Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 962 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 8 желтоқсандағы № 385 Жарлығымен



Қазақстан Республикасының    
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс   

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзімді перспективаға арналған тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегі № 1641 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы 2005 ж., № 35, 480-құжат; 2007 ж., № 17, 186-құжат; 2009 ж., № 1-2, 1-құжат);
      2) «Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегі № 1641 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 29 мамырдағы № 336 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 17, 186-құжат);
      3) «Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 1 қыркүйектегі № 1641 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 19 қаңтардағы № 725 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 1-2, 1-құжат).
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Президент Әкімшілігімен келісім бойынша екі ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін.
      4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары тиісті шешімдерді әзірлеу кезінде Тұжырымдаманың негізгі ережелерін басшылыққа алсын.
      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2010 жылғы 2 сәуірдегі
№ 962 Жарлығымен   
МАҚҰЛДАНҒАН     

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын
қалыптастыру және пайдалану
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша «I», «II», «III», «IV», «V», «VI», «VII» деген бөлімдердің нөмірленуі тиісінше «1», «2», «3», «4», «5», «6», «7» деген араб цифрларымен белгіленді - ҚР Президентінің 16.03.2012 № 289 Жарлығымен.

1. Кіріспе

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы қаңтардағы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында дағдарыстан кейінгі дамуға дайындалуға, индустрияландыру арқылы әртараптандыруды жеделдету және адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын және Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде мемлекеттің одан әрі даму басымдықтары айқындалған болатын.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі - Ұлттық қор) қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың жаңа тәсілдерін айқындау міндеті осы тұрғыдан қойылған, олар әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс кезеңінде өзінің пәрменділігін көрсеткен, жүргізіліп жатқан жинақтау саясатының қисынды жалғасы болады.
      Жаңа Тұжырымдамада алғашқы Тұжырымдаманы іске асырудан алынған оң нәтижелер сақталған. Негізгі мақсаты болашақ ұрпаққа арналған жинақтарды ұлғайту және Ұлттық қордың қаражатын жинақтауды үкіметтік қарыз алумен алмастыруды болдырмау болып табылады.
      Ескерту. 1-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 11.04.2014 № 794 Жарлығымен.

2. Қазіргі жағдайды талдау

      «Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 23 тамыздағы № 402 Жарлығымен бюджет кірістерінің қомақты бөлігі табиғи ресурстарды экспорттаудан түсетін түсімдер есебінен қалыптастырылатын басқа елдерге ұқсас Ұлттық қор құрылған болатын. 2005 жылы Ұлттық қордың қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзімді перспективаға арналған алғашқы тұжырымдамасы қабылданып, онда оның активтерін басқарудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері айқындалған болатын.
      2006 жылдың ортасынан бері қолданылған Ұлттық қор қаражатын ел экономикасына бағыттау схемасында республикалық бюджетке кепілдендірілген және нысаналы трансферттер, сондай-ақ қаражатты отандық бағалы қағаздарға ұзақ мерзімді инвестициялау көзделген. Бұл ретте кепілдендірілген трансфертті айқындау кезіндегі шектеу республикалық бюджет әзірленетін жылдың алдындағы жылдың соңындағы Ұлттық қор активтерінің үштен бір бөлігінен аспауы болып табылды.
      Қабылданған саясаттың нәтижесінде экономикалық өсу кезеңінде валютаның шамадан тыс түсуін зарарсыздандыру, теңгені айырбастау бағамына және инфляцияға қысымды азайту қамтамасыз етілді. Дағдарысқа қарсы белсенді саясат жүргізу үшін қаржы резервтері құрылып, оның шеңберінде Ұлттық қордан 10 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде қаражат пайдаланылды және жинақтау саясаты сақталды. 2009 жылдың соңына қаражат 4,5 трлн. теңгені құрады, оның 750,0 млрд. теңгесі ішкі активтерге («Самұрық-Қазына» ұлттық әл-әуқат қоры» акционерлік қоғамы мен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының облигацияларына), 24,4 млрд. АҚШ доллары - шетелдік активтерге орналастырылды.
      Құрылған уақытынан бері, яғни 2001 жылғы маусым - 2009 жылғы 31 желтоқсан аралығында Ұлттық қордың кірістілігі Қордың базалық валютасында (АҚШ долларымен) 55%-ды құрады, бұл жылдық мәнде 5,2%-ды құрайды.
      Осы кезеңде Қордың тұрақтандыру функцияларын жүргізу үшін қажетті көлем қалыптастырылды. Сонымен қатар қалпына келтірілмейтін табиғи ресурстардан алынған қаражатты болашақ ұрпақ үшін барынша сақтап қалу, республикалық бюджет пен Ұлттық қордың теңгерімділігі және мұнайлық емес тапшылықты жою туралы мәселе өзектілігін сақтап қалуда.
      Осы тұрғыдан Ұлттық қор қаражаты өсуінің бәсеңдеуін ескере отырып, республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт көлемін тіркеу жолымен оның құбылмалылығын болдырмау қажет болып отыр, бұл ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қордың қаражатын қарқынды жинақтауды қамтамасыз етеді.

3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының негізгі мақсаты мен
қағидаттары

      Ұлттық қордың негізгі мақсаты болашақ ұрпаққа арналған жинақтарды қалыптастыру және республикалық бюджеттің әлемдік шикізат нарықтарындағы жағдайға тәуелділігін төмендету арқылы қаржы ресурстарын жинау болып табылады. Осылайша, Ұлттық қордың функциялары жинақтау және тұрақтандыру болып табылады.
      Жинақтау функциясын орындау үшін Ұлттық қорда азайтылмайтын қалдық белгіленеді, сондай-ақ Ұлттық қордың ең жоғарғы мөлшеріне шек қойылмайды. Тұрақтандыру функциясын іске асыру республикалық бюджетке кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз етуді көздейді.
      Тұтас алғанда, Ұлттық қор қаражатын бөлудің ашықтығына қол жеткізу үшін олар ел экономикасына республикалық бюджет арқылы ғана жіберілетін болады.
      Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану мынадай қағидаттарға негізделетін болады:
      транспаренттілік - Ұлттық қордың бекітілген (нақтыланған, түзетілген) көрсеткіштерін, Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру туралы және пайдалану туралы есептерді, Ұлттық қордың қаражатын инвестициялық басқару туралы есептерді міндетті түрде жариялау;
      толықтық - Ұлттық қор туралы есептілікте Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық түсімдер мен шығыстарды көрсету;
      уақтылылық - Ұлттық қордың қолма-қол ақшаны бақылау шотына есепке алу және оларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіндегі Үкіметтің шоттарына тиісті нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіпті сақтай отырып мерзімінде аудару;
      тиімділік - Ұлттық қорды тәуекел деңгейі орташа болған жағдайда ұзақ мерзімді перспективада активтерді сақтау мен кірістілікті қамтамасыз ету қажеттілігіне сүйене отырып басқару.

4. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын
қалыптастыру және пайдалану тәртібі

1. Ұлттық қордың қаражатын жинақтау

      Ұлттық қордың қаражатын жинақтау мынадай түсімдердің есебінен жүзеге асырылатын болады:
      1) мұнай секторы ұйымдарынан түсетін тікелей салықтар (жергілікті бюджеттерге есепке алынатын салықтарды қоспағанда), оларға корпоративтік табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, бонустар, экспортқа салынатын рента салығы, үстеме пайдаға салынатын салық, өнімді бөлу бойынша үлес және қызметін өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемі жатады;
      2) мұнай секторының ұйымдары жүзеге асыратын операциялардан түсетін басқа түсімдер (жергілікті бюджеттерге есепке алынатын түсімдерді қоспағанда), оның ішінде мұнай келісімшарттарының талаптарын бұзғаны үшін түсімдер (жергілікті бюджеттерге есепке алынатын түсімдерді қоспағанда);
      3) республикалық меншіктегі және кен өндіру және өңдеуші салаларға жататын мемлекеттік мүлікті жекешелендіруден түсетін түсімдер;
      4) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер;
      5) Ұлттық қорды басқарудан түсетін инвестициялық кірістер;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де түсімдер мен кірістер.
      Ішкі нарықтағы ақша ұсынысы шамадан тыс болған жағдайда инфляцияның өсуіне жол бермеу үшін, сондай-ақ табиғи ресурстарды экспорттаудан түсетін кірістердің Қазақстан экономикасының басқа секторларының дамуына кері әсерін жою мақсатында Ұлттық қорда өзге де түсімдер шоғырландырылуы мүмкін. Ұлттық қордың ең жоғарғы мөлшері шектелмейтін болады.

2. Ұлттық қордың қаражатын пайдалану

      Қаражатты пайдаланудың жаңа тәсіліне сәйкес 2011 жылдан бастап абсолютті мәні 8 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі кепілдендірілген трансфертті республикалық бюджетке тіркеу оның жаңалығы болып табылады.
      Бұл ретте республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің тіркелген мөлшері экономикадағы жағдайға байланысты 15%-ға дейін азайту немесе ұлғайту жағына түзетілуі мүмкін.
      Экономикалық өсу қарқыны орта мерзімді кезеңге арналып жоспарланған деңгейге қатысты төмендесе, республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері экономикалық өсуді қолдау мақсатында 9,2 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайтылуы мүмкін. Экономикалық өсу орта мерзімді кезеңге арналып жоспарланған деңгейден жоғары болса, республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері Ұлттық қордың жинақтау функциясын қамтамасыз ету мақсатында 6,8 млрд. АҚШ долларына дейін азайтылуы мүмкін.
      Республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің тіркелген мөлшерінен (8 млрд. АҚШ доллары) ауытқу сомасы туралы шешімді Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес қабылдайды.
      Республикалық бюджеттің кіріс бөлігі қаржы жылының басында болжамдалған параметрлермен салыстырғанда асыра орындалған жағдайда, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес ағымдағы қаржы жылына бөлінген республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің сомаларын азайту жағына түзету бойынша шешім қабылдай алады.
      Өзін-өзі ақтамайтын, бірақ әлеуметтік маңызы бар ірі жобаларды қаржыландырудың баламалы көздері болмаған жағдайда, оларды іске асыруға Ұлттық қордан нысаналы трансферттер бөлу Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша ғана көзделетін болады. Бұл ретте бөлінетін қаражаттың пайдаланылу ашықтығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттер республикалық бюджет арқылы өтуі тиіс.
      Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын мақсаттарға арнап республикалық бюджетке Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді бөлуден басқа, шығыстардың басқа түрлерін қаржыландыруға, оның ішінде мемлекеттік, квазимемлекеттік және жекеше секторлар субъектілерінің қазақстандық бағалы қағаздарын сатып алуға, акциялар пакеттерін, қазақстандық компаниялардың қатысу үлестерін сатып алуға, екінші деңгейдегі банктерді қорландыруға, заңды және жеке тұлғаларға кредит беруге, активтерді міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдалануға тыйым салынады.
      Ұлттық қордың жинақтау функциясын орындау үшін тиісті қаржы жылының соңына ЖІӨ-нің болжамды мәнінің 30%-ы мөлшерінде азайтылмайтын қалдық белгіленеді. Бұл ретте республикалық бюджетке кепілдендірілген және/немесе нысаналы трансфертті жүзеге асыру үшін Ұлттық қордың қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда, азайтылмайтын қалдық лимитін сақтау қажеттілігіне байланысты кепілдендірілген және/немесе нысаналы трансферттің мөлшері тиісті шамаға азайтылатын болады.
      Тұтастай алғанда Ұлттық қордың қаражаты кепілдендірілген трансфертті, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің шешімімен айқындалған нысаналы трансфертті қамтамасыз етуге және басқару мен аудитке байланысты шығыстарды қаржыландыруға бағытталуы тиіс. Ұлттық қордың шотында ай сайын (тоқсан сайын) республикалық бюджетке берілетін айлық (тоқсандық) кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз етуге арналған қаражат қалыптастырылады. Көрсетілген шамадан асып кеткен сома Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы бекіткен Ұлттық қор активтерін айырбастау және қайта айырбастау қағидаларына сәйкес айырбасталуы және рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялануы тиіс.
      Ескерту. 2-кіші бөлім жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 11.04.2014 № 794 Жарлығымен.

5. Ұлттық қордың активтерін басқару

      Тұтастай алғанда Ұлттық қордың активтерін басқару саясаты консервативтік болып қала береді. Сонымен қатар Ұлттық қордың қаражатын басқару кезінде инвестициялық операциялардың негізгі мақсаттары сақтау, өтімділіктің жеткілікті деңгейін ұстау, тәуекел деңгейі орташа болған кезде ұзақ мерзімді перспективада кірістілікті қамтамасыз ету болып табылады. Ұзақ мерзімді перспективада Ұлттық қор активтерінің кірістілігін қамтамасыз ету кірістіліктің қысқа мерзімді ауытқуын көздейді.
      Ұлттық қор активтерінің ұйымдық құрылымы оның мақсаттарына сәйкес айқындалады.
      Ұлттық қордың активтерін сенімгерлік басқаруды - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, қызметін жалпы үйлестіруді Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес жүзеге асырады.
      Ұлттық қордың активтерін орналастыру, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен материалдық емес активтерді қоспағанда, шетелдік қаржы нарықтарында айналымдағы және рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне енгізілген қаржы құралдарында жүзеге асырылуы тиіс.
      Бұл ретте шектеулер Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес сатып  алу туралы шешімді 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қабылдаған, Ұлттық
қор активтерінің құрылымында ескерілетін қазақстандық қаржы
құралдарына қолданылмайды.
      Ескерту. 5-бөлім жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 11.04.2014 № 794 Жарлығымен.

6. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, үкіметтік қарыз
алудың және квазимемлекеттік сектордың өзара қарым-қатынасы

      Ұлттық қордың қаражатын қарқынды жинақтау, сондай-ақ оның активтерін тиімді басқару Қазақстан Республикасының орнықты дамуында маңызды рөл атқарады және мемлекеттік сектордың да, сол сияқты квазимемлекеттік сектордың да қарыз алуды дұрыс жоспарлауын және республиканың экономикалық қауіпсіздігінің тиісті деңгейін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді.
      Осылайша, ұлттық холдингтердің, ұлттық басқарушы холдингтердің және олардың еншілес компанияларының қарыз алуы мен міндеттемелерінің барабар деңгейін айқындау Ұлттық қордың жинақталған активтері ескерілетін сындарлы тәсілді талап етеді. Үкімет осы мақсатта ұлттық басқарушы холдингтер мен олардың еншілес компанияларының борышын мониторингтеу мен бағалаудың тиісті көрсеткіштерін және осы ұйымдар сақтауға міндетті қарыз алу жөніндегі шектеулерді айқындайды.
      Ұлттық қордың қаражатын пайдалану жөніндегі жаңа тәсіл квазимемлекеттік сектордың Ұлттық қордан облигациялық қарыздарды тарту мүмкіндігін жояды. Бұдан басқа, Үкімет бюджет заңнамасында белгіленген шектеулер шеңберінде Астана және Алматы қалаларының муниципалдық қарыз алуы арқылы жергілікті атқарушы органдар борышының өсуін реттейтін болады.
      Ұлттық қордың қаражатын үкіметтік қарыз алумен алмастыруды болдырмау мақсатында мынадай шектеулер енгізілетін болады:
      үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған жыл сайынғы шығыстар Ұлттық қордың жыл сайынғы тіркелген шартты инвестициялық кірісінің 4,5%-ынан аспауы тиіс;
      Ұлттық қордан берілетін трансферттерді қоса алғанда, үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығыстар республикалық бюджет кірістерінің 15%-ынан аспауы тиіс.
      Ескерту. 6-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 11.04.2014 № 794 Жарлығымен.

7. Қорытынды

      Осы Тұжырымдама шеңберіндегі шараларды іске асыру Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жұмыс істеуінің және оның жинақтарын қалыптастырудың оңтайлы моделін таңдаудың негіздерін, инвестициялық стратегияны өзгертуді көздейді және Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізуді талап етеді.
      Осы мақсатта Ұлттық қордың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілеріне тиісті өзгерістер енгізілетін болады.
      Бюджеттің және Ұлттық қордың теңгерімділігі жөніндегі саясат осы онжылдықтың соңына ЖІӨ-нің 3%-ынан артық болмауға тиіс мұнайлық емес тапшылықты азайтуға, сондай-ақ кейіннен тек даму бюджетін қаржыландыруға көше отырып, Ұлттық қордың қаражатын ағымдағы шығыстарға жұмсауды қысқартуға бағытталатын болады.
      Жоғарыда баяндалған тәсілдерді ескере отырып, 2020 жылға қарай Ұлттық қордың қаражаты кемінде 180 млрд. АҚШ долларын (ЖІӨ-ге қатысты 32%) құрауы тиіс.
      Ескерту. 7-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 11.04.2014 № 794 Жарлығымен.