Түзеу мекемелерiнiң түрлерiн тағайындау тәртiбiн реттейтiн Қазақстан Республикасының қылмыстық заңының өзгеруiне байланысты және заңның дұрыс әрi бiркелкi қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етедi:
1. Түзеу мекемесiнiң түрiн дұрыс анықтау жазаның мақсатына қол жеткiзу үшiн маңызды және жасалған қылмыстың ауырлығын, қылмыскердiң жеке басын, оның жасы мен жынысын ескере отырып, жазаның жеке орындалуын қамтамасыз етедi. Соттар бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жазасын өтейтiн түзеу мекемесiнiң түрiн тағайындау тәртiбiн анықтайтын Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексiнiң (әрi қарай - ҚЕ)
48,
79-баптарының ережелерiн қатаң басшылыққа алуы қажет.
Осы орайда заң қандай да болмасын түзеу колониясының түрiн соттың қалауы бойынша тағайындауға мүмкiндiк бермейтiнiн назарда ұстаған жөн. Тек ерекше жағдайларда сот ҚК-нiң
55-бабын
қолданып, үкiмде қабылданған шешiмнiң мәнiн көрсете отырып жеңiлiрек режимдегi колония тағайындауға құқылы.
ҚК-нiң
79-бабының
тоғызыншы бөлiгiнде көрсетiлген жағдайларда сот кәмелетке толмаған еркек жынысты сотталғанға бас бостандығынан айыру жазасын күшейтiлген режимдегi тәрбиелеу колониясының орнына жалпы режимдегi тәрбиелеу колониясында өтеудi тағайындауы мүмкiн.
2. ҚК-нiң 48-бабының бесiншi бөлiгiнiң а) тармағына сәйкес, абайсызда қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған ерлер мен әйелдер жаза мерзiмiне, бұрын сотталғанына және бұрын жасаған қылмыстары үшiн бас бостандығынан айыру жазасын өтегенiне қарамастан колония-қоныстарға жiберiледi.
3. ҚК-нiң 48-бабының бесiншi бөлiгiнiң в) тармағының мағынасы бойынша қасақана қылмыстар жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған әйелдерге қылмыстардың санаттарына, сондай-ақ қылмыстардың қайталануына немесе қауiптi қайталануына не бұрын жасаған қылмыстары үшiн бас бостандығынан айыру жазасын өтегенiне қарамастан, жазаны жалпы режимдегi түзеу колониясында өтеу тағайындалады.
Қылмыстардың аса қауiптi қайталануы жағдайында қылмыстар жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған әйелдерге бұрын жасаған қылмыстары үшiн бас бостандығынан айыру орындарында жаза өтеген не өтемегендерiне қарамастан жазаны қатаң режимдегi түзеу колониясында өтеу тағайындалады.
4. ҚК-нiң 48-бабының бесiншi бөлiгiнiң в) тармағына сәйкес жазаны қатаң режимдегi түзеу колониясында өтеу еркектерге:
- бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтемеген, аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға тұңғыш рет сотталғандарға;
- бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген, қылмыстардың қайталануы немесе қауiптi қайталануы жағдайында қылмыс жасағандарға тағайындалады.
Бұрын бас бостандығынан айыру түрiндегi жазасын өтеген, бiрақ әрекеттерiнде қылмыстардың қайталануы немесе қауiптi қайталануы жоқ (мысалы, абайсызда немесе кәмелетке толмаған жаста жасаған қылмысы үшiн), қасақана кiшiгiрiм немесе ауырлығы орташа және ауыр қылмыс жасағаны үшiн қайтадан бас бостандығынан айыруға сотталған еркек жынысты адамдарға түзеу мекемесiнiң түрi ҚК-нiң 48-бабының бесiншi бөлiгінiң б) тармағына сәйкес тағайындалады.
5. Бұрын бас бостандығынан айыруға сотталған, бiрақ соттылығы жойылған немесе заңмен белгiленген тәртiппен алынған, сондай-ақ керi күшi бар жаңа қылмыстық заңмен қылмыс деп танылмайтын әрекеттер үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған, соттылығы жойылмаған немесе алынбаған адамдар тұңғыш рет сотталған адамдардың қатарына жатқызылады.
6. Бұрын бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза өтеген адамдар деп бұған дейiн заңды күшiне енген сот үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру түрiндегі жазаға сотталған және сол жазаны iс жүзiнде түзеу колониясында, түрмеде өтеген, жаңа қылмыс жасаған сәтте осы соттылығы заңмен белгiленген тәртiппен жойылмаған және алынбаған адамдар түсiнiледi.
Сондай-ақ:
а) бас бостандығынан айыруға шартты түрде сотталған (Қазақ КСР ҚК-нiң (әрi қарай - ҚазКСР ҚК) 40-бабы, ҚК-нiң 63-бабы) ҚазКСР ҚК-нiң 40-бабының жетiншi, сегiзiншi, тоғызыншы бөлiктерiнде, ҚК-нiң
64-бабының
үшiншi, төртiншi, бесiншi бөлiктерiнде көзделген негiздер бойынша жазасын өтеу үшiн түзеу колониясына жiберiлген адамдар;
б) үкiмнiң орындалуы кейiнге қалдырыла отырып, бас бостандығынан айыруға сотталған (ҚазКСР ҚК-нiң 41-1, ҚК-нiң 72-баптары) ҚазКСР ҚК-нiң 41-1-бабының бесiншi, жетiншi бөлiктерiнде, ҚК-нiң
72-бабының
екiншi, үшiншi, төртiншi бөлiктерiнде көзделген негiздер бойынша жазасын өтеу үшiн түзеу колониясына жiберiлген адамдар;
в) еңбекке мiндеттi түрде қатыстыра отырып, бас бостандығынан айыруға шартты түрде сотталған (ҚазКСР ҚК-нiң 23-2-бабы) ҚазКСР ҚК-нiң 23-2-бабының бесiншi бөлiгiнде көзделген негiздер бойынша жазасын өтеу үшiн түзеу колониясына жiберiлген адамдар;
г) бұрынғы КСРО мен оның құрамына кiретiн одақтас республикалардың соттарының үкiмдерi бойынша соттылығы бар адамдар (1991 жылғы 8 желтоқсанға дейiн орын алған соттылықтар бойынша);
д) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген реттерде, басқа мемлекеттiң сотының үкiмi бойынша бас бостандығынан айыруға сотталып шетел мемлекетiнiң үкiмiн орындауға қабылдау туралы соттың шешiміне сәйкес кейiннен жазасын өтеу үшiн берiлуiне байланысты Қазақстан Республикасының түзеу мекемесiнде ұсталған адамдар
- бұрын бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза өтеген адамдар деп танылады.
7. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 3-тармағында бекiтiлген халықаралық шарттардың басымдылығы негізiнен шыға отырып, басқа мемлекеттiң үкiмдерi бойынша сотталған адамдар үкiмде қабылданған шешiмнiң дәлелі көрсетiле отырып, бұрын бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза өтеген адамдар деп танылуы мүмкiн. Басқа мемлекеттердiң үкiмдерiн тану 1993 жылы 22 қаңтарда Минскiде жасалған Азаматтық, отбасылық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы Конвенция мен оған 1997 жылғы 28 наурыздағы Хаттамада (1999 жылғы 17 қыркүйектен кейiн орын алған соттылықтар бойынша) және 2002 жылғы 7 қазанда Кишиневте жасалған Азаматтық, отбасылық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы Конвенцияда (2004 жылғы 27 сәуiрден кейiн орын алған соттылықтар бойынша) көзделген.
8. Соттың үкiмi бойынша тағайындалған жаза (түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу, қоғамдық жұмыстар) ҚК-нiң
42-бабының
екiншi бөлігінде 43-бабының төртiншi бөлігінде және
45-бабының
екiншi бөлiгiнде көзделген негіздер бойынша бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған адамдар бұрын бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза өтеген адамдар деп танылмайды.
Сондай-ақ:
а) жасаған қылмысы үшiн сот ҚК-нiң
47-бабының
бiрiншi бөлiгiне сәйкес бас бостандығынан айырудың орнына тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауды қолданған адамдар;
б) iс қадағалау тәртiбiмен қаралғанға дейiн соттың үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру орындарында болған адамдар, егер аталған сот сатысы үкiмнiң күшiн жоя отырып, iстi қысқартса не үкiмдi өзгертiп, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындаса немесе бас бостандығынан айыруға шартты түрде соттауды не үкiмдi орындауды кейiнге қалдыруды қолданса;
в) бас бостандығынан айыруға сотталған, бiрақ жүктi әйелдердiң және жас балалары бар әйелдердiң жазаны өтеуiн кейiнге қалдырылуына (ҚК-нiң
72-бабы
), ауруға шалдығуына байланысты жазадан босатылуына (ҚК-нiң
73-бабы
), төтенше мән-жайлардың салдарынан жазадан босатылуына (ҚК-нiң
74-бабы
), айыптау үкiмiн орындаудың ескiру мерзiмiнiң өтуiне (ҚК-нiң
75-бабы
), рақымшылық туралы актiсi қолданылып немесе кешiрiм жасау тәртiбiмен жаза өтеуден босатылуына (ҚК-нiң
76-бабы
) байланысты iс жүзiнде жаза өтемеген және бас бостандығынан айыру орындарында болмаған адамдар;
г) бас бостандығынан айыруға бұлтартпау шарасы ретiнде қамауда ұстау қолданылған мерзiмнiң шегiнде сотталған адамдар, себебi олар түзеу мекемелерiнде жазасын өтемеген;
д) бас бостандығынан айыру түрiндегі жаза өтеп жатқан адамдар, егер олар үкiм шығарылғанға дейiн жасаған қылмыстары үшiн сотталып, бас бостандығынан айыру түрiндегі жазасын тұңғыш рет өтеп жатқан реттерде;
e) қылмыстылық пен жазаланушылық қолданыстағы заңмен жойылған, сол сияқты оны жасағаны үшiн қолданыстағы заңда бас бостандығынан айыру түрiндегі жаза көзделмеген әрекеттер үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған және бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеген адамдар
- бұрын бас бостандығынан айыру түрiндегі жаза өтеген адамдар деп танылмайды.
9. Қылмыстардың аса қауiптi қайталануы жағдайында қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған еркек жынысты адамдар олардың бұрын бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны өтегенiне не өтемегенiне қарамастан жазасын ерекше режимдегi түзеу колониясында өтеуге тиiс.
Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының 2009.06.29
N 4
Қаулысымен.
10. Еркек жынысты адамдарды аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға соттаған, сондай-ақ қылмыстардың аса қауiптi қайталануы жағдайында ҚК-нiң 48-бабының алтыншы бөлiгiне сәйкес жаза мерзiмiнiң бiр бөлiгiн түрмеде өтеу тағайындағанда соттар қабылданған шешiмдi үкiмде дәлелдеуi және сотталған адам жазаның қандай мерзiмiн түрмеде өтеуi тиiс екенiн көрсетуi қажет. Осы орайда үкiмнiң қорытынды бөлiгiнде жаза мерзiмiнiң қалған бөлiгiн сотталған адамның қандай режимдегi колонияда өтеуi керек екенi көрсетiлуi тиiс.
11. ҚК-нiң
13-бабының
төртiншi бөлігіне сәйкес он сегiз жасқа толғанға дейiн жасалған қылмыстар үшiн соттылықтар, сондай-ақ ҚК-нiң
77-бабымен
белгiленген тәртiп бойынша алынып тасталған немесе жойылған, ҚК-нiң 76-бабының екiншi және төртiншi бөлiктерiне сәйкес рақымшылық туралы немесе кешiрiм жасау туралы актiмен алынып тасталған соттылықтар қылмыстардың қайталануын тану кезiнде ескерiлмейдi және сондықтан қатаң және ерекше режимдегi түзеу колониясын тағайындауға негiз бола алмайды.
Осыған байланысты соттар сотталушының бұрынғы соттылығы туралы мәлiметтер мен түзеу колониясының түрiн дұрыс белгiлеу үшiн маңызы бар басқа да деректердi мұқият анықтауы қажет.
12. Алынып тасталмаған және жойылмаған соттылықтары бар адамдарға қатысты iстердi қарау барысында соттар үкiм шығару кезiнде ҚК-нiң 13-бабына сәйкес қылмыстың қылмыстардың қайталануы, қауiптi және аса қауiптi қайталануы кезiнде жасалғаны туралы және соған байланысты түзеу мекемесiнiң тиiстi түрiн белгілеу туралы мәселенi талқылап, шешуге мiндеттi.
Қылмыстың қылмыстардың тиiстi қайталануы жағдайында жасалғаны туралы шешiм қылмыстық заңның нормасына сiлтеме жасала отырып, үкiмнiң қорытынды бөлігінде көрсетiлуi тиiс.
Егер негіздер болған жағдайда сот қылмыстардың қайталануын танымай және бұл туралы үкiмнiң қорытынды бөлiгiнде көрсетпесе, онда қылмыстардың қайталануы кезiнде тағайындалуы мүмкiн түзеу колониясының түрiн тағайындауға құқылы емес.
13. Кәмелетке толмаған бас бостандығынан айыруға сотталған адамға сот кәмелетке немесе 20 жасқа толғаннан кейiн жазаны әрi қарай өтеу үшiн ауыстырылуы мүмкiн колонияның түрi туралы мәселенi алдын-ала анықтамастан, жазаны тәрбиелеу колоннясында өтеудi тағайындайды, себебi Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексiнiң (әрi қарай - ҚАК)
136-бабының
бiрiншi және үшiншi бөлiктерiне сәйкес олар тәрбиелеу колоннясының қандай түрiнде (жалпы немесе күшейтiлген режимдегi) жаза өтегенiне қарамастан жалпы режимдегi түзеу колониясына жiберiледi.
Қылмысты кәмелет жасқа толмаған кезде жасап, үкiм шығарылған сәтте кәмелетке толған адам бас бостандығынан айыруға сотталған жағдайда оған түзеу колониясының түрi ҚК-нiң 48-бабына сәйкес кәмелетке толған адамға тағайындалған сияқты тағайындалады.
14. Бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны қылмыстардың жиынтығы бойынша немесе үкiмдердiң жиынтығы бойынша тағайындаған кезде сот колонияның режим түрiн түпкiлiктi жаза шарасын белгілегеннен кейiн тағайындауға тиiс.
Егер адам бiреулерi абайсызда, ал басқалары - қасақана жасалған қылмыстардың жиынтығы бойынша сотталып отырса, сот жазаны колония-қоныста өтеудi тек қасақана қылмыс үшiн бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындаған реттерде ғана тағайындауға құқылы.
15. Бас бостандығынан айыруға шартты түрде соттау кезiнде түзеу мекемесiнiң түрi тағайындалмайды. Егер шартты түрде сотталған адам сынақ мерзiмi iшiнде жаңадан қылмыс жасаса және оған жаза ҚК-нiң 60-бабының негізiнде үкiмдердiң жиынтығы бойынша тағайындалса, түзеу мекемесiнiң түрi ҚК-нiң 48-бабында көзделген тәртiппен сынақ мерзiмi iшiнде жасаған қылмыстың да, сондай-ақ бұрын жасағаны үшiн ол бас бостандығынан айыруға шартты түрде сотталған қылмыстың да ауырлығы ескерiлiп тағайындалады.
Егер жазасын өтеуден мерзiмiнен бұрын шартты түрде босатылған адам мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату мерзiмi iшiнде жаңа қылмыс жасаса және оған жаза үкiмдердiң жиынтығы бойынша тағайындалса, түзеу мекемесiнiң түрi дәл осы тәртiппен тағайындалады.
16. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың мiнез-құлқына және еңбекке деген көзқарасына қарай түзеу мекемесiнiң түрi өзгертiлуi мүмкін.
Түзеу мекемесiнiң түрiн өзгертудi ҚАК-нiң
73-бабының
негiзiнде тергеу мекемесi әкiмшiлігінiң ұсынысы бойынша үкiмдi орындау тәртiбiмен Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу Кодексiнiң
453-бабының
2-тармағына,
454
, 455-баптарына сәйкес сотталғанның жаза өтеп жатқан орны бойынша аудандық немесе оған теңестiрiлген соттың судьясы шешедi.
17. ҚАК-нiң 73-бабына сәйкес өзiн жақсы жағынан көрсеткен сотталғандарды жазаны одан әрi қарай өтеу үшiн түзеу мекемесiнiң бiр түрiнен неғұрлым жеңiлiрек режим түрiн көздейтiн басқа түрiне ауыстыру туралы мәселенi шешу кезiнде сотталған адамның неғұрлым жеңiлдетiлген режимдегі түзеу колониясында болған мерзiмiн емес, сот үкiмi бойынша тағайындалған жазаның жалпы мерзiмi негізге алынуы керек.
Соттар тағайындалған жазаның жеңiлдігі "сотталғанның сол түзеу мекемесiнде аз уақыт болғаны, сотталғанның кiнәсiн мойындамауы, бұрын соттылықтарының болғандығы, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн жазасын өтеп жатқаны және т.с. сияқты заңда көзделмеген негіздер бойынша режим түрi неғұрлым жеңiлiрек түзеу мекемелерiне ауыстырудан бас тартуға құқылы емес.
18. Iстердi апелляциялық және қадағалау тәртiбiмен қарау кезiнде соттар бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға түзеу мекемесi түрiнiң дұрыс белгіленгенiн тексеруi тиiс.
Бiрiншi сатыдағы сот түзеу колониясының заңда көзделгеннен әлдеқайда қатаң түрiн негізсiз тағайындаған жағдайда жоғары тұрған сот сотталғанға түзеу колониясының түрiн заңға сәйкес тағайындауы тиiс.
Сотталғанға режимi онша қатаң емес түзеу колониясының түрi дұрыс тағайындалмаған не түзеу мекемесiнiң түрi тағайындалмаған жағдайда егер осы негіз бойынша прокурор наразылық келтiрсе немесе жәбiрленушi, жеке айыптаушы, олардың өкiлдерi шағым берген жағдайда ғана, апелляциялық және қадағалау сатыларының соттары iстi жаңадан қарауға жiбермей-ақ, сотталғанға түзеу мекемесiнiң заңда көзделгеннен жеңiлiрек түрi тағайындалуының күшiн жойып, түзеу мекемесiнiң түрiн Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес тағайындауға құқылы.
19. Осы нормативтiк қаулының қабылдануына байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының 1961 жылы 7 желтоқсандағы N 4 "Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға еңбек-түзеу мекемесiнiң түрiн анықтау жөнiндегi сот тәжiрибесi туралы" қаулысының (енгiзiлген өзгерiстермен және толықтырулармен бiрге) күшi жойылды деп танылсын.
20. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтiк қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға мiндетті болып табылады әрi ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы