Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 8 сәуірдегі N 543 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі N 301 Заңымен

       Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2007.07.21.  N 301  (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       МАЗМҰНЫ

      Осы Заң тамақ өнiмдерiнiң Қазақстан Республикасы аумағында дайындалуы мен айналымы кезінде олардың сапасын және халықтың денсаулығы мен қоршаған орта үшiн қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы қатынастарды реттейдi.

  1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгі ұғымдар пайдаланылады:
      1)  тамақ өнімдерiнiң қауіпсiздiгі  - белгiленген жарамдылық мерзiмi iшiнде тамақ өнiмдерiн пайдалану мен (немесе) сақтаудың адамдар өмiрi, денсаулығы үшiн қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн тамақ өнiмдерiнiң ерекшелiгi;
      2)  биологиялық жұғымды қоспалар  - жеке қолдануға немесе тамақ өнiмдерiнiң құрамына енгiзуге арналған табиғи (табиғи заттармен бiрдей) биологиялық жұғымды заттар;
      3)  генетикалық түрлендiрiлген көздер  - гендiк инженерия әдiстерiн қолдана отырып, өсiмдiктен және (немесе) малдан алынған шикiзат пен өнiмдер;
      4)  дайындау күнi  - тамақ өнiмiн дайындаудың технологиялық процесi аяқталған күн;
      5)  орама жасау күнi  - тамақ өнiмiн тұтыну ыдысына салу күнi;
      6)  тамақ өнiмдерiн, тамақ өнiмдерiмен байланыста болатын материалдар мен бұйымдарды бiрдейлендiру  - белгiлi бiр тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың нормативтiк, техникалық құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн белгiлейтiн рәсiм;
      7)  тамақ өнiмдерiнiң сапасы  - тамақ өнiмдерiнiң нормативтiк құжаттар талаптарына сәйкестiк деңгейiн көрсететiн, олардың тұтынылу ерекшелiктерiнiң жиынтығы;
      8)  таңбалау  - тамақ өнiмiн дайындаушы тұтыну ыдысына (орамаға), этикеткаға, жапсырмаға, қосымша параққа, стикерге түсiретiн ақпарат;
      9)  тамақ өнiмдерiмен байланыста болатын материалдар мен бұйымдар (бұдан әрi - материалдар мен бұйымдар)  - тамақ өнiмдерiн дайындау, өндiру, орау, сақтау, тасымалдау, өткiзу және пайдалану үшiн қолданылатын материалдар мен бұйымдар, соның iшiнде көлiк, технологиялық жабдықтар, аспаптар мен қондырғылар, ыдыс, ыдыс-аяқ, асханалық керек-жарақтар;
      10)  сапасыз және қауiптi тамақ өнiмдерi  - тұтынылуы (пайдаланылуы) адамдардың денсаулығы мен өмiрiне қауiп келтiруi мүмкiн немесе қауiп келтiретін тамақ өнiмдерi;
      11)  нормативтiк құжаттар  - тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауiпсiздiгiнiң талаптарын белгiлейтiн халықаралық, мемлекетаралық, мемлекеттiк стандарттар, техникалық жағдайлар, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар және гигиеналық нормативтер, ветеринариялық (ветеринариялық-санитарлық) ережелер мен фитосанитарлық нормативтер;
      12)  тамақ өнiмдерiнің, материалдар мен бұйымдардың айналымы  - тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды дайындау, әзiрлеу, өндiру, сатып алу, импорт пен экспорт сақтау, тасымалдау мен өткiзу, сауда және тамақтандыру саласында қызметтер көрсету, сондай-ақ сапасыз және қауiптi тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды кәдеге жарату немесе жою;
      13)  байытылған (фортификацияланған) тамақ өнiмдерi  - тамақтың құндылығын арттыру үшiн бiр немесе одан да көп қажеттi ингредиенттер (витаминдер, минералдар, белоктар, амин немесе май қышқылдары) және тамақ өнiмдерiнде бастапқыда болмаған немесе өндiру мен сақтау процесiнде жоғалтылған, сондай-ақ аурулардың алдын алу мақсатында енгiзiлген басқа да заттар қосылған кез келген тамақ өнiмдерi;
      14)  тамақ қоспалары  - тамақ өнiмдерiне оларды дайындау және өндiру процесiнде белгiлi бiр қасиеттер сіңіру және (немесе) олардың сапасын сақтау мақсатында арнайы енгізілетін табиғи және жасанды заттар мен олардың қосындылары;
      15)  тамақ өнімдері  - адам тамақ ретінде пайдаланатын табиғи немесе өңделген түрдегі өнімдер, соның iшiнде балаларға арналған, диеталық тағам өнiмдері, шөлмекке құйылған ауыз су, алкоголь өнiмi, сағыз, алкогольсіз сусындар, тағамдық және биологиялық жұғымды қоспалар;
      16)  өнімнің тағамдық құндылығы  - адамның қажетті заттар мен энергияға деген физиологиялық қажеттіліктерiн қанағаттандыратын тамақ өнiмi қасиеттерінің жиынтығы;
      17)  балалар тағамы өнімдері  - он төрт жасқа дейiнгi балалардың тамақтануына арналған және бала организмiнiң физиологиялық қажеттiлiктерiне сәйкес келетiн тамақ өнiмдері;
      18)  жарамдылық мерзімі  - тамақ өнiмi мақсаты бойынша пайдалану үшiн жарамды деп есептелетiн уақыт кезең;
      19)  сақтау мерзімі  - белгiленген сақтау талаптары орындалған жағдайда тамақ өнiмiнің нормативтік құжаттарда көрсетiлген барлық қасиеттері сақталатын уақыт кезеңi;
      20)  тамақ өнімдеріне, материалдар мен бұйымдарға техникалық құжаттама  - өнiмнің тiршiлiк циклінің әрбiр сатысында тiкелей пайдалану үшін қажеттi және жеткіліктi құжаттар жиынтығы (бұдан әрi - техникалық құжаттама);
      21)  тамақ өнімдерін, материалдар мен бұйымдарды кәдеге жарату  - сапасыз және қауіптi тамақ өнімдерiн, материалдар мен бұйымдарды олардың әуелде жаратылған және әдеттегі қолданылатын мақсатынан өзгеше мақсаттарға пайдалану;
      22)  жалған тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар  - көрiнеу және қасақана өзгертілген (қолдан жасалған) және (немесе) олар туралы ақпарат көрінеу сенiмсіз немесе толық емес болып табылатын жасырын қасиеттері мен сапасы бар тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар;
      23)  тамақ өнімдерін сараптау  - тамақ өнiмдерінің қауіпсiздігін анықтау, тұтынылу қасиеттерiн, тамақтық және энергетикалық құндылығын сипаттайтын ерекшеліктерін бағалау;
      24)  тамақ өнімінің энергетикалық құндылығы  - физиологиялық функцияларды қамтамасыз ететін тамақ өнiмдерiнен адам организмiнде бөлiнетін қуаттың мөлшері.

       2-бап. Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің
               сапасы мен қауiпсiздiгін қамтамасыз ету
               саласындағы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздігін қамтамасыз ету саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негізделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзге ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.  ( P991716  қараңыз)

       3-бап. Тамақ өнiмдерiнің, материалдар мен бұйымдардың
               айналымы

      1. Нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес келетiн және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіпте мемлекеттік тiркеуден өткен өнiмдер, материалдар мен бұйымдар айналымда бола алады. 
      2. Мынадай:
      1) нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмейтiн;
      2) оларды сараптау кезiнде табылған сапасыздықтың айқын белгiлерi бар;
      3) олардың сапасы мен қауіпсiздiгiн куәландыратын, шығу тегiн растайтын құжаттары жоқ;
      4) берiлген ақпаратқа сәйкес келмейтiн;
      5) белгiленген жарамдылық мерзiмдерi жоқ (жарамдылық мерзiмдерін белгiлеу міндеттi болып табылатын тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар үшін) немесе жарамдылық мерзiмдерi өтіп кеткен;
      6) нормативтiк құжаттарда көзделген мәлiметтердi қамтитын таңбалауы жоқ;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiпте мемлекеттік тiркеуден өтпеген тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар айналымда бола алмайды.

       4-бап. Тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдaрдың
               сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету

      Тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауiпсiздігі:  ( P001783  қараңыз)
      1) тамақ өнiмдерінің, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында мемлекеттік реттеу шараларын қолдану;
      2) тамақ өнімдерінің, материалдар мен бұйымдардың айналымы жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың тамақ өнiмдерiне, материалдар мен бұйымдарға және олардың айналымының шарттарына нормативтiк құжаттардың талаптарын орындау бойынша ұйымдық, агрохимиялық, ветеринариялық, технологиялық, инженерлiк-техникалық санитарлық-эпидемияға қарсы (алдын алу) және фитосанитарлық iс-шараларды өткiзуi;
      3) тамақ өнiмдерінің, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауiпсiздiгiне, нормативтiк құжаттарға сәйкес олардың айналымының шарттарын сақтауға өндiрiстiк бақылау жүргiзу;
      4) мiндеттi сертификаттауға жататын тамақ өнімдерін, материалдар мен бұйымдарды сертификаттау;
      5) санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу;
      6) сапаны басқарудың прогрессивтi жүйелерiн енгiзу арқылы қамтамасыз етіледi.

       5-бап. Тамақ өнімдерінің ,материалдар мен бұйымдардың
              сапасы мен қауiпсiздiгі туралы ақпарат

      1. Тамақ өнімдерінің, материалдар мен бұйымдардың айналымы жөніндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар тамақ өнiмдерінің, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауіпсiздігі туралы:
      сатып алушыларға және (немесе) тұтынушыларға;
      бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарға толық және дұрыс ақпарат беруге міндеттi.
      2. Стандарттау, метрология және сертификаттау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, ветеринария және фитосанитария саласындағы уәкілетті органдар өз құзыретi шегiнде жеке және заңды тұлғаларды:
      тамақ өнімдерінiң, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауіпсiздігі;
      тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауiпсiздiгiне талаптар белгiлейтiн нормативтiк құжаттар;  ( P001783  қараңыз)
      тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды мемлекеттiк тiркеу;
      тамақ өнімдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн растау туралы;
      сапасыз және қауіпті тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды сатудың алдын алу жөніндегi шаралар туралы ақпаратпен қамтамасыз етедi.

  2-тарау. Тамақ өнімдерінің, материалдар мен
бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету
саласындағы мемлекеттік реттеу

       6-бап. Тамақ өнімдерінің, материалдар мен бұйымдардың
               сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету
               саласындағы мемлекеттік нормалау

      1. Тамақ өнiмдерiнің (соның iшiнде тағамдық және биологиялық жұғымды қоспалардың), материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауіпсiздігіне, орауға, таңбалауға, өндiрiстік бақылауға, олардың өнiмге техникалық құжаттамаларының сәйкестігін бағалауына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының тиiсті нормативтік құқықтық актiлерiмен, нормативтiк құжаттармен белгіленедi.  ( P001783  қараңыз)
      2. Тамақ өнiмдерінің, материалдар мен бұйымдардың айналымы бойынша қауіпсiздікке қойылатын талаптар тиісті санитарлық-эпидемиологиялық ережелермен, нормалармен және гигиеналық нормативтермен белгіленеді.  ( V032403 V032526 V021989  қараңыз)
      3. Ет, балық, құс, жұмыртқа және малдан алынатын басқа да шикізатты дайындау, сақтау, тасымалдау, өңдеу және өткiзу кезiндегі сапа мен қауiпсiздікке қойылатын талаптар ветеринариялық (ветеринариялық-санитарлық) ережелермен, санитарлық-эпидемиологиялық ережелермен, нормалармен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.  ( P001783 V032410 V022105  қараңыз)
      4. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттарын, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды, гигиеналық нормативтердi, ветеринариялық (ветеринариялық-санитарлық) ережелердi және фитосанитарлық нормативтердi тиiсiнше стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегі уәкiлеттi орган, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, ветеринариялық және фитосанитарлық қадағалау саласындағы уәкiлеттi органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен бекiтедi.  ( Z040603  қараңыз)
      5. Тамақ өнiмдерінің, материалдар мен бұйымдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттарымен, санитарлық-эпидемиологиялық ережелермен және нормалармен, гигиеналық нормативтермен, ветеринариялық (ветеринариялық-санитарлық) ережелермен және фитосанитарлық нормативтермен белгiленген сапасы мен қауiпсiздiгiне қойылатын талаптар тамақ өнiмдерінің, материалдар мен бұйымдардың айналымы жөнiндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндетті болып табылады.

       7-бап. Тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды
               мемлекеттік тiркеу

      1. Өндiрiске алғаш енгiзiлетiн және Қазақстан Pecпубликасының аумағына әкелiнетiн тағамдық және биологиялық жұғымды қоспалар, генетикалық түрлендiрiлген көздер, балалар тағамы өнiмдерi, сумен және тағам өнiмдерiмен байланыста болатын бояғыштар, материалдар мен бұйымдар мемлекеттiк тiркеуге жатады.  ( P001787  қараңыз)
      2. Өндiрiске алғаш енгiзiлетiн және Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн балалар тағамы өнiмдерiн, тағамдық және биологиялық жұғымды қоспаларды мемлекеттiк тiркеу халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүргізiлуге тиiс.
      3. Мемлекеттiк тіркеу:
      1) дайындаушы (жеткiзушi) беретiн және тамақ өнiмдерiнің, материалдар мен бұйымдардың нормативтік құжаттардың, оларды дайындау немесе жеткiзу шарттарының талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттардың сараптамасын, сондай-ақ өткiзiлген сынау нәтижелерiн;
      2) Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат берiлген заттар мен өнiмдердi, олар туралы, оларды дайындаушылар (жеткiзушiлер) туралы ақпаратты Мемлекеттік тiзiлiмге енгізудi қамтиды.
      4. Бiр атаумен тамақ өнiмдерiнің, материалдардың, бұйымдардың бiрнеше түрiн мемлекеттiк тiркеуге, сондай-ақ тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың бiр түрiн бiр атаумен немесе әртүрлi атаулармен, оларды әртүрлi өндiрушiлер дайындаған жағдайларды қоспағанда, бiрнеше рет тiркеуге жол берiлмейдi.

       8-бап. Тамақ өнiмдерінiң, материалдар мен бұйымдардың
               сапасы мен қауіпсiздігіне қойылатын талаптарды
               сертификаттау және растау

      1. Мiндеттi сертификаттауға жататын тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың тiзбесiн халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, ветеринария және фитосанитарлық қадағалау саласындағы уәкiлеттi органдардың ұсыныстары негізiнде стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi органның ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
      2. Тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар үшiн әзiрленетiн нормативтiк құжаттамаларға енгiзiлетiн сапа және қауiпсiздiк көрсеткiштерi стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi органмен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, ветеринария және фитосанитарлық қадағалау саласындағы уәкiлеттi органдармен мiндеттi түрде келiсiлуге жатады.
      3. Тамақ өнiмдерiне, материалдар мен бұйымдарға тамақ өнiмдерiнiң айналымы саласында көрсетiлетiн қызметтерге, сондай-ақ сапа жүйелерiне сертификаттау жүргiзу тәртiбi (сәйкестік туралы декларацияны мiндетті және ерiктi түрде беру) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.  ( Z040603  қараңыз)
      Мiндеттi сертификаттау тiзбесiне кiрмейтiн тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды берiле отырып, мiндеттi санитарлық-эпидемиологиялық сараптауға жатады.  ( V032600  қараңыз)
      4. Егер тамақ өнiмдерiнiң айналымы саласында сертификаты және (немесе) санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы бар жеке және (немесе) заңды тұлғалар нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарды бұзса, осы бапта көрсетiлген құжаттарды берген стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкiлеттi орган, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлетті орган олардың қызметiн және аталған құжаттардың қолданылуы бұзушылық жойылғанға дейiн тоқтата тұруға мiндеттi. Егер бұзушылықты жою мүмкiн болмаған жағдайда, аталған құжаттар керi қайтарып алынады.
      Сәйкестiк туралы декларация берген жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бұзушылығы анықталған жағдайда, уәкiлеттi органдар тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар айналымы саласындағы қызметті дереу тоқтата тұруға, сәйкестік декларациясын қайтарып алу арқылы оның қолданылуын тоқтатуға және сәйкестiк декларациясының қолданылуын тоқтату туралы стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегі уәкiлеттi органға хабарлауға мiндетті.

       9-бап. Тамақ өнімдерінің, материалдар мен бұйымдардың
               сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету
               саласындағы мемлекеттік қадағалау және бақылау

      1. Тамақ өнімдерінің, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауiпсiздiгiн мемлекеттiк қадағалау мен бақылауды халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, ветеринария, фитосанитарлық қадағалау саласындағы уәкілетті органдар мен стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкілеттi орган Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.  ( P001783  қараңыз)
      2. Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсiздігі және халықтың денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын айқындау, сондай-ақ сапасыз және қауіптi тамақ өнiмдерінің, материалдар мен бұйымдардың тұтыну рыногына келiп түсуiн болғызбау жөніндегі шараларды әзiрлеу мақсатында халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті орган санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізеді.      

       10-бап. Тамақ өнімдерінің, материалдар мен бұйымдардың
                айналымын жүзеге асыратын жеке және заңды
                тұлғалардың құқықтары мен мiндеттері

      1. Жеке және заңды тұлғалардың:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес аумақтың және (немесе) объектiнiң санитарлық-эпидемиологиялық және эпизоотологиялық жай-күйi туралы дұрыс ақпаратты уақытылы алуға;  ( Z020361  қараңыз)
      2) санитарлық ережелер мен нормаларды, гигиеналық нормативтердi, ветеринариялық (ветеринариялық-санитарлық) ережелер мен фитосанитарлық нормативтердi орындау мақсатында зерттеулер жүргізу бойынша мемлекеттiк органдарға және ұйымдарға жүгiнуге;
      3) санитарлық-эпидемияға қарсы (алдын алу), ветеринариялық және фитосанитарлық ic-шараларды өткiзуге қатысуға құқығы бар.
      2. Жеке және заңды тұлғалар:
      1) мемлекеттік және мемлекетаралық стандарттарда белгiленген тамақ өнімдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың, оларды дайындаудың, ораудың, таңбалаудың, сақтаудың, тасымалдаудың және өткiзудiң технологиялық процестерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiне қойылатын талаптары бар техникалық регламенттер мен мiндеттi талаптарға сәйкес келетiн техникалық шарттарды әзiрлеуге және бекiтуге;
      2) тамақ өнiмдерінің, материалдар мен бұйымдардың жаңа түрлерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiне оларды сынақтан өткiзу әдiстемесiне өндiрiстiк бақылау жасау бағдарламаларын әзiрлеуге және олар үшін мiндетті жарамдылық және сақталу мерзiмдерiн нормативтiк құжаттарға сәйкес белгілеуге;
      3) тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың әрбiр партиясының сапасы мен қауіпсiздiгiн, сондай-ақ тамақ өнiмдерінің, материалдар мен бұйымдардың айналымы кезiнде нормативтiк құжаттар талаптарының сақталуын бақылауды қамтамасыз етуге;
      4) тамақ өнімдерін, материалдар мен бұйымдарды сатып алушылардың немесе тұтынушылардың талабы бойынша өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауiпсiздiгiн куәландыратын құжаттар беруге;
      5) тамақ өнiмдерiнiң орамасы мен таңбалануын нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес қамтамасыз етуге;
      6) сапасыз және қауiптi тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың дайындалуын мұндай тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды дайындауға әкеп соқтырған себептердi жою үшін қажет мерзiмге тоқтата тұруға мiндеттi. Мұндай себептердi жою мүмкiн болмаған жағдайда сапасыз және қауiптi тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың дайындалуын тоқтатуға, оларды айналымнан алып тастауға, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сараптама жүргiзудi, кәдеге жаратуды немесе жоюды ұйымдастыруға;
      7) тамақ өнiмдерiнің, материалдар мен бұйымдардың сақталуы мен тасымалдануын нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес қамтамасыз етуге;
      8) тамақ өнімдерiн, материалдар мен бұйымдарды тасымалдау мен сақтау кезінде тамақ өнімдерінің, материалдар мен бұйымдардың тиiстi сапасын жоғалтуына және олардың қауiптi қасиеттерді сiңiруіне әкеп соқтырған бұзушылықтар туралы тиістi уәкiлеттi органдарға хабарлауға және оларды сараптамаға жiберуге;
      9) санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринариялық-санитарлық сараптамалардың оң қорытындысы бар тамақ өнiмдерін, материалдар мен бұйымдарды өткiзуге жол беруге;
      10) егер тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың тиiстi сапаларының жойылуына әкеп соқтырған бұзушылыққа жол берiлсе және (немесе) олардың қауiптi қасиеттерi пайда болса, бұл жағдайда олардың өткiзiлуiн тоқтатуға оларды тұтынушылардан қайтарып алуды қамтамасыз етуге, сараптамаға жiберуге және олардың кәдеге жаратылуын немесе жойылуын ұйымдастыруға мiндеттi.  ( V021989 V032526  қараңыз)

  3-тарау. Тамақ өнімдерінің, материалдар мен
бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге
қойылатын талаптар

       11-бап. Тамақ өнімдерiнiң, генетикалық түрлендiрiлген
                көздердiң, материалдар мен бұйымдардың сапасы  
                мен қауіпсiздiгін қамтамасыз етуге қойылатын
                жалпы талаптар

      1. Халықтың тұтынуына арналған тамақ өнiмдерi, генетикалық түрлендiрiлген көздер, материалдар мен бұйымдар халықтың санитарлық-эпидемиологиялық caлауаттылығы саласындағы уәкiлетті орган бекiткен нормативтік құжаттарға сәйкес келуге, физиологиялық қажеттiлiктердi қанағаттандыруға, органикалық-лептикалық және физикалық-химиялық көрсеткiштер (химиялық, радиоактивтiк, биологиялық заттар мен олардың қосындылары және микроорганизмдердiң жол берiлген құрамы) бөлігiнде қойылатын талаптарға сай болуға тиіс.
      2. Тамақ өнiмдерi, балалар тағамы өнiмдері, олардың тағамдық, биологиялық және энергетикалық құндылығы орамада (ыдыста) көрсетiлген нормативтiк құжаттар мен ақпаратқа сәйкес келуге тиiс.
      Диеталық және емдеу-профилактикалық тағам өнiмдері, тағамдық және биологиялық жұғымды қоспалар арнайы мақсаттағы өнiмдерге жатады және олардың азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен бекітiлген нормативтiк құжаттарға сәйкес келетiн қасиеттерi мен сипаттамасы болуға тиiс.
      3. Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн жоғары және бiрiншi сортты бидай ұны Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен мiндеттi түрде фортификациялануға (байытылуға) тиіс.
      Витаминдi-минералдық кешендi құрамның нормалары, оның сапасы, қауiпсiздiгi, фортификациялау әдiстерi техникалық құжаттамаларға, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға және өзге де нормативтiк құжаттарға сәйкес келуге тиiс.  ( V032403  қараңыз)

       12-бап. Тамақ өнімдерiн, материалдар мен бұйымдарды
                әзiрлеу кезiнде олардың сапасы мен қауiпсiздiгiн
                қамтамасыз етуге қойылатын талаптар

      1. Жеке және (немесе) заңды тұлғалар әзiрлейтiн техникалық құжаттамаға тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауiпсiздiгiн көрсеткіштерi, олардың жарамдылық мерзімдерi, орауға, таңбалауға қойылатын талаптар дайындалуы мен айналымының шарттары, олардың сапасы мен қауiпсiздiгiн өндiрiстiк бақылау бағдарламалары, сынақтар әдiстемесi, сапасыз және қауiптi тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды кәдеге жарату немесе жою тәсiлдерi енгiзуге тиiс.
      Техникалық құжаттама жобалары және тамақ өнiмдерінің, материалдар мен бұйымдардың тәжiрибелiк үлгілерi шикiзатына қарай санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринариялық-санитарлық сараптауға жатады.  ( Z020361  қараңыз)
      Аталған жобаларды жеке және (немесе) заңды тұлғалар санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы және (немесе) сараптама актісi болған кезде ғана бекiтедi және олар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тіркеледi.
      2. Бекiтілген техникалық құжаттамадағы талаптар тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың айналымымен байланысты қызметті жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар үшін мiндеттi болып табылады.
      3. Шығарылатын тамақ өнімдерiндегi жекелеген ингредиенттерді ауыстыру сол өнімге арналған нормативтiк құжатқа келісiм берген уәкiлеттi органның рұқсатымен, нормативтік құжатқа тиістi өзгерiстер енгізгеннен кейiн жүргізіледі.  ( V032600  қараңыз)

       13-бап. Тамақ өнімдерін, материалдар мен бұйымдарды
               дайындау және өндiру кезінде олардың сапасы
               мен қауіпсiздігін қамтамасыз етуге қойылатын
               талаптар

      1. Тамақ өнімдерiн, материалдар мен бұйымдарды дайындау және өндiру үшін сапасы мен қауiпсiздігі нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес келетін шикiзат қолданылуға тиіс.
      2. Азық-түлік шикiзатын дайындау және өндiру кезiнде мемлекеттік тiркеуден, санитарлық-эпидемиологиялық және (немесе) ветеринариялық-санитарлық сараптамалардан өткен азықтық қоспаларды, малдың өсiмiн жеделдеткiштердi (соның ішінде гормонды препараттарды), пестицидтердi, агрохимикаттарды пайдалануға жол берiледi.
      3. Балалар өнiмдерi, диеталық және емдеу-профилактикалық тағам дайындау мен өндiру кезiнде азықтық қоспалар, малдың өсiмiн жеделдеткіштер (соның iшiнде гормонды препараттар), дәрiлiк заттардың жекелеген түрлерi, пестицидтер, агрохимикаттар, генетикалық түрлендiрiлген көздер және адамның денсаулығына қауіптi басқа да заттар мен құрамалар пайдаланылған азық-түлік шикізатын қолдануға тыйым салынады.
      4. Қазақстан Республикасының аумағында жоғары және бiріншi сортты бидай ұнын оны фортификациялау талабын сақтамай өндiруге, әкелуге, сондай-ақ өткізуге тыйым салынады.  ( V032526  қараңыз)

       14-бап. Tамақ өнiмдерiн бөлшектеп өлшеп салу, орау
                және таңбалау кезiнде олардың сапасы мен
                қауiпсіздiгiн қамтамасыз етуге қойылатын
                талаптар

      1. Тамақ өнімдерi сақталу, тасымалдау және өндірiлу кезiнде сапасы мен қауіпсiздігін сақтауды қамтамасыз eтуге мүмкіндік беретін тәсiлдермен өлшеп оралуға және оралуға тиiс.
      2. Тамақ өнiмдерiн өлшеп орау мен орауды жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар тамақ өнiмдерiн өлшеп орау мен орауға, оларды таңбалауға, сондай-ақ тамақ өнiмдерiн өлшеп орау мен таңбалауға пайдаланылатын материалдарға қойылатын нормативтік құжаттардың талаптарын сақтауға мiндетті.
      3. Орауға арналған материалдар мен бұйымдардың этикеткаларында, жапсырмаларында, қосымша парақтарында және стикерлерiнде тамақ өнімдерінің түрлерi есепке алына отырып, Қазақстан Pecпубликасының заңдарында айқындалған ақпараттан басқа, мемлекеттік және орыс тiлдерiнде:
      1) өнiмнің тағамдық құндылықтары (калориялылығы, белоктардың, майлардың, көмiртегiнiң, витаминдердің, макро- және микроэлементтердің құрамы);
      2) арнаулы және қолданылу (соның ішінде балаларға арналған, диеталық және емдеу профилактикалық тағам өнiмдерi мен биологиялық жұғымды қоспаларды) шарттары;
      3) дайын тағамды (тамақ өнiмдерiнiң концентраттары мен жартылай фабрикаттары үшiн) дайындау тәсiлдерi мен шарттары;
      4) сақтау шарттары мен мерзiмдерi (сақтау шарттарына талаптар белгiленген тамақ өнiмдеріне қатысты) және жарамдылық мерзiмдерi;
      5) тамақ өнiмдерi дайындалған күн және оралған күн;
      6) тағамдық және биологиялық жұғымды қоспаларымен қоса, құрамы және қолданылатын генетикалық түрлендiрiлген көздерi туралы мәлiметтерi бар ақпарат болуға тиiс.
      4. Фортификацияланған тамақ өнiмдерiнiң орауы олардағы нормативтiк құжаттарда көзделген мөлшерде витаминдi-минералдық жиынтық құрамының сақталуын қамтамасыз етуге тиiс.

       15-бап. Тамақ өнімдерiн, материалдар мен бұйымдарды
                сақтау және тасымалдау кезiнде олардың caпасы
                мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге
                қойылатын талаптар

      1. Тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды сақтау және тасымалдау олардың сапасы мен қауiпсiздігін сақтауды қамтамасыз ететiн жағдайларда жүзеге асырылуға тиiс.
      2. Тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды нормативтiк құжаттардың және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарына сай келуге тиiстi арнайы жабдықталған үй-жайларда, ғимараттарда сақтауға жол берiледi.
      3. Тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды тасымалдау үшiн арнайы осы мақсаттарға арналған және (немесе) жабдықталған, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ресiмделген санитарлық паспорты бар көлiк құралдары пайдаланылады.  ( P001783  қараңыз)
      4. Байытылған (фортификацияланған) тамақ өнiмдерi мен азық-түлiк шикiзаты үшiн сақтаудың, тасымалдаудың және өткiзудiң ерекше режимдерi белгіленедi.
      5. Егер тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды сақтау және (немесе) тасымалдау кезiнде олардың тиiстi сапасын жоғалтуға және олардың қауiпті қасиеттерін тудыруға әкеп соқтырған бұзушылыққа жол берiлсе, бұл жағдайда олар өткiзiлуге жатпайды, тиiстi сараптамаға жiберiп, соның нәтижелерiне сәйкес кәдеге жаратылады немесе жойылады.  ( V032526  қараңыз)

       16-бап. Тамақ өнімдерiн, материалдар мен бұйымдарды
                өткiзу кезiнде олардың сапасы мен қауiпсіздігін
                қамтамасыз етуге қойылатын талаптар

      1. Нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес келетiн тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар өткiзiлуге жатады.  ( P001783  қараңыз)
      2. Тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар:
      1) сапа мен қауiпсiздiк көрсеткiштерi бойынша нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмеген;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен олардың сапасы мен қауiпсiздігін растайтын тиiстi сертификаты, санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы және (немесе) сараптама актiсi мен олардың шыққан жерiн анықтайтын өзге де құжаттар болмаған;
      3) сапасыздығының айқын белгiлерi болған;
      4) таңбалануы немесе нормативтiк құжаттарда және осы Заңда көзделген мәлiметтерi бар ақпараты болмаған;
      5) iлеспе құжаттамада келтiрiлген ақпаратқа атауы мен түрi және таңбалануы бойынша сәйкес келмеген;
      6) жарамдылық мерзiмi өтіп кеткен жағдайда оларды өткiзуге жол берiлмейдi.
      3. Егер тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды өткiзген кезде тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың тиiстi сапасының жоғалуына және олардың қауiптi қасиеттерге ие болуына әкеп соққан бұзушылықтарға жол берiлсе, тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды өткiзудi жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар мұндай тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдарды өткiзуден алып тастауға, олардың тұтынушылардан керi қайтарылуын қамтамасыз етуге, сапасыз және қауіптi тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды сараптамаға жiберуге, ал қажет болған жағдайда, олардың кәдеге жаратылуын немесе жойылуын ұйымдастыруға мiндеттi.

       17-бап. Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн
                тамақ өнiмдерiнің, материалдар мен бұйымдардың
                сапасы мен қауiпсiздігiн қамтамасыз етуге
                қойылатын талаптар

      1. Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетін тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауiпсiздiгi нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес келуге тиiс.
      2. Қазақстан Республикасының аумағына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркеуден өтпеген және олардың сапасы мен қауiпсiздiгiнiң нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжаттары жоқ тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды әкелуге тыйым салынады.  ( P001783 Z040603  қараңыз)
      3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiнде мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринариялық қадағалауды, фитосанитарлық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалар өз құзыреттерi шегінде тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды, олардың тауарлық iлеспе құжаттарын тексеруден өткізеді және мұндай тамақ өнiмдерінің, материалдар мен бұйымдардың Қазақстан Республикасының аумағында әкеліну мүмкіндігі туралы шешiм қабылдайды.
      Егер Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар нормативтiк құжаттарға сәйкес келмесе немесе қауіптi болып табылса, осы тармақта аталған лауазымды тұлғалар оларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді уақытша тоқтата тұру жөнiнде шешiм қабылдайды немесе оларды әкелуге тыйым салуды белгілейдi.
      4. Сараптама нәтижелерi бойынша сапасыз және (немесе) қауiптi деп танылған тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды иеленушi оларды он күннің ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан алып кетуге мiндеттi.
      Егер сапасыз және (немесе) қауіптi тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар осы тармақта белгiленген мерзiмде Қазақстан Республикасының аумағынан әкетілмеген болса, олар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алып қойылады, кәдеге жаратылады немесе қойылады.

       18-бап. Тамақ өнiмдерiнің, материалдар мен бұйымдардың
                сапасы мен қауіпсiздiгiне өндiрiстiк бақылау
                жасауды ұйымдастыру мен жүргізуге қойылатын
                талаптар

      1. Сапасы мен қауіпсiздiгiн өндiрiстік бақылау тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар айналымы жөніндегi қызметті нормативтік құжаттардың талаптары негізінде жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар әзiрлеген тәртіппен жүргiзiледi.
      2. Тамақ өнiмдерінің, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауіпсiздігін бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен аккредиттелген (аттестацияланған) зертханалар жүзеге асырады.  ( P001783 V032526  қараңыз)

       19-бап. Сапасыз және қауіпті тамақ өнімдерін,
                материалдар мен бұйымдарды айналымнан алып
                тастауға, оларды кәдеге жаратуға және жоюға
                қойылатын талаптар

      1. Сапасыз және қауіпті тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар айналымнан алып тастауға жатады.
      Сапасыз және (немесе) қауiпті деп танылған тамақ өнімдері, материалдар мен бұйымдарды иеленушi оларды айналымнан өзi алып тастауға немесе халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, ветеринария, фитосанитарлық қадағалау саласындағы уәкілеттi органдардың және стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi органның ұйғарымдары негiзiнде табылған кезден бастап дереу алып тастауға мiндетті.
      Уәкiлетті органдардың ұйғарымдарына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым беруге болады.
      2. Егер сапасыз және қауiптi тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды иеленушi оларды айналымнан алып тастау жөнiнде шаралар қолданбаған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен алып қоюға жатады.
      3. Айналымнан алып тасталған сапасыз және қауіпті тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар олардың кәдеге жаратылу немесе жою мүмкiндiктерiн анықтау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өткiзiлетiн тиiстi сараптама жасауға жатады. Сапасыз және қауiптi тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды кәдеге жарату немесе жою туралы шешiм Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сараптаманың нәтижелерi бойынша қабылданады.
      4. Шыққан жерi белгiсiз, сондай-ақ сапасыздықтың белгілерi бар және осыған байланысты адамның өмiрi мен денсаулығына тiкелей қатер төндiретiн тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар сараптамадан өткiзiлмей-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен алып қоюға және жойылуға жатады.
      5. Өңделген өнiмдi арналуы бойынша немесе оның жаңа атауымен одан әрi пайдалану тиiстi санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны ала отырып, санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманың оң нәтижелері болған кезде ғана мүмкiн болады.
      6. Халыққа қауiп төндiретiн залалды тамақтық және ауыл шаруашылық өнімдерiн жою алдында олар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртіппен зарарсыздандырылады.
      Сапасыз және қауiптi тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды жою және (немесе) көму кезiнде, осы мақсаттар үшiн көзделген жерлердегi ауа бассейнiн, топырақты, жерасты суларын ластауды болғызбау үшiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық атқарушы органның оң экологиялық сараптамасының болуы мiндеттi.
      7. Сапасыз және қауiптi тағам өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың сараптамасына, тасымалдануына, кәдеге жаратылуына немесе жойылуына қатысты шығыстарды оларды иеленушілер төлейдi.
      8. Аурулардың пайда болуы мен таралуын және адамдар мен жануарлардың улануын, сондай-ақ қоршаған ортаның ластануын болғызбау мақсатында уәкiлеттi органдар тиiстi актiлердiң негiзiнде сапасыз және қауiптi тағам өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың кәдеге жаратылуын немесе жойылуын бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi.  ( V032410  қараңыз)

       20-бап. Тамақ өнімдерiнің, материалдар мен бұйымдардың
                айналымы жөнiндегi қызметті жүзеге асыратын
                тұлғаларға қойылатын талаптар

      1. Тамақ өнiмдерiнің, материалдар мен бұйымдардың айналымы жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын, бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру саласында қызмет көрсететiн тұлғалар алдын ала және мерзiмдi медициналық тексеруден, сондай-ақ халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен гигиеналық оқытудан өтедi.
      2. Тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың айналымы жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлғалар жұқпалы аурулармен ауыратын және әр түрлi ауруларды тарату көздерi болып табылатын, сондай-ақ алдын ала және мерзiмдi медициналық тексеруден және гигиеналық оқытудан өтпеген адамдарды жұмысқа жiбермеуге және жұмыстан шеттетуге мiндеттi.
      Жұқпалы, паразиттiк аурулармен ауырады деп күдiк келтiрiлген адамдар, олармен байланыста болған адамдар, сондай-ақ алдын ала және мерзiмдi медициналық тексеруден өтпеген адамдар осы бапта аталған қызметке жiберiлмейдi.  ( V032526  қараңыз)

  4-тарау. Қорытынды ережелер

       21-бап. Қазақстан Республикасының тамақ өнiмдерінiң
                сапасы мен қауiпсіздiгi туралы заңдарын
                бұзғаны үшін жауаптылық

      1. Қазақстан Республикасының тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгi туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.  ( P001783 K010155  қараңыз)
      2. Айыппұл салу не өзге де өндiріп алулар кiнәлi тұлғаларды келтiрiлген залалды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өтеуден босатпайды.

       22-бап. Осы заңды қолданысқа енгізу тәртiбi

      Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi