Аталған заң бұзушылықтарына жекелеген судьялар (соттар) тиiсінше баға бермейдi, iстердi жеткiлiктi түрде мұқият зерттемейдi, осының салдарынан айыптыны сотқа тартқан кезде iстi сот мәжiлiсiнде қарау үшiн негiздердiң жеткіліктi екендiгi туралы мәселе әрдайым дұрыс шешiлiп отырмайды.
Iстердi тәртiптеушi немесе сот мәжiлiсiнен қосымша тергеуге қайтарғанда, кейбiр соттар заңды бұзып, дәлелдемелердiң айқындығына, айыптың дәлелденгенiне немесе дәлелденбегенiне баға бередi.
Сот мәжiлiсiнде тексеруге болатын мәселелердi зерттеудiң орнына iстердi қосымша тергеуге жiберу фактiлерi кездеседi.
Кейбiр соттар елеулі түрде толық анықталмаған немесе алдын ала тергеу толық жүргiзiлмеген жағдайда айыптау үкiмдерiн шығарады, мұның өзi оларды бұзуға және iстердi жаңадан тергеуге жiберуге әкеп соқтырады.
Кей кезде iс бойынша айыпты растайтын дәлелдемелер жиналмаған, ал оларды жинау мүмкiндiгiнiң бәрi пайдаланылып болған жағдайда соттар ақтау үкiмiн шығарудың орнына iстi қайта тергеуге жiбередi.
Iстердi қосымша тергеуге жiберу туралы сот ұйғарулары әрдайым заң талаптарына сай келе бермейдi.
Қазақ CCP Жоғарғы Сотының Пленумы қаулы етеді:
1. Сот әдiлдiгiн жүзеге асырған кезде заңдылықты одан әрi нығайту үшiн қылмыстық iстер бойынша толық, жан-жақты әрi объективтi түрде анықтама және алдын ала тергеу жүргiзудiң маңызы зор екендiгiне соттардың назары аударылсын. Сондықтан соттар анықтама және алдын ала тергеу материалдарына қойылатын талапты күшейтуге тиiс.
2. Айыптыны сотқа беру кезiнде судьялар (соттар) қарауға келiп түскен iстердi мұқият зерттеуi керек. Егер жүргiзiлген анықтама немесе алдын ала тергеу толық болмай, оны сот мәжiлiсiнде толықтыру мүмкiн болмаса, қылмыстық iс жүргiзу заңы елеулi түрде бұзылса не Қылмыстық iстер жүргiзу Кодексінің 214-статьясында көрсетiлген басқа негiздер болса, iстер қосымша тергеуге қайтарылып, олардың сотта қаралуын тағайындауға жол бермеуге тиiс.
Iстi тәртiптеушi мәжiлiстен қосымша тергеуге жiберу туралы мәселенi шешкен кезде соттар Қылмыстық iстер жүргiзу кодексінің 206, 208, 214-статьяларын және СССР Жоғарғы Соты Пленумының "Айыптыны сотқа берген кезде соттардың заңды қолдану тәжiрибесi туралы" 1980-жылғы 28-ноябрьдегi N 8 қаулысында айтылған айыптыны сотқа берген кезде дәлелдемелер iстi сот мәжiлiсiнде қарау үшiн жеткiлiктi ме сол жағынан ғана бағаланатыны туралы, судья немесе сот айыптының дәлелденгені немесе дәлелденбегенi туралы, сол немесе басқа дәлелдеменiң анық не күмәндi екенi туралы, бiр дәлелдеменiң екiншi дәлелдеме алдындағы артықшылығы туралы тергеу органдарының тұжырымын алдын ала бағалауға правосы жоқ екендiгi туралы түсiнiктемелердi қатаң басшылыққа алуы керек.
3. Анықтама немесе алдын ала тергеудiң олқылығын сот мәжiлiсiнде толықтыру мүмкiн болса, iстердi қосымша тергеуге қайтаруға болмайтыны туралы соттарға атап көрсетiлсiн.
Анықтаманың немесе алдын ала тергеудiң толық еместiгi анықталған жағдайда сот Қылмыстық iстер жүргiзу кодексінің 15-статьясының талаптарына сәйкес iстi дұрыс шешу үшiн елеулi мән-жайлардың бәрiн, оның iшiнде сотта iс жүргiзу барысында мәлiм болған мән-жайларды мұқият зерттеу арқылы оны толықтыруға шаралар қолдануға тиiс.
4. Сот мәжiлiсiнде толықтырылмайтын олқылықтар деп соттар мынадай жағдайларды есептеу керек. Егер iс бойынша жаңадан дәлелдемелер iздеп табу немесе қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды табу, не сотта iс қараудың процессуалдық формасының ерекшелiктерiн сақтай отырып орындау мүмкiн болмайтын әрекеттердi жасауға байланысты тергеу және өзге процессуалдық әрекеттер жүргiзудi талап ететiн толық еместiктер болса.
5. Анықтама немесе алдын ала тергеудiң толық еместігін болғызбау үшiн экспертиза жасау талап етілсе, бұл жағдайларда сот, әдетте, iсті қайта тергеуге экспертиза жасау қосымша документтер, айғақтық заттар мен үлгiлер iздеп табуға, алуға, айыптау қорытындысында көрсетiлген айыптауды неғұрлым ауыр айыптаумен немесе iстiң шын мән-жайынан елеулi айырмашылығы бар айыптаумен өзгертуге әкеп соқтыратын жаңа анықтауға байланысты болған реттерде жiбередi.
Қылмыстық iстер жүргiзу кодексінің 170-статьясында көзделген экспертиза тағайындаған немесе жүргiзген кезде айыпкердiң праволарының бұзылуына байланысты болғанда да, егер бұл бұзушылықты сот мәжiлiсiнде түзеу мүмкiн болмаса, iс қосымша тергеуге жіберiлуi мүмкiн.
6. Айыпкердiң ақыл-есінің дұрыстығына күмән келтiретiн жеткiлiктi негiздер болған жағдайда, сот-психиатриялық экспертиза жүргiзу үшiн іс тәртiптеушi мәжiлiстен қосымша тергеуге қайтарылуға тиiс, өйткенi мұндай күмәндау айыпкердi сотқа беруге кедергi келтiредi.
Егер аталған күмән сотта іс қарау барысында туса, сот өзi экспертиза тағайындауға праволы.
7. Соттар айып тағуды растайтын қажеттi мән-жайлары жоқ және қосымша дәлелдемелер жинау үшiн барлық мүмкiндiктер таусылған iстердi қайта тергеуге қайтару фактiлерiн болғызбауға тиiс. Мұндай жағдайда сот ақтау үкiмiн шығаруға немесе тек қана дәлелдiлігі күмән келтiрмейтiн айып бойынша айыптау үкiмiн шығаруға тиiс.
8. Соттар сотталушының жеке басының кiм екенi туралы мәлiметтердi жан-жақты, толық және объективтi түрде зерттеуi қажет екенiн ескеруi тиiс, өйткенi мұндай мәлiметтер жазаның түрi мен мөлшерiн тағайындау үшiн елеулi маңызы бар. Атап айтқанда, сотталушының дәл жасын, денсаулық жайын, семья жағдайын, еңбекке, оқуға қатысын, жұмыстағы және өндiрiстегi мiнез-құлқын, бұрын сотталу, жазадан босатылу негiздерiн анықтау қажет.
СССР Жоғарғы Соты Пленумының "Соттардың жаза тағайындаудың жалпы негiздерiн қолдану тәжiрибесi туралы" 1979-жылғы 29-июньдегi N 3 қаулысының 3-тармағында айтылған түсiнiктемеге сәйкес сот мәжiлiсiнде толықтырылуы мүмкiн болмай қалған сотталушыны жеткiлiктi түрде толық сипаттайтын мәлiметтердiң болмауы, егер бұл олқылықтар iстiң дұрыс шешiлуiне ықпал етуi мүмкiн болған жағдайда, анықтаманың немесе алдын ала тергеудiң толық болмауы себептi, iстi қосымша тергеуге жiберу үшiн негiз болуы мүмкін.
9. Соттар СССР Жоғарғы Соты Пленумының "Үкiмнiң орындалуын кейiнге қалдыруды қолдану жөніндегi сот практикасы туралы" 1985-жылғы 21-июньдегi N 8 қаулысының 17-тармағының үкiмнiң орындалуын кейiнге қалдыру мерзiмi аяқталғаннан кейiн сотталған адам жаңа қылмыс жасаған ретте мұндай қылмыс туралы iстi сот онда сотталған адамды жазадан босату туралы не оны бiрiншi үкiм бойынша тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасын өтеуге жiберу туралы мәлiметтер болған жағдайда ғана қарауы мүмкiн екендігі туралы талаптарын қатаң сақтауы керек. Мұндай мәлiметтер болмаса және оларды сот мәжiлiсiнен алу мүмкiн болмаса, жаңа қылмыс туралы іс қосымша тергеуге жiберiлуге тиiс.
10. Қылмыстық iстер жүргiзу кодексінің 214-статьясының 1-бөлiгiнiң 2-тармағында, 242-статьясында көзделген негiздер бойынша, егер анықтама немесе алдын-ала тергеу органдары жiберген қылмыстық іс жүргiзу заңының бұзылуы процеске қатысушыларды заңмен кепілдік берілген праволарының айыруға немесе оны шектеуге әкеп соқтырса, не басқа жолмен істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге ықпал етсе, немесе ықпал етуі мүмкін болса, іс қосымша тергеуге жіберілуі мүмкін екендігі соттарға түсіндірілсін.
Мына жағдайдың бәрінде іс қосымша тергеу жүргізу үшін қайтарылуға тиіс, егер:
- Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 120-статьясының талаптары бұзылып, алдын ала тергеудің орнына анықтама жүргізілсе;
- тергеу істі қысқарту не тап сол адам жөнінде нақ сол қылмыс бойынша іс қозғаудан бас тарту туралы бұрын шығарылған қаулы бұзылмай жүргізілсе;
- жаңа айып бойынша өзге адам жөнінде басқа істен жеке іс жүргізуге бөлінген материалдар бойынша алдын ала тергеу іс қозғалмай жүргізілсе;
- айып таққан кезде Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 158-статьясының талаптарын бұзуға жол берілсе; Қылмыстық кодекстің статьясы, бөлігі, тармағы, айыпкердің нақты әрекеті көрсетілмесе, бірнеше қылмыс жасалған жағдайда олардың әрқайсысына заңды баға берілмесе және басқалары;
- айыптау қорытындысында берілген айыптың формулировкасының қойылған айыптан елеулі өзгешелігі болса;
- тергеуді Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 38-статьясына сәйкес отвод берілуге тиіс адамдар жүргізсе;
- Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 24-статьясының алдын ала тергеу жүргізілген кезде, оның ішінде айыпкер жауапқа қабілетті деп танылғанымен, ақыл-есі ұдайы немесе уақытша бұзылуынан зардап шексе, яғни өзінің дене жаратылысы мен ақыл-есінің кемдігінен қорғану правосын жүзеге асыра алмайтын адам болса, қорғаушының міндетті түрде қатысуы туралы талабы бұзылса;
- айыпкердің істің барлық материалдарымен танысу правосы қамтамасыз етілмесе;
- айыпкердің немесе іске қатысушы басқа адамдардың іс үшін елеулі маңызы бар мән-жайларды егер бұл мән-жайларды соттың анықтауы мүмкін болмаса, анықтау туралы өтінішінен негізсіз бас тартса;
- айыптау қорытындыда тағылған айыпты қуаттайтын дәлелдемелер көрсетілмесе;
- Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 11-статьясын бұза отырып, іс жүргізілетін тілді білмейтін айыпкер үшін аудармашыны қатыстыру қамтамасыз етілмесе, мұның өзінде аудармашы беру қажеттігі туралы мәселені ондай өтініш болған жағдайда ғана емес, сондай-ақ бұл адамның аудармашысыз қорғану правосын толық көлемде жүзеге асыруы қиын екендігін дәлелдейтін кездерде де шешу керек.
11. Сот мәжiлiсiнде сотталушының басқа қылмысты жасағаны анықталса, ол бойынша оған айып тағылмаған болса, сот Қылмыстық iстер жүргiзу кодексінің 283-статьясының талаптарына сәйкес жаңа айып алғашқы айыппен байланысты ма, сондай-ақ бұл iстердi жеке-жеке қарау үшiн мүмкiндiк бар ма, соны тексерiп осыған сәйкес iстi қосымша тергеуге қайтару туралы немесе жаңа айып бойынша іс қозғау туралы және бөлiнген материалдарды тергеу жүргiзу үшiн жiберу туралы мәселенi шешуге тиiс.
12. Егер сотта iс жүргiзу барысында қылмыстық жауапқа тартылмаған адамның қылмыс жасағанын көрсететiн мән-жайлар анықталса, сот Қылмыстық iстер жүргiзу кодексінің 284-статьясына сәйкес бұл адам жөнiнде қылмыстық iс қозғауы мүмкiн және оны тергеу жүргiзу үшiн жiбередi.
Қайта қозғалған iс қаралып отырған iспен тығыз байланысты болған ретте және оларды жеке-жеке қарау Қылмыстық iстер жүргiзу кодексінiң 15-статьясы талаптарының орындалуын қамтамасыз етпесе, сот барлық iстi қосымша тергеуге жiбередi.
Мұның өзiнде Қылмыстық iстер жүргізу кодексінің 14-статьясының 11-тармағына сәйкес іс қозғау қажеттiгiн сот тапқан жағдайда, анықтау органының, тергеушiнiң және прокурордың iстi тоқтату туралы немесе тап сол факт бойынша іс қозғаудан бас тартуы туралы қаулысымен ол байланысты емес екендiгi ескерiлуге тиiс.
13. Соттың ұйғаруында iстi қосымша тергеуге қайтару үшiн негiз болған мән-жайларға байланысты, айыптың мазмұнын қысқаша баяндаудан басқа мыналар көрсетiлуге тиiс екендiгiн соттар ескеруi керек:
- анықтаманың немесе алдын ала тергеудiң толық еместiгi нақты неден көрiнедi және соттың оны сот мәжілісінде толықтыру мүмкiндiгі не себептен болмады, қосымша қандай мән-жайлар анықталуға тиiс;
- қылмыстық iстер жүргiзу заңында қандай елеулi бұзушылықтар жойылуға тиiс;
- айыпкерге бұрынғы тағылған айыпқа байланысты жаңа айып тағу үшiн не айыпты неғұрлым ауыр айыппен немесе нақты мән-жайлар бойынша айыптау қорытындыда айтылған айыптау елеулi түрде айырмашылығы бар айыппен өзгерту үшiн негiздер бар екендігін, сондай-ақ басқа адамдарды қылмыстық жауапқа тарту қажеттігін қандай мәлiметтер дәлелдейдi, олар туралы материалдарды жеке iс жүргізу үшiн бөлуге неге болмайды;
- iстер нелiктен дұрыс бiрiктiрiлмеген немесе дұрыс бөлiнбеген.
Iстiң нақты мән-жайларын ескере отырып, сот ұйғаруында тергеу кезiнде жол берiлген бұзушылықтың сипаты (мысалы, жаңа айып тағу, экспертиза өткiзу, беттестiру, Қылмыстық iстер жүргiзу кодексі нормаларының елеулi түрде бұзылуын жою, азаматтық талаптың немесе мүлiктi конфискелеу мүмкiндігін қамтамасыз етуге шаралар қолдану және т.б.) талап еткен жағдайда сол және басқа процессуалдық әрекеттер жүргiзудi ұсына алады.
Iстi қосымша тергеуге қайтару туралы ұйғарудың қорытынды бөлiгiнде iстiң аты, оны қосымша тергеу үшiн прокурорға жiберу туралы, айыпкер жөнiндегi тоқтату шарасы туралы және ұйғаруға шағым протест жасау тәртiбi туралы нұсқау болуға тиiс.
14. Соттардың назары iстi қосымша тергеуге қайтару туралы ұйғаруында айыптың дәлелділігi, сол немесе басқа дәлелдiң анықтығы және бiр дәлелдiң басқа дәлел алдындағы артықшылығы туралы мәселелердi, сондай-ақ алдын ала тергеу барысында тексерiлуге тиiс мән-жайлар анықталған деген қорытындыны алдын ала шешуге праволы еместiгiне аударылсын.
15. Қылмыстық iстер жүргiзу кодексінің 403-статьясына және СССР Жоғарғы Соты Пленумының "Соттардың жеке ұйғару (қаулы) шығару практикасы туралы" 1988-жылғы 29-сентябрьдегi N 11 қаулысының 9-тармағына сәйкес соттар қосымша тергеу үшiн iстi қайтаруға әкеп соқтырған қылмыстық іс жүргiзу заңының елеулi түрде бұзылуы жайында да, сондай-ақ анықтама немесе алдын ала тергеу жүргiзген кезде жол берiлген басқа да бұзушылықтар мен азаматтар праволарының бұзылуы байқалған жағдайда да жеке ұйғару (қаулы) шығаруға тиiс. Бұл бұзушылықтарға жол берген лауазымды адамдардың фамилиялары жеке ұйғаруда көрсетiлуге тиiс.
16. Iстi қосымша тергеуге қайтару туралы соттың ұйғарымына жеке протест немесе жеке шағым келтiруге байланысты iстердi қарай отырып, кассациялық инстанциядағы сот бiрiншi инстанциядағы соттың нұсқауын бұзуға немесе өзгертуге, не тергеу жүргiзу жөнінде жаңа нұсқау беруге праволы.
Мұндай өзгерiстердi қадағалау инстанциясының соттары да сот ұйғаруларына және қаулыларына енгiзуi мүмкiн. 17. Облыстық және Алматы қалалық соттары iстердiң қосымша тергеуге қайтарылу себептерiне ұдайы талдау жасап, Қылмыстық iстер жүргiзу кодексінің 214 және 242-статьяларын қолданған кезде соттар жол беретiн бұзушылықтарды болғызбауға шаралар қолдануы қажет. Мамандар: (Қасымбеков Б.А.) (Икебаева Ә.Ж.)