Облигациялар ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату қағидаларын, сондай-ақ эмитент пен облигациялар ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 88 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 12 сәуірде № 7568 тіркелді

Жаңартылған

      «Бағалы қағаздар рыногы туралы» 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берілген Облигациялар ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ эмитент пен облигациялар ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар қағидалары бекітілсін.
      2. Мыналардың:
      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Облигациялар ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі және жағдайлары туралы, сондай-ақ эмитент пен облигациялар ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар туралы ережені бекіту жөнінде» 2003 жылғы 12 қарашадағы № 397 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2603 тіркелген, 2003 жылғы 25 желтоқсанда «Казахстанская правда» газетінде № 366 (24306) жарияланған);
      2) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының «Облигациялар ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі және жағдайлары туралы, сондай-ақ эмитент пен облигациялар ұстанушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстанушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар туралы ережені бекіту жөнінде» 2003 жылғы 12 қарашадағы № 397 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі № 207 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4891 тіркелген);
      3) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» 2009 жылғы 29 сәуірдегі № 89 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5701) қосымшаның 1-тармағының күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк                               Г. Марченко
       Төрағасы

Қазақстан Республикасы  
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 ақпандағы 
№ 88 қаулысымен бекітілген

Облигациялар ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрыш тоқтату қағидаларын, сондай-ақ эмитент пен облигациялар ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптары

      Осы Облигациялар ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату қағидаларын, сондай-ақ эмитент пен облигациялар ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар (бұдан әрі - Қағидалар) «Бағалы қағаздар рыногы туралы» 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленген және облигациялар ұстаушылар өкілінің (бұдан әрі - өкіл) өз функциялары мен міндеттерін орындау тәртібін, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі мен жағдайларын, сондай-ақ эмитент пен өкілдің арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайды.

1. Өкілдің өз функциялары мен міндеттерін орындау
тәртібі

      1. Өкіл эмитенттің облигациялар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерін орындауын бақылауды эмитент пен өкілдің арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шартта (бұдан әрі – шарт) белгіленген тәртіппен және мерзімдерде эмитенттен кезеңдік есептер алу, сондай-ақ эмитентке тиісті сұрау салулар жіберу және одан эмитенттің облигациялар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерін орындауы туралы мәліметтер алу жолымен жүзеге асырады.
      Өкіл тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдан кешіктірмей облигациялар ұстаушыларды және уәкілетті органды Заңның 20-бабының  1-тармағының 1), 1-1), 2), 3), 3-1) және 4) тармақшаларына сәйкес өзінің әрекеттері туралы және осындай әрекеттердің нәтижелері туралы хабардар етеді.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      2. Облигациялар ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерін бұзуға әкеп соқтыруы мүмкін жағдайлар болған кезде, оның ішінде егер эмитенттің облигациялар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің (бұдан әрі – кепіл мүлкі) жағдайы немесе қамтамасыз етілген облигациялар бойынша кепілгердің қаржылық жағдайы эмитент міндеттемелерінің толық көлемде орындалуын қамтамасыз етпейтін болса, өкіл бұл жөнінде өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде облигациялар ұстаушыларды тізбесі шартта көзделген бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлама жариялау жолымен хабардар етеді.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      3. Эмитент сыйақыны және (немесе) облигациялардың номиналды құнын төлеу бойынша міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған, сондай-ақ Заңның 15-бабының 2-тармағында және облигациялар шығарылымының проспектісінде көзделген талаптарды орындамауға байланысты салдарға әкеп соқтыратын жағдайлар басталған жағдайда, өкіл осы мәліметтерді алған күннен бастап бір жұмыс күннен кешіктірмей өкілдің эмитентпен жасалған шарт бойынша өзінің функцияларын жүзеге асыру және өзінің құқықтарын іске асыру шеңберінде қабылдап жатқан шараларын сипаттай отырып, бұл туралы уәкілетті органды, облигация ұстаушыларды және сауда-саттықты ұйымдастырушыны (егер облигациялар сауда-саттықты ұйымдастырушының ресми тізіміне енгізілген жағдайда) хабардар етеді.
      Эмитент Қағидалардың 9 және 10-тармақтарында көзделген ақпаратты ұсынбаған не уақтылы ұсынбаған жағдайда, өкіл Қағидалардың 1-тармағының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен және мерзімдерде облигациялар ұстаушыларды және уәкілетті органды бұл туралы хабардар етеді.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      4. Өкіл эмитенттің облигацияларды орналастыру нәтижесінде алған ақшаны пайдалану тәртібіне және нысаналы пайдалануына бақылау жасау бойынша шаралар қабылдайды және бақылау нәтижесінде алған ақпаратты Қағидалардың 1-тармағының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен және мерзімдерде облигациялар ұстаушыларға жібереді.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      5. Өкіл кепіл мүлкінің жағдайын және гаранттың қаржылық жағдайын:
      1) эмитенттің кепіл мүлкіне құқықтарын растайтын құжаттардың түпнұсқаларымен танысу;
      2) эмитенттен кепіл мүлкінің жағдайы туралы және гаранттан қамтамасыз етілген облигациялар бойынша оның қаржылық жағдайы туралы өкілдің талабы бойынша кез келген күнге ақпарат алу;
      3) эмитенттен, қамтамасыз етілген облигациялар бойынша гаранттан тоқсанның қорытындысы бойынша және өкілдің талабы бойынша кез келген күнге оның қаржылық есептілігінің көшірмесін алу;
      4) акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында іс-әрекет жасайтын эмитенттің, қамтамасыз етілген облигациялар бойынша гаранттың қаржылық жағдайына оның аудиттелген қаржылық есептілігі негізінде жыл сайынғы талдау жүргізу;
      5) серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында іс-әрекет жасайтын эмитенттің қаржылық жағдайына оның қаржылық есептілігі (аудиттелген қаржылық есептілігі - бар болса) негізінде жыл сайынғы талдау жүргізу;
      6) эмитенттің қаржылық жағдайының мониторингін және оның корпоративтік оқиғаларының талдамасын жүзеге асыру арқылы бақылайды.
      6. Облигацияларды ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау міндеттерін орындау мақсатында өкіл тұрақты негізде:
      1) облигациялар ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерін бұзуға әкеп соқтыруы мүмкін жағдайларды анықтайды және оларға күнтізбелік үш күн ішінде көрсетілген жағдайлар туралы хабарлайды;
      2) эмитенттің облигациялар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету болып табылатын мүлікке кепіл құқығын ресімдеуге және тіркеуге байланысты құқықтық қатынастарда облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіреді;
      3) эмитенттің облигациялар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің жағдайына бақылау жасайды;
      4) облигациялар бойынша сыйақының уақтылы төленуіне бақылау жасайды;
      5) уәкілетті органға және облигациялар ұстаушыларға эмитенттің облигациялар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің жағдайы туралы хабарлайды;
      6) эмитентпен жасалған шартты бұзу күнінен бастап үш күн ішінде уәкілетті органға және облигациялар ұстаушыларға өзінің өкіл ретіндегі өкілеттіктерінің тоқтатылғаны туралы хабарлайды;
      7) уәкілетті органға және облигациялар ұстаушыларға өздерінің сұрау салулары бойынша өкіл ретінде өзінің қызметіне қатысты ақпарат пен құжаттарды береді;
      8) коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпейді;
      9) эмитент өзінің облигациялар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерін орындамаған жағдайда кепілге салынған мүлікті сатады.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2. Өкілдің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі

      7. Облигациялар ұстаушылар өкілінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату мынадай жағдайлардың бірінде:
      1) бағалы қағаздар нарығында кастодиандық, брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыру лицензияларының қолданылуы тоқтатылғанда;
      2) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес қайта ұйымдастыруға, таратуға байланысты өкілдің қызметі тоқтатылғанда;
      3) тараптардың келісімі бойынша;
      4) егер облигациялар ұстаушылардың он және одан көп пайызы эмитенттің атына өкілді ауыстыру туралы талаппен өтініш жасаған жағдайда эмитенттің бастамасы бойынша;
      5) шартты бұзу туралы сот шешімі негізінде басталады.
      8. Осы Қағидалардың 7-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген жағдайлар басталған кезде өкіл күнтізбелік үш күн ішінде эмитентке тиісті жазбаша хабарлама жіберу арқылы оған бұл туралы хабарлайды.
      Осы Қағидалардың 7-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген жағдай басталған кезде эмитент жеті жұмыс күн ішінде өкілмен жасалған шартты бұзу шараларын қабылдайды.

3. Эмитент пен өкілдің арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына
қойылатын талаптар

      9. Шартта Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген талаптардан басқа мынадай:
      1) эмитенттің өкілге:
      егер осы жиналыстың күн тәртібінде облигациялар ұстаушылардың құқықтары мен мүдделері қозғалатын мәселелер қамтылатын болса – алдағы уақытта болатын акционерлердің (қатысушылардың) жалпы жиналысы туралы;
      алдағы уақытта болатын облигациялар ұстаушылардың жалпы жиналысы туралы;
      эмитент қабылдаған облигациялар ұстаушылардың құқықтары мен мүдделері қозғалатын шешімдер туралы;
      облигациялар бойынша сыйақыларды және олар бойынша негізгі борышты төлеу туралы;
      Заңның 15-бабының 2-тармағында және облигациялар шығарылымының проспектісінде көзделген талаптарды орындамауға байланысты салдарға әкеп соқтыратын жағдайлардың басталғаны туралы;
      облигациялар ұстаушылардың тізімі туралы;
      акционерлік қоғам болып табылатын эмитенттің ірі мәміле жасағаны туралы;
      эмитенттің облигациялар шығарылымының проспектісінде белгіленген облигациялар ұстаушылар алдындағы өзге міндеттемелерін орындауы туралы ақпаратты ұсыну;
      2) эмитенттің өкілге облигацияларды орналастырудан алынған ақшаны нысаналы пайдалануға, қамтамасыз етудің болуына, эмитенттің эмитент активтерінің құнынан бес пайызға асатын сомаға қарыз алуына байланысты кез келген құжаттарды ұсыну;
      3) эмитенттің өкілге акционерлердің (қатысушылардың) жалпы жиналысының, облигациялар ұстаушылардың жалпы жиналысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдарды ұсыну;
      4) өкілдің функциялары мен міндеттерін орындау;
      5) өкілдің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
      6) эмитенттің кепілге салынған мүлік толығымен немесе ішінара жоғалған немесе бүлінген, оның бағалау құны төмендеген жағдайда оны ауыстыру және (немесе) қалпына келтіру;
      7) эмитенттің өкілге өзінің қаржылық есептілігін және аудиторлық есепті (бар болса) ұсыну;
      8) осы бұқаралық ақпарат құралдарының тізбесін қоса алғанда, Қағидалардың 2-тармағында көзделген ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау тәртібі мен мерзімдері туралы мәліметтер қамтылады.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      10. Сонымен қатар шартта эмитенттің өкілге ақпарат ұсынуының мынадай мерзімдері қамтылады:
      1) қаржылық есептілікті (тоқсан сайынғы) - тоқсан аяқталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде;
      2) жылдық қаржылық есептілікті және аудиторлық есепті (бар болса) - олардың акционерлердің (қатысушылардың) жылдық жалпы жиналысында бекітілген күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде;
      3) сыйақы төлеу туралы - төлеу аяқталған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде;
      4) Заңның 15-бабының 2-тармағында, облигациялар шығарылымының проспектісінде көзделген талаптарды сақтау туралы - ай сайын есепті айдан кейінгі айдың бесінші күнінен кешіктірмей, айдың бірінші күніндегі жағдай бойынша;
      5) эмитент өкілдің жазбаша сұрау салуын алған күннен бастап күнтізбелік он күннен кеш емес мерзімде жіберетін, өкіл қосымша сұрау салатын өзге де ақпарат. Ақпарат электронды түрде және эмитенттің бірінші басшысының қол қоюымен қағаз тасымалдағышта қайталап жіберілуі мүмкін.