Соттардың қылмыстық істер бойынша жеке қаулылар шығару тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы N 11 нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

      Республика соттарының жеке қаулылар шығару тәжірибесін талдау құқық бұзушылық жасауға итермелеген себептер мен жағдайларды анықтаумен қатар, жеке қаулылар анықтау және алдын-ала тергеу органдарының, прокурорлық қадағалау мен сот тәжірибесі қызметін жетілдіруге, сондай-ақ азаматтардың құқыққа құрметпен қарауын қалыптастыруға оң ықпал ететінін көрсетіп отыр.
      Жеке қаулыларды шығару тәжірибесін бірыңғай жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Соттар қылмыстық істерді қарау кезінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай - ҚІЖК) 8-бабының  2-бөлігіне сәйкес, қылмыстық істер бойынша қылмыстық іс жүргізудің заңда белгіленген тәртібі, адамды және азаматты негізсіз айыптау мен соттаудан, олардың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды, заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға, қылмыстың алдын алуға, құқықты құрметтеу көзқарасын қалыптастыруға жәрдемдесуі тиіс екенін ескерулері керек.
      Осыған байланысты, соттардың жеке қаулылары заңдылықты сақтаудың, адам бостандығының және құқығының басты және маңызды екенін мойындаудың, қылмыстың және басқа да құқық бұзушылықтың алдын алудың, мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар мен шаруашылық субъектілерінің қызметіндегі кемшіліктерді анықтау мен жоюдың әсерлі құралы болуы тиіс.

      2. Соттарға анықтау, тергеу органдарының, прокурорлардың іс жүргізу заңдарының нормаларын бұзуын, азаматтардың заңды мүдделері мен конституциялық құқықтарына қысымшылық көрсетуін елемей қалдыруға болмайды. Бұл жағдайларда соттар қателіктерді жіберген лауазымды тұлғаларды нақты көрсетіп, жеке қаулылар шығаруы тиіс.

      3. ҚР ҚІЖК-нің 387-бабында  көрсетілген жеке қаулылар шығарудың негіздемелер тізімі толық қамтылмағандықтан, соттар: сот процесін болдырмау, сотты құрметтемеу, анықтау, тергеу органдары мен соттардың мерзімді бұзуы секілді фактілеріне назар аударуға құқылы.
      Сот жеке қаулыларды ынталандыру сипатында да шығара алады.

      4. ҚР ҚІЖК-нің 23-бабының  5-бөлігіне сәйкес сот қылмыстық ізге түсу органы болып табылмайды, айыптау немесе қорғау жағында болмайды және құқық мүдделерінен басқа, қандай да болсын мүдделерді білдірмейді, егер лауазымды немесе басқа тұлғалардың қылмыс белгілері бар әрекеттері немесе әрекетсіздігі қылмыс жасаудың себебі мен шарты болып табылса, сот оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселені жеке қаулыда көтеруге құқығы жоқ, тек бұл фактілерді арнайы шешетін органдардың құзырына жеткізе алады.

      5. ҚР ҚІЖК-нің 59-бабының  4-бөлігіне және ҚР ҚІЖК-нің 411-бабының  6-бөлігіне сәйкес аппеляциялық және қадағалау сатысындағы сотта істің талқылау материалдары бойынша қылмыс жасауға ықпал еткен жағдайларға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына, сондай-ақ анықтау, алдын ала тергеу барысында немесе төменгі саты сотының қарауы кезінде жол берілген басқа да заң бұзушылықтар анықталатын болса, сот жеке қаулы шығаруға құқылы.

      6. Осы іс бойынша назар аударуды қажет ететін басқа да мән-жайлар болған жағдайда, Бірінші сатыдағы соттың жеке қаулы шығаруы жоғары саты соттарының жеке қаулы шығаруына еш кедергі бола алмайды.

      7. Жеке қаулы заңды, негізделген және істің жан-жақты, толық әрі объективті зерттелуіне құрылуы керек, себебі ҚР ҚІЖК-нің 387-бабының  6-бөлігіне сәйкес ол құқықтық нәтиже жүктейтін міндеттеуші құжат болып табылады.
      Соттардың қабылданған шешімнің заңдылығына және негізділігіне күмән келтіретін жағдайларды жеке қаулыларда көрсетуге құқығы жоқ.
      Жеке қаулыда жалпы мазмұнды сөздер мен тұжырымдар болмауы керек. Онда нақты заң бұзушылық, оны жіберген тұлғалар, қылмыс жасауға немесе басқа құқық бұзушылыққа итермелеген, сот анықтаған себеп пен жағдай, сондай-ақ сот қорытындысын негіздейтін дәлелдер көрсетіледі.
      Жеке қаулыда тиісті органның не ұйымның өндірістік қызмет мәселелері бойынша ерекше құзырына кіретін ұсыныстар, нұсқаулар берілмейді.

      8. ҚР ҚІЖК-нің 387-бабының  1-бөлігіне сәйкес жеке қаулы тек сотта тікелей қаралған іс бойынша кеңесу бөлмесінде шығарылуға тиіс, онда басқа істерден мәліметтер мен фактілер болмауы керек.
      Аталмыш қаулының қорытынды бөлігінде оған шағым жасау, наразылық көрсету тәртібі мен мерзімі көрсетілу керек.

      9. Жеке қаулыға шағымдану не наразылық келтіру мерзімдерін анықтаған кезде, ҚР ҚІЖК-нің 403-бабының  3-бөлігіне сәйкес, бірінші сатыдағы сот қаулыларына жеке шағымдарды, наразылықтарды ҚІЖК-нің 396-бабында  көзделген адамдар, ол шығарылған күннен бастап он тәулік ішінде беруі керек.
      Мұнан басқа, егер қаулы олардың мүдделеріне тікелей қатысты болса, істе тараптар болып табылмайтын адамдар да шағым беруге құқылы.
      Өздері жөнінде жеке қаулылардың шыққаны туралы ол заңды күшіне енгеннен кейін хабарланған адамдар жеке қаулы көшірмесін алған сәттен бастап оған аппеляциялық шағым беруге құқылы, ал аппеляциялық шағымдану мерзімін өткізіп алған жағдайда, олар оны қалпына келтіру үшін сотқа жүгіне алады.

      10. Төменгі сатыда шығарылған жеке қаулылар қадағалау шағымдары мен наразылықтары туындаған кезде қадағалау тәртібімен қайта қаралуы мүмкін.

      11. Апелляциялық саты бірінші саты сотының істің мән-жайы бойынша шығарылған шешіміне келіп түскен шағым немесе наразылық білдіру негізінде істі қарау кезінде, ҚР ҚІЖК-нің 404-бабының  2-бөлігінің талаптарына сай, оған шағым немесе наразылық болмаған жағдайда да жеке қаулының негізділігін және заңдылығын қарауға құқылы.

      12. Істің мән-жайы бойынша шығарылған сот шешімін жою барлық жағдайда жеке қаулыны бұзуға әкеп соқпайды.
      Алайда, сот шешімін жою кезінде жеке қаулы істі қайта тергеуге немесе сот талқылауында зерттеу мен бағалауға жататын істің материалдарына және шығарылған сот шешіміне қатысты болса, онда ол да бұзылуы мүмкін.

      13. ҚР ҚІЖК-нің 448-бабына  сәйкес, жеке қаулы бірінші және апелляциялық саты соттарының басқа қаулылары сияқты, шағымдану немесе наразылық білдіру мерзімі өткен соң не шағым жасалған немесе наразылық білдірілген жағдайда, істі жоғары тұрған сот қарағаннан кейін заңды күшіне енеді және орындалады.

      14. Жеке қаулылар әрекетінде заң бұзушылық табылған адамдарға, қылмыс жасауға ықпал еткен, сотпен анықталған себептер мен жағдайды өзінің лауазымдық күшімен жоя алатын және жоюға міндетті өзге лауазымды адамдарға (ұйым басшысына) немесе заң бұзушылық жасаған нақты адамдардың жауапкершілік мәселесін көтеруге құқықты адамдарға тікелей жолданады.

      15. Барлық деңгейдегі соттар жеке қаулылардың пәрменді әрекет етуін қамтамасыз ету мақсатында лауазымды адамдардың (тұлғалардың) және ұйымдардың мүлтіксіз орындауы үшін тиісті бақылау жасауды қамтамасыз ету қажет.
      Лауазымды тұлға жеке қаулыны қараусыз қалдырса немесе онда көрсетілген заң бұзушылықты жою жөнінде шара қабылдамаса, онда ол жеке қаулыға өз уақытында жауап қайтарылмағанға теңестіріледі, соған сәйкес сот төрағасы немесе іс бойынша төрағалық етуші Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (әрі қарай - ӘҚБтК) 636-бабына  сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жазу үшін сот қызметкеріне нұсқау беруге құқылы, яғни ҚР ӘҚБтК-нің 541-бабына  сай бұл әкімшілік іс сотта қаралуға тиіс. Осы фактілерді куәландыратын қажетті құжаттардың қосымшасымен, ӘҚБтК-нің 42-тарауына  сәйкес артықшылықтары және әкімшілік жауаптылықтан қорғанышы бар адамдарды әкімшілік жауапқа тарту ерекшелігін ескере отырып, сондай-ақ ӘҚБтК-нің 35-бабының  ережесі бойынша адамдардың әкімшілік жауапкершілікке тартылуы шешілетін жағдайды санамағанда, тиісті аумақтағы сотқа жіберіледі.

      16. Осы нормативтік қаулының қабылдануына байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының 1963 жылғы 19 шілдедегі N 3 "Қылмыс жасауға итермелейтін себеп пен жағдайды жою шараларын анықтау мен қабылдау бойынша Алматы облыстық және Оңтүстік Қазақстан өлкесі соттарының жұмыс жағдайы мен оларды жетілдіру шаралары туралы" қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      17. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына  сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы