Нашақорлық пен есiрткi бизнесiнiң алдын алу және оларға қарсы iс-әрекет бойынша жұмысты үйлестiру мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссия құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 25 желтоқсандағы N 1316 қаулысы

Қолданыстағы

      Мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiру әрі нашақорлықтың алдын алу және есiрткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы iс-әрекет жөнiнде тиiмдi шаралар қабылдау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қосымшаға сәйкес құрамда Нашақорлық пен есiрткi бизнесiнiң алдын алу және оларға қарсы iс-әрекет бойынша жұмысты үйлестiру мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссия (бұдан әрi - Комиссия) құрылсын.

      2. Қоса берiлiп отырған Комиссия туралы ереже бекiтiлсiн.

      3. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1) "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанында Нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы iс-әрекетті ұйымдастыру мәселелерi жөнiндегi комиссия құру туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 10 қазандағы N 1106 қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 34, 362-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2002 жылғы 10 қазандағы N 1106 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 28 мамырдағы N 496 қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2003 ж., N 23-24, 220-құжат).

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы    
Үкіметінің          
2003 жылғы 25 желтоқсандағы
N 1316 қаулысымен      
бекітілген          

Нашақорлық пен есiрткi бизнесiнің алдын алу және
оларға қарсы iс-әрекет бойынша жұмысты үйлестiру
мәселелерi жөніндегi ведомствоаралық комиссияның
құрамы

Павлов                     - Қазақстан Республикасы Премьер-
Александр Сергеевич          Министрiнің бiрiншi орынбасары, төраға

Тұрысбеков                 - Қазақстан Республикасының Iшкi iстер
Зауытбек Қауысбекұлы         министрi, төрағаның орынбасары

Құлекеев                   - Қазақстан Республикасының Бiлiм
Жақсылық Әбдiрахметұлы       және ғылым министрi, төрағаның
                             орынбасары

      Комиссия мүшелерi:

Абдрахманов Сауытбек       - Қазақстан Республикасының Ақпарат
                             министрi

Әбусейiтов                 - Қазақстан Республикасының Сыртқы
Қайрат Қуатұлы               iстер бiрiншi вице-министрi

Әкiмбеков                  - Қазақстан Республикасы Премьер-
Назымбек Қыздарбекұлы        Министрiнiң Кеңсесi Қорғаныс және
                             құқықтық тәртіп бөлімінің меңгерушiсi

Досаев                     - Қазақстан Республикасының Қаржы
Ерболат Асқарбекұлы          министрi

Досқалиев                  - Қазақстан Республикасының
Жақсылық Ақмырзаұлы          Денсаулық сақтау министрi

Дүтбаев                    - Қазақстан Республикасы Ұлттық
Нартай Нұртайұлы             қауіпсiздiк комитетінің төрағасы
                             (келiсiм бойынша)

Жолдасбеков                - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
Мырзатай Жолдасбекұлы        университетiнің ректоры
                             (келiсiм бойынша)

Жұмабеков                  - Қазақстан Республикасының Әдiлет
Оңалсын Исламұлы             министрi

Жұмағұлов                  - Қазақстан Республикасы Премьер-
Бақытжан Тұрсынұлы           Министрiнiң Кеңсесi Әлеуметтiк-
                             мәдени даму бөлiмiнің меңгерушісі

Қасейiнов                  - Қазақстан Республикасының Мәдениет
Дүйсен Қорабайұлы            министрі

Келiмбетов                 - Қазақстан Республикасының Экономика
Қайрат Нематұлы              және бюджеттiк жоспарлау министрi

Қосмұхамедова              - Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Есiрткi және
Жәннат Оразымбетқызы         қылмыстар жөнiндегi басқармасының
                             Қазақстан бойынша бағдарламаларды
                             ұлттық үйлестiрушi (келiсiм бойынша)

Сапарбаев                  - Қазақстан Республикасы Кедендiк
Бердiбек Мәшбекұлы           бақылау агенттiгiнiң төрағасы

Смайылов                   - "Егемен Қазақстан" республикалық
Ержұман Өтешұлы              газетi" ашық акционерлiк қоғамының
                             президентi (келiсiм бойынша)

Тұрлыханов                 - Қазақстан Республикасы Туризм және
Дәулет Болатұлы              спорт жөніндегi агенттiгiнiң төрағасы

Өтешев                     - "Қазақстан жастары конгресi"
Нұрлан Сүлейменұлы           қауымдастығы нысанындағы заңды
                             тұлғалар бiрлестiгi кеңесiнiң атқарушы
                             директоры (келiсiм бойынша)

Червинский                 - "Казахстанская правда" республикалық
Олег Григорьевич             газетi" ашық акционерлiк қоғамының
                             президентi (келiсiм бойынша)

Қазақстан Республикасы      
Үкіметінің            
2003 жылғы 25 желтоқсандағы   
N 1316 қаулысымен бекiтiлген  

Нашақорлық пен есiрткi бизнесінің алдын алу
және оларға қарсы iс-әрекет бойынша жұмысты
үйлестiру мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық
комиссия туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Нашақорлық пен есiрткi бизнесiнiң алдын алу және оларға қарсы iс-әрекет бойынша жұмыстарды үйлестiру мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссия (бұдан әрi - Комиссия) консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.

      2. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын , Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентi мен Үкiметiнiң кесiмдерiн және өзге де нормативтік құқықтық кесiмдерiн басшылыққа алады.

2. Комиссияның негiзгi мiндеттерi мен функциялары

      3. Комиссияның негiзгi міндеттерi:
      1) бiрыңғай мемлекеттiк саясатқа және Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күрестiң 2001-2005 жылдарға арналған стратегиясына негiзделген өзара байланысты саймасай шаралар кешенiн iске асыруға арналған жаңа көзқарастарды жүзеге асыруға;
      2) Қазақстан Республикасында нашақорлықтың және есiрткi бизнесiнiң таралуына тиiмдi мемлекеттiк және қоғамдық қарсы iс-әрекет, нашақорлықтың алдын алу, оны емдеу және есiрткiге тәуелдi адамдарды оңалту жүйелерiн нығайтуға және құруға;
      3) ел халқының әлеуметтiк нашақорлық иммунитетiн қалыптастыруға жәрдемдесу болып табылады.

      4. Комиссияның функциялары оған жүктелген мiндеттерге сәйкес:
      1) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымы және олардың заңсыз айналымына қарсы iс-әрекет пен оларды терiс пайдалану саласындағы мемлекеттiк саясатты жетілдiру;
      2) негiзгi бағыттарды айқындау есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын мемлекеттiк бақылауды күшейту және нашақорлық пен есiрткi бизнесiне қарсы күрестi жүргiзушi мемлекеттiк органдарды үйлестiру;
      3) нашақорлыққа, есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына және олардың қол жетiмдiлігiне қарсы iс-әрекет және күрес тетiгiн iске асыру және одан әрi жетілдiру, есiрткiні заңсыз пайдаланатын, есiрткi құралдары мен психотроптық заттарды терiс пайдаланатын адамдарды уақтылы анықтау, есiрткiге тәуелдi адамдарды емдеу және оларды әлеуметтiк оңалту;
      4) нашақорлықтың алдын алудың тиiмдiлiгiн арттыру, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының, оқу орындарының, медицина ұйымдарының, құқық қорғау органдарының және кең қауымның шиеленiстi қатынастарды қалыптастыруға және есiрткi қабылдамауға қатысуы арқылы;
      5) нашақорлық пен есiрткi бизнесiнiң алдын алу және оған қарсы күрес мәселелерi жөніндегi заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық базаны жетілдiру;
      6) нашақорлық пен есiрткi бизнесiнің алдын алу және оған қарсы күрес саласында мемлекеттiк органдардың қызметiн одан әрi жетiлдiру және оларды үйлестiру;
      7) нашақорлық пен есiрткi бизнесiнің алдын алу және оған қарсы күрес жөнiндегi халықаралық ынтымақтастық мәселелерi жөнiнде ұсынымдар әзiрлеу болып табылады.

3. Комиссияның құқықтары

      5. Комиссия:
      1) орталық және жергiлiктi атқарушы органдар мен өзге де ұйымдардан Комиссияның мiндеттерiн іске асыру үшiн қажеттi материалдарды сұратуға және алуға;
      2) қажеттiлiгiне орай мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк ғылыми-зерттеу ұйымдарының мамандарын өңiрлердегi есiрткi жағдайын талдау және зерделеу үшiн тартуға;
      3) Комиссияның отырыстарында орталық және жергiлiктi атқарушы органдар мен өзге де ұйымдардың өкiлдерiн Комиссияның құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша тыңдауға;
      4) мемлекеттiк органдарға осы бағыттағы жұмысты одан әрi жетілдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
      5) Комиссияның құзыретiне жататын өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

4. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру

      6. Комиссияның төрағасы оның қызметiне басшылық етеді, оның отырыстарына төрағалық етедi, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешiмдерiнiң iске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады. Төраға болмаған уақытта оның функциясын орынбасары орындайды.

      7. Комиссия отырысының күн тәртiбi бойынша ұсыныстар, қажеттi құжаттар, материалдар дайындауды және отырыстан кейiн хаттама ресiмдеудi Комиссияның хатшысы жүзеге асырады.

      8. Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi болып табылады.

      9. Комиссия отырысын жүргiзуге материалдар дайындауды Комиссия хатшысы жүзеге асырады, ол отырысқа дейiн кемiнде 3 күн бұрын Комиссия мүшелеріне барлық қажетті құжаттарды жiбередi.

      10. Комиссияның отырысы ай сайын өткiзiледi. Комиссияның отырысы Комиссия мүшелерiнің жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан кезде заңды болып саналады.

      11. Комиссияның шешiмi ашық дауыс берiп қабылданады және, егер оған Комиссия мүшелерiнің жалпы санының көпшілiгi дауыс берген болса, қабылданды деп саналады және Комиссия отырысының хаттамасымен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде төраға шешушi дауысқа ие.
      Хаттамаға Комиссияның төрағасы мен хатшысы қол қояды.