Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргiзу ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі N 750 Қаулысы

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуiрдегi Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгізiледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Yкiметiнің        
2005 жылғы 20 шілдедегi 
N 750 қаулысымен     
бекiтілген       

Медициналық әлеуметтік сараптама жүргізу ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Осы медициналық әлеуметтік сараптама жүргізу ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы", "Мiндетті әлеуметтік сақтандыру туралы", "Қызметкер еңбек (қызмет) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы", "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзiрлендi және мүгедектiкті әрi еңбек қабілетін жоғалту дәрежесiн белгiлеу, сондай-ақ көмек пен күтiмнiң қосымша түрлеріне мұқтаждықты айқындау тәртiбiн регламенттейдi.
       Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз), 2010.10.19 № 1078 (2010.08.10 бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.

      2. Мүгедектiктi және еңбек қабілетiн жоғалту дәрежесiн белгілеудi, сондай-ақ көмек пен күтiмнiң қосымша түрлерiне мұқтаждықты айқындауды халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы орталық атқарушы органның аумақтық бөлiмшелерi (бұдан әрi - аумақтық бөлiмшелер) медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрi - МӘС) жүргiзу жолымен жүргiзедi.

      3. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      мүгедек - тiршілiк-тынысының шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемiстiктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған адам;

      мүгедектік - организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуы салдарынан адамның тiршілiк-тынысының шектелу дәрежесi;

      мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы - мүгедекті оңалтудан өткiзудiң нақты көлемiн, түрлерi мен мерзiмдерін белгілейтiн құжат;

      білiктілiк - қызметкердің кәсiптік даярлығының дәрежесi, оның күрделілігі белгілi дәрежедегі жұмысты орындау үшiн қажеттi бiлiмi, ептілiгi мен дағдыларының болуы;

      медициналық-әлеуметтік сараптама - организм функциясының тұрақты бұзылуынан туындаған тіршілік-тынысының шектелуiн бағалау негізiнде оңалтуды қоса алғанда, куәландырылатын адамның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілiктерiн белгіленген тәртiппен анықтау;

      организм функцияларының бұзылуы - организмнiң қызметiнде немесе құрылымында туындайтын, олардың нормадан едәуір ауытқуы ретiнде қаралатын проблемалар;

      куәландыру - мақсаты клиникалық-функционалдық және еңбек болжамын, оңалту мен әлеуметтік қорғау шараларын белгiлей отырып, тiршiлiк-тынысының шектелуін, организм функцияларының бұзылуынан денсаулық жағдайының өзгерiстерiн бағалау болып табылатын медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзу;

      куәландырылатын адам - оған қатысты оңалту және әлеуметтiк қорғау шаралары белгіленiп, медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзiлетiн адам;

      тіршілiк-тынысының шектелуi - адамның өзiн өзi қарап күту, өздігінен жүріп-тұру, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзiнiң мiнез-құлқын бақылау, оқу және еңбекпен айналысу қабiлетiнен немесе мүмкiндiгiнен толық немесе iшiнара айрылуы;

      жалпы еңбек қабiлеті - адамның кез келген (білікті емес) жұмысты орындау, қызметтер көрсету қабілеті;

      кәсiптiк еңбек қабiлетi - адамның нақты жағдайларда белгiлi бiр біліктіліктегi, көлемдегi және сападағы жұмысты орындауға қабiлетi;

      кәсiп - арнайы даярлықтың және жұмыс тәжiрибесiнің нәтижесiнде алған теориялық бiлiмi мен практикалық машықтар кешенiн меңгерген адамның еңбек қызметiнің (жұмысының) түрi;

      қызметкер - оның еңбек (қызмет) мiндеттерiн орындауына байланысты мертігу немесе денсаулығына өзге де жарақат алған адам;

      мүгедек бала - тiршілік-тынысының шектелуiне және оны әлеуметтік қорғау қажеттілігіне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемiстiктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған он сегiз жасқа толмаған адам;

      мүгедектердi оңалту - организм функцияларының тұрақты бұзылып денсаулықтың бұзылуынан туындаған тіршілiк-тынысының шектелуiн жоюға немесе мүмкiндiгiнше толық өтеуге бағытталған медициналық, әлеуметтік және кәсiптiк iс-шаралар кешенi;

      оңалту потенциалы - мүгедек организмінің бұзылған функциялары мен қабiлеттерiн медициналық, психологиялық және әлеуметтiк факторларын талдау негiзiнде қалпына келтірудің нақты мүмкiндiктерінің көрсеткiшi;

      оңалту болжамы - оңалту потенциалын iске асырудың болжамды мүмкiндігі және мүгедектiң қоғамға кiрiгуiнiң болжамды деңгейі;

      еңбек қабiлетi - қызметкердiң белгiлi бiр біліктіліктегi, көлемдегi және сападағы жұмысты орындауға қабілеті;

      еңбек қабілетінен айрылу - дәрежесi оның жоғалтқан еңбек қабілетiне пайыздық қатынасты бiлдiретін қызметкердiң жұмысты орындау, қызметтер көрсету қабiлетінен айрылуы;

      организм функциялары - организм жүйелерінің физиологиялық (психикалықты қоса алғанда) функциясы.

2. Медициналық-әлеуметтік сараптаманың мiндеттерi

      4. Негізгі мiндеттерi:

      1) мүгедектіктi және еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесiн, олардың себептерiн, мерзiмдерiн, туындаған уақытын және көмек пен күтiмнiң қосымша түрлерiне қажеттілігiн айқындай отырып белгілеу;

      2) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларын әзiрлеу, әлеуметтiк көмектi, медициналық-әлеуметтік оңалтуды және олардың орындалуын, осы iс-шаралардың тиiмділігiн бақылауды жүзеге асыратын ұйымдарда оңалту iс-шараларын iске асыруға ықпал ету.

      5. Негізгi функциялар:

      1) мүгедектікті және еңбек қабілетiн жоғалту дәрежесiн, олардың себептерiн, мерзiмдерiн, туындаған уақытын, көмек пен күтімнің қосымша түрлерiне қажеттілiгiн айқындай отырып белгiлеу;

      2) адамдардың санаторлық-курорттық емделуге, қосымша тамақтануға, күтiмге, оның iшiнде арнайы медициналық күтiмге, дәрi-дәрмектер сатып алуға, ауруды күтуге, техникалық көмекшi (компенсаторлық) құралдарға және (немесе) арнайы жүріп-тұру құралдарына әрi көмектiң басқа да түрлерiне мұқтаждығын анықтау;

      2-1) ведомстволық статистикалық есептілік мониторингін жүргізу;

      3) қайтыс болған адамның отбасына әлеуметтiк төлемдер беру Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мүгедектің қайтыс болуының себептік байланысын белгiлеу;

      4) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасын әзiрлеу және түзету, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту жөнiндегi iс-шаралардың түрiн, нысанын, мерзiмi мен көлемiн белгілеу және олардың орындалу тиімділігін бақылау;

      5) уақытша еңбекке жарамсыздық мерзiмiн ұзарту;

      6) әскери мiндетті және әскерге шақырылу жасындағы адамдардың мүгедек деп танылуы туралы мәлiметтердi әскери комиссариаттарға ұсыну;

      7) медициналық ұйымдардың дәрiгерлерiне медициналық-әлеуметтiк сараптама мен мүгедектердi оңалту мәселелерi жөнiнде консультативтiк көмек көрсету, олардың біліктiлiгін арттыру жөнiндегi iс-шаралар жүргiзуге қатысу;

      8) жұмыс практикасына қазiргi заманғы, ғылыми қағидаттар мен әдiстердi енгізу, сондай-ақ озық тәжiрибенi қорыту, тарату және медициналық-әлеуметтiк сараптама мен мүгедектердi оңалту жөнiнде әдiстемелiк ұсынымдар әзiрлеу.
       Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

3. Медициналық-әлеуметтік сараптамаға жiберу тәртiбi

      6. Тiршілік-тынысының, оның iшiнде аурудың, жарақаттың немесе кемiстiктер салдарынан еңбек қабiлетiнің шектелуiне әкеп соқтыратын, организм функциялары тұрақты бұзылған адамдар, оның iшiнде 18 жасқа дейінгілер МӘС-ке жiберiлуге тиiс.

      7. Медициналық ұйымдар ауруға, жарақат зардаптарына немесе кемістікке байланысты ағза функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шараларын жүргізгеннен кейін адамдарды, оның ішінде 18 жасқа дейінгі адамдарды уақытша еңбекке жарамсыз болған немесе анатомиялық кемістіктер мен жазылмайтын ауруларды қоспағанда, диагнозы белгіленген сәттен бастап кемінде төрт айдан кейін МӘС-ке жібереді.
       Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      8. Медициналық зерттеудің сапасы, адамдарды медициналық-әлеуметтiк сараптамаға жiберудiң уақытылылығы мен негізділігі үшiн жауапкершілік тиiсті медицина ұйымының басшысына жүктеледi.

      9. МӘС-ке жолдама (088/у) тиiсiнше, сапалы ресiмделмеген кезде аумақтық бөлiмше оны медициналық ұйымға пысықтауға қайтарады және бұл туралы медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау жөніндегі мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне жазбаша хабардар етеді.
       Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

4. Куәландырудың тәртібi

      10. Куәландырылатын адамға медициналық-әлеуметтік сараптама медициналық ұйымның жолдамасы бойынша:

      1) тұрғылықты тұратын (тіркелген) жері бойынша;

      2) мамандандырылған мекемелерде емдеуде жүрген жері бойынша;

      3) түзеу мекемелерінде және тергеу изоляторларында жүргізіледі.

      Куәландыруға мынадай құжаттар:

      1) 088/у нысаны ресімделген күнінен бастап бір айдан кешіктірмей;

      2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы;

      3) тұратын жері туралы деректер;

      4) ауру динамикасын талдау үшін амбулаторлық карта, ауру тарихының және зерттеу нәтижелерінің үзінді көшірмелері;

      5) әлеуметтік жеке код берілгені туралы куәліктің көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы ұсынылады.

      Куәландырылатын адам жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа:

      1) кәсіби еңбекке қабілетін жоғалту белгіленген жағдайда - еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға немесе қызметкерлер денсаулығының өзге де зақымдануы туралы Н-1 нысаны бойынша акті (бұдан әрі - Н-1 нысанындағы акті), Ұлттық еңбек гигиенасы мен кәсіптік аурулар орталығының мерзімі екі жылдан аспаған қорытындысын (бұдан әрі - ҰЕГ мен КАО қорытындысы);
      2) жалпы еңбек қабілетін жоғалту белгіленген жағдайда - міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу фактісін растайтын құжатты;
      3) мүгедектік себебі жаралануына, контузияға, жарақатына, мертігуіне ауруына байланысты айқындалған жағдайда - оның себептік-салдарлық байланысын белгілейтін уәкілетті органның қорытындысын;
      4) 18 жасқа дейінгі адамдарға тәрбие, білім беру түрлері мен нысанын айқындау үшін айғақтар белгіленген жағдайда - психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысын;
      5) еңбекке қабілетті жастағы адамдардың арасында алғашқы мүгедектік белгіленген жағдайда - еңбек қызметі туралы мәліметтерді (еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі) ұсынылады.
       Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      11. Егер адам медициналық ұйымның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайына байланысты МӘС-ке келе алмаса, онда куәландыру үйде, стационарда жүргiзіледi және куәландырылатын адам қызмет көрсетілетін өңірден тыс жерде жүрген ерекше жағдайларда ғана куәландырылатын адамның немесе, оның ата-анасының біреуінің немесе, заңды өкілiнiң, оның iшiнде 18 жасқа дейiнгi адамның қамқоршысының, қорғаншысының келiсiмiмен ұсынылған құжаттардың негiзiнде сырттай жүргiзіледi.
      Сырттай мүгедектік куәландырылған адамды мүгедектік белгіленген сәттен бастап 6 айдың ішінде бақылап тексеріп, 1 жылдан аспайтын мерзімге айқындалады.
       Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      12. МӘС ұсынылған құжаттарды (клиникалық-функционалдық, әлеуметтiк, кәсiптiк және өзге де деректердi) қарау, куәландырылатын адамды тексеру, организм функцияларының бұзылуы және тіршілік-тынысының, оның iшiнде еңбекке қабілетiнiң шектелуi дәрежесiн бағалау жолымен аумақтық бөлiмше бастығының және кемiнде екi бас маманның қатысуы кезiнде алқалы түрде жүргiзiледi.

      13. Аумақтық бөлiмшенің сараптамалық қорытындысы медициналық айғақтар, организмнiң негiзгi функциялары бұзылуының және осы Ереженiң 1, 2-қосымшаларына сәйкес тіршілік-тынысы шектелуiнiң жiктемесi негізiнде организм жағдайының және тіршілік-тынысының, оның iшiнде еңбек қабілетiнiң шектелуi дәрежесiнiң кешендi бағасына орай шығарылады.

      14. Организм функцияларының бұзылуы және тіршілік-тынысының, оның iшiнде еңбек қабілетiнiң шектелуi дәрежесiне байланысты мүгедек деп танылған адамға бiрiншi, екiншi немесе үшiншi топтағы мүгедектік, ал 16 жасқа дейiнгi адамға "мүгедек-бала" санаты, ал он алты жастан он сегiз жасқа дейінгi адамдарға бiрiншi, екiншi, үшіншi топтағы "мүгедек-бала" санаты белгіленедi.

      15. МӘС жүргiзiлген кезде мүгедектiктiң мынадай себептерi айқындалады:

      1) жалпы ауру;

      2) еңбек жарақаты;

      3) кәсiптiк ауру;

      4) бала кезiнен мүгедек;

      5) уәкілеттi орган себептiк-салдарлық байланысты анықтаған жағдайда, әскери iс-қимылдарға қатысуына байланысты, әскери қызмет мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерiн) атқару кезiнде алған, әскери қызметiн өткеру кезiнде, әскери қызмет мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерiн) атқарумен байланысты емес жазатайым оқиға нәтижесiнде алған жаралану, контузия, жарақаттану, мертiгу, ауру;

      6) уәкілетті орган олардың себептiк-салдарлық байланысын анықтаған жағдайда, төтенше экологиялық жағдайлар, оның iшiнде иондық сәуле шығару әсерiнен және/немесе олардың салдарынан алған ауру.

      16. Мүгедектiк және кәсiптiк еңбек қабілетiнен айырылу дәрежесi мынадай мерзiмдерге: 6 айға, 1, 2 жылға немесе қайта куәландыру мерзiмiнсiз белгіленедi.
      Жалпы еңбек қабілетiнен айырылу дәрежесi мынадай мерзiмдерге: 6 айға, 1, 2 жылға немесе мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы зейнетақы төлемдерiн алуға құқық беретiн жасқа толғанға дейiн белгiленедi.
      16 жасқа дейiнгi адамдарға мүгедектiк мынадай мерзiмдерге: 6 айға, 1, 2, 5 жылға және 16 жасқа толғанға дейiн белгiленедi.
      16 жастан 18 жасқа дейінгі адамдарға мүгедектік мынадай мерзімдерге: 6 айға, 1 жылға 18 жасқа толғанға дейін белгіленеді.
      Мүгедектік мерзiмi мен еңбек қабілетiн жоғалту дәрежесi куәландырылатын адамның оңалту потенциалына сәйкес белгіленедi.
       Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      17. Қайта куәландыру мерзімінсiз мүгедектiк:

      1) осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес қалпына келмейтiн анатомиялық кемiстiктер;

      2) организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтiн өзгерiстерi мен бұзылулар болған кезде, жүргiзiлген оңалту iс-шаралары тиiмсiз болғанда, бiрiншi топтағы мүгедектi - кемiнде төрт жыл, екiншi және үшiншi топтағы мүгедектi - кемiнде алты жыл динамикалық қадағалаудан кейiн, зейнеткерлiк жастағы адамдарға - оңалту болжамы қолайсыз болған кезде белгіленедi.

      18. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушының зейнетақы төлемдерiн алуға құқық беретiн жасқа толғанға дейiнгi жалпы еңбек қабілетiнен айырылу дәрежесi:

      1) осы Ережеге 3-қосымшада көзделген қалпына келмейтiн анатомиялық кемiстiктерi;

      2) организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтiн өзгерiстерi мен бұзылулары болған кезде, жүргiзілген оңалту iс-шаралары тиiмсiз болғанда жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесi 80-нен 100 пайызды қоса алғанға дейінгі адамдарды кемiнде төрт жыл, жалпы еңбек қабiлетiнен айырылу дәрежесi 30-дан 79 пайызды қоса алғанға дейінгі адамдарды кемiнде алты жыл динамикалық қадағалаудан кейiн белгiленедi.
       Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      19. Қайта куәландыру мерзiмiнсiз кәсiптiк еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесi:

      1) осы Ережеге 3-қосымшада көзделген қалпына келмейтiн анатомиялық кемiстiктерi;

      2) организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтiн өзгерiстерi мен бұзылулары болған кезде, жүргiзiлген оңалту iс-шаралары тиiмсiз болғанда кәсiби еңбек қабілетiнен айырылу дәрежесi 90-нан 100 пайызды қоса алғанға дейінгі адамдарды кемiнде төрт жыл, кәсiби еңбек қабiлетiнен айырылу дәрежесi 5-тен 89 пайызды қоса алғанға дейінгі адамдарды кемiнде алты жыл динамикалық қадағалаудан кейiн белгіленедi.
       Ескерту. 19-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      20. Аумақтық бөлімшенің сараптама қорытындысы куәландырылатын адамның осы Ереженің 10-тармағында белгіленген құжаттары келіп түскен сәттен бастап екі аптадан кешіктірілмей шығарылады.
      Медициналық-әлеуметтік сараптама актісі мен хаттамалар журналына сараптамалық қорытындыны шығаруға қатысқан аумақтық бөлімшенің бастығы, бас мамандары қол қояды және мөртабанмен расталады.
      Куәландырылатын адамның деректері "Мүгедектердің орталықтандырылған дерекқоры" бағдарламасына енгізіледі, онда медициналық-әлеуметтік сараптама актісі, мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы мен хаттамалар журналы қалыптастырылады.
       Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      21. Адам мүгедек болып танылған жағдайда аумақтық бөлімше бiр айдың iшiнде оңалтудың жеке бағдарламасын әзiрлейдi.

      22. Куәландырылатын адамның аумақтық бөлiмшеге өтiнiш берген күнi мүгедектiкті, еңбек қабілетiн жоғалту дәрежесiн белгілеу күнi болып есептеледi.
      Мүгедектiк тобы және оны белгiлеу күнi еңбекке жарамсыздық парағында немесе еңбекке жарамсыздық парағы берілмейтiн жағдайда уақытша еңбекке жарамсыздықты куәландыратын анықтамада көрсетіледi.

      23. Сараптамалық қорытындыны шығару қиын болған кезде куәландырылатын адамның құжаттары он жұмыс күнінің iшiнде аумақтық бөлiмшеге жiберiледi, ол қаралып отырған мәселе бойынша белгіленген тәртiппен сараптамалық қорытынды қабылдайды.
       Ескерту. 23-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

       23-1. Егер куәландырылатын адам өндірістік жарақаттың немесе кәсіптік аурудың бұрын белгіленген мүгедектікпен себептік-салдарлық байланысын растайтын тиісті құжаттарды (Н-1 нысанды акті, ҰЕГ мен КАО қорытындысы) ұсыну негізінде "жалпы аурудан" мүгедектік себебін "еңбек жарақатына" немесе "кәсіптік ауруға" ауыстырғысы келген жағдайда аумақтық бөлімшеге тиісті құжаттарды ұсынған күн мүгедектік себебін өзгеру күні болып есептеледі.
       Ескерту. 23-1-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      24. Мүгедектiк және еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесi белгіленген кезде:

      1) мүгедектік туралы анықтама;

      2) "Мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасынан" көшiрме;

      3) еңбек қабілетiн жоғалту дәрежесi туралы анықтама;

      4) медициналық айғақтар болған кезде, көмек пен күтімнің қосымша түрлерi туралы анықтама;

      5) осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес медициналық айғақтар болған кезде, арнайы жүрiп-тұру құралдарына мұқтаждығы туралы анықтама беріледi.

      25. Мүгедектік туралы, еңбек қабілетiн жоғалту дәрежесi туралы анықтамадан үзiндiлер мен басқа да құжаттар сараптама қорытындысы шығарылған күнiнен бастап 3 күн мерзiмде әлеуметтік және басқа да төлемдердi тағайындайтын және оңалту iс-шараларын жүзеге асыратын органдарға жiберiледi.

      26. Медициналық-әлеуметтік сараптаманы жүргiзген кезде сараптамалық, құқықтық және басқа да мәселелердi шешу үшін әкiмшілiк шығыстарға көзделген қаражат есебiнен осы қызметтерге ақы төленiп консультанттар (педиатр, психолог, заң қызметкерi және басқа мамандар) тартылуы мүмкiн.

      27. Аумақтық бөлiмшеге сараптамалық қорытынды шығаруға мүмкiндiк бермейтiн, жеткілiктi негiзделмеген диагнозбен жiберiлген адам куәландырылған кезде, аумақтық бөлiмше диагнозы мен организм функцияларының бұзылу дәрежесiн нақтылау мақсатында оны қосымша тексеруге және емдеуге жiбередi.
      Куәландырылатын адам қосымша тексеруден және емделуден бас тартқан жағдайда, сараптамалық қорытынды қолда бар деректердiң негiзiнде шығарылады, бұл туралы медициналық-әлеуметтiк сараптама актiсiнде тиiстi жазба жасалады.

5. Мүгедектік топтарын анықтау өлшемдерi

      28. Азаматты мүгедек деп тану үшiн:

      1) денсаулықтың организм функцияларының тұрақты ауытқуынан бұзылуы;

      2) тіршілiк-тынысының шектелуi (адамның өзiне өзi қызмет көрсету, өздiгiнен жүріп-тұру, бағдарлану, қарым-қатынас жасау, өзінің мiнез-құлқын бақылау, оқу немесе еңбек қызметiмен айналысу қабілетiн немесе мүмкiндiгiн толық немесе iшiнара жоғалтуы);

      3) әлеуметтiк қорғау шараларын жүзеге асыру қажеттігi негiз болып табылады.
      Жас мөлшерiне қарай организмде пайда болатын өзгерiстер мүгедектiк тобын белгiлеу үшiн негiз болмайды.

      29. Тiршілiк-тынысының мынадай санаттарының бiрiнiң айқын білiнетiн шектелуiне не олардың ұштасуына әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттар немесе кемiстіктер салдарынан болатын организм функцияларының тұрақты едәуiр немесе айқын білiнетiн бұзылуы бiрiншi топтағы мүгедектiкте белгілеу үшін өлшем болып табылады:
      үшіншi дәрежедегi өзiне өзi қызмет көрсету қабілетi;
      үшіншi дәрежедегi жүріп-тұру қабілетi;
      үшiнші дәрежедегі айналасын бағдарлай бiлу қабілеті;
      үшіншi дәрежедегi қарым-қатынас жасау қабілетi;
      үшiншi дәрежедегi өзінің мінез-құлқын бақылау қабiлетi.

      30. Тiршілiк-тынысының мынадай санаттарының бiрiнiң білiнетiн шектелуiне не олардың ұштасуына әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттар немесе кемiстiктер салдарынан болатын организм функцияларының тұрақты бiлінетiн бұзылуы екiншi топтағы мүгедектікті белгілеу үшiн өлшем болып табылады:
      екiнші дәрежедегі өзiне өзi қызмет көрсету қабілеті;
      екiншi дәрежедегi жүріп-тұру қабілеті;
      екiншi, үшіншi дәрежедегi еңбек қызметiне (еңбек етуге) қабiлетi;
      екiншi, үшіншi дәрежедегi оқуға қабілетi;
      екiншi дәрежедегi айналасын бағдарлау қабілетi;
      екiншi дәрежедегi қарым-қатынас жасау қабiлетi;
      екiншi дәрежедегi өзiнің мiнез-құлқын бақылау қабілетi.

      31. Тiршілiк-тынысының мынадай санаттары бiрiнiң шамалы білiнетін шектелуiне немесе олардың ұштасуына әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттар немесе кемiстiктер салдарынан болатын организм функцияларының тұрақты шамалы бұзылуы үшiншi топтағы мүгедектiктi белгілеу үшін өлшем болып табылады:
      бiрiншi дәрежедегi өзiне өзi қызмет көрсету қабілетi;
      бiрiншi дәрежедегi жүрiп-тұру қабілетi;
      бiрiншi дәрежедегi еңбек қызметіне (еңбек етуге) қабілетi;
      бiрiншi дәрежедегi оқуға қабiлетi;
      бiрiншi дәрежедегi айналасын бағдарлау қабілетi;
      бiрiншi дәрежедегi қарым-қатынас жасау қабілетi;
      бiрiншi дәрежедегi өзiнiң мінез-құлқын бақылау қабiлетi.

6. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне
қатысушының жалпы еңбек қабiлетiн жоғалту
дәрежесiн белгiлеу өлшемдерi

      32. Жалпы еңбек қабілетiн жоғалту дәрежесi (бұдан әрi - ЖЕЖ) мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің қатысушысына еңбек қабілетiн жоғалтуына (айрылуына) әкеп соққан оқиға (әлеуметтiк қатер) туындағанда белгіленедi.

      33. Еңбек қабілетiн (жалпы) жоғалту дәрежесi - адамның жоғалтқан еңбек қабілетiне пайыздық қатынаспен көрсетілген, еңбек қызметін (кез келген білiксiз қызмет) орындау қабілетінен ауытқу мөлшерi.

      34. Жалпы еңбек қабiлетiнен айырылу жағдайы орын алғанда мiндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң қатысушысына ЖЕЖ дәрежесi 30-дан 100 пайызды қоса алғанға дейін белгіленедi.
       Ескерту. 34-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      35. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің қатысушысына ЖЕЖ 2-қосымшада көзделген еңбек қабілетiнiң шектелуiне әкеп соқтырған организм функцияларының бұзылу дәрежесiне қарай мынадай жағдайларда:

      1) организм функциялары еңбек қабiлетiнiң шамалы білiнетiн шектелуiне әкеп соғатын шамалы білiнетiн бұзылулары 30-дан 59 пайызды қоса алғанға дейін;

      2) организм функциялары еңбек қабілетiнiң білiнетiн шектелуiне әкеп соғатын тұрақты бiлiнетiн бұзылуында 60-тан 79 пайызды қоса алғанға дейін;

      3) организм функциялары еңбек қабілетiнiң айқын бiлiнетiн шектелуiне немесе оны жоғалтуға әкеп соқтыратын едәуiр немесе айқын бiлiнетiн тұрақты бұзылғанда 80-нен 100 пайызды қоса алғанға дейiн белгіленедi.
       Ескерту. 35-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

7. Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқаруға байланысты
жарақат алған немесе денсаулығына өзге де зақым келген
қызметкердiң кәсiптiк еңбек қабiлетiн жоғалту
дәрежесiн белгiлеу өлшемдерi

      36. Кәсіптік еңбек қабілетін жоғалту дәрежесi (бұдан әрi - КЕЖ) еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқаруға байланысты жарақат алған немесе денсаулығына өзге де зақым келген қызметкерге белгiленедi.

      37. КЕЖ дәрежесi - жоғалтқан еңбек қабілетiне пайыздық қатынаспен көрсетілген, адамның нақты өндiрiстік жағдайларда белгілi бiр білiктілiктегi, көлемдегі және сападағы жұмысты орындау қабілетiнен ауытқу мөлшерi.
      Қызметкердің бiрнеше кәсiбi болған жағдайда КЕЖ дәрежесiн белгiлеу кезiнде негiзгi кәсiбi деп оны орындаған кезде денсаулығына зақым келген немесе жұмыс стажы ұзақтау және ең жоғары білiктілiкке жеткен немесе арнайы білiм алу жолымен алған кәсiбiн есептеу керек.

      38. Н-1 нысанындағы актімен расталған кәсiптiк еңбек қабілетiн жоғалту туындағанда адамның еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқаруға байланысты жарақат немесе денсаулығына өзге де зақым келген адамға КЕЖ дәрежесi 5-тен 100 пайызды қоса алғанға дейін белгіленеді.
       Ескерту. 38-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      39. Қызметкерлерге осы Ережеге 2-қосымшада көзделген еңбек қабілетiн жоғалтуға әкеп соқтырған организм функцияларының бұзылу дәрежесi бойынша КЕЖ мынадай жағдайларда белгіленедi:

      1) қызметкер өзiнің кәсiби қызметiн білiктілігінiң бiркелкi немесе шамалы төмендеуiмен, не атқаратын жұмысы көлемiнiң азайтылуымен, немесе егер, оның кәсiптiк қызметiн орындауы бұрынғыдан көп күш қажет ететiн жағдайда жалғастыра алса, КЕЖ дәрежесі 5-тен 29 пайызды қоса алғанға дейін белгіленедi;

      2) егер қызметкер кәсiптiк қызметiн әдеттегі өндiрiстiк жағдайларда білiктілiгiнiң айқын төмендеуiнен не атқаратын жұмыс көлемiнiң азаюынан жалғастыра алған немесе ол егер кәсіптiк қызметiн организм функцияларының шамалы білiнетiн бұзылулары салдарынан жалғастыру қабілетiнен айрылған жағдайда, КЕЖ дәрежесі 30-дан 59 пайызды қоса алғанға дейін белгіленедi;

      3) егер қызметкер өзiнiң кәсiби қызметiн организм функцияларының білiнетiн бұзылуы салдарынан арнайы жасалған жағдайларда ғана атқара алатын жағдайда, КЕЖ дәрежесі 60-тан 89 пайызды қоса алғанға дейін белгiленедi;

      4) егер кез келген кәсiптiк қызмет түрiн арнайы жасалған жағдайларда да атқаруға нақты қарсы айғақтары болған кезде, қызметкер организм функцияларының айқын бұзушылықтары салдарынан кәсіптiк еңбек қабiлетiн толық жоғалтқан жағдайда, КЕЖ дәрежесі 90-нан 100 пайызды қоса алғанға дейін болып белгiленедi.
       Ескерту. 39-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      40. Еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқаруға байланысты алған жарақат немесе денсаулығының зақымдануы бұрыннан бар ауруының ағымын нашарлатып жiберген жағдайда, онда КЕЖ пайызы бұрынғы организм функциялары бұзылуының және еңбек қабілетiнiң шектелуiнiң білiну дәрежесiне орай белгiленедi.

      41. Мертiгу немесе денсаулығының өзге де зақымдануы салдары кезiнде КЕЖ дәрежесi пайызбен организм функцияларының білiнетін бұзылулары мен еңбек қабілетiнiң шектелу дәрежесiне сәйкес келетiн мөлшер шегiнде белгіленедi. КЕЖ дәрежесi әрбiр жағдай бойынша бөлек белгіленедi.
       Ескерту. 41-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

8. Көмектiң және күтiмнiң қосымша түрлеріне
мұқтаждықты айқындау тәртiбi

      42. Аумақтық бөлiмше қызметкердiң:

      1) қосымша медициналық көмекке (азаматтарға тегiн медициналық көмек көрсетудің мемлекеттік кепiлдікті көлемінің тiзбесiне енбейтiн), оның iшiнде қосымша тамақтануға және қосымша дәрi-дәрмек сатып алуға;

      2) қызметкерге басқа адамның, оның iшiнде оның отбасы мүшелерi жүзеге асыратын күтiмге (арнайы медициналық және тұрмыстық);

      3) санаторлық-курорттық емделу кезеңiндегi барлық демалыс уақытына және қызметкердiң емделу орнына баруына және келуiне, қажетті жағдайларда - оның iлесiп баратын адамының санаторлық-курорттық емделу орнына бару және кейiн келу жолақысын қоса алғанда, санаторлық-курорттық емделуге;

      4) қызметкерге еңбек қызметіне және тұрмыста қажеттi техникалық көмекшi (компенсаторлық) құралдарына;

      5) арнайы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етуге;

      6) кәсіптік оқуға (қайта оқуға) мұқтаждығын анықтайды.

9. Қайта куәландыру тәртiбi

      43. Мүгедектердi қайта куәландыру осы Ереженiң 3-тарауына сәйкес жүргiзіледi.

      44. Мүгедектердi және еңбек қабілетiн жоғалтқан адамдарды қайта куәландыру мүгедектiктi белгiлеген мерзiмi өткен соң, медицина ұйымының жолдамасы (088/у нысаны) бойынша жүргiзіледi.

      45. Мүгедектердi және еңбек қабілетiн жоғалтқан адамдарды, сондай-ақ оларға мүгедектік немесе еңбек қабілетiн жоғалту қайта куәландыру мерзiмiнсiз немесе жасына қарай зейнетақы төлемдерiн алуға құқық беретiн жасқа толғанға дейiн белгіленген адамдарды мерзiмiнен бұрын қайта куәландыру медицина ұйымының жолдамасы бойынша мынадай жағдайларда:

      денсаулығы жағдайының, ауруының (жарақат) себебiнiң өзгерiсi кезiнде;

      куәландырылатын адамның өтiніш негізiнде, бiрақ белгіленген мерзiмнiң аяқталуына дейiн екi ай қалғанда;

      аумақтық бөлiмшенің сараптамалық қорытындысына шағым жасалғанда;

      аумақтық бөлiмшенiң сараптамалық қорытындысының негiзділігіне бақылау жүргiзу кезiнде;

      жалған құжаттарды беру, сараптама қорытындысын негiзсiз шығару фактілерi анықталғанда, мүгедектікті белгілеу мерзіміне қарамастан жүргiзiледi.
       Ескерту. 45-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

10. Аумақтық бөлiмшенiң сараптамалық
қорытындысына шағымдану тәртiбi

      46. Аумақтық бөлiмшенің сараптамалық қорытындысына азамат немесе оның заңды өкiлi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сотта шағымдана алады.

      47. Азаматтардың, мүгедектердің, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың және қызметкерлердiң құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнің бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жауаптылықта болады.

Медициналық-әлеуметтiк  
сараптама жүргiзу     
ережесiне 1-қосымша    

       Ескерту. 1-қосымшаға өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

16 жасқа дейінгі бала мүгедек деп
танылатын медициналық айғақтар

      1. Оның негiзiнде мүгедектiк 6 айдан 2 жылға дейiнгi мерзiмге белгіленетiн функционалдық өзгерiстер мен патологиялық жай-күйлер.

      Мүгедектіктi белгілеу 6 айдан 2 жылға дейiнгi мерзiмге бұзылған функцияларды қалпына келтiру немесе едәуiр жақсарту, адамның толыққанды өмiрге оралу мүмкiндiгiн көздейдi:

      1) бас-ми жарақатынан, нейроинфекциядан кейiнгi шамалы білiнетiн қозғалу, психикалық, сөйлеу бұзылушылықтары;

      2) операциядан кейiнгi кезеңде (6 айдан астам) ұзақ мерзiмдi қалпына келтiру және оңалту iс-шараларын талап ететiн жай-күй;

      3) ағымының ұзақтығы 2 айдан асатын уақыт iшiнде геморрагиялық васкулит кезiнде туындаған патологиялық жай-күйлер;

      4) асқазанның, ұлтабардың жара ауруының асқынған ағымы;

      5) орта дәрежедегi қант диабеті;

      6) процесс белсенділiгiнiң жоғары дәрежесi 3 айдан асатын дәнекер тiннiң диффуздық зақымдануынан туындаған патологиялық жай-күйлер;

      7) баланың тіршілік көрсеткiштерi бойынша (айқын білiнетiн зат алмасу, иммундық, қан тамырларының зақымдануы, қан формуласының өзгеруi және т.б.) тағайындалған әсерi күштi препараттарды ұзақ (3 айдан астам) уақыт пайдаланудан туындаған, ұзақ терапевтiк түзеудi талап ететiн патологиялық жай-күй;

      8) коагулопатиялар мен тромбоцитопатия аясында жатырдан дисфункциялық қан кетуi.

      2. Оның негiзiнде мүгедектiк 2 жыл мерзiмге белгiленетiн функционалдық өзгерiстер мен патологиялық жай-күйлер.

      Бұл топқа қалпына келтiру немесе жақсарту әжептәуiр уақытты қажет ететiн немесе болжамы белгiсiз патологиялық жай-күйлер енедi:

      1) сөйлеу, көру, есту қабілеттерінің бұзылуымен немесе оларсыз жүріп-тұруымен ұштастырылатын бiркелкi бiлiнетiн тұрақты бұзылуы (бiр немесе бiрнеше буынның парезi, плегиялары, тұрақты гиперкинездер, қимыл үйлесiмiнің бұзылуы және т.б.);

      2) сөйлеу қабілетiнiң тұрақты бұзылуы (алалия, афазия, түзеуге келмейтiн түрi), дизартрия мен кекештенудің ауыр түрi;

      3) омыртқа жұлынының зақымдануынан болған жамбас органдары функцияларының білiнетiн бұзылуы;

      4) тұрақты терапевтiк резистентті эпилептиформалық жай-күйлер (айына 1 және одан да көп ұстамасы болатын), жиi болатын шағын және тырыспасыз ұстамалар (аптасына 2-3 рет);

      5) ұзақтығы 6 айға және одан да ұзаққа созылатын созылмалы психопатиялық жай-күйлер;

      6) есту, көру, сөйлеу, жүрiп-тұру аппаратының, басқа да органдардың немесе жүйелер функциялары мен мiнез-құлықтың патологиялық нысандарымен ұштасатын есуастық дәрежесiндегі ақыл-ой кемiстiгi;

      7) тұрақты әлеуметтік бейiмсiзденуге әкеп соқтыратын мiнез-құлық патологиясы, эмоционалдық-жiгер аясының бұзылуы;

      8) жақсырақ көретiн көздiң көру қабiлетiнiң (түзетумен) 0,2 дейiн төмендеуi немесе жақсырақ көретiн көздiң көру өрiсiнiң шоғырлану нүктесiнен барлық бағыттарда 25 градусқа дейiн тарылуы;

      9) есту функцияларының болмауы (ІІI-IV дәрежедегі екі жақты құлақ мүкістігі);

      10) туа бiткен немесе пайда болған кеңiрдек, көмекей ауруларының салдарынан трахеотомикалық түтiксiз өздiгiнен дем ала алмауы;

      11) жылына 6 және одан да көп ұстамасы және ұстамадан кейiнгi кезеңде жоюға болатын асқынулары бар бронхиалды ентiкпе;

      12) iшек-қарын жолы, бауырдың және өт жолдары аурулары мен даму ақаулары кезiндегi ас қорыту органдары функцияларының тұрақты білінетiн бұзылуы;

      13) белгiлi бiр жасқа дейiн оперативтiк емдеуге болмайтын жүрек кемiстiгi, I-ІІ дәрежедегi жүрек-қан тамырлары жеткiлiксiздiгiнен асқынған iрi қан тамырлары дамуының кемiстiктерi;

      14) I-II дәрежедегі жүрек функциясының тұрақты жеткiлiксiздiгi, айқын бiлiнетiн созылмалы гипоксемия, жүрек функциясының бұзылуына байланысты, оның iшiнде кардиостимулятор орнатылғаннан кейiнгi синкопальдiк жай-күйлер;

      15) бүйрек функциясының айқын білінетiн тұрақты бұзылуы, бүйрек тiнiндегi патологиялық процесс белсенділігiнің жоғары дәрежесi;

      16) терiнің және/немесе шырышты қабықтың қимыл белсендiлiгiнiң күрт шектелуiне және әлеуметтiк бейiмсiзденуге әкеп соғатын ауқымды зақымдануы (жара болу, эритродермия, айқын қышыну, тыртықтардың пайда болуына байланысты өзгерiстер, папилломатоз және басқалары);

      17) туа бiткен немесе тұқым қуалайтын қан аурулары кезiндегi гемоглобиннiң бiр литрге 100 граммнан (бұдан әрi - л/г) кем болып төмендей отырып, жылына бiр реттен артық болатын анемиялық криздер;

      18) қатерсiз iсiктiң салдарынан болған орган функциясының айқын бұзылуы және/немесе айқын білінетін косметикалық кемiстік;

      19) тiрек-қозғалыс функцияларының айқын бұзылуы бар жамбас пен сан буындарының туа бiткен немесе кейiннен шығып кетуі;

      20) организм функцияларының бiркелкi бiлiнетiн бұзылуы бар органдардың немесе жүйелердiң туберкулезi.
       Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      3. Мүгедектiк 5 жыл мерзiмге белгiленетiн функционалдық өзгерiстер мен патологиялық жай-күйлер:

      1) бiрқалыпты тұрақтануы басталғанға дейiнгi туа бiткен тұқым қуалайтын зат алмасу аурулары (фенилкетонурия, целиакция және басқалары);

      2) тіршілiк-тынысының бұзылуына және әлеуметтік бейiмсiзденуге әкеп соқтыратын туа бiткен, тұқым қуалайтын аурулар мен синдромдар;

      3) асқынған лейкоз, лимфогрануломатоз;

      4) iсiк процесiнің стадиясына қарамастан, хирургиялық және басқа да емдеу түрлерінен кейiнгi кез келген жерде орналасқан қатерлi iсiктер;

      5) гипертензиялық синдромды гидроцефалия, операция жасалған гидроцефалия;

      6) сүйек тiнiнiң айқын білiнетiн ауқымды деструкциялары (остеопороз, шемiршектiң қосылуы), сүйектердің, буындардың, бұлшық еттердiң қисаюына, аяқ-қол функцияларының II-ІІІ дәрежедегi бұзылуы бар қайталама патологиялық сынықтарға әкеп соғатын бұлшық еттердiң патологиялық өзгерiстерi (миофиброз, диффузды кальциноз);

      7) омыртқа мен кеуде қуысының ІІІ-ІV дәрежеде қисаюы, бiр немесе бiрнеше аяқ-қол буындарының тартылып және шор болып бiтуi, iрi сүйектер жалған буындарының контрактуралары және/немесе анкилозына байланысты жүрiп-тұру аппараты функцияларының бұзылуы;

      8) туа бiткен кемiстігі салдарынан аяқ-қолдың немесе олардың сегментiнiң айқын білiнiп бұзылуы (мутиляция, контрактуралар, синдактилиялар, артропатиялар және басқалар);

      9) органдардың жарым-жартылай немесе толық аплазиясы бар бет дамуындағы туа бiткен ақауларға, сондай-ақ жұмсақ тiннiң және бет скелетiнiң кейiннен пайда болған ақауларына байланысты тыныс алу, шайнау, жұтыну, сөйлеу функцияларының айқын білiнетiн бұзылуы;

      10) зәр мен үлкен дәреттің тұрақты тоқтамауы, мерзiмi бойынша хирургиялық емдеуге жатпайтын ішектегi, қуық пен қуық-жыныс жолдарындағы жыланкөз жаралар.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      4. Мүгедектік 16 жасқа толғанға дейінгi мерзiмге белгiленетiн функционалдық өзгерiстер мен патологиялық жай-күйлер.

      Тiршілiк-тынысының тұрақты шектелуi, органдар функцияларының сауығу немесе әжептәуiр жақсару деректерi жоқ, тіршілік әрекетiнiң үдемелi шектелуi, емдеу мен оңалту iс-шараларының болжамды болашағы болмайтын кезде балаға 16 жасқа дейінгi мүгедектiк белгіленедi:

      1) бiр немесе бiрнеше буынның бiркелкi бiлiнiп және айқын білiнiп сал болуы немесе терең парезi, тұрақты жайылған гиперкинезi (қос атетоз, хореоатетоз секiлдi), қимыл үйлесiмінің бiлінетiн бұзылуы;

      2) екi және одан да көп жылдар бойы орын алатын терапевтiк резистенттi тырыспалар (айына 3-4 рет және одан да көбiрек);

      3) олигофрениялық немесе әртүрлi генездегi жарымес имбецилдiк немесе идиотияның тиiстi дәрежесi;

      4) кереңдiк, керең-мылқаулық;

      5) жұлынның зақымдануына байланысты жамбас органдары функцияларының тұрақты бұзылуы, түзетуге келмейтiн iшек және қуық-жыныс жолдарындағы жыланкөз жаралар;

      6) тыныс функцияларының айқын бұзылуы бар туа бiткен және тұқым қуалайтын қолқа-өкпе жүйесінің зақымдануы (муковисцидоз, асқынған альвеолиттер және өкпенің басқа да жайылмалы аурулары);

      7) пайда болған және туа бiткен сипаттағы созылмалы бронхиалды-өкпе аурулары кезiндегi ІІ және одан да жоғары дәрежедегi тыныстың тұрақты тарылуы, ентiкпелi ұстаманың қалыптасуы және жүрек-тамыр, орталық жүйке жүйесiнiң бұзылуы кезiнде, бүйрек бездерiнің созылмалы жеткілiксiздiгiне әкеп соқтыратын гормондарға тәуелдi бронхиалды ентiкпе;

      8) жүректiң инкурабельдi фонындағы ауруларының II-III дәрежедегi тұраланған жүрек кемiстiгi;

      9) туа бiткен, тұқым қуалайтын, кейiннен пайда болған ауруларға байланысты бауыр функциясының қайтымсыз айқын бұзылуы;

      10) бүйрек функциясының созылмалы жетiспеушілiгi, қатерлi гипертония, бүйректің асқынған қантсыз диабетi;

      11) инкурабельдi қатерлi iсiктер;

      12) орган функциялары бұзылған жағдайда, хирургиялық әдiспен емдеуге келмейтiн қатерсiз iсiктер;

      13) организм функцияларының айқын бiлiнiп бұзылуына әкеп соғатын органдар мен жүйелердiң болмауы (туа бiткен немесе кейiн пайда болған) немесе дамуы айқын жетілмеген кезде туындайтын патологиялық жай-күй;

      14) аяқ-қолдың бiр немесе бiрнеше буынының деңгейiне қарамастан келте болуы;

      15) өз еркiмен жүріп-тұру немесе өзiн өзi күту қабілетiнiң күрт шектелуi кезiнде анкилоздарға, контрактураларға, патологиялық сынуға, скелеттiң қисаюына әкеп соғатын скелет сүйектерiнiң жүйелi зақымдануы және тiрек-қозғалыс аппаратының дамуындағы ақаулар;

      16) ішкі секреция функцияларының жетіспеушілiгi салдарынан организм функцияларының айқын бiлiнiп бұзылуы: қант диабетi (өзге жүйелер мен органдардың асқынуы бар инсулинге тәуелдi түрi), қантсыз диабет (питуитрин-резистентті түрi), Иценко-Кушинг ауруы (асқынған түрi), бүйрек безiнiң созылмалы жеткілiксiздiгі (Аддисон ауруы, адреналэктомиядан кейiнгi жағдай, бүйрек безiнiң туа бiткен дисфункциясы), гипофизарлы нанизм, туа бiткен немесе кейiннен пайда болған гипотиреоздың, гипопаратиреоздың ауыр түрi;

      17) созылмалы лейкоз, гистиоцитоз;

      18) қан өндiрудің орташа және ауыр дәрежедегi туа бiткен және кейiннен пайда болған гипо- және апластикалық жай-күйлерi (гемоглобин 100 г/л төмен, тромбоциттер 1 куб миллиметрде (бұдан әрi - 1 куб. мм) 100 мыңнан төмен, лейкоциттер 1 куб. мм 4 мың. кем;

      19) коагулопатия мен тромбопатияның ауыр түрлерi, ауыр геморрагиялық криздер үздiксiз қайталанып отыратын созылмалы тромбоцитопеникалық пурпура (қандағы тромбоциттер саны 50 мың және 1 куб.мм-ден кем);

      20) туа бiткен иммундық тапшылық жағдайы. Ауыр аралас иммундық жеткіліксiздiк, агамма- және гипогаммаглобулинемия, лимфа байланыстарының, өкпенің, бауырдың, басқа да органдардың бактериямен зақымдалуын тудыратын септикалық гранулематоз;

      21) қан сывороткасындағы Е иммунноглобулиннiң бiр литрде 1000 КЕД артық концентрациясымен терi асты клетчаткаларының, өкпенiң, бауырдың және басқа да органдардың көбiне "салқын" абсцестерiн тудыратын Е гипериммунноглобулинемия синдромы;

      22) пайда болған иммунитет тапшылығы, адамның туа бiткен иммундық тапшылық жай-күйлерiнiң айқын көрiнiсi;
      23) туа біткен және пайда болған анофтальм, бір көздің немесе екі көздің толық көрмеуі.
       Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

Медициналық-әлеуметтiк  
сараптама жүргiзу     
ережесiне 2-қосымша    

Организмнiң негiзгі функцияларының бұзылуын
және тіршiлiк тынысының шектелуiн жiктеу

      1. Адам организмінiң негiзгі функцияларының бұзылуын жіктеу:

      1) организмнің психикалық функцияларының бұзылуы (аңғару, зейiн, еске сақтау, ойлау, сөйлеу, эмоциялар, жiгер және т.б.);

      2) сезiну функцияларының бұзылуы (көру, есту, иiстi сезу, түйсiну);

      3) статикалық-динамикалық функциялардың бұзылуы;

      4) қан айналымы, тыныстау, ас қорыту, сыртқа шығару, зат пен энергия алмасу, ішкі секреция функцияларының бұзылуы.

      2. Организм функцияларының бұзылуын бiлiну дәрежесіне қарай жiктеу:

      1) бiрiншi дәреже - функциялардың шамалы білiнетін бұзылуы;

      2) екiншi дәреже - функциялардың орташа білiнетiн бұзылуы;

      3) үшiншi дәреже - функциялардың білiнетін бұзылуы;

      4) төртiншi дәреже - функциялардың едәуiр немесе күрт білiнетiн бұзылуы.

      3. Тiршілiк-тынысының негiзгi санаттарын жiктеу:

      1) өзiн өзi күту қабілеті - негізгi физиологиялық қажеттіктерiн өз бетiмен қанағаттандыра алу, күнделiктi тұрмыстық әрекет жасау және жеке гигиена дағдыларын орындай алу қабілетi;

      2) өз бетімен жүріп-тұру қабілетi - кеңiстiкте өз бетiмен қозғала алу, кедергiлерден өту, өзi орындайтын тұрмыстық, қоғамдық, кәсіптiк қызметтер шегінде денесiн тепе-тең қалпында ұстай бiлу қабілетi;

      3) оқу қабiлетi - (дәрiстік, кәсiби және басқа да) білiмдi қабылдап және түсіне алу, дағдылар мен машықтарды (әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық) игеру қабілетi;

      4) еңбек қызметіне қабiлетi (еңбек қабілеті) - жұмыстың орындалу мазмұнына, көлемiне және шарттарына қойылатын талаптарға сәйкес iс-әрекетті жүзеге асыру қабілеті;

      5) бағдарлана бiлу қабілетi - уақытта және кеңiстікте бағдарлана бiлу қабілетi;

      6) қарым-қатынас жасау қабілеті - адамдар арасында ақпаратты қабылдау, қайта өңдеу және алмасу жолымен қарым-қатынас орнату қабілеті;

      7) өзінің жүрiс-тұрысын бақылау қабілетi - өзiн сезiне бiлуге және әлеуметтiк-құқықтық нормаларды ескере отырып бара-бар мiнез-құлыққа қабiлетi.

      4. Тiршілiк-тынысының шектелуiн бiлiну дәрежесiне қарай жiктеу:

      1) өзiне өзi қызмет көрсету қабілетiнiң шектелуi:
      бiрiншi дәреже - көмекшi құралдарды пайдалана отырып, өзiне өзi қызмет көрсету қабiлетi;
      екiншi дәреже - көмекшi құралдарды пайдалана отырып және/немесе өзге адамдардың көмегiмен өзiне өзi қызмет көрсету қабілеті;
      үшіншi дәреже - өзiн өзi күтуге қабілетiнiң болмау және басқа адамдарға толық тәуелдi болуы;

      2) өз бетiмен жүріп-тұру қабілетiнiң шектелуi:
      бiрiншi дәреже - неғұрлым көп уақыт жұмсап және қашықтықты қысқарту арқылы өз бетiмен жүріп-тұру қабілеті;
      екiншi дәреже - көмекшi құралдарды пайдалана отырып және/немесе басқа адамдардың көмегiмен өз бетiмен жүрiп-тұру қабілетi;
      үшiншi дәреже - өз бетiмен жүріп-тұруға қабілетсiздігі және басқа адамдарға толық тәуелдi болуы;

      3) оқуға қабілетiнiң шектелуi:
      бiрiншi дәреже - оқу процесiнiң арнайы режимiн сақтай отырып және (немесе) қосымша құралдарды пайдалана отырып және/немесе басқа адамдардың көмегiмен жалпы үлгідегi оқу орындарында оқуға қабілеттілiгi;
      екiншi дәреже - тек арнайы оқу орындарында немесе арнайы бағдарламалар бойынша үй жағдайында оқуға қабілеттілiгi;
      үшiншi дәреже - оқуға қабілетсiздiгі;

      4) еңбек қызметiне қабілетiнiң (еңбек қабілетiнің) шектелуi:
      бiрiншi дәреже - бiлiктілiгiн төмендеткен немесе өндiрiстiк қызметтiң көлемiн азайтқан жағдайда, еңбек қызметiн орындауға қабiлетi, өз мамандығы бойынша жұмысты орындау мүмкiндiгiнің болмауы;
      екiншi дәреже - көмекшi құралдарды пайдалана отырып, арнайы жасалған жағдайларда және/немесе арнайы жабдықталған жұмыс орындарында және/немесе басқа адамдардың көмегiмен еңбек қызметiн орындауға қабілетi;
      үшiншi дәреже - еңбек қызметiне қабілетсiздігі;

      5) бағдарлануға қабілетiнің шектелуi:
      бiрiншi дәреже - көмекшi құралдарды пайдаланған жағдайда бағдарлай білуге қабілетi;
      екiншi дәреже - басқа адамдардың көмегін талап ететiн бағдарлануға қабілетi;
      үшiншi дәреже - бағдарлануға қабілетсiздiгi (дезориентация);

      6) қарым-қатынас жасау қабілетiнiң шектелуi;
      бiрiншi дәреже - ақпаратты меңгеру, қабылдау және беру жылдамдығының төмендеуiмен, көлемiнiң кiшiреюiмен сипатталатын қарым-қатынас жасауға қабілетi;
      екiншi дәреже - көмекшi құралдарды пайдалана отырып және/немесе басқа адамдардың көмегімен қарым-қатынас жасауға қабілеттілiгi;
      үшiншi дәреже - қарым-қатынас жасауға қабілетсiздігі;

      7) өзiнiң мiнез-құлқын бақылау қабілетінің шектелуi;
      бiрiншi дәреже - өзiнiң мiнез-құлқын өз бетiмен бақылау қабілетінiң iшiнара төмендеуi;
      екiншi дәреже - өзiнiң мiнез-құлқын тек қана бөгде адамдардың көмегiмен iшiнара немесе толық бақылау қабiлетi;
      үшінші дәреже - өзiнiң мiнез құлқын бақылау қабiлетсiздiгi.

Медициналық-әлеуметтiк  
сараптама жүргiзу     
ережесiне 3-қосымша    

       Ескерту. 3-қосымша жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

Мүгедектік тобы қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленетін анатомиялық кемістіктердің тізбесі

      1. Мүгедектіктің бірінші тобы белгіленетін анатомиялық кемістіктер:

      1) екі қолдың буынының барлық саусақтарының болмауы немесе екі қолдың неғұрлым көп бөлігінің кесілуі;

      2) екі аяқтың санның үштен бірінен жоғары бөлігіндегі тұқылы;

      3) екі көздің де толық көрмеуі.

      2. Мүгедектіктің екінші тобы белгіленетін анатомиялық кемістіктер:

      1) екі қолдың анатомиялық кемістіктері:
      біріншісін қоспағанда, барлық төрт саусақтың бақай сүйектерінің, екі қолдың буынының болмауы;
      біріншісін қоса алғанда, барлық үш саусақтың бақай сүйектерінің, екі қолдың буынының болмауы;
      екі қолдың буынының тиісті алақан сүйектерімен бірінші және екінші саусақтың болмауы;
      тиісті алақан сүйектерімен үш саусақтың болмауы;
      қолды иық буынынан кесіп тастау;

      2) екі аяқтың анатомиялық кемістіктері:
      Шопар бойынша табан тұқылдары;
      тізе тұқылдары, оның ішінде Пирогов бойынша табанды кесіп тастау;
      жамбас санды буыннан кесіп тастау;
      протездеуге келмейтін санның көп болігінің кесілуі;
      екі аяқтың жіліншіктің немесе санның буынының протезделген кесілген тұқылдары;

      3) аяқ-қол анатомиялық кемістіктерінің өзге де ақаулармен және аурулармен үштасуы:
      тізе тұқылы немесе барлық төрт бақай сүйектерінің болмауымен немесе бір қолдың көп бөлігінің кесілуімен ұштасқан бір аяқтың көп бөлігінің кесілуі;
      бір қолдың тұқылы және бір көздің болмауы немесе толық көрмеуі;
      бір аяқтың тұқылы және бір көздің болмауы немесе толық көрмеуі.

      3. Мүгедектіктің үшінші тобы белгіленетін анатомиялық кемістіктер:

      1) қолдың тұқылы (тұқылдары) және басқа да кемістіктері:
      біріншісін қоспағанда, барлық төрт саусақтың бақай сүйектерінің болмауы;
      біріншісін қоса алғанда, үш саусақтың бақай сүйектерінің болмауы;
      тиісті алақан сүйектерімен қоса, қолдың бірінші және екінші саусақтарының болмауы;
      тиісті алақан сүйектерімен қоса, қолдың үш саусағының болмауы;
      екі қолдың да бірінші саусақтарының болмауы;
      бір қолдың кесілген тұқылы;
      айқын білінетін контрактура (буындағы қозғалыс көлемі 10 градусқа дейін) немесе функционалдық қолайсыз қалыптағы (60 градустан кем немесе 150 градустан артық) немесе ең шеткі супинациядағы немесе ең шеткі пронациядағы жағдайда білектің қозғалуы кезіндегі шынтақ буынының анкилозы;
      резекциядан кейінгі иықтың немесе шынтақтың бос буыны;
      жедел емдеуге болмайтын болса, иықтың немесе білектің екі сүйегінің жалған буыны;
      анкилоз немесе біріншісін қоспағанда, төрт саусақтың немесе біріншісін қоса алғанда, үш саусақтың функционалдық қолайсыз жағдайдағы айқын білінетін контрактурасы (қозғалыстың 5-8 градус шегінде шектелуі);

      2) аяқтың және омыртқаның тұқылы (тұқылдары) және басқа да кемістіктері:
      Пирогов бойынша кесілгеннен кейінгі табан тұқылы, Шопар буыны деңгейіндегі ақаулы тұқыл және бір аяқтың неғұрлым көп бөлігінің кесілуі;
      Шарп бойынша табан сүйектері бастарының резекциясы бар табанның екі жақты тұқылдары;
      аяқтың 10 және одан да көп сантиметрге қысқаруы;
      айқын білінетін контрактура немесе жамбас-сан буынының функционалдық қолайсыз жағдайдағы анкилозы (170 градустан артық және 150 градустан кем);
      тізе буынының функционалдық қолайсыз жағдайдағы анкилозы (170 градустан кем);
      жедел емдеуге келмейтін санның немесе тізенің екі сүйегінің жалған буыны;
      резекциядан кейінгі жамбас-санның бос буыны;
      айқын білінетін контрактура немесе табанның ақаулы қолайсыздығымен қоса, тізе-табан буынының анкилозы немесе екі тізе-табан буынының анкилозы;
      операциялық араласу нәтижелері тиімсіз болғандағы жамбас-сан буынының туа біткен немесе пайда болған шығып кетуі;
      IV дәрежедегі кифосколиоз, ығысқан және ішкі органдардың анық білінетін функционалдық бұзылған қабырғалар анық майысқан IV дәрежедегі сколиоз;

      3) басқа да туа біткен және пайда болған кемістіктер мен аурулар:
      егер протездеу шайнауды қамтамасыз ете алмаса, операциялық емдеуге жатпайтын жақтың немесе қатты таңдайдың кемістіктері;
      кеңірдектің болмауы салдарынан тұрақты канюля киіп жүру;
      есту протезін қою мүмкін болмағанда IV дәрежедегі екі құлақтың кереңдігі, керең-мылқаулық, екі құлақтың кереңдігі;
      екі көздің көрмеуі немесе бір көздің болмауы;
      гастрэктомия;
      тыныс алу жеткіліксіздігі кезіндегі пульмонэктомия;
      тыныс алу жеткіліксіздігі болғанда 5 және одан көп қабырғаның резекциясымен торакопластика;
      гипофизарлы нанизм, остеохондропатия, аласа бойлылықты остеохондродистрофия (әйелдер үшін - 130 см-ден төмен, ерлер үшін - 140 см-ден төмен);
      қол буынының немесе қолдың сал болуы, аяқтың сал болуы, едәуір трофикалық бұзылған екі қолдың немесе екі аяқтың айқын парезі: иық буынының гипотрофиясы - 4 см-ден жоғары; білек - 3 см-ден жоғары; сан - 8 см-ден жоғары; сирақ - 6 см-ден жоғары.

Медициналық-әлеуметтiк  
сараптама жүргiзу     
ережесiне 4-қосымша    

       Ескерту. 4-қосымшаға өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

Мүгедектердi жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз
ету үшін берілетiн медициналық айғақтардың тiзбесi

      1. Бөлмеде жүріп-тұруға арналған кресло-арбамен қамтамасыз ететін медициналық айғақтар:

      1) созылмалы қан айналымы жеткiлiксiздiгiнiң ІІІ дәрежесi;

      2) өкпе-жүрек жеткіліксiздiгінің ІІІ дәрежесi;

      3) гемиплегия, гемипарездiң едәуір немесе айқын білінетін айқындалған түрi;

      4) параплегия, төменгi парапарездің айқындалған түрi;

      5) триплегия, трипарездiң айқындалған түрi;

      6) тетраплегия, тетрапарездiң айқындалған түрi;

      7) айқын бiлiнетiн атаксия, гиперкинетикалық амиостатикалық синдром;

      8) екi балтыр тұқылы немесе келтенiң одан да жоғары деңгейлерi;

      9) аяқ буындары функцияларының IV дәрежеде бұзылуы;

      10) аяқтардың туа бiткен кемiстiгiнен жүрiп-тұрудың айқын бiлiнетiн бұзылуы;

      11) паркинсонизм, акинеттік-регидті түрi.
       Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

      2. Серуендеуге арналған кресло-арбамен қамтамасыз етiлетiн медициналық айғақтар:

      1) гемиплегия, гемипарездiң айқын білінетін түрi;

      2) параплегия, төменгi парапарездiң айқын бiлiнетiн түрi;

      3) триплегия, трипарездің айқын білінетiн түрi;

      4) тетраплегия, тетрапарездiң айқын білінетiн түрi;

      5) екi балтыр тұқылы немесе келтенiң одан да жоғары деңгейлерi;

      6) аяқ буындары функцияларының IV дәрежеде бұзылуы;

      7) аяқтардың туа бiткен даму кемiстiгiнен жүрiп-тұрудың айқын бiлiнетiн бұзылуы.

      3. Еңбек жарақаты немесе кәсіптік ауру зардабы бар мүгедектерді арнайы автокөлікпен қамтамасыз ететiн медициналық айғақтар:

      1) өкпе-жүрек жеткiлiксiздiгiнiң ІІ дәрежесi;

      2) бiр аяқтың сал болуы немесе айқын бiлiнетiн парезi;

      3) параплегия, аяқ парапарезінің айқын бiлiнетiн түрi;

      4) гемиплегия, гемипарездiң айқын бiлiнетiн түрi;

      5) аяқтардың тромбо-облитерация ауруларының күре тамырларының созылмалы жеткіліксiздігінің II және одан да жоғары дәрежесi;

      6) аяқтардың көк тамыр ауруларының созылмалы жеткiлiксiздiгiнiң II-III дәрежесi;

      7) бiр аяқтың немесе екi бiрдей аяқтың кемiнде 2 iрi буынының қозғалмай шор болып немесе қолайсыз бiтуi;

      8) Шарп әдiсi бойынша екi табанның бiрдей келтелілiгi (табан сүйектерінің басын кесiп тастау) және екi табанның одан да жоғарырақ келте болуы;

      9) аяқтың балтырдан келте болуы және аяқтың одан да жоғары кесілуi;

      10) жамбас пен сан буындардың кейiннен шығып кетуi;

      11) жамбас пен санның немесе тiзенiң жансыз болып қалған буындары;

      12) жамбас пен сан буындарының шор болып бiтуi немесе айқын бiлiнетiн қолайсыз бiтуi (қозғалу көлемi 10 градустан кем);

      13) тiзе буынының 150 градустан кем және 170 градустан артық шор болып бiтуi немесе айқын бiлiнетiн функционалды қолайсыз болып бiтуi;

      14) екi аяқтың да сирақ буындарының шор болып қатып қалуы немесе айқын білiнетiн қолайсыз болып бiтуi;

      15) екi сан немесе екi балтыр сүйектерiнiң 170 градустан кем дұрыс бiтпеген сынықтары;

      16) аяқтардың 2 және одан да көп iрi сүйектерiнiң созылмалы жыланкөзбен iрiндеп-қабынуы (2 жылдан астам), жарықшақтанып шiруi, терең жара болуы;

      17) екi сан немесе екi балтыр сүйектерiнің 170 градустан кем болып дұрыс бiтпеген жалған буындары немесе iрi сүйек (сүйек аумағының жартысынан астамының көлденеңiнен немесе шетінен бұзылуы бар) кемiстiгi немесе балтыр жілiгiнiң ақауы;

      18) бiр аяқтың 10 сантиметрге және одан да көбiрек қысқаруы;

      19) жарақаттанудың салдарынан ұзақ уақыт бойы жазылмайтын (6 айдан астам) немесе жиi қайталанатын балтырдағы алаңы 20 шаршы сантиметр, табанның үстiңгi жағындағы алаңы 10 шаршы сантиметр, табандағы кемiнде алаңы 2 шаршы сантиметр және одан да көп көлемдегі трофикалық жаралар;

      20) омыртқа сүйектерiнiң айқын білiнетiн бұзылуы бар IV дәрежедегi қисаюы.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.11.29 N 1113 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.