Зейнетақы активтерін есепке алу мен бағалауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 26 маусымдағы № 58 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 1 шiлдеде № 32997 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 217-бабы 2-тармағының 19) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Зейнетақы активтерін есепке алу мен бағалауды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы кейбір нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу
және дамыту Агенттігінің
Басқармасының
2023 жылғы 26 маусымдағы
№ 58 Қаулыға
1-қосымша

Зейнетақы активтерін есепке алу мен бағалауды жүзеге асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Зейнетақы активтерін есепке алу мен бағалауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 217-бабының 2-тармағы 19-тармақшасына сәйкес әзірленді және зейнетақы активтерін есепке алу және бағалау тәртібін айқындайды.

      2. Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) акциялардың баланстық құны – қор биржасының қағидаларына сәйкес осы акциялардың эмитентінің қаржылық есептіліктің негізінде айқындалатын акциялардың құны;

      2) бағалаушы – лицензиялар негізінде мүлікті (зияткерлік меншік объектілерін, материалдық емес активтердің құнын қоспағанда) бағалау және (немесе) зияткерлік меншікті, материалдық емес активтердің құнын бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйым;

      3) борыштық қаржы құралының номиналды құны – шығарылымы кезде айқындалған, пайызда көрсетілген сыйақы, сондай-ақ оны өтеу кезінде борыштық қаржы құралының ұстаушысына төлеуге жататын сомасы есептелетін борыштық қаржы құралы құнының ақша көрінісі. Борыштық қаржы құралының номиналды құны осы борыштық қаржы құралы шығарылымының проспектісі негізінде айқындалады;

      4) инвестициялық портфельді басқарушы (бұдан әрі – ИПБ) – өзінің атынан және мүддені көздеп және зейнетақы активтері есебінен "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес лицензия негізінде инвестициялық портфельді басқару қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ уәкілетті органның зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды жүзеге асыруға арналған талаптарына сәйкес келетін бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы;

      5) қаржы құралының ағымдағы құны – бухгалтерлік есепте көрсетілген, негізгі борыш, есептелген сыйақы, амортизацияланбаған сыйлықақы (дисконт), құнын оң (теріс) түзету, резервтер (провизиялар) қамтылатын қаржы құралының құны;

      6) қаржы құралының әділ құны – Қағидалардың 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 27, 30, 31, 32, 33, 34, 35, 37, 38, 39, 40 және 42-тармақтарына сәйкес айқындалатын құн;

      7) құрылымдық ноттар – шығарылым шарттары негізгі борыш сомасының төлемі және (немесе) оларды шығару шартында берілген көрсеткіштеріне жетуге дейін осы қаржы құралдар бойынша сыйақының байланысын көздейтін Қазақстан Республикасының бейрезидент-эмитенттері шығарған қаржы құралдары;

      8) өтімді емес борыштық бағалы қағаздар – құны (кірістілігі) қор биржасының директорлар кеңесі бекіткен бағалы қағаздарды бағалау әдістемесінде (бұдан әрі – Биржа әдістемесі) белгіленген борыштық бағалы қағаздардың құнын анықтау өлшемшарттарына қарай есептелмейтін борыштық бағалы қағаздар;

      9) уәкілетті орган – қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

2-тарау. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерін есепке алу және бағалау

      3. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары жүзеге асыратын зейнетақы активтерімен операциялардың бухгалтерлік есебін жүргізу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2011 жылғы 1 шілдедегі № 69 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7118 болып тіркелген) (бұдан әрі – Нұсқаулық) және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 195 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8765 тіркелген) бекітілген "Зейнетақы активтері бойынша операциялар туралы ақпаратты есепке алу және жария ету" қаржылық есептілік стандартына (бұдан әрі – Стандарт) сәйкес зейнетақы активтерінің бухгалтерлік есебін жүзеге асырады.

      Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары қаржы активтерін мынадай санаттар бойынша жіктеуді жүзеге асырады:

      1) амортизацияланған құны бойынша бағаланатындар;

      2) әділ құны бойынша бағаланатындар.

      Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының қаржы активтерін жоғарыда көрсетілген екі санаттың біріне жатқызуды ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқарушы айқындайды.

      4. Қазақстан Республикасының резиденттері-ұйымдардың жай және артықшылықты акцияларын бағалау Биржа әдістемесіне сәйкес айқындалатын құны бойынша аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы жағдай бойынша апта сайын жүзеге асырылады.

      5. Қор биржасы орналастыратын нарықтық баға туралы ақпарат болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының резиденттері-ұйымдардың жай және артықшылықты акцияларын бағалау баланстық құны бойынша жүзеге асырылады.

      6. Қағидалардың 4 және 5-тармақтарында көрсетілгендерді қоспағанда, тек қана Қазақстан Республикасының аумағында айналыста болатын (саудаланатын), "әділ құны бойынша бағаланатындар" санатына жатқызылған өзге қаржы құралдарын бағалау Биржа әдістемесіне сәйкес анықталатын нарықтық немесе индикативтік құны бойынша аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы жағдай бойынша апта сайын жүзеге асырылады.

      Егер Қазақстан Республикасының резиденттері-ұйымдардың тек қана Қазақстан Республикасының аумағында айналыста болатын (саудаланатын), "әділ құны бойынша бағаланатындар" санатына жатқызылған өтімді емес борыштық бағалы қағаздарына делистинг жүргізілген жағдайда, бағалау мақсаттары үшін осы бағалы қағаздардың қор биржасы жариялаған соңғы әділ құны пайдаланылады.

      7. "Әділ құны бойынша бағаланатындар" санатына жатқызылған, тек қана халықаралық (шетелдік) нарықтарда айналыста болатын (саудаланатын) қаржы құралдарын бағалау Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелерінің деректері бойынша алдыңғы сауда күнінің жабу (close price (клоуз прайс)) бағасы бойынша апта сайын аптаның бірінші жұмыс күнінің соңында жүзеге асырылады.

      8. Қазақстан Республикасының аумағында да, халықаралық (шетелдік) нарықтарда да айналыста болатын (саудаланатын), "әділ құны бойынша бағаланатындар" санатына жатқызылған қаржы құралдарын бағалау Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелерінің деректері бойынша алдыңғы сауда күнінің жабу (close price (клоуз прайс)) бағасы бойынша апта сайын аптаның бірінші жұмыс күнінің соңында жүзеге асырылады.

      9. Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелерінде Қағидалардың 7 және 8-тармақтарында көрсетілген бағаланатын қаржы құралдары туралы ақпарат болмаған жағдайда үлестік және борыштық қаржы құралдарын бағалау мақсаттары үшін ағымдағы құны пайдаланылады.

      10. Тазартылған қымбат металдарды бағалау алдыңғы аптаның соңғы жұмыс күні Лондон қауымдастығы жүргізетін қымбат металдар нарығы таңертеңгілік сауда-саттықтың сессиясы жабылу бағасы бойынша аптаның бірінші жұмыс күні соңындағы жағдай бойынша апта сайын жүзеге асырылады.

      11. Туынды қаржы құралдарын бағалау Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының талаптарын ескере отырып, әзірленген ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі құжаттарында көзделген тәртіпте әділ құны бойынша аптаның бірінші жұмыс күні соңындағы жағдай бойынша апта сайын жүзеге асырылады.

      12. Пайларды бағалау инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясы бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырған соңғы есептелген құны бойынша аптаның бірінші жұмыс күні соңындағы жағдай бойынша апта сайын жүзеге асырылады.

      13. Банк салымдарында орналастырылған зейнетақы активтерінің ағымдағы құны банк салымының шартында көрсетілген сыйақы сомасын күн сайын есептеу жолымен айқындалады.

      14. "Амортизацияланған құны бойынша бағаланатындар" санатына жатқызылған қаржы құралдарын бағалау амортизацияланған құны бойынша жүзеге асырылады.

      15. Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген қаржы құралдарын қоспағанда, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерінің құнсыздануына (құнын азайтуға) тест жүргізу және эмитенттің қаржы құралдары бойынша міндеттемелерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы салдарынан құнын жоғалту кезінде зейнетақы активтерінің құнсыздануына (құнының азайтылуына) байланысты ықтимал шығындарға қарсы резервтерді (провизияларды) қалыптастыру (құнын теріс түзету) ай сайынғы негізде жүзеге асырылады.

      16. Құнсыздануына тест жүргізуге ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының "амортизациялық құны бойынша бағаланатындар" санатына және дебиторлық берешектер шоттарына жатқызылған, сондай-ақ банк салымдарына орналастырылған зейнетақы активтері жатады. "Әділ құны бойынша бағаланатындар" санатына жатқызылған зейнетақы активтері бойынша эмитенттің дефолты не делистингі және (немесе) банкроттығы жарияланған және (немесе) соңғы жарияланған тоқсандық (жылдық) бухгалтерлік баланстың негізінде теріс меншікті капиталдың және (немесе) халықаралық (шетелдік) нарықтарда айналыста болатын және саудаланатын қаржы құралдарын қоспағанда, эмитенттің өзге қаржы құралдары бойынша міндеттемелерін орындамау фактісі болған жағдайда құнын төмендету жүзеге асырылады.

      Қаржы құралдарының құнсыздануы мен құнын азайту Қағидалардың талаптары ескеріле отырып, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры (бұдан әрі – ЕЖЗҚ құнсыздану әдістемесі) әзірлеген әдістемеге сәйкес жүзеге асырылады. ЕЖЗҚ құнсыздану әдістемесін ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының басқару органы бекітеді.

      17. Қаржы құралдарының құнсыздануына тест жүргізумен мынадай өлшемшарттар анықталады:

      1) эмитенттің қаржылық жай-күйі;

      2) шығарылған қаржы құралдары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу мерзімін кешіктіру;

      3) кепілдіктің болуы;

      4) қаржы құралы рейтингінің және (немесе) эмитент рейтингінің төмендеуі;

      5) қаржы құралдарының құнсыздануы туралы куәландыратын өзге де объективті ақпарат.

      Акциялардың құнсыздануына тест жүргізу кезінде осы тармақтың 1), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген өлшемшарттар қолданылады.

      Әрбір өлшемшарт бойынша осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес балл беріледі. Балл сомасы қаржы құралдарының жіктеу санатын анықтау кезінде пайдаланылады. Актив бойынша жиналған баллдардың санын негізге алып, осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес оның жіктеу санаты және қажетті резервтердің (провизиялардың) мөлшері белгіленеді.

      18. Эмитенттің қаржылық жай-күйі ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры осы Қағидалардың талаптарын ескере отырып, әзірлейтін Әдістемеге сәйкес бағаланады және оған қаржылық жай-күйін бағалау тәртібін, әдісін, тәсілдерін, қажетті құжаттардың тізбесін және эмитенттің қаржылық жай-күйін анықтауға мүмкіндік беретін өзге қолайлы ақпарат кіреді.

      19. Әдістемеде эмитенттің қаржылық жай-күйін сипаттайтын мынадай негізгі көрсеткіштер қамтылады:

      1) төлем қабілеттілігі, Әдістемеде белгіленген коэффициенттердің тиісті жиынтығын негіздей отырып есептелетін, эмитенттің өз міндеттемелерін орындау қабілеттілігін ашады;

      2) қаржылық тұрақтылық, Әдістемеде белгіленген коэффициенттердің тиісті жиынтығын негіздей отырып есептелетін, капитал құрылымын, кірістілік деңгейін (соңғы күнтізбелік жылдағы динамикасында), тиімділікті (соңғы күнтізбелік жылдағы динамикасында) ашады;

      3) эмитенттің өз қаржылық жай-күйін жақсарту үшін қабылдаған шаралары.

      20. Қаржылық жай-күйі мынадай болып жіктеледі:

      1) тұрақты - эмитенттің қаржылық жай-күйі тұрақты;

      эмитент төлемге қабілетті;

      коэффициенттердің мәні Әдістемеге сәйкес есептелген;

      бизнесті дамытудың оң нарықтық талаптары, сондай-ақ нарықта жақсы бәсекелестік позициясы қалыптасқан;

      ресурстарға және капитал нарығына еркін ену мүмкіндігі бар, бағалы қағаздарды шығару мерзімі аралығында эмитенттің қаржылық жай-күйін елеулі төмендетуге қабілетті сыртқы немесе ішкі факторлар анықталмаған;

      эмитенттің өз міндеттемесі бойынша есептесу мүмкіндігі күмән туғызбайды;

      эмитенттің активтері және міндеттемелері бойынша мерзімдері шамалас келеді;

      2) қанағаттанарлық – осы санаттағы эмитенттің қаржылық жай-күйі "тұрақты" сипаттамасына жақын, бірақ оның осы деңгейді ұзақ уақыт бойы ұстап тұруы жөнінде болжам жасау төмен болып табылады;

      3) тұрақсыз – эмитенттің мынадай факторларға байланысты өзінің міндеттемелері бойынша есептесе алмайтындығы жөнінде белгілі бір болжам бар:

      эмитенттің қаржылық жай-күйінің тұрақты және елеулі түрде нашарлау белгілері бар (эмитенттің қолданып отырған шараларының қаржылық жай-күйін тиімді тұрақтандыра алатындығына сенім жоқ);

      эмитентке материалдық зиян әкеліп отырған төтенше жағдайлар, сондай-ақ өзге де жағдайлар бар, бірақ ол оның қызметін тоқтатуға әкеп соқтырған жоқ;

      4) шекті – эмитенттің қаржылық жай-күйінің тұрақты төмендеуі шекті деңгейге жетті:

      төлем қабілетсіздігі, эмитенттің банкрот болу мүмкіндігі немесе өзге қайта ұйымдастырылу мүмкіндігі;

      шарт талаптарының бұзылуы (пайыздардың немесе борыштың негізгі сомасының төленбеуі немесе төлем жасау мерзімдерінің бұзылуы);

      қағаз ұстаушының басқаша жағдайда жасалмауы мүмкін мүмкіндікті эмитентке жасауы;

      эмитентте оған материалдық зиянға әкеп соқтырған және (немесе) оның қызметін жалғастыруға мүмкіндік бермейтін төтенше жағдайлар бар.

      21. Эмитенттің кредиттік рейтингісінің төмендеуі құнсыздануды растау болып табылмайды. Барлық оқиғаларды басқа қол жетімді деректер жиынтығымен қарастыру қажет.

      22. Қаржы құралдарының құнсыздануынан ықтимал шығындарға қарсы резервтерді (провизияларды) қалыптастыру немесе қаржы құралдарының құнын азайтуды жүзеге асыру Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес айқындалатын ең төменгі мөлшерде айдың соңғы жұмыс күніне дейін кемінде жеті жұмыс күнінен ерте емес жүргізіледі.

      23. Қағидаларға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес есептелген резерв (құнын түзету) Нұсқаулықта белгіленген тәртіппен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтері бойынша бухгалтерлік есепте көрсетіледі.

      24. Қаржы құралдарының құнсыздануынан ықтимал шығындарға қарсы резервтердің (провизиялардың) мөлшері немесе қаржы құралдарының құнын азайту мөлшері қаржы құралдарының құнсыздануынан немесе қаржы құралдарының құнын азайтудан ықтимал шығындарды жабуға бұрын қалыптастырылған резервтерді (провизияларды) қалпына келтіруді ескере отырып, қаржы құралдарының ағымдағы құнынан есептеледі.

3-тарау. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін есепке алу және бағалау

      25. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің бухгалтерлік есебі Нұсқаулыққа және Стандартқа сәйкес жүзеге асырылады.

      26. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаржы активтері "әділ құны бойынша бағаланатын" санат бойынша жіктеледі:

      1) 2021 жылғы 1 наурызға дейін "амортизацияланған құны бойынша бағаланатын" санатына жатқызылған, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаржы активтері, олар қаржы активін нақты өтегенге дейін амортизацияланған құны бойынша не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің шешімі бойынша кейіннен қайта сыныптау мүмкіндігінсіз "әділ құны бойынша бағаланатын" санатына қайта сыныпталады;

      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы, экономиканы дамыту бағдарламалары шеңберінде сатып алынатын, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің шешімі бойынша "амортизацияланған құны бойынша бағаланатын" активтер санатына жіктелуі мүмкін қаржы активтері";

      3) олар бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе ИПБ:

      Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің құрамына сатып алу кезінде Стандартта көзделген санаттарға жатқызу туралы;

      Стандартта көзделген санаттар бойынша қайта сыныптау туралы шешім қабылдайтын, тек қана Қазақстан Республикасының аумағында айналыста жүретін немесе Қазақстан Республикасының аумағында және халықаралық (шетелдік) нарықтарда өтелетін, өтеу мерзімі 5 (бес) жылдан асатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары.

      27. Қазақстан Республикасының резидент- ұйымдарының өтімді жай және артықшылықты акцияларын бағалау апта сайын аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы жағдай бойынша Биржа әдістемесіне сәйкес айқындалатын құн бойынша жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасының резидент-ұйымдарының өтімді депозитарлық қолхаттарын бағалау Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелері ұсынған алдыңғы сауда күнінің соңындағы сұраныс бағасы (bіd prіce) бойынша аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы жағдай бойынша апта сайын жүзеге асырылады.

      28. Қазақстан Республикасының резидент-ұйымының депозитарлық қолхаты мынадай талаптардың біреуіне сәйкес келген кезде өтімді деп танылады:

      1) алдыңғы күнтізбелік айда депозитарлық қолхатпен сауда-саттық кемінде он үш сауда күнінің ішінде жүзеге асырылған болса;

      2) алдыңғы күнтізбелік айда депозитарлық қолхатпен сауда-саттықтың күнделікті көлемінің орташа мәні алдыңғы күнтізбелік екі жыл ішінде депозитарлық қолхатпен сауда-саттықтың күнделікті көлемінің орташа мәнінен кемінде тоқсан пайыз болса.

      Қазақстан Республикасының резидент-ұйымының жай немесе артықшылықты акциясы зейнетақы активтерін қайта бағалау күні осындай бағалы қағаз Қор биржасының бағалы қағаздары өтімділігінің көрсеткіштерін анықтау әдістемесіне сәйкес анықталған өтімділіктің бірінші сыныбының бағалы қағаздар тізіміне енген болса, өтімді болып танылады.

      29. Қазақстан Республикасының резидент-ұйымының Қағидалардың 28-тармағына сәйкес депозитарлық қолхатының өтімділігін анықтау мақсатында Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелеріндегі сауда-саттық көлемдері туралы деректер ескеріледі.

      30. Бұрын өтімді деп танылған, бірақ қайта бағалау күніне Қағидалардың 28-тармағында белгіленген өтімділік талаптарына сәйкес келуді тоқтатқан Қазақстан Республикасының резидент-ұйымдарының жай және артықшылықты акцияларын (депозитарлық қолхаттарды) бағалау осы бағалы қағаздар мынадай:

      1) Қағидалардың 42-тармағына сәйкес осы акциялардың (депозитарлық қолхаттардың) әділ құнын айқындау;

      2) Қағидалардың 28-тармағына сәйкес осы акцияларды (депозитарлық қолхаттарды) өтімді деп тану күндерінің бірі басталғанға дейін өтімді деп танылған соңғы кезеңдегі сұраныс бағасы (bіd prіce) бойынша жүзеге асырылады.

      31. Қарапайым және артықшылықты акцияларды, Қазақстан Республикасының бейрезидент-ұйымдарының депозитарлық қолхаттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бейрезидент-ұйымдары шығарған Exchange Traded Funds (Эксчейндж Трэйдэд Фандс), Exchange Traded Commodities (Эксчейндж Трэйдэд Коммодитис), Exchange Traded Notes ( Эксчейндж Трэйдэд Ноутс) пайларын бағалау Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдамалық жүйелерімен ұсынылған алдыңғы сауда күнінің соңындағы сұраныс бағасы (bid price (бид прайс)) бойынша аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы жағдай бойынша апта сайын жүзеге асырылады.

      Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелерінде нарықтық бағалар туралы ақпарат болмаған жағдайда, көрсетілген бағалы қағаздарды бағалау үшін мынадай:

      Қағидалардың 42-тармағына сәйкес осы бағалы қағаздардың әділ құнын айқындау;

      Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелерінде осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес оларды қайта бағалау үшін қажетті ақпараттың пайда болуы оқиғаларының бірі басталғанға дейін олардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфеліндегі ағымдағы құны пайдаланылады.

      32. Қазақстан Республикасының аумағында ғана айналыста болатын (саудаланатын) немесе Қазақстан Республикасының аумағында және халықаралық (шетелдік) нарықтарда айналыста болатын, "әділ құны бойынша бағаланатындар" санатына жатқызылған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын бағалау Биржа әдістемесіне сәйкес анықталатын құны бойынша аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы жағдай бойынша апта сайын жүзеге асырылады.

      Биржа әдістемесіне сәйкес есептелген нарықтық баға туралы ақпарат болмаған жағдайда, аталған бағалы қағаздарды бағалау үшін төмендегі оқиғалардың бірі орын алғанға дейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфеліндегі ағымдағы құны пайдаланылады:

      Қағидалардың 42-тармағына сәйкес аталған бағалы қағаздардың әділ құнын айқындау;

      осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес оларды қайта бағалау үшін қажетті, Биржа әдістемесіне сәйкес есептелген нарықтық баға туралы ақпараттың пайда болуы.

      33. "Әділ құны бойынша бағаланатындар" санатына жатқызылған, тек қана халықаралық (шетелдік) нарықтарда айналыста болатын (саудаланатын) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын бағалау Bloomberg (Блумберг) (басымдылық тәртібіндегі көздер: MLІX (МЛИКС), BVAL (БВАЛ), BGN (БГН)) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелері ұсынған алдыңғы сауда күнінің соңындағы сұраныс бағасы (bіd prіce (бид прайс)) бойынша аптаның бірінші жұмыс күнінің соңында апта сайын жүзеге асырылады.

      Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелерінде нарықтық баға туралы ақпарат болмаған жағдайда, көрсетілген бағалы қағаздарды бағалау үшін мынадай:

      Қағидалардың 42-тармағына сәйкес осы бағалы қағаздардың әділ құнын айқындау;

      Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелерінде осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес оларды қайта бағалау үшін қажетті ақпараттың пайда болуы оқиғаларының бірі басталғанға дейін олардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфеліндегі ағымдағы құны пайдаланылады.

      34. Қазақстан Республикасының аумағында және халықаралық (шетелдік) нарықтарда айналыста болатын (саудаланатын), "әділ құны бойынша бағаланатындар" санатына жатқызылған борыштық бағалы қағаздарды бағалау аптаның бірінші жұмыс күнінің соңында Bloomberg (Блумберг) (дерекөздер басымдылық тәртібімен: MLІX (МЛИКС), BVAL (БВАЛ), BGN (БГН)) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелерінің деректері бойынша алдыңғы сауда-саттық күнінің соңындағы сұраныс бағасы (bіd prіce) (бид прайс) бойынша апта сайын жүзеге асырылады.

      Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелерінде нарықтық баға туралы ақпарат болмаған жағдайда, аталған борыштық бағалы қағаздарды бағалау үшін мынадай:

      Қағидалардың 42-тармағына сәйкес аталған бағалы қағаздардың әділ құнын айқындау;

      осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес оларды қайта бағалау үшін қажетті ақпараттың Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелерінде пайда болуы оқиғаларының бірі орын алғанға дейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфеліндегі ағымдағы құны пайдаланылады.

      35. Халықаралық (шетелдік) нарықтарда ғана айналыста болатын (саудаланатын) және "әділ құны бойынша бағаланатындар" санатына жатқызылған борыштық бағалы қағаздарды бағалау аптаның бірінші жұмыс күнінің соңында Bloomberg (Блумберг) (дерекөздер басымдылық тәртібімен: MLІX (МЛИКС), BVAL (БВАЛ), BGN (БГН)) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелерінің деректері бойынша алдыңғы сауда-саттық күнінің соңындағы сұраныс бағасы (bіd prіce) (бид прайс) бағасы бойынша апта сайын жүзеге асырылады.

      Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелерінде нарықтық баға туралы ақпарат болмаған жағдайда, аталған борыштық бағалы қағаздарды бағалау үшін мынадай:

      Қағидалардың 42-тармағына сәйкес аталған бағалы қағаздардың әділ құнын айқындау;

      осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес оларды қайта бағалау үшін қажетті ақпараттың Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелерінде пайда болуы оқиғаларының бірі орын алғанға дейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфеліндегі ағымдағы құны пайдаланылады.

      36. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы және олардың шетелдік ұйымға (ұйымдарға) сенімгерлік басқаруға берген зейнетақы активтерінің әділ құны бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жаһандық шетелдік кастодианы ұсынған активтердің нарықтық құны туралы түпкілікті есептер негізінде бір айда кемінде бір рет түзетіледі.

      37. Тазартылған бағалы металдарды бағалау алдыңғы аптаның соңғы жұмыс күні Лондон қауымдастығы жүргізетін бағалы металдар нарығы таңертеңгілік сауда-саттықтың сессиясы жабылу бағасы бойынша аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы жағдай бойынша апта сайын жүзеге асырылады.

      38. Туынды қаржы құралдарын бағалау Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының талаптарын ескере отырып әзірленген бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен әділ құны бойынша аптаның бірінші жұмыс күні соңындағы жағдай бойынша апта сайын жүзеге асырылады.

      39. Қазақстан Республикасының резидент-ұйымдары шығарған пайларды бағалау инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясы бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырған соңғы есептелген құны бойынша аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы жағдай бойынша апта сайын жүзеге асырылады.

      40. Банк салымдарында орналастырылған зейнетақы активтерінің ағымдағы құны банктік салым шартында көрсетілген сыйақы сомасын күн сайын есептеу арқылы айқындалады.

      41. "Амортизацияланған құны бойынша бағаланатындар" санатына жатқызылған қаржы құралдарын бағалау амортизацияланған құны бойынша жүзеге асырылады.

      42. Мынадай қаржы құралдарын:

      1) бағалаушы бағалаған күні Қағидалардың 28-тармағына сәйкес өтімді деп танылмайтын Қазақстан Республикасының резидент ұйымдарының акцияларын (депозитарлық қолхаттарын);

      2) Қазақстан Республикасының аумағында ғана айналыста болатын (саудаланатын) және "әділ құны бойынша бағаланатындар" санатына жатқызылған борыштық бағалы қағаздарын;

      3) олар бойынша бағалаушы бағалаған күні Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелерінде нарықтық бағалар туралы ақпарат болмайтын Қағидалардың 34 және 35-тармақтарында көрсетілген борыштық бағалы қағаздарды;

      4) құрылымдық ноттарды;

      5) Қағидалардың 27, 31, 32, 33, 34, 35, 37, 38, 39, 40 және 41- тармақтарында көрсетілмеген өзге қаржы құралдарын бағалау бағалаушы жүргізген бағалаудың қорытындысы бойынша белгіленген осы қаржы құралдарының соңғы әділ құны бойынша жүзеге асырылады.

      Жоғарыда көрсетілген қаржы құралдарының әділ құны бағалаушы "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүргізген бағалау нәтижелері бойынша кемінде тоқсанына бір рет түзетіледі.

      Тәуелсіз бағалау бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен сатып алынған және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) ИПБ-ның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен бағалаушы арасында жасалған сенімгерлік басқаруындағы қаржы құралдарына тәуелсіз бағалау жүргізу туралы шарт негізінде жүргізіледі.

      Қағидалардың 44-тармағында көрсетілген оқиғалар туындаған кезде жоғарыда көрсетілген қаржы құралдарының әділ құнын бағалаушы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен бағалаушы арасында жасалған қаржы құралдарына тәуелсіз бағалау жүргізу туралы шартқа сәйкес түзетуге жатады.

      Жоғарыда көрсетілген қаржы құралдары бойынша бағалаушы жүргізген бағалау нәтижелері бойынша әділ құны болмаған кезде, есептеуге бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфеліндегі осы қаржы құралдарының соңғы ағымдағы құны қабылданады.

      Қажет болған кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және ИПБ-ның бастамасы бойынша бағалаушы осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес бағалауды жүзеге асыратын қаржы құралдарының тізбесіне "амортизациялық құны бойынша бағаланатын" санатында ескерілетін борыштық бағалы қағаздар кіреді.

      43. Артықшылықты акциялар бойынша дивиденттерді қоса алғанда, бағалы қағаздар бойынша осындай бағалы қағаздар бойынша дефолт басталған күннен бастап эмитент дефолт жіберілген бағалы қағаздар бойынша міндеттемелерді орындау күніне дейін күнтізбелік 90 (тоқсан) күн өткен соң есептелмейді.

      44. Дефолт болған және (немесе) эмитент дефолт және (немесе) банкроттығы туралы жариялаған және (немесе) эмитент таратылған жағдайларда:

      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы қаржы активтері бойынша "амортизацияланған құны бойынша бағаланатын" санаттан "әділ құны бойынша бағаланатын" санатқа қайта сыныптау;

      2) бағалау Қағидалардың 42-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын қаржы активтері бойынша бағалаушы жүргізген бағалау нәтижелері бойынша осы қаржы құралдарының соңғы әділ құны бойынша айқындалған күннен кейін осы қаржы құралдарының құны бағалаушы жүргізген бағалау нәтижелері бойынша олардың әділ құны айқындалған сәтке дейінгі олардың ағымдағы құнының 50%-ы мөлшерінде азайту жүргізіледі;

      3) банктік салымдар мен дебиторлық берешек бойынша олардың ағымдағы құны бойынша 50% мөлшерінде резервтер (провизиялар) құру.

      Банктік салымдар мен дебиторлық берешек бойынша міндеттемелер толық орындалмаған жағдайда дефолт күнінен бастап 180 күн өткеннен кейін ағымдағы құны бойынша 100% мөлшерінде резервтер (провизиялар) құру.

      45. Қағидалардың 44-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қаржы активтерін қайта жіктеу:

      1) бағалау Қағидалардың 33, 34, 35-тармақтарына сәйкес жүргізілетін қаржы құралдары бойынша Bloomberg (Блумберг) (дерекөздер басымдылық тәртібімен: MLIX (МЛИКС), BVAL (БВАЛ), BGN (БГН)) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелерінің деректері бойынша алдыңғы сауда-саттық күнінің соңындағы сұраныс бағасы (bid) (бид)) бағасы бойынша;

      2) бағалау Қағидалардың 32-тармағына сәйкес жүргізілетін қаржы құралдары бойынша Биржа әдістемесіне сәйкес белгіленетін алдыңғы саудасаттық күнінің соңындағы құны туралы деректер негізінде;

      3) бағалау Қағидалардың 42-тармағына сәйкес жүргізілетін қаржы құралдары бойынша бағалаушы жүргізген бағалау нәтижелері бойынша белгіленген осы қаржы құралдарының соңғы әділ құны бойынша жүзеге асырылады.

      Осы тармақтың 1), 2) 3) тармақшаларында көрсетілген ақпарат болмаған жағдайда, қаржы құралдарын бағалауды жүзеге асыру үшін олардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфеліндегі ағымдағы құны пайдаланылады.".

      46. Нұсқаулықта белгіленген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері бойынша бухгалтерлік есепте Қағидалардың 44- бабының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес есептелген құнын түзету (резерв) көрсетіледі.".

      47. Қаржы құралдарының құнсыздануынан ықтимал шығындарға қарсы резервтердің (провизиялардың) мөлшері немесе қаржы құралдарының құнын азайтуының мөлшері қаржы құралдарының құнсыздануынан немесе қаржы құралдарының құнын азайтуынан ықтимал шығындарды жабуға бұрын қалыптастырылған резервтерді (провизияларды) қалпына келтіруді ескере отырып, қаржы құралдарының ағымдағы құнынан есептеледі.

  Қағидаларға
1-қосымша

Қаржы құралдары құнының құнсыздануын немесе азаюын тану өлшемшарттары


Өлшемшарттың атауы

Балл саны

1

Қаржылық жай-күйі:


1.1

тұрақты

+0

1.2

Қанағаттанарлық

+1

1.3

тұрақсыз

+2

1.4

күрделі

+7

2

Шығарылған/ұсынылған қаржы құралдары бойынша кез келген төлемді өтеу мерзімін өткізіп алу:


2.1

мерзімін өткізіп алудың болмауы

-1

2.2

күнтізбелік 7 (жеті) күнге дейін мерзімін өткізіп алу

+0

2.3

күнтізбелік 8 (сегіз) күннен 15 (он бес) күнге дейін мерзімін өткізіп алу

+1

2.4

күнтізбелік 16 (он алты) күннен 30 (отыз) күнге дейін мерзімін өткізіп алу

+2

2.5

күнтізбелік 30 (отыз) күннен астам

+3

2.6

күнтізбелік 1 (бір) жылдан астам

+4

3

кепілдіктің болуы:


3.1

Қазақстан Республикасы мемлекетінің (негізгі борыш пен сыйақының 100 (жүз) пайыз кепілдігі болған кезде)

-4

3.2

Қазақстан Республикасы мемлекетінің (негізгі борыш пен сыйақы 100 (жүз) пайыздан аз кепілдігі болған кезде)

(Балдардың сомасы кепілдіктің "-4"-тен басталатын мөлшеріне теңбе-тең есептеледі)

3.3

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттiгiнiң халықаралық шкаласы бойынша "А-"-тен төмен емес рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар шет мемлекеттің

-3

3.4

Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктері

-3

3.5

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттiгiнiң халықаралық шкаласы бойынша "А-"-тен төмен емес рейтингi немесе басқа рейтингтiк агенттiктердiң бiрiнiң осыған ұқсас деңгейдегі рейтингi бар шетел эмитентінің

-2

3.6

кепілдігі жоқ

+0

4

Рейтингтің болуы:


4.1

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттiгiнiң халықаралық шкаласы бойынша "А"-тен төмен емес немесе басқа рейтингтiк агенттiктердiң бiрiнiң осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы

-4

4.2

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттiгiнiң халықаралық шкаласы бойынша "А-"-тен "ВВВ-"-ке дейінгі немесе басқа рейтингтiк агенттiктердiң бiрiнiң осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы

-3

4.3

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттiгiнiң халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ-"-тен "В-"-ке дейінгі немесе басқа рейтингтiк агенттiктердiң бiрiнiң осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы

-2

4.4

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттiгiнiң халықаралық шкаласы бойынша "В"-тен төмен немесе басқа рейтингтiк агенттiктердiң бiрiнiң осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы

+3

5

Рейтингсіз не 4-тармақта көрсетілген деңгейден төмен рейтингі бар


5.1

қор биржасының ресми тізіміне енгізілген борыштық бағалы қағаздар

+0

5.2

қор биржасының ресми тізімі "Негізгі" алаңының "борыштық бағалы қағаздар" секторына енгізілген борыштық бағалы қағаздар

+0

6

Эмитенттердің қор биржасының ресми тізімі "Негізгі" алаңының "акциялар" секторына енгізілген акциялары және олар бойынша депозитарлық қолхаттар

-1

6.1

Эмитенттердің қор биржасының ресми тізімі "Негізгі" алаңының "акциялар" секторы және "Баламалы" алаңының "акциялар" секторы "стандарт" санатына енгізілген акциялары немесе олар бойынша депозитарлық қолхаттар

+1

7

Эмитент өз міндеттемелері бойынша сыйақы төлеу бойынша дефолт болған жағдайда қор биржасының ресми тізімінің "буферлік санатына" енгізілген борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда, қор биржасының ресми тізімінің "буферлік санатына" енгізілген борыштық бағалы қағаздар

+1

8

Делистинг және рейтингті төмендету

+2

9

Бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру (орналастыруды тоқтата тұру туралы уәкілетті органның шешімі)

+2

10

Ақпараттың болмауы

+10

  Қағидаларға
2-қосымша

Қаржы құралдарының құнсыздануынан ықтимал шығасыларды өтеуге арналған резервтердің (провизиялардың) мөлшері немесе құнын азайту мөлшері

Балдар сомасы

Қаржы құралдарының жіктеу санаты

Резервтердің (провизиялардың) қажетті мөлшері

1

Стандартты

0 %

2-4

1-санаттағы күмәнді

10 %

5-7

2-санаттағы күмәнді

15 %

8-10

3-санаттағы күмәнді

25 % (35 %)

11-12

Қанағаттанарлықсыз

50 % (70 %)

12-ден жоғары

Үмітсіз

90 %

      Кесте бойынша түсініктемелер:

      Қаржы құралдарын құнсыздандыру немесе қаржы құралдарының құнын азайту үшін осы өлшемшарттарды пайдаланғанда, рейтингтік бағасы және листинг санаты болған кезде есепке рейтингтік бағасы алынады.

      1-ге дейінгі (қоса алғанда) балл сомасы алынған кезде – қаржы құралы стандартты болып жіктеледі.

      Балл сомасы 2-ден 4-ке дейінгі (қоса алғанда) мәніне тең болған кезде – қаржы құралы 1-санаттағы күмәнді болып жіктеледі, 10 (он) пайыз провизиялар қалыптастырылады.

      Балл сомасы 5-тен 7-ге дейін (қоса алғанда) мәніне тең болған кезде – қаржы құралы 2-санаттағы күмәнді болып жіктеледі, 15 (он бес) пайыз провизиялар қалыптастырылады.

      Балл сомасы 8-ден 10-ға дейінгі (қоса алғанда) мәніне тең болған кезде – қаржы құралы 3-санаттағы күмәнді болып жіктеледі:

      борыштық бағалы қағаздар мен банктік салымдар бойынша 25 (жиырма бес) пайыз провизиялар;

      акциялар бойынша 35 (отыз бес) пайыз провизиялар қалыптастырылады.

      Балл сомасы 11-ден 12-ге дейінгі (қоса алғанда) мәніне тең болған кезде – қаржы құралы қанағаттанарлықсыз болып жіктеледі:

      борыштық бағалы қағаздар мен банктік салымдар бойынша 50 (елу) пайыз провизиялар;

      акциялар бойынша 70 (жетпіс) пайыз провизиялар қалыптастырылады.

      Балл сомасы 12-ден артық болған кезде қаржы құралы үмітсіз деп жіктеледі және ол бойынша кемінде 90 (тоқсан) пайыз провизиялар қалыптастырылады. Бұл ретте, егер эмитенттің борыштық бағалы қағазы және (немесе) банктік салымы үмітсіз деп жіктелсе, осы эмитенттің акциясы бір мезгілде нөлге дейін есептен шығарылады.

      Қаржы құралы эмитенті банкрот болған кезде осы қаржы құралы бір мезгілде нөлге дейін есептен шығарылады.

  Қаулыға
2-қосымша

Күші жойылды деп танылған Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің жекелеген құрылымдық элементтерінің тізбесі

      1. "Зейнетақы активтерін есепке алу мен бағалауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 26 ақпандағы № 24 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9274 болып тіркелген).

      2. "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Зейнетақы активтерін есепке алуды және бағалауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" 2014 жылғы 26 ақпандағы № 24 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 16 шілдедегі № 110 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9708 болып тіркелген).

      3. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қор биржасы бағалы қағаздарының ресми тізімі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 244 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10339 болып тіркелген) бекітілген Қор биржасы бағалы қағаздарының ресми тізімі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 17-тармағы.

      4. "Эмитенттерге және олардың қор биржасында айналысқа жіберілетін бағалы қағаздарына, сондай-ақ қор биржасы ресми тізімінің жекелеген санаттарына қойылатын талаптарды бекіту және Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 27 наурыздағы № 54 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15175 болып тіркелген) бекітілген Өзгерістер енгізілетін бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 12-тармағы.

      5. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне зейнетақы активтерін есепке алу мен бағалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қаңтардағы № 10 қаулысының 2-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16436 болып тіркелген).

      6. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 28 маусымдағы № 103 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18995 болып тіркелген) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 4-тармағы.

      7. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу, Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актісінің жекелеген құрылымдық элементінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 20 қаңтардағы № 2 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22137 болып тіркелген) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 4-тармағы.

      8. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне жинақтаушы зейнетақы жүйесін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 17 ақпандағы № 33 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22238 болып тіркелген) бекітілген Өзгерістер мен толықтыру енгізілетін Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесін реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 2-тармағы.

      9. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 24 қыркүйектегі № 95 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24622 болып тіркелген) бекітілген Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 5-тармағы.

      10. Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 12 қыркүйектегі № 66 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29609 болып тіркелген) бекітілген Өзгерістер мен толықтыру енгізілетін Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын реттеу және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 2-тармағы.