"Әкімшілік рәсімдер туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы Заңының 9-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік органының үлгі регламенті бекітілсін.
2. Орталық мемлекеттік органдар бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік органының үлгі регламентіне сәйкес өз регламенттерін бекітсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 26 наурыздағы
N 289 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы
Орталық мемлекеттік органының үлгі регламенті 1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік органының үлгі регламенті (бұдан әрі - Регламент) Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға, Президенттің, Үкіметтің актілеріне және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес оларға жүктелген функцияларды орындау процесінде орталық мемлекеттік органдар (бұдан әрі - ОМО) қызметінің жалпы ережелерін белгілейді.
Регламентте көзделген ережелер Қазақстан Республикасының өзге нормативтік құқықтық актілерімен реттелмеген бөлігінде:
1) Мемлекет басшысының қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың, Президентке тікелей бағынысты және есеп беретін мемлекеттік органдардың;
2) Қазақстан Республикасы Парламентінің палаталары, Орталық сайлау комиссиясы, Конституциялық Кеңесі, Жоғарғы Соты аппараттарының;
3) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің, орталық атқарушы органдарының қызметінде қолданылады.
2. Осы Регламентте белгіленген құжаттармен жұмыс істеуге қойылатын талаптар, мерзімдер ОМО-ның, оның ведомстволары мен аумақтық органдарының барлық қызметкерлеріне қолданылады.
3. Құпия емес іс қағаздарын ұйымдастыру мен жүргізу, хат-хабарларды қабылдау, өңдеу және тарату, оның ішінде электрондық құжат айналымын жүргізу Қазақстан Республикасының "Нормативтік құқықтық актілер туралы" 1998 жылғы 24 наурыздағы N 213, "Әкімшілік рәсімдер туралы" 2000 жылғы 27 қарашадағы N 107, "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 221, "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" 2003 жылғы 7 қаңтардағы N 370 заңдарының талаптарына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес ОМО басшысы бекіткен Мемлекеттік органның регламентімен айқындалады.
Құпия іс қағаздарын ұйымдастыру және жүргізу Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жұмысты жоспарлау
РҚАО-ның ескертпесі!
4-тармақты жаңа редакцияда енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 2010.06.25 № 641 Қаулысымен (жариялануға жатпайды).
4. ОМО өз қызметін тоқсан сайынғы, жылдық және ұзақ мерзімді жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырады.
ОМО-ның жұмыс жоспарларын бағдарламалық құжаттары ескере отырып, ОМО-ның дербес құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволарының және аумақтық органдарының (олар болған кезде) (бұдан әрі - бөлімшелер) ұсыныстары бойынша тиісті қызмет кезекті кезең басталғанға дейін 15 күнтізбелік күн бұрын жасайды.
ОМО-ның жұмыс жоспарлары мен қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есеп ОМО бірінші басшысының шешімімен бекітіледі. Бұл ретте ОМО-ның жұмыс жоспары кезекті кезең басталғанға дейін 5 күнтізбелік күн бұрын бекітіледі.
Бекітілген ОМО-ның жұмыс жоспарлары бірінші басшыға, оның орынбасарларына, жауапты хатшыға (не жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын орталық атқарушы органның (бұдан әрі - ОАО) лауазымды адамына), құрылымдық бөлімшелерге, ведомстволар мен аумақтық органдарға (олар болған кезде) танысуға және орындауға жіберіледі.
РҚАО-ның ескертпесі!
5-тармақты алып тастау көзделген - ҚР Үкіметінің 2010.06.25 № 641 Қаулысымен (жариялануға жатпайды).
5. ОМО-ның жұмыс жоспарларынан іс-шараларды алып тастау немесе олардың орындалу мерзімдерін ауыстыру туралы шешімді бөлімшенің басшысы ұсынған, тиісті мәселелерге жетекшілік ететін ОМО бірінші басшының орынбасарымен келісілген қызметтік жазбаның негізінде ОМО-ның бірінші басшысы (не оның міндеттерін атқаратын адам) қабылдайды.
3. Алқа отырыстарын жоспарлау, дайындау және оны өткізу тәртібі
6. ОМО-ның алқа отырысын жоспарлау, дайындау, өткізу және олардың орындалуын бақылау тәртібін Қазақстан Республикасының "Әкімшілік рәсімдер туралы" 2007 жылғы 27 қарашадағы N 107 Заңының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес ОМО-ның бірінші басшысы айқындайды.
7. ОМО-ның алқа отырысы алқаның жұмыс жоспарларына сәйкес мемлекеттік және орыс тілдерінде өткізіледі. Алқа отырыстарында қаралатын мәселелердің саны шектелмейді.
ОМО бірінші басшысының шешімі бойынша қажет болған жағдайда кезектен тыс алқа отырысы өткізілуі мүмкін.
Алқа отырысы, егер оған алқа мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып саналады.
Алқа мүшелері отырыстарға алмастыру құқығынсыз қатысады.
Алқаның сандық және дербес құрамын бірінші басшы айқындайды.
ОМО-ның алқа отырысына қызметтің сабақтас салаларында олардың ведомствоаралық үйлестіру міндеттерін негізге ала отырып, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ қажет болған жағдайда үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері шақырылады. ОМО бірінші басшысының шешімі бойынша алқа отырысына бұқаралық ақпарат құралдарының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері шақырылуы мүмкін.
8. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселелері ОМО алқа отырысында тоқсанында кемінде бір рет қаралады.
9. Алқа отырысында мәселелерді қарау нәтижелері бойынша қатысып отырған алқа мүшелерінің көпшілік дауысымен хаттама нысанында елтаңбалық бланкіде мемлекеттік тілде (қажет болған жағдайда орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріледі) ресімделетін алқа шешімі қабылданады. ОМО-ның алқа жұмысы стенографияланады.
ОМО-ның ресми интернет-ресурсында ОМО алқа жұмыстарының қорытындылары туралы ақпарат міндетті түрде орналастырылады.
Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.12.30 № 2305 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз), 2010.09.13 N 931 Қаулыларымен.
4. Ведомстволармен және аумақтық органдармен өзара іс-қимыл
10. ОМО Регламентімен ОМО-ның ведомстволармен және аумақтық органдармен (олар болған кезде) өзара іс-қимыл тәртібі айқындалады.
5. Кіріс және шығыс хат-хабарларын ресімдеу, өткізу, қарау
11. ОМО-ға кіріс, шығыс хат-хабарларын және өзге де қызметтік құжаттарды қарау және өткізу Қазақстан Республикасының "Әкімшілік рәсімдер туралы" 2000 жылғы 27 қарашадағы N 107, "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 221 заңдарына және осы Регламентке сәйкес жүзеге асырылады.
12. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінен, Парламентінен және Премьер-Министрінің Кеңсесінен шығатын хат-хабарларды қоспағанда, кіріс хат-хабарларын ОМО жұмыс күндері сағ. 9-00-ден 17-00-ге дейін қабылдайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінен, Парламентінен, және Премьер-Министрінің Кеңсесінен келіп түсетін хат-хабарлар жұмыс күндері сағат 20-00-ге дейін, сенбіде сағат 17-00-ге дейін қабылданады.
* осы тармақты мемлекеттік органдарда кезекшілік жүргізу жолымен іске асыру көзделіп отыр
Шұғыл тапсырмаларды (орындау мерзімі 10 күнтізбелік күнге дейін) орындау үшін мемлекеттік органдар дайындаған құжаттардың шұғыл екенін растайтын құжаттар (Қазақстан Республикасының Президенті, Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр, оның орынбасарлары, Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысы актілерінің және тапсырмаларының көшірмелері) ұсынған кезде жұмыс күні ішінде қабылданады.
13. Мемлекеттік органдардан қағаз және электронды жеткізгіштерге келіп түскен құжаттар бірдей болуға және белгіленген үлгідегі тиісті елтаңбалық бланкіде мемлекеттік тілде ресімделуге әрі мынадай міндетті деректемелерді қамтуға тиіс:
шығыс нөмірін және күнін;
Президенттің, Президент Әкімшілігінің, Парламенттің, Парламент Палаталарының, Үкіметтің және Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының және Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының тиісті актілеріне және тапсырмаларына, сондай-ақ мемлекеттік органның сауалына жауап берген кезде оның нөмірі мен күніне сілтемені;
ОМО-ның бірінші басшысының немесе оның орынбасарының не жауапты хатшының (не жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын ОАО лауазымды адамының) (бұдан әрі - ОМО басшылығы) қолын;
орындаушының тегі және оның телефон нөмірін.
Бұл ретте ерекше маңызы бар мәселелер бойынша электрондық құжаттар қағаз жеткізгіштерде де (мұрағатты және құжаттаманы уәкілетті мемлекеттік басқару органы белгілеген сақтау мерзімімен) ресімделуге тиіс.
Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің, Парламентінің және Премьер-Министрі Кеңсесінің хат-хабарларынан басқа, осы Регламенттің талаптарын бұза отырып ресімделген кіріс хат-хабарлары қабылданбайды және (немесе) оларды ОМО құжаттамалық қамтамасыз ету қызметі тиісті мемлекеттік органға сол күні қайтарады.
ОМО-ға келіп түсетін хат-хабарлар қабылдау күні және уақыты көрсетіліп, қол қойылып қабылданады.
Ескерту. 13-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.09.13 N 931 Қаулысымен.
14. Осы Регламентте белгіленген тәртіппен қабылданған құжаттарды ОМО құжаттамалық қамтамасыз ету қызметінің басшысы қарайды, бақылауға қояды және ОМО мен оның құрылымдық бөлімшелері басшылары арасында бөледі және құжаттамалық қамтамасыз ету қызметі тиісінше ресімдеу, бақылау белгілерін қою үшін тіркеу мөріне нөмірін, күнін және парақтардың санын көрсете отырып тіркейді.
15. Тіркелген, тиісті түрде ресімделген хат-хабарлар адресаттарға ОМО құжаттамалық қамтамасыз ету қызметі басшысының бөлуіне сәйкес жіберіледі.
Шұғыл хат-хабарлардың көшірмесі келіп түскен құжаттарда қозғалатын мәселелер оның құзыретіне кіретін бөлімше басшысына бір мезгілде жіберіледі.
16. ОМО құжаттамалық қамтамасыз ету қызметі хат-хабарларды тіркеуді, бөлуді, ресімдеуді және адресаттарға жеткізуді, әдетте, ОМО-ға оның келіп түскен сәтінен бастап екі сағаттың ішінде, ал шұғылын - дереу (кезектен тыс тәртіппен) жүзеге асырады.
17. ОМО басшылығы кіріс хат-хабарларын оларға келіп түскен күні, ал шұғылын - дереу қарайды. Қарау нәтижелері бойынша оларға қарарлар түрінде ресімделетін тиісті тапсырмалар беріледі.
ОМО басшылығы қараған кіріс хат-хабарлары ресімдеу және бөлімше басшысына (орындаушыға) одан әрі беру үшін құжаттамалық қамтамасыз ету қызметіне жіберіледі.
18. Шығыс хат-хабарларын дайындау, келісу және ресімдеу Қазақстан Республикасының "Әкімшілік рәсімдер туралы" 2000 жылғы 27 қарашадағы N 107, "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 221 заңдарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы N 1300 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентіне (бұдан әрі - Үкімет Регламенті), Президент Әкімшілігіндегі және Премьер-Министр Кеңсесіндегі іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықтарға, ОМО-да іс жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа және осы Регламентке сәйкес жүзеге асырылады.
19. Шығыс хат-хабарлары Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, Парламентіне және Премьер-Министрі Кеңсесіне жіберу үшін қол қою алдында тапсырмада оған сілтеме болуы және олардың дұрыс ресімделу, соның ішінде іс-шаралар жоспарларына және оларды бекіту туралы актілерге сәйкестігі мәніне ОМО құжаттамалық қамтамасыз ету қызметімен (бақылау қызметімен) келісілуге (бұрыштама қойылуға) тиіс.
Мемлекеттік органдарға жіберілетін шығыс хат-хабарлар (оның ішінде электрондық құжат форматында) елтаңбалық бланкіде мемлекеттік тілде ресімделеді (қажет болған жағдайда орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріледі).
Ескерту. 19-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.09.13 N 931 Қаулысымен.
6. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау, ресімдеу және келісу тәртібі
20. ОМО оның құзыреті шегінде әзірленетін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын (бұдан әрі - жобалар) дайындауды Қазақстан Республикасының "Нормативтік құқықтық актілер туралы" 1998 жылғы 24 наурыздағы N 213, "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" 1997 жылғы 11 шілдедегі N 151 заңдарының, Үкімет Регламентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 22 шілдедегі N 678 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының және Премьер-Министрі өкімдерінің жобаларын ресімдеу жөніндегі нұсқаулықтың (заңдық техникасы), "Заңға тәуелді нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларын ресімдеудің және келісудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 16 тамыздағы N 773 қаулысының, ОМО іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықтың және осы Регламенттің талаптарына сәйкес мемлекеттік және орыс тілдерінде ОМО бірінші басшысының шешімі бойынша тиісті бөлімшелер жүзеге асырады.
21. ОМО-ға келісуге келіп түскен жобаларды құжаттамалық қамтамасыз ету қызметі жобаның өтуіне жауапты бөлімшені және олардың құзыретіне қарай жобаларды жіберілетін орталық атқарушы органның мүдделі бөлімшелерін айқындайтын міндеттердің бөлінуіне сәйкес ОМО басшылығының қарауына жібереді. Бұл ретте мемлекеттік органдармен ОМО-ға келісуге осындай жобалардың көшірмелері де жіберілуі мүмкін. Бір мезгілде жобалардың көшірмелерін келіп түскеннен кейін құжаттамалық қамтамасыз ету қызметі барлық жобалар міндетті тәртіппен келісілетін ОМО-ның заң қызметіне жібереді.
ОМО бөлімшелері, егер ОМО-ның басшылығы неғұрлым қысқа мерзім белгілемесе, жоба тіркелген күннен бастап 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жобаны қарайды және басшысы жобаның тікелей орындаушысын анықтайтын жобаның өтуіне жауапты бөлімшеге өз қорытындыларын ұсынады.
Жобаларды қараудың жалпы мерзімі Үкімет Регламентімен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен, сондай-ақ жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың тапсырмаларымен белгіленеді.
Жауапты құрылымдық бөлімшенің орындаушысы мүдделі бөлімшелердің пікірін қорытады және әзірлеуші органға заңнамаға сәйкес жауаптың жобасын дайындайды, оған:
жобаның өтуіне жауапты бөлімшенің және заң қызметінің басшысы;
мүдделі бөлімшелердің басшылары;
міндеттердің бөлінуіне сәйкес ОМО басшылығы бұрыштама қояды, бұдан кейін ОМО бірінші басшысына қол қоюға беріледі.
22. Жобаны ескертулерсіз келісу (бұрыштама қою) мүмкіндігі туралы қорытынды дайындалған жағдайда әзірлеуші орган жұмыс тәртібімен келісуші ОМО-ның бөлімше басшысының шешімі бойынша жобаның төлнұсқасын қол қоюға ұсынады, бұл туралы бұрын ұсынылған ілеспе хатта белгі (алушының Т.А.Ә., күні, қолы) қойылады.
Жобаны келісу (бұрыштама қою) мүмкіндігі туралы қорытындыға келісуші ОМО-да жобаның өтуіне жауапты бөлімше басшысы қол қояды және 2 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мүдделі бөлімшелердің басшылары, міндеттерді бөлуге сәйкес ОМО басшылығы бұрыштама қояды.
23. Келісуші ОМО-да әзірлеуші толығымен келісетін ескертулері болған кезде жоба жұмыс тәртібімен пысықтауға қайтарылады, бұл туралы әзірлеуші мемлекеттік органның бұрын ұсынылған ілеспе хатында белгі (алушының Т.А.Ә., күні, қолы) қойылады. Жобаны пысықтау мерзімі 10 жұмыс күнінен аспайды. Пысықталуына қарай келісуші ОМО бір мезгілде орын алған ескертулерді жойған жағдайда жобаны келісу (бұрыштама қою) мүмкіндігі туралы қорытынды дайындалады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім ішінде жоба бойынша бұрын орын алған ескертулер ескеріліп пысықталған жоба ұсынылмаған жағдайда, сондай-ақ келісуші ОМО ішінара пысықталған жобаны ұсынған жағдайда екі жұмыс күні ішінде әзірлеуші органға ескертулер жіберіледі.
"Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы құқығын қамтамасыз ету және Республика Президентінің кейбір актілерін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 21 қыркүйектегі N 413 Жарлығына сәйкес әзірленген жобаны ОМО келіскен және пысықтаған жағдайда, осы Жарлықта көрсетілген мерзімдер қолданылады.
24. Келісуші ОМО келісуден бас тартқан не ескертулерімен келіспеген жағдайда әзірлеуші органның ОМО басшылығы өзара қолайлы шешім дайындау үшін келісуші ОМО-ның тиісті лауазымды адамдарының қатысуымен кеңес шақыруы мүмкін. Кеңестің мерзімдерін, өткізу тәртібін және қатысушыларды кеңесті өткізуге бастамашылық еткен әзірлеуші органның лауазымды адамы келісуші ОМО-ның тиісті лауазымды адамымен консультациядан кейін айқындайды. Бұл ретте келісуші ОМО-ның лауазымды тұлғалары желеу және өзге де дәлелсіз себептермен кеңеске қатысудан бас тарта алмайды.
25. Егер кеңесте өзара қолайлы шешім жасауға қол жетсе, онда жоба үш жұмыс күні ішінде пысықталады және келісуші ОМО-мен келісіледі (бұрыштама қойылады).
26. ОМО Қазақстан Республикасы Президентінің, Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының, Президент Әкімшілігі басшылығының және Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының шұғыл тапсырмаларын орындау барысында жобаларды келісуге ұсынған жағдайларда келісуші ОМО өзінің ұсынысын жинақтау бекітілген әзірлеуші органға, егер тиісті тапсырмада өзгеше белгіленбесе, оған ол үшін белгіленген орындалу мерзіміне дейін кемінде 3 күн бұрын кешіктірмей, ал орындалу мерзімі кемінде 5 күн тапсырмалар бойынша тапсырма келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде енгізеді.
РҚАО-ның ескертпесі!
27-тармаққа өзгерту енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 2010.06.25 № 641 Қаулысымен (жариялануға жатпайды).
27. Үкіметтің Регламентіне сәйкес дайындалған Парламент депутаттары бастамашылық жасаған заң жобаларына Үкімет қорытындыларының жобаларын Премьер-Министр Кеңсесіне енгізген кезде ОМО Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның хаттамалық шешімінің көшірмесін оларға қоса тіркейді, сондай-ақ қажет болған кезде әзірлеуші қорытындының жобасына мемлекеттік кірістерді қысқарту немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайту мүмкіндігі бөлігінде қаржы-экономикалық есептерді қоса тіркейді.
28. ОМО-ның нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келісу рәсімдеріне қатысты осы Регламенттің 21-25-тармақтары қолданылады.
7. Орталық мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерді және қызметтік құжаттарды дайындау, жариялау және мемлекеттік тіркеу тәртібі
РҚАО-ның ескертпесі!
29-тармаққа өзгерту енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 2010.06.25 № 641 Қаулысымен (жариялануға жатпайды).
29. ОМО оған қатысты уәкілетті орган болып табылатын жобаларды әзірлеу, ішкі келісу, ресімдеу, нормативтік құқықтық актілерді және қызметтік құжаттарды жариялау және мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының "Нормативтік құқықтық актілер туралы" 1998 жылғы 24 наурыздағы N 213, "Әкімшілік рәсімдер туралы" 2000 жылғы 27 қарашадағы N 107 заңдарына, "Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну және Республика Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылау тәртібі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 2 қазандағы N 4097 Жарлығына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Заңға тәуелді нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларын ресімдеудің және келісудің кейбір мәселелері туралы" 2006 жылғы 16 тамыздағы N 773, "Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу ережесін бекіту туралы" 2006 жылғы 17 тамыздағы N 778, "Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мәтіндерін кейіннен ресми жариялау ережесін бекіту туралы" 2002 жылғы 22 тамыздағы N 938 және "Кейбір нұсқаулықтарды бекіту туралы" 2001 жылғы 31 қаңтардағы N 168 қаулыларына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Орындалуын бақылау
РҚАО-ның ескертпесі!
30-тармаққа өзгерту енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 2010.06.25 № 641 Қаулысымен (жариялануға жатпайды).
30. Тапсырмалардың уақтылы және сапалы орындалуын бақылауды ұйымдастыру "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" 1995 жылғы 18 желтоқсандағы N 2688 Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасының "Әкімшілік рәсімдер туралы" 2000 жылғы 27 қарашадағы N 107, "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 221 заңдарына, "Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну және Республика Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылау тәртібі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 2 қазандағы N 4097 Жарлығына, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерге және осы Регламентке сәйкес жүзеге асырылады.
РҚАО-ның ескертпесі!
31-тармақты жаңа редакцияда енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 2010.06.25 № 641 Қаулысымен (жариялануға жатпайды).
31. Мынадай, соның ішінде құпия құжаттар бақылауға алынады (бұдан әрі - бақылаудағы құжаттар):
1) Президенттің ОМО-ға тапсырмалар беретін актілері;
2) ОМО-ға тапсырмалары бар Үкіметтің қаулылары, Үкімет мәжілістерінің хаттамалары, Премьер-Министрдің өкімдері;
3) орындалу мерзімдері көрсетілген немесе бақылауға алу туралы нұсқаулар, "шұғыл", "баяндалсын", "ұсыныстар енгізілсін" деген белгілер бар Президенттің, Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының, Президент Әкімшілігі басшылығының, Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының ОМО атына тапсырмалары (соның ішінде кеңестердің хаттамаларында және іс-шаралардың жоспарларында қамтылатындар), сондай-ақ мазмұнынан оларды бақылауға қою қажеттілігі туындайтын тапсырмалар;
4) Парламент депутаттарының сауалдары және Үкіметтің қорытындысы қажет олар бастамашылық жасаған заң жобалары;
5) мазмұнынан белгілі бір мәселелер бойынша жауап беру, түсіндіру, ұсыныстар енгізу қажеттілігі туындайтын мемлекеттік органдардың хаты;
6) жеке және заңды тұлғалардың өтініштері;
7) ОМО-ға келісу үшін келіп түсетін нормативтік құқықтық актілердің жобалары;
8) бұйрықтар, хаттамалар, алқа шешімдері, ОМО басшылығының тапсырмалары.
РҚАО-ның ескертпесі!
32-тармаққа өзгерту енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 2010.06.25 № 641 Қаулысымен (жариялануға жатпайды).
32. Қазақстан Республикасы Президентінің актілері ОМО-ға орындауға келіп түскен кезде оларды іске асыру жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жоспары үш күн мерзімде жасалады және бірінші басшының шешімімен бекітіледі. Бұл ретте орындаушыда осы тапсырмаға қатысты барлық құжаттар қамтылатын арнайы жинақтау папкасы жасалады.
33. ОМО-да бақылаудағы құжаттарды бақылауға қою және бақылаудан алу, орындалу мерзімдерін ұзарту нормативтік құқықтық актілерге және осы Регламентке сәйкес жүзеге асырылады.
34. ОМО бақылау жүйесін мыналар құрайды:
ОМО бірінші басшысы - ОМО қызметіне жалпы басшылықты және бақылауды, соның ішінде бақылаудағы құжаттардың уақтылы және сапалы орындалуын жүзеге асырады;
ОАО жауапты хатшысы (не жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын ОАО лауазымды адамы) (ол болған кезде) - ОМО басшысының тапсырмаларын орындау бойынша аппарат жұмысын ұйымдастыруға жауап береді, атқарушылық тәртіптің сақталуын бақылауды жүзеге асырады, бақылаудағы құжаттарды уақтылы орындау мақсатында ОМО бөлімшелерінің тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді, аппарат жұмысының ұйымдастырылуына, ОМО бөлімшелерінде еңбек және атқарушылық тәртіп үшін ОМО бірінші басшысының алдында дербес жауапкершілік көтереді;
ОМО құрылымдық бөлімшелерінің басшылары - ОМО-да өздері басқаратын бөлімшелердің құжаттарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады, бақылаудағы құжаттардың мерзімін бұзуға жол берген немесе сапасыз орындаған өз қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныстар енгізеді, ОМО қарамағындағы құрылымдық бөлімшелердің жұмысы үшін ОМО басшылығының алдында дербес жауапкершілік көтереді;
ОМО құжаттамалық қамтамасыз ету қызметінің басшысы - құжаттарды уақтылы тіркеуді және бақылауға қоюды қамтамасыз етеді, ОМО басшылығының қарарын ескере отырып, олардың орындалу мерзімдерін белгілейді, ОМО-да атқарушылық тәртіптің жай-күйіне мониторингті жүзеге асырады, бақылаудағы құжаттар тізбесі мен олардың орындалу (апта сайын) мерзімдері келгендігі туралы ескертулерді тарату арқылы келіп түскен бақылаудағы тапсырмалар және оларды орындау мерзімдері туралы ОМО басшылығын хабардар етеді, іс қағаздарын жүргізуге және ішкі бақылауға жауапты ОМО құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің жұмысын үйлестіреді, ОМО іс қағаздарын жүргізу және құжаттамалық қамтамасыз ету қызметінің жұмысын ұйымдастыру үшін дербес жауапкершілік көтереді, өз функцияларын тиімсіз жүзеге асыратын ОМО бөлімшелерінің басшыларын, сондай-ақ бақылаудағы тапсырмалардың мерзімін өткізуге жол берген немесе сапасы) орындаған ОМО қызметкерлерін жауапқа тарту туралы ОМО бірінші басшысына өз құзыреті шегінде ұсыныстар енгізеді;
ОМО құжаттамалық қамтамасыз ету қызметі - бақылаудағы құжаттардың орындалу және өткізу мерзімін, ОМО-да атқарушылық тәртіптің жай-күйін, құжаттардың тіркелуін, бақылауға қойылуын, орындалған құжаттардың бақылаудан алынуын, бақылаудағы тапсырмалар тізбесінің дайындалуын және ОМО басшылығы мен ОМО бөлімшелеріне оларды орындау мерзімдері туралы ескертулердің жіберілуін бақылауды жүзеге асырады; құжаттарды бақылауға қою және оларды бақылаудан алу дұрыстығына, бақылаудағы құжаттардың орындау мерзімдерін белгілеуге және ауыстыруға жауапкершілік көтереді.
35. Бақылаудағы құжаттардың уақтылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында ОМО іс қағаздарын жүргізу жөніндегі нұсқаулықта мемлекеттік органның бөлімшелерінде бақылаудағы құжаттарды өткізу мерзімдері және тәртібі, сондай-ақ бақылаудағы құжаттарды орындау үшін дайындалған құжаттарды міндеттерді бөлуге сәйкес қол қоюға немесе бұрыштама қоюға ОМО басшылығына беру тәртібі көрсетіледі.
РҚАО-ның ескертпесі!
36-тармаққа өзгерту енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 2010.06.25 № 641 Қаулысымен (жариялануға жатпайды).
36. Бақылаудағы құжаттарды орындау барысында ОМО бөлімшелері дайындаған құжаттардың жобалары міндеттерді бөлуге сәйкес ОМО басшылығына орындау мерзімі біткенге дейін үш күннен кешіктірмей, ал ОМО бірінші басшысына - орындау мерзімі біткенге дейін екі күннен кешіктірмей бұрыштама қоюға беріледі.
Бақылаудағы құжаттардың орындалуы 5-тен 10 күнтізбелік күнге дейінгі мерзіммен орындау барысында дайындалған құжаттар орындау мерзімі біткенге дейін бір жұмыс күнінен кешіктірілмей міндеттердің бөлінуіне сәйкес ОМО басшылығына бұрыштама қоюға және ОМО бірінші басшысына қол қоюға беріледі.
Бақылаудағы құжаттарды орындау барысында 5 күнтізбелік күнге дейін орындау мерзімімен дайындалған құжаттар көрсетілген лауазымды адамдар кезектен тыс тәртіппен оның дайындауы бойынша дереу және тез арада ОМО басшылығына міндеттерді бөлуге сәйкес бұрыштама қоюға және ОМО бірінші басшысына қол қоюға беріледі.
37. ОМО-да хат-хабарларды өткізуге байланысты рәсімдердің айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында оның ресми интернет-ресурсында мынадай ақпарат орналасады:
ОМО-да құжаттарды орындау және өткізу мерзімдерін бақылау үшін жауапты құжаттамалық қамтамасыз ету қызметі қызметкерлерінің тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы, тікелей телефоны;
ОМО құжаттамалық қамтамасыз ету қызметі басшысының тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы, тікелей телефоны;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ОМО-да жұмыс істейтін сенім телефонының нөмірі;
ОМО басшылығының азаматтарды қабылдау кестесі;
заңнамаға сәйкес өзге де ақпарат.
Ескерту. 37-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.12.30 № 2305 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
9. Орталық мемлекеттік органдарда жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау және азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру
38. ОМО-да азаматтардың өтініштерін қарау және қабылдау Қазақстан Республикасының "Әкімшілік рәсімдер туралы" 2000 жылғы 27 қарашадағы N 107, "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" 2007 жылғы 12 қарашадағы N 221 заңдарына және "Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауын ұйымдастыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 4 қыркүйектегі N 974 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.