Бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 27 наурыздағы № 47 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 28 сәуірде № 15084 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
Осы қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 6-т. қараңыз

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 63) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2022 № 122 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Бухгалтерлік есеп департаменті (Рахметова С.К.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаздағы және электрондық түрдегі көшірмелерін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Д.Т. Ғалиеваға жүктелсін.

      6. Осы қаулы, осы қаулымен бекітілген Бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандыру қағидалары 10-тармағының 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 5), 11) тармақшаларын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2017 жылғы 27 наурыздағы
№ 47 қаулысымен бекітілген

Бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандыру қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 63) тармақшасына сәйкес әзірленді және қаржы ұйымдарының (айрықша қызметі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда), "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамының және Қазақстан Республикасының бейрезидент - банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру брокерлері филиалдарының (бұдан әрі – ұйым) бухгалтерлік есеп жүргізуін автоматтандыру тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2022 № 122 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандырудың негізгі мақсаты бухгалтерлік есеп жүргізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді (бұдан әрі – ақпараттық жүйе) қолдану арқылы ұйымдар жасайтын операциялар мен оқиғалар туралы ақпаратты жинау, тіркеу және жинақтау жүйесін автоматтандыру және мүдделі тұлғаларды ұйымның қаржылық жағдайы, қызметінің нәтижелері және қаржылық жағдайындағы өзгерістер туралы толық және дәйекті ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.

      Қаржылық есептілік жасауды қаржылық есептіліктің ұлттық стандарттарына сәйкес жүзеге асыратын ұйымдарға бухгалтерлік есепті Қағидаларда көзделген тәртіппен кеңсе пакеттерінің қосымшаларын пайдалана отырып жүргізуге жол беріледі.

      3. Қағидаларда "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы", "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мына ұғымдар қолданылады:

      1) автоматтандырылған жұмыс орны – ұйым қызметкерінің автоматтандырылған бизнес-процестерді іске асыруға қатысуын қамтамасыз ететін техникалық, ақпараттық және бағдарламалық ресурстардың жиынтығы;

      2) аудиторлық із – мәмілелерді (операцияларды) немесе жүйелік функцияларды жасаған кезде пайдаланушының іс-әрекетін қадағалау және белгілеу процесі;

      3) бухгалтерлік есеп деректері бойынша есептілік – Қазақстан Республикасының бейрезидент - банкінің филиалы, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру брокерінің филиалы қалыптастыратын есептілік;

      4) дерекқор – деректердің сипаттамасы, сондай-ақ олардың объектілері арасындағы өзара байланысы сипатталатын тұжырымдамалық құрылымға сәйкес ұйымдастырылған деректердің жиынтығы;

      5) орталықтандырылған қолжетімділік – қашықтағы автоматтандырылған жұмыс орындары пайдаланушыларының нақты уақыт режимінде байланыс арналары бойынша ақпараттық жүйенің бірыңғай дерекқорына қолжетімділігі;

      6) орталықтандырылмаған қолжетімділік – қашықтағы автоматтандырылған жұмыс орындары пайдаланушыларының жергілікті базаны деректерді реттеп беру арқылы үйлестіре отырып, байланыс арналары бойынша ақпараттық жүйенің бірыңғай дерекқорына қолжетімділігі;

      7) сторно – бухгалтерлік есептің тіркелімдерде анықталған қателерді түзету жөніндегі бухгалтерлік жазба.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2022 № 122 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, бухгалтерлік есепті жүргізу Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнаманың талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылады.

      5. Ақпараттық жүйеде мыналардың:

      1) синтетикалық (қорытынды) есеп пен талдамалық (нақты) есептің;

      2) қағаз тасымалдағышта басылып шығарылған және бекітілген қаржылық есептердің және бухгалтерлік есеп деректері бойынша есептіліктердің не Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне электрондық форматта ұсынылған қаржылық есептердің және бухгалтерлік есеп деректері бойынша есептіліктердің және ақпараттық жүйеден қалыптастырылған электрондық есептердің бірдейлігі қамтамасыз етіледі.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 108 (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Қызметтің үзіліссіздігін қамтамасыз ету үшін ұйым мыналар қамтылатын ішкі құжатты әзірлейді және ұйымның басшысы не оның орнындағы адам, немесе ұйымның өзге басқару органы оны бекітеді:

      1) ақпараттық жүйенің ішінара немесе толық бұзылуы жағдайында оған қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін ықтимал ақпараттық жағдайлар тізбесін, техникалық құралдардың істен шығуы (қорек көзін жоғалту, жүйе құрауыштарының (модульдердің, шағын жүйелердің) істен шығуын және басқаларды көрсете отырып, оны қалпына келтірудің (сақтаудың) қадамдық рәсімдері;

      2) ақпараттық жүйенің қауіпсіздігі, оның ішінде ақпаратты рұқсат етілмеген кіруден қорғау рәсімдері.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 108 (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6-1. Қазақстан Республикасының бейрезидент - банктің филиалы, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру брокерінің филиалы қызметінің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін Қағидалардың 6 - тармағының 1) және 2) тармақшаларында белгіленген нормаларды қамтитын ішкі құжатты әзірлеуін және Қазақстан Республикасының бейрезидент - банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру брокерінің басшысы не оның орнындағы тұлға немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент - банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру брокерінің өзге басқару органы бекітуін жүзеге асырады.

      Ескерту. Қағидалар 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 108 (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Қағидаларды қолдану мақсатында ұйымның бөлімшелері фронт-офис, мидл-офис (болған жағдайда) және бэк-офис болып бөлінеді.

2-тарау. Бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандыру

      8. Ұйымның бухгалтерлік есебін жүргізуді автоматтандыру мынадай жүйелілікпен қамтамасыз етіледі:

      1) ұйым жасайтын барлық операциялардың нақтыланған бухгалтерлік есебі жүйе құрауыштарының (модульдер, шағын жүйелер) талдамалық бухгалтерлік есебінде бастапқы құжаттардың негізінде көрсетіледі;

      2) бастапқы құжаттардағы ақпарат бухгалтерлік есеп регистрлерінде жинақталып, жүйеге келтіріледі;

      3) талдамалық есептің деректері синтетикалық есеп шоттары бойынша топтастырылады;

      4) синтетикалық есептің деректері бас кітапта және (немесе) дерекқорында көрсетіледі;

      5) бас кітаптың және (немесе) дерекқордың ақпараты негізінде жекелеген қаржылық есептілік және бухгалтерлік есеп деректері бойынша есептілік қалыптастырылады.

      Ақпараттық жүйені пайдалана отырып, жекелеген қаржылық есептілікті қалыптастыруды автоматтандырған кезде ұйым бухгалтерлік баланстың пайда және зиян туралы есептің, ақша қаражатының қозғалысы туралы есептің, капиталдағы өзгерістер туралы есептің автоматты түрде қалыптастырылуын қамтамасыз етеді.

      Ақша қаражатының қозғалысы туралы есепті қалыптастырған кезде ақша қаражатының қозғалысы туралы есептің көрсеткіштеріне қолмен түзетулер енгізуге жол беріледі.

      Ақпараттық жүйені қолдана отырып бухгалтерлік есеп деректері бойынша есептілікті қалыптастыруды автоматтандыру кезінде Қазақстан Республикасының бейрезидент - банктің филиалы, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру брокерінің филиалы активтер мен міндеттемелер туралы есепті, кірістер мен шығыстар туралы есепті және ақша қаражатының қозғалысы туралы есепті автоматты түрде қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 108 (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Ақпараттық жүйені пайдалана отырып, бухгалтерлік есепті жүргізуді автоматтандыру үшін ұйым мыналар қамтылатын ішкі құжаттарды әзірлейді және ұйымның басшысы не оның орнындағы адам, немесе ұйымның өзге басқару органы оны бекітеді:

      1) қолданылатын ақпараттық жүйелердің тізбесі (екі және одан көп ақпарат жүйесі қолданылған жағдайда);

      2) әрбір ақпараттық жүйенің мыналарды қамтитын сипаттамасы:

      жүйе құрауыштарының тізбесі (модульдер, шағын жүйелер);

      жүйенің әрбір құрауышы (модульдің, шағын жүйенің) міндетінің сипаттамасы;

      жүзеге асырылатын бизнес-процестердің сипаттамасын көрсете отырып, жасалатын операциялар бойынша ақпараттық жүйелер арасында (екі және одан көп ақпараттық жүйе пайдаланылған жағдайда) өзара байланысы және (немесе) өзара іс-қимыл жасау, оның ішінде ақпарат алмасудың және (немесе) берудің әдістері және (немесе) тәсілдері;

      жүйе құрауыштарының (модульдердің, шағын жүйелердің) сыртқы ақпарат көздерімен не ұйымның бағалы қағаздармен операцияларды (төлемдер, қайта бағалау, сатып алу (сату) және басқа да операцияларды жүргізу үшін пайдаланылатын басқа ақпараттық жүйелерімен өзара іс-қимылдары болған кездегі бизнес-процестерді автоматтандыруды сипаттау;

      Ұйым басшысының не оның орнындағы адамның немесе ұйымның басқару органының ақпарат жүйесінің әзірлеушісі ұсынған құжаттады олар осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген талаптарға сәйкес келген жағдайда бекітуіне рұқсат етіледі.

      3) ұйымның бухгалтерлік балансы баптарының (жолдарының) әрбір бап (жол) бойынша көрсетілген тізбесі:

      бухгалтерлік есеп шотын көрсете отырып, нәтижесі бухгалтерлік баланстың осы бабы (жолы) сомасының құрамына енгізілетін жасалатын операцияның мазмұны;

      бухгалтерлік баланстың осы бабын (жолын) қалыптастыруға негіз болатын, бухгалтерлік жазбаларды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын жүйе құрауыштары (модульдер, шағын жүйелер).

      9-1. Қазақстан Республикасының бейрезидент - банктің филиалы, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру брокерінің филиалы ақпараттық жүйені қолдана отырып бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандыру үшін мазмұны Қағидалардың 9 - тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген талаптарға сәйкес келетін ішкі құжаттарды әзірлеуін және Қазақстан Республикасының бейрезидент - банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру брокерінің басшысы не оның орнындағы тұлға немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент - банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру брокерінің өзге басқару органы бекітуін қамтамасыз етеді.

      Ескерту. Қағидалар 9-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 21.09.2020 № 108 (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10. Бухгалтерлік есепті жүргізуді автоматтандыру кезінде төмендегілер қамтамасыз етіледі:

      1) дерекқордың және (немесе) бас кітаптың болуы;

      2) бір үлгідегі бухгалтерлік жазбаларды пайдалана отырып операцияларды көрсету үшін тұрақты негізде қолданылатын автоматтандырылған жұмыс орнын пайдаланушының үлгі операцияларды таңдау мүмкіндігі. Бухгалтерлік жазбаларды біртектес бухгалтерлік жазбаларға жатқызу өлшемшарттары ұйымның ішкі құжаттарында оларды жүйеге асыру кезеңділігі негізінде айқындалады;

      3) ұйымның ішкі құжаттарында белгіленген кезеңділікпен ақпараттық жүйеде осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген үлгі операцияларды таңдау нәтижесінде бухгалтерлік жазбаның дұрыс көрсетілуіне бақылауды жүзеге асыру.

      Бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау туралы Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қарылық есептілік туралы заңнамасының талаптарын өзгерткен, есептік саясатқа, жүргізілетін операциялардың бизнес-процесіне өзгерістер енгізген ұйым ақпараттық жүйенің теңшеулеріне тиісті өзгерістер енгізеді;

      4) жалпыға танымал тиісті анықтамалықтарға (жіктеуіштерге) қолжетімділік және оларды ақпаратты бірегейлендіру мақсатында қолдану;

      5) клиенттерді банктік шот нөмірінің деректемелері, клиенттің жеке басын куәландыратын құжат (жеке тұлғалар үшін), банк шотының нөмірі және (немесе) клиентпен жасалған шарт (шарттар) негізінде клиент жүргізген барлық операциялар бойынша пайдаланылатын ақпараттық жүйеде тарихи деректерді қарау мүмкіндігімен клиентті ақпараттық жүйеде есепке алу сәтінен бастап есепке алуды жүргізу;

      6) ұйымның қызметкерлері арасында операцияның сипатына (мазмұнына) және ұйым қызметкерінің функциональдық өкілеттіктеріне қарай қолжетімділік құқығын, оның ішінде ұйымның ішкі құжаттарында сипатталған қауіпсіздіктің балама деңгейін қамтамасыз ете отырып, ұйымның ішкі құжаттарында көзделген ақпараттық жүйеде бухгалтерлік жазбаларды санкциялау (бекіту) тәртібін құру жолымен шектеу;

      7) валютаның әртүрлі түрлерін қолдау (ұйым шетел валютасымен операцияларды жүргізген жағдайда);

      8) міндетті жолдарды толтыра отырып, кіріс деректердің сапасын тексеруді қоса, бухгалтерлік есеп тіркелімдерін жүргізу;

      9) ақпараттық жүйеде көрсетілген барлық операциялардағы аудиторлық іздің мазмұны;

      10) автоматтандырылған жұмыс орнының дерекқорға және (немесе) бас кітапқа орталықтандырылған немесе орталықтандырылмаған қолжетімділігі;

      11) барлық жүргізілген сторно туралы есепті қалыптастыру;

      12) операцияларды жүргізу үшін пайдаланылатын ақпараттық жүйелер арасындағы өзара байланыс;

      13) бухгалтерлік жазбаларды ақпараттық жүйеде операция жүргізілген немесе оқиға болған сәтте не тікелей олар аяқталған соң жүзеге асыру;

      14) сторноны қатені анықталған күні жүзеге асыру және сторноны кейінгі күнмен жүзеге асыру мүмкіндігін болдырмау.

      11. Қағидалардың 6 және 9-тармақтарында көрсетілген ұйымның ішкі құжаттарындағы ақпараттың, ақпараттық жүйеде жасалатын нақты бизнес-процестері мен процестерімен жаңартылуын тексеру жылына кемінде бір рет жүргізіледі, нәтижесі ұйымның ішкі құжатымен айқындалған шешімімен тіркеледі.

      12. Ұйымның бас кітап деңгейінде жүргізетін операциялары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының мынадай:

      "Қазақстан Республикасы қаржы нарығының жекелеген субъектілері үшін бухгалтерлік есептің үлгі шот жоспарын бекіту туралы" 2008 жылғы 22 қыркүйектегі № 79 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5348 болып тіркелген);

      "Екінші деңгейдегі банктердегі, ипотекалық ұйымдардағы, "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамындағы және Қазақстан Республикасының бейрезидент - банктердің филиалдарындағы бухгалтерлік есептің үлгі шот жоспарын бекіту туралы" 2011 жылғы 31 қаңтардағы № 3 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6793 болып тіркелген);

      "Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, исламдық сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, өзара сақтандыру қоғамдарына және Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарына арналған бухгалтерлік есептің үлгі шот жоспарын, Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, исламдық сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, өзара сақтандыру қоғамдарының және Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының бухгалтерлік есеп жүргізуі жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы және Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бухгалтерлік есеп жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 251 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16390 болып тіркелген) қаулыларымен бекітілген бухгалтерлік есептің үлгі шоттар жоспарына сәйкес бухгалтерлік есеп шоттарында көрсетіледі.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.11.2021 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2017 жылғы 27 наурыздағы
№ 47 қаулысына қосымша

Күші жойылды деп танылған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының
кейбір қаулыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі
Басқармасының кейбір қаулыларының құрылымдық элементтерінің тізбесі

      1. "Бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 272 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7982 тіркелген, 2012 жылғы 12 желтоқсанда "Егемен Қазақстан" газетінде № 818-823 (27894) жарияланған).

      2. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне микроқаржы ұйымдарының бухгалтерлік есебі және қаржылық есептілігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 388 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8350 тіркелген, 2013 жылғы 5 маусымда "Егемен Қазақстан" газетінде № 141 (28080) жарияланған) қосымша болып табылатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне микроқаржы ұйымдарының бухгалтерлік есебі және қаржылық есептілігі мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар тізбесінің 4-тармағы.

      3. "Бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 272 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 18 маусымдағы № 123 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11700 тіркелген, 2015 жылғы 27 шілдеде "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік мекемесінің "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      4. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бухгалтерлік есепті жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 6 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13415 тіркелген, 2016 жылғы 4 сәуірде "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік мекемесінің "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) қосымша болып табылатын Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепті жүргізу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 6-тармағы.