Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қазандағы № 259 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 14 желтоқсанда № 14525 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т қараңыз

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) бекітілсін.

      2. Бағалы қағаздар нарығы департаменті (Хаджиева М.Ж.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы, Тізбенің 7-тармағының 2017 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілетін сегізінші және тоғызыншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2016 жылғы 28 қазандағы № 259
  қаулысына қосымша

Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі

      1. "Инвестициялық қоры активтерінің құрамына кіретін қаржы құралдарын және өзге мүлікті инвестициялау қағидаларын және акционерлік және пайлық инвестициялық қорлардың құрамына кіретін қаржы құралдарының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 60 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7540 тіркелген, 2012 жылғы 4 шілдеде "Егемен Қазақстан" газетінде № 369-374 (27448) жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қаржы құралдарын және инвестициялық қор активтерінің құрамына кіретін өзге де мүлікті инвестициялау қағидаларын және акционерлік және инвестициялық пай қорлары активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарының тізбесін бекіту туралы";

      1-тармақта:

      1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:

      "1) осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес Қаржы құралдарын және инвестициялық қор активтерінің құрамына кіретін өзге де мүлікті инвестициялау қағидалары;";

      2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес Акционерлік және инвестициялық пай қорлары активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарының тізбесі бекітілсін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Инвестициялық қоры активтерінің құрамына кіретін қаржы құралдарын және өзге мүлікті инвестициялау қағидаларында:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:

      "Қаржы құралдарын және инвестициялық қор активтерінің құрамына кіретін өзге де мүлікті инвестициялау қағидалары";

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы Қаржы құралдарын және инвестициялық қор активтерінің құрамына кіретін өзге де мүлікті инвестициялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Инвестициялық қорлар туралы" 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және акционерлік және инвестициялық пай қорлары активтерінің құрамына кіретін қаржы құралдарын және өзге мүлікті инвестициялау тәртібін белгілейді.";

      6- тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Басқарушы компания инвестициялық басқарудағы ашық және аралық инвестициялық пай қорларының және жылжымайтын мүлік қорларының активтерін Заңның 37-бабының 3-тармағына сәйкес белгіленген акционерлік және инвестициялық пай қорлары активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарының тізбесіне инвестициялайды.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Инвестициялық қордың активтері есебінен мәмілелер мынадай талаптарды орындау кезінде халықаралық (шетелдік) бағалы қағаздар нарығында жасалады:

      1) акцияларды (акциялар олардың базалық активі болып табылатын депозитарлық сенімхаттарды) сатып алу бойынша мәміле Bloomberg немесе Reuters ақпараттық талдау жүйелерінде ұсынылған ақпаратқа сәйкес осы қаржы құралы айналысында болған халықаралық (шетелдік) қор биржаларында мәміле жасау күнінде болған осы қаржы құралы бойынша бағасының барынша көп мәнінен аспайтын баға бойынша жасалады;

      2) акцияларды (акциялар олардың базалық активі болып табылатын депозитарлық сенімхаттарды) сату бойынша мәміле Bloomberg немесе Reuters ақпараттық талдау жүйелерінде ұсынылған ақпаратқа сәйкес осы қаржы құралдары айналысында болған халықаралық (шетелдік) қор биржаларында мәміле жасау күнінде болған осы қаржы құралы бойынша бағасының ең аз мәнінен аспайтын баға бойынша жасалады;

      3) борыштық бағалы қағаздар бойынша, principal protected notes қоспағанда, сондай-ақ туынды қаржы құралдары бойынша Bloomberg немесе Reuters ақпараттық талдау жүйелерінен сатып алуға және (немесе) сатуға баға белгілеулердің талдамасы бар не осындай баға белгілеулер болмаған жағдайда әртүрлі үш қарсы әріптестің кем дегенде үш баға белгілеуі болады. Қарсы әріптестің осы қаржы құралы бойынша баға ұсыныстары болмаған жағдайда қарсы әріптестің баға белгілеулерінің жоқтығы немесе қаржы құралына баға белгілеуден бас тартуы туралы хабарламасы мәміле жасау туралы есепке (құжатқа) енгізіледі.";

      2-қосымша осы Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесіне қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. "Облигациялар ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату қағидаларын, сондай-ақ эмитент пен облигациялар ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 88 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7568 тіркелген, 2012 жылғы 1 тамызда "Егемен Қазақстан" газетінде № 442-449 (27523) жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Облигациялар ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату қағидаларын, сондай-ақ эмитент пен облигациялар ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ақпарат ұсыну мерзімдерін бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Облигациялар ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату қағидалары, сондай-ақ эмитент пен облигациялар ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ақпарат ұсыну мерзімдері бекітілсін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Облигациялар ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрыш тоқтату қағидаларында, сондай-ақ эмитент пен облигациялар ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптарында:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Облигациялар ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату қағидалары, сондай-ақ эмитент пен облигациялар ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ақпарат ұсыну мерзімдері";

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы Облигациялар ұстаушылар өкілінің өз функциялары мен міндеттерін орындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату қағидалары, сондай-ақ эмитент пен облигациялар ұстаушылардың өкілі арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптар және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ақпарат ұсыну мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және облигациялар ұстаушылар өкілінің (бұдан әрі – өкіл) өз функциялары мен міндеттерін орындау тәртібін, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі мен жағдайларын, сондай-ақ эмитент пен өкілдің арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шарттың мазмұнына қойылатын талаптарды, сондай-ақ Заңның 20-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) ақпарат ұсыну мерзімдерін айқындайды.";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Өкіл эмитенттің облигациялар ұстаушылар алдындағы міндеттемелерін орындауын бақылауды:

      1) қаржылық есептілік, оның ішінде жылдық қаржылық есептілік және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес айқындалған аудиторлық есеп (бар болса) депозитариінің және эмитент шығарған бағалы қағаздар тізіміне енгізілген қор биржасының интернет-ресурстарында орналастырылатын;

      2) бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын;

      3) эмитент пен өкіл арасында жасалатын облигациялар ұстаушылардың мүдделерін білдіру туралы шартта (бұдан әрі – шарт) белгіленген тәртіппен және мерзімде ұсынылатын эмитенттің мерзімдік есептеріндегі;

      4) өкілдің сұратуларына сәйкес оған ұсынылатын облигациялар ұстаушылардың алдындағы міндеттемелерді эмитенттің орындауы туралы мәліметтердегі эмитент туралы ақпаратты талдау жолымен жүзеге асырады.";

      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Өкіл уәкілетті органды және облигациялар ұстаушыларды Заңның 20-бабы 1-тармағының 1), 1-1), 2), 3), 3-1) және 4) тармақшаларына сәйкес өз әрекеттері туралы және осындай әрекеттердің нәтижелері туралы:

      1) бағалы қағаздары шет мемлекеттің аумағында жұмыс істейтін қор биржасының алаңында айналмайтын эмитенттерге қатысты – тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың соңғы күнтізбелік күнінен кешіктірмей;

      2) бағалы қағаздары Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының тізіміне енгізілген және шет мемлекеттің аумағында жұмыс істейтін қор биржасының алаңында айналыстағы эмитенттерге қатысты – эмитент осы Қағидалардың 10-тармағы 1) тармақшасының үшінші абзацында көзделген ақпаратты алған айдан кейінгі айдың соңғы күнтізбелік күнінен кешіктірмей хабардар етеді.

      Уәкілетті органға және облигациялар ұстаушыларға бағалы қағаздары қор биржасында айналмайтын эмитентке қатысты өкілдің өз функциялары мен міндеттерін орындауы туралы ұсынылатын ақпаратта эмитенттің есепті тоқсандағы қаржылық есептілігі қамтылады.

      Еншілес ұйымы бар эмитент шоғырландырылған қаржылық есептілік болмаған жағдайда өкілге шоғырландырылмаған қаржылық есептілікті ұсынады.

      Екінші деңгейдегі банк болып табылатын эмитент өкілге Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11160 тіркелген "Екінші деңгейдегі банктердің және ипотекалық ұйымдардың баланстық және баланстан тыс шоттарындағы қалдықтар туралы есептіліктің тізбесін, нысандарын, мерзімдерін және оларды ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 8 мамырдағы № 74 қаулысына 2 және 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша жасалған екінші деңгейдегі банктердің және ипотекалық ұйымдардың баланстық шоттарындағы қалдықтар туралы есепті және екінші деңгейдегі банктердің және ипотекалық ұйымдардың баланстан тыс шоттарындағы қалдықтар туралы есепті ұсынады.

      Бағалы қағаздары Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының тізіміне енгізілген және шет мемлекеттің аумағында жұмыс істейтін қор биржасының алаңында айналыстағы эмитент эмитенттің бағалы қағаздары тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленген мерзімде өкілге есепті тоқсандағы қаржылық есептілікті (осы эмитенттің еншілес ұйымы болған жағдайда – шоғырландырылған қаржылық есептілікті) ұсынады.";

      10-тармақтың 1) және 2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) қаржылық есептілікті (тоқсан сайынғы) – егер Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес шартпен өкілдің осы есептілікті қаржылық есептілік депозитариінің интернет-ресурсынан алуы көзделмеген жағдайда тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдан кешіктірмей:

      тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдан кешіктірмей;

      бағалы қағаздары Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының тізіміне енгізілген және шет мемлекеттің аумағында жұмыс істейтін қор биржасының алаңында айналыстағы эмитент үшін – эмитенттің бағалы қағаздары тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленген мерзімде;

      2) жылдық қаржылық есептілікті және аудиторлық есепті (бар болса) - егер Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес шартпен өкілдің осы есептілікті қаржылық есептілік депозитариінің интернет-ресурсынан алуы көзделмеген жағдайда:

      акционерлердің (қатысушылардың) жылдық жалпы жиналысында бекітілген күнінен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде;

      бағалы қағаздары Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының тізіміне енгізілген және шет мемлекеттің аумағында жұмыс істейтін қор биржасының алаңында айналыстағы эмитент үшін – эмитенттің бағалы қағаздары тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленген мерзімде;".

      3. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.12.2018 № 318 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. "Болу қажеттілігі қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап етілетін заңды тұлғалар үшін ең аз рейтингіні, осы рейтингіні беретін рейтингілік агенттіктер тізбесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 385 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8318 тіркелген, 2013 жылғы 5 маусымда "Егемен Қазақстан" газетінде № 141 (28080) жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:

      "Болу қажеттілігі қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап етілетін заңды тұлғалар үшін ең төменгі рейтингіні, осы рейтингіні беретін рейтингілік агенттіктер тізбесін белгілеу туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасының бейрезиденттері - мынадай заңды тұлғалар үшін Standard & Poors рейтингілік агенттігінің "ВВВ"-дан немесе осы қаулының 3-тармағында көрсетілген рейтингілік агенттіктердің бірі берген осыған ұқсас деңгейдегі рейтингілерінен төмен емес шетел валютасындағы халықаралық шәкіл бойынша ұзақ мерзімді ең төменгі кредиттік рейтингі белгіленсін:

      банк немесе сақтандыру холдингі мәртебесін иеленетін (мәртебесіне ие) заңды тұлғалар;

      банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иеленетін (мәртебесіне ие) заңды тұлғалар;

      Қазақстан Республикасында еншілес банктер құратын (бар) банктер;

      Қазақстан Республикасында еншілес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары бар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары.

      Қазақстан Республикасының бейрезиденттері - мынадай заңды тұлғалар үшін Standard & Poors рейтингілік агенттігінің "В-"-тен немесе осы қаулының 3-тармағында көрсетілген немесе осы қаулының 3-тармағының екінші бөлігінің үшінші, бесінші, алтыншы, он бірінші, он төртінші және он бесінші абзацтарында белгіленген талаптарға сәйкес келетін рейтингілік агенттіктердің бірі берген осыған ұқсас деңгейдегі рейтингілерінен төмен емес шетел валютасындағы халықаралық шәкілі бойынша ұзақ мерзімді ең төменгі кредиттік рейтингі белгіленсін:

      ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығынсыз инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иеленетін (мәртебесіне ие);

      бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыратын еншілес ұйымдарына ие.

      Рейтингілік агенттігінің осы тармақтың екінші бөлігінде айқындалған талаптарға сәйкестігін рейтинг жүргізілетін объекті растайды.

      Банктер туралы заңның 8-1-бабының 2-тармағы 4) тармақшасының мақсаттары үшін мынадай ұзақмерзімді ең төменгі тәуелсіз рейтингі белгіленсін:

      шет мемлекеттің шетел валютасында – Standard & Poors рейтингілік агенттігінің шетел валютасындағы халықаралық шәкіл бойынша ұзақмерзімді ең төменгі рейтингі "ВВВ"-дан немесе осы қаулының 3-тармағында көрсетілген рейтингілік агенттіктердің бірі берген осыған ұқсас деңгейдегі рейтингілерінен төмен емес.

       Банктер туралы заңның 8-1-бабының 2-тармағы 6) тармақшасының мақсаттары үшін халықаралық шәкіл бойынша мынадай ең төменгі жеке кредиттік рейтингі белгіленсін:

       ұйымның шетел валютасында – Standard & Poors рейтингілік агенттігінің шетел валютасындағы халықаралық шәкіл бойынша ұзақмерзімді ең төменгі рейтингі "ВВВ"-дан немесе осы қаулының 3-тармағында көрсетілген рейтингілік агенттіктердің бірі берген осыған ұқсас деңгейдегі рейтингілерінен төмен емес.";

      1-1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:

      "1-1. Жеке тұлға-ірі қатысушысы жоқ екінші деңгейдегі банктің Банктер туралы заңның 30-бабы 13-тармағының талабын орындау үшін:

       1) Қазақстан Республикасының резиденттері - заңды тұлғалар үшін - Standard & Poors рейтингтік агенттігінің "ВВ-"-тен немесе осы қаулының 3-тармағында көрсетілген рейтингтік агенттіктердің бірі тағайындаған осындай деңгейдегі рейтингтен төмен емес;

      2) Қазақстан Республикасының резиденттері емес - заңды тұлғалар үшін – осы қаулының 1 және 2-тармақтарында белгіленген шетел валютасындағы халықаралық шәкілі бойынша ең төменгі ұзақмерзімді кредиттік рейтингі бар бас банк не банк холдингі болады.

      2. Осы қаулының 1-тармағы бірінші бөлігінің талаптары мыналарға қолданылмайды:

      1) төменде көрсетілген барлық талаптарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының резиденттері емес - заңды тұлғаларға:

      заңды тұлғаның халықаралық шәкіл бойынша Standard & Poors рейтингілік агенттігінің "ВВ-"-тен немесе осы қаулының 3-тармағында көрсетілген рейтингілік агенттіктердің бірі берген ұқсас деңгейдегі рейтингілерінен төмен емес шетел валютасындағы ұзақ мерзімді ең төменгі кредиттік рейтингі бар;

      Standard & Poors рейтингілік агенттігінің "ВВ-"-тен немесе осы қаулының 3-тармағында көрсетілген рейтингілік агенттіктердің бірі берген ұқсас деңгейдегі рейтингілерінен төмен емес шетел валютасындағы тәуелсіз ең төменгі рейтингіне ие шет мемлекеттің резиденті болып табылады;

      қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның және заңды тұлға резиденті болып табылатын шет мемлекеттің банктердің, инвестициялық портфельді басқарушылардың, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қызметін реттеу жөніндегі уәкілетті органының арасында ақпарат алмасу көзделетін келісім жасалған;

      2) 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін тиісті мәртебе алған және көрсетілген күні төменде көрсетілген барлық талаптарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының резиденттері емес - банк холдингтеріне:

      банк холдингінің ұлттық шәкіл бойынша Japan Credit Rating Agency (JСR) рейтингілік агенттігінің не JСR үлестес тұлғасы болып табылатын рейтингілік агенттіктің "ААА"-дан төмен емес шетел валютасындағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі бар;

      Standard & Poors рейтингілік агенттігінің "ВВ-"-тен немесе осы қаулының 3-тармағында көрсетілген рейтингілік агенттіктердің бірі берген ұқсас деңгейдегі рейтингілерінен төмен шетел валютасындағы тәуелсіз рейтингіне ие шет мемлекеттің резиденті болып табылады;

      Қазақстан Республикасының қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органы мен банк холдингі резиденті болып табылатын шет мемлекеттің банктердің қызметін реттеу жөніндегі уәкілетті органының арасында ақпарат алмасу көзделетін келісім жасалған.".

      5. "Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 9 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9249 тіркелген, 2014 жылғы 16 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыру қағидаларында:

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Брокер және (немесе) дилердің iшкi құжаттарында бағалы қағаздардың орталық депозитарийiнiң, қор биржаның, клиринг ұйымының және (немесе) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысуды (төлемдерді) ұйымдастыруды жүзеге асыратын есеп айырысу ұйымының (бұдан әрі – есеп айырысу ұйымы) және (немесе) шетелдік есеп айырысу ұйымы электрондық құжаттармен алмасу жүйесіне кіру үшін рұқсаты (пайдаланатын парольдері) бар брокер және (немесе) дилердің қызметкерлерiнiң жауапкершiлiгi белгiленедi.

      Қағидалардың мақсаттары үшін шетелдік есеп айырысу ұйымы ретінде мыналар ұғынылады:

      "Standard & Poor's" агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВВ-" төмен емес ұзақмерзімді кредиттік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктерінің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингілік бағасы бар Қазақстан Республикасының бейрезиденті-банк;

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 59-бабының 1-тармағында белгіленген функцияларды жүзеге асыратын, Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВВ" төмен емес ұзақмерзімді кредиттік рейтингілік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингілік бағасы бар шетел ұйымы;

      Бағалы қағаздарға қызмет көрсету жөніндегі халықаралық қауымдастығының (International Securities Services Association) мүшесі болып табылатын Қазақстан Республикасының бейрезиденті-ұйым.";

      30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "30. Қағидалардың 29-тармағында көзделген хабарлар жазбаша түрде ресімделеді және клиентке брокер және (немесе) дилер почтамен және (немесе) қолма-қол және (немесе) электронды почтамен немесе мұндай хабарламаны жіберуге негіз туындаған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күндері ішінде өзге де ықтимал байланыс түрлерiмен жіберіледі және (немесе) брокер және (немесе) дилердің интернет-ресурсында орналастырылады.";

      36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "36. Клиенттік тапсырыста мынадай деректемелер болады:

      1) осы клиенттік тапсырысқа сәйкес жасалуға тиісті қаржы құралдарымен мәмілелердің түрін көрсету;

      2) мүддесінде қаржы құралдарымен мәміле жасау болжанған клиент туралы мәліметтер:

      жеке тұлға үшін:

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі;

      заңды тұлға үшін:

      атауы;

      заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың немесе куәліктің күні мен нөмірі, мемлекеттік тіркеуді (қайта тіркеуді) жүзеге асырған органның атауы;

      3) осы клиенттік тапсырысқа сәйкес мәміле жасалатын эмитенттің атауы, қаржы құралының түрі, қаржы құралының коды немесе ұлттық сәйкестендіру нөмірі (шетелдік бағалы қағаздарға қатысты - халықаралық сәйкестендіру нөмірі (ISIN), айналыс мерзімі өткен және оларды өтеу бойынша міндеттемелерді эмитент орындамаған эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша эмитенттің міндеттемелері бойынша талап ету құқықтарына қатысты - талап ету құқықтарын сәйкестендіргіш);

      4) сатып алынуға немесе сатылуға тиісті қаржы құралдарының саны, қаржы құралдарын сатып алу немесе сату бағасы, сондай-ақ тиісінше мәміле жасау үшін қажетті мәліметтер;

      5) клиенттік тапсырыстың түріне нұсқау:

      лимиттік тапсырыс - алдын ала келісілген баға бойынша қаржы құралдарын сатып алуға (сатуға);

      нарықтық тапсырыс - нарықтық баға бойынша қаржы құралдарын сатып алуға (сатуға);

      буферлік тапсырыс - болашақта болатын баға бойынша қаржы құралдарын сатып алуға (сатуға);

      брокердің және (немесе) дилердің ішкі құжаттарында көзделген клиенттік тапсырыстар;

      6) егер клиент басқа мерзімді көрсетпесе, ағымдағы сауда сессиясының соңына дейінгі клиенттік тапсырыстың қолданылу мерзімі;

      7) клиенттік тапсырыстың қабылданған күні және нақты уақыты;

      8) осы клиенттік тапсырысты қабылдаған брокер және (немесе) дилер қызметкерінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      9) брокердің және (немесе) дилердің қаржы құралдарымен осы клиенттік тапсырысқа сәйкес жасалуы тиіс мәмілені жасау туралы ұсынымдарының болуы туралы мәліметтер;

      10) брокердің және (немесе) дилердің ішкі құжаттарында белгіленген деректемелер.

      Егер клиент брокер және (немесе) дилерге клиенттік тапсырысты брокердің және (немесе) дилердің электронды қызмет көрсетуі шегінде қамтамасыз етсе, осы тармақтың 8) және 9) тармақшаларында белгіленген деректемелер көрсетілмейді.";

      45-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "45. Банк болып табылмайтын бiрiншi санаттағы брокер және (немесе) дилер клиенттерге тиесiлi ақшаны есепке алу және сақтау үшін банк шоттарын онымен үлестес емес банктерде және (немесе) бағалы қағаздардың орталық депозитарийінде және (немесе) клирингтік ұйымдарда және (немесе) есеп айырысу ұйымдарында және (немесе) шетелдік есеп айырысу ұйымдарында ашады.";

      49-тармақ бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "49. Банк болып табылмайтын бірінші санатты брокердің және (немесе) дилердің тәуекелдерінің өтелуін сипаттайтын көрсеткіштер мәндерінің № 214 қаулымен белгіленген талаптарға сәйкес келген кезде брокерге және (немесе) дилерге есеп айырысу кезеңі 5 (бес) жұмыс күніне дейінгі мәмілелер жасауға рұқсат етіледі, бұл кезде мәміленің бір тарабының қаржы құралын немесе ақшаны жеткізу жөніндегі міндеттемелерін орындауы мәміле жасалған күннен бастап 4 (төрт) жұмыс күн ішінде мәміленің басқа тарабының ақшаны немесе қаржы құралын жеткізу жөніндегі қарсы міндеттемелерін орындауымен мүмкін болады. Көрсетілген мәмілелер бойынша есеп айырысулар мәміле тарабының қаржы құралдарын жеткізу жөніндегі міндеттемелерін орындауы оның өзге қаржы құралдарын алу жөніндегі қарсы талаптарын орындаусыз немесе орталық қарсы агенттің қызметтерін қолданумен мүмкін болмайтын "төлемге қарсы жеткізу" принципі бойынша шетелдік есеп айырысу ұйымдары арқылы жүзеге асырылады.";

      49-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "49-2. Тәуекелдердің өтелуін сипаттайтын көрсеткіштердің мәндері № 214 қаулысымен белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін брокер және (немесе) дилер есеп айырысуы мәміле жасалғаннан кейін жүзеге асырылатын бағалы қағаздармен мәмілелерді жасамайды.

      Осы тармақтың талаптары көрсетілген бағалы қағаздарды сатып алу үшін пайдаланылатын ақша брокердің және (немесе) дилердің орталық депозитарийдің есепке алу жүйесіндегі банк шотына осы бағалы қағаздарды сатып алу үшін қажет толық көлемде енгізілген талаппен бастапқы нарықта және (немесе) жазылу әдісімен бағалы қағаздарды сатып алу мәмілелерін жасау жағдайларына қолданылмайды.";

      56-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) осы қаржы құралдарымен мәмiлелер жөнiндегi есептеулер "төлемге қарсы жеткiзiлiм" принципi бойынша шетелдік есеп айырысу ұйымдары арқылы жүзеге асырылады, сонымен қатар бір тараптың мiндеттемелерiн қаржы құралын немесе ақшаны жеткiзу жөнiндегi мәмiленi орындауы басқа тараптың ақшаны немесе қаржы құралын жеткізу жөнiндегi қарама-қарсы міндеттемелер мәмiлесiн орындамай мүмкін емес.";

      62-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "62. Брокер және (немесе) дилер ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған нарықтарда жасалған туынды қаржы құралдарымен мәмілелер тізіліміне (бұдан әрі – тізілім) қосылу үшін апта сайын есепті кезеңнен кейінгі аптаның бiрiншi жұмыс күнi Астана қаласының уақытымен 14-00-ден кешiктiрмей орталық депозитарийге Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12957 тіркелген "Орталық депозитарий қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 254 қаулысымен бекітілген Орталық депозитарий қызметін жүзеге асыру қағидаларының және орталық депозитарийдің ішкі құжаттарының талаптарына сәйкес ақпаратты ұсынады.";

      64 және 65-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "64. Бiрiншi санатты брокер және (немесе) дилерге тиесiлi қаржы құралдары мен ақша оның клиенттерiнiң қаржы құралдары мен ақшасынан бөлек есепке алынады. Осы мақсаттарда бiрiншi санатты брокер және (немесе) дилер оған және оның клиенттеріне тиесiлi қаржы құралдары мен ақшаны бөлек есеп жүргізуге және сақтауға арналған жеке шоттарды (қосалқы шоттарды) онымен үлестес емес банктерде және (немесе) бағалы қағаздардың орталық депозитарийінде және (немесе) кастодиандарда (тек шетел эмитенттерiнiң бағалы қағаздары бойынша) және (немесе) клирингтік ұйымдарда және (немесе) есеп айырысу ұйымдарында және (немесе) шетелдік есеп айырысу ұйымдарында ашады.

      65. Клиенттерден келіп түсетін қаржы құралдары мен ақшаны бiрiншi санатты брокер және (немесе) дилер онымен үлестес емес банктерде және (немесе) бағалы қағаздардың орталық депозитарийінде және (немесе) кастодиандарда (тек шетел эмитенттерiнiң бағалы қағаздары бойынша) және (немесе) клирингтік ұйымдарда және (немесе) есеп айырысу ұйымдарында және (немесе) шетелдік есеп айырысу ұйымдарында брокер және (немесе) дилердің клиенттеріне тиесiлi қаржы құралдары мен ақшаға есеп жүргізуге және сақтауға арналған шоттарға қаржы құралдары мен ақша келіп түскен сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде аударуға тиіс.";

      66-тармақ алып тасталсын.

      6. "Инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 10 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9248 тіркелген, 2014 жылғы 16 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыру қағидаларында:

      33-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) ашық сауда-саттық әдісімен қор биржасының сауда жүйесінде жасалған мәмілелерді қоспағанда, инвестициялық портфельді басқарушы бір мезгілде өз клиентінің мүдделерін және оның клиенті болып табылмайтын үшінші тұлғаның мүдделерін білдіретін;";

      36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "36. Инвестициялық портфельді басқарушы туынды қаржы құралдарымен ұйымдастырылмаған нарықта брокердің қызметін пайдаланбастан дербес жасалған мәмілелерді жүргізуді орталық депозитарий жүзеге асыратын тізілімге (бұдан әрі – тізілім) енгізу үшін апта сайын, есепті кезеңнен кейінгі аптаның бірінші жұмыс күнінің Астана қаласының уақыты бойынша сағат 14-00-ден кешіктірмей орталық депозитарийге Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12957 тіркелген "Орталық депозитарий қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 254 қаулысымен бекітілген Орталық депозитарий қызметін жүзеге асыру қағидаларының талаптарына және орталық депозитарийдің ішкі құжаттарына сәйкес ақпарат ұсынады.

      Ақпарат ақпаратты беру күніндегі барлық қолданыстағы ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған нарықта туынды қаржы құралдарымен жасалған мәмілелер бойынша, сондай-ақ есепті кезеңде жасалған және орындалған мәмілелер бойынша ұсынылады.";

      54-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) осы инвестициялық портфельді басқарушы клиенттерінің шоттары ашылған номиналды ұстаушыларға хабарлайды.".

      7. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 249 (01.01.2019 қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. "Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмілелерді бағалы қағаздарды номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде тіркеу, номиналды ұстаушының бағалы қағаздарды номиналды ұстауды есепке алу жүйесіндегі бағалы қағаздарды ұстаушының жеке шотынан үзінді-көшірмені беру және номиналды ұстаушының ақпаратты жария ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 22 қазандағы № 210 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9876 тіркелген, 2014 жылғы 28 қарашада "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмілелерді бағалы қағаздарды номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде тіркеу, номиналды ұстаушының бағалы қағаздарды номиналды ұстауды есепке алу жүйесіндегі бағалы қағаздарды ұстаушының жеке шотынан үзінді-көшірмені беру және номиналды ұстаушының ақпаратты жария ету қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 11-1-тармақпен толықтырылсын:

      "11-1. Уәкілетті органның кастодиандық қызметті және (немесе) брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға берілген лицензияға ие қаржы ұйымдары қайта ұйымдастырылған кезде бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шотын ашу операцияларын номиналды ұстаушы орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінен алынған тіркелген операциялар туралы есептің негізінде жүзеге асырады.";

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Номиналды ұстаушы бұйрықтың орындалмау себептерін көрсете отырып, Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында бас тартуды мынадай:

      1) бұйрықтардағы қолтаңбалардың нотариатта куәландырылған үлгілерге сәйкес келмеген;

      2) операцияны жасауға бұйрықты алған күннен бастап күнтізбелік 2 (екі) күн ішінде қарсы бұйрықты ұсынбаған;

      3) бұйрықтар деректемелерінің Қағидаларда белгіленген деректемелерге немесе жеке шоттың (қосалқы шоттың) деректемелеріне сәйкес келмеген;

      4) бағалы қағаздардың (эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздар жөніндегі міндеттемелер бойынша талап ету құқығы) және (немесе) клиенттердің шоттарында (қосалқы шоттарында) ақшаның қажетті саны болмаған;

      5) мәміле мазмұны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмеген;

      6) клиент мәмілені тіркеу үшін белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда уәкілетті орган ірі қатысушы мәртебесін иеленуге берген келісімді растайтын құжатты ұсынбаған;

      7) тиісінше мемлекеттік органдардың не соттың бағалы қағаздардың айналысқа жіберілуін тоқтата тұру және тоқтату туралы шешімі болған;

      8) "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Атқарушылық iс жүргiзу туралы заң) 65-бабының 6-1-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, бұйрықта көрсетілген бағалы қағаздар және (немесе) жеке шот (қосалқы шот) оқшауланған;

      9) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы заң) сәйкес банктердің біреуіне қатысты қайта құрылымдау жүргізілген банктер біріктіру нысанында қайта ұйымдастырылған кезде тіркелген тұлғалардың жеке шоттарынан (шоттарына) (қосалқы шоттарынан (қосалқы шоттарына) бағалы қағаздарды есептен шығару (есепке жазу) операцияларын жүргізуді қоспағанда, бұйрықта көрсетілген бағалы қағаздарға (эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздар жөніндегі міндеттемелері бойынша талап ету құқығына) ауыртпалық салынған;

      10) бұйрық қабылданған сәтте және (немесе) осы бұйрықтың қолданылу кезеңінде клиенттің жеке басын куәландыратын құжаттың қолданылу мерзімі өткен;

      11) номиналды ұстаушының ішкі құжатында көзделген жағдайларда рәсімдейді.";

      мынадай мазмұндағы 33-1 және 33-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "33-1. Номиналды ұстаушы (номиналды ұстаушылар) бөлу немесе қосылу нысанында қайта ұйымдастырылған жағдайда мұндай қайта ұйымдастыру нәтижесінде пайда болған және қайта ұйымдастырылған номиналды ұстаушының (қайта ұйымдастырылған номиналды ұстаушылардың) лицензиясын "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы 34-бабының 1 және 5-тармақтарында белгіленген тәртіпте қайта ресімдеген заңды тұлға уәкілетті органнан қайта ресімделген лицензияны алған сәттен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12957 тіркелген "Орталық депозитарий қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 254 қаулысының (бұдан әрі – № 254 қаулы) 39-1-тармағында көрсетілген операцияларды жасауға бұйрықты орталық депозитарийге беруді жүзеге асырады.

      33-2. Номиналды ұстаушылар біріктіру нысанында қайта ұйымдастырылған жағдайда біріктіру жүргізілген номиналды ұстаушы Ұлттық бизнес-сәйкестендіру нөмірлері тізіліміне біріктірілген номиналды ұстаушының қызметін тоқтату туралы мәліметтерді енгізген сәттен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде № 254 қаулының 39-1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген операцияларды жасауға бұйрықты орталық депозитарийге беруді жүзеге асырады.".

      9. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.11.2018 № 307 қаулысымен.

  Өзгерістер мен толықтырулар
енгізілетін
Қазақстан Республикасының
бағалы қағаздар нарығын реттеу
мәселелері бойынша
нормативтік құқықтық
актілерінің Тізбесіне
қосымша
  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 ақпандағы
№ 60 қаулысына
2-қосымша

Акционерлік және инвестициялық пай қорларының активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдары тізбесі

 

      1.Басқарушы компания инвестициялайтын қаржы құралдарының тізбесі, әрбір жеке ашылған не аралық инвестициялық пай қорларының инвестициялық басқарудағы активтері және оларға қойылатын талаптар:


 №

Қаржы құралдарының атауы

1.

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі шығарған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздар (оның ішінде шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес эмитеттеген), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдігімен шығарылған бағалы қағаздар

2.

Қор биржасының ресми тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары шығарған облигациялар

3.

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" Акционерлік қоғамы және оның еншілес ұйымдары шығарған борыштық бағалы қағаздар

4.

Мына талаптардың біріне сәйкес келгенде Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріне салымдар:
Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша ұзақ мерзімді кредиттік рейтингісі "В-" төмен емес немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингілік бағасы немесе Standard & Poor's ұлттық шәкілі бойынша "kzB" төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктерінің бірінің ұлттық шәкілі бойынша ұқсас деңгейдегі рейтингі бар банктер; банктер резидент емес бас банкі Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша ұзақ мерзімді кредиттік рейтингісі "А-" төмен емес немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингілік бағасы немесе Standard & Poor's ұлттық шәкілі бойынша "kzB" төмен емес рейтингілік бағасы бар резидент емес еншілес банктер болып табылады

5.

Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттердің заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының ұйымдары шығарған мемлекеттік емес бағалы қағаздары:
Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "В-" төмен емес рейтингісі немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингілік бағасы немесе Standard & Poor's ұлттық шәкілі бойынша "kzB" төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктерінің бірінің ұлттық шәкілі бойынша ұқсас деңгейдегі рейтингі бар эмитенттердің акциялары және (немесе) қор биржасының ресми тізіміне енгізілген, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9871 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Эмитенттерге және олардың қор биржасында айналысқа жіберілетін (жіберілген) бағалы қағаздарына, сондай-ақ қор биржасы тізімінің жекелеген санаттарына қойылатын талаптарды бекіту туралы" 2014 жылғы 22 қазандағы № 189 қаулысына (бұдан әрі - №189 қаулы) көзделген "акция" секторының талаптарына сәйкес акциялар;
Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша рейтингісі "В-" төмен емес немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингілік бағасы немесе Standard & Poor's ұлттық шәкілі бойынша "kzB" төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктерінің бірінің ұлттық шәкілі бойынша ұқсас деңгейдегі рейтингі бар борыштық бағалы қағаздар немесе қор биржасының ресми тізіміне енгізілген, 189 қаулымен көзделген "рейтингілік бағасы жоқ борыштық бағалы қағаздар" борыштық бағалы қағаздар;
қор биржасының ресми тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасы ұйымының инфрақұрылымды облигациялары;
басқарушы компаниясы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылатын аралық инвестициялық пай қорларының (басқарушы компаниясы активтері есебінен осы пайлар сатып алынатын инвестициялық пай қорларының басқарушы компаниясы болып табылатын инвестициялық пай қорларын қоспағанда), қор биржасының ресми тізіміне енгізілген пайлары; осы эмитенттің бұрын шығарылған бағалы қағаздарына не өзге міндеттемелеріне айырбастау мақсатында эмитент міндеттемелерін қайта құрылымдау шеңберінде шығарылған бағалы қағаздар

6.

Standard & Poor's principal stability fund ratings "BBm-" төмен емес не Standard & Poor's Fund credit quality ratings "BBf-" төмен емес халықаралық рейтингілік бағасы бар инвестициялық қорлардың бағасы

7.

Базалық активі Тізбенің 1-тармағының кестесінің 5, 12, 13 жолдарында көрсетілген акциялар болып табылатын не базалық активі Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша рейтингісі "В-" төмен емес немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингілік бағасы бар эмитенттердің бағалы қағаздары болып табылатын депозитарлы қолхаттар

8.

Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВВ" төмен емес тәуелсіз рейтингісі немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингісі бар шетелдердің орталық үкіметтері шығарған мемлекеттік мәртебесі бар бағалы қағаздар

9.

Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВВ" төмен емес тәуелсіз рейтингісі немесе басқа рейтинг агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингісі бар елдердің шетел валютасы

10.

Лондон қымбат металдар нарығының қауымдастығы (London bullion market association) қабылдаған халықаралық сапа стандартына сәйкес келетiн және осы қауымдастықтың құжаттарында Лондондық сапалы жеткiзiлiм (London good delivery) стандарты ретiнде белгiленген тазартылған қымбат металдар мен он екі айдан аспайтын мерзiмi бар металл депозиттері, оның iшiнде Standard & Рооr's агенттiгiнiң халықаралық шәкiлi бойынша "А-"-дан төмен емес рейтингілік бағасы бар немесе басқа рейтинг агенттiктердiң бiрiнiң осыған ұқсас деңгейдегi рейтингтiк бағасы бар Қазақстан Республикасының резидент емес банктерiндегi металл депозиттер

11.

Мынадай халықаралық қаржы ұйымдары шығарған бағалы қағаздар:
Азия даму банкі;
Америкааралық даму банкі;
Африка даму банкі;
Еуропа Даму банкі;
Еуропа инвестициялық банкі;
Еуропа Қайта құру және даму банкі;
Ислам даму банкі;
Халықаралық есеп айырысу банкі;
Халықаралық Қайта құру және даму банкі;
Халықаралық қаржы корпорациясы;

12.

Шетел ұйымдары шығарған мемлекеттік емес бағалы қағаздар, Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВ-"-тен төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтинг агенттіктерінің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингілік бағасы бар борыштық бағалы қағаздар және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасы танитын шетел аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізіміне енгізілген борыштық бағалы қағаздар;
Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВ-"-тен төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтинг агенттіктерінің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингілік бағасы бар шетел ұйымдары шығарған акциялар және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасы танитын шетел аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізіміне енгізілген акциялар

13.

Қазақстан Республикасының резиденттері Қазақстан Республикасының "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Заңының 22-1-бабының 3-тармағына сәйкес танитын шетел ұйымы шығарған, Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасы танитын шетел аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізіміне енгізілген мемлекеттік емес бағалы қағаздар

14.

Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "А-"-тен төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтинг агенттіктерінің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингілік бағасы бар ұйымдар шығарған Principal protected notes, ол мына талаптардың біріне сәйкес келеді:
айналыс мерзімі бес жылдан аспайды;
principal protected notes шығарылым талаптарымен қандай да бір мемлекеттің, эмитенттің өз міндеттемелері бойынша дефолт жағдайы көзделмеген

15.

Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "А-"-тен төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтинг агенттіктерінің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингілік бағасы бар резидент емес банктердегі салымдары

16.

Базалық активі Ашық және аралық инвестициялық пай қорлары активтерінің құрамына кіретін қаржы құралдары, шетел валютасы, сондай-ақ мынадай есепті көрсеткіштер (индекстер) болып табылатын, хеджирлеу мақсатында жасалған туынды қаржы құралдары (фьючерстер, опциондар, своптар, форвардтар):
CAC 40 (Compagnie des Agents de Change 40 Index)
DAX (Deutscher Aktienindex)
DJIA (Dow Jones Industrial Average)
ENXT 100 (Euronext 100)
FTSE 100 (Financial Times Stock Exchange 100 Index)
KASE (Kazakhstan Stock Exchange)
MICEX (Moscow Interbank Currency Exchange Index)
MSCI World Index (Morgan Stanley Capital International
World Index)
NIKKEI - 225 (NIKKEI - 225 Index)
RTSI (Russian Trade System Index)
S&P 500 (Standard and Poor's 500 Index)
TOPIX (Tokyo Price Index)
HSI (Hang Seng Index)

17.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысу үлесі

18.

Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВ" төмен емес тәуелсіз рейтингілік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі тәуелсіз рейтингілік бағасы бар шет мемлекеттердің аумағында жұмыс істейтін қор биржаларында саудаланатын Exchange Traded Fund пайлары

       2. Басқарушы компания инвестициялайтын қаржы құралдарының тізбесі, жылжымайтын мүлік әрбір жеке қорының инвестициялық басқарудағы активтері және оларға қойылатын талаптар: 

Қаржы құралдарының атауы

1.

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі шығарған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздар (оның ішінде басқа мемлекеттің заңнамасына сәйкес эмитеттеген), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдігімен шығарылған бағалы қағаздар

2.

Қор биржасының ресми тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары шығарған облигациялар

3

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" Акционерлік қоғамы және оның еншілес ұйымдары шығарған борыштық бағалы қағаздар

4.

Мына талаптардың біріне сәйкес келгенде Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерге салымдар: Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша ұзақ мерзімді кредиттік рейтингісі "В-" төмен емес немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингілік бағасы немесе Standard & Poor's ұлттық шәкілі бойынша "kzB" төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктерінің бірінің ұлттық шәкілі бойынша ұқсас деңгейдегі рейтингі бар банктер; банктер резидент емес бас банкі Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша ұзақ мерзімді кредиттік рейтингісі "А-" төмен емес немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингілік бағасы бар резидент емес еншілес банктер болып табылады

5.

Мәміле жасау күніне олардың Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасы индексінің өкілдік тізімінде болған жағдайдағы акциялар

6.

Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттердің заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының ұйымдары шығарған Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВ-" төмен емес рейтингісі немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингілік бағасы немесе Standard & Poor's ұлттық шәкілі бойынша "kzB" төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктерінің бірінің ұлттық шәкілі бойынша ұқсас деңгейдегі рейтингі бар борыштық бағалы қағаздар

7.

Шетел ұйымдары шығарған Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "АА-"-тен төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтинг агенттіктерінің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингілік бағасы бар борыштық бағалы қағаздар

8.

Шетел ұйымдары шығарған Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "АА-"-тен төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтинг агенттіктерінің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингілік бағасы бар акциялар

9.

Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВВ"-ден төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтинг агенттіктерінің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингілік бағасы бар мынадай халықаралық қаржы ұйымдары:
Азия даму банкі;
Америкааралық даму банкі;
Африка даму банкі;
Еуропа Даму банкі;
Еуропа инвестициялық банкі;
Еуропа Қайта құру және даму банкі;
Ислам даму банкі;
Халықаралық есеп айырысу банкі;
Халықаралық Қайта құру және даму банкі;
Халықаралық қаржы корпорациясы

10.

Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВВ"-ден төмен емес тәуелсіз рейтингісі немесе басқа рейтинг агенттіктерінің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингісі бар шетел мемлекеттерінің орталық үкіметтері шығарған мемлекеттік мәртебесі бар бағалы қағаздар

11.

Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВВ"-ден төмен емес тәуелсіз рейтингісі немесе басқа рейтинг агенттіктерінің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингісі бар шетелдік валюта

12.

Лондон қымбат металдар нарығының қауымдастығы (London bullion market association) қабылдаған халықаралық сапа стандартына сәйкес келетiн және осы қауымдастықтың құжаттарында Лондондық сапалы жеткiзiлiм (London good delivery) стандарты ретiнде белгiленген тазартылған қымбат металдар мен он екі айдан аспайтын мерзiмi бар металл депозиттері, оның iшiнде Standard & Рооr's агенттiгiнiң халықаралық шәкiлi бойынша "А-"-дан төмен емес рейтингілік бағасы бар немесе басқа рейтинг агенттiктердiң бiрiнiң осыған ұқсас деңгейдегi рейтингтiк бағасы бар Қазақстан Республикасының резидент емес банктерiндегi металл депозиттер

13.

Хеджирлеу мақсатында жасалған туынды қаржы құралдары осы қосымшаға сәйкес базалық активі жылжымайтын мүлік қоры активтерінің есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдары болып табылады.

14.

Жылжымайтын мүлік қорына кіретін мүлікке қызмет көрсетуді жүзеге асыратын заңды тұлғаға қатысу үлесі