"Назарбаев Зияткерлік мектептері" мамандандырылған білім беру ұйымдарында дарынды балалардың оқуын төлеу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының "Өркен" білім беру грантын тағайындау ережесі мен мөлшерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 наурыздағы N 317 Қаулысы

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.01.19 № 129 (ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің "Өркен" білім беру грантын тағайындау туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 13 қаңтардағы N 724 Жарлығының 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған "Назарбаев Зияткерлік мектептері" мамандандырылған білім беру ұйымдарында дарынды балалардың оқуын төлеу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының "Өркен" білім беру грантын тағайындау ережесі мен мөлшері бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.01.19 № 129 (ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
       Премьер-Министрі                          К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2009 жылғы 14 наурыздағы
N 317 қаулысымен   
бекітілген      

"Назарбаев Зияткерлік мектептері» мамандандырылған білім беру
ұйымдарында дарынды балалардың оқуын төлеу үшін Қазақстан
Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының «Өркен» білім
беру грантын тағайындау ережесі мен мөлшері

      Ескерту. Ережесі мен мөлшері жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.05.2013 № 515 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен. 

1. Жалпы ережелер

      1. Осы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» мамандандырылған білім беру ұйымдарында дарынды балалардың оқуын төлеу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау ережесі мен мөлшері (бұдан әрі – Ереже) «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 5-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және «Назарбаев зияткерлік мектептері» мамандандырылған білім беру ұйымдарында дарынды балалардың оқуын төлеу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының «Өркен» білім беру грантын тағайындау тәртібі мен мөлшерін айқындайды.
      2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының «Өркен» білім беру гранты (бұдан әрі - грант) – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» мамандандырылған білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – мектеп) дарынды балалардың оқуын төлеу үшін Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын грант;
      2) білім беру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
      3) грант тағайындау жөніндегі республикалық комиссия – грант тағайындау үшін уәкілетті орган құратын комиссия (бұдан әрі – комиссия);
      4) жұмыс органы – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы.

2. Грант тағайындау тәртібі

      3. Грантты конкурстық негізде комиссия тағайындайды.
      4. Комиссия уәкілетті орган, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметкерлерінен, орта білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын республикалық қоғамдық бірлестіктер өкілдерінен қалыптастырылады. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі комиссия төрағасы болып табылады.
      5. Комиссия мүшелерінің саны тақ санды құрауы, бірақ кемінде жеті адам болуы тиіс. Комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі және оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.
      6. Конкурсқа қатысуға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» мамандандырылған білім беру ұйымдарының 7-11 (12) сыныптарында оқуға үміткер және жұмыс органы айқындаған талаптарға сәйкес құжаттарын ұсынған, білім беру ұйымдарының оқушылары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары (бұдан әрі – үміткерлер) жіберіледі.
      7. Құжаттарды қабылдау мерзімі мен орнын, сондай-ақ конкурсты өткізу мерзімін жұмыс органы айқындайды және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
      8. Конкурс жұмыс органы айқындайтын тәртіппен өткізіледі.
      7-сыныпта оқуға үміткер орта білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған конкурс екі кешенді тестілеуден тұрады: пәндік тест және жаратылыстану-математика ғылымдарын зерделеу қабілеттерін бағалау бойынша тест.
      Пәндік тест математика, қазақ, орыс және ағылшын тілдері бойынша тестілік тапсырмалардан тұрады.
      Жаратылыстану-математика ғылымдарын зерделеу қабілеттерін бағалау жөніндегі тест мынадай бөлімдерден тұрады:
      1) «Сандық сипаттамалар» (цифрлармен жұмыс істей білуін анықтау);
      2) «Кеңістіктік ойлау» (абстрактілі-логикалық ойлау деңгейін анықтау).
      9. 7-сыныптарда оқуға үміткерлер үшін өткізілген кешенді тестілеу қорытындылары бойынша математика бойынша ықтимал ең жоғары балдың отыз бес және одан да көп пайызын және «Сандық сипаттамалар» бөлімі бойынша ықтимал ең жоғары балдың қырық және одан да көп пайызын жинаған үміткерлердің материалдары уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен комиссияның қарауына енгізіледі.
      10. Конкурстың қорытындылары бойынша комиссия нақты мектептер бойынша бөлінген гранттардың шегінде пәндік тест бойынша анағұрлым жоғары балл жинаған 7-сыныпта оқуға үміткерлерге грант тағайындайды.
      Пәндік тест бойынша жалпы балл саны тең болған жағдайда, математика бойынша неғұрлым жоғары балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі.
      Үміткерлердің математика бойынша жинаған балдары тең болған жағдайда жаратылыстану-математика ғылымдарын зерделеу қабілетін бағалау жөніндегі тест бойынша неғұрлым жоғары жалпы балл жинаған үміткерлерге басымдық беріледі.
      11. 8-11 (12) сыныптарда оқу үшін үміттенетін білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған конкурс екі кезеңнен тұрады және жұмыс органы айқындайтын тәртіппен өткізіледі.
      Бірінші кезеңде мектептің бағытына сәйкес келетін бейіндік пәндер, сондай-ақ қазақ, орыс және ағылшын тілдері бойынша кешенді тестілеу өткізіледі. Кешенді тестілеу екінші кезеңге іріктеу болып табылады. Сұрақтардың жалпы санының қырық және одан да көп пайызына дұрыс жауап берген үміткерлер екінші кезеңге жіберіледі.
      Екінші кезеңде мектептің бағытына сәйкес келетін бейіндік пәндер бойынша жазбаша емтихандар өткізіледі.
      12. Конкурстың екінші кезеңінің қорытындысы бойынша әрбір пән бойынша ықтимал ең жоғары балдың отыз және одан да көп пайызын жинаған үміткерлердің материалдары уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен комиссияның қарауына енгізіледі.
      13. Комиссия нақты мектептер бойынша бөлінген гранттардың шегінде екінші кезең нәтижелері бойынша анағұрлым жоғары балл жинаған 8-11 (12) сыныптарда оқуға үміткерлерге грант тағайындайды.
      Екінші кезең қорытындылары бойынша балдар саны тең болған жағдайда, грант соңғы оқу жылындағы үлгерім тәбілінің орташа балы жоғары үміткерлерге тағайындалады.
      Егер үміткерлердің соңғы оқу жылындағы оқу үлгерім тәбілінің жоғары орташа балы тең болса, бірінші кезеңнің қорытындылары бойынша балы неғұрлым жоғары үміткерлерге басымдық беріледі.
      14. Грант отырысқа қатысып отырған комиссия мүшелерінің дауыс санының кемінде төрттен үш даусын жинаған үміткерге беріледі. Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді.
      15. Конкурстың қорытындылары комиссия хаттамаға қол қойған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жұмыс органының интернет-ресурсында жарияланады.
      16. 7-сыныпта оқу үшін математика бойынша ықтимал ең жоғары балдың отыз бес және одан да көп пайызын және «Сандық сипаттамалар» бөлімі бойынша ықтимал ең жоғары балдың қырық және одан да көп пайызын жинаған, бірақ бос орынның болмауына байланысты мектепке қабылданбаған үміткерлер резервтік тізімге енгізіледі.
      8-11 (12) сыныптарда оқу үшін екінші кезең қорытындысы бойынша әрбір пән бойынша ықтимал ең жоғары балдың отыз бес және одан да көп пайызын жинаған, бірақ бос орынның болмауына байланысты мектепке қабылданбаған үміткерлер резервтік тізімге енгізіледі.
      Оқу жылы ішінде орын босаған жағдайда оларды оқуға шақыру мақсатында үміткерлердің резервтік тізімін комиссия бекітеді.
      17. Резервтік тізімге алынған үміткерлерге оқу жылының ішінде қосымша конкурстан өтусіз грант тағайындалады.
      7-сыныпта оқу үшін резервтік тізімнен кандидатты айқындау кезінде грант үміткерлерге осы Ереженің 10-тармағында көзделген тәртіппен тағайындалады.
      8-11 (12) сыныптарда оқу үшін резервтік тізімнен кандидатты айқындау кезінде екінші кезең қорытындылары бойынша балл саны тең болған жағдайда грант үміткерлерге осы Ереженің 13-тармағында көзделген тәртіппен тағайындалады.
      Резервтік тізімдегі үміткерлерге грант тағайындау туралы шешім комиссия хаттамаға қол қойғаннан бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жұмыс органының интернет-ресурсында жарияланады.
      18. Грант иегері мектептің ішкі тәртібін бұзғаны, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны, қылмыстық жазаланатын қылмыс жасағаны, оқудан 10 күннен артық дәлелсіз себеппен қалғаны*, бір толық оқу жылын оқуы шартымен, оқу жылын пәндердің бірінен «қанағаттанарлықсыз» немесе оқу жылын үш пәннен «қанағаттанарлықпен» аяқтағаны, оқушының өз қалауы бойынша, басқа мектепке ауысуды қоспағанда, басқа оқу орнына ауысқан жағдайда гранттан айырылады. Білім алушыны оқудан шығару педагогтік кеңестің шешімі негізінде жүзеге асырылады.
      19. Осы Ереженің 18-тармағында көрсетілген жағдайларда босаған гранттар осы Ережеде көзделген тәртіппен конкурстық негізде тағайындалады.
      Ескертпе: *дәлелді себептерге сырқаттану, жақын туыстарының қайтыс болуы, еңсерілмейтін мән-жайлар (форс-мажор), «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының, уәкілетті органының қолдауымен оқушыларға арналған халықаралық алмасу бағдарламалары бойынша оқуы жатады.

3. Гранттың мөлшері

      20. Грантты қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      21. Бір гранттың мөлшері жылына 1469374 (бір миллион төрт жүз алпыс тоғыз мың үш жүз жетпіс төрт) теңгені құрайды және индекстеуді ескере отырып өзгеруі мүмкін.