Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 385 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 10 қыркүйектегі № 1005 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 10.09.2022 № 1005 Жарлығымен.


  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі
актілерінің жинағында
жариялануға тиіс
(үзінді)

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) бекітілсін.

      2. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін.

      4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары тиісті шешімдерді әзірлеу кезінде Тұжырымдаманың негізгі ережелерін басшылыққа алсын.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2016 жылғы 8 желтоқсандағы
№ 385 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

1. Кіріспе

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы мемлекеттің жаңа жаһандық нақты ахуалда одан әрі даму басымдықтары айқындалған Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 30 қарашадағы "Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму" атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес әзірленді.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі - Ұлттық қор) қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың жаңа тәсілдерін айқындау елдің болашақ ұрпағы үшін мұнай кірістерін сақтаудың және республикалық бюджеттің әлемдік шикізат нарығы конъюнктурасының өзгеруіне тәуелділігін төмендетудің жүргізіліп отырған саясатының қисынды жалғасы болады.

2. Ағымдағы ахуалды талдау

      2005 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзімді перспективаға арналған алғашқы тұжырымдамасы қабылданды. Қабылданған саясаттың нәтижесінде экономикалық өсу кезеңінде валютаның шамадан тыс келуін зарарсыздандыру, теңгенің айырбас бағамына және инфляцияға қысымды азайту қамтамасыз етілді. Дағдарысқа қарсы саясат жүргізілді, оның шеңберінде Ұлттық қордан 10 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде қаражат пайдаланылды, ол қаржы секторын тұрақтандыруға, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешуге, шағын және орта бизнесті қолдауға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды.

      2010 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) қазақстандық экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берген мемлекеттің контрциклдық саясатының негізгі және тиімді құралы болды.

      Тұжырымдаманың тәсілдері республикалық бюджетке кепілдендірілген трансфертті 8 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде тіркеуді және оны экономикадағы жағдайға байланысты 15 %-ға дейін азайту немесе ұлғайту жағына қарай түзету мүмкіндігін көздеді. Сондай-ақ Ұлттық қор қаражатының азайтылмайтын қалдығы жалпы ішкі өнімнің (бұдан әрі - ЖІӨ) 20 %-ы мөлшерінде айқындалды, ол кейіннен ЖІӨ-нің 30 %-ына дейін ұлғайтылды.

      Тұжырымдама Ұлттық қордың валюталық активтерін сақтауға және көбейтуге (2010 жылдан бастап 2014 жылдың соңында 2,3 есеге 73,2 млрд. АҚШ долл. дейін) және бұл ретте 2014 - 2015 жылдары аса маңызды дағдарысқа қарсы бағдарламаларды іске асыруға мүмкіндік берді.

      2015 жылдан бастап мұнайдың әлемдік бағасының екі есе төмендеуіне байланысты Ұлттық қорға мұнай секторынан түсетін түсімдер елеулі түрде қысқарды. Егер 2011 - 2014 жылдары мұнай секторы ұйымдарынан 3,4 - 3,5 трлн. теңге түссе, ал 2016 жылы түсімдер 1,3 трлн. теңге мөлшерінде күтілуде.

      Бұл ретте Ұлттық қор қаражатын пайдалану ұлғайды.

      2014 — 2015 жылдары экономиканың өсуі бәсеңдеген кезеңде экономиканы ұзақ кредиттік ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық қордан қосымша 1 трлн. теңге мөлшерінде қаражат тартылды.

      Экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету және халықты жұмыспен қамтуды қолдау мақсатында 2015 - 2017 жылдары Ұлттық қордан "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 9 млрд. АҚШ долларын бөлу көзделген.

      Бұдан басқа, еркін құбылмалы айырбас бағамына көшуге байланысты жыл сайынғы кепілдендірілген трансферт мөлшері 2017 жылы 2 880 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.

      Нәтижесінде 2015 жылдан бастап алғаш рет Ұлттық қордың валюталық активтерінің қысқару үрдісі байқалды, 2015 жылдың қорытындысы бойынша ол 63,4 млрд. АҚШ долларын құрады.

      Мұнай бағасы төмен болған кезде Ұлттық қорды бұрынғы көлемде пайдалануды сақтау ұзақ мерзімді кезеңде Ұлттық қор активтерінің одан әрі қысқаруына алып келеді.

      Сонымен қатар, рейтингтік агенттіктер елдің егемен рейтингін айқындау кезінде Ұлттық қорды Қазақстан Республикасы Үкіметінің (бұдан әрі - Үкімет) борыштық міндеттемелерін жабудың әлеуетті көзі ретінде қарайды. Үкімет борышы 2014 жылы 5,6 трлн, теңгеден 2016 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 9,1 трлн. теңгеге дейін ұлғайды.

      Үкіметтік борыш құрылымындағы сыртқы борыштың үлесі 2014 жылы 1,4 трлн, теңгеден 2016 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 4,6 трлн. теңгеге дейін ұлғайды.

      Жаңа даму жағдайларында Ұлттық қордың активтерін тұрақтандыру және олардың одан әрі төмендеуіне жол бермеу мақсатында Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру, пайдалану және басқару тәсілдерін жетілдіру, сондай-ақ Үкімет борышын қолайлы деңгейде ұстап тұру қажет.

3. Әлемдік тәжірибе

      Қазіргі уақытта әлемде жаңартылмайтын пайдалы қазбалар экспортынан артығымен түсетін салық түсімдерінен құралған бюджет профициті есебінен қалыптастырылатын әл-ауқат қорлары (тұрақтандыру және/немесе жинақтау) бар 30-дан астам ел бар. Мұндай қорлардың жинақталған қаражаты шикізат нарықтарында қолайсыз конъюнктура салдарынан пайда болатын экономиканың өсу қарқынының құлдырауы немесе күрт қысқаруы кезеңінде бюджет шығыстарын қолдау үшін (тұрақтандыру функциясы) немесе табиғи қазбалар толық таусылғаннан кейін алушылары болашақ ұрпақ болып табылатын, ұзақ мерзімді бюджет міндеттемелерін қаржыландыру үшін (мысалы, зейнетақы төлемдері) (жинақтау функциясы), сондай-ақ сыртқы борышты өтеуге және басқа мақсаттарға пайдаланылуы мүмкін.

      Норвегияда осы мақсаттар үшін Норвегияның жаһандық зейнетақы қоры құрылған (бұрын Мұнай қоры атауымен белгілі), ол екі функцияны: жинақтау және тұрақтандыру функцияларын жүзеге асырады. Оның активтері Норвегия экономикасының қызып кетуін болдырмау және Қор резервтерін мұнай бағасының құбылуы салдарынан қорғау үшін тек шетелде инвестицияланады. Кірісті барынша көбейту мақсатында және Норвегияның Қаржы министрлігі белгілеген инвестициялық саясат шеңберіндегі тәуекелдерді ескере отырып, инвестициялық портфель әртараптандырылған және халықаралық акционерлік капитал инвестицияларынан, тіркелген кірісті облигациялардан және жылжымайтын мүліктен құралады.

      Норвегияның жаһандық зейнетақы қоры мұнай кірістері профицитінің есебінен қаржыландырылады (жыл сайынғы бюджетке түсетін трансферттерді алып тастағанда). Мұнай түсімдерінің бір бөлігі деңгейі жыл сайын жылдық бюджетті қалыптастыру кезінде белгіленетін мұнайлық емес тапшылықты өтеу үшін пайдаланылады. 2001 жылдан бастап фискалдық саясат "құрылымдық мұнайлық емес тапшылықты" (экономикалық цикл кезінде салық кірістері мен бюджет шығыстарының ауытқуын есепке алмағанда) Зейнетақы қорының активтері бойынша болжанатын нақты инвестициялық кіріске (қазіргі уақытта кірістілік нормасы 4 % деңгейінде белгіленген) теңестіруді болжайтын "қолдағы құс" ("bird in hand") моделіне негізделеді.

      Чилиде жинақтау функциясын Зейнетақы резервтері қоры (бұдан әрі - ЗРҚ), ал тұрақтандыру функциясын - Экономикалық және әлеуметтік тұрақтандыру қоры (бұдан әрі - ЭӘТҚ) орындайды. ЗРҚ ұзақ мерзімді зейнетақы міндеттемелерін орындау мақсатында фискалдық жинақтарды қалыптастырумен және инвестициялаумен айналысады (Чили халқының қартаюына байланысты). ЗРҚ-ғa жіберілетін жыл сайынғы ең төменгі сома өткен жылғы ЖІӨ-нің 0,2 %-ын құрайды, дегенмен, егер нақты фискалды профицит бұл сомадан асып кетсе, салым сомасы өткен жылғы ЖІӨ-нің 0,5 %-ына дейін өсуі мүмкін. ЗРҚ-ға төленген төлемдерден қалған нақты фискалдық профицит қаражаты есебінен ЭӘТҚ қаржыландырылады. ЭӘТҚ қаражаты экономиканың баяу өсуі немесе мыс бағасының төмендеуі кезеңдерінде фискалдық тапшылықты жабу үшін; сондай-ақ ол мемлекет борышын төлеу немесе ЗРҚ қаржыландыру үшін пайдаланылуы мүмкін. Екі қор да шетелде тек шетелдік активтерді ғана инвестициялай алады және қолданыстағы инвестициялық саясат шеңберінде қаражатты тіркелген кірісі бар және ақша нарығындағы құралдарды инвестициялаумен шектелген.

      Чилидің фискалдық саясатының 2006 жылы орталық үкімет үшін ресми түрде бекітілген "бюджеттің құрылымдық балансы" (structural budget balance) моделі негізі болып табылады. Тұтастай алғанда, саясат ұзақ мерзімді фискалдық орнықтылықты қамтамасыз етуге бағытталған, бұл ретте циклдік саясаттан алшақтай отырып, ең алдымен, кірістер бөлігінде автоматты тұрақтандырғыштарға іс-қимыл еркіндігі берілген.

      Бюджеттің құрылымдық балансы моделі экономикалық циклдің әсерінен тазартылған бюджет балансына негізделген. Бұл тәсіл іскерлік циклдің құбылуына сезімтал индикаторларды ескере отырып, бюджетті түзетуге мүмкіндік береді.

      Норвегия мен Чили тәжірибесі ұзақ мерзімді перспективада фискалдық тұрақтылықтың нығаюына ықпал ететін бюджеттің құрылымдық мұнайлық емес тапшылығы/балансының барабар деңгейін айқындау және қолдау қажеттігін көрсетеді.

      Халықаралық валюта қорының және Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша Қазақстанның шоғырландырылған бюджетінің құрылымдық мұнайлық емес тапшылығының орнықты деңгейі ЖІӨ-нің 5-6 % шамасында болуы тиіс.

      Аталған тұжырымдама шоғырландырылған бюджеттің мұнайлық емес тапшылығын біртіндеп қысқартуды талап ететін, Ұлттық қордың жинақталған активтері мен мемлекеттік қарыз алу есебінен құрылымдық мұнайлық емес тапшылықты барабар қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді фискалдық орнықтылықты қолдау бойынша халықаралық тәжірибені пайдалануды болжайды.

      Бұл ретте фискалдық тұрақтылық Үкіметтің таза қаржы активтерінің оң теңгерімін сақтауды, яғни мемлекеттік кепілдіктерді қоса алғанда, Ұлттық қордың валюталық активтері және үкіметтің жалпы борышы арасындағы оң айырманы сақтау мен ықтимал ұлғайтуды болжайды.

4. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты, міндеттері және іске асырылу кезеңі

      Ұлттық қордың негізгі мақсаты болашақ ұрпаққа арналған жинақтарды қалыптастыру және республикалық бюджеттің әлемдік шикізат нарықтарындағы жағдайға тәуелділігін төмендету арқылы қаржы ресурстарын жинақтау болып табылады.

      Тиісінше, Ұлттық қордың функциялары жинақтау және тұрақтандыру болып табылады.

      Жинақтау функциясын орындау үшін Ұлттық қорда азайтылмайтын қалдық белгіленген, сондай-ақ Ұлттық қордың ең жоғарғы мөлшері шектелмейді.

      Тұрақтандыру функциясын іске асыру республикалық бюджетке жыл сайынғы кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз етуді, сондай-ақ экономикалық құлдырау немесе экономиканың өсу қарқынының төмендеуі кезеңдерінде экономикалық өсуді ынталандыруға және ұлттық ауқымдағы әлеуметтік мәні бар, өзін-өзі ақтамайтын жобаларды, стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған дағдарысқа қарсы бағдарламаларды қаржыландыру үшін нысаналы трансферттерді пайдалануды болжайды.

      Ұлттық қор қаражатын қазақстандық эмитенттердің ішкі қаржы құралдарына инвестициялауды қоса алғанда, Ұлттық қор қаражатын кез келген өзгеше пайдалануға тыйым салынады.

      2018 жылдан бастап 2030 жылдар аралығындағы кезеңде көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді шешу көзделеді:

      1) Ұлттық қор активтерін тұрақтандыру және оның одан әрі қысқаруына жол бермеу;

      2) бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету және бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігін төмендету, мұнайлық емес тапшылықты азайту;

      3) Ұлттық қордың активтерін басқару тиімділігін арттыру.

5. Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану бойынша негізгі қағидаттар мен тәсілдер

5.1. Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану қағидаттары

      Ескерту. 5.1-кіші бөлімге өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 29.10.2018 № 780; 13.04.2019 № 21; 31.12.2019 № 234; 22.12.2020 № 474; 20.06.2022 № 936 Жарлықтарымен.

      Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану мынадай қағидаттарға негізделетін болады:

      транспаренттілік - Ұлттық қор мен квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы кез келген қаржылық өзара қатынастарды қоса алғанда, Ұлттық қор қаражатын ел экономикасына республикалық бюджет арқылы ғана бағыттау;

      есептілік - Ұлттық қордың бекітілген (нақтыланған, түзетілген) көрсеткіштерін, Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану туралы есептерді, соңғы 5 және 10 жылдағы және басқару басталғаннан бергі кірістілік бойынша нәтижелер көрсетілетін Ұлттық қор қаражатын инвестициялық басқару туралы есептерді және жылдық аудиттелген қаржылық есептерді (құрылған сәттен бастап) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің веб-сайтында және Қазақстан Республикасының "Әділет" нормативтік құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесінде міндетті түрде жариялау;

      толықтық - Ұлттық қор туралы есептілікте Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық түсімдер мен шығыстарды көрсету;

      уақыттылық - Ұлттық қордың қолма-қол ақшаны бақылау шотына есепке алу және оларды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі Үкіметтің шоттарына тиісті нормативтік құқықтық актілерде белгіленген мерзімде және тәртіпті сақтай отырып аудару;

      тиімділік - Ұлттық қор қаражатын тәуекел деңгейі қалыпты болған жағдайда ұзақ мерзімді перспективада активтерді сақтау мен кірістілікті қамтамасыз ету қажеттілігіне сүйене отырып басқару.

Ұлттық қорды қалыптастыру

      Ұлттық қордың қаражатын жинақтау:

      1) мұнай секторы ұйымдарынан түсетін тікелей салықтар (жергілікті бюджеттерге есепке алынатын салықтарды қоспағанда) есебінен жүзеге асырылады, оларға жататын корпоративтік табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, бонустар, экспортқа салынатын рента салығы, үстеме пайдаға салынатын салық, өнімді бөлу бойынша үлес және қызметін өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемі;

      2) мұнай секторының ұйымдары жүзеге асыратын операциялардан түсетін басқа түсімдер (жергілікті бюджеттерге есепке алынатын түсімдерді қоспағанда), оның ішінде мұнай келісімшарттарының талаптарын бұзғаны үшін түсімдер (жергілікті бюджеттерге есепке алынатын түсімдерді қоспағанда);

      3) республикалық меншікті жекешелендіруден түсетін түсімдер;

      4) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және Үкімет айқындайтын тізбе мен тетік бойынша олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың активтерін бәсекелес ортаға беруден түскен түсімдер;

      5) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер;

      6) Ұлттық қорды басқарудан түсетін инвестициялық кірістер;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де түсімдер мен кірістер есебінен жүзеге асырылатын болады.

      Ұлттық қордың ең жоғарғы мөлшері шектелмейді.

Ұлттық қор қаражатын пайдалану

      Ұлттық қорды пайдалану саясаты мен көлемі орта және ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қордың валюталық активтерінің қысқаруына жол бермеу қажеттігіне және олардың болашақ ұрпақтар үшін жинақталуына сүйенетін болады.

      2021 жьшғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуды қамтамасыз ету үшін нысаналы сипатта болады.

      Ұлттық қор:

      1) Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін жыл сайынғы тіркелген кепілдендірілген трансферт түрінде;

      2) Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін нысаналы трансферт түрінде;

      3) Ұлттық қорды басқаруға және жыл сайын аудит өткізуге байланысты шығыстарды жабуға пайдаланылады.

      Ұлттық қордан кепілдендірілген және нысаналы трансферттер бюджеттік рәсімдерге сәйкес республикалық бюджет арқылы өтуі тиіс.

      Мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке секторлар субъектілерінің қазақстандық бағалы қағаздарын, акциялар пакеттерін, қазақстандық компаниялардың қатысу үлестерін сатып алуға, екінші деңгейдегі банктерді қорландыруға, заңды және жеке тұлғаларға кредит беруге, активтерді міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдалануға тыйым салынады.

      Тұрақтандыру функциясын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы нарығында қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы белгілеген тәртіппен Ұлттық қордың активтерін айырбастауды және қайта айырбастауды жүргізеді. Аталған операциялар кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді бөлу үшін жүргізіледі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интервенцияларына жатпайды.

      1. Кепілдендірілген трансферт

      Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2021 жылы - 2700 млрд теңгені; 2022 жылы - 4030 млрд теңгені құрайтын болады.

      2023 жылдан бастап Ұлттық қордың жинақтау функциясын орындауды қамтамасыз ету үшін кепілдендірілген трансферттің мөлшерін айқындау инфляция бойынша ұзақ мерзімді мақсатқа ұлғайтылған нысаналы ұзақ мерзімді экономикалық өсу деңгейінде мемлекеттік шығыстардың өсу қарқынына тікелей шектеу белгілейтін контрциклдік бюджет қағидасына негізделетін болады.

      Кепілдендірілген трансферт тиісті жоспарлы кезеңге арналған Қазақстан Республикасының кепілдендірілген трансферт туралы заңында айқындалатын кесімді баға кезінде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдердің мөлшерінен аспайтын мөлшерде айқындалатын болады.

      Бұл ретте мемлекеттік шығыстардың көлемі кесімді баға кезінде болжанатын бюджеттің мұнайға қатысты емес кірістерімен және кепілдендірілген трансфертпен, нысаналы трансфертпен, сондай-ақ осы Тұжырымдаманың 5.2-кіші бөлімінде белгіленген мұнайға қатысты емес тапшылық бойынша шектеулерді ескере отырып жоспарланатын тапшылықпен шектелетін болады.

      Кейіннен, мұнай бағасының конъюнктурасына тікелей байланысты бюджетке түсімдердің ұлғаюы кезінде кепілдендірілген трансферт мөлшері төмендейтін болады.

      Контрциклдік бюджет қағидасы Ұлттық қордың активтерін одан әрі жинақтауға бағытталатын болады және мұнайға қатысты емес тапшылықты төмендетуге ықпал ететін болады.

      Контрциклдік бюджет қагидасының тетігі Қазақстан Республикасының Бюджет кодексімен регламенттеледі және 2023 жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде қолданылатын болады.

      2. Нысаналы трансферттер

      Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттер тек Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша мыналарды:

      экономиканың құлдырауы немесе экономиканың өсу қарқынының төмендеуі кезеңдерінде дағдарысқа қарсы бағдарламаларды;

      балама қаржыландыру көздері болмаған жағдайда ұлттық ауқымдағы өзін-өзі ақтамайтын, әлеуметтік мәні бар жобаларды, стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін бөлінеді.

      Экономиканың құлдырауы немесе экономиканың өсу қарқынының төмендеуі кезеңдерінде дағдарысқа қарсы бағдарламаларды қаржыландыруға бөлінген нысаналы трансферттер кепілдендірілген трансферттен тыс бөлінеді.

      Бұл ретте, қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша өзін-өзі ақтамайтын әлеуметтік мәні бар және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін кепілдендірілген трансферт сомасының ішінде қаражаттың нысаналы мақсаттары айқындалуы мүмкін.

      Ұлттық қордан республикалық бюджетке тартылған нысаналы трансферт сомалары қаржы жылының қорытындысы бойынша пайдаланылмаған немесе толық пайдаланылмаған жағдайда, пайдаланылмаған сома Ұлттық қорға бюджет қаражатының қалдықтары есебінен келесі қаржы жылында қайтарылуы тиіс.

      3. Ұлттық қорды пайдалану бойынша шектеулер

      Ұлттық қордың жинақтау функциясын орындау үшін тиісті жылдың соңына ЖІӨ-нің болжамды мәнінің 30 %-ы мөлшерінде азайтылмайтын қалдық сақталады.

      Бұл ретте, азайтылмайтын қалдық бойынша шектеулер сақталмаған жағдайда кепілдендірілген және/немесе нысаналы трансферттердің мөлшері тиісті шамаға азайтылатын болады.

      Сонымен қатар, елдің қаржылық орнықтылығын сақтау мақсатында Үкімет борышын басқару (мемлекет кепілдік берген борышты есепке алғанда) және квазимемлекеттік сектордың сыртқы борыш саясаты Ұлттық қорды пайдалану саясатымен ұштасуы тиіс.

      Осыған байланысты жиынтық кірісті басқару үшін Үкімет борышының көлемі және квазимемемлекеттік сектордың сыртқы борышы бойынша қосымша шектеулер (мемлекет кепілдендірілген борышты ескере отырып) енгізіледі, ол Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемінен аспауы қажет.

      4. Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың нысаналы, заңды және тиімді пайдаланылуын бақылауды Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссия жүзеге асыратын болады.

5.2. Бюджеттің және Ұлттық қордың теңгерімділігін қамтамасыз ету

      Ескерту. 5.2-кіші бөлімге өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 13.04.2019 № 21; 22.12.2020 № 474 Жарлықтарымен.

      Бюджеттің және Ұлттық қордың теңгерімділігін қамтамасыз ету, республикалық бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігін азайту мақсатында салық-бюджет саясаты ЖІӨ-ге қатысты мұнайлық емес тапшылықтың біртіндеп төмендеуі негізінде қалыптасуы тиіс.

      Мұнайлық емес тапшылық ретінде мұнайлық емес кірістерден шикі мұнайға кедендік әкету бажын алып тастай отырып, ХВҚ есептеу әдістемесіне сәйкес келетін көрсеткіш қолданылатын болады.

      Мұнайлық емес тапшылықты төмендету сыртқы факторларға қатысты бюджеттің орнықтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

      Мұнайға қатысты емес тапшылық деңгейі 2025 жылы ЖІӨ-ге қатысты 6,0 %-га дейін төмендетілетін болады.

      Салық-бюджет саясатын және республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде Үкімет мұнайлық емес тапшылық деңгейін кестеде айқындалған көрсеткіштерден асырмай ұстайтын болады.


2017 жыл

2018 жыл

2019 жыл

2020 жыл

2021 жыл

2022 жыл

2023 жыл

2024 жыл

2025 жыл

Мұнайға қатысты емес тапшылық, ЖІӨ-ге қатысты %

9,3

7,4

7-8,5

11,1

6,6-9,1

6,5

6,4

6,1

6,0

      Мұнайлық емес тапшылық бойынша қағида фискалдық саясаттың ажырамас бөлігі болып табылады, осыған байланысты республикалық бюджеттің мұнайлық емес тапшылық көрсеткіштері тиісті кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілетін болады.

      Мұнайлық емес тапшылық бойынша нысаналы мәндерге қол жеткізу бюджет тапшылығын икемді басқару есебінен қамтамасыз етіледі. Мұнай бағасы өскен және бюджетке түсетін шикі мұнайға кедендік әкету бажының түсімдері ұлғайған кезде тапшылық қысқаратын болады. Мұнай бағасы төмендеген кезде тапшылық экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін параметрлер шегінде ұлғаюы мүмкін.

5.3 Ұлттық қор активтерін басқару

      Ескерту. 5.3-кіші бөлімге өзгерістер енгізілді – ҚР Президентінің 02.08.2019 № 86; 22.12.2020 № 474 Жарлықтарымен.

      Ұлттық қор активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, қызметін жалпы үйлестіруді - Ұлттық қорды басқару кеңесі жүзеге асырады.

      Ұлттық қор активтерін басқару кезінде инвестициялық операциялардың негізгі мақсаттары, өтімділіктің жеткілікті деңгейін сақтау, ұстап тұру, тәуекелдің тиісті деңгейі кезінде ұзақ мерзімді перспективада кірістілікті қамтамасыз ету болып табылады. Ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қор активтерінің кірістілігін қамтамасыз ету кірістіліктің қысқа мерзімді ауытқуын көздейді.

      Ұлттық қор активтерін орналастыру, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің ұсынысы бойынша Үкімет бекіткен материалдық емес активтерді қоспағанда, шетелдік қаржы нарықтарында айналымдағы және рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне енгізілген қаржы құралдарында жүзеге асырылуы тиіс.

      Бұл ретте шектеулер Ұлттық қор активтерінің құрылымында ескерілген, оларды сатып алу туралы шешімді бұрын Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес қабылдаған қазақстандық қаржы құралдарына қолданылмайды.

      Ұлттық қордың негізгі мақсаты мен функцияларына сәйкес оның құрылымын тұрақтандыру және жинақ портфельдері құрайды.

      Тұрақтандыру портфелінің негізгі мақсаты Ұлттық қордың өтімділігін жеткілікті деңгейде ұстап тұру болып табылады. Тұрақтандыру портфелінің кірістілігі қысқа мерзімді, сол сияқты ұзақ мерзімді перспективада да Ұлттық қор активтерін басқарудың тиімділік көрсеткіші болып табылмайды. Тұрақтандыру портфелінің ең жоғары мөлшері 10 млрд. АҚШ долларын құрайды. Жыл қорытындысы бойынша тұрақтандыру портфелінің мөлшері 10 млрд. АҚШ долларынан асқан жағдайда, айырма сомасындағы қаражат тұрақтандыру портфелінен жинақ портфеліне көшіріледі.

      Жинақ портфелінің негізгі мақсаты болашақ ұрпақ үшін жаңартылмайтын энергия көздерін сатудан түскен қаражатты үнемдеу және сақтау, тиісті тәуекел деңгейі кезінде ұзақ мерзімді перспективада кірістілікті қамтамасыз ету болып табылады. Жинақ портфелін басқару тиімділігі ұзақ мерзімді перспективада бағаланады және, тұтастай алғанда, Ұлттық қордың активтерін басқарудың тиімділігін көрсетеді. Бұл ретте жинақ портфелі көлемі бойынша шектелмейді.

      Жинақ портфелінің активтерін стратегиялық бөлу активтерді әртараптандыру саясатын жалғастыруға бағытталған және консервативті бөлуден (80% облигациялар, 20% акциялар) ұзақ мерзімді күтілетін кірістілікті арттыруға бағытталған теңдестірілген бөлуге (60% облигациялар, 30% акциялар, 5%-ға дейін баламалы құралдар және 5%-ға дейін алтын) көшуді болжайды.

      Бұл ретте кірістіліктің қысқа мерзімді құбылмалылығы болуы мүмкін. Бөлу сондай-ақ облигациялар ішінде дамыған елдердің егеменді борыштық міндеттемелеріне, корпоративтік борыштық міндеттемелерге, дамушы елдердің егеменді борыштық міндеттемелеріне әртараптандыруды болжайды.

      Бұл ретте баламалы қаржы құралдарына инвестициялауды "Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы" акционерлік қоғамы жүзеге асырады.

      Активтерді жаңа стратегиялық бөлуге көшуді 2017 жылы бастау жоспарланып отыр, таргеттелетін жаңа стратегиялық бөлуге 2022 жылдың соңына дейін қол жеткізіледі.

      Ұлттық қор активтерін инвестициялау Ұлттық қордың инвестициялық операцияларын жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

5.4. Борышты тұрақтандыру үшін Ұлттық қордың, үкіметтік қарыз алу мен квазимемлекеттік сектордың өзара қарым-қатынасы

      Ұлттық қор қаражатын қарқынды жинақтау, сондай-ақ оның активтерін тиімді басқару Қазақстан Республикасының орнықты дамуында негізгі рөл атқарады, мемлекеттік сектордың қарыз алуын дұрыс жоспарлауды және фискалдық орнықтылықты сақтау бойынша шаралар қабылдауды талап етеді.

      Осылайша, қарыз алудың барабар деңгейін айқындау Ұлттық қордың жинақталған активтерін ескере отырып, сараланған тәсілді талап етеді.

      Ұлттық қор активтерін үкіметтік борышпен алмастыруды болдырмау мақсатында мынадай шектеулер енгізілетін болады:

      Ұлттық қордан берілетін трансферттерді қоса алғанда, үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығыстар республикалық бюджет кірістерінің 15 %-нан аспауы тиіс;

      Үкімет борышы мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы борышының мөлшері Ұлттық қордың валюталық активтерінің жалпы мөлшерінен аспауы тиіс.

      Осы мақсатта, үкіметтік борыш пен мемлекет кепілдік берген борыш лимитін айқындай отырып, квазимемлекеттік сектордың сырттан қарыз алу көлемін Үкіметпен келісу арқылы оған шектеу қойылатын болады. Бұл тыйым заңнамалық түрде бекітіледі.

6. Күтілетін нәтижелер

      Ескерту. 6-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 22.12.2020 № 474 Жарлығымен.

      Тұжырымдаманы іске асыру орта мерзімді кезеңде Ұлттық қордың активтерін тұрақтандыруға және оның одан әрі қысқаруын болдырмауға әрі ұзақ мерзімді перспективада қаражат жинақтауды қалпына келтіріп отыруға мүмкіндік береді.

      2030 жылы Ұлттық қордың валюталық активтері болжам бойынша кем дегенде 80 млрд. АҚШ долларын құрайды (мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 50 АҚШ доллары болғанда).

      Ұлттық қор қаражатын пайдалану және үкімет пен квазимемлекеттік сектор борышын басқару айқын фискалдық қағидалар негізінде кешенді жүзеге асырылатын болады. Нәтижесінде Ұлттық қор активтерін ұлғайту үкімет борыштың өсуімен ауыстырылмайды. Үкіметтің таза сыртқы активтері жағымды деңгейде сақталады, бұл мемлекеттік қаржының орнықтылығын нығайтуға ықпал етеді.

      Мұнай кірістерінен бюджеттің тәуелділігі азаяды, олардың республикалық бюджет түсімдерінің жалпы көлеміндегі үлесі 2025 жылы 28 %-дан аспайды, ал 2030 жылы - 20 %-дан аспайды.

      Болжам бойынша мұнайға қатысты емес тапшылық деңгейі 2025 жылы ЖІӨ-ге шаққанда 6,0 %-ға дейін және 2030 жылы ЖІӨ-ге шаққанда 5 %-ға дейін төмендейді.

      Ұлттық қор активтерін басқару тиімділігі артады, бұл ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қор кірістілігінің орташа деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді.

7. Тұжырымдаманы іске асыруға негіз болатын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Осы Тұжырымдаманы іске асыру кезеңінде қойылған мақсаттар мен міндеттерге мынадай нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы қол жеткізу болжанады:

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі;

      2008 жылғы 10 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (Салық кодексі);

      "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын орналастыру үшін, материалдық емес активтерді қоспағанда, рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы № 66 қаулысы;

      "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық операцияларын жүзеге асыру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 25 шілдедегі № 65 қаулысы.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2016 жылғы 8 желтоқсандағы
№ 385 Жарлығына
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Президентінің күші жойылған кейбір жарлықтарының
ТІЗБЕСІ

      1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 962 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 27, 203-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 962 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 30 қыркүйектегі № 1077 қбп Жарлығы.

      3. "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 962 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 16 наурыздағы № 289 Жарлығы.

      4. "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 962 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 14 қарашадағы № 430 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы 2012 ж., № 77-78, 1133-құжат).

      5. "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 962 Жарлығына өзгерістер енгізу және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан нысаналы трансферт бөлу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 21 маусымдағы № 586 Жарлығының 1-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы 2013 ж., № 38, 547-құжат).

      6. "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 962 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 794 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 27, 213-құжат).