Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 91 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 26 ақпанда № 13288 болып тіркелді.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 48) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 03.07.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы С.Н.Нүсіповке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
А. Сәрінжіпов

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2016 жылғы 28 қаңтардағы
№ 91 бұйрығына қосымша

Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 29.07.2020 № 324 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 48) тармақшасына сәйкес мемлекеттік тапсырыс негізінде бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беретін оқу бағдарламаларын, мамандандырылған жалпы білім беретін және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарының (бұдан әрі - білім беру ұйымдары) білім алушыларын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен (бұдан әрі - ОӘК) уақытылы және толық қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 03.07.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидалар мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және ОӘК-мен қамтамасыз ету тәртібін, оларды орындау мерзімдерін, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік), оның ведомстволық бағынысты ұйымы – "Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының (бұдан әрі – РҒП БМСО), Министрліктің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық департаменттерінің (бұдан әрі – Департамент), білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдардың және білім беру ұйымдарының функцияларын бекітуді айқындайды.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 26.01.2023 № 19 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беретін оқу бағдарламаларын, мамандандырылған жалпы білім беретін және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілері әлеуметтік мәртебесіне қарамастан "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабы 3-тармағының 7) тармақшасына сәйкес жергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен оқу жылына білім беру органдары болжайтын көлемде тегін оқулықтармен, ОӘК-мен, оның ішінде электрондық оқулықтармен қамтамасыз етіледі.

      4. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) білім беру ұйымдарының оқу әдебиеттерімен қамтамасыз етілу мониторингі - Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың, мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің, оның ішінде электрондық нысандағы тiзбесiне (бұдан әрі - Тізбе) енген оқу басылымдарымен қамтамасыз ету (оқу әдебиеттерін мемлекеттік сатып алу қорытындылары, жеткізу жөніндегі шарт жасасуы, баспалардың жөнелтуі, тасымалдаушы ұйымдардың жеткізуі, баламалы оқулықтар арасынан мектептердің оқулықтар мен ОӘК-ді таңдау процесі, мектеп кітапханаларындағы кітап қорының жай-күйі туралы ақпаратты жинақтау, сақтау, өңдеу және тарату);

      2) баспа - оқулық, ОӘК мен оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуді және басып шығаруды жүзеге асыратын кәсіпорын;

      3) оқулық - оқу пәнін жүйелі түрде баяндайтын, тиісті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына, үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес келетін оқу басылымының түрі (қағаз немесе электронды);

      4) оқу-әдістемелік кешен (ОӘК) - оқулықпен бірге жүретін және білім алушылардың оқу пәндерінің мазмұнын меңгеруін қамтамасыз етуге бағытталған, мұғалімге арналған әдістемелік нұсқаулықты, хрестоматияны, 1 және 2-сыныптарға арналған жұмыс дәптерлерін, диктанттар жинағын, міндеттер мен жаттығулар жинағын, карта-атласты, оның ішінде электрнонды тасымалдағышта қамтитын оқу және әдістемелік басылымдардың жиынтығы;

      5) электрондық оқулық - үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес келетін және білім алушыға өз бетінше немесе педагогтің көмегімен интерактивті режимде оқу курсын немесе оның бөлімін меңгеруге, тапсырмаларды орындауға және өзінің оқу жетістіктерін бағалауға мүмкіндік беретін бағдарламалық-әдістемелік оқыту кешені.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Оқу-ағарту министрінің 03.07.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Білім беру ұйымдарын оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен, оқу-әдістемелік құралдармен, оның ішінде электрондық оқулықтармен қамтамасыз ету тәртібі

      5. Білім беру ұйымдарының кітапхана қорын Тізбеге енген оқулықтармен және ОӘК-мен, оның ішінде электрондық оқулықтармен қамтамасыз ету бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру деңгейлері үшін әрбір 5 (бес) жыл сайын және арнайы білім беру ұйымдары үшін әрбір 6 (алты) жыл сайын білім алушылар контингентіне сәйкес сатып алу және жыл сайын оқулықтармен және ОӘК-мен, оның ішінде электрондық оқулықтардың қажетті санын қосымша сатып алу арқылы жүзеге асырылады.

      6. Республикалық білім беру ұйымдары, сондай-ақ шетел мектептерінде білім алатын отандастарымыз оқулықтармен және ОӘК-мен республикалық бюджет қаражаты есебінен халықаралық келісімдерге сәйкес қамтамасыз етіледі.

      7. Білім беру ұйымдары жыл сайын 31 мамырға дейін білім алушылар контингентіне оқулықтар мен ОӘК санының жеткіліктілігіне қарай кітап қорын түгендеуді жүргізеді және келесі оқу жылына арналған кітап қорынан білім алушыларға оқулықтар және ОӘК береді.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 03.07.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 30 қыркүйекке дейін білім беру ұйымдарында білім алушылардың болжамды санын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің контингентін есепке ала отырып айқындайды және оның негізінде келесі оқу жылына оқулықтар мен ОӘК-ті, оның ішінде электрондық оқулықтарды сатып алуға, өтінімді қалыптастырады.

      9. Алып тасталды – ҚР Оқу-ағарту министрінің 03.07.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Баспалар жыл сайын 30 қазаннан кешіктірмей өз ұйымдарының сайтында оқулықтар мен ОӘК-ді және сатып алуға жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік өтінімдерін қалыптастыру үшін оқулықтар мен ОӘК-нің алдын ала прайс-парағын орналастырады.

      11. "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 67) тармақшасына сәйкес Министрлік Тізбені жыл сайын 28 наурызға дейін бекітеді және оны білім беру ұйымдары мен баспалардың танысуы үшін Министрліктің сайтында орналастырады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 03.07.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Тізбе бекітілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде баспалардың сайтында Тізбеге енгізілген оқулықтар мен ОӘК-дің прайс-парағы орналастырылады.

      13. Білім беру ұйымдарының әдістемелік бірлестіктері немесе әдістемелік бірлестіктері жоқ білім беру ұйымдарының педагогтері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 9 желтоқсандағы № 491 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31060 болып тіркелген) Мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді таңдау қағидаларына сәйкес алдағы оқу жылына оқулықтар мен ОӘК таңдауды жүзеге асырады және осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінімдер толтырады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 26.01.2023 № 19 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Мектеп кітапханашысы әдістемелік бірлестіктердің шешімдері немесе әдістемелік бірлестіктері жоқ білім беру ұйымдарының педагогін таңдау негізінде 10 сәуірге дейін Ұлттық білім беру деректер қоры (бұдан әрі - ҰБДҚ) арқылы оқулықтар мен ОӘК, оның ішінде электрондық оқулықтар сатып алуға өтінімдер толтырады.

      15. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 15 сәуірге дейін ҰБДҚ-ға білім беру ұйымдары енгізген өтінімдер негізінде баспаға оқулықтар мен ОӘК, оның ішінде электрондық оқулықтар сатып алуға өтінім жібереді.

      16. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 25 сәуірге дейін білім беру ұйымдарының өтінімдері негізінде оқулықтар мен ОӘК-ді басып шығаруды жүзеге асыратын баспалармен осы Қағидалардың 24 және 24-1-тармақтарында көзделген шарттарды көрсете отырып, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес шарттар жасайды.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 26.01.2023 № 19 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Жергілікті атқарушы органдар оқулықтар мен ОӘК-ді басып шығаратын баспалармен "Оқу басылымдарына қойылатын гигиеналық нормативтерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-124 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 25657 болып тіркелген) сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық сараптама қорытындысы болған жағдайда ғана шарт жасасады.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 26.01.2023 № 19 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 30 сәуірге дейін оқулықтар мен ОӘК-ді басып шығаруды жүзеге асыратын ұйымнан білім беру ұйымдарына дейін оқулықтар мен ОӘК-ді жеткізу бойынша көрсетілетін қызметтердің әлеуетті жеткізушілерін анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізуді ұйымдастырады.

      19. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 1 тамызға дейін білім беру органдары алдағы оқу жылына болжайтын көлемде бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің оқу бағдарламаларын, мамандандырылған жалпы білім беретін және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқулықтар мен ОӘК-ді сатып алуды және жеткізуді ұйымдастырады.

      20. Жергілікті атқарушы органдар 10 тамызға дейін ҰБДҚ-ға енгізілген білім беру ұйымдарының өтініміне сәйкес оқулықтар мен ОӘК-ді, оның ішінде электрондық оқулықтарды бөлуді жүзеге асырады.

      21. Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын Министрлікке білім беру ұйымдарының алдағы оқу жылына оқулықтармен, ОӘК-мен, оның ішінде электрондық оқулықтармен қамтамасыз етілуі туралы қорытынды ақпаратты 10 тамызға дейін оқулықтардың, ОӘК-нің (болған жағдайда) қалған бөліктерімен қамтамасыз етілуі туралы ақпаратты 5 желтоқсанға дейін жібереді.

      22. Оқулықтарды сараптамаға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 24 шілдедегі № 344 бұйрығымен бекітілген Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендері мен оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу, оларға сараптама, сынақ өткізу және мониторинг жүргізу, оларды басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7876 болып тіркелген) сәйкес баспалар оқулықтардың сапасын қоғамдық талқылау жүргізу мақсатында өзінің интернет-ресурсында орналастыру үшін оқулықтың электронды нұсқасын РҒП БМСО-ға жібереді.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 26.01.2023 № 19 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      23. РҒП БМСО Департаменттермен бірлесе отырып, 1 маусым және 10 қыркүйек аралығында он күн сайынғы мониторингті жүргізеді, оның барысында жергілікті атқарушы органдар жеткізу туралы, баспа - жөнелту туралы мәліметтерді ұсынып отырады.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 26.01.2023 № 19 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24. Баспа мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша өз қаражаты есебінен жергілікті атқарушы органдар сатып алған оқулықтар мен ОӘК-ні келесі жағдайларда ауыстырады:

      1) полиграфиялық ақау анықталған жағдайда;

      2) баспаның пәндік сараптама комиссиясы бекіткен нұсқадан ауытқуы нәтижесінде жіберілген қате (қателер) және (немесе) басқа да кемшіліктер анықталғанда.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 26.01.2023 № 19 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24-1. Полиграфиялық ақау анықталған кезде баспа полиграфиялық ақауы бар оқулықтар мен ОӘК-ні ауыстырады.

      Баспаның пәндік сараптау комиссиясы бекіткен нұсқадан ауытқуы нәтижесінде қателер анықталған жағдайда, баспа табылған қателерді жойғаннан кейін бүкіл тиражды ауыстырады.

      Ескерту. Қағида 24-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Оқу-ағарту министрінің 26.01.2023 № 19 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      25. Мектеп кітапханашысы 10 қыркүйекке дейін білім беру ұйымына жеткізілген оқулықтар мен ОӘК,оның ішінде электрондық оқулықтар туралы мәліметтерді ҰБДҚ-ға енгізеді.

      26. РҒП БМСО 10 қыркүйек және 10 қараша аралығында ҰБДҚ деректеріне сәйкес сатып алынған оқулықтар мен ОӘК әдістемелік бірлестіктердің немесе педагогтердің (әдістемелік бірлестіктер болмаған жағдайда) өтінімдеріне сәйкес мониторингті жүзеге асырады.

      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 26.01.2023 № 19 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      27. РҒП БМСО ҰБДҚ арқылы мектеп кітапханаларының жай-күйіне және олардың оқулықтармен, ОӘК-мен, оның ішінде электрондық оқулықтармен, көркем, ғылыми-танымал және ғылыми-әдістемелік әдебиеттермен толықтырылу процесіне тұрақты түрде мониторингті жүзеге асырады және оның нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға ұсынымдар жолдайды.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 26.01.2023 № 19 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      28. Жергілікті атқарушы органдар қажеттілік туындаған жағдайда аудан, қала, облыс ішіндегі білім беру ұйымдарының арасында оқулықтар мен ОӘК-ді қайта бөлуді жүргізеді.

  Қосымша
мемлекеттік білім беру
ұйымдарының білім алушылары
мен тәрбиеленушілерін
оқулықтар
мен және оқу-әдістемелік
кешендермен қамтамасыз
ету қағидаларына
  Нысаны
  Кітапхана меңгерушісіне
____________________________
____________________________
(білім беру ұйымының атауы)
____________________________
кітапхана меңгерушсінің (тегі,
аты, әкесінің аты (болған
жағдайда),
кімнен______________________
(әдістемелік бірлестіктің атауы
немесе педагогтің тегі, аты,
әкесінің аты (болған жағдайда)

Оқулықтар мен ОӘК таңдау бойынша Өтінім

Оқулық немесе ОӘК атауы

Сынып

Баспа

Авторлар

Басылым жылы

Саны
(дана)






















      Әдістемелік бірлестік мүшелерінің немесе педагогтің қолы ________________________

      Өтініш беру күні "___" _____________ 20___ жыл

      Қабылдады: ________________________________________________ _______________

      (тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)                  (қолы)