"Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының "Өркен" білім беру грантын тағайындау қағидалары мен мөлшерлерін бекіту туралы"

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 наурыздағы N 317 Қаулысы.

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1030 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР Үкіметінің 08.06.2017 № 350 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің "Өркен" білім беру грантын тағайындау туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 13 қаңтардағы N 724 Жарлығының 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының "Өркен" білім беру грантын тағайындау қағидалары мен мөлшерлері бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.12.2015 № 1030 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР Үкіметінің 08.06.2017 № 350 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 14 наурыздағы
№ 317 қаулысымен
бекітілген

"Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының "Өркен" білім беру грантын тағайындау қағидалары мен мөлшерлері

      Ескерту. Қағидалар мен мөлшерлер жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 25.03.2023 № 243 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының "Өркен" білім беру грантын тағайындау қағидалары мен мөлшерлері (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 5-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының "Өркен" білім беру грантын тағайындау тәртібі мен мөлшерлерін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бірыңғай сараланған тізімдер – осы Қағидаларға сәйкес оқу тіліне қарамастан кешенді тестілеудің жалпы балдары кему ретімен сараланған мектептер бөлінісіндегі үміткерлердің тізімдері;

      2) жалпы резервтік тізім – грант иегерлерін қоспағанда, барлық мектептердің барлық үміткерлерінің ағымдағы оқу жылына жарамды бірыңғай сараланған тізімі;

      3) жұмыс органы – "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы;

      4) конкурсқа қатысушы – орта білім беру ұйымында оқитын, кешенді тестілеуге қатысқан Қазақстан Республикасының азаматы;

      5) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының "Өркен" білім беру гранты (бұдан әрі – грант) – "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында дарынды балалардың оқуына ақы төлеу үшін Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын грант;

      6) мектептер – жұмыс органының білім беру қызметін жүзеге асыратын филиалдары;

      7) резервтік тізім – мектептердегі бос орындарға қабылдау үшін ағымдағы оқу жылында жарамды үміткерлердің тізімі;

      8) үміткер – кешенді тестілеу қорытындысы бойынша шекті балл жинаған конкурсқа қатысушы.

2-тарау. Грант тағайындау тәртібі

      3. Грант Қазақстан Республикасының азаматтарын оқыту үшін конкурстық негізде тағайындалады.

      4. Гранттарды мектептер арасында бөлуді жұмыс органы республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат шегінде жүзеге асырады.

      5. Орта білім беру ұйымдарында білім алатын, мектептердің 7–9 сыныптарында оқуға үміткер және жұмыс органы айқындайтын тізбеге сәйкес құжаттар тапсырған Қазақстан Республикасының азаматтары конкурсқа қатысуға жіберіледі.

      6. Құжаттарды қабылдау мерзімі мен орнын, сондай-ақ конкурсты өткізу мерзімін жұмыс органы айқындайды және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын бұқаралық ақпарат құралдары мен жұмыс органының интернет-ресурсында жариялайды.

      7. 7-сыныптарға оқуға қабылдау үшін кешенді тестілеу жұмыс органы айқындайтын тәртіппен өткізілетін екі тесттен тұрады:

      1) "Математика", "Сандық сипаттамалар" (сандарды пайдалану дағдылары мен олардың арасындағы өзара байланысты көре білу қабілетін анықтау), "Жаратылыстану" деген жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді зерделеу қабілеттерін бағалайтын бөлімдер бойынша тест;

      2) "Қазақ тілі", "Орыс тілі", "Ағылшын тілі" деген бөлімдер бойынша тілдік тест.

      8. 7-сыныптарда оқу үшін өткізілетін кешенді тестілеудің нәтижелері, сондай-ақ бөлінетін гранттар саны жұмыс органының ресми интернет-ресурсында жарияланады.

      9. 7-сыныптарда оқу үшін өткізілген кешенді тестілеудің қорытындысы бойынша жұмыс органы нақты мектептер бөлінісінде "Математика" бөлімі бойынша ықтимал ең жоғары балдың отыз бес және одан көп пайызын және "Сандық сипаттамалар" бөлімі бойынша ықтимал ең жоғары балдың қырық және одан көп пайызын жинаған конкурсқа қатысушылар ішінен бірыңғай сараланған тізімдерді бекітеді. Жалпы балл саны тең болған кезде "Математика" бөлімі бойынша неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі. "Математика" бөлімі бойынша жинаған балдары тең болса, "Сандық сипаттамалар" бөлімі бойынша неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі. Егер үміткерлердің "Математика" және "Сандық сипаттамалар" бөлімдері бойынша балдары тең болған жағдайда, "Жаратылыстану" бөлімі бойынша неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі. Егер үміткерлердің "Математика", "Сандық сипаттамалар" және "Жаратылыстану" бөлімдері бойынша балдары тең болған жағдайда, конкурсқа құжаттарды тапсыру кезінде оқу үшін таңдаған тіл (қазақ, орыс) бойынша неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі.

      Бірыңғай сараланған тізімдер жұмыс органының ресми интернет-ресурсында грант иегерлері мен резервтік тізімге енгізілген үміткерлер көрсетіле отырып жарияланады.

      10. Жаңадан ашылатын мектептердің 8-9-сыныптарында оқу үшін грант тағайындау конкурстық негізде жүргізіледі.

      Бұл ретте құжаттарды қабылдау мерзімі мен орнын, сондай-ақ конкурсты өткізу мерзімін жұмыс органы айқындайды және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын бұқаралық ақпарат құралдары мен жұмыс органының интернет-ресурсында жариялайды.

      Кешенді тестілеу "Математика", конкурсқа қатысушының таңдауы бойынша "Физика", "Химия", "Биология" деген бөлімдердің біреуінен, сондай-ақ "Қазақ тілі", "Орыс тілі", "Ағылшын тілі" деген бөлімдерден тұрады.

      11. Осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген мектептердің 8-9 сыныптарында оқу үшін өткізілген кешенді тестілеудің нәтижелері, сондай-ақ бөлінетін гранттар саны жұмыс органының ресми интернет-ресурсында жарияланады.

      12. 8-9-сыныптарда оқу үшін өткізілген кешенді тестілеудің қорытындысы бойынша жұмыс органы нақты мектептер бөлісінде "Математика" және үміткер таңдаған ("Физика", "Химия", "Биология") бөлімі бойынша ықтимал ең жоғары балдың отыз бес және одан көп пайызын жинаған конкурсқа қатысушылардың ішінен бірыңғай сараланған тізімдерді бекітеді. Кешенді тестілеу бойынша балдар саны тең болған кезде "Математика" бөлімі бойынша неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі. Егер үміткерлердің "Математика" бөлімі бойынша жинаған балдары тең болған жағдайда, таңдаған бөлімі ("Физика", "Химия", "Биология") бойынша неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі. Үміткерлердің "Математика" және таңдаған ("Физика", "Химия", "Биология") бөлімінен балдары тең болған жағдайда, конкурсқа құжаттарды тапсыру кезінде оқу үшін таңдаған тіл (қазақ, орыс) бойынша неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі.

      Бірыңғай сараланған тізімдер жұмыс органының ресми интернет-ресурсында грант иегерлері мен резервтік тізімге енгізілген үміткерлер көрсетіле отырып жарияланады.

      13. 7-сыныптарда, сондай-ақ жаңадан ашылатын мектептердің 8, 9-сыныптарында оқу үшін үміткерлердің резервтік тізімі әрбір мектеп бойынша жеке қалыптастырылады және ол бос орын болған жағдайда оларды оқуға тарту мақсатында ағымдағы оқу жылына ғана жарамды.

      Бос орын болған жағдайда және осы мектеп бойынша резервтік тізім болмаған жағдайда грант алу құқығы барлық мектептердің жалпы резервтік тізіміндегі неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерге беріледі.

      Резервтік тізімдегі грант иегерлерінің тізімі жұмыс органы бекіткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жұмыс органының интернет-ресурсында жарияланады.

      14. Мектепте білім алушы Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан кезде, сондай-ақ жұмыс органының жарғысында көзделген негіздер бойынша мектептен шығарылған жағдайда гранттан айырылады.

      15. Босаған гранттар осы Қағидаларға сәйкес тағайындалады.

3-тарау. Гранттың мөлшері

      16. Грантты қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      17. Гранттың мөлшерлері:

      1) жатақханада тұруды есептемегенде, жылына 2172539 (екі миллион бір жүз жетпіс екі мың бес жүз отыз тоғыз) теңге;

      2) жатақханада тұруды есептегенде, жылына 3070221 (үш миллион жетпіс мың екі жүз жиырма бір) теңгені құрайды.