Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесін қуру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 желтоқсандағы N 1266 қаулысы

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылға 13 сәуірдегі Заңының 6-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесі (бұдан әрі - Үйлестіру кеңесі) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Үйлестіру кеңесі туралы ереже;

      2) Үйлестіру кеңесінің құрамы бекітілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі



  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2005 жылғы 21 желтоқсандағы
N 1266 қаулысымен
бекітілген

Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесі
туралы ереже

      Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесі туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесі (бұдан әрі - Үйлестіру кеңесі) қызметінің міндеттерін, функцияларын, құқықтық және ұйымдық негіздерін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Үйлестіру кеңесі мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу, мүгедектерді әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, олардың тыныс-тіршілігі мен қоғамға етене араласуы үшін тең мүмкіндіктер жасау мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың, мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында құрылды.

      2. Үйлестіру кеңесі Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      3. Үйлестіру кеңесінің құрамына Үйлестіру кеңесіне жүктелген міндеттерді заңнамаға сәйкес шешу құзыретіне енетін министрліктердің, ведомстволар мен ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ мүгедектердің қоғамдық ұйымдарының өкілдері олармен келісім бойынша енгізіледі.

      4. Үйлестіру кеңесі өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

2. Үйлестіру кеңесінің негізгі міндеттері мен функциялары

      5. Үйлестіру кеңесінің негізгі міндеті:

      Мүгедектерді оңалту бағдарламасында (бұдан әрі - Бағдарлама) көзделген іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;

      мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты, заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық кесімдерді жетілдіру;

      орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру, мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша халықаралық және өзге де ұйымдармен, мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстар дайындау болып табылады.

      6. Үйлестіру кеңесінің негізгі функциялары:

      Бағдарлама іс-шараларының орындалуы жөніндегі істің жай-күйін талдау;

      мыналарды:

      мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты, заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық кесімдерді;

      мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдардың мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы қызметін;

      мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің өзара іс-қимылын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

3. Үйлестіру кеңесінің құқықтары

      7. Өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру және функцияларды жүзеге асыру мақсатында Үйлестіру кеңесінің:

      орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға;

      орталық және жергілікті атқарушы органдар мен өзге де ұйымдардан Үйлестіру кеңесінің міндеттерін іске асыру үшін қажетті ақпаратты заңнамада белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;

      мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың өкілдерін мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша Үйлестіру кеңесінің отырыстарына шақыруға және тыңдауға;

      Үйлестіру кеңесінің құзыретіне енетін мәселелер бойынша ұсынымдар әзірлеуге және ұсыныстар енгізуге;

      Бағдарламада көзделген іс-шаралардың уақтылы орындалуы жөнінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгізуге;

      мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы іс-шараларды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға байланысты өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқығы бар.

4. Үйлестіру кеңесінің қызметін ұйымдастыру

      8. Үйлестіру кеңесін төраға басқарады.

      Төраға Үйлестіру кеңесінің қызметіне басшылық жасайды, оның отырыстарында төрағалық етеді, жұмысын жоспарлайды, шешімдердің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және Үйлестiру кеңесі жүзеге асыратын қызмет, сондай-ақ салааралық, ведомствоаралық үйлестiру үшiн және Үйлестiру кеңесi әзiрлейтiн шешiмдер үшiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес дербес жауап бередi. Төраға болмаған кезде оның функцияларын төрағаның орынбасары орындайды.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.07.07 N 644 қаулысымен.

       9. Үйлестіру кеңесінің жұмыс органы Үйлестіру кеңесінің жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Үйлестіру кеңесі отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар Үйлестіру кеңесінің отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне жіберілуге тиіс.

      Үйлестіру кеңесі өз қызметін қоғамдық негізде жүзеге асырады.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

       10. Үйлестіру кеңесінің отырыстарын төраға немесе оның тапсырмасы бойынша - төрағаның орынбасары қажеттілігіне қарай, бірақ жарты жылда кемінде бір рет шақырады. Үйлестіру кеңесінің мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, Үйлестіру кеңесінің отырысы заңды деп есептеледі.

      11. Үйлестіру кеңесінің шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға қатысып отырған Үйлестіру кеңесі мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру Үйлестіру кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      Үйлестіру кеңесі мүшелерiнiң ерекше пiкiр білдіруге құқығы бар, оны бiлдiрген жағдайда, ол жазбаша түрде жазылуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген Үйлестіру кеңесінің есеп-хатына қоса берілуі тиiс.

      Үйлестіру кеңесінің отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтарының негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.

      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, Үйлестіру кеңесінің хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне келісу үшін жібереді.

      Үйлестіру кеңесінің мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не келіспеу туралы себептерін негіздей отырып жауап береді.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

       12. Үйлестіру кеңесінің шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

       13. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Үйлестіру кеңесінің жұмыс органы болып табылады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 18.02.2017 № 81 қаулысымен.

       13. Дауыс беру парақтарымен қоса, Үйлестіру кеңесінің материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды Үйлестіру кеңесінің жұмыс органы жүзеге асырады.

      Ескерту. Ереже 13-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2005 жылғы 21 желтоқсандағы
N 1266 қаулысымен
бекітілген

Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің
құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.09.2014 N 970; 18.02.2017 № 81 қаулысымен.

       Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, төраға

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры, хатшы

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі

      Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы (келісім бойынша)

      Қазақстандағы мүгедектер ұйымы одағының төрағасы (келісім бойынша) "Қазақ зағиптар қоғамы" қоғамдық бірлестігі орталық басқармасының төрағасы (келісім бойынша)

      "Мүгедек жастар қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша)

      "Ақтөбе қаласының сал ауруымен ауыратын азаматтарды қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша)

      "Қазақ саңыраулар қоғамы" қоғамдық бірлестігінің Ақмола филиалының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "ДОС" тәуелсіз өмір орталығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша)

      "Қазақ зағиптар қоғамының Ақтөбе оқу-өндірістік кәсіпорны" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры (келісім бойынша)

      "Лайықты өмір" мүгедектерді оңалту орталығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша)

      "Намыс" жоғары білімді мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша)

      "Қазақ саңыраулар қоғамы" қоғамдық бірлестігінің президенті (келісім бойынша)

      "Шырақ" мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің төрайымы (келісім бойынша)

      Шығыс Қазақстан облысы мүгедектерінің ерікті қоғамының төрағасы (келісім бойынша)

      "Қазақстандық мүгедектер конфедерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша)

      "Мүгедек жастар қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша)

      "Павлодар қалалық мүгедектердің ерікті қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша)

      "Шанс" мүгедектерді оңалту орталығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша)