Азаматтық талапты қылмыстық процесте қарау туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы N 1 нормативтік қаулысы.

Жаңартылған

      Азаматтық талаптарды қылмыстық процесте қаралуын реттейтін қылмыстық іс жүргізу заңнамасын дұрыс әрі біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Азаматтық талапты Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде (бұдан әрі - ҚІЖК) көзделген тәртіппен қылмыстық іспен бірге қарау, қылмыспен немесе есi кiресiлi-шығасылы жағдайдағы адамдардың қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетiмен өздеріне моральдық, күш қолдану арқылы немесе мүліктік зиян келтірілген адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін дер кезінде қорғаудың кепілі болып табылады. Соттар осыған байланысты қылмыстық істерді қарау кезінде қойылған азаматтық талаптарды материалдық және процессуалдық заңдардың талаптарын сақтай отырып дұрыс шешуді қамтамасыз етуге тиіс.

      ҚІЖК-нің 2-бабының екінші бөлігіне және 162-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес, қылмыстық процесте азаматтық талапқа қатысты мәселелер қылмыстық іс жүргізу заңының негізінде шешіледі. Іс жүргiзу қатынастары ҚІЖК-мен реттелмеген жағдайларда азаматтық iс жүргiзу заңнамасының нормалары осы Кодекске қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.

      2. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде анықтаушы, тергеуші, прокурор немесе сот азаматқа немесе заңды тұлғаға, егер іс бойынша қылмыспен немесе есi кiресiлi-шығасылы адамның қоғамға қауіпті әрекетімен оларға мүліктік залал немесе моральдық зиян келтірілгенін байқаса, олардың азаматтық талап қою құқығын түсіндіреді.

      3. Адамдар азаматтық талап қойғаннан кейін азаматтық талапкер деп танылады.

      Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтық талап қоюға құқылы адамдардың тобы ҚІЖК-нің 62, 77 және 163-баптарында айқындалған. Олардың қатарына: қылмыспен немесе есi кiресiлi-шығасылы жағдайдағы адамдардың қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетiмен өздеріне зиян келтірілген жеке және заңды тұлғаларды, олардың заңды өкілдері мен өкілдерін, прокурорды жатқызуға болады.

      ҚІЖК-нің 77-бабына сәйкес, аталған адамдар іс бойынша анықталған мән-жайлар тікелей қылмыспен немесе есi кiресiлi-шығасылы жағдайдағы адамдардың қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетiмен оларға зиян келтірілгенін растаған кезде ғана емес, оларға осындай зиян келтірілді деп санауға тиісті негіздер жеткілікті болған жағдайларда да азаматтық талап қоюға құқылы.

      Мүліктік зиян келтірілген кезде жойылған мүліктің меншік иесі ғана емес, сонымен бірге заңды негіздер бойынша өзінде тұрған мүліктің иесі де (жалға алушы, сақтаушы және басқалар) азаматтық талап қоюға құқылы.

      ҚІЖК-нің 75-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, жәбiрленушiнiң өзiне келтiрiлген моральдық зиянды өтеу туралы талабы қылмыстық процесте қаралады. Егер мұндай талап қылмыстық iсте қойылмаса не қараусыз қалдырылса, онда жәбiрленушi оны азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен қоюға құқылы.

      Азаматтық талап қылмыстық іс қозғалған сәттен бастап кез келген уақытта, қылмыс аяқталған немесе аяқталмаған кезде не есі кіресілі-шығасылы адам қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетті жасаған жағдайда, сондай-ақ айыпталушы анықталмаған жағдайда, бірақ сот тергеуі басталғанға дейін қойылуы мүмкін.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 10 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз), 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      4. Азаматтық талаптар тек жазбаша түрде, демек талап арызды беру арқылы қойылуы мүмкін. Онда Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай - АІЖК) 150-бабында және ҚІЖК-нің 163-бабының екінші бөлігінде көзделген мән-жайлар көрсетіледі.

      Талап арызда көрсетілген азаматтық жауапкерлердің санына қарай талап арыздың көшірмелері қоса берілуге тиіс.

      Азаматтық талапты қарау туралы өтініш сондай-ақ ҚІЖК-нің 390-бабының тәртібімен жеке айыптау ісін қозғау туралы шағымда да көрсетілуі мүмкін.

      Егер қойылған азаматтық талаптың негіздерін немесе талап қоюдың мөлшерін айқындау қажет болса қосымша азаматтық талап қойылуы мүмкін.

      Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу барысында азаматтық талап қою кезінде талапкер мемлекеттік бажды төлеуден босатылады.

      Қылмыстық істе қойылған азаматтық талаптың соттылығы қылмыстық істің соттылығымен анықталады.

      5. Адамды азаматтық талапкер деп тану туралы, азаматтық талапкер деп танудан бас тарту туралы немесе адамның қылмыстық процеске азаматтық талапкер ретінде қатысуын тоқтату туралы шешімді қылмыстық процесті жүргізуші орган дәлелді қаулы шығару арқылы қабылдайды. Қаулы тиісінше талап арыз түскеннен кейін дереу не адамның аталған процессуалдық жағдайда болуға негіздің жоқ екенін көрсететін мән-жайлар анықталған соң шығарылуға тиіс.

      Қабылданған шешім туралы азаматтық талапты қойған адам, сондай-ақ азаматтық талапта мүдделері қозғалып отырған процеске қатысушылар хабардар етіледі.

      Азаматтық талапкер деп танылған адамдарға бір мезгілде олардың ҚІЖК-нің 77-бабында көзделген процессуалдық құқықтары мен міндеттері түсіндірілуге тиіс.

      Прокурордың азаматтық талап қойғаны туралы сол талапта мүддесі қорғалып отырған адамдар да хабардар етілуге тиіс.

      Басқа адамдардың мүддесін қорғап азаматтық талап қойған прокурор азаматтық талапкер болып танылмайды, себебі оның процессуалдық жағдайы өз алдына ҚІЖК-нің 62-бабында белгіленген. Бұл жағдайда өзінің мүддесін қорғап талап қойған адам талапкер болып танылады.

      6. Анықтаушы, тергеуші, прокурор немесе сот қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде ҚІЖК-нің 62, 77 және 163-баптарындакөрсетілген адамдардың ҚІЖК-нің 162-бабына сәйкес берген талап арыздарын қабылдамауға құқылы емес.

      7. Қылмыспен келтірілген зиянды өтеу туралы талап қойған адам, егер бұған дейін мұндай шешім қабылданбаса оны азаматтық талапкер деп тануды талап етуге құқылы. Қылмыстық процесті жүргізіп отырған орган азаматтық талапкер деп тану туралы арызды (өтінішті) алған сәттен бастап үш тәулік ішінде қарап, қабылданған шешім туралы арызданушыға дереу хабарлап, оның арызы (өтініші) бойынша шығарылған дәлелді қаулының көшірмесін жіберуге тиіс.

      Прокурор заңда көзделген жағдайларда өз бастамасы бойынша жеке немесе заңды тұлғаны азаматтық талапкер деп тануға құқылы.

      Жәбірленушілердің өздеріне қатысты қылмыс жасауға жәрдемдесетін әрекеттер жасауы олардың азаматтық талаптарды қоюына немесе осы адамдарды азаматтық талапкерлер деп тануға кедергі болмайды.

      Адамды азаматтық талапкер деп танудан бас тартуға ҚІЖК-нің 108, 109-баптарының және 113-бабының екінші бөлігінде көзделген мерзімдер мен тәртіпте прокурорға немесе сотқа шағым беруге болады.

      Іс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу сатысында азаматтық талапкер деп танылмаған тұлға сотта сот тергеуi басталғанға дейiн азаматтық талап қоюға (ҚІЖК-нің 165-бабы ) және бір мезгілде азаматтық талапкер деп тану туралы өтiнiш бiлдiруге құқылы.

      8. Азаматтық талап ҚІЖК-нің 78, 166-баптарына сәйкес қылмыстық процесті жүргізіп отырған органның қаулысымен азаматтық талапкерлер деп танылуға тиіс айыпталушыға (сотталушыға) немесе есі кіресілі-шығасылы жағдайдағы адамның қоғамға қауіпті әрекетімен оларға келтірілген зиян үшін жауапкершілік көтеретін адамдарға қойылады.

      Іске азаматтық жауапкер ретінде қатыстыру туралы қаулы өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға немесе оның өкіліне дереу жарияланады және олардың ҚІЖК-нің 78-бабымен көзделген процессуалдық құқықтары бір мезгілде түсіндіріле отырып, талап арыздың көшірмесі тапсырылуға тиіс.

      9. Егер басты сот талқылауын тағайындау туралы мәселені шешу кезінде қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында адамдардың азаматтық талапкерлер немесе азаматтық жауапкерлер деп негізсіз танылғаны анықталса, судья өз бастамасымен немесе тараптардың өтініші бойынша істі алдын ала тыңдауды тағайындап, оның барысында осы адамдардың азаматтық талапкердің немесе азаматтық жауапкердің процессуалдық жағдайында болуын тоқтату туралы мәселені қарап, оның қорытындысы бойынша тиісті дәлелді қаулы шығарады. Сот жәбірленуші деп танылған және азаматтық талапкер деп танылуы мүмкін адамға оның азаматтық талап қою құқығы туралы түсіндірмені бір мезгілде жіберуге тиіс.

      10. Судья ҚІЖК-нің 300-бабының 7) тармағына сәйкес, анықтау немесе алдын ала тергеу барысында қылмыспен немесе есі кіресілі-шығасылы адамның қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетімен келтірiлген залалды өтеудi қамтамасыз ету шараларының қабылданған-қабылданбағанын анықтауға тиіс.

      Азаматтық талапты қамтамасыз ету шараларын қабылдамау басты сот талқылауын тағайындауға кедергі болмайды, іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға әкеп соқпайды және істі қосымша тергеу жүргізуге жіберу үшін негіз болмайды.

      Судья азаматтық талапты қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажет екенін анықтай келіп, ҚІЖК-нің 305-бабына сәйкес қаулы шығарып, онда қылмыстық ізге түсу органдарын қажетті қамтамасыз ету шараларын қабылдауға, сондай-ақ азаматтық талапты қамтамасыз ету мақсатында тыйым салынған мүлікті сақтау жөнінде шара қолдануды (мүлікті алу, оны жауапты сақтауға беру және басқалар) міндеттейді.

      Басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулыда сот ҚІЖК-нің 302-бабында көзделген басқа мәселелермен қатар азаматтық талапкерлер мен азаматтық жауапкерлерді сот отырысына шақырту туралы мәселені де қамтуға тиіс.

      11. ҚІЖК-нің 162-бабына сәйкес, басты сот талқылауы барысында қылмыстық іспен қоса есi кiресiлi-шығасылы адамның тiкелей қылмысымен немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетiмен келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптардың да қаралатынын назарда ұстаған жөн.

      Қылмыстық іс бойынша анықталған мән-жайлардан туындайтын басқа азаматтық талаптар, егер олар жерлеуге, зардап шеккен адамды емдеуге кеткен шығыстарды, оның өзінің және өкілінің анықтау, алдын ала тергеу iсiне және сотқа қатысуына байланысты шыққан шығыстарды өтеу мақсатында қойылса, қылмыстық іспен қоса бір өндірісте қаралуға жатады.

      Кері талаптар, олар қылмыспен немесе есі кіресілі-шығасылы адамның қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетімен жәбірленушіге зиян келтірілген жағдайда сақтандыру өтемі ретiнде төленген сомаларды, жәрдемақыны немесе зейнетақыны өтеу мақсатында қойылғанда ғана қылмыстық іспен қоса бір мезгілде қаралуы мүмкін.

      12. Азаматтық талапкер, сондай-ақ прокурор кімде-кімнің мүддесін қорғап қойған талабынан қылмыстық іс бойынша іс жүргізудің кез-келген сәтінде, бірақ сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін бас тартатыны туралы мәлімдеуге құқылы.

      Азаматтық талаптан бас тарту, әдетте, азаматтық талапкердің жазбаша арызында көрсетіледі, оның азаматтық талаптан бас тартатыны туралы сот отырысындағы ауызша арызы сот отырысының хаттамасына түсіріледі.

      Қылмыстық процесті жүргізіп отырған орган талапкерге азаматтық талаптан бас тарту салдарын түсіндіруге міндетті және азаматтық талаптан бас тартуды қабылдау мәселесін шешу кезінде ҚІЖК-нің 168-бабын және АІЖК-нің 193-бабын басшылыққа алуға тиіс әрі егер бұл заңға қарама-қайшы келсе немесе кімде-кімнің құқықтарын не заңды мүдделерін бұзса, мұндай бас тартуды қабылдамауға тиіс.

      Қылмыстық процесті жүргізетін орган талаптан бас тартуды қабылдау немесе қабылдамау мәселесі бойынша ҚІЖК-нің 168-бабына сәйкес дәлелді қаулы шығарады. Аталған қаулыны шығару үшін сот, ҚІЖК-нің 325-бабының екінші бөлігіне сәйкес, кеңесу бөлмесіне кетуге тиіс.

      Талаптан бас тартуды қабылдау қылмыстық істің осы бөлігінде iс жүргiзудi және адамның азаматтық талапкер ретінде қатысуын тоқтатуға әкеп соғады.

      Прокурор басқа адамның мүддесін қорғап өзі қойған талаптан бас тартқан жағдайда, өзіне қылмыспен немесе есі кіресілі-шығасылы адамның әрекетімен зиян келтірілген адам азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен азаматтық талап қоюға құқылы.

      13. ҚІЖК-нің 117-бабына сәйкес, азаматтық талап бойынша дәлелдеу әрбір қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде дәлелденуге тиісті мән-жайлардың қатарына жатады. Дәлелдеу кезінде: азаматтық талаптың негіздері; қылмыспен келтірілген зиянның түрі, сипаты, мөлшері мен көлемі; зиянның кімге келтірілгені және кімнің азаматтық талапкер болатыны; келтірілген зиян үшін кімнің жауапкершілік көтеретіні және кімнің іс бойынша азаматтық талапкер болатыны; қылмыс жасалған сәтте өзіне зиян келтірілген адамның мінез-құлқы; айыпталушының (азаматтық жауапкердің) мүліктік жағдайы анықталуға тиіс.

      ҚІЖК-нің 124-бабына сәйкес, зиянның сипаты мен мөлшерін сот отырысында дәлелдеу міндеті айыптаушыға жүктелген.

      ҚІЖК-нің 392-бабына сәйкес, жеке айыптау істері бойынша азаматтық талапты дәлелдеу ауыртпалығы азаматтық талапкерлерге (жеке айыптаушыларға) жүктелген, олар өздеріне мүліктік залал немесе моральдық зиян келтірілуіне байланысты құқықтарын қорғауға қажетті тиісті дәлелдемелерді сотқа ұсынуға тиіс, ал мүмкін болмаған жағдайда - судьяға оларды қайдан алуға болатынын айтуларына және оларды алдырту туралы өтініш берулеріне болады. Егер жеке айыптаушы азаматтық талап бойынша дәлелдемелерді жинау жөнінде көмек сұраса сот оған көмектесуге тиіс.

      14. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың өкілдері қылмыстық процесті жүргізуші органға тиісті дәлелдемелерді ұсынуға немесе оларды алдырту туралы өтініш беруге, ҚІЖК-нің тиісінше 77 және 78-баптарында көзделген өздерінің басқа барлық құқықтарын пайдалануға құқылы.

      Осы орайда ҚІЖК-нің 78-бабының төртінші бөлігінде міндеттерінің шеңбері белгіленген азаматтық жауапкерге қойылған талабының нысанасын, негізін немесе мөлшерін жоққа шығаратын дәлелдемелерді ұсыну міндеті жүктелмеуге тиіс.

      15. Мүлікті ұрлау, бүлдіру немесе жою салдарынан келтірілген зиян жәбірленушіге шешім қабылданатын күні қалыптасқан бағалар ескеріле отырып өтеледі.

      Сот, қажет болған жағдайда мүлікті ұрлау, бүлдіру немесе жою салдарынан келтірілген зиянның мөлшерін сараптама қорытындысының немесе сот осы мақсатта тағайындаған мамандардың немесе комиссияның мәліметтерінің негізінде анықтайды.

      Сот іс бойынша іс жүргізіліп отырған сәтте қалыптасқан бағаларды ескеріп, өтелуге жататын зиянның мөлшерін, егер осындай шешім сотталып отырған адамды әлдеқайда ауыр қылмыс үшін кінәлі деп тануға әкеп соқпаса немесе оның жағдайын өзгедей нашарлатпаса және оның қорғану құқығын бұзбаса, ұлғайтуға құқылы.

      16. Әрбір іс бойынша дене жарақатының сипатын анықтау кезінде денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығы анықталатын сипаттамаларды негізге ала отырып, денсаулыққа келтірілген зиянның ауыр не жеңіл екенін аз ғана уақыт бойы денсаулықтан айырған-айырмағанын не денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіргенін не денсаулыққа ауыр зиян келтіргенін немесе адамның өлуіне душар еткенін анықтауға тиіс. Денсаулыққа келтірілген зиянның көлемі мен дәрежесін анықтау үшін міндетті түрде тиісті сот сараптамасы жүргізілуі керек.

      17. Моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды қарау кезінде "Соттардың моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдануы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 21 маусымдағы N 3 нормативтік қаулысын (Жоғарғы Соттың 20.03.2003 ж. N 3 қаулысымененгізілген өзгерістерімен) басшылыққа алу керек.

      18. Өзіне қатысты қылмыс жасалғанға дейін немесе қылмыс жасалған сәттегі жәбірленушінің мінез-құлқы зиян келтірушінің қылмыстық жауапкершілігіне де, азаматтық-құқықтық жауапкершілігіне де ықпал ететінін және кейбір жағдайларда осы әрекет заңсыз деп (қасақана әрекет немесе өрескел абайсыздық) танылуы мүмкін екенін назарда ұстаған жөн.

      Жәбірленушінің өрескел абайсыздығы (мас болу, жол қозғалысының ережелерін бұзу және т.с.) кезінде өтелетін зиянның мөлшері азайтылуы немесе оны өтеуден бас тартылуы мүмкін.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      19. Азаматтық жауапкердің мүліктік жағдайына көз жеткізу үшін оның еңбекақысының мөлшерін, отбасы мүшелерінің санын, отбасының кірісін, асырауындағы адамдардың бар-жоғын, оның жеке және ортақ меншігінде жылжыйтын және жылжымайтын мүліктің болуын анықтау керек.

      20. Қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы кезінде төрағалық етуші азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің және олардың өкілдерінің өздерінің процессуалдық құқықтарын жүзеге асыруын, оның ішінде қылмыстық іс бойынша азаматтық талапқа қатысты барлық мән-жайларды зерделеуге және сот жарыссөздеріне қатысу құқығын қамтамасыз етуге міндетті.

      Талапкер талап арызын сот отырысында жария етуге тиіс. Сот азаматтық талапкердің, оның өкілдерінің азаматтық талапты қуаттайтынын және қандай мөлшерде қуаттайтынын анықтауға, егер талапты прокурор қойса, азаматтық талапты мемлекеттік айыптаушының қуаттайтын-қуаттамайтынын анықтауға міндетті. Сонымен қатар азаматтық жауапкер мен оның өкілдерінен олардың қойылған азаматтық талапты мойындайтынын-мойындамайтынын және қандай мөлшерде мойындайтынын анықтау керек.

      Азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге және олардың өкілдеріне қойылған азаматтық талап бойынша сот отырысында түсініктеме беруге, азаматтық талапқа қатысты материалдарды қылмыстық іске тігу үшін ұсынуға мүмкіндік берілуге тиіс.

      Соттың талабы бойынша азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері, егер сот талапты дұрыс шешу үшін зерделеу қажет деп тапса өздерінің қолдарында бар заттарды, құжаттарды, өзге де дәлелдемелерді ұсынуға міндетті.

      21. Азаматтық талапкер талап мөлшерін азайтуға (мысалы, айыпталушы немесе азаматтық жауапкер зиянды өз еріктерімен ішінара өтесе) немесе көбейтуге құқылы. Осы орайда, егер сот отырысында азаматтық талапкер көрсеткен талап сомасының алдын ала тергеу барысында анықталған сомадан жоғары екені анықталса және мұның өзі қылмысты саралауға ықпалын тигізсе, онда тараптардың өтініші бойынша осы мән-жай қылмыстық істі қосымша тергеуге жіберу үшін негіз болады.

      22. Сотталушының (азаматтық жауапкердің, оның өкілдерінің) азаматтық талапты мойындауы азаматтық талапты қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болатынын соттар назарда ұстағандары жөн. Азаматтық талап бойынша шешім қабылданғанға дейін сотталушының жасалған қылмыс үшін кінәлі екені немесе есі кіресілі-шығасылы адамның қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетті жасағаны, сондай-ақ олардың әрекеті мен келтірілген зиянның арасындағы себепті байланыс анықталуға тиіс. Осы мақсатта залалдың сотталушының немесе есі кіресілі-шығасылы адамның қандай әрекетімен немесе әрекетсіздігімен келтірілгені, мұның қандай дәлелдемелермен расталатыны, залал сомасының қаншалықты екені, оның неден құралатыны, кімнің заңға сәйкес материалдық жауапкершілік көтеретіні және залалдың кімнің пайдасына өндірілетіні тиянақты анықталуы керек.

      23. Сотталушы (азаматтық жауапкер, оның өкілдері) талапты оның мәнін түсінбей-ақ мойындауға құқылы, алайда, бұл сотты істі мұқият және әділ талқылап, азаматтық талап бойынша заңды шешім қабылдаудан босатпайды.

      Істі қысқартылған тәртіппен сотта талқылауды жүргізу кезінде азаматтық талап бойынша зерттеу жүргізілмейді. Сотталушының (азаматтық жауапкер мен оның өкілдерінің) азаматтық талапты мойындамауы қылмыстық іс бойынша, оның ішінде азаматтық талапқа қатысты мән-жайлар бойынша сот тергеуін толық көлемінде жүргізуге әкеп соғады.

      24. Егер қылмыстық істі қарау барысында жәбірленуші (ол азаматтық талапкер де) сотталушымен татуласуына байланысты қылмыстық істі қысқарту туралы өтініш берсе және қылмыспен өзіне келтірілген зиян толық өтелді деп мәлімдесе сот оған осы негіз бойынша істің, оның ішінде азаматтық талап бөлігінде қысқартылуының салдарын түсіндіріп, жәбірленушінің аталған арызды өз еркімен бергенін, зиянды өтеудің мән-жайларын және оның мөлшерін анықтауға тиіс.

      25. Азаматтық талапты қараудың нәтижелері бойынша сот мына шешімдердің біреуін қабылдай алады: азаматтық талапты толық көлемінде немесе ішінара қанағаттандыру туралы; азаматтық талапкердің азаматтық талабын қанағаттандыру құқығын тану және оның мөлшері туралы мәселені соттың азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауына беру туралы; талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы; азаматтық талапты қараусыз қалдыру туралы; азаматтық талап бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы.

      Үкімнің (қаулының) сипаттама-дәлелдеу бөлімінде сот тараптардың азаматтық талапқа деген пікірін көрсетіп, соттың азаматтық талап туралы мәселені шешу кезінде пайдаланған материалдық және процессуалдық заңдардың нормаларына сілтеме жасап, азаматтық талап бойынша шешімнің тиісті уәждері мен негіздерін көрсетуге тиіс. Соттың азаматтық талап бойынша шешімі үкімнің (қаулының) қарар бөлімінде баяндалады.

      26. Егер сот қылмыстық іс бойынша айыптау үкімін шығарса немесе есі кіресілі-шығасылы адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы шығарса, азаматтық талап толық немесе ішінара қанағаттандыруға жатады. Талапты толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы шешімді сот келтірілген зиянның сипаты мен мөлшерінің дәлелденгенін, зиян мөлшерінің қандай жағдайларға байланысты келтірілгенін негізге ала отырып қабылдайды.

      Азаматтық талапты қылмыстық іспен бірге қарау кезінде қылмыспен келтірілген зиянды өтеудің шарттары, көлемі мен тәсілі азаматтық, еңбек және басқа да заңнамалар нормаларына сәйкес анықталады. Зиян келтiргенi үшiн жауаптылықтың жалпы негiздерi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (бұдан әрі - АК) ерекше бөлігінің 47-тарауында белгіленген.

      27. Соттар үкімнің сипаттама-дәлелдеу бөлігінде азаматтық талап бойынша қабылданған шешімнің негіздемесін көрсетуі керек.

      Сот үкімнің қарар бөлімінде өндірілуге жататын соманы көрсете отырып, азаматтық талапты толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы не азаматтық талапкердің азаматтық талабын қанағаттандыру құқығын тану және талаптың мөлшері туралы мәселені соттың азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауына беру туралы не талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы не азаматтық талапты қараусыз қалдыру туралы, жауапкерден (жауапкерлерден) мемлекет кірісіне өндірілуге жататын мемлекеттік баждың мөлшері туралы шешімді көрсетеді.

      Бірнеше сотталушыға қойылған азаматтық талапты қанағаттандыру кезінде сот нақты қандай соманың кімнен, бірлесіп немесе үлестік тәртіппен өтелетінін үкімнің қарар бөлімінде көрсетуге тиіс. Егер мүліктік зиян аса ауыр қылмыс жасау нәтижесінде келтірілсе және сотталғанда оны өтеу үшін жеткілікті мүлік болмаса, үкім шығарған сот жәбірленушінің немесе оның құқықтық мирасқорының өтініші бойынша ҚІЖК-нің 75-бабының жетінші бөлігіне сәйкес республикалық бюджет қаражаты есебінен толық көлемде, бірақ 150 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын, ақшалай өтемақыны төлеу туралы қаулы шығаруға тиіс. Соттың аталған қаулысы атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамада белгіленген тәртіпте еріксіз орындалуға жатады.

      Егер залал бірнеше адамның бірлесіп жасаған қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде келтірілсе, онда сотталып отырғандардың кәмелетке толғандары да кәмелетке толмағандары да өздерінде мүлік немесе өзге табыс көздері болған жағдайда материалдық жауапкершілікті АК-нің 932-бабына сәйкес ортақтасып көтереді. Сот жәбірленушінің арызы бойынша және оның мүддесі үшін зиянды бірлесіп келтірген адамдарға үлестік жауапкершілік жүктеуі мүмкін.

      Сот талапты қанағаттандыра отырып, үкімнің (қаулының) қарар бөлімінде азаматтық жауапкердің шешімді азаматтық талап бойынша өз еркімен орындау мерзімін белгілеуге және үкімде (қаулыда) көрсетілген мерзім өткеннен кейін сот актісі азаматтық талап бөлігінде мәжбүрлеп орындауға жататыны туралы көрсетуге тиіс.

      Үкімді азаматтық талап бөлігінде мәжбүрлеп орындау атқарушылық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Сот сотталушыға тиесілі мүліктің басқа біреудің иелігінде екенін, сондай-ақ оның басқа адамдармен бірге ортақ меншігіндегі мүлкінің қылмыстық жолмен табылған ақшаға алынғанын анықтап, тиісті дәлелдемелер келтіре отырып, залалдың осы мүліктен де өндіріліп алынуы үшін бұл туралы үкімде көрсетуге тиіс.

      Сот үкім шығару кезінде ҚІЖК-нің 371-бабы бірінші бөлігінің 10) тармағына сәйкес, егер азаматтық талап қойылмаса мүліктік зиянның өтелуге жататынын не жатпайтынын да шешуге тиіс. Мұндай жағдайларда мүліктік зиян келтіруге байланысты мән-жайлар сот отырысында толық зерделенгенде ғана сот тиісті шешім қабылдайды.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 10 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      28. Қылмыстық іс барысында азаматтық талап қойылған кезде тек талапкер ғана мемлекеттік баж төлеуден босатылады, сондықтан талап толық немесе ішінара қанағаттандырылған жағдайда сот үкімде жауапкерден (жауапкерлерден) мемлекеттік бажды мемлекет пайдасына толық немесе талаптың қанағаттандырылған бөлігіне сәйкес өндіру туралы мәселені шешеді.

      29. Сот азаматтық жауапкердің азаматтық талапты қанағаттандыру туралы құқығын тану және оның мөлшері туралы мәселені азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға беру туралы шешімді үкімде (қаулыда) көрсетеді және қылмыстық істің басты сот талқылауы кезінде талапты қанағаттандыру үшін заңда көзделген барлық негіздер анықталған жағдайларда ғана және олар талаптың негізді екенін айғақтаса, алайда, оның мөлшерін қылмыстық істі кейінге қалдырмай анықтау мүмкін болмаса (мысалы, мүліктік залалдың мөлшерін растайтын құжаттардың болмауына және басқа да себептерге байланысты) осындай шешім қабылдануы мүмкін.

      30. Соттың азаматтық жауапкердің азаматтық талапты қанағаттандыру туралы құқығын танып, азаматтық талаптың мөлшері туралы мәселені азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға беруі үкім заңды күшіне енгеннен кейін соттың үкімнің және азаматтық талапқа қатысты материалдардың тиісінше куәландырылған көшірмелерін қылмыспен келтірілген зиян үшін өндірілуге жататын өтемақының мөлшерін азаматтық талапкердің пайдасына толық есептеу үшін соттылығы бойынша тиісті сотқа жіберуін білдіреді. Осы орайда қылмыстық істі қарайтын сот азаматтық талапкердің азаматтық талапты қанағаттандыруға құқығын мойындай отырып, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде қарауға жататын мәселелерді алдын ала анықтап, олар бойынша тұжырымдарды үкімде көрсетуге құқылы емес.

      Сот қылмыспен келтірілген зиянның мөлшерін есептеу туралы мәселені азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарау кезінде талапты қанағаттандырудан бас тартуға немесе талапты қараусыз қалдыруға құқылы емес, себебі ҚІЖК-нің 131-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, соттың талапты қанағаттандыруға құқықты танитын заңды күшiне енген үкiмi азаматтық iсті қарауы кезiнде осы бөлiгiнде мiндеттi болып табылады.

      Азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жәбірленушінің стационарда емделуіне жұмсалған қаржысын өтеу туралы істердің соттылығы жөніндегі мәселені шешу кезінде, АІЖК-нің 32-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, талапкердің талабының өзінің тұрғылықты жері бойынша немесе жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірілген жер бойынша қаралатынын назарда ұстаған жөн.

      Ескерту. 30-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 10 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      31. Азаматтық талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қылмыс оқиғасының болуы анықталмауына немесе сотталғанның қылмысты жасауға қатысуы не есі кіресілі-шығасылы адамның қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетті жасағаны дәлелденбеуіне байланысты ақтау үкімі шығарылған кезде қабылданады.

      Егер сот отырысында қылмыспен немесе есі кіресілі-шығасылы адамның әрекетімен зиян келтірілмегені не сотталушының немесе есі кіресілі-шығасылы адамның әрекеті мен келтірілген зиянның арасында себепті байланыстың жоқ екені анықталған жағдайда да талап қанағаттандырылмауға тиіс.

      32. Қылмыстық істі мәні бойынша қарау кезінде азаматтық талапты негізсіз қараусыз қалдыруға жол берілмеуі керек екенін соттардың назарда ұстағандары жөн.

      Азаматтық талап тек қылмыстық іс рақымшылық актісі бойынша қысқартылғанда, қылмыстық жауапкершілікке тартудың мерзімі өткенде, сондай-ақ ҚІЖК-нің 37-бабы бірінші бөлігінің 7) және 8) тармақтарында және ҚІЖК-нің 38-бабында көрсетілген негіздер бойынша ғана қараусыз қалдырылуы мүмкін.

      Сотталғанның әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтау үкімі немесе істі қысқарту туралы және есі кіресілі-шығасылы адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға негіз жоқ деген қаулы шығарылғанда да азаматтық талап қараусыз қалдырылады.

      Азаматтық талап азаматтық талапкердің немесе оның өкілінің сот отырысына келмеуіне байланысты да қараусыз қалдырылуы мүмкін. Алайда, сот азаматтық талапкердің немесе оның өкілінің сотқа келген-келмегеніне қарамастан, өз бастамасымен мұны қажет деп тапса не басты сот талқылауына қатысып отырған прокурор азаматтық талапты қолдаса немесе азаматтық талапкердің және оның өкілінің азаматтық талапты өздерінің қатысуынсыз қарау туралы өтініші болса азаматтық талапты қарауға құқылы.

      Қылмыстық сот ісін жүргізу барысында азаматтық талапты қараусыз қалдыру азаматтық талапкерді азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен талап қою құқығынан айырмайды.

      33. Азаматтық талап қойылып, оны қамтамасыз ету шаралары қолданылған қылмыстық іс қысқартылған жағдайда сот азаматтық талапкерге көрсетілген шаралардың күшін жоятыны туралы түсіндіруге тиіс. Мұндай жағдайда талапкер талапты азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы талап қоюға әрі өтініш беруге құқылы.

      34. Сот жәбірленушіге, азаматтық талапкерге, олардың өкілдеріне сот отырысының хаттамасымен танысу және оған өздерінің ескертпе жасау құқығын түсіндіруге міндетті, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетілуге тиіс. Белгіленген мерзімдер бұзылып ресімделген хаттамаға қол қойылған күн туралы аталған адамдар хабардар етілуге тиіс.

      35. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері сот үкімінің азаматтық талап бөлігіндегі шешіміне апелляциялық шағым бере алады. Азаматтық талапкерлердің әрқайсысы үкімнің өзінің талабына қатысты бөлігіне ғана шағым беруге құқылы. Апелляциялық наразылықты ҚІЖК-нің 396-бабының екінші бөлігіне сәйкес тиісті прокурор беруі мүмкін.

      Шағымдарды немесе наразылықтарды берген адамдар оларды апелляциялық сатыда сот отырысы басталғанға дейін кері қайтарып ала алады. Сондай-ақ наразылықты жоғары тұрған прокурор кері қайтарып алуы мүмкін.

      Процеске қатысушылар түскен шағымдар, наразылықтар туралы хабардар етілуге тиіс және олардың оған өздерінің қарсылықтарын беру құқығы түсіндірілуі керек, олар сондай-ақ апелляциялық шағымдар, наразылықтар бойынша істің қаралатын уақыты мен орны туралы хабардар етілуге тиіс.

      Ескерту. 35-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 10 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      36. Азаматтық талапкерлер мен азаматтық жауапкерлер, олардың өкілдері апелляциялық сатының отырысына қатысып, азаматтық талапқа қатысты мән-жайлар бойынша түсініктемелер беруге құқылы. Апелляциялық саты отырысының болатын жері мен уақыты туралы тиісінше хабардар етілген жағдайда олардың сот отырысына келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.

      Қамаудағы азаматтық жауапкерді (сотталғанды) сот отырысына шақыртудың қажеттілігін апелляциялық сатының соты шешеді. Егер шағымда немесе наразылықта өндірілетін соманың мөлшерін көбейту немесе азаматтық талап бойынша сотталғанның жағдайын өзгедей нашарлату туралы мәселе қойылса, оның апелляциялық сатыға қатысу туралы өтініші міндетті түрде қанағаттандырылуға тиіс.

      37. Апелляциялық сатыдағы сот үкімнің азаматтық талап бөлігіндегі заңдылығын тексере отырып, ҚІЖК-нің 411-1-бабында көрсетілген шешімдердің бірін қабылдауға құқылы. Бұл ретте, азаматтық талап заңсыз қаралмай қалған жағдайда, үкім азаматтық талап бөлігінде жаңадан қарауға жіберіле отырып, күшін жоюға жатады. Осындай шешім үкімнің қарар бөлімінде көрсетілген жағдайда ғана емес, сонымен бірге сот талап арызды зерттемеген, берілген азаматтық талап бойынша талапкер мен жауапкерден жауап алмаған, үкімде азаматтық талап жөнінде ешқандай тұжырым жасамаған және қарар бөлімінде азаматтық талап бойынша шешімін мүлде көрсетпеген жағдайларда да бірінші сатыдағы сот азаматтық талапты қараусыз қалдырған деп тану керек.

      ҚІЖК-нің 412-бабында көрсетілген негіздер бойынша үкімді бұзу осы бөлігінде шағымдалғанына, наразылық келтірілгеніне қарамастан оны азаматтық талап бөлігінде де бұзуға әкеп соғады.

      Үкім бұзылып, іс сотталғанның әрекетінде қылмыс құрамы болмаған не есі кіресілі-шығасылы адамға медициналық мәжбүрлеу шараларын қолдануға негіз болмаған жағдайда немесе ҚІЖК-нің 37-бабы бірінші бөлігінің 3), 5), 7) және 8) тармақтарында және ҚІЖК-нің 38-бабындакөрсетілген негіздер бойынша қысқартылғанда апелляциялық саты азаматтық талапты қараусыз қалдырады.

      Егер іс қылмыс оқиғасының анықталмауына немесе сотталушының немесе өзіне қатысты медициналық мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы мәселе шешіліп жатқан есі кіресілі-шығасылы адамның қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетті жасауға қатысқаны дәлелденбеуіне байланысты қысқартылса апелляциялық саты азаматтық талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      ҚІЖК-нің 169-бабының үшінші және бесінші бөліктерімен көзделген жағдайларда азаматтық талап қылмыстық істің бөлінген материалдарының негізінде азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен және АІЖК-мен көзделген соттылық қағидалары қолданыла отырып қаралады.

      Азаматтық талапты үкім (қаулы) тек азаматтық талап бөлігінде бұзылғаннан кейін алғашқы үкімді (қаулыны) шығарған соттың өзге судьяларының құрамы қарайды. Бұл жағдайда сот азаматтық талапқа қатысты барлық мән-жайларды толық әрі жан-жақты зерделеп, үкім шығарады, онда азаматтық талап бойынша қабылданған шешімнің уәждерін, негіздерін және мәнін көрсетеді.

      Көрсетілген тәртіппен шығарылған үкімге (қаулыға) жалпы негіздер бойынша шағым беріліп, наразылық келтіріледі.

      Үкім толығымен бұзылғаннан кейін қылмыстық істі жаңадан қарау кезінде азаматтық талап ҚІЖК-де көзделген негіздер бойынша қайтадан қаралады.

      Ескерту. 37-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 10 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      38. Азаматтық талапкердің, оның өкілінің шағымында немесе прокурордың наразылығында көрсетілген тиісті уәждер болғанда ғана апелляциялық саты үкімді азаматтық талап бөлігінде өндірілетін соманы ұлғайту жағына қарай өзгертуі (есептен кеткен қатені түзеуден басқа), талаптан бас тарту туралы шешімді бұзуы және талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауы не азаматтық жауапкердің (сотталғанның) жағдайын нашарлататын азаматтық талап бойынша өзге шешім қабылдауы мүмкін.

      39. ҚІЖК-нің 467-бабының он екінші бөлігіне сәйкес, істі қадағалау тәртібімен қарау кезінде сот қадағалау шағымының немесе наразылықтың шегінен шығып, егер осы орайда сотталған адамның жағдайы нашарламаса, шағымдалған, наразылық келтірілген үкімнің заңдылығын азаматтық талап бөлігінде толығымен тексеруге құқылы.

      ҚІЖК-нің 575-1, 576-баптарына сәйкес, алқабилердің қатысуымен шығарылған үкім азаматтық талап бөлігінде талап қараусыз қалдырылған жағдайларды қоспағанда, кассациялық және қадағалау тәртібінде қайта қаралуы мүмкін, бұл ретте ҚІЖК-нің 577-бабына сәйкес, сотталғанның жағдайын нашарлататын шешім қабылдауға жол берілмейді.

      Ескерту. 39-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 10 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді) нормативтік қаулыларымен.

      40. Соттар азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған заң талабының бұзылуының, сондай-ақ қылмыспен келтірілген мүліктік зиянды өтеудің әрбір жағдайына назар аударып, жеке қаулы шығарып отыруға тиіс.

      41. Осы нормативтік қаулының қабылдануына байланысты "Қылмыспен келтірілген материалдық залалды өтеу жөніндегі заңдарды соттардың қолдану тәжірибесі туралы" СССР Жоғарғы Соты Пленумының 1979 жылғы 23 наурыздағы N 1 қаулысын Пленумның 1984 жылғы 26 сәуірдегі N 7 қаулысымен енгізілген толықтыруларымен қоса Республика соттарының орындау барысы туралы" Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының 1990 жылғы 19 наурыздағы N 1 қаулысының күші жойылды деп есептелсін.

      42. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы