"Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 385 Жарлығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 234 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 10 қыркүйектегі № 1005 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 10.09.2022 № 1005 Жарлығымен.

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 385 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 63, 397-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында:

      "5. Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану бойынша негізгі қағидаттар мен тәсілдер" деген бөлімде:

      "5.1. Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану қағидаттары" деген кіші бөлім:

      мынадай мазмұндағы алтыншы бөлікпен толықтырылсын:

      "Тұрақтандыру функциясын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы нарығында қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы белгілеген тәртіппен Ұлттық қордың активтерін айырбастауды және қайта айырбастауды жүргізеді. Аталған операциялар кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді бөлу үшін жүргізіледі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интервенцияларына жатпайды.";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Кепілдендірілген трансферт Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2019-2021 жылдары жыл сайын 2 700 млрд теңгені құрайтын болады.

      2022 жылдан бастап кепілдендірілген трансферт көлемі 2 000 млрд теңгеге дейін төмендетілетін болады.

      Ұлттық қордың жинақтау функциясын орындауды қамтамасыз ету үшін кепілдендірілген трансферттің мөлшерін айқындау контрциклдік бюджет қағидасына негізделетін болады.

      Кепілдендірілген трансферт тиісті жоспарлы кезеңге арналған кепілдендірілген трансферт туралы Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалатын мұнайдың консервативтік бағасы (кесімді баға) кезінде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер мөлшерінен аспайтын мөлшерде айқындалатын болады.

      Мұнай бағасының конъюнктурасына тікелей байланысты түсімдердің бюджетке түсуінің ұлғаюы кезінде кепілдендірілген трансферт мөлшері азаятын болады.

      Контрциклдік бюджет қағидасы Ұлттық қордың активтерін одан әрі жинақтауға бағытталатын және мұнайға қатысты емес тапшылықты төмендетуге ықпал ететін болады.

      Контрциклдік бюджет қағидасының тетігі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасымен регламенттелетін болады.".

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ