Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесіне қатысу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 14 маусымдағы № 70 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 19 маусымда № 23105 болып тіркелді

      "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 16-3-бабыың 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Сақтандыру брокерінің жарғылық және меншікті капиталының ең төменгі мөлшеріне қойылатын талаптарды, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері филиалының резерв ретінде қабылданатын активтерін қалыптастыру тәртібі мен олардың ең төменгі мөлшерін белгілеу және Сақтандыру брокерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 270 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17836 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Сақтандыру брокерінің жарғылық және меншікті капиталын қалыптастыруға қойылатын мынадай талаптар белгіленсін:

      1) жауапкершілігі шектеулі серіктестік не акционерлік қоғам ұйымдық-құқықтық нысанында жаңадан құрылатын сақтандыру брокерінің жарғылық капиталының ең төмен мөлшері тиісінше "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 23-бабының 2-тармағында және "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабында көзделген мөлшерден кем болмайды;

      2) сақтандыру брокерінің меншікті капиталының ең төмен мөлшері мынадай шамалардан кем болмайды (мөлшері Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңымен белгіленген айлық есептік көрсеткіштермен):

      өзінің атынан және сақтанушының тапсырмасы бойынша сақтандыру шарттарын жасасу бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыратын сақтандыру брокері үшін – 3 500 (үш мың бес жүз);

      өзінің атынан және қайта сақтанушының (цеденттің) тапсырмасы бойынша қайта сақтандыру шарттарын жасасу бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыратын сақтандыру брокері үшін – 80 000 (сексен мың);

      3) брокерлік қызметтің түрлерін қоса атқарған кезде сақтандыру брокерінің меншікті капиталының ең төмен мөлшері қайта сақтандыру шарттарын жасасу бойынша сақтандыру брокерінің қызметіне қатысты белгіленген мөлшерлерден кем болмайды.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Осы қаулы, қаулының 1-тармағының 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 2) тармақшасын қоспағанда, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.".

      2. Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова