Соттардың некенi бұзу туралы iстердi қараған кезде Қазақстан Республикасының "Неке және отбасы туралы"
Z980321_
Заңының некенi тоқтатуды, оны заңсыз деп тануды және ерлi-зайыптылар (бұрынғы ерлi-зайыптылар) арасындағы мүлiктiк қатынасты реттейтiн нормаларын қолданумен байланысты мәселелер туындайтынын ескере отырып, Жоғарғы Соттың Пленумы қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасының "Неке және отбасы туралы" Заңының (бұдан әрi - Заң) 15-бап 1-тармағына сәйкес некенi бұзу туралы iс сотта ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң немесе екеуiнiң де талап арызы бойынша жүргiзiлетiнi түсiндiрiлсiн.
Егер ерлі-зайыптылардың бiрiнiң әрекет қабiлетсiздiгi байқалса, онда оның мүддесiн қамқоршысы немесе прокурор некенi бұзу туралы талап қою арқылы қорғауы мүмкiн. ҚР АIЖК-нің
K990411_
57-бабына сәйкес, сот мұндай жағдайда қорғаншы және қамқоршы органдарын iске қатыстырып, олардың тиiстi қорытындысын алуына болады.
2. Некенi бұзу туралы талап арыз ҚР АIЖК-нiң 150-бабының талаптарына сай келуге тиiс. Атап айтқанда, онда: некенiң қашан, қайда тiркелгенi, ортақ балалары бар ма, олардың жасы, ерлi-зайыптылар кәмелетке толмаған балаларының қайсысы кiммен бiрге тұратыны туралы келiсiмге келдi ме, балаларды және (немесе) еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайын асырауға арналған қаржыны төлеу тәртiбi туралы, оған жұмсалатын қаражат мөлшерi туралы немесе ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы, некенi бұзу кезiнде оны бұзуға өзара келiсiм болмаған жағдайда оны бұзудың себептерi, некенi бұзу туралы талаппен бiрге басқа да талаптардың қойылған-қойылмағаны көрсетiледi. Арызға неке туралы куәлiктiң түпнұсқасы, балалардың туу туралы куәліктердiң көшiрмелерi, сонымен қатар талап арызды қабылдау кезiндегi судья растаған еңбекақы және ерлi-зайыптылардың кiрiс әкелетiн басқа да табыс көздерi туралы құжаттар, басқа да қажеттi құжаттар қоса тiркеледi.
3. Некенi бұзу туралы iстi соттың қарауына бергенде оларды тиянақты тексерiп дайындау мiндетiне соттардың назары аударылсын. Судья арызды қабылдағаннан кейiн, әдетте, ерлі-зайыптының екiншiсiн шақырып алып, бұл арызға оның көзқарасын, ерлi-зайыптылардың сот арқылы шешiлетiн басқа да даулы мәселелерiн анықтап, олардың талаптарының қайсысы некенi бұзу туралы талаппен бiрге қаралуы мүмкiн екенiн түсіндiруi тиiс.
4. Заңның 15-бап 2-тармағына сәйкес әйелдiң жүктiлiгi кезінде және бала туғаннан кейiн бiр жыл өткен уақытқа дейiн әйелiнiң келiсiмiнсiз некенi бұзу туралы күйеудiң талабын қанағаттандыруға болмайды. Бiрақ, аталған шектеу бала өлі туған немесе бiр жылға жетпей шетiнеп кеткен жағдайларға жатпайды. Осы аталған екi жағдайда да судьяның талап арызды қабылдамауға құқысы жоқ.
5. Некенi сот тәртiбiмен бұзған кезде ерлi-зайыптылардың бiр-бiрiне қоятын жеке мүлiктiк талаптары осындайда туындайтын жағдай ретiнде заңда көзделген. Мүлiктiк талаптар деп олардың ортақ меншiгiндегi мүлiктi бөлу туралы және еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайын күтуге арналған төлемдер туралы дауларды түсiнген жөн.
6. Ортақ кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлi-зайыптылардың өзара келісiмдерi бойынша некелерiн бұзу, араларында мүліктiк және өзге талаптар болмаған жағдайда, АХАЖ органдарында жүргiзiледi. Бiрақ, егер жұбайлардың бiреуi, қарсылықтары болмағанына қарамастан, некенi АХАЖ органдарында бұзуға жалтарса (ортақ арыз беру үшiн өз басы келе алмаған жағдайда немесе арызды бергеннен кейiн ажырасуды тiркеу үшiн келгiсi келмеген және т.б. жағдайда ортақ арыз беруден немесе жеке арыз беруден бас тартса), некенi АХАЖ органдарында бұзуға болады деген негiзбен судьяның некенi бұзу туралы ерлi-зайыптының арызын қабылдаудан бас тартуға, ал соттың талап арызды қараусыз қалдыруға құқы жоқ. Соттар арызданушыдан АХАЖ органдарына некенi бұзу туралы арыз бергенiн және ерлi-зайыптылардың бiрiнiң оған келуден бас тартқанын растайтын анықтаманы талап етуге тиiстi.
7. Заңның 16-бап 2-тармағының 2-тармақшасында көрсетiлген психикалық ауруына немесе ақыл есi кемдiгiне байланысты сотпен әрекетке қабiлетсiздiгі танылған адамдардың АХАЖ органдарында некесiн бұзу тәртiбi спирттiк iшiмдiктердi немесе есiрткi, психотроптық немесе сол тектес заттарды шектен тыс пайдалану салдарынан әрекет қабiлеттiлiгі шектелген тұлғаларға (ҚР АIЖК-нiң 33-тарауы) қолданбаған жөн. Әрекет қабiлеттілiгi шектелген тұлғалармен, сондай-ақ олардың талап арыздары бойынша некенi бұзу жалпы тәртiп бойынша жүргізiледi.
8. Заңның 16-бап 2-тармағына сәйкес хабар-ошарсыз кеттi деп танылған адамдармен некенi бұзу, ерлi-зайыптылардың кәмелетке толмаған ортақ балалары болғанына қарамастан, ерлi-зайыптылардың бiрiнiң АХАЖ органдарына берген арызы бойынша жүргiзiледi. Сондықтан бiр жылдан берi тұрып жатқан жерi туралы мәлiметтер жоқ адаммен некенi бұзу туралы арыз берiлген кезде судья талап арыз берген жұбайға азаматты хабар-ошарсыз кеткен деп тану тәртiбiн түсiндiредi.
Алайда, егер жұбайы (зайыбы) аталған тұлғаның хабар-ошарсыз кеткенiн тану туралы арыз беруден бас тартқан жағдайда судья бұл тұлғаның талап арызын қабылдамауға құқы жоқ. Сот некенi бұзу туралы талапты жалпы негіздер бойынша қарауға мiндетті.
9. Тұрып жатқан жерi белгiсiз немесе Қазақстан Республикасында тұратын жерi жоқ адаммен некенi бұзу туралы талап арыз оның мүлкiнiң тұрған жерi немесе соңғы кездегi белгiлi мекен-жайы бойынша (ҚР АIЖК-нің 32-бабының 1-тармағы) берiледi және мәнiсi бойынша қаралуы тиiс.
Талапкердiң қолында кәмелетке толмаған баласы болса немесе денсаулығына байланысты жауапкердiң тұратын жерiне бару оған қиындыққа соқса, онда талап арыз талапкердiң тұратын жерi бойынша (ҚР АIЖК-нiң 32-бабы 7-тармағы) берiлуi мүмкiн.
Соттар бас бостандығынан айыруға сотталған адамдармен некенi бұзу туралы iстi қарағанда, оларға белгiленген жаза мөлшерiне қарамастан, бұл iстер сот қарастылығына жататын жағдайда (мысалы, мүлiктiк талап қойылған кезде), сотқа қарастылығы туралы жалпы ережелердi сақтай отырып, қарайтынын ескеруi керек. Егерде бас бостандығынан айыруға сотталған адаммен некенi бұзу туралы талап арыз ҚР АIЖК-нiң 31-бабына сәйкес өндiрiске қабылданса, онда көрсетiлген тұлғаның сотталғанға дейiн соңғы тұрған мекен жайын ескеру қажет.
10. Соттар тек заңда көрсетiлген жағдайда ғана, егер некенi бұзуға ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң келiсiмi болмаған жағдайда, некенi бұзу туралы iс бойынша ерлi-зайыптыларды татуластыру шараларын қолданады. Сот бұл мақсатта тараптардың өтiнiшi бойынша немесе олардың бiрiнiң немесе өзiнiң жеке бастамасы бойынша iстi шешудi кейiнге қалдырады және оларға татуласуы үшiн заңда белгiленген үш ай мерзiмдi тағайындайды. Iстi қарауды кейiнге қалдыру бiрнеше рет қайталануы мүмкiн, бiрақ ерлi-зайыптылардың татуласуы үшiн берiлген жалпы мерзiм үш айдан аспауы тиiс.
Сот нақты мән-жайларды және орынды себептердi ескере отырып, ерлi-зайыптылардың немесе олардың бiрiнiң арызы бойынша татуласуға берген мерзiмiн өзгертуге және iстi сол мерзiм өткенге дейiн қарауға құқылы.
Ерлі-зайыптылардың татулыққа келуi үшiн сот талқылауын кейiнге қалдыру жөнiндегi сот ұйғаруы кеңесу бөлмесiнде шығарылады. Бұл ұйғару iстiң бұдан кейiнгi қозғалысына бөгет жасамайтын болғандықтан, ҚР АIЖК-нiң 344-бабының талабына сай оған шағым немесе наразылық келтiрiлмейдi.
11. Соттар некенi бұзу туралы iстi, әдетте, ерлі-зайыптылардың екеуiнiң қатысуымен қарауға тиiстi. Тараптардың өзара қатынастарын, некенi бұзу туралы мәселенiң себептерiн, ерлі-зайыптылардың арасындағы алауыздықтың нағыз себептерiн жан-жақты анықтау қажет.
Егер ортақ кәмелетке толмаған балалары бар ерлi-зайыптылардың арасында некенi бұзуға өзара келiсiм болса, олардың бiр-бiрiне мүліктiк талаптарының бар-жоғына қарамастан, сондай-ақ, егер ерлi-зайыптылардың бiрi қарсы болмағанына қарамастан, өзiнiң әрекетiмен немесе әрекетсiздiгімен некенi бұзудан жалтарса, сот ажырасудың себептерiн анықтамай-ақ некенi бұзады. Көрсетiлген жағдайда некенi бұзу екi айға дейiн, бiрақ ерлi-зайыптылар талап арыз берген күннен бастап кем дегенде бiр айдан кейiн жүзеге асырылады (ҚР АIЖК-нiң 174- бабы және Заңның 20- бабы). Бұл мерзiмдi сот ерекше жағдайларда (ерлi-зайыптылардың әрқайсысының жаңадан отбасын құруына, жедел түрде емделуге кетуiне, басқа жаққа немесе шетелге кетуiне орай және т.б.) тараптардың дәлелдерiне байланысты тиiстi себептердi көрсетiп, азайтуы мүмкiн.
12. Егер сот тағайындаған мерзiмнен кейiн ерлi-зайыптылар татулыққа келмесе және олардың ең болмаса бiрi некенi тоқтатуды талап етсе, сот некенi бұзады. Сонымен бiрге, аталған жағдайларда ерлi-зайыптылардың уақытша алауыздықтары және араларындағы кездейсоқ себептермен туындаған жанжалдары, сондай-ақ салмақты дәлелдермен расталмаған олардың бiреуiнiң немесе екеуiнiң де некенi жалғастыруға ниеттерiнiң болмауы некенi бұзуға жеткiлiктi негiз болып саналмайды. Сот тек қана ерлi-зайыптылардың бұдан әрi бiрге өмiр сүрiп, отбасын сақтау мүмкiн болмаған жағдайда ғана, некенi бұзу жөнiндегi талапты қанағаттандыруға құқылы.
13. Соттар Заңның 21-бап 2-тармағына сәйкес ажырасатын ерлi-зайыптылардың кәмелетке толмаған балаларының мүддесi мен құқығын қорғау үшiн шара қолдануы қажет. Сот iстi қарау барысында ерлi-зайыптылардың кәмелетке толмаған балаларының неке бұзылғаннан кейiн кiммен тұратындығы туралы, балаларды асырауға арналған қаражаттардың төленуi тәртiбi және оның мөлшерi туралы келiсiмге келген-келмегенiн анықтауға тиiстi. Бұл орайда, алимент төлеу жөнiндегi келiсiм Заңның 20-тарауындағы талаптарды сақтай отырып жасалуы тиiс.
Ерлi-зайыптылар арасында жоғарыдағы мәселелер бойынша келiсiм болмаған жағдайда, сондай-ақ сотқа ұсынылған келiсiм балалардың мүддесiне қайшы келген жағдайда, сот неке бұзылғаннан кейiн кәмелетке толмаған балалар ата анасының қайсымен тұратынын, балаларды асырау үшiн ата-ананың қайсысынан және қандай мөлшерде алимент өндiрiлетiнiн анықтауға мiндеттi. Сондай-ақ, сот балалардан бөлек тұратын ата-ана балаларды тәрбиелеуге қатысуға мiндеттi және олармен араласуға құқықты екенiн, ал екiншi ата-анасы бұған кедергi жасауға құқығы жоқ екенiн түсiндiруi тиiс. Бұл туралы сот мәжiлiсi хаттамасында жазылады.
Iстi кейiнге қалдыру және ерлi-зайыптылардың татуласуы үшiн берiлген мерзiм iшiнде алимент өндiру туралы арыз берiлген болса, сот жауапкердiң балаларды асырауға қатысуы жөнiндегi мәселенi талқылауға құқылы. Егер жауапкер бұл мiндеттi орындамағаны анықталса, судья ҚР АIЖК-нiң 140-бабына сәйкес талапкердiң арызы бойынша iс қаралғанша, балаларға уақытша алимент өндiру туралы сот бұйрығын шығарады.
Егер балаларға алимент өндiру туралы талапты талқылаған кезде, екiншi тарап туу туралы актiдегi баланың әкесi немесе анасы жөнiндегi жазбаға дауласса, онда бұл екi талап, оларды жеке өндiрiсте қарау үшiн, некенi бұзу туралы iстен бөлек шығарылады.
Сот, некенi бұзу туралы талаптан бас тартылған жағдайда, алиментті өндiру жөнiндегі талап арызды, егер талапкер оны қарауды талап еткен жағдайда, жеке өндiрiске бөліп шығарады. Бұл туралы шешiмнiң қорытынды бөлiгінде көрсетiледi.
14. Сот некенi бұзған кезде жұбайлардың бiрiнің асырауында болу құқығы бар жұбайдың талабы бойынша осы асырау қаражатының мөлшерiн анықтауға мiндеттi. Ерлi-зайыптылардың немесе олардың бiреуiнiң талабы бойынша сот, олардың ортақ меншiгiндегі мүлiктерiн бөлiп беруге мiндеттi (Заңның 21-бабы 2 тарауы).
Заңның 38-бабына сәйкес ерлi-зайыптылардың некедегi және (немесе) ол бұзылған жағдайдағы мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерiн анықтайтын өзге тәртiп белгiленбесе (неке шарты), азаматтардың меншiктiк құқықтарының объектiсi болып табылатын, ҚР АК-нің
K941000_
115, 116 және 191-баптың 2-тармағына сәйкес ерлi-зайыптылардың қайсысының атына сатып алғанына немесе ерлi-зайыптылардың қайсысының ақша салғанына қарамастан, ҚР АК-нің 223-бабына сәйкес ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған кез келген жылжитын және жылжымайтын мүлiктерi, бөлуге жататын бiрiккен ортақ меншiк болып табылады (Заңның 32-бабы 1, 2-тармақтары).
15. КСРО Жоғарғы Кеңесi Төралқасының 1944 жылы 8 шілдедегі Жарлығы жарияланған кезге дейiн қолданылған заңдарға сәйкес тiркелмеген неке мен тiркелген некенiң құқықтық салдары бiрдей болғандықтан, Жарғы күшiне енгенге дейiн некелерi тiркелмеген отбасылық қатынастағы адамдардың бiрiгіп жинаған мүлiкке ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi тәртiбi тарайды. Мұндай мүлiктi бөлу жөнiндегi дауды шешу кезiнде соттар Заңның 32-36-баптарында белгiленген ережелердi басшылыққа алуы қажет.
16. Iстi қараған мезгілде ерлi-зайыптылардың иелiгiнде болған немесе үшiншi тұлғада болған ортақ мүлiктерi бөлуге жататын мүлiктердiң құрамына кiредi. Егер сот ерлi-зайыптылардың бiрi ортақ мүлiктi иелiктен шығарғанын немесе өз қалауы бойынша, жұбайының қарсылығына және отбасының мүддесiне қарамастан сатып жiбергенiн немесе мүлiктi жасырғанын анықтаса, онда бөлу кезiнде бұл мүлiк немесе оның құны есепке алынады. Сол сияқты ерлi-зайыптылардың ортақ қарызы (Заңның 37-бабының 3-тармағы) және отбасы мүддесiнен туындаған мiндеттемелер жөнiндегi талаптар құқығы ескеріледi.
Сонымен қатар, некеге отыру кезiнде ерлi-зайыптылардың бiрiне, бiрақ некеге отырғанға дейiн тиесiлi болған, жеке қаражатына сатып алынған, сыйға тартылған, мұраға немесе өзге ақысыз мәмілелер бойынша алынған мүлiк, сондай-ақ ерлi-зайыптылардың ортақ қаражаты есебiнен бiрiнiң жеке басына пайдалануға сатып алынған заттар, қымбат бағалы және басқа асыл заттардан басқалары Заңның 34-бабына сәйкес ортақ меншiк болып саналмайды және бөлуге жатпайды.
Егер отбасылық қарым-қатынас және ортақ шаруашылықты жүргiзу нақты тоқтатылғаннан кейiн жұбайлар бiрлесiп мүлiк сатып алмаған болса, сот Заңның 34-бабының 2-тармағына сәйкес олардың ортақ шаруашылықты жүргiзу уақытына дейiнгi ортақ меншiгi болып келген мүлiктердi ғана бөле алады.
17. Некенi бұзған кезде ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi Заңның 36-37-баптарында және ҚР АК-нiң 218-бабында белгiленген ережелер бойынша бөлiнедi, мұндайда, тараптар өзара келiспесе, сот бөлiнетiн мүлiктiң құнын сарапшылардың, оның iшiнде мүлiктi бағалау жөнiндегi мемлекеттiк органның қорытындысы негiзiнде анықтайды.
Егер заңмен белгiленген ортақ меншiктiң тәртiбi неке шартымен өзгертiлсе, онда сот ерлi-зайыптылардың мүлкiн бөлу туралы дауларды шешкен кезде осындай шарт талаптарын басшылыққа алуы тиiс. Мұндайда ерлi-зайыптылар арасындағы неке шарты Заңның 42-бап 2-тармағына сәйкес тап осы өндiрiсте жұбайлардың бiрiнiң талабы бойынша, егер шарт талаптары жұбайлардың бiрiн өте қолайсыз жағдайда қалдыратын болса, толық немесе iшiнара заңсыз болып танылуы мүмкiн.
18. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлiктерiн бөлген кезде үшiншi тұлғаның (мәселен, басқа мүшелермен бiрге қатысқан шаруа (фермерлiк) қожалығының немесе ұжымшар ауласының, үлестiк жарнасын толық төлемеген және соған байланысты меншiк құқығын иемденбеген ерлi-зайыптылардың бiреуi (немесе екеуi де) мүшесi болып саналатын тұрғын үйдiң, құрылыс немесе басқа кооперативтердiң, т.б.) мүдделерi қозғалған жағдайда Заңның 21-бабының 3-тармағына сәйкес бұл талапты жеке өндiрiске шығаруға құқылы екенiн ескеру қажет.
Егер некенi бұзу және ерлi-зайыптылар мүлiктерiн бөлу туралы iстi қараған кезде (олар кооперативтiң пәтердi, саяжайды, гаражды және құрылыс немесе тұрғын үйлердi пайдалануға бергенi үшiн үлестерiн толық төлемеген жағдайда), тараптардың бiреуi, үлестi бөлудi талап етпей, оның өзi жиналған үлестiң қандай бөлiгiне құқылы екендiгін анықтап берудi сұраса, сот мұндай талапты жиналған үлеске құқы бар басқа адамдар болмаған жағдайда, бұл дау кооператив құқықтарын қозғамағандықтан, оны жеке өндiрiске бөліп шығармай-ақ қарауға құқылы.
19. Ерлі-зайыптылардың бiреуiнiң атына салынған банктiк салымдар Заңның 36-бабындағы ереже бойынша бөлiнедi.
Ортақ мүлiктер есебiнен жұбайлардың кәмелетке толмаған өз балаларының атына салған салымдары Заңның 36-бап 4-тармағына сәйкес сол балаларға тиесiлi болып есептеледi және ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi болып табылатын мүлiктердi бөлген кезде есепке алынбайды.
Егер үшiншi адамдар ерлi-зайыптыларға ақша берiп, соңғылары оны несие ұйымдарындағы өз аттарына салған болса, онда үшiншi тұлға ҚР АК-нiң нормалары бойынша тиiстi соманы қайтару жөнiнде талап қоюға құқылы, ол талап жеке өндiрiсте қарауға жатады. Шаруа (фермерлiк) қожалықтар мүшелерiнiң немесе бұрынғы ұжымшар ауласы мүшелерiнiң және басқа тұлғалардың осы шаруа (фермерлiк) қожалығының немесе бұрынғы ұжымшар ауласының мүшелерi болып саналатын ерлi-зайыптыларға қойылатын талаптарын осындай тәртiппен шешуге болады.
20. Некесi бұзылған ерлi-зайыптылардың (Заңның 36-бабының 6-тармағы) ортақ меншiгiн бөлу туралы талап қоюдың үш жылдық өту мерзiмiн неке тоқтатылған уақыттан (неке сотта бұзылған кезде - шешiм заңды күшiне енген күннен, неке АХАЖ органдарында бұзылған кезде - азаматтық хал-актiлерiн тiркеу кiтабында некенi бұзу тiркелген күннен) бастап емес, жұбайлар өз құқығының бұзылғаны туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап есептеледi (ҚР АК 180-бабының 1-тармағы).
21. Некенi бұзу туралы талапты қанағаттандырмаған кезде сот ерлi-зайыптылардың осы талаппен бiрге мәлiмделген өзге талаптарын сол өндiрiсте қарауға құқы жоқ, заңның 21-бабына сәйкес олар жеке өндiрiске шығарылады.
22. Соттың некенi бұзу туралы шешiмi, сондай-ақ ажырасудан бас тарту жөнiндегi шешiмi де заңды және сот мәжiлiсiнде жан-жақты тексерiлген дәлелдерге негізделген болуы тиiс.
Ерлi-зайыптылардың бiреуi некенің бұзылуына қарсылық бiлдiрген жағдайда шешiмнiң дәлелдеу бөлiгiнде ерлi-зайыптылардың арасындағы араздықтарының сот анықтаған себептерi, отбасын сақтау мүмкiн еместiгi туралы дәлелдер немесе отбасын сақтап қалу мүмкiн екенi туралы соттың тұжырымдары, кей-бiр дәлелдердi жоққа шығарғанының негiздерi, басшылыққа алған заңдары көрсетiлуi керек.
Некенi бұзу жөнiндегi талапты қанағаттандыру туралы шешiмнiң қорытынды бөлiгінде тараптардың Заңның 21-бап 2-тармағында көрсетiлген талаптарының барлығы бойынша, оның iшiнде тараптардың бiрге қарау үшiн бiрiктiрiлген талаптары бойынша соттың қорытындылары болуы тиiс. Шешiмнiң бұл бөлiгiнде некенің бұзылғанын мемлекеттiк тiркеуге қажеттi мәлiметтер (некенi тiркеу күнi, актiнi жазу нөмiрi, некенi тiркеген АХАЖ атауы, некенi бұзғанда олардың тектерi сақталған ба, немесе бұрынғы некеге дейiнгi тектерiн қайтып алған ба) көрсетiледi. Ерлi-зайыптылардың тектерi шешімде неке туралы куәлiкке сәйкес жазылады, ал тегi некеге отырған кезде өзгертiлген болса, шешiмнiң кiрiспе бөлiгінде некеге отырғанға дейiнгi тегiн де көрсету қажет.
Шешiмде мемлекеттiк баж салығы ерлi-зайыптылардың қайсысынан және қандай мөлшерде алынатыны және материалдық жағдайына, балалардың кiмнің қолында тәрбиеленетiнiне және басқа да нақтылы жағдайларға байланысты қайсысы төлемнен босатылатыны шешiмде атап көрсетiлуi тиiс. Некенiң тоқтатылған кезi - шешiмнiң заңды күшiне енген күнi - көрсетiледi.
23. Некенi бұзу жөнiндегi шешiм шығарылғаннан кейiн ерлi-зайыптылар татуласқан жағдайда және бұл туралы олардың жазбаша арызы болса, сот өз ұйғаруымен шешiмнiң орындалуын, ол заңды күшiне енгенге дейiн, ал кейбiр жағдайларда шешiм көшiрмесi некенiң бұзылуын тiркеу үшiн АХАЖ органдарына жiберiлмей тұрып, тоқтатуға құқылы.
24. Егер iстi қадағалау тәртiбiмен қараған кезде некенi бұзу жөнiндегi шешiм АХАЖ органына берiлгенi және некенің бұзылуы тiркеуден өткенi анықталса, онда, аталған мән-жайларды ескере отырып, мұндай шешiмдi бұзу материалдық және iс жүргізу құқығының талаптары елеулi түрде сақталмаса ғана мүмкiн болады.
Некенi бұзу туралы iс жөнiндегi шешiм кассациялық немесе қадағалау тәртiбiмен бұзылғаннан кейiн, сот бұл iстi жаңадан қараған кезде, ажырасудың АХАЖ органдарында тiркелген-тiркелмегенiн тексеруге мiндеттi. АХАЖ органдарында некенiң бұзылғаны жөнiндегi актi болған жағдайда, сот жаңа шешiм қабылдаған кезде, оны жою туралы мәселенi шешуге мiндеттi.
Жоғарыда келтiрiлген жағдайларда ерлi-зайыптылардың бiреуi жаңа некеге отырса, онда бұл некенің заңсыздығы жөнiнде мәселе мүдделi тұлғалардың талабы бойынша, бiрiншi некенi бұзудан бас тарту туралы сот шешiмi заңды күшiне енгеннен кейiн шешiлуге тиiс.
25. Сот некенi бұзу жөнiндегi және оны заңсыз деп тану жөнiндегi талап арыздарды (қарсы талапты) өзара байланысты деп, бiр өндiрiсте қарауға құқылы.
Сот некенi заңсыз деп тану жөнiндегi талап арызды қабылдаған кезде, некенің заңдылығы қандай негiздер бойынша көтерiлгенiн (Заңның 24-бабы) және Заңның 25-бабына сәйкес талапкер дәл осы аталған негiздермен некенi заңсыз деп тануға құқылы тұлғаларға жататынын анықтауы қажет. Егер арызданушы мұндай тұлғаға жатпаса, онда сот оның талабын қанағаттандырмайды.
Заңның 24-бабының 1-тармағында көрсетiлген некенi заңсыз деп тану негiздерiнің тiзбесi түпкiлiктi болып табылады және ол кеңейтiлiп түсiндiруге жатпайды. Мұндай негiздерге: некеге отырудың белгiленген шарттарының бұзылуы, оның iшiнде, неке жасын сақтамау (Заңның 9-10 баптары), некеге отыруға жол берiлмейтiн тұлғалардың арасындағы некелесу (Заңның 11-бабы), сондай-ақ тараптар не олардың бiреуi отбасын құруды ниет етпеген жасанды некелесу жатады.
Мәжбүрлеп қиылған неке, сондай-ақ, егер некеге отырған тұлғалардың бiреуi екіншiсiнен өзiнiң құрған отбасы мүшелерiне жекелей және қоғамдық қауiпсiздiгiне нақтылы қатер туғызатын аурудың бар екенiн жасырып қалса, бұндай неке заңсыз деп танылуы мүмкін.
Осыларды ескере отырып, неке қию тәртiбiнiң белгiленген талаптарын (Заңның 13-бабы) бұзушылық некенi заңсыз деп тану үшiн негiз болып табылмайтынын ескеру керек.
26. Заңның 26-бабының 4-тармағына сәйкес ерлі-зайыптылар некелерiн сот немесе АХАЖ органдары арқылы бұзғаннан кейiн, бұл некенi заңсыз деп тану туралы мәселенi қоюға құқықтары жоқ.
Ерлi-зайыптылар арасында заңмен тыйым салынған туыстық дәрежесi немесе олардың бiреуi некенi тiркеу сәтiнде басқа бұзылмаған некеде болса, егер неке сот тәртiбiмен бұзылса, онда сот некенi заңсыз деп тану жөнiндегі талапты, некенi бұзу туралы шешiм бұзылған соң қарай алады, себебi сот мұндай шешiмдi заңды қиылған некеге қатысты шығарған. ҚР АIЖК-нiң 71-бабына сәйкес ондай шешiммен анықталған жағдайларды сол тараптардың басқа сот мәжiлiсiнде даулауға құқы жоқ.
Егер неке соттан тыс тәртiппен бұзылып, соңынан некенің бұзылғаны туралы жазуды (тiркеудi) жою және оны заңсыз деп тану туралы талап қойылатын болса, сот аталған екi талаптарды бiр өндiрiсте шешедi.
27. Заңның 22-бабының 1-тармағына сәйкес сот тәртiбi арқылы бұзылған неке сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап, яғни сот шешiмi түпкiлiктi түрде шығарылғаннан кейiн 15 күн өткен соң (ҚР АIЖК 334-бабы) немесе кассациялық ұйғару шыққаннан кейiн тоқтатылған болып есептеледi. Неке сот тәртiбi арқылы 1998 жылғы 24 желтоқсан - ҚР "Неке және отбасы туралы" Заңының ресми түрде жарияланған күнге дейiн бұзылған болса, бұл ереже қолданылмайды, өйткенi бұл жағдайларда ажырасу тiркелген кезден бастап неке тоқтатылған болып есептеледi (Қазақ КСР НжОТК-тi 40-бабы).
АХАЖ органдары арқылы бұзылған неке, оның 1998 жылғы 24 желтоқсанға дейiн не одан кейiн бұзылғанына қарамастан, некенің бұзылуы мемлекеттiк тiркеуден өткен күннен бастап тоқтатылған деп есептеледi.
28. Некенi бұзу туралы iстер бойынша сот мәжiлiсi хаттамасының мазмұны ҚР АIЖК-нің 256-бабына сәйкес болуы тиiс, атап айтқанда, онда сот талқылауының барлық маңызды сәттерi: талапкер мен жауапкер туралы, балалары және олардың жасы туралы мәлiметтер, талаптың мәнiсi туралы жан-жақты түсiнiктер, куәлардың жауаптары, сот тексерген өзге дәлелдемелер, сондай-ақ соттың ерлi-зайыптыларды татуластыру жөнiндегi әрекеттерi көрсетiлуi тиiстi.
29. Осы қаулы қабылданған кезден бастап:
- Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының "Соттардың некенi бұзу жөнiндегi iстердi қарау кезiнде заңдарды қолдану тәжiрибесi туралы" КСРО Жоғарғы Соты Пленумының 1980 жылғы 28 қарашадағы N 9 қаулысын республика соттарының орындауы туралы" 1987 жылғы 27 маусымдағы
P87004S_
қаулысының күшi жойылды деп танылсын;
- КСРО Жоғарғы Соты Пленумының "Соттардың некенi бұзу жөнiндегi iстердi қарау кезiнде заңдарды қолдану тәжiрибесi туралы" 1980 жылғы 28 қарашадағы N 9 қаулысы Қазақстан Республикасында қолданылмайды деп танылсын.
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының
Төрағасы
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сот судьясы,
Пленум хатшысы