Облигацияларды ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату қағидаларын, эмитент пен облигацияларды ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигацияларды ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы ш

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 88 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 12 сәуірде № 7568 тіркелді.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.10.2022 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мыналар:

      1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Облигацияларды ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату қағидалары, эмитент пен облигацияларды ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигацияларды ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға ақпарат беру мерзімдері;

      2) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Банкроттықты басқарушының бөлінген активтерді арнайы қаржы компаниясының облигацияларын ұстаушылардың өкіліне басқаруға беру (бөлінген активтерді сату және кепілге салынған мүлікті және бөлінген активтердің құрамына кіретін өзге де қамтамасыз етуді өндіріп алу құқығымен) қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.10.2022 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Мыналардың:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Облигациялар ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі және жағдайлары туралы, сондай-ақ эмитент пен облигациялар ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар туралы ережені бекіту жөнінде" 2003 жылғы 12 қарашадағы № 397 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2603 тіркелген, 2003 жылғы 25 желтоқсанда "Казахстанская правда" газетінде № 366 (24306) жарияланған);

      2) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының "Облигациялар ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі және жағдайлары туралы, сондай-ақ эмитент пен облигациялар ұстанушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстанушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар туралы ережені бекіту жөнінде" 2003 жылғы 12 қарашадағы № 397 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2007 жылғы 16 шілдедегі № 207 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4891 тіркелген);

      3) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" 2009 жылғы 29 сәуірдегі № 89 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5701) қосымшаның 1-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Г. Марченко

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 ақпандағы
№ 88 қаулысына
1-қосымша

      Ескерту. Жоғарғы оң жақ бұрыштағы мәтін жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.10.2022 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Облигацияларды ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату қағидалары, сондай-ақ эмитент пен облигацияларды ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигацияларды ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға ақпарат беру мерзімдері

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 31.12.2019 № 262 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Осы Облигацияларды ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату қағидалары, эмитент пен облигацияларды ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигацияларды ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға ақпарат беру мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) және "Жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заң) сәйкес әзірленді және облигацияларды ұстаушылар өкілінің (бұдан әрі – өкіл) қамтамасыз етілген, инфрақұрылымдық немесе ипотекалық облигацияларды (бұдан әрі – облигациялар) шығару, орналастыру, айналысқа жіберу және өтеу кезінде өз функциялары мен міндеттерін, эмитент пен өкілдің арасында жасалатын облигацияларды ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптарды орындау тәртібін, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі мен жағдайларын, сондай-ақ Заңның 20-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) ақпарат беру мерзімдерін айқындайды.

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.10.2022 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1. Өкілдің өз функциялары мен міндеттерін орындау
тәртібі

      1. Өкіл эмитенттің облигациялар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерін орындауын бақылауды:

      1) қаржылық есептілік, оның ішінде жылдық қаржылық есептілік және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес айқындалған аудиторлық есеп (бар болса) депозитариінің және эмитент шығарған бағалы қағаздар тізіміне енгізілген қор биржасының интернет-ресурстарында орналастырылатын;

      2) бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын;

      3) эмитент пен өкіл арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шартта (бұдан әрі – шарт) белгіленген тәртіппен және мерзімде ұсынылатын эмитенттің мерзімдік есептеріндегі;

      4) өкілдің сұратуларына сәйкес оған ұсынылатын облигациялар ұстаушылардың алдындағы міндеттемелерді эмитенттің орындауы туралы мәліметтердегі эмитент туралы ақпаратты талдау жолымен жүзеге асырады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.10.2016 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1-1. Өкіл уәкілетті органды және облигациялар ұстаушыларды Заңның 20-бабы 1-тармағының 1), 1-1), 2), 3), 3-1), 4) және 4-1) тармақшаларына сәйкес өз әрекеттері туралы және осындай әрекеттердің нәтижелері туралы:

      1) бағалы қағаздары шет мемлекеттің аумағында жұмыс істейтін қор биржасының алаңында айналысқа түспейтін эмитенттерге қатысты – тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың соңғы күнтізбелік күнінен кешіктірмей;

      2) бағалы қағаздары Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының тізіміне енгізілген және шет мемлекеттің аумағында жұмыс істейтін қор биржасының алаңында айналысқа түсетін эмитенттерге қатысты – өкіл эмитенттен Қағидалардың 10-тармағы 1) тармақшасының үшінші абзацында көзделген ақпаратты алған айдан кейінгі айдың соңғы күнтізбелік күнінен кешіктірмей хабардар етеді.

      Уәкілетті органға және облигациялар ұстаушыларға бағалы қағаздары қор биржасында айналысқа түспейтін эмитентке қатысты өкілдің өз функциялары мен міндеттерін орындауы туралы ұсынылатын ақпаратта эмитенттің есепті тоқсандағы қаржылық есептілігі қамтылады.

      Еншілес ұйымы бар эмитент шоғырландырылған қаржылық есептілік болмаған жағдайда өкілге шоғырландырылмаған қаржылық есептілікті ұсынады.

      Екінші деңгейдегі банк болып табылатын эмитент өкілге Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20474 болып тіркелген "Екінші деңгейдегі банктер есептілігінің тізбесін, нысандарын, мерзімдерін және оны ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 54 қаулысына 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалған баланстық және баланстан тыс шоттардағы қалдықтар туралы есепті ұсынады.

      Бағалы қағаздары Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының тізіміне енгізілген және шет мемлекеттің аумағында жұмыс істейтін қор биржасының алаңында айналысқа түсетін эмитент эмитенттің бағалы қағаздары тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленген мерзімде өкілге есепті тоқсандағы қаржылық есептілікті (осы эмитенттің еншілес ұйымы болған жағдайда – шоғырландырылған қаржылық есептілікті) ұсынады.

      Ескерту. 1-тарау 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.10.2016 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.10.2022 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      2. Облигациялар ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерін бұзуға әкеп соқтыруы мүмкін жағдайлар болған кезде, оның ішінде егер эмитенттің облигациялар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің (бұдан әрі – кепіл мүлкі) жағдайы немесе қамтамасыз етілген облигациялар бойынша кепілгердің қаржылық жағдайы эмитент міндеттемелерінің толық көлемде орындалуын қамтамасыз етпейтін болса, өкіл бұл жөнінде өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде облигациялар ұстаушыларды тізбесі шартта көзделген бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлама жариялау жолымен хабардар етеді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Эмитент сыйақыны және (немесе) облигациялардың номиналды құнын төлеу бойынша міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған, сондай-ақ Заңның 15-бабының 2-тармағында және облигациялар шығарылымының проспектісінде көзделген талаптарды орындамауға байланысты салдарға әкеп соқтыратын жағдайлар басталған жағдайда, өкіл осы мәліметтерді алған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей өкілдің эмитентпен жасалған шарт бойынша өзінің функцияларын жүзеге асыру және өзінің құқықтарын іске асыру шеңберінде қабылдайтын шараларын сипаттай отырып, бұл туралы уәкілетті органды, облигациялар ұстаушыларды және қор биржасын (егер облигациялар қор биржасының ресми тізіміне енгізілген жағдайда) хабардар етеді.

      Эмитент Қағидалардың 9 және 10-тармақтарында көзделген ақпаратты ұсынбаған не уақтылы ұсынбаған жағдайда, өкіл Қағидалардың 1-тармағының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен және мерзімдерде облигациялар ұстаушыларды және уәкілетті органды бұл туралы хабардар етеді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.09.2018 № 217 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      4. Өкіл эмитенттің облигацияларды орналастыру нәтижесінде алған ақшаны пайдалану тәртібіне және нысаналы пайдалануына бақылау жасау бойынша шаралар қабылдайды және бақылау нәтижесінде алған ақпаратты Қағидалардың 1-тармағының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен және мерзімдерде облигациялар ұстаушыларға жібереді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Өкіл кепіл мүлкінің жағдайын және гаранттың қаржылық жағдайын:

      1) эмитенттің кепіл мүлкіне құқықтарын растайтын құжаттардың түпнұсқаларымен танысу;

      2) эмитенттен кепіл мүлкінің жағдайы туралы және гаранттан қамтамасыз етілген облигациялар бойынша оның қаржылық жағдайы туралы өкілдің талабы бойынша кез келген күнге ақпарат алу;

      3) эмитенттен, қамтамасыз етілген облигациялар бойынша гаранттан тоқсанның қорытындысы бойынша және өкілдің талабы бойынша кез келген күнге оның қаржылық есептілігінің көшірмесін алу;

      4) акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында іс-әрекет жасайтын эмитенттің, қамтамасыз етілген облигациялар бойынша гаранттың қаржылық жағдайына оның аудиттелген қаржылық есептілігі негізінде жыл сайынғы талдау жүргізу;

      5) серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында іс-әрекет жасайтын эмитенттің қаржылық жағдайына оның қаржылық есептілігі (аудиттелген қаржылық есептілігі - бар болса) негізінде жыл сайынғы талдау жүргізу;

      6) эмитенттің қаржылық жағдайының мониторингін және оның корпоративтік оқиғаларының талдамасын жүзеге асыру арқылы бақылайды.

      6. Облигацияларды ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау міндеттерін орындау мақсатында өкіл тұрақты негізде:

      1) облигациялар ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерін бұзуға әкеп соқтыруы мүмкін жағдайларды анықтайды және оларға күнтізбелік үш күн ішінде көрсетілген жағдайлар туралы хабарлайды;

      2) эмитенттің облигациялар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету болып табылатын мүлікке кепіл құқығын ресімдеуге және тіркеуге байланысты құқықтық қатынастарда облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіреді;

      3) эмитенттің облигациялар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің жағдайына бақылау жасайды;

      4) облигациялар бойынша сыйақының уақтылы төленуіне бақылау жасайды;

      5) уәкілетті органға және облигациялар ұстаушыларға эмитенттің облигациялар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің жағдайы туралы хабарлайды;

      6) эмитентпен жасалған шартты бұзу күнінен немесе шарттың қолданыс мерзімі аяқталған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде уәкілетті органға және облигациялар ұстаушыларға өзінің өкіл ретіндегі өкілеттіктерінің тоқтатылғаны туралы хабарлайды;

      7) уәкілетті органға және облигациялар ұстаушыларға өздерінің сұрау салулары бойынша өкіл ретінде өзінің қызметіне қатысты ақпарат пен құжаттарды береді;

      8) коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпейді;

      9) эмитент өзінің облигациялар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерін орындамаған жағдайда кепілге салынған мүлікті сатады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.09.2018 № 217 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      6-1. Өкіл арнайы қаржы компаниясының банкроттық басқарушысынан осы қаулының Банкроттықты басқарушының бөлінген активтерді арнайы қаржы компаниясының облигацияларын ұстаушылардың өкіліне басқаруға беру (бөлінген активтерді сату және кепілге салынған мүлікті және бөлінген активтердің құрамына кіретін өзге де қамтамасыз етуді өндіріп алу құқығымен) қағидаларының 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шарттардың тізбесін қабылдап алғаннан кейін 7 жұмыс күнінен кешіктірмей арнайы қаржы компаниясына қызмет көрсететін, Жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңның 6-бабының 4-тармағында атап көрсетілген ұйымдармен шарттар жасайды.

      Ескерту. 1-тарау 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.10.2022 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6-2. Өкіл бөлінген активтер құрамына кіретін және (немесе) бөлінген активтерді сатудан түсетін ақшаның есебінен арнайы қаржы компаниясының облигацияларын ұстаушылардың талаптарын қанағаттандыру мақсатында іс-шараларды жүзеге асырады.

      Ескерту. 1-тарау 6-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.10.2022 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2. Өкілдің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі

      7. Облигациялар ұстаушылар өкілінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату мынадай жағдайлардың бірінде:

      1) бағалы қағаздар нарығында кастодиандық, брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыру лицензияларының қолданылуы тоқтатылғанда;

      2) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес қайта ұйымдастыруға, таратуға байланысты өкілдің қызметі тоқтатылғанда;

      3) тараптардың келісімі бойынша;

      4) егер облигациялар ұстаушылардың он және одан көп пайызы эмитенттің атына өкілді ауыстыру туралы талаппен өтініш жасаған жағдайда эмитенттің бастамасы бойынша;

      5) шартты бұзу туралы сот шешімі негізінде басталады.

      8. Осы Қағидалардың 7-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген жағдайлар басталған кезде өкіл күнтізбелік үш күн ішінде эмитентке тиісті жазбаша хабарлама жіберу арқылы оған бұл туралы хабарлайды.

      Осы Қағидалардың 7-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген жағдай басталған кезде эмитент жеті жұмыс күн ішінде өкілмен жасалған шартты бұзу шараларын қабылдайды.

3. Эмитент пен өкілдің арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына
қойылатын талаптар

      9. Шартта Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген талаптардан басқа мынадай:

      1) эмитенттің өкілге:

      егер осы жиналыстың күн тәртібінде облигациялар ұстаушылардың құқықтары мен мүдделері қозғалатын мәселелер қамтылатын болса – алдағы уақытта болатын акционерлердің (қатысушылардың) жалпы жиналысы туралы;

      алдағы уақытта болатын облигациялар ұстаушылардың жалпы жиналысы туралы;

      эмитент қабылдаған облигациялар ұстаушылардың құқықтары мен мүдделері қозғалатын шешімдер туралы;

      облигациялар бойынша сыйақыларды және олар бойынша негізгі борышты төлеу туралы;

      Заңның 15-бабының 2-тармағында және облигациялар шығарылымының проспектісінде көзделген талаптарды орындамауға байланысты салдарға әкеп соқтыратын жағдайлардың басталғаны туралы;

      облигациялар ұстаушылардың тізімі туралы;

      акционерлік қоғам болып табылатын эмитенттің ірі мәміле жасағаны туралы;

      эмитенттің облигациялар шығарылымының проспектісінде белгіленген облигациялар ұстаушылар алдындағы өзге міндеттемелерін орындауы туралы ақпаратты ұсыну;

      2) эмитенттің өкілге облигацияларды орналастырудан алынған ақшаны нысаналы пайдалануға, қамтамасыз етудің болуына, эмитенттің эмитент активтерінің құнынан бес пайызға асатын сомаға қарыз алуына байланысты кез келген құжаттарды ұсыну;

      3) эмитенттің өкілге акционерлердің (қатысушылардың) жалпы жиналысының, облигациялар ұстаушылардың жалпы жиналысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдарды ұсыну;

      4) өкілдің функциялары мен міндеттерін орындау;

      5) өкілдің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;

      6) эмитенттің кепілге салынған мүлік толығымен немесе ішінара жоғалған немесе бүлінген, оның бағалау құны төмендеген жағдайда оны ауыстыру және (немесе) қалпына келтіру;

      7) эмитенттің өкілге өзінің қаржылық есептілігін және аудиторлық есепті (бар болса) ұсыну;

      8) осы бұқаралық ақпарат құралдарының тізбесін қоса алғанда, Қағидалардың 2-тармағында көзделген ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау тәртібі мен мерзімдері туралы мәліметтер қамтылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10. Сонымен қатар шартта эмитенттің өкілге ақпарат ұсынуының мынадай мерзімдері қамтылады:

      1) қаржылық есептілікті (тоқсан сайынғы) – егер Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес шартпен өкілдің осы есептілікті қаржылық есептілік депозитариінің интернет-ресурсынан алуы көзделмеген жағдайда тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдан кешіктірмей:

      тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдан кешіктірмей;

      бағалы қағаздары Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының тізіміне енгізілген және шет мемлекеттің аумағында жұмыс істейтін қор биржасының алаңында айналыстағы эмитент үшін – эмитенттің бағалы қағаздары тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленген мерзімде;

      2) жылдық қаржылық есептілікті және аудиторлық есепті (бар болса) - егер Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес шартпен өкілдің осы есептілікті қаржылық есептілік депозитариінің интернет-ресурсынан алуы көзделмеген жағдайда:

      акционерлердің (қатысушылардың) жылдық жалпы жиналысында бекітілген күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде;

      бағалы қағаздары Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының тізіміне енгізілген және шет мемлекеттің аумағында жұмыс істейтін қор биржасының алаңында айналыстағы эмитент үшін – эмитенттің бағалы қағаздары тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленген мерзімде;

      3) сыйақы төлеу туралы - төлеу аяқталған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде;

      4) Заңның 15-бабының 2-тармағында, облигациялар шығарылымының проспектісінде көзделген талаптарды сақтау туралы - ай сайын есепті айдан кейінгі айдың бесінші күнінен кешіктірмей, айдың бірінші күніндегі жағдай бойынша;

      5) эмитент өкілдің жазбаша сұрау салуын алған күннен бастап күнтізбелік он күннен кеш емес мерзімде жіберетін, өкіл қосымша сұрау салатын өзге де ақпарат. Ақпарат электронды түрде және эмитенттің бірінші басшысының қол қоюымен қағаз тасымалдағышта қайталап жіберілуі мүмкін.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.10.2016 № 259 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 ақпандағы
№ 88 қаулысына
2-қосымша

Банкроттықты басқарушының бөлінген активтерді арнайы қаржы компаниясының облигацияларын ұстаушылардың өкіліне басқаруға беру (бөлінген активтерді сату және кепілге салынған мүлікті және бөлінген активтердің құрамына кіретін өзге де қамтамасыз етуді өндіріп алу құқығымен) қағидалары

      Ескерту. Қаулы 2-қосымшамен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.10.2022 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Осы Банкроттықты басқарушының бөлінген активтерді арнайы қаржы компаниясының облигацияларын ұстаушылардың өкіліне басқаруға беру (бөлінген активтерді сату және кепілге салынған мүлікті және бөлінген активтердің құрамына кіретін өзге де қамтамасыз етуді өндіріп алу құқығымен) қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және банкроттықты басқарушының бөлінген активтерді арнайы қаржы компаниясының облигацияларын ұстаушылардың өкіліне басқаруға беру (бөлінген активтерді сату және кепілге салынған мүлікті және бөлінген активтердің құрамына кіретін өзге де қамтамасыз етуді өндіріп алу құқығымен) тәртібін айқындайды.

      1. Арнайы қаржы компаниясының банкроттықты басқарушысы тағайындалған күнінен бастап 15 жұмыс күнінен кешіктірмей:

      1) жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру мәмілесінің шеңберінде арнайы қаржы компаниясы жасаған шарттардың тізбесін жасайды;

      2) арнайы қаржы компаниясының міндеттемелері бойынша қамтамасыз ету болып табылатын бөлінген активтердің құрамына кіретін мүлікті түгендеуден өткізеді;

      3) арнайы қаржы компаниясының бөлінген активтерін кастодианмен және басқаруында арнайы қаржы компаниясының бөлінген активтері бар инвестициялық портфельді басқарушымен салыстырып тексеруді жүзеге асырады және салыстырып тексеру нәтижелері бойынша акт жасайды.".

      2. Банкроттықты басқарушы, Қағидалардың 1-тармағында белгіленген мерзімдерде, қабылдау-өткізу актісі бойынша арнайы қаржы компаниясының облигацияларын ұстаушылардың өкіліне:

      1) Қағидалардың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шарттардың тізбесін;

      2) түгендеу нәтижесінде анықталған мүлікті;

      3) бөлінген активтерді салыстыру актісін өткізеді.