Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 12 ақпандағы № 27 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 16 ақпанда № 22220 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 7 маусымдағы № 49 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 07.06.2023 № 49 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 2) тармақшасына және "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабы 9-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды жүргізу қағидалары осы қаулыға 1-ші қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Осы қаулыға 2-ші қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық Банкі

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту
Агенттігінің Басқармасының
2021 жылғы 12 ақпандағы
№ 27 Қаулыға
1-қосымша

Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды жүргізу қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 13-бабының 2) тармақшасына және "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабы 9-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (бұдан әрі - БЖЗҚ), оның ішінде инвестициялық портфельді басқарушының (бұдан әрі - ИПБ) сенімгерлік басқаруындағы салымшылардың жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды, сондай-ақ ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларында (бұдан әрі - ЕЖЗҚ) салымшылардың жеке зейнетақы шоттарындағы ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының және ерікті зейнетақы жарналарының есебінен зейнетақы жинақтарының есебін жүргізуге салымшыға (алушыға) жеке зейнетақы шотын (бұдан әрі - ЖЗШ) ашу, салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтарын есепке алу, сондай-ақ жеке зейнетақы шотын жабу кіреді.

2-тарау. Жеке зейнетақы шоттарын ашу және жабу тәртібі

      3. Жеке зейнетақы шотын ашуға негіздеме мыналар болып табылады:

      міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамнан (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) БЖЗҚ-ға келіп түскен, "Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы № 1116 қаулысымен (бұдан әрі – № 1116 қағидалар) айқындалған тәртіппен міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер (бұдан әрі – агент) Мемлекеттік корпорацияға аударған міндетті зейнетақы жарналарының және (немесе) өсімпұлдың бастапқы сомасы;

      міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу үшін – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылатын жеке тұлғаның және агенттің БЖЗҚ-ның ішкі құжатымен бекітілген нысан бойынша жасалған, БЖЗҚ-ның интернет-ресурсында орналастырылатын өтініші;

      ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін – Заңға сәйкес БЖЗҚ және депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым арасында жасалған келісімде белгіленген тәртіппен және мерзімде БЖЗҚ-қа және (немесе) ЕЖЗҚ-қа түскен, салымшы (жеке тұлға) өзінің пайдасына не салымшы (жеке немесе заңды тұлға) алушының пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарнасының бастапқы сомасы немесе салымшының (алушының) ЕЖЗҚ-тан және (немесе) БЖЗҚ-тан аударған ерікті зейнетақы жинақтарының сомасы не БЖЗҚ-қа "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымнан түскен талап етілмеген кепілдік берілген өтем сомасы.

      Салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотының құрамында ИПБ сенімгерлік басқаруына берілген міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған қосалқы шот ашу үшін негіздеме БЖЗҚ мен ИПБ арасында жасалған зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шартқа сәйкес зейнетақы жинақтарының келіп түскен бастапқы сомасы болып табылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.04.2021 № 58 (01.05.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. БЖЗҚ және ЕЖЗҚ бір мезгілде салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарын электрондық нысанда тіркеуді жүзеге асырады.

      5. Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттары зейнетақы жарналарының түрлері (міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары) бойынша жеке-жеке теңгемен жүргізіледі, олардың құрамында БЖЗҚ ИПБ сенімгерлік басқаруына берген зейнетақы жинақтары бойынша қосалқы шоттар ашылады және:

      міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін – міндетті зейнетақы жарналарының және (немесе) өсімпұлдың бастапқы сомасы БЖЗҚ-ға келіп түскен күні, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруына аударған күні;

      міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу үшін – жеке тұлғаның міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылатын және агенттің БЖЗҚ-ның ішкі құжатымен бекітілген нысан бойынша жасалған өтінішін БЖЗҚ қабылдаған күні, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруына аударған күні;

      ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін:

      БЖЗҚ-ға – бастапқы ерікті зейнетақы жарнасы немесе ЕЖЗҚ-дан аударылған ерікті зейнетақы жинақтарының бастапқы сомасы келіп түскен немесе заңға сәйкес кепілдік берілген өтеудің талап етілмеген сомасы келіп түскен күні;

      ЕЖЗҚ-ға – бастапқы ерікті зейнетақы жарнасы немесе БЖЗҚ-дан және (немесе) ЕЖЗҚ-дан аударылған ерікті зейнетақы жинақтарының сомасы түскен күні.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 27.04.2021 № 58 (01.05.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Бұрын жабылған жеке зейнетақы шотын қайта ашу тәртібі БЖЗҚ-ның және (немесе) ЕЖЗҚ-ның ішкі құжаттарында айқындалады.

      7. Жеке зейнетақы шотының құрылымында міндетті деректер осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес болады.

      8. Салымшының (алушының) БЖЗҚ-дағы және (немесе) ЕЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоты зейнетақы жинақтары болмаған жағдайда 1 (бір) ай өткен соң жабылады.

      9. БЖЗҚ-да және (немесе) ЕЖЗҚ-да жеке зейнетақы шоты жабылғаннан кейін, оның ішінде БЖЗҚ ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына берген міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу үшін:

      жабық жеке зейнетақы шотының нөмірі басқа салымшыға (алушыға) берілмейді;

      Қағидалардың 8-тармағына сәйкес жабылған жеке зейнетақы шоты қажет болған жағдайда Қағидалардың 6-тармағында белгіленген тәртіппен қайта ашылады.

3-тарау. Жеке зейнетақы шоттарындағы зейнетақы жинақтарын есепке алу

      10. БЖЗҚ және ЕЖЗҚ зейнетақы жинақтарын есепке алуды зейнетақы активтері құнының үлес шамасы ретінде айқындалатын, аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы жағдай бойынша және айдың соңғы күнтізбелік күнінің соңындағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің бір шартты бірлігінің құнын апта сайын қайта бағалау арқылы жүзеге асырады.

      БЖЗҚ шартты бірліктің құнын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері және әрбір ИПБ бойынша сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтері бойынша жеке есептейді.

      11. БЖЗҚ және (немесе) ЕЖЗҚ салымшысының (алушысының) жеке зейнетақы шотына сомалар келіп түскен кезде келіп түскен сома сомалар келіп түскен күннің басындағы ағымдағы құны бойынша айқындалатын шартты бірліктердің балама санына қайта есептеледі. Салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотынан сомаларды есептен шығару жөніндегі операцияларды БЖЗҚ және (немесе) ЕЖЗҚ есептен шығару күнінің басындағы шартты бірліктің ағымдағы құны бойынша жүзеге асырады.

      Қате аударылған міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлды қайтару жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде № 1116 Қағидаларға және БЖЗҚ-ның және (немесе) ЕЖЗҚ-ның ішкі құжаттарына сәйкес қате аударылған жарналарға және (немесе) өсімпұлға есептелген инвестициялық кіріс барлық түскен жарналар және (немесе) өсімпұл толық көлемде қайтарылған жағдайда, салымшылар (алушылар) арасында қайта бөлінуге тиіс.

      12. Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарынан сомаларды есептен шығару операциялары бойынша инвестициялық кірісті есептеу, есептен шығару тәртібін қоса алғанда, салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарында зейнетақы жинақтарын және төлемдерді жеке есепке алу жөніндегі операциялардың тізбесі және оларды жүргізу тәртібі БЖЗҚ-ның және (немесе) ЕЖЗҚ-ның ішкі құжаттарында айқындалады.

      13. Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына берілген жағдайда, БЖЗҚ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерінің құрамындағы салымшының ЖЗШ-сына түсетін міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке жатқызуды жүзеге асырады.

      Міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының есебінен қалыптастырылған берілген зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға қайтарған жағдайда, БЖЗҚ оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерінің құрамындағы салымшының (алушының) ЖЗШ-сына есепке жатқызуды жүзеге асырады. Бұл ретте салымшы (алушы) ЖЗШ-ның ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға берілген зейнетақы активтерін есепке алу үшін ашылған қосалқы шоты Қағидалардың 8-тармағына сәйкес жабылады.

      14. БЖЗҚ және ЕЖЗҚ апта сайын аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы жағдай бойынша және айдың соңғы күнтізбелік күнінің соңындағы жағдай бойынша Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8815 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 237 қаулысымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін жүзеге асыру қағидаларына сәйкес зейнетақы активтерінің бір шартты бірлігінің құнын есептейді.

      15. БЖЗҚ және ЕЖЗҚ шартты бірліктердің күні мен жиынтық санын көрсете отырып, Қағидалардың 10-тармағына сәйкес есептелген шартты бірлік құнының есебін жүргізеді.

      16. ЕЖЗҚ ЕЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы бар ұйымға басқаруға тапсырған кезде айына кемінде бір рет зейнетақы активтерінің салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы ретінде есептелген құнын көрсетілген ұйыммен және ЕЖЗҚ-ның кастодиан банкімен салыстырып тексеруді жүзеге асырады.

      17. Теңгемен және (немесе) шетел валютасымен төлемдердің және (немесе) зейнетақы жинақтары аударымдарының және (немесе) өзге сомалардың қайтарылуын есепке алу үшін салымшыға (алушыға) жеке атаулы шот болып табылатын, теңгемен және (немесе) шетел валютасымен төлемдерді және (немесе) зейнетақы жинақтары аударымдарының және (немесе) өзге сомалардың қайтарылуы түскен күні БЖЗҚ-да немесе ЕЖЗҚ-да ашылатын кредиторлық берешек шоты ашылады.

      Кредиторлық берешек шоттарындағы сомаларды есепке алу бойынша операциялардың тізбесі мен оларды жүргізу тәртібі БЖЗҚ және (немесе) ЕЖЗҚ ішкі құжаттарында айқындалады.

      18. Зейнетақы жинақтарының талап етілмеген сомаларын БЖЗҚ және (немесе) ЕЖЗҚ осы соманы алушы немесе оның мұрагері (мұрагерлері) талап еткенге дейін есептен шығармауға тиіс.

      19. Міндетті зейнетақы жарналарының есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының талап етілмеген сомаларына жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ, сондай-ақ тегінде, атында, әкесінің атында және туған күнінде дұрыс деректемелер көрсетілмеген БЖЗҚ-дағы сәйкестендірілмеген салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы сомалар жатқызылады.

      БЖЗҚ Қағидалардың 19-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген салымшыларды (алушыларды) сәйкестендіруді мынадай тәртіппен жүзеге асырады:

      1) сәйкестендірілмеген салымшылардың (алушылардың) деректемелерін салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ ақпараттық жүйесіндегі деректемелерімен фонетикалық іздеу (айтылуы бойынша ұқсас), сондай-ақ тектерін, аттарын және әкелерінің аттарын қазақ және орыс тілдерінде жазған кезде транслитерация белгісін ескере отырып, салыстырып тексеру жүргізіледі;

      2) салымшылардың (алушылардың) деректемелерін (тегі, аты, әкесінің аты, туған күні) деректемелерін "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорымен, оның ішінде жеке сәйкестендіру нөмірінің бар-жоғына қатысты салыстырып тексеру жүргізіледі.

      Деректемелері қате салымшылар (алушылар) сәйкестендірілген жағдайда, БЖЗҚ оларды "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорына сәйкес келтіреді.

  Салымшылардың
(алушылардың) жеке зейнетақы
шоттарындағы міндетті
зейнетақы жарналары, міндетті
кәсіптік зейнетақы жарналары
және ерікті зейнетақы
жарналары есебінен зейнетақы
жинақтарын есепке алуды
жүргізу қағидаларына
қосымша

Жеке зейнетақы шотының құрылымы

      А ВВВВВВ СС DD EE..., мұндағы:

A

- зейнетақы жарнасының түрін белгілеу

1 цифры

Зейнетақы жарнасының түрін білдіреді, мұндағы:
"1" - міндетті зейнетақы жарналары;
"2" - ерікті зейнетақы жарналары;
"3" - міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары.

ВВВВВВ

- баланстық шоттың нөмірі

2, 3, 4, 5, 6, 7 цифрлары

Шоттар жоспарының шотын білдіреді.

СС

- өңірдің (облыстың) коды

8, 9 цифрлары

Мыналарды білдіреді:
00 – агенттер БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын өтініш берілмейтін тәртіппен аударған кезде;
не міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылатын агенттің және жеке тұлғаның міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу жөніндегі жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтініші берілген не ерікті зейнетақы жарналарының есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасалған өңір, мұндағы:
"01" - Алматы қаласы, Алматы облысы;
"02" - Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола облысы;
"03" - Солтүстік Қазақстан облысы;
"04" - Павлодар облысы;
"05" - Қостанай облысы;
"06" - Шығыс Қазақстан облысы;
"07" - Қарағанды облысы;
"08" - Ақтөбе облысы;
"09" - Батыс Қазақстан облысы;
"10" - Атырау облысы;
"11" - Маңғыстау облысы;
"12" - Қызылорда облысы;
"13" - Шымкент қаласы;
"14" - Жамбыл облысы;
"15" - Түркістан облысы

DD

-БЖЗҚ немесе ЕЖЗҚ коды

10, 11 цифрлары

БЖЗҚ коды – "00" цифрлары;
ЕЖЗҚ коды – ЕЖЗҚ лицензиясының кодтарын білдіретін цифрлар.

EE

-ЖЗШ құрамындағы қосалқы шоттың коды

12, 13 цифрлары

ИПБ коды – ИПБ лицензиясының кодын білдіретін цифрлар.

  Қаулыға
2-қосымша

Күші жойылады деп танылатын Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық элементтерінің тізбесі

      1. "Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 201 қаулысы (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8654 болып тіркелген, 2013 жылғы 2 қазанда "Заң газетінде" № 148 (2349) жарияланған).

      2. "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының және ерікті зейнетақы жарналарының есебінен зейнетақы жинақтарының есебін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 26 шілдедегі № 201 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 23 сәуірдегі № 69 қаулысы (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9501 болып тіркелген, 2014 жылғы 4 шілдеде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      3. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру және бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қазандағы № 258 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14727 болып тіркелген, 2017 жылғы 28 ақпанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) бекітілген Өзгерістер мен толықтыру енгізілетін Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру және бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 4-тармағы.

      4. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 254 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16246 болып тіркелген, 2018 жылғы 25 қаңтарда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) бекітілген Өзгерістер мен толықтыру енгізілетін Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 1-тармағы.

      5. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 28 маусымдағы № 103 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18995 болып тіркелген, 2019 жылғы 17 шілдеде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 1-тармағы.

      6. "Салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 201 қаулысына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 269 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19872 болып тіркелген, 2020 жылғы 15 қаңтарда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған).