Республика соттарының жеке қаулылар шығару тәжірибесін талдау құқық бұзушылық жасауға итермелеген себептер мен жағдайларды анықтаумен қатар, жеке қаулылар анықтау және алдын-ала тергеу органдарының, прокурорлық қадағалау мен сот тәжірибесі қызметін жетілдіруге, сондай-ақ азаматтардың құқыққа құрметпен қарауын қалыптастыруға оң ықпал ететінін көрсетіп отыр.
Жеке қаулыларды шығару тәжірибесін бірыңғай жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
1. Соттар қылмыстық істерді қарау кезінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 8-бабының 2-бөлігіне сәйкес, қылмыстық істер бойынша қылмыстық іс жүргізудің заңда белгіленген тәртібі, адамды және азаматты негізсіз айыптау мен соттаудан, олардың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды, заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға, қылмыстың алдын алуға, құқықты құрметтеу көзқарасын қалыптастыруға жәрдемдесуі тиіс екенін ескерулері керек.
Осыған байланысты, соттардың жеке қаулылары заңдылықты сақтаудың, адам бостандығының және құқығының басты және маңызды екенін мойындаудың, қылмыстың және басқа да құқық бұзушылықтың алдын алудың, мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар мен шаруашылық субъектілерінің қызметіндегі кемшіліктерді анықтау мен жоюдың әсерлі құралы болуы тиіс.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
2. Соттарға анықтау, тергеу органдарының, прокурорлардың іс жүргізу заңдарының нормаларын бұзуын, азаматтардың заңды мүдделері мен конституциялық құқықтарына қысымшылық көрсетуін елемей қалдыруға болмайды. Бұл жағдайларда соттар қателіктерді жіберген лауазымды тұлғаларды нақты көрсетіп, жеке қаулылар шығаруы тиіс.
3. ҚР ҚІЖК-нің 405-бабында көрсетілген жеке қаулылар шығарудың негіздемелер тізімі толық қамтылмағандықтан, соттар: сот процесін болдырмау, сотты құрметтемеу, анықтау, тергеу органдары мерзімді бұзуы секілді фактілеріне назар аударуға құқылы.
Сот жеке қаулыларды ынталандыру сипатында да шығара алады.
Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді); 24.12.2014 N 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
4. ҚР ҚІЖК-нің 23-бабының 5-бөлігіне сәйкес сот қылмыстық ізге түсу органы болып табылмайды, айыптау немесе қорғау жағында болмайды және құқық мүдделерінен басқа, қандай да болсын мүдделерді білдірмейді, егер лауазымды немесе басқа тұлғалардың қылмыс белгілері бар әрекеттері немесе әрекетсіздігі қылмыс жасаудың себебі мен шарты болып табылса, сот оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселені жеке қаулыда көтеруге құқығы жоқ, тек бұл фактілерді арнайы шешетін органдардың құзырына жеткізе алады.
5. ҚР ҚІЖК-нің 53-бабының 4-бөлігіне, ҚІЖК-нің 431-бабының үшінші бөлігіне және 455-бабының 7) тармағына сәйкес апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатысындағы сотта істің талқылау материалдары бойынша қылмыс жасауға ықпал еткен жағдайларға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жол берілген басқа да заң бұзушылықтар анықталатын болса, сот жеке қаулы шығаруға құқылы.
Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 13 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді); 24.12.2014 N 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
6. Осы іс бойынша назар аударуды қажет ететін басқа да мән-жайлар болған жағдайда, Бірінші сатыдағы соттың жеке қаулы шығаруы жоғары саты соттарының жеке қаулы шығаруына еш кедергі бола алмайды.
7. Жеке қаулы заңды, негізделген және істің жан-жақты, толық әрі объективті зерттелуіне құрылуы керек, себебі ҚР ҚІЖК-нің 405-бабының 6-бөлігіне сәйкес ол құқықтық нәтиже жүктейтін міндеттеуші құжат болып табылады.
Соттардың қабылданған шешімнің заңдылығына және негізділігіне күмән келтіретін жағдайларды жеке қаулыларда көрсетуге құқығы жоқ.
Жеке қаулыда жалпы мазмұнды сөздер мен тұжырымдар болмауы керек. Онда нақты заң бұзушылық, оны жіберген тұлғалар, қылмыс жасауға немесе басқа құқық бұзушылыққа итермелеген, сот анықтаған себеп пен жағдай, сондай-ақ сот қорытындысын негіздейтін дәлелдер көрсетіледі.
Жеке қаулыда тиісті органның не ұйымның өндірістік қызмет мәселелері бойынша ерекше құзырына кіретін ұсыныстар, нұсқаулар берілмейді.
Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
8. ҚР ҚІЖК-нің 405-бабының 1-бөлігіне сәйкес жеке қаулы тек сотта тікелей қаралған іс бойынша кеңесу бөлмесінде шығарылуға тиіс, онда басқа істерден мәліметтер мен фактілер болмауы керек.
Аталмыш қаулының қорытынды бөлігінде оған шағым жасау, наразылық көрсету тәртібі мен мерзімі көрсетілу керек.
Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
9. Істің мәні бойынша шығарылған сот актісіне шағымдану (наразылық келтіру) үшін көзделген тәртіпте және мерзімдерде жеке қаулыларға шағымдануға (наразылық келтіруге) болады. Жеке қаулыға шағымдану не наразылық келтіру мерзімдерін анықтаған кезде, ҚР ҚІЖК-нің 422-бабының екінші бөлігіне сәйкес, бірінші сатыдағы сот қаулыларына жеке шағымдарды, наразылықтарды ҚІЖК-нің 414-бабында және 414-бабының үшінші бөлігінде көзделген адамдар, ол шығарылған күннен бастап он бес тәулік ішінде, ал күзетпен ұсталатын сотталғандар – оған жеке қаулының көшірмесі тапсырылған күннен бастап сол мерзімде беруі керек.
Мұнан басқа, егер қаулы олардың мүдделеріне тікелей қатысты болса, істе тараптар болып табылмайтын адамдар да шағым беруге құқылы.
Өздерінің атына шығарылған жеке қаулы туралы ол заңды күшіне енгеннен кейін мәлім болған адамдар жеке қаулы шығарған сотқа шағымдану мерзімін қалпына келтіру үшін өтінішхатпен жүгінуге құқылы.
Ескерту. 9-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22 N 21 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз), 2010.06.25 N 13 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 24.12.2014 N 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
10. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
11. Апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатысы төменгі тұрған саты сотының істің мән-жайы бойынша шығарылған шешіміне келіп түскен шағым немесе наразылық білдіру негізінде істі қарау кезінде, ҚР ҚІЖК-нің 426-бабының 2-бөлігінің, 444-бабы үшінші бөлігінің, 449-бабының, 484-бабы үшінші бөлігінің талаптарына сай, оған шағым немесе наразылық болмаған жағдайда да жеке қаулының негізділігін және заңдылығын қарауға құқылы.
Ескерту. 11-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 13 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 24.12.2014 N 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
12. Істің мән-жайы бойынша шығарылған сот шешімін жою барлық жағдайда жеке қаулыны бұзуға әкеп соқпайды.
Алайда, сот шешімін жою кезінде жеке қаулы істі қайта тергеуге немесе сот талқылауында зерттеу мен бағалауға жататын істің материалдарына және шығарылған сот шешіміне қатысты болса, онда ол да бұзылуы мүмкін.
13. ҚР ҚІЖК-нің 471-бабына сәйкес, бірінші саты соттарының жеке қаулысы шағымдану немесе наразылық білдіру мерзімі өткен соң не шағым жасалған немесе наразылық білдірілген жағдайда, істі жоғары тұрған сот қарағаннан кейін заңды күшіне енеді және орындалады.
ҚПК-нің 444-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, апелляциялық қаулы оның толық мәтіні жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді, ҚПК-нің 465-бабының екінші бөлігіне сәйкес, кассациялық қаулы ол жария етілген сәттен бастап заңды күшіне енеді.
Ескерту. 13-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 13 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 24.12.2014 N 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
14. Жеке қаулылар әрекетінде заң бұзушылық табылған адамдарға, қылмыс жасауға ықпал еткен, сотпен анықталған себептер мен жағдайды өзінің лауазымдық күшімен жоя алатын және жоюға міндетті өзге лауазымды адамдарға (ұйым басшысына) немесе заң бұзушылық жасаған нақты адамдардың жауапкершілік мәселесін көтеруге құқықты адамдарға тікелей жолданады.
15. Барлық деңгейдегі соттар жеке қаулылардың пәрменді әрекет етуін қамтамасыз ету мақсатында лауазымды адамдардың (тұлғалардың) және ұйымдардың мүлтіксіз орындауы үшін тиісті бақылау жасауды қамтамасыз ету қажет.
Лауазымды тұлға жеке қаулыны қараусыз қалдырса немесе онда көрсетілген заң бұзушылықты жою жөнінде шара қабылдамаса, онда ол жеке қаулыға өз уақытында жауап қайтарылмағанға теңестіріледі, соған сәйкес сот төрағасы немесе іс бойынша төрағалық етуші Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (әрі қарай - ӘҚБтК) 804-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жазу үшін сот приставына немесе басқа да сот қызметкерлеріне нұсқау беруге құқылы, яғни ҚР ӘҚБтК-нің 684-бабына сай бұл әкімшілік іс сотта қаралуға тиіс. Осы фактілерді куәландыратын қажетті құжаттардың қосымшасымен, ӘҚБтК-нің 49-тарауына сәйкес артықшылықтары және әкімшілік жауаптылықтан қорғанышы бар адамдарды әкімшілік жауапқа тарту ерекшелігін ескере отырып, сондай-ақ ӘҚБтК-нің 32-бабының ережесі бойынша адамдардың әкімшілік жауапкершілікке тартылуы шешілетін жағдайды санамағанда, тиісті аумақтағы сотқа жіберіледі.
Ескерту. 15-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 13 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 24.12.2014 N 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
15-1. ҚІЖК-нің 53-бабының 4 және 5-бөліктеріне сәйкес, қадағалау сатысындағы сот ҚІЖК-нің 405-бабында көрсетілген мән-жайларды анықтаған кезде ҚІЖК-нің 471-бабының 6-бөлігіне сәйкес орындалатын жеке қаулы шығарады.
Ескерту. Нормативтік қаулы 15-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді) нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
16. Осы нормативтік қаулының қабылдануына байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының 1963 жылғы 19 шілдедегі N 3 "Қылмыс жасауға итермелейтін себеп пен жағдайды жою шараларын анықтау мен қабылдау бойынша Алматы облыстық және Оңтүстік Қазақстан өлкесі соттарының жұмыс жағдайы мен оларды жетілдіру шаралары туралы" қаулысының күші жойылды деп танылсын.
17. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы