен орындарын әзірлеу жобасына сәйкес мұнай өндіруді, сондай-ақ оның айналымын мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады;
      9) әрбір жер қойнауын пайдаланушының магистралдық құбыржолдар мен теміржол эстакадаларының қуаттарын бірдей қолжетімділік принципінде пайдалануын бекітеді;
      10) жер қойнауын пайдаланушылар үшін Қазақстан Республикасының ішкі нарығына жеткізілетін өңдеуге арналған шикі мұнайдың көлемін айқындайды;
      11) ішкі нарықтың жанар-жағар май материалдарына қажеттіліктерін жабуға қажетті мөлшерде, ондай қажеттілік болған жағдайда Қазақстан Республикасының ішкі нарығында өңдеуге арналған мұнай мөлшерін кестелермен (жылдық және ай сайынғы) белгілейді;
      12) мұнай операцияларын жүргізуге арналған келісімшарттардың орындалу барысы туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне жыл сайын есеп береді;
      13) көмірсутек шикізатын өндіру бойынша кен орындарын әзірлеу жобаларын әзірлеу мен бекітудің тәртібін айқындайды;
      14) көмірсутек шикізаты бөлігінде, оның ішінде тасымалдау саласында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде адамның өміріне, денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіру тәуекелдерін талдау мен бағалауды жүргізеді;
      15) белгіленген тәртіппен өнімді бөлу туралы келісімдерде өкілетті органның мүддесін іске асырады, оның ішінде ұлттық компанияның еншілес ұйымының үлестерімен ақысыз сенімді басқаруды жүзеге асырады;
      16) көмірсутек шикізаты бөлігінде барлауды, өндіруді және бірлескен барлау мен өндіруді жүргізуге жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін конкурсты дайындайды және ұйымдастырады, көмірсутек шикізаты бөлігінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттарды жасасады және орындайды;
      17) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктерге сәйкес мұнай операцияларын жүргізуге арналған келісімшарттарда Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіреді;
      18) қазақстандық кадрларға қатысты қазақстандық қамтуды есептеу әдістемесін келіседі;
      19) мұнай-газ саласында Қазақстан Республикасында дамытылатын басым жоғары технологиялық өндірістердің тізбесін келіседі;
      20) мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, жер қойнауын пайдалану құқығына көмірсутек шикізаты бөлігінде конкурс шарттарына енгізу үшін конкурсқа қатысушыларға тауарларда, жұмыстар мен қызметтерде және кадрларда қазақстандық қамту, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде және ілеспе қызметте жоғары технологияларды, жаңа және өңдеуші өндірістерді, магистралдық және өзге құбыржолдарды, құрылыстарды дамыту мен пайдалану және инфрақұрылымдық және өзге де объектілерді бірлесіп пайдалану жөніндегі ұсыныстарды дайындайды;
      21) тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың жылдық бағдарламасының нысанын және сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен қызметтер туралы көмірсутек шикізаты бөлігінде және кадрларда қазақстандық қамту бойынша міндеттемелерді орындау туралы жер қойнауын пайдаланушылардың есеп беру нысандарын бекітеді;
      22) Министрліктің құзыреті саласында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың мемлекеттік үлестері мен акциялар пакетін иелену және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырады;
      23) өз құзыреті шегінде мемлекеттік құпияларды қорғау,  жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
      24) жер қойнауын пайдаланушы әзірлеген ілеспе газды кәдеге жарату және қайта өңдеу бағдарламасын бекітеді;
      25) көмірсутек шикізаты бөлігінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушыларға тарату қорының қаражатын пайдалануға рұқсаттар береді;
      26) тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда қазақстандық қамту және кадрлардағы қазақстандық қамту бойынша міндеттемелерді қоса алғанда, көмірсутек шикізатына арналған келісімшарттар және өнімді бөлу туралы келісімдер бойынша жер қойнауын пайдаланушылар шарттарының орындалуын бақылауды және мониторингті жүзеге асырады;
      27) көмірсутек шикізатына арналған келісім-шарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушылар және (немесе) осы жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген тұлғалар ұсынатын есепті кезеңнен кейінгі жылға сатып алу жоспарланатын және жүргізілетін, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу туралы ақпаратты жинайды және талдайды;
      28) көмірсутек шикізаты бөлігінде жер қойнауын пайдаланушының жұмыс бағдарламаларын келіседі;
      29) сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінен ақпарат сұратады;
      30) индустриялық саясат пен жаңа технологияларды мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутек шикізатына арналған келісім-шарттар бойынша тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда қазақстандық қамту бойынша жалпы ақпаратты ұсынады;
      31) көмірсутек шикізаты бөлігінде жер қойнауын пайдаланушының жылдық жұмыс бағдарламаларын келіседі;
      32) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу тәртібін сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
      33) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызмет түрлерін лицензиялауды жүзеге асырады.
      Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.08.23 N 826 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

3. Министрліктің қызметін ұйымдастыру

      17. Министр Министрлікке басшылықты жүзеге асырады және Министрлікке жүктелген міндеттердің орындалуына және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады.
      18) Министрді Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      19) Министр:
      1) өз орынбасарларының өкілеттіктерін белгілейді;
      2) өз қызметінде оның бақылауында болатын комитеттің басшысын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      3) комитет басшысының орынбасарларын қызметке тағайындайды  және қызметтен босатады;
      4) бұйрықтарға қол қояды;
      5) Қазақстан Республикасының Парламентінде, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Министрлікті білдіреді;
      6) оның құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;
      7) Министрлікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдау үшін дербес жауапты болады.
      20. Министрліктің аппаратын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жауапты хатшы басқарады.
      21. Үкімет, Министр отставкаға шыққан жағдайда жауапты хатшының өкілеттігі тоқтатылмайды.
      22. Жауапты хатшы өз қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының Президентіне, Премьер-Министрге, Министрге есеп береді.
      23. Жауапты хатшы:
      1) мұнай-газ, мұнай-химия өнеркәсібі, көмірсутек шикізатын тасымалдау және магистралдық құбыржол көлігі салаларында Министр қалыптастыратын саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді және оның актілері мен тапсырмаларын орындайды;
      2) Министрліктің аппаратына басшылықты жүзеге асырады: оның бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
      3) Министрлік қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
      4) Министрмен келісілгеннен кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Министрліктің штат санының лимиті шегінде Министрліктің, ведомствоның құрылымын және штат санын бекітеді;
      5) Министрмен келісілгеннен кейін Министрліктің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
      6) Министрліктің тәртіптік, аттестаттау және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, орындаушылық және еңбек тәртібінің сақталуын, кадр қызметі жұмысының және құжат айналымының ұйымдастырылуын бақылайды;
      7) Министрліктің қызметін және оған жүктелген міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік сатып алуды жүргізуді ұйымдастырады;
      8) Министрмен келісілгеннен кейін орталық атқарушы органның департаменттері мен басқармаларының басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      9) ведомствоның басшысын тағайындау үшін ұсынылатын ведомство басшыларының орынбасарларын тағайындауды Министрмен келіседі;
      10) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Министрліктің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      11) Министрдің келісімімен орталық атқарушы органның қызметкерлерін іссапарға жіберу, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар мен сыйақы төлеу мәселелерін шешеді;
      12) Министрдің келісімімен еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, орталық атқарушы орган қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;
      13) Республика Президенті, Республика Үкіметі және Министр бекітетін орталық атқарушы органның стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
      14) органның жыл сайынғы жұмыс жоспарын және оның қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есепті әзірлеуді қамтамасыз етеді және Министрге бекітуге ұсынады;
      15) Министрліктің бюджеттік өтінімін дайындауды, бюджеттік өтінімді Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізетін орталық атқарушы органның басшысына ұсынуды, сондай-ақ бюджеттік процестің өзге де рәсімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді;
      16) Министрмен келісілгеннен кейін органның қаржыландыру жоспарларын және Министрліктің қаржылық есептілігін әзірлеуді қамтамасыз етеді және бекітеді;
      17) мемлекеттік қызметтерді көрсету регламенттері мен стандарттарын әзірлеуді ұйымдастырады;
      18) Министрліктің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;
      19) Министрлікке келісуге келіп түскен нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша қорытындылар дайындауды ұйымдастырады;
      20) өз өкілеттігі шегінде мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара қарым-қатынастарда Министрлікті білдіреді;
      21) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Республика Президентінің актілерімен жауапты хатшыға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      24. Жауапты хатшы өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді орындау үшін:
      1) Министрлік аппаратының қызметкерлеріне орындауға міндетті тапсырмалар беруге;
      2) жауапты хатшының құзыретіне жатқызылған мәселелерді шешу үшін қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды өзге де мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан сұратуға және алуға;
      3) жеке қолданылатын құқықтық актілерді қабылдауға құқылы.
      25. Министрлікте Министрдің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылатын алқа болады. Министр Министрліктің құрылымдық бөлімшелері басшыларының арасынан алқаның саны мен дербес құрамын бекітеді.
      26. Министрлік қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелері, лауазымды тұлғалардың құқықтары мен міндеттері, оның қызметін қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшелердің құзыреті мен өкілеттіктері Министрлік жұмысының регламентінде және құрылымдық бөлімшелер туралы ережелерде белгіленеді.

4. Министрліктің мүлкі

      27. Министрліктің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.
      Министрліктің мүлкі оған мемлекет берген мүлік есебінен, сондай-ақ құны Министрліктің теңгерімінде көрсетілетін өзге де мүліктен қалыптасады.
      28. Министрлікке бекітіп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.
      29. Министрліктің өзіне бекітіп берілген мүлікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Министрлікті қайта ұйымдастыру және тарату

      30. Министрлікті қайта ұйымдастыру және тарату заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 20 мамырдағы
№ 454 қаулысымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне
енгізілетін өзгерістер

      1. «Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:
      көрсетілген қаулыға қосымшада:
      «Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне» деген бөлім мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігіне
      17. АЛА-003812 «Мұнай және газ өнеркәсібінің бас диспетчерлік басқармасы» АҚ
      20-4. «Өндірістік-пайдалану кәсіпорны» ЖШС».
      2. «Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 20 ақпандағы № 811 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 25 ақпандағы № 248 қаулысында:
      2-тармақ алынып тасталсын.
      3. «Мемлекеттік органдар мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының арасында мұнай операцияларындағы өкілеттіктерді ажырату туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 29 маусымдағы № 707 қаулысында:
      3-тармақта:
      1), 2) тармақшалар алынып тасталсын;
      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) теңіздегі мұнай операциялары және басқа да мұнай операциялары бойынша келісім-шарттарда келісім-шарттарға үлестік қатысу арқылы мемлекеттік коммерциялық мүдделерді білдіреді;»;
      көрсетілген қаулымен бекітілген «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының мұнай операцияларындағы өкілеттіктерінің тізбесінде:
      2-тармақта «сондай-ақ мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруды қоспағанда, көрсетілген келісім-шарттарда мұнай операцияларын бақылауды, байқау мен реттеуді жүзеге асырады» деген сөздер алынып тасталсын;
      13-тармақ алынып тасталсын.
      4. «Мұнай операцияларын жүзеге асыратын мердігерлермен келісім-шарттарда Ұлттық компанияның келісім-шарттары міндетті үлестік қатысуы арқылы мемлекеттік мүдделерді білдіру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 29 маусымдағы № 708 қаулысында:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Мұнай операцияларын жүзеге асыратын мердігерлермен келісім-шарттарда Ұлттық компанияның келісім-шарттарға міндетті үлестік қатысуы арқылы мемлекеттік мүдделерді білдіру ережесінде:
      2-тармақтың сегізінші абзацы, 3-тармақ, 12, 14-тармақтардың екінші абзацтары, 15, 16, 17-тармақтар алынып тасталсын.
      5. «Республикалық мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 маусымдағы № 483 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 19, 214-құжат):
      1) көрсетілген қаулымен бекітілген Жалпымемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) тізбесінде:
      «Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі» деген бөлімнің атауы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі»
      реттік нөмірлері 43, 44-1-жолдар алынып тасталсын;
      2) көрсетілген қаулымен бекітілген Жалпымемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
      «Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі» деген бөлім алынып тасталсын;
      3) көрсетілген қаулымен бекітілген Акцияларының мемлекеттік пакеттері (қатысу үлестері) бәсекелестік ортаға берілуі тиіс акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) тізбесінде:
      «Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі» деген бөлімнің атауы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі»
      реттік нөмірі 38-жол алынып тасталсын.
      6. «Дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) жүз пайызы мемлекетке тиесілі, оларды иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының өнім берушіні таңдауды және олармен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды регламенттейтін нормаларын қолданбай тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 31 желтоқсандағы № 1355 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 50, 567-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) жүз пайыз мемлекетке тиесілі, оларды иелену және пайдалану құқығы жүзеге асыратын мемлекеттік органдар «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының өнім берушіні таңдауды және олармен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды регламенттейтін нормаларын қолданбай тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
      реттік нөмірлері 2 және 5-жолдардың 3-бағанындағы «Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі» деген сөздер «Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі» деген сөздермен ауыстырылсын.
      7. «Жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттар талаптарының орындалуын сақтау мониторингін және оны бақылауды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 1 қазандағы № 863-1 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 36, 406-құжат):
      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы  Мұнай және газ министрлігіне жүктелсін.»;
      көрсетілген қаулысымен бекітілген Жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттар талаптарының орындалуын сақтау мониторингін және оны бақылауды жүзеге асыру ережесінде:
      5-тармақтың екінші абзацында «Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі» деген сөздер «Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі» деген сөздермен ауыстырылсын.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 20 мамырдағы
№ 454 қаулысымен  
бекітілген     

Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің
қарамағындағы ұйымдардың тізбесі

Мемлекеттік мекемелер

      1. «Мұнай-газ өнеркәсібінің оқу орталығы» мемлекеттік мекемесі
      2. «Капиталмұнайгаз» мемлекеттік мекемесі
      3. «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының әкімшілігі» мемлекеттік мекемесі.

Акционерлік қоғам
(Жауапкершілігі шектеулі серіктестік)

      1. «Мұнай және газ өнеркәсібі бас диспетчерлік басқармасы» акционерлік қоғамы
      2. «Өндірістік-пайдалану кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 20 мамырдағы
№ 454 қаулысына   
қосымша       

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған
кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. «Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1105 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 38, 515-құжат).
      2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 6 қаңтардағы № 25 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың 5-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 4, 26-құжат).
      3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 27 ақпандағы № 134 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 7, 58-құжат).
      4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1105 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 4 сәуірдегі № 235 қаулысы.
      5. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1105 қаулысына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 6 маусымдағы № 512 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 21, 210-құжат).
      6. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 13 сәуірдегі № 276 қаулысының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 22 қыркүйектегі № 900 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 4-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 35, 385-құжат).
      7. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу және күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 24 желтоқсандағы № 1278 қаулысының 1-тармағының 1) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 47, 584-құжат).
      8. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1105 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 28 маусымдағы № 638 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 31, 325-құжат).
      9. «Қазақстандық келісім-шарт агенттігі» акционерлік қоғамының кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 20 ақпандағы № 201 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін толықтырулар мен өзгерістердің 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 12, 85-құжат).
      10. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1105 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы № 222 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 12, 87-құжат).
      11. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1105 қаулысына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 10 сәуірдегі № 498 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 18, 164-құжат).
      12. «Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 шілдедегі № 1071 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 33, 311-құжат)