Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 27 тамыздағы № 954 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 18 қарашадағы № 922 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 18.11.2022 № 922 қаулысымен.
      РҚАО-ның ескетрпесі!
      Осы қаулы 01.09.2014 бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2014 жылғы 1 кыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 27 тамыздағы
№ 954 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың
2030 жылға дейінгі
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
1. Кіріспе

      Елдің қаржы секторын дамыту қоғам мен мемлекеттің қажеттіліктерін ескере отырып, ел экономикасындағы оның орны мен рөлін айқындауға байланысты. Бұл ретте түрлі пікірлердің болуына орай әрбір жеке экономикалық агенттің қаржы секторы алдындағы мақсатты бағыттары басқалардан үстем болмауы тиіс. Әйтпесе, жүйе тиімсіздігінің өсуі мен жүйелік тәуекелдердің ұлғаюы үшін жағдайлар туындайды.

      Мемлекет қаржы секторы экономикалық даму бағдарламаларының шеңберінде экономиканың басым салаларын қаржыландыру үшін тиімді бағамен жеткілікті ресурстар көлемін беруге қабілетті болады деп күтеді.

      Экономикалық циклдің сатыларына қарамастан, қаржы жүйесі көрсетіп отырған қызметтер сапасына, көлеміне, құнына және тізбесіне қанағаттану тұтынушылар (заңды және жеке тұлғалар) үшін маңызды болып табылады.

      Қаржы ұйымдарының өздерінің алдында бизнестің ағымдағы құнын ұлғайту, басқарылатын тәуекелдер мен шығындар құрылымы жағдайында оның негізгі қызметтен түсетін кірістілігін барынша, ең алдымен, көрсетілетін қызметтер көлемін өсіру есебінен ұлғайту мақсаты тұр.

      Қаржы делдалы функциясын барынша тиімді жүзеге асыратын қаржы секторын қалыптастыру қоғам мен мемлекет үшін де, сол сияқты қаржы ұйымдары үшін де ортақ мақсат болып табылады.

      Қаржы секторын дамытудың бағыттары ауқымды көлемде болып жатқан өзгерістерді де ескеруі тиіс. Ықпалдасу процестерінің күшеюі аясында ұлттық қаржы нарықтарын реттеудің келісілген біріздендіру тәсілдері (Базель III, Solvency II стандарттары) әзірленуде. Қазақстан Республикасы және оның қаржы нарығы әлемдік үрдістерден тыс қалмайды. Ең үздік халықаралық практика және реттеу стандарттары белсенді түрде енгізілуде.

      Дүниежүзілік сауда ұйымына (бұдан әрі – ДСҰ) және Бірыңғай экономикалық кеңістікке (бұдан әрі – БЭК) ықпалдасу, өз кезегінде, қаржылық қызметтер нарығын одан әрі ырықтандыру үшін алғышарттар құрады. Қаржы нарығындағы бәсекелестіктің кейіннен күшеюі, бір жағынан, көрсетілетін қызметтер аясының сапасын арттыруға және кеңейтуге апаруы тиіс. Екінші жағынан, Қазақстан Республикасы қаржы секторының сыртқы күйзелістерге осалдық дәрежесі көтеріледі, "жұқтыру" тәуекелдері өседі, ал бұл, қолайсыз даму сценарийі іске асырылған жағдайда, банк жүйесінен капиталдың және кредиторлар мен салымшылар қаражатының әкетілуіне, кредиттік тарылуға әкеп соқтыруы мүмкін.

      Мұндай жағдайда қаржы жүйесі жаңа тәуекелдерді жасамауы немесе экономикада орын алған тәуекелдер ауқымын ұлғайтпауы тиіс. Бұл тәуекелдерді іске асырудың ықтимал салдарлары барынша азайтылған

      кезде реттеудің оңтайлы тетігін әзірлеуді талап етеді, бұл ретте талаптар артық болып табылмайды және қаржы секторының белсенділігін басып тастамайды.

      Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қаржы ұйымдарының, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды

      тұлғалар бірлестігінің қатысуымен талқыланды, соның нәтижесінде қаржы секторының жұмыс істеуінің жақсаруына бағытталған түрлі пікірлер, ұсыныстар, идеялар қамтылды. Сонымен қатар, құжат Халықаралық валюта қорының 2013 жылдың 4-тоқсанында – 2014 жылдың бірінші жартысында іске асырылған "Қаржы секторын бағалау бағдарламасы: орнықтылық модулі" (Financial Sector Assessment Program) жобасының щеңберіндегі қорытындылары мен ұсынымдарын да ескереді.

2. Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030
жылға дейінгі тұжырымдамасының мақсаттары мен міндеттері

      Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бәсекеге қабілетті қаржы секторын құруға және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (бұдан әрі – ЭЫДҰ) стандарттарын қоса алғанда, үздік халықаралық стандарттар негізінде экономикада ресурстарды қайта бөлуде оның тиімділігін арттыруға бағытталған.

      Қойылған мақсатты шешу үшін мынадай міндеттерді іске асыру көзделеді:

      1) әлеуетті күйзелістер туындаған жағдайда қаржы жүйесінің орнықтылығына қолдау көрсетуге қоғам мен мемлекеттің шығасыларын төмендету;

      2) экономикалық ықпалдасу және жаһандану жағдайында қаржы секторының тиімділігін арттыру;

      3) қаржы жүйесінің сапалы дамуы үшін инфрақұрылымды жетілдіру және оңтайлы жағдайлар жасау;

      4) қаржы секторының өсу ресурстарын, оның ішінде экономиканың талаптарына сәйкес келетін қаржы өнімдерінің есебінен кеңейту;

      5) теңгерімделген экономикалық жағдайларға қолдау көрсету және экономикадағы кредиттік тәуекелдерді төмендету.

      Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бірнеше кезеңді болжап отыр. Бұл ретте олардың әрқайсысында іс-шараларды табысты іске асыру қаржы жүйесін 2030 жылға дейін және одан кейін де жаңа әлемдік үрдістер жағдайында одан әрі орнықты дамыту үшін негіз жасайды.

      2020 жылға дейін негізгі күш-жігер орын алып отырған проблемаларды шешу арқылы қаржы секторының орнықтылығын көтеруге және оның бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға, сондай-ақ тиісті шаралар қолдануға және қаржы нарығының 2020 жылдан кейін жұмыс істеуі үшін негіз қалауға бағытталатын болады. Бұл кезеңде Қазақстан Республикасы ДСҰ-ға кіргеннен кейінгі өтпелі кезеңді аяқтау, сондай-ақ қаржылық қызметті реттеудің халықаралық стандарттарына көшу күтіледі.

      2025 жылға дейінгі кезеңде елдердің қаржы нарықтарының дамуын айқындайтын БЭК-қа қатысушы елдердің заңнамаларын үйлестіру процесін аяқтау жоспарланып отыр. Қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлттықтан жоғары органды құру үйлестірудің негізгі қорытындысы болады. Осыған байланысты ұлттық реттеуші органдардың рөлі мен орнын өзгерту күтіліп отыр.

      2020 жылдан кейінгі кезеңде қаржы ұйымдарының алдында жаһандық және өңірлік көшбасшылар ішкі нарықта коммерциялық қатысусыз (филиалдары арқылы) көрсететін қаржылық қызметтері енуінің өсуіне байланысты сын-қатерлер пайда болады. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуын, сондай-ақ гибридтік модельдердің (дәстүрлі қаржылық және технологиялық ұйымдардың стратегиялық әріптестігі) дамуын назарға алу қажет, бұл қаржылық көрсетілетін қызметтердің әдеттегі тәртібін өзгертеді. Осыған байланысты отандық қаржы ұйымдары ойыншыларға қатысты базалық пруденциялық нормативтер мен талаптарды қолданбау жағдайында тәуекелге деген тәбеті мен мүмкіндіктері даусыз жоғары деңгейдегі ойыншылармен тұтынушы үшін бәсекелестікте жеңіп шығуға қабілетті болуы тиіс. Осы жағдайларда бәсекеге қабілеттіліктің тек бизнес ауқымының экстенсивті ұлғаюы есебінен ғана өсуі мүмкін емес. Ол тұтынушыларға қаржылық қызметтерді көрсетудің жаңа трендтері мен технологияларына жылдам бейімделуге мүмкіндік беретін бизнес-стратегиялар мен процестер сапасының жақсаруына да негізделуі тиіс.

3. Қазақстан Республикасы қаржы секторының ағымдағы ахуалына
талдау және даму үрдістері
1. Қаржы секторының негізгі ішкі құрылымдық проблемалары және
даму үрдістері

      Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамыту орнықсыз сипатта және олардың көбі ұзаққа созылып кеткен бірқатар түйінді проблемалардың болуына байланысты, оны халықаралық жетекші ұйымдардың еларалық бағалары да растап отыр. Қаржы нарығының соңғы жылдар бойы тұралауы ішкі себептерге де, сол сияқты нақты сектордың тарапынан болатын шектеулерге де байланысты туындады, атап айтқанда:

      1) банктердің кредиттеу басымдықтары инвестицияларға емес, тұтынушылардың сұранысына негізделген экономикалық өсудің құрылымындағы теңгерімсіздікті көрсетеді;

      2) ірі кәсіпорындарға көрсетілетін қызметтер жиынтығының шектеулі болуы және банктердің көлемді инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін қажетті ресурстардың ауқымды көлемін өз беттерінше жинақтай алмауы экономиканы дамытудың басым бағыттарын, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландырудың, көбіне, мемлекет бөлетін ресурстарға тәуелділігін айқындайды;

      3) өтімділікті қайта бөлу нарығының іс жүзінде болмауы және қайта қаржыландыру тетіктерінің дамымауы жағдайында банк жүйесін бөлшек қорландыру жағына қарай басымдық беру жүйені салымшылар "көңіл-күйінің ауысуы" тәуекелдеріне ұшырағыш етеді;

      4) жұмыс істемейтін қарыздар көлемінің жоғары болуы банк секторының макроэкономикалық орта өзгерістеріне, жекелеген нарықтардағы ахуалға икемді ден қою мүмкіндігін төмендетеді;

      5) банктер кредиторларының шетел валютасына, ал қарыз алушылардың ұлттық валютаға артықшылық беруі ұлғайып отырғандықтан, банк жүйесінің активтері мен пассивтері құрылымының валюталардың түрлері бойынша сәйкес келмеуі;

      6) даму міндетті сақтандыру түрлеріне не банктер кредиттеген кезде кросс-сатулар, жинақтаушы зейнетақы қорларынан сақтандыру ұйымдарына зейнетақы жинақтарын аудару есебінен зейнетақы аннуитеттері сияқты ілеспе сақтандыру арқылы қамтамасыз етілгенде, басқа сегменттердің, атап айтқанда сақтандыру сегментінің ішкі өсу нүктелерінің болмауы;

      7) сақтандыру тарифтерінің мөлшерін заңнамалық түрде шектеу және мемлекеттік функцияларды коммерциялық сақтандыру ұйымдарына тәуекелдерді тиісінше селекцияламай бере отырып, оларды кері реттеу нәтижесінде сақтандырудың жекелеген түрлерінің жоғары шығындылығына байланысты жүйелік тәуекел;

      8) сақтандыру ұйымдарының мүмкіндігі сақтандыру сыйлықақыларының едәуір көлемін Қазақстан Республикасының резидент емес – қайта сақтандырушыларына өткізумен шектелген, ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (бұдан әрі – БЖЗҚ) құру кезінде зейнетақы ақшасын басқаруда қаражаттың инвестициялау тәуекелін төмендету есебінен сақталуын қамтамасыз ету мәселесі бірінші қатарға шығатын кезде жеке инвестициялар нарығындағы банктік емес институционалдық инвесторлар әлеуетінің төмендігі;

      9) жеке инвесторлар үшін банктердің депозиттеріне және жылжымайтын мүлік нарығына қатысты бағалы қағаздар нарығы құралдарына ұсыныстың тапшылығы және тартымдылығының болмауы;

      10) соның салдары ретінде бағалы қағаздар нарығы тарапынан банктік қызметтер нарығына баламалықтың болмауы;

      11) Қазақстан Республикасы банк секторының бәсекеге қабілеттілігінің нашарлауына көрсетілетін қаржылық қызметтерді ұсынатын балама (дәстүрлі емес) ұйымдардың пайда болуы және өсуі, тұтынушылардың қаржылық көрсетілетін қызметтер мен өнімдерді қайдан және қалай сатып алуына қатынасының өзгеруі әсер етуі мүмкін;

      12) елдің бағалы қағаздар нарығының дамуының осы кезеңіне тән негізгі проблемаларының, сондай-ақ жүйелі сипаты бар (инфрақұрылымдық, экономикалық, инвестициялық, іскерлік, әлеуметтік, көлік, экологиялық) проблемалардың салдары нәтижесінде әлемдік қаржы орталықтарымен салыстырғанда Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының (бұдан әрі – АӨҚО) бәсекеге қабілетсіздігі.

      Банк секторы. 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында 38 банк, оның ішінде шет елдер қатысатын 17 банк, 100 % мемлекет қатысатын 1 банк және квазимемлекеттік қатысумен 3 банк жұмыс істеді.

      Қаржы дағдарысынан туындаған бірнеше жылғы тұралаудан кейін 2011 жылдан бастап банк секторы өсуінің белгілі бір серпіні байқалды. Алайда қаржылық делдалдық деңгейінің көрсеткіштері банктердің экономикадағы ресурстарды қайта бөлу және экономикалық агенттер тарапынан кредиттерге сұранысты қанағаттандыру бойынша тиімділігінің жеткіліксіз екенін куәландырады және әлемдік қаржы дағдарысының туындауына әкеп соққан проблемаларды шешу жөніндегі халықаралық бастамаларға байланысты реттеудің күшейтілгенін көрсетіп отыр. Соңғы 3 жылда (2011 – 2013 жылдар) банк секторының активтері 15 462 млрд. теңгеге дейін 28,5 %-ға ұлғайды. Соған қарамастан, банк секторының активтері жалпы ішкі өнімге (бұдан әрі – ЖІӨ) қатысы бойынша 55 %-дан 46 %-ға дейін қысқарды (шикізатқа жатпайтын ЖІӨ-ге қатысты шамамен 64 %-ды құрайды). Банк секторының кредиттік портфелі 2011 жылдың басынан бастап 47,2 %-ға ұлғая отырып, 2014 жылғы 1 қаңтарда 13 348 млрд. теңгені құрады. Ең жоғары мәні 2007 жылы 70 %-ға жеткен ЖІӨ-ге кредиттердің деңгейі төмен, 40 %-дық деңгейде сақталып отыр (шикізатқа жатпайтын ЖІӨ-ге қатысты шамамен 55 %-ды құрайды).

      Қаржылық делдалдықтың төмен деңгейі көбінесе теңгерілмеген кредиттеуге және несие портфелін әртараптандырудың төмендігіне, сондай-ақ басым түрде қысқа мерзімді қорландыруға байланысты. Оның құрылымында қызмет көрсету секторына, атап айтқанда сауда (яғни айналымдылық үлесі жоғары кредиттер), құрылыс салаларына және жылжымайтын мүлікпен операцияларға берілген қарыздар басым (көбінесе дағдарысқа дейінгі кезеңде берілген қарыздар). Банк секторын шағын және орта бизнесті қаржыландыру процесіне тартудың жеткіліксіздігі оларды кредиттелуінің жоғары деңгейін және қаржылық жағдайының орнықсыз екенін көрсетіп отыр, оның ішінде капиталды генерациялау мүмкіндігінің төмен болуына байланысты, бұл осы бағыттағы кредиттік тәуекелдің шоғырландырылуына әкеледі.

      Нәтижесінде, корпоративтік сектор тарапынан кредиттік ресурстарға сұраныс деңгейінің жоғары болуына қарамастан, банктер қысқа мерзімді кірістілігі жоғары, бірақ бір мезгілде тәуекелділігі жоғары тұтынушылық кредиттер беруге барынша көп шоғырлануда. Соңғы үш жылда тұтынушылық қарыздардың үлесі 2 есеге жуық өсті, бұл белгілі бір алаңдаушылықты туғызады, себебі болашақта халықтың кредиттік тәуекелдерін ұлғайтуы мүмкін. Халықтың борыштық жүктемесінің аса жоғары емес ағымдағы деңгейі (үй шаруашылықтарының жиынтық борышының ЖІӨ-ге қатынасы 11 %-ды құрайды) осы бағытта банктік бизнесті одан әрі өрістету үшін белгілі бір қорды сақтайды. Алайда қамтамасыз етілмеген тұтынушылық қарыздардың жылдам өсуі қазірдің өзінде оны шектеу бойынша шаралар қабылдауды талап етеді.

      Бұл жағдайларда банк секторын одан әрі дамыту мәселелерінің бірі орын алып отырған, банктердің кредиттік белсенділігіне ынталандырмайтын әсер ететін жұмыс істемейтін қарыздардың жоғары деңгейі және қорландырудың ұзақ мерзімді көздерінің тапшылығы проблемаларын шешу болып табылады.

      2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істемейтін қарыздардың үлесі банктердің жиынтық кредиттік портфелінің 31,2 %-ын құрайды, олардың айтарлықтай үлесі міндеттемелерін қайта құрылымдауды жүргізген банктерге тиесілі. Осы көрсеткіш соңғы екі жыл бойы барынша тар диапазон шегінде (30 % – 32 % аралығында) салыстырмалы тұрақты деңгейде тұр. Бұл банктер активтердің сапасын жақсартудың берешекті қайта құрылымдауды жүргізу сияқты "классикалық" құралдарын пайдалану әлеуетінің іс жүзінде сарқылғанын айғақтайды. Активтер сапасының төмен болу проблемасын шешу үшін 2012 жылы банктердің балансын "тазартудың" бірнеше тетігі қолданысқа енгізілді. Бұл тетіктер проблемалық активтерді "Проблемалық кредиттер қоры" акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Проблемалық кредиттер қоры) және бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымдарына (бұдан әрі – КАБҰ) беруді, сондай-ақ банктер үшін қосымша салық міндеттемелерін туындатпастан, 2015 жылдың аяғына дейін үмітсіз берешекті кешіру талаптарын болжайды. Сонымен бірге, жоғарыда көрсетілген тазарту құралдарын пайдаланудың банктер мәлімдеген әлеуеті заңнама арқылы берілген мүмкіндіктерге борыштық міндеттемелерді орындау мәселелерін заңнамалық және іс жүргізумен күрделі әрі ұзақ реттеу нәтижесінде сәйкес келмейді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ерте ден қою шаралары шеңберінде банктердің несие портфеліндегі жұмыс істемейтін қарыздардың үлесі үшін лимиттерді қосымша енгізді (2013 жылдан бастап – несие портфелінің 20 %-ы, 2014 жылдан бастап – 15 %-ы). Банктердің кредиттік портфельдердің сапасын жақсарту бойынша жұмысын жандандыру үшін 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап пруденциялық норматив ретінде банктер үшін міндетті болатын жұмыс істемейтін қарыздардың 10 % деңгейдегі ең жоғары лимиті енгізіледі.

      Банктер міндеттемелерінің құрылымындағы ұзақ мерзімді қорландыру үлесінің төмендеуіне көбінесе сыртқы нарыққа кірудің шектеулі қолжетімділігіне байланысты резидент еместер алдындағы міндеттемелердің төмендеуіне (соңғы 2 жылда 42,5 %-ға) негізделген. Нәтижесінде, банк жүйесін қорландыру базасының негізі клиенттердің депозиттері болып табылады (2013 жылдың соңында банктердің жиынтық міндеттемелері көлемінің 73,6 %-ы). Бұл ретте қысқа мерзімді міндеттемелердің үлесі (1 жылға дейін) жиынтық міндеттемелердің 2/3 жетті. Алайда, тіпті мерзімді депозиттер де қорландырудың тұрақты көзі ретінде толық көлемде қаралмайды, себебі заңнама және нарықта қалыптасқан жағдайлар салымшылардың талап етуі бойынша және көптеген жағдайда пайыздық сыйақыны жоғалтпай мерзімінен бұрын талап етуге мүмкіндік береді. Бұл банктердің ресурстық базасын құбылмалы және қымбат етеді, сондай-ақ банктердің экономиканы және халықты толыққанды ұзақ мерзімді кредиттеу мүмкіндіктерін шектейді, бұл, әсіресе, неғұрлым көп талап етіліп отырған ұлттық валютамен кредиттеуге қатысты.

      Осы жағдай депозиттердің айтарлықтай бөлігі шетел валютасында көрсетілетініне байланысты күрделене түседі, бұл банктердің, сол сияқты шетел валютасымен кредит алған, бірақ валюталық түсімі немесе тиімді хеджирлеу құралы жоқ қарыз алушылардың қаржылық тәуекелдерін ұлғайтады. Бұл ретте, тіпті ішкі нарықтағы теңге бағамының серпініндегі қалыпты үрдістің өзі депозиттік базаның валюталық құрылымын айтарлықтай өзгертуге алып келеді.

      Облигациялардың ішкі нарығының мүмкіндіктері тарихи тұрғыдан әлсіз болды, ал Қазақстан Республикасындағы зейнетақы секторындағы реформалар салдары 2013 жылы жеке зейнетақы қорлары тарапынан банктердің облигацияларына сұраныстың қысқаруы болды. Нәтижесінде банктердің айналыстағы облигацияларының көлемі соңғы екі жылда 1 006,3 млрд. теңгеге дейін 32,2 %-ға қысқарды.

      Сақтандыру секторы. 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 34 сақтандыру ұйымы сақтандыру және қайта сақтандыру жөніндегі қызметті, оның ішінде 7 ұйым өмірді сақтандыру жөніндегі қызметті жүзеге асырады. Бұл ретте, жалпы сақтандыру бойынша сақтандыру ұйымдарының саны анық төмендеу үрдісіне ие. Соңғы үш жылда жалпы сақтандыру бойынша 6 сақтандыру ұйымы өз қызметін тоқтатты және 2014 жылы ықтимал қосылу және біріктіру жағдайларын ескеретін болсақ, жалпы сақтандыру бойынша сақтандыру ұйымдарының саны тағы да қысқаруы мүмкін.

      Сақтандыру ұйымдары активтерінің серпінді өсуіне қарамастан, олардың ЖІӨ-дегі үлесі өте төмен деңгейде (2 %-дан аз) қалып отыр. Қазақстан Республикасы халқының 17,2 млн. адамды құрайтынына қарамастан, 2013 жылы халықтың жан басына шаққанда сыйлықақылар көлемінің көрсеткіші 100 АҚШ долларына тең шектен аспады. Мұның бәрі қазақстандық сақтандыру нарығының зор әлеуетін айғақтайды.

      2014 жылғы 1 қаңтарда сақтандыру ұйымдары активтерінің жиынтық көлемі 2011 жылдың басынан бастап 52,5 %-ға ұлғайып, 523,4 млрд. теңгені құрады. Сол кезеңдегі сақтандыру ұйымдарының міндеттемелері 99,8 %-ға 268,8 млрд. теңгеге дейін өсті. Сақтандыру секторы активтерінің серпінді өсуі уәкілетті органның 2010 – 2012 жылдар аралығындағы кезеңде сақтандыру ұйымдарын кезең-кезеңімен капиталдандыру жөніндегі талабымен түсіндіріледі.

      Сақтандыру секторының 80 %-ға дейін активтері инвестициялардан тұрады: бағалы қағаздар – 51 %, банктерге салымдар – 24,5 %, ақша – 3,7 %, бұл сақтандыру секторы активтерінің жоғары өтімділігін айғақтайды.

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының тікелей сақтандыру шарттары бойынша қабылдаған сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемі 2011 жылдың басынан бастап 2014 жылғы 1 қаңтар аралығындағы кезеңде 640,3 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте "өмірді сақтандыру" саласы барынша серпінді дамуда, оның сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлеміндегі үлесі 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 13,3 %-дан 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 22,4 %-ға дейін ұлғайды. Негізгі өсу серпіні міндетті зейнетақы жинақтарының есебінен жасалған зейнетақы аннуитеті шарттары көлемінің өсуімен қамтамасыз етілді.

      Сақтандыру түрлерінің құрылымында ерікті жеке сақтандырудың үлесі 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 25,1 %-дан 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 36,4 %-ға дейін өсті, ал ерікті мүлікті сақтандырудың үлесі 49,6 %-дан 42,6 %-ға дейін, міндетті сақтандыру үлесі 25,3 %-дан 21,0 %-ға дейін қысқарды.

      2011 жылдың басынан бері 2014 жылғы 1 қаңтар аралығындағы кезеңде қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 205,1 млрд. теңге немесе сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемінен 32,0 %-ды құрады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының резидент еместеріне қайта сақтандыруға 159,7 млрд. теңге немесе сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемінің 24,9 %-ы берілді.

      Қазақстан Республикасының резидент еместеріне қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларының жалпы сомасында "А-" төмен емес рейтингісі бар қайта сақтандыру ұйымдарының үлесі 85,8 %-ды, "В-" – "ВВВ+" аралығында – 14 %-ды, рейтингісіз – 0,2 %-ды құрады.

      Сақтандыру ұйымдарын капиталдандырудың төмен деңгейі және олардың арнайы және салалық сақтандыру өнімдеріне қатысты біліктілігінің жеткіліксіздігі Қазақстан Республикасының резидент еместеріне – қайта сақтандырушыларына берілетін сақтандыру сыйлықақылары үлесінің жоғары болуының негізгі себебі болып табылады. Бұдан басқа, ірі және мамандандырылған салалық тәуекелдерді дәстүрлі түрде трансшекаралық қайта сақтандырудан басқа, қаражатты алып қоюмен және капиталды әкетумен байланысты тәуекелдерді қайта сақтандыруға беру фактілері байқалып отыр.

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қайта сақтандыру шарттары бойынша қабылдаған сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемі 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 26 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының резидент еместерінен қайта сақтандыруға қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының сомасы 13 млрд. теңгені құрайды. Соңғы 3 жылда резидент еместерден кіріс қайта сақтандыру көлемінің ұлғаю үрдісі тұрақты сипатқа (жылына 20 %-дан астам) ие болып отыр.

      2011 жылдың басынан бері 2014 жылғы 1 қаңтар аралығындағы кезеңде жүзеге асырылған сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі 163,2 млрд. теңгені құрады, бұл ретте ерікті жеке сақтандыруға барлық төлемдердің 52,5 %-ы, міндетті сақтандыруға – 29,4 %-ы, ерікті мүлікті сақтандыруға – 18,1 %-ы тиесілі болды.

      Реттеушінің сақтандыру секторын дамыту жөніндегі іс-әрекеттері қаржы ұйымдарының өздерінің орнықтылығын арттыруға, атап айтқанда, төлем қабілеттілігі бойынша талаптарды күшейту арқылы және соның нәтижесінде, олардың капиталының мөлшерін арттыруға ықпал етті, алайда, соған қарамастан, ел экономикасын дамытуда сектордың маңыздылығын арттыруға, тұтынушыларға қызметтерді ауқымды түрде көрсетуге (заңнамалық тұрғыдан белгіленген міндетті қызметтер түрлерін қоспағанда) септігін тигізген жоқ. Көп жағдайда бұл осы қызметтерді тұтынушылардың төмен сақтандыру мәдениетіне және сауаттылығына, сол сияқты сақтандыру нарығына қатысушылардың өздерінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге әзірлігіне байланысты болды.

      Қазақстан Республикасында сақтандыру ұйымдары жүзеге асыратын міндетті сақтандырудың 9 түрі қолданылады және олар бойынша сақтандыруды жүргізу шарттары мен тәртібін жан-жақты реттейтін жеке заңдар қабылданды. Сонымен бірге заңнамада міндетті сақтандыру белгілері бар сақтандыруды жүргізуді көздейтін нормалар бар.

      Міндетті сақтандыру сақтандыру нарығының дәстүрлі тұғыры болып табылады. Ерікті сақтандыру нарығы негізінен банктердің кросс-сату жүйесінің және міндетті сақтандыру бойынша агенттік желінің есебінен дамиды. Қарыз алушыны жазатайым оқиғалардан сақтандыру және кепіл объектісін сақтандыру қарыз алу операциялары кезінде көрсетілетін дәстүрлі қызмет болып табылады. Көрсетілген сақтандыру түрлері кредиттік тәуекелдің деңгейін шын мәнінде төмендету құралы емес, ең алдымен банктік конгломераттар үшін қосымша кіріс көзі болып табылады. Автомобиль көлігін және мүлікті ерікті сақтандыру көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру полистерін кросс-сату есебінен ғана дамып отыр.

      Ерікті сақтандырудың қалған түрлеріне қатысты ерікті сақтандыру бойынша ұсынылатын қызметтердің шектеулілігін, сақтандыру өнімдерінің салыстырмалы жоғары құнын (статистиканың болмауына орай) немесе олардың сұраусыз қалуын, жекелеген сақтандыру ұйымдарының нарықтағы жеткіліксіз белсенділігін және әлеуетті сақтанушылардың сақтандыруға деген төмен қызығушылығын атаған жөн.

      Мемлекет елдегі жинақтаушы сақтандыру нарығын дамытуда неғұрлым мүдделі субъект болып табылады, себебі ол мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктердің тапшылығын өтейді. Жеке сақтандырудың ұзақ мерзімді түрлері (оның ішінде аннуитеттер) мемлекеттік төлемдердің мөлшеріне байланысты емес қосымша кіріс алуды, оның ішінде қартайғандығы және мүгедектігі бойынша кіріс алуды қамтамасыз етеді. Тиісінше, дамыған жеке сақтандыру нарығының болуы мемлекеттің азаматтарды қамтамасыз етуге жұмсайтын шығындарын азайта отырып, бюджеттің шығыс бөлігіне жүктемені азайтады.

      Қазіргі кезде зейнетақымен қамсыздандыру шеңберіндегі аннуитеттік сақтандыруды және қызметкерді жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыруды қоспағанда, өмірді ерікті жинақтаушы сақтандырудың халық кірісіндегі үлесі мейлінше мардымсыз күйінде қалып отыр. Сақтандыру сыйлықақыларының жан басына шаққанда қатынасы 2013 жылғы 1 қазанда 11 782,95 теңге (76,6 АҚШ доллары) болды, бұл Ресей Федерациясындағы осындай көрсеткіштерден – 149,79 АҚШ доллары – айтарлықтай төмен.

      "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры) негізгі міндеті сақтандыру ұйымы мәжбүрлеп таратылған жағдайда тұтынушыларға кепілдікті және өтемақы төлемдерін төлеу болып табылады. Тұтастай алғанда, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі сақтандыру нарығын тұтынушылардың негізгі сенім білдіру элементі болып табылады. Алайда кепілдік беру резервтерін жинақтау деңгейі ағымдағы сәтте төмен (сақтандыру резервтерінің 7 %-ы) болып табылады. Бақылауды күшейту және қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры акционерлерінің құрамына кіруі көзделген.

      Бағалы қағаздар нарығы. 2007 жылға дейін отандық бағалы қағаздар нарығының қалыптасуында жинақтаушы зейнетақы қорлары банктер мен инвестициялық қорлар сияқты басқа институционалдық инвесторлармен бірдей барынша белсенді рөл атқарды. 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы бағалы қағаздар нарығының одан әрі даму үрдісіне келеңсіз ықпал етті, оның нәтижесінде эмитенттер корпоративтік облигациялар шығарылымдары бойынша дефолтқа жол берді, инвесторлардың инвестициялық қорларға деген сенімі төмендеп, соның салдарынан олардың басым көпшілігі жабылды, бағалы қағаздар нарығындағы эмитенттердің жалпы саны төмендеді.

      Қазақстандық эмитенттердің корпоративтік бағалы қағаздарына деген сұраныс туғызған және қолдаған заңнамалық өзгерістер нәтижесінде жинақтаушы зейнетақы қорлары және зейнетақы активтерін басқарушылар түріндегі институционалдық инвесторлардың негізгі сыныбы инвестициялық белсенділігінің төмендеуі отандық қор нарығы өтімділігінің азаюына теріс ықпалын тигізді. Бұдан өзге эмитенттердің бағалы қағаздар нарығы арқылы акционерлік және (немесе) қарыз капиталын тарту мүмкіндігі мен басқа инвесторлар үшін инвестициялық мүмкіншіліктер тарылды, соның салдарынан "Қазақстан қор биржасы" акционерлік қоғамынан (бұдан әрі – Қазақстан қор биржасы) тұратын ішкі ұйымдастырылған нарық көлемі қысқарды.

      Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы көбінесе институционалдық инвесторларға бағдарланған, өйткені сауда-саттықтың жалпы көлемінде мемлекеттік бағалы қағаздармен мәмілелер және репо операциялары басым болып келеді. 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында жалпы көлемі 3 620,5 млрд. теңге болатын 187 шығарылым айналыста болды. 2012 жылы мемлекеттік бағалы қағаздарды бастапқы орналастыру кезінде қатысуға құқығы бар банктер, жинақтаушы зейнетақы қорлары және "өмірді сақтандыру" саласындағы қызметті жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдары түріндегі инвесторлар тобына шектеулердің енгізілуі осы қаржы құралдарымен сауда-саттық көлемінің қысқаруына әкеп соқтырды. Бұл шара мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы айла-шарғыны және жосықсыз практиканы болдырмауға бағытталды.

      Мемлекеттік емес облигациялардың, оның ішінде қор биржасындағы айналысқа жіберілгендерінің қолданыстағы шығарылымдарының саны мен көлемі қысқарды. Егер 2010 жылдың соңында жалпы көлемі 6 196 млрд. теңге болатын 388 шығарылым айналыста болса, 2014 жылғы 1 қаңтарда – 6 000,5 млрд. теңге сомаға 359 (оның ішінде қор биржасында – 250) шығарылым болды. Бұл ретте банктер 2013 жылы өздерінің орта мерзімді қарыз алу стратегиясы шеңберінде облигацияларды бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында белсенді орналастыруды жүзеге асырғандықтан, облигациялармен сауда-саттық көлемі 2010 жылдың соңындағы 270,4 млрд. теңгеден 2013 жылдың соңындағы 392,2 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.

      Қор биржасында айналыстағы акциялар шығарылымдарының саны 102-ні құраса, акциялардың қолданыстағы шығарылымдарының саны 2010 жылдың соңынан бері 11 шығарылымға ұлғайып, 2014 жылғы 1 қаңтарда 1 628 болды. Өз кезегінде, акциялармен сауда-саттық көлемі 2010 жылдың соңындағы 280,6 млрд. теңгеден 2013 жылдың соңындағы 117,5 млрд. теңгеге дейін елеулі түрде қысқарды.

      Қор биржасының ресми тізіміне енгізілген 102 акциялар шығарылымынан Қазақстан қор биржасының KASE өкілдік индексіне енгізілген 8 акциялар шығарылымымен ғана белсенді сауда-саттық жүзеге асырылады. Көрсетілген 8 акциялар шығарылымынан 5 акциялар шығарылымы ішкі нарықта да, сол сияқты бағалы қағаздардың сыртқы нарықтарында да айналыста. Осылайша, акциялардың осы санаты бойынша өтімділік пен баға белгілеу қазақстандық бағалы қағаздар нарығындағы ғана емес, сондай-ақ шетелдегі сауда-саттықпен қамтамасыз етіледі. Тиісінше, бағалы қағаздардың өтімділігін арттыру шаралары бағалы қағаздардың ішкі нарығындағы бағалы қағаздармен сауда-саттыққа қатысу үшін шетелдік инвесторларды тарту арқылы қамтамасыз етілуге тиіс.

      Инвестициялық пай қорларының қолданыстағы шығарылымдарының азаю үрдісі байқалады, олардың саны 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 99 (2010 жылдың соңында – 162) болды.

      Қазақстан қор биржасының ресми тізіміне енгізілген мемлекеттік емес бағалы қағаздардың нарығын жалпы капиталдандыру 2010 жылмен салыстырғанда 18,8 %-ға азайып, 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 9 779 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте акциялар нарығын капиталдандыру 2014 жылғы 1 қаңтарда 4 351 млрд. теңге (51,4 %-ға төмендеу) болды.

      Осылайша, отандық бағалы қағаздар нарығы қазіргі таңда сапалы қаржы құралдарының жетіспеуіне және тиісінше инвесторлардың бағалы қағаздар нарығы арқылы инвестициялар тартуға деген қызығушылығының болмауына негізделген төмен өтімділікпен сипатталады.

      Жалпы алғанда мемлекеттік бағалы қағаздар қаржы нарығын дамытуда осы нарықтың басқа субъектілері үшін "тәуекелсіз" бағдар ретінде болады. Қазіргі уақытта ішкі нарық нарыққа қатысушылардың саудаға қатысуының төмен белсенділігімен және соның салдарынан, қайталама нарықта, өз кезегінде, қаржы нарығының және жалпы ел экономикасының жай-күйінің ең маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылатын сенімді кірістілік ауытқымасының болмауымен қатар айналыстағы мемлекеттік бағалы қағаздардың шығарылымдары санының көп болуымен сипатталады.

      Қазіргі кезде эмитенттердің қаржыландыру құралдары ретінде көбінесе банк кредиттерін пайдаланатынына қарамастан, акцияларды бастапқы орналастыру барысында (бұдан әрі – IPO, initial public offering) акционерлік капитал тарту мысалдары қазақстандық бағалы қағаздар нарығы эмитенттерді өз акцияларын бастапқы орналастыру арқылы акционерлік капитал тартуға ынталандыру үшін қажетті және жеткілікті ресурстарға ие екенін көрсетеді.

      Осылайша, квазимемлекеттік ұйымдардың "Халықтық IPO" бағдарламасын іске асыру шеңберінде акционерлік капиталды табысты тарту мысалы бағалы қағаздар нарығына корпоративтік эмитенттерді тарту үшін айтарлықтай маңызды талап болып табылады.

      Соңғы бірнеше жылда бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымы елеулі түрде өзгерді. Бір компаниялардың басқаларына қосылу нысанында қайта ұйымдастыру жолымен ұсақ және орташа компаниялардың ірілену үрдісі байқалуда.

      Егер 2010 жылдың соңындағы жағдай бойынша банктер болып табылмайтын, брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың саны 52 болса, 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша олардың саны 24-ке дейін азайды, брокерлік компаниялардың активтері 4 есе қысқарды. Инвестициялық портфельді басқарушылар саны 39 компаниядан 27 компанияға дейін қысқарды, ал олардың активтері 30,1 %-ға азайды.

      Сонымен бірге, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар санының қысқаруы брокерлік компаниялар мен инвестициялық портфельді басқарушылар акционерлерінің бизнесті жабу және лицензияларын ерікті түрде қайтару жөніндегі шешімдеріне де, олардың қызметіне қатысты реттеуіш талаптардың өзгеруіне де байланысты болды. Мәселен, 2013 жылдан бастап реттеуші бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметтің лицензияланатын түрлерін жүзеге асыруды жоспарлайтын және жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталының ең аз мөлшеріне қойылатын талаптарды жоғарылатты, тәуекелдерді басқару жүйесіне және бағалы қағаздар нарығындағы қызметтің кәсіптік түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын бағдарламалық-техникалық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды күшейтті.

      Бұл шаралар бағалы қағаздар нарығында инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету, бағалы қағаздармен айла-шарғы жасау тәуекелдерін барынша азайту қажеттілігінен, қызмет көрсету сапасының артуынан туындады.

      Инвесторлардың операциялық тәуекелдерінің төмендеуіне және бағалы қағаздарға меншік құқығын қорғау деңгейінің артуына көбінесе республика аумағында бағалы қағаздар ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізуді жүзеге асыратын жалғыз ұйым болып табылатын Бағалы қағаздардың бірыңғай тіркеушісін құру, сондай-ақ қор биржасына қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг ұйымының функцияларын беру негіз болды.

      Қазіргі кезде биржадағы листинг құрылымы қор биржасында саудаланатын қаржы құралдарына қатысты сапалы сипаттамаларды айқындау қағидаты бойынша және рейтингілік агенттіктердің эмитенттерді бағалау құрылымына қатысты тәсілдеріне ұқсас жасалған. Мәселен, неғұрлым сенімді қаржы құралдары және олардың эмитенттері акциялар мен борыштық бағалы қағаздар тізімдерінің ең жоғары санаттарына енгізіледі, ал сапасы төмендеу қаржы құралдары және олардың эмитенттері ең жоғары санаттардан кейінгі санаттарға енгізіледі.

      Жинақтаушы зейнетақы қорларының кетуіне байланысты қор биржасындағы листингінің мұндай құрылымы қажет болмайды, осыған байланысты эмитенттерді бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығына тарту мақсатында оны оңайлатқан және эмитенттер үшін ыңғайлы еткен жөн. Листинг құрылымын оңтайландыру және ақпараттық листингіні енгізу инвесторларды эмитенттердің бағалы қағаздарына инвестициялау кезінде өздерінің әлеуетті тәуекелдерін дербес бағалауға барынша ынталандыратын болады.

      Бүгінгі күні сауда-саттықты, клирингті және бағалы қағаздармен есеп айырысуларды жүзеге асырудың қолданыстағы жүйесі қысқа сатулар мен маржалық мәмілелерді жүзеге асыруға тыйым салумен қатар мәмілелердің қандай да бір тараптарының дефолт (міндеттемелерді орындамау) ықтималдығын болдырмайды.

      Бір жағынан мұндай жүйе дағдарыс кезеңдерінде сауда-саттыққа қатысушылардың дефолт тәуекелдерін азайтуды қамтамасыз етеді, екінші жағынан ол экономиканың өсу кезеңдерінде бағалы қағаздар нарығы өтімділігінің және сауда-саттық көлемдерінің артуына кедергі жасайды, сондай-ақ әр түрлі сағаттық белдеу болғандықтан, сауда-саттыққа қатысу үшін бағалы қағаздарды немесе ақшаны уақтылы жеткізуді қамтамасыз ете алмайтын шетелдік инвесторлар үшін өте ыңғайсыз болып табылады.

      Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы. Жаһандық қаржы орталықтарының индексіне (The Global Financial Centres Index 15 (бұдан әрі – GFCI))1 сәйкес Алматы қаласы 83 халықаралық қаржы орталықтарының ресми тізімінде 58-позицияны иеленді және азиялық қаржы орталықтарының арасында 13-орын алды. Бұл ретте АӨҚО Варшава, Манила, Мәскеу сияқты қаржы орталықтарынан басым түсті.

      ________

      GFCI рейтингісі Z/YenGroupLimited компаниясы әзірлеген халықаралық қаржы орталықтарын рейтингілік бағалаудың мамандандандырылған әдіснамасы болып табылады.

Ғаламдық қаржы орталықтарының 2014 жылғы индексі



      __________

      Дереккөзі: Z/Yen Group Limited

      Сонымен қатар, АӨҚО-ның даму белсенділігі жеткіліксіз, бұл:

      1) төмен өтімділікпен сипатталатын отандық қор нарығының бәсекеге қабілеттілігінің төмен деңгейіне (сапалы қаржы құралдарының жетіспеуі және инвестицияларды бағалы қағаздар нарығы арқылы тартуда инвесторлардың мүдделі болмауы);

      2) нарықта либералды талаптардың жеткілікті болмауына (реттеудің тиімді жүйесі, заңнаманың икемді жүйесі, тиімді құқықтық және сот жүйелері, шетелдік ойыншыларды тартуға бағытталған ынталандырушы шаралардың болуы);

      3) қаржы жүйесіне қатысушы субъектілердің экономикалық ресурстарын барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін институционалдық және экономикалық талаптардың кешенді ортасының болмауына байланысты.

      Соның салдарынан, АӨҚО-да анық бәсекелестік артықшылықтардың болмауы оған жұмыс істеу үшін ең жақсы қолайлы жағдайлары бар қаржылық көрсетілетін қызметтердің кең аясын ұсынатын әлемдік қаржы орталықтарымен бір қатарда бәсекелес болуға мүмкіндік бермейді.

      Исламдық қаржыландыру. Қазіргі уақытта ислам банктерінің және исламдық қаржыландыру ұйымдарының жұмыс істеуі (исламдық инвестициялық қорлардың қызметі, исламдық бағалы қағаздар шығару) үшін құқықтық негіз құрылды, таяудағы уақытта исламдық сақтандыру және лизингтік қаржы институттарының қызметін реттейтін заң қабылданатын болады.

      Қазақстан Республикасында "Al Hilal" ислам банкі жұмыс істейді, оның активтерінің көлемі Қазақстан Республикасындағы банк секторы активтері жалпы көлемінің 0,09 %-ын құрайды. Сонымен қатар, "Такафул" өзара сақтандыру қоғамы" тұтыну кооперативі – исламдық сақтандыру компаниясы және "Kazakhstan Ijara Company" исламдық лизинг компаниясы қызметтерін жүзеге асыруда. "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қазақстанның Даму Банкі) "Сукук "аль-Мурабаха" исламдық облигацияларын шығаруды жүзеге асырды.

      Сондай-ақ исламдық қаржы құралдарын қаржы нарығына енгізуге орай исламдық банкингтің Қазақстан Республикасында жұмыс істеуін және исламдық қаржыландыру қағидаттарын айтарлықтай шектейтін бірқатар проблемалар анықталды. Мәселен, жалпы және ерекше сипаттағы проблемалар бар. Исламдық қаржыландыру саласындағы жалпы проблемаларға: исламдық өнімдермен жұмыс істеу тәжірибесі бар білікті кадрлардың болмауын; төмен қаржылық сауаттылықты және исламдық қаржы саласындағы халықтың және бизнестің аз хабардар болуын, исламдық қаржыландыру қағидаттарын сақтамауды жатқызуға болады. Ерекше проблемалардың арасында исламдық қаржыландыру нормаларын Қазақстан Республикасының заңнамалық қағидаттарына сәйкес бейімдеудің күрделілігін атап өткен жөн. Қазақстан Республикасында іске асырылған құқықтың континенттік үлгісі нақты өнімге заң деңгейінде толық сипаттауды болжайды, бұл елде исламдық қаржыландыру құралдарын енгізуді қиындатып, мерзімін ұзартады. Сондай-ақ ерекше проблемаларға исламдық қаржыландыру мәмілелерін бухгалтерлік есепке алу мәселелерін, исламдық қаржы ұйымдарына пруденциялық талаптарды және салық заңнамасында исламдық қаржылық қызметтердің реттелмеуін жатқызуға болады.

2. Қаржы нарығының және қаржы ұйымдарының сыртқы бәсекеге қабілеттілігі

      Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік. 2013 – 2014 жылдардағы Дүниежүзілік экономикалық форумның Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік туралы есебіне сәйкес "қаржы нарығының дамуы" факторы бойынша Қазақстан Республикасы 148 елдің ішінен 103-орынды иеленді. Ең нашар көрсеткіштер "банктердің орнықтылығы" (100-орын), "жергілікті қор нарығы арқылы қаржыландыру" (100-орын), "заңды құқықтар индексі" (101-орын) көрсеткіштері бойынша байқалады. Соған қарамастан, өткен есеппен салыстырғанда Қазақстан Республикасы көрсеткіштердің көпшілігі бойынша нәтижелерін жақсарта отырып, 115-орыннан көтерілді.

      ЕЭК-тің басқа елдерімен салыстырғанда Қазақстан Республикасы іс жүзінде салыстырмалы нәтижелерді көрсетіп отыр. Ресей Федерациясы 2012 – 2013 жылдардағы рейтингіде 121-орынды (Беларусь Республикасы Дүниежүзілік экономикалық форумда бағаланбайды) алды.

      Дүниежүзілік экономикалық форумның 2013 – 2014 жылдардағы Ғаламдық бәсекеге қабілеттілігі индексінің "қаржы нарығының дамуы" факторы



      __________

      Дереккөзі: Дүниежүзілік экономикалық форум, Global Competitiveness Report

      Халықаралық менеджментті дамыту институтының (Institute of Management Development) ғаламдық бәсекеге қабілеттілік рейтингісіне сәйкес бағаланатын 60 елдің ішінен Қазақстан Республикасы "қаржы" қосалқы факторы бойынша 49-орынға ие болды.

      2013 – 2014 жылдардағы Халықаралық менеджментті дамыту институтының Ғаламдық бәсекеге қабілеттілігі индексінің "қаржы" көрсеткіші



      __________

      Дереккөзі: Халықаралық менеджментті дамыту институты (IMD), World Competitiveness Yearbook

      ЕЭК ауқымындағы қаржы секторының үлесі. Еуразиялық экономикалық одақтың үш елінің банк жүйесі активтерінің жалпы көлемінде 2013 жылдың соңында қазақстандық банктердің активтерінің үлесі абсолюттік көріністе 5,3 %, ал Ресей банктерінің үлесі – 92,5 %, беларусь банктерінің үлесі – 2,2 % болды. Осы көрсеткіш бойынша алғашқы жиырмалыққа кіретін Ресей банкінің таза активтерінің орташа мөлшері баламасында 61,7 млрд. АҚШ долларын, оның ішінде мемлекеттің толық немесе басымдықпен қатысуы бар ірі банктердің бірінші алтылығы бойынша – 160,3 млрд. АҚШ долларын құрады. Ресейдің аса ірі банкі – "Сбербанк России" ашық акционерлік қоғамының активтері 511 млрд. АҚШ доллары, көлемі бойынша 6-шы банк – "Банк Москвы" ашық акционерлік қоғамының активтері 56 млрд. АҚШ доллары болып бағаланды.

      Аса ірі қазақстандық банктердің алғашқы бестігі активтерінің орташа мөлшері 2013 жылдың соңында 11,2 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл ретте аса ірі банк – "Қазкоммерцбанк" акционерлік қоғамының активтері 16,2 млрд. АҚШ долларына барабар.

      Аса ірі Беларусь банктері активтерінің орташа мөлшері орташа алғанда алғашқы бестік банктер бойынша Ресей, сол сияқты Қазақстан банктеріне қарағанда 6,6 млрд. АҚШ долларына тең болғанына қарамастан, аса ірі банк – "АСБ Беларусбанк" ашық акционерлік қоғамының2 активтері 16,9 млрд. АҚШ доллары болып бағаланды.

      __________

      99%-ы мемлекеттің меншігі

      БЭК-ке қатысушы елдердің банк секторының мөлшерлерін салыстыру



      __________

      Дереккөздері:

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитеті

      2. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі

      3. Беларусь Республикасының Ұлттық Банкі

      4. Ресей Федерациясының Орталық Банкі

      5. Мемлекеттік статистиканың федералдық қызметі

      6. www.banki.ru

      Есептер: Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі

      БЭК елдерінің активтер бойынша аса ірі 50 банктерінің қатарында Қазақстан Республикасы 8 банк, Беларусь Республикасы – 2 банк бойынша көрсетілген.





      __________

      Дереккөздері:

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитеті

      2. Беларусь Республикасының Ұлттық Банкі

      3. www.banki.ru

      Есептер: Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі

      БЭК шеңберіндегі ықпалдасу процестері Ресей Федерациясының, Беларусь Республикасының және Қазақстан Республикасының сақтандыру нарықтарының сандық және сапалық көрсеткіштерін бағалауды талап

      етеді. БЭК елдері нарықтарының көлеміндегі айырмашылық, егер

      заңнаманы үйлестіру процесі ұлттық сақтандыру нарықтарының

      бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталса, ықпалдасу үшін кедергі болмайды.

      БЭК елдерінің алынған сақтандыру сыйлықақылар бойынша сақтандыру нарығының елдік құрылымы іс жүзінде банк секторы активтерінің тиісті құрылымына ұқсас. 2013 жылы қазақстандық сақтандыру нарығының үлесі 5,9 %-ға дейін (2012 жылы – 5,6 %-ға) ұлғайды. Сондай-ақ Беларусь сақтандыру нарығының үлесі 1,6 %-дан 2,4 %-ға дейін өсті, ал Ресей сақтандыру нарығының үлесі 92,5 %-дан 91,7 %-ға дейін қысқарды.

      Оған қоса, Ресей Федерациясының сақтандыру компаниялары БЭК-тің кеңістігінде аса ірі компаниялар болып қалуда. Мәселен, Ресейдің бір сақтандыру компаниясына есептегенде алынған сыйлықақылардың мөлшері 2012 жылы 75 млн. АҚШ доллары болып бағаланды, ал осы көрсеткіш бойынша алғашқы жиырмалыққа кіретін компаниялар бойынша – 1 015 млн. АҚШ доллары болды. Бұл ретте, банк секторына қарағанда Ресей сақтандыру нарығында бәсекелестерін бірнеше есе басып озатын ойыншы жоқ, ал аса ірі сақтандыру компаниясы 100 % жеке акционерлерге тиесілі.

      Қазақстандық бір сақтандыру компаниясына есептегенде алынған сыйлықақылардың мөлшері 2012 жылы 54 млн. АҚШ доллары болып бағаланды. Бұл ретте аса ірі сақтандырушы – "Kaspi Сақтандыру" акционерлік қоғамның сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 286,5 млн. АҚШ долларына барабар. Қазақстан Республикасының "бірінші ондықтағы" сақтандыру ұйымдары арасындағы алшақтық елеулі еместігін атаған жөн – айырма 4,6 еседен аспайды.

      Беларусь Республикасының сақтандыру қызметтерінің нарығы бір ірі ойыншы – Белгосстрахпен3 (2013 жылы 343 млн. АҚШ доллары сақтандыру сыйлықақылары түрінде, бұл Беларусь нарығының жалпы көлемінің 47 %-ына жуығын құрайды) көрсетілген, ал қалған сақтандыру компанияларының мөлшері елеулі емес. Сондай-ақ Беларусьте шетелдік қайта сақтандыру компанияларына қайта сақтандыруға берілген тәуекелдердің үлесін азайтуға ықпал ете отырып, жергілікті сақтандыру ұйымдарының өзіндік ұстап қалуы жеткіліксіз болған кезде Беларусь тәуекелдерінің қайта сақтандырылуын қамтамасыз ететін "Беларусь ұлттық қайта сақтандыру ұйымы" республикалық унитарлық кәсіпорны жұмыс істейді.

      _________

      3 Беларусь республикалық унитарлық сақтандыру кәсіпорны

      БЭК-ке мүше елдердің сақтандыру секторының мөлшерін салыстыру

      Сақтандыру ұйымдарының активтері, млн. АҚШ доллары




Ресей Федерациясы

Қазақстан Республикасы

Беларусь Республикасы

Барлығы БЭК бойынша

2009

29 093

2 004

1 012

32 109

2010

30 748

2 328

1 072

34 148

2011

32 100

2 612

613

35 325

2012

36 773

2 937

1 672

41 382


      Сақтандыру ұйымдарының капиталы, млн. АҚШ доллары




Ресей Федерациясы

Қазақстан Республикасы

Беларусь Республикасы

Барлығы БЭК бойынша

2009

8 441

1 217

653

10 311

2010

8 561

1 416

660

10 637

2011

9 169

1 558

324

11 051

2012

10 272

1 590

1 267

13 129


      Сақтандыру төлемдері, млн. АҚШ доллары




Ресей Федерациясы

Қазақстан Республикасы

Беларусь Республикасы

Барлығы БЭК бойынша

2009

9 033

187

221

9 441

2010

9 830

171

268

10 269

2011

9 529

291

160

9 980

2012

12 195

451

241

12 887




      __________

      Дереккөздері:

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитеті

      2. Беларусь Республикасының Қаржы министрлігі

      3. Ресей Федерациясының Қаржы нарықтары жөніндегі федералдық қызметі

      Есептер: Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі

      Алынған сақтандыру сыйлықақылары бойынша БЭК елдерінің 50 аса ірі сақтандыру ұйымдарының ішінде Қазақстан Республикасының 7 ұйымы, Беларусь Республикасының – 1 ұйымы бар.



      __________

      Дереккөздері:

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитеті

      2. Беларусь Республикасының Қаржы министрлігі

      3. Ресей Федерациясының Қаржы нарықтары жөніндегі федералдық қызметі

      Есептер: Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі

      2013 жылдың соңында Қазақстан қор биржасының, сондай-ақ Ресей қор биржасы – "Мәскеу биржасы" ашық акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Мәскеу биржасы) капиталдануы салыстырмалы болды және тиісті елдердің ЖІӨ көлемінің шамамен үштен бір бөлігін құрады. Бұл ретте соңғы үш жылда осы көрсеткіштің абсолюттік және салыстырмалы (ЖІӨ-ге қатысты) көрсеткіштері бойынша 2006 – 2007 жылдарда қол жеткізген ең жоғары көрсеткішке қарағанда, төмендеу үрдісі байқалады, бұл көбінесе осы қор биржаларының өкілдік индекстеріне кіретін акциялар құнының төмендеуіне байланысты болды.

      Мәселен, 2013 жылы Қазақстан қор биржасында қолданыстағы акциялар шығарылымы бар акционерлік қоғамдардың жалпы саны 2009 жылмен салыстырғанда 9 %-ға өсті. Сонымен бірге, ресейлік акциялар нарығында жоспарланған акциялар орналастырудың елеулі бөлігі кейінге қалдырылды. Ресейлік, сол сияқты қазақстандық бағалы қағаздар нарығында да биржалық сауда-саттық айналымының азаюы байқалады.

      БЭК-ке қатысушы елдердің қор нарығының мөлшерін салыстыру



      __________

      Дереккөздері:

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитеті

      2. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі

      3. Ресей Федерациясының Орталық Банкі

      4. Мемлекеттік статистиканың федералдық қызметі

      Есептер: Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі



      __________

      Дереккөздері:

      1. Қазақстан қор биржасы

      2. Мәскеу биржасы

      Ресей мен Қазақстанның қор нарықтары "дамушы" санатына, оның ішінде экономиканың шикізатқа бағытталуынан осы санатқа жататындығын (мұнай, газ, металлургия және атом өнеркәсібі) ескере отырып, Қазақстан қор биржасы индексінің серпіні іс жүзінде толығымен Мәскеу биржасы индексінің серпінін қайталайды.

      Сонымен қоса, Қазақстан мен Ресейдің қор биржаларының мүшелері, саудаланатын құралдары мен эмитенттері санының көрсеткіштерін Ресей Федерациясы экономикасының ауқымдылығына қарай салыстыруға келмейді.

      Мәселен, Мәскеу биржасындағы сауда-саттыққа қатысушылардың саны Қазақстан қор биржасындағы қатысушылардың санынан – 13 есе, құралдардың санынан – 3 есе, эмитенттердің санынан 5 есе артық.


      _________

      Дереккөздері:

      1. Қазақстан қор биржасы

      2. Мәскеу биржасы

      Қор биржаларында саудаланатын бағалы қағаздардың саны (бағалы

      қағаздар/эмитенттер)

Бағалы қағаздың түрі

Қазақстан қор биржасы

Мәскеу биржасы

құралдардың саны

эмитенттердің саны

құралдардың саны

эмитенттердің саны

Акциялар

107

85

335

272

Корпоративтік облигациялар

247

75

965

415

Мемлекеттік бағалы қағаздар

196

3

167

46

Өзге де құралдар

3

1

424

136

Жиыны

553

133

1891

869


      __________

      Дереккөздері:

      1. Қазақстан қор биржасы

      2. Мәскеу биржасы

      Бүгінгі күні Мәскеу биржасының қаржы құралдарының және эмитенттерінің саны бойынша артықшылығы, бірінші кезекте, Ресей Федерациясының ауқымына, оның экономикасының көлеміне, халқының санына және аумағының мөлшеріне негізделген, екінші кезекте, тарихи алғышарттарға, атап айтқанда, Ресей Федерациясында мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру қор биржасы арқылы жүзеге асырылғанына негізделген. Осының нәтижесінде Ресейдің бағалы қағаздар нарығында инвестициялау үшін неғұрлым ауқымды мүмкіндіктер бар.

      Өз кезегінде, "Бизнесті жүргізу" атты жыл сайынғы баяндаманың шегінде Дүниежүзілік Банктің және Халықаралық қаржы корпорациясының "инвесторларды қорғау" индикаторы бойынша Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының позицияларын бағалау Қазақстанда инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың барынша жоғары деңгейін қоса алғанда, инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалған деп пайымдауға мүмкіндік береді.

      Дүниежүзілік Банктің және Халықаралық қаржы корпорациясының 2014 жылға арналған жыл сайынғы "Doing Business" рейтингісі Қазақстан Республикасының "инвесторларды қорғау" көрсеткіші бойынша 22 орынды, ал Ресей Федерациясы 115 орынды иеленгенін көрсетті.

"Инвесторларды қорғау" индикаторының негізгі параметрлерін
салыстыру

Параметрлер

Қазақстан Республикасы

Ресей Федерациясы

Ашықтық индексі (акционерлік компаниялар қызметінің айқындылығы)

7

6

Директордың жауапкершілігі индексі (акционерлік компанияның директорлар кеңесі мүшелерінің жауапкершілігі)

6

2

Акционерлердің талап-арыз беру мүмкіндігінің индексі

7

6

Инвесторлардың мүдделерін қорғау индексі

6,7

4,7

3. Қазақстан Республикасы қаржы нарығының жұмыс істеуі үшін
сын-қатерлер

      1. Қаржы секторындағы ағымдағы проблемаларды шешудің созылып кетуі. Қаржы жүйесінің даму серпіні кредиттік портфель сапасының төмен болу проблемасына тәуелді болып табылады, сақтандыру қызметтері секторының дамымағанымен, сондай-ақ банктердің кредиттік белсенділігін қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді ресурстардың тапшылығы мен институционалдық инвесторлар үшін ішкі нарықтағы шектеулі мүмкіндіктер арасындағы қайшылықпен айқындалады. Проблемаларды консервациялау немесе оларды шешу мәселесін созу шетелдік қаржы институттарының бәсекелестік қаржылық және ұйымдық-техникалық артықшылықтарына қарай отандық қаржы нарығынан қазақстандық қатысушыларды ығыстыру тәуекелін арттырады, сондай-ақ қазақстандық банктердің шектес елдердің нарықтарында да бизнесті қолдау және кеңейту бойынша мүмкіндіктерін шектейді.

      2. Халықаралық бастамалардың шеңберінде қаржы институттарының орнықтылығына қойылатын талаптарды жоғарылату. 2020 жылға қарай Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі капиталдың құрылымы мен жеткіліктілігіне, өтімділікке, левереджге Қазақстан нарығының ерекшелігі және ішкі әрі сыртқы бәсекеге қабілеттілігі ескерілген тәуекел деңгейіне барабар талаптар қояды. Отандық қаржы институттарының орнықтылығын арттыру жоғары дара тәуекелдерге, сондай-ақ Қазақстан экономикасы дамуының циклдік сипатымен байланысты құрылымдық тәуекелдерге осалдығын төмендету үшін қажет. Қаржы институттарына жаңа талаптарға сәйкес келу үшін шығындарының тиімділігін арттыру, алынатын кірістерін қосымша резервтерді қалыптастыруға, кредиттік мүмкіндіктерді арттыруға және бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етуге шоғырландыру талап етіледі.

      3. Көрсетілетін қаржылық қызметтерді интернационалдандыру. Қазақстан Республикасының шамамен 2020 жылы аяқталатын ДСҰ-ға кіруінен кейін және БЭК шеңберінде қаржы нарықтарын ашқаннан кейін өтпелі кезеңнің аяқталуы бойынша шетелдік банктер мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары ең төменгі талаптарға сәйкес келген жағдайда Қазақстан Республикасының аумағында ешбір кедергісіз өздерінің филиалдарын аша алады.

      Осы процесс шеңберінде Қазақстан нарығында Ресей Федерациясының, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының, Америка Құрама Штаттарының, Еуропалық Одақ елдері банктерінің филиалдары, сақтандыру компаниялары және бағалы қағаздар нарығына қатысушылары көрсететін қаржылық қызметтер көлемдерінің өсуін күтуге болады. Ерекше тәуекел тәуелсіздік жылдары ішінде кең дамымаған, атап айтқанда бағалы қағаздар нарығы, сақтандыру нарығы (әсіресе өмірді сақтандыру, сондай-ақ ірі тәуекелдерді сақтандыру) сегменттеріне тән. Сонымен қатар, бұл тәуекел қаржылық көрсетілетін қызметтерді шетелден тікелей көрсету мүмкіндігінің туындауымен күшейтілуі ықтимал, бұл банк өнімдері бойынша да, сол сияқты ұзақ мерзімді сақтандыру тетіктері арқылы да "ұзын" ақшаның әкетілуіне алып келуі мүмкін.

      4. Қаржы нарығының инфрақұрылымын немесе оның бір бөлігін жоғалту. Бағалы қағаздар нарығының төмен өтімділігі, бөлшектенуі проблемасының сақталу ықтималдығы жоғары. Оқиғалар дамуының келеңсіз сценарийі барынша ырықты листингтік талаптар және ауқымды инвесторлық база болғандықтан отандық эмитенттердің БЭК-ке қатысушы елдердің сауда алаңдарына, Лондон немесе Азия қор биржаларына кетуін болжайды. Өз кезегінде, эмитенттердің болмауы отандық бағалы қағаздар нарығы инфрақұрылымының жұмыс істеуіне келеңсіз ықпалын тигізеді.

      Сонымен қатар, "Халықтық IPO" бағдарламасын іске асыруды жалғастыру және эмитенттер мен инвесторлар үшін бағалы қағаздар нарығына шығуға ынталандыру жасау арқылы отандық бағалы қағаздар нарығын дамыту саласында мемлекеттің белсенді қолдауы болған кезде келеңсіз сценарийге жол бермеуге болады. Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығы Орта Азия өңірінде қаржы құралдарының сауда орталығы ретінде сақталуы мүмкін. Бұл үшін отандық қор биржасының сауда жүйесін, клирингті және есеп айырысуларды жаңғыртуды және жетілдіруді қамтамасыз ете отырып отандық қор биржасын сақтау қажет, бұл, өз кезегінде, шетелдік инвесторлардың қаржы құралдарымен сауда-саттыққа қатысуына, сондай-ақ қор биржасына қазақстандық, сол сияқты өңірлік жаңа эмитенттерді олардың акцияларын бастапқы орналастыру үшін тұрақты түрде тартуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

      Республика аумағында дербес сауда алаңын сақтау бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының класын (брокерлерді және инвестициялық портфельді басқарушыларды) қоса алғанда, отандық бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын сақтауға мүмкіндік береді.

      Қаржы орталығын құру бүкіл қаржы жүйесінің реформасын білдіретін болады. Бұл реформаның бағалы қағаздар нарығын ғана емес, қаржы нарығының барлық секторын қамтуы аса маңызды.

      5. Қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және реттеу асимметриясы. Қазақстан қаржы нарығында шетелдік қаржы ұйымдары ұсынатын қызмет көлемдерінің кеңеюі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің тарапынан олардың тұтынушыларының мүдделерін қорғау жөніндегі мүмкіндіктерін төмендетуге әкеледі. Бір жағынан, шетелдік қаржы ұйымдары филиалдарының қызметі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бақылау аясына тікелей тап болмайды. Екінші жағынан, шетелдік қаржы ұйымдары өздерімен бірге тиісті реттеу тәжірибесі, сондай-ақ отандық заңды тұлғалардың және халықтың жаңа көрсетілетін қызметтерді тұтынуға дайындығы және мәдениеті жоқ күрделі қаржы өнімдерін әкеліп, енгізулері мүмкін.

      Осы жағдайларда, қаржы нарығының субъектілерін теңбе-тең реттеуді жүзеге асыру мәселесі шешім табуды талап етеді, атап айтқанда, шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдарына барынша симметриялық және Қазақстанның қаржы ұйымдарына қатысты талаптардан да кем емес қатаң талаптарды қолдану. Бұл қаржы ұйымдары қызметін реттеуші ретінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тарапынан бақылау және қадағалау мақсаты үшін де, сол сияқты ақша төлемдері мен аударымдары, валюталық реттеу, заңсыз жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл бойынша, сондай-ақ салымдарға кепілдік беру бөлігінде қолданыстағы заңнаманың нормаларын сақтау мақсаты үшін де маңызды.

      6. Макроэкономикалық теңгерімсіздіктер. Жаһандану процестерін күшейту әлемдік нарықтың ғана емес, әрбір жеке ел нарығының осалдық дәрежесін арттырады. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының саудадағы негізгі әріптес елдерінің тең дамымауы, олардың экономикалық дамуына түрлі күйзелістердің ықпалына бейім болуы күйзелістің жиілігі және еліміз үшін экономикалық циклдердің ұзақтығын қысқарту ықтималдығын арттырады.

      7. Ұзақ мерзімді жоспарда қаржылық қызметтерді көрсету саласында ақпараттық технологиялардың дамуымен байланысты жаңа сын-қатерлер туындауда. Интеграцияланған индустрияаралық және ұтқыр бағыттағы экожүйелер, сондай-ақ тікелей әсер ету модельдері жоғары қарқынмен дамуда, бұл қызметтерді көрсету қатарынан банк ұйымдарын алып тастауға мүмкіндік береді. Технологиялық компанияларда қызметтерді көрсету барысында жинақталған іс-әрекет және әлеуметтік деректердің өте көп көлемде екендігін ерекше атап өту қажет, бұл оларға қаржылық көрсетілетін қызметтер нарығына неғұрлым ұтқыр, икемді және дербестендірілген ұсыныстармен шығуларына мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік дерекқорлардан ақпаратты тиімді пайдалану да жаңа өнімдер мен қаржылық қызметтерді көрсетудің жаңа тәсілдерін дамытуға бастайды.

      Тиісінше, көрсетілетін қызметтер мен өнімдердің қолжетімділік деңгейін көтеру, олардың көрсетілу тиімділігін арттыру үшін қажетті техникалық архитектура құрып, жетілдіру бөлігінде мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігері қажет.

4. Қазақстан Республикасының қаржы секторын 2030 жылға дейін
дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері
1. Қаржы секторын дамытудың басымдықтары

      Қаржы секторын дамытудың негізгі басымдықтары мыналар болып табылады:

      1) үздік халықаралық стандарттарға сәйкес келу қағидаттарына сәйкес одан әрі дамыту және халықаралық ықпалдасу (атап айтқанда, ЭЫДҰ елдері);

      2) банк секторын шоғырландыру, капиталдандыруды ұлғайту және оның қаржылық мүмкіндіктерін өсіру;

      3) мемлекеттік қаржылай қолдаудың және тәуекелдер көлемін қадағалау процесі қарқындылығының негізділігі;

      4) қорландыру қорының орнықтылығын және жүйелік өтімділікті басқару тиімділігін қорландыруды валюталар, мерзімдер, қор көздері (бөлшек, көтерме, капитал) бойынша әртараптандыру, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ақша нарығына тұрақты қатысуы, банкаралық нарықтың дамуын ынталандыру есебінен арттыру;

      5) қаржы нарығының субъектілерін реттеуде және қадағалауда тәуекелдерге бағдарлану;

      6) жаңа өнімдерді икемді енгізуге бағытталған ынталдандыру жүйесін қалыптастыру, қауіпсіздігі жеткілікті деңгейдегі технологияларды дамыту және қаржы ұйымдарының капиталын және ағымдағы проблемаларды шешуге мүмкіндік беріп қана қоймай, жағымсыз ахуалдың қайталануына жол бермеу үшін жағдайларды қамтамасыз ететін реттеуші ортаны тиімді басқару;

      7) "Халықтық ІРО" және мемлекеттік активтерді жекешелендіру шеңберінде қор нарығындағы қаржы құралдарының ұсынысын ұлғайтудағы мемлекеттің белсенді рөлі;

      8) халықты және экономиканың субъектілерін қаржылық көрсетілетін қызметтермен қамтуды кеңейту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру;

      9) бағалы қағаздар нарығындағы прагматикалық реттеушілік қолдампаздықты листингтік талаптар мен қол жеткізу рәсімдерін ырықтандырумен үйлестіру;

      10) білікті инвесторлар үшін инвестициялық операциялар мен тәуекелдерді басқаруға және капиталдың жеткіліктілігіне қойылатын талаптардың күшеюімен байланысты тәуекелдерді қабылдау жөніндегі реттеушілік мүмкіндіктерін кеңейту;

      11) жеке қаржы ұйымдарымен бәсекелеспейтін даму институтары арқылы мемлекеттің қаржы жүйесіне тікелей қатысуының шектелуі;

      12) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі шешімдерді қабылдау бөлігінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің институционалдық құрылымының дербестігін және тәуелсіздігін арттыру;

      13) нарық тәртібін көтеру;

      14) ішкі және сыртқы инвесторлардың капиталға салымдары үшін қаржы нарығының инвестициялық тартымдылығын арттыру;

      15) отандық капитал басымдығымен қаржы жүйесін сақтау.

2. 1-міндет: әлеуетті күйзелістер туындаған жағдайда қоғам мен
мемлекеттің қаржы жүйесінің орнықтылығына қолдау көрсетуге
шығасыларын азайту

      Банк жүйесінің орнықтылығын арттыру.

      1. Халықаралық Базель II және III стандарттарын енгізу арқылы күйзелістерді тиімді сіңіру жүйесін қалыптастыру.

      Бұл міндетті іске асыру Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің (бұдан әрі – БҚБК) капиталдың жеткіліктілігі, өтімділіктің және қаржы левереджінің көрсеткіштері, сондай-ақ тәуекелдерді басқару бөлігіндегі ұсынымдарын кезең-кезеңімен енгізу арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте, банк қызметін реттеудің халықаралық стандарттарын енгізу ұлттық мүдде мен ерекшеліктер ескеріле отырып, сондай-ақ мынадай қағидаттарға сәйкес жүзеге асырылатын болады:

      1) банк жүйесінің және әрбір банктің капитал жеткіліктілігінің тәуекел деңгейіне барабарлығы;

      2) банктердің жаңа талаптарды орындау мүмкіндіктерін ескере отырып, қосымша капиталды талап етілетін деңгейге дейін құру жөніндегі жүктемені уақыт бойынша оңтайлы бөлу;

      3) капитал жеткіліктілігі жөніндегі ең төменгі мақсатты нормативтерді Қазақстан Республикасы банктерінің басқа жүйелер мен реттеу режимдеріне қатысты бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін деңгейлерде белгілеу;

      4) банктердегі капитал жеткіліктілігін ішкі бағалаудың және тәуекелдерді бағалаудың ішкі үлгілерінің жүйелерін енгізе отырып, капиталдандыру жөніндегі талаптарды енгізу кезіндегі келісілген тәсіл.

      Басты назар экономика мен қаржы секторының циклдік өрлеу кезеңдерінде қосымша резервтерді жинақтауды және экономикалық белсенділікке қолдау көрсету мақсатында оларды бәсеңдеу және құлдырау кезеңдерінде пайдалануды көздейтін контрциклдік реттеу дәрежесін күшейтуге аударылатын болады. Жаңа редакцияда әзірленіп жатқан № 9 халықаралық қаржылық есептілік стандарты отандық банк жүйесінің даму ерекшеліктері ескеріле отырып зерделеніп, енгізілетін болады.

      Базель ІІІ жаңа стандарттарын енгізу шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі капитал жеткіліктілігінің және оның буферлерінің оңтайлы ең төменгі мәндерін (консервациялық, контрциклдік және жүйе құраушы банктер үшін жеке) айқындайтын болады. Бұл ретте, қазақстандық банктер тәуекелдерінің ерекшелігіне сәйкес келетін ең төменгі мәндер қолданыстағы ең төменгі нормативтерден біраз жоғары деңгейде болады деп күтіледі. Капитал жеткіліктілігі бойынша жаңа талаптарды және капиталдың буферлерін (контрциклдік буферді қоспағанда) біртіндеп енгізу 2015 жылы басталады және оны көптеген елдермен қатар және БҚБК ұсынған мерзімде 2018 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Экономиканың белсенді өсу сатысының кезеңінде қызып кетуіне жол бермеуге және банктердің қаржылық жай-күйінің дағдарыс алдындағы кезеңде нығаюына жәрдемдесуге арналған контрциклдік буферді енгізу мәселесі цикл сатысына байланысты шешіледі. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағалауынша, контрциклдік буферді 2016 жылдан бұрын ендірудің қажеттілігі жоқ.

      Қазақстандық банктерді Базель III стандарттарына көшу процесінің аяқталу кезеңіне қарай аса жоғары капиталдандыру депозиторлардың сенімін көбірек туындатып, инвесторлар мен рейтингілік агенттіктерді бағалау кезінде оң фактор болады және, тиісінше, қорландыруды тарту құнына әсер етеді. Сонымен қатар, Қазақстанның болашақта түрлі деңгейдегі халықаралық экономикалық ұйымдарға енуі жағдайында банктердің бәсекеге қабілеттілігі капиталдандырудың жеткілікті деңгейімен айқындалатын болады.

      Қадағалау қызметін жетілдіру шеңберінде Базель ІІ стандартының банктің жеке тәуекел-профилін, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін ескере отырып, капитал жеткіліктілігіне қосымша талаптарды белгілеуді көздейтін екінші құрамдас бөлігін ("қадағалау үстемесі") енгізу жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі капиталға "қадағалау үстемесін" банктің тәуекел-факторларын сандық бағалау, банктің даму стратегиясы мен операциялық ортаның ықпал ету дәрежесі ескерілген капиталды басқару процесінің тиімділігін және тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерінің тиімділігін сапалық бағалау нәтижелері бойынша белгілейтін болады. Осы мақсаттарда ерте ден қою шаралары, сондай-ақ банктердегі тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелеріне қойылатын талаптар жетілдіріледі. Бұл ретте, "қадағалау үстемесін" және осы бағытта қатар жүретін шаралар кешенін енгізу Базель ІІІ стандарттарына көшумен қатар жүзеге асырылады.

      Кредиттік тәуекелдерді банктің кредиттік тәуекелдерін басқарудың ішкі үлгілері арқылы бағалауды көздейтін қадағалау тәсілі (Internal Ratings-Based Approach) реттеушінің дайын болуына қарай және банктердің өздерінің мүмкіндіктеріне негізделе отырып енгізілетін болады.

      Орта мерзімді перспективада (2015 жылдан ерте емес):

      қызметті күйзеліс жағдайында жалғастыруға мүмкіндік беретін өтімділігі жоғары ресурстар қорын құру арқылы қысқа мерзімді кезеңде банктер өтімділігінің сенімді деңгейіне;

      банктер үшін қаржыландыруды тұрақты түрде айтарлықтай сенімді қаржы көздерінен тарту бойынша қосымша ынталандыру жасау арқылы ұзақ мерзімді перспективада орнықтылыққа қол жеткізу үшін банктер өтімділігінің жаңа коэффициенттері (Liquidity Coverage Ratio, Net Stable Funding Ratio) енгізілетін болады.

      2018 жылдан бастап банк левереджінің көрсеткіші бойынша банктердің тартылған қаражатты инвестициялайтын банк секторындағы артық салмақты шектеуге және қосымша қорғаныш деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған талапты енгізу көзделіп отыр.

      Жүйе құрайтын банктер тобы үшін жүйелік тәуекелдердің туындауын барынша азайту мақсатында банктің қысқа мерзімді перспективада ғана емес, орта мерзімді перспективада да күшті капитал базасының болуына қосымша талаптар қоюды көздейтін реттеу жүйесі қалыптастырылатын болады.

      Сонымен қатар кредиторлар қаражатының есебінен проблемалар туындаған, сондай-ақ оны міндетті түрде қолдану жағдайларында ішкі қолдау көрсету құралы (bail-in tool) әзірленетін болады. Қабылданып жатқан шаралар банктерге жаңа талаптарға бейімделу үшін қажетті уақыт кезеңін беруді көздейді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әрбір банктің жаңа талаптарға дайындығын және, қажет болғанда, көшудің қажетті жоспарларын дайындау, оларды орындау мониторингін бірлесіп бағалау практикасын қадағалау процесіне енгізуді болжайды. Мұндай практика сәйкес келмеу банктерге қатысты қатаң шаралар және санкциялар қолдануға әкеп соғатын талаптарға қол жеткізу дәрежесінің постфактумын бағаламай, банктерге алдын ала әсер етуге мүмкіндік береді.

      Көрсетілген іс-шараларды іске асыру банк заңнамасын болжаммен алғанда 2017 – 2018 жылдары одан әрі жетілдіруді талап етеді.

      2. Банктер активтерінің құрылымын жақсартудың кешенді тәсілі және жұмыс істемейтін қарыздар үлесін банктердің экономиканы кредиттеу мүмкіндіктерін шектемейтін қолайлы деңгейге дейін төмендету.

      Жұмыс істемейтін қарыздар деңгейінің жоғары болуы банк секторының орнықтылығын көтеруге және БҚБК-нің ұсынымдарын енгізуге негізгі кедергі болып табылады, себебі ол банктердің рентабельділігін және банктердің таратып бөлінбеген пайда есебінен капиталды қалыптастыру қабілетін төмендетеді, сондай-ақ банктердің кредиттік белсенділігін шектейді. Бұл ретте, банктердің баланстарын жұмыс істемейтін активтерден тазартуды қамтамасыз ету жөніндегі міндетті іске асыру банктердің, сондай-ақ активтерді басқару жөніндегі жеке және мемлекеттік компаниялардың қатысуымен көпжақты тәсілді талап етеді. Атап айтқанда, бұл міндетті іске асыру жұмыс істемейтін қарыздар бойынша пруденциялық лимиттерді белгілеу, заңнаманы жұмыс істемейтін қарыздарды есептен шығаруды оңайлату бөлігінде одан әрі жетілдіру, жұмыс істемейтін қарыздарды активтерді басқару жөніндегі компанияларға беру және осы компанияларда активтер мен тәуекелдерді басқарудың тиімді тетігін жасау шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

      Банктердің несие портфелінің құрылымындағы жұмыс істемейтін қарыздар үлесі бойынша белгіленетін лимиттерге (2016 жылғы 1 қаңтардан бастап 10 %-дан аспайды) сәйкес келу жөніндегі талаптарды орындауы олар орындалмаған жағдайда тиісті қадағалау шаралары қолданыла отырып, белгіленген параметрге кезең-кезеңімен қол жеткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарлары шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

      Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу үшін банктердің үмітсіз қарыздарды тиімді түрде есептен шығаруына мүмкіндік беретін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру қажет. Осыған байланысты арнайы провизияларды шегерімдерге жатқызудың және үмітсіз несие берешегін кешірген кезде салық шығындарын танудың халықаралық қаржылық есептілік стандарттары ескерілген тетігі қарастырылатын болады. Сондай-ақ салық салу бөлігінде активтерді КАБҰ-ға дисконтпен және кепіл кредиторларының құқықтарын күшейте отырып аудару мүмкіндігінің мәселесі қарастырылатын болады. Жұмыс істемейтін активтерді басқаруға маманданған ұйымдар қызметінің күшеюіне проблемалық қарыз алушылар бойынша банк құпиясын ашу, берілетін мүлік құнын бағалау мәселелерін шешу ықпал ететін болады.

      Сондай-ақ осы активтердің әділ құнын қалыптастыру үшін жұмыс істемейтін активтер нарығын құру қажет, бұл оларды басқаруға мүмкіндік береді. Бағалаудың нарық мойындайтын кез келген әдістемесі кредиттік портфель туралы ақпараттың айтарлықтай дәрежеде ашылуын болжайды. Бұл ретте, активтерді басқару жөніндегі компаниялардың басқаруындағы активтерді барабар бағалау және корпоративтік басқару ашықтығының жоғары болуы жұмыс істемейтін активтермен жүргізілетін жұмысқа сыртқы инвесторлардың, оның ішінде халықаралық стрестік активтер нарықтарындағы халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын тартуға мүмкіндік береді.

      Проблемалық кредиттер қоры белсенді рөл атқаратын болады. Ең үздік халықаралық практикаға сәйкес жұмыс істемейтін активтерді басқару жөніндегі орталықтандырылған мемлекеттік компаниялар тәуелсіз болуы және оларда жеткілікті түрде қаржы және кадр ресурстары, оның ішінде инвестициялық банкинг, қайта құрылымдау және жылжымайтын мүлікті бағалау саласындағы кадрлары болуы тиіс. Осыған байланысты Проблемалық кредиттер қорын барабар капиталдандыру және қаржыландыру түйінді факторлардың бірі болып табылады. Бұл ретте, банктерден проблемалық кредиттерді сатып алудың, бірлесіп басқарудың, туындайтын шығындарды банктермен бөлісу қажеттігін ескере отырып, осы активтерді инвесторға өткізудің немесе осы активтерді жоюдың түрлі тетіктері қарастырылатын болады.

      Бұл ретте жұмыс істемейтін активтерді басқаруға маманданған ұйымдар банктердің проблемалық активтерін өз беттерінше, сол сияқты заңды, коллекторлық және аутсорсинг шарттарында өзге компанияларды тарта отырып жүзеге асыра алады. Осыған байланысты коллекторлық қызметті заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау қажет болады.

      3. Ерте ден қою, банктерді сауықтыру және тарату жүйелерін жетілдіру.

      Бұл бағытты іске асыру шектеулі ықпал ету шаралары мен санкцияларды қолдану негіздерін, дәрменсіз банктерді сауықтырудың және реттеудің институционалдық жүйесін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сауықтыру жөніндегі шараларды іске асыру кезіндегі жауапкершілік шегін қайта қарауды талап етеді.

      Ерте және қадағалаушылық ден қою шаралары шеңберінде сауықтыру жөніндегі құралдардың банктегі проблемалардың күрделілігіне сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, қадағалау шаралары олардан ажыратылатын болады.

      Банкті консервациялау және активтері мен міндеттемелерін (негізінен, жеке тұлғалардың депозиттерін) ішінара не толық мөлшерде басқа банкке беру түрінде банктің қаржылық жай-күйін сауықтырудың қаржы нарығына қатысушылар үшін пәрменді, "ауыртпалықсыз" және депозитарийлер – жеке тұлғалар үшін түсінікті тетігі әзірленетін болады. Осы шаралар, сондай-ақ кепілдік беру жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар шеңберінде:

      дәрменсіз банктерді реттеу рәсімдерін жүзеге асыру жөніндегі функцияларды (яғни, банкті лицензиясынан айырғаннан кейін) "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры) беру;

      сауықтыру жөніндегі іс-шаралар құны банкті тарату құнынан төмен болғандығы (least cost method) құжаттамалық тұрғыдан расталған жағдайда, депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қаражатын Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры сауықтыру процесіне тікелей қатысқан жағдайда ғана пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету;

      Депозиттерді сақтандыру жүйелерінің халықаралық қауымдастығының депозиттерге кепілдік берудің тиімді жүйелеріне арналған негізін құрайтын қағидаттар ұсынымдарын ескере отырып, жеке тұлғалардың салымдарына кепілдік беру сомасын одан әрі ұлғайту жөніндегі мәселені қарау (кепілдікті өтеу сомасы шоттар саны бойынша өтеу кемінде 90 %-ды құрайтындай, ал депозиттердің жиынтық сомасы бойынша 50 %-дан аспайтындай етіп белгіленуі тиіс);

      салымдарға кепілдік беру жүйесінің заңды тұлғалардың ағымдағы шоттарына қолданылуы туралы мәселені қарау көзделеді.

      Бұл ретте банк заңнамасын банктерді сауықтыру/реттеу жөнінде шаралар жүргізудің рәсімдік негіздерін және критерийлерін (P&A4, тұрақтандыру банкі, банктің берешегін акционерлік капиталға мәжбүрлеп айырбастау жөніндегі тетік және тағы басқа) айқындауды көздейтін бөлігінде жетілдіру мәселесі шамамен 2016 – 2018 жылдары қаралатын болады.

      Банктерді тарату жүйесін жетілдіру жаңа институционалды тәсіл жасауды, сондай-ақ таратушының проблемалық банктің баланстарынан өтеп алуға болмайтын берешекті есептен шығару рәсімдерін оңайлатуды көздейді.

      _________

      4 Әлемдік практикада P&A рәсімдері (ағылш. Puchase and Assumption, 1980 жылдардан бастап Federal Deposit Insurance Corporation (FDIC) проблемлаық банктерге қатысты қолданатын, депозиторларды қорғау әдістерінің бірі) кеңінен қолданылады, онда проблемалық банктің активтері мен міндеттемелері қысқа уақыт аралығында, проблемалық банктің клиенттеріне айтарлықтай ыңғайсыздық және қоғамда әлеуметтік күйзеліс пен банктерден депозиторлардың "қашып кетуін" тудырмай, басқа банкке өтеді.

      Сақтандыру секторының орнықтылығын көтеру.

      1. Сақтандыру ұйымдарын капиталдандыруды арттыру жөніндегі шаралар.

      Сақтандыру экономиканың стратегиялық секторларының бірі бола алады. Сақтандыру секторын дамыту ел экономикасының сенімді әрі орнықты дамуына және халықты әлеуметтік қорғауды арттыру, азаматтардың және кәсіпкерлік субъектілерінің мүлкін сақтандыру үшін қосымша негіз құруға ықпал ететін болады. Адам өмірінің барлық жақтарын, өндірістік және әлеуметтік-экономикалық қызметін қамтитын сақтандыру секторының ел экономикасындағы әлеуетін ескере отырып, мемлекет сақтандыру нарығының дамуына жәрдемдесуі тиіс. Бұл жағдайда халықтың сақтандыру мәдениетін арттыру бөлігінде де, сол сияқты сақтандыру ұйымдарының сенімділігін көтеру бөлігінде де мемлекеттің рөлі маңызды.

      Сақтандыру ұйымдарын капиталдандыруды одан әрі арттыру жөнінде шаралар кешенін қабылдау сақтандыру нарығын дамытудың маңызды бағыты болып табылады. Капиталды жинақтау жергілікті сақтандырушылардың қазіргі уақытта тиімсіз түрде қайта сақтандыруға беріліп жатқан сақтандыру тәуекелдерінің көп бөлігін ұстап қалуына мүмкіндік береді.

      Сақтандыру ұйымдарының орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Solvency II талаптары кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Бұл жүйе сақтандырушылар қызметінің сапа параметрлері мен қадағалау бағасын ескере отырып, тәуекелдің әрбір түрін жабу үшін капиталды есептеуді болжайды. Меншікті капиталдың мөлшеріне қойылатын сандық талаптар екі деңгейден тұратын болады: капиталға қойылатын ең төменгі талаптар, олар сақталмаған кезде сақтандыру қызметін жүзеге асыруға арналған лицензия дереу қайтарып алынады және төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін капиталға қойылатын талаптар. Олар сақталмаған кезде қаржылық сауықтыру шаралары мен санкциялар қолданылатын болады.

      Бастапқы кезеңде уәкілетті органның берген параметрлері ескеріле отырып тәуекелдің әрбір санаты бойынша капиталды есептеу болжанатын капиталға қойылатын ең төменгі талаптарын және төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін капиталға қойылатын талаптарын есептеудің стандартты формуласы бейімдендірілетін болады. Капитал есептелетін тәуекелдердің мынадай санаттары енгізілетін болады: операциялық тәуекел, нарықтық тәуекелдер, өмірді сақтандырудан туындайтын тәуекелдер; өмірді сақтандырудан басқа сақтандырудың өзге түрлерінен туындайтын тәуекелдер; контрагенттің дәрменсiздiгi тәуекелі; материалдық емес активтермен байланысты тәуекелдер.

      Бір мезгілде тәуекелдерді басқарудың ішкі жүйелерінің, андеррайтинг пен ішкі бақылаудың тиімділігін бағалауды, стратегияны және негізгі бизнес процестерді бағалауды болжайтын Solvency II стандартының екінші компонентін іске асыру бойынша өзгерістер ұсынылатын болады.

      Андеррайтингтің ішкі жүйелерін, тәуекелдерді басқаруды, ішкі бақылауды және шығындарды бағалауды дамыту мен жақсарту шаралары қабылданатын болады. Көрсетілген шаралар сақтандыру ұйымдарының банкрот болу тәуекелін барынша азайтуға ықпал етіп, бір ұйым шеңберінде сақтандыру тәуекелдерін артығымен жиынтықтауды болдырмау мақсатында тәуекелдерді әртараптандыратын болады. Сондай-ақ тәуекелдерді бағалау әдістемесін қадағалауды біріздендіру және енгізу болжанады, бұл сақтандыру ұйымдары қабылдайтын тәуекелдер деңгейін бағалаудың "дұрыстығына" бақылау жасауды жүргізуге мүмкіндік береді.

      Сақтандыру ұйымдарының сенімділігін арттыруда мемлекет маңызды рөл атқарады, ол сақтандыру нарығы субъектілерінің қызметін тәуекелге бағдарланған негізде бақылау мен қадағалауды жүзеге асырудан көрінеді. Қазіргі уақытта сақтандыру қызметін қадағалау жүйесі тәуекелдің мынадай салаларын талдауға негізделген: капитал, активтер, қайта сақтандыру, сақтандыру резервтері, менеджмент, кірістілік, өтімділік және сақтандыру ұйымының тұрақтылығын тиісті бағалауды айқындау.

      2. Сақтандыру резервтерінің жеткіліксіз болу тәуекелін төмендету шаралары.

      Сақтандыру резервтерінің жеткіліктілігі сақтандыру ұйымдарының төлем қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды пәрменді шаралардың бірі болып табылады.

      Қазіргі кезде объективті сақтандыру статистикасы болмағандықтан, олар жете бағаланбағандықтан, сақтандыру резервтерін барабар қалыптастырмауға, сондай-ақ олардың мөлшерімен айла-шарғы жасауға байланысты кейбір жағымсыз факторлар байқалады.

      Статистика жинау, өлім-жітім кестелерін жасау жұмысына мемлекеттің қатысуына, сақтандыру және өзге де қызмет процестерін автоматтандыру жөніндегі талаптарды күшейтуге бағытталған шараларды қабылдау қажет.

      Тәуелсіз актуарийлердің сақтандыру резервтерiн барабар есептеуге және актуарийлерді сақтандыру ұйымдары менеджментінің әрекеттерінен заңнамалық тұрғыда қорғауды қамтамасыз етуге жауапты тұлғалар ретіндегі рөлін арттыру маңызды болуда. Сақтандыру қызметінің тиісті мәселелерін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы мәселені 2016 – 2020 жылдары қарау жоспарланып отыр. Сондай-ақ актуарийлерді кәсіптік дайындауды күшейту үшін шаралар қабылдау қажет.

      3. Қайта сақтандырудың тиімділігін арттыру.

      Шетелдік компаниялармен салыстырғанда қазақстандық сақтандыру компанияларының аз капиталдандырылуын ескере отырып, қайта сақтандыру жүйесі отандық сақтандырушыларға құны өздерінің қаражатынан асатын тәуекелдерді сақтандыру шарттарын жасау мүмкіндігін бере отырып, отандық сақтандыру нарығы үшін үлкен маңызға ие болуда, бұл сақтандыру нарығының дамуына мүмкіндік береді.

      Қайта сақтандыру тәуекелдерін бағалау қайта сақтандыру сапасы мен қайта сақтандыру ұйымының төлем қабілеттілігі, пропорционалды және пропорционалды емес қайта сақтандыру ерекшеліктері ескеріле отырып жүргізілетін болады.

      Сонымен қатар, сақтандыру ұйымының қаржылық орнықтылығы, сақтандыру шарттарының және жабылатын тәуекелдердің ерекшеліктері, сақтандыру оқиғасының басталу және күтілетін шығындардың ықтималдығы ескеріле отырып, өзіндік ұстап қалудың ең жоғары мөлшерін есептеу әдістемесі айқындалатын болады.

      Цеденттің өзіндік ұстап қалуының қайта сақтандырушының жауапкершілігі лимитімен ақылға қонымды арақатынасын айқындау қажет, өйткені олай болмаған жағдайда сақтандыру ұйымы сақтандыру шартын жасау үшін комиссия ғана ала отырып және сақтандыру делдалы бола отырып, сақтандыру тәуекелдерінің андеррайтингіне мүдделі болмайды.

      Осы шаралар капиталдандырудың және сақтандыру нарығы сыйымдылығының елеулі түрде өсуін қамтамасыз етеді, сақтандыру ұйымдарының бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

      Активтерді шығару және салықты оңтайландыру мақсатында жүзеге асырылатын "тәуекелсіз" қайта сақтандыруды тоқтату бойынша шаралар қабылданатын болады. Осы мақсатта қайта сақтандыру шарттарын жарамсыз деп тану критерийлері заңнамалық тұрғыда белгіленетін болады.

      Әлемдік тәжірибеде де, сондай-ақ Қазақстандағы реттеу тәжірибесінде де қайта сақтандыру құралын пайдалану тиімділігін арттыру бойынша қабылданып отырған заңнамалық шараларға қарамастан, қайта сақтандыру, әсіресе, сақтандыру брокерлерін пайдалана отырып, ел ішінде резидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының арасында қайта сақтандыруды жүзеге асыру бөлігінде сақтандыру ұйымдары қызметінің аса айқын емес бағыты болып табылады. Сондықтан қайта сақтандыруды нарықтық қатынастар жағдайында дамыту оны айқын және толық реттеуді қамтамасыз ететін тиімді құқықтық тетікті талап етеді.

      4. Сақтандыру ұйымдарын тарату және қайта ұйымдастыру.

      Төлем қабілеттілігі бойынша талаптардың күшейтілуіне және сақтандыру нарығы қатысушыларының арасында бәсекелестік деңгейінің артуына байланысты төлем қабілетсіздігіне байланысты осындай рәсім қозғалуына, сондай-ақ оның ерікті немесе мәжбүрлі екеніне қарамастан, сақтандыру ұйымдарын таратудың заңнамалық процесі мәселесіне салмақты қарау талап етіледі. Сақтандыру портфелін беруді оңтайландыру және регламенттеу, сақтандыру ұйымының қаржылық тұрақтылығын сақтау немесе қалпына келтіру және осындай ұйым қызметінің тоқтауын мүмкіндігінше мейлінше болдырмау мақсатында заңнамалық тетіктерді белгілеу сақтандыру нарығына ұзақ қызмет үшін кепілдіктер беруге және жалпы сақтандыру нарығы үшін имидж тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

      Бағалы қағаздар нарығының орнықтылығын арттыру.

      1. Күйзелістерді тиімді сіңіру жүйесін қалыптастыру және бағалы қағаздар нарығында тәуекелдерді қысқарту және болдырмау шаралары.

      Тәуекелдерді басқарудың тиімді жүйесін құрусыз бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығын одан әрі дамыту мүмкін емес.

      Есеп айырысу күні кейінге қалдырылған бағалы қағаздармен сауда-саттық жүйесі (бұдан әрі – "T+n" есеп айырысу жүйесі), сауда-саттыққа тікелей қол жеткізу жүйесі және қашықтықтан мүше болу (шетелдік брокерлік және (немесе) дилерлік ұйымдар үшін) мүмкіндіктермен қатар, бағалы қағаздар нарығы үшін жаңа сын-қатерлер тудырады.

      Ішінара қамтамасыз етумен "T+n" есеп айырысу жүйесі кезінде бір немесе бірнеше қатысушының мәмілелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асырмау тәуекелдері туындайды. Клиринг ұйымы есеп айырысуды аяқтауға қабілетсіз болған жағдайда, "тізбекті әсердің" әр түрлі әсерлері бағалы қағаздар нарығына және жалпы экономикаға елеулі түрде жағымсыз ықпал етуі мүмкін.

      Осыған байланысты жүйелік тәуекел болған кезде күйзелістерді тиімді сіңіру жүйесін қалыптастыру үшін қорғаудың мынадай түрлі деңгейлерін енгізу қарастырылатын болады:

      1) маржа жарналарының мөлшері мәмілелердің нысанасы болып табылатын бағалы қағаздардың құбылмалылығына байланысты болатын кредиттік тәуекелді және өтімділік тәуекелін жабу мақсатында сауда-саттыққа қатысушылар депозитке салатын маржа жарналары;

      2) бағаның өзгеру лимиті және ашық позицияға арналған лимит қамтылатын лимиттер жүйесі;

      3) сауда-саттыққа қатысушылардың жарналары есебінен қалыптастырылатын және дефолт басталған кезде қаржыландыру көзі ретінде пайдаланылатын кепілдік қорлар;

      4) қор биржасының (клиринг ұйымының) өз қаражаты есебінен қалыптастырылатын резервтік қор.

      Бұл тәуекелдерді басқарудың басқа талаптарын жұмсарту бөлігінде БҚБК-нің және Халықаралық бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялар ұйымының ұсынымдары ескерілуге тиіс брокерлік ұйымдарды пруденциялық реттеу жүйесін қайта қарауды талап етеді.

      "Т+n" есеп айырысу жүйесін енгізу бағалы қағаздар нарығының қызметі туралы заңнамаға, сондай-ақ азаматтық заңнамаға тиісті түзетулер енгізу қажеттігі туралы мәселені қарауды талап етеді, ол 2014 – 2015 жылдарға жоспарланып отыр.

      Бұдан өзге, капиталдың барабарлығы, өтімділік көрсеткіштері, қаржы левереджі және тәуекелдерді басқару бөлігінде БҚБК-нің және Халықаралық бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялар ұйымының ұсынымдары ескерілуге тиіс брокерлік ұйымдарды пруденциялық реттеу жүйесі қайта қарауды талап етеді.

      Сонымен бірге, бағалы қағаздар нарығында жасалған мәмілелер бойынша есеп айырысулардың аяқталуына кепілдік беру және олардың қайтымсыздығы, сондай-ақ сауда-саттыққа қатысушылар құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету бағалы қағаздар нарығының тиімді жұмыс істеуі және инвесторлардың, оның ішінде шетелдік инвесторлардың тарапынан бағалы қағаздар нарығына деген сенімін қамтамасыз ету үшін маңызды талап (алғышарт) болып табылады.

      Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында жасалған бағалы қағаздармен мәмілелер бойынша есеп айырысулардың аяқталуына кепілдік бермейді. Осыған байланысты қор нарығындағы сауда-саттықтарға қатысушылардың құқықтары мен мүдделері бүгінгі күні жеткілікті дәрежеде қорғалмаған.

      Жазылғандарды ескере отырып, қаржы құралдарымен есеп айырысуларды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасында айқындаудың, бұл сауда-саттыққа қатысушыларға ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығындағы бағалы қағаздармен мәмілелер бойынша есеп айырысулардың аяқталуына және қайтарымсыздығына кепілдік беруге мүмкіндік береді және мәмілелер бойынша есеп айырысулардың жүзеге асырылмағандығы үшін жауапкершілікті белгілеудің орындылығы қаралатын болады. Бір мезгілде, үшінші тұлғалар үшін өтемақы шаралары ретінде мәміленің тараптарына не, егер мәміле Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып жасалған болса және оны жасау нәтижесінде осы тұлғаларға зиян келтірілген болса, зиянды немесе өтемақыны өтеудің өзге тұлғаларына талап қоюдың орындылығы қаралатын болады.

      Қор биржасы, клиринг ұйымы, орталық депозитарий мен тіркеуші сияқты бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымдық ұйымдары тәуекелдерді басқару процесінде маңызды рөл атқарады.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Мемлекеттік кредиттік бюро, Бағалы қағаздардың бірыңғай тіркеушісі, Қазақстан қор биржасы сияқты қаржы нарығының инфрақұрылымдық ұйымдарына қатысты саясаты:

      1) инфрақұрылымдық ұйымдардың объективті, үздіксіз, сапалы қызметін қамтамасыз етуге;

      2) зейнетақы активтерімен алаяқтық әрекеттерге жол бермеу, қор нарығындағы теріс пайдаланушылықты (айла-шарғы жасауды), бағалы қағаздар ұстаушылардың құқықтарын тіркеу мәселелерінде рейдерлікті болдырмауға;

      3) валюта нарығындағы жағдайды бақылау мен ақша нарығының мөлшерлемелерімен алыпсатарлықты шектеуге;

      4) кредиттік тарихтың дәйекті болуын, қарыз алушылар туралы дербес деректердің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаржылық көрсетілетін қызметтер нарығына қатысты саясаты айқын болу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі инфрақұрылымдық еншілес ұйымдар жанында консультативтік кеңестер құруды ұсынады, олардың міндеттері даму стратегиясы және еншілес ұйымдар қызметінің тиімділігі мәселелерін қарау, сондай-ақ олардың дамуын ынталандыратын жағдайлар жасау үшін заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі көрсетілген ұйымдардың Директорлар кеңесінің құрамына Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілін енгізуді қосымша ұсынады.

      Қор биржасы, орталық депозитарий, төлем жүйесі мен тіркеуші сияқты инфрақұрылымдық ұйымдар бағалы қағаздар нарығында жүйе құраушы ұйымдар болып табылады. Қаржы құралдарымен мәмілелер қорытындылары бойынша клирингті және есеп айырысуларды жүзеге асыру бөлігінде жүйе құраушы ұйымдардың қызметін реттеу, бақылау мен қадағалау жүйесі жетілдірілетін болады.

      Осыған байланысты көрсетілген субъектілердің тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптарды жетілдіру және мыналарды айқындау қажет:

      күн сайынғы стресс-тестілеу және тарихи деректер негізінде тестілеу (бэк-тестілеу), сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесін кезеңдік тексеру қажеттілігі;

      сауда-саттыққа қатысушылардың тарапынан дефолт болған жағдайға арналған рәсімдер, атап айтқанда, дефолт жағдайларын реттеу рәсімдерін тестілеу тәртібін белгілеу;

      сауда-саттыққа қатысушылардың және инфрақұрылымдық ұйымдардың тарапынан туындайтын барлық тәуекелдер, сондай-ақ олар бағалы қағаздар нарығында басқа инфрақұрылымдық ұйымдар үшін келтіретін тәуекелдер ескерілетін операциялық тәуекелді басқару жүйесі.

      Ұлттық бағалы қағаздар нарығының ерекшеліктері ескеріле отырып, жетекші халықаралық тәжірибені енгізу мақсатында қаржы нарығының инфрақұрылымдары үшін ұсынымдар қолданылатын болады.

      Бағалы қағаздармен және туынды қаржы құралдарымен жасалатын операциялардың ұйымдастырылған нарықтан ұйымдастырылмаған нарыққа ауысуымен негізделуі мүмкін ұйымдастырылған нарықта жүзеге асырылатын осы операциялар түрлері көлемінің төмендеу үрдісін ескере отырып, халықаралық қаржылық реттеу жүйесін нығайту шаралары шеңберінде берілген "G-20" тобының елдері көшбасшыларының ұсынымдарын іске асыру өзектілігі артуда.

      Ұсынымдарға сәйкес барлық стандарттандырылған биржадан тыс туынды қаржы құралдарына есеп айырысу бойынша қызмет көрсету орталық контрагент арқылы жүргізілуге тиіс. Осыған орай есеп айырысу бойынша қызмет көрсету орталық контрагент арқылы жүзеге асырылмайтын биржадан тыс қаржы құралдарына капитал бойынша жоғары талаптар қолданылуға тиіс.

      Бұл ретте орталық контрагент институтын енгізу дамыған бағдарламалық-техникалық кешеннің болуын талап етеді, өйткені орталық контрагенттің алдындағы міндеттемелер бұзылған жағдайда мәмілелер бойынша есеп айырысуларды аяқтау тетіктерінің, атап айтқанда, кепілдік қорларын пайдалану, қаржы нарығында бағалы қағаздарды сатып алу немесе сату және (немесе) өзге де тетіктердің болуы оның ерекше өзгешелігі болып табылады.

      2. Бағалы қағаздар нарығында жосықсыз іс-әрекетке қарсы іс-қимылды қоса алғанда, бағалы қағаздар нарығында инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету.

      Брокерлік ұйымдардың қызметтерін пайдаланатын инвесторлардың мүдделерін қорғау мақсатында инвесторларға өздеріне тиесілі қаржы құралдары мен брокерлік ұйымдарда ашылған жеке шоттардағы ақшаның қалдығы мен қозғалысы туралы ақпаратқа толық және тұрақты қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені қабылданатын болады. Бұл шаралар инвесторларға брокердің өздерінің жеке шоттары бойынша online режимінде жасайтын операцияларына бақылау жасауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

      FOREX нарығына жіберу үшін реттелмейтін субъектілердің қызметтерін пайдалануға байланысты жағдайды реттеу үшін қазақстандық инвесторлардың брокерлік қызметке арналған лицензиялары жоқ барлық субъектілер үшін осындай қызмет түрін көрсетуіне тыйым салу, сондай-ақ осы талаптардың орындалуына мониторинг пен қадағалау күшейтілетін болады.

      Бағалармен айла-шарғы жасау және бағалы қағаздар нарығындағы теріс пайдаланушылықтардың басқа да түрлері үшін жазалау шараларын және олардың уақтылылығын арттыруды қоса алғанда, бағалы қағаздар нарығында адал іс-әрекетті қамтамасыз етуге бағытталған шараларды күшейту мақсатында бағалы қағаздар нарығындағы теріс пайдаланушылықтар үшін салыстырмалы жазалар жүйесін (шәкілін) көздеу талап етіледі. Бұл міндетті іске асыру үшін әкімшілік (қылмыстық) айыппұлдардың мөлшерлерін қайта қараудың және айыппұлдардың белгіленген мөлшерлерінен индекстелген мөлшерлеріне өтудің орындылығы қаралатын болады. Бұл айла-шарғы бойынша айыппұлдар мөлшерлерін индекстеу жасалған мәмілелер көлемі, мәмілелерді жасау нәтижесінде алынған пайданың не келтірілген зиянның мөлшері сияқты көрсеткіштерге қатысты жүзеге асырылатындығын білдіреді.

      Сонымен қатар, инвесторлардың қор нарығына деген сенімін арттыру мақсатында халықаралық тәжірибеге ұқсас "біліксіз" инвесторларға, әсіресе жеке тұлғаларға брокерлердің осы клиенттердің қаражатын заңсыз пайдалануы және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер нәтижесінде келтірілген шығындарды өтеу жүйесін енгізу мүмкіндігі қарастырылатын болады.

      Бағалы қағаздар нарығы туралы заңнаманы жетілдіру қажеттілігі туралы мәселе шамамен 2016 – 2020 жылдары қаралатын болады.

      Білікті клиент және заңды іскер серіктес мәртебесі бар тұлғаларға қатысты осындай тұлғалар қаржылық тұрғыдан алғанда өзіне инвестициялау нәтижесінде туындауы мүмкін кез келген шығын тәуекелін алуға қабілетті және олардың барлық түрдегі инвестициялық қызметтерге және қаржы құралдарымен әр түрлі мәмілелерге қатысты қажетті тәжірибесі мен білімі бар деп есептеледі.

      Осылайша, білікті инвесторлар институтының жұмыс істеуі инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерінің болуымен тығыз байланысты және оларды қорғау дәрежелері берілген мәртебесіне (жіктеліміне) қарай бөлінген жағдайда экономикалық тұрғыдан орынды болып табылады. Осыған байланысты, бағалы қағаздар нарығында кепілдік беру схемаларын жасау мәселесі қаралып, білікті инвесторларды айқындау тәсілдері жетілдірілетін болады, бұл қалған қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарына шек қоймастан, отандық инвесторлардың инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

      Бағалы қағаздар эмитенттерінің қызметіндегі теріс үрдістерді уақтылы анықтауға бағытталған шаралар кешенінің тиімді жұмыс істеуі, инвесторлардың эмитенттердің қаржылық жай-күйіне және олардың төлем жасау қабілеттілігіне мониторингті уақтылы жүргізуге мүмкіндік беретін бағалы қағаздар эмитенттері және олар шығарған бағалы қағаздары туралы ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету инвесторлардың қор нарығындағы инвестицияларға мүдделілігін арттыруға ықпал ететін аса маңызды фактор болып табылады.

      Бұл бағытты іске асыру бағалы қағаздар эмитенттерінің мониторингіне негізгі тәсілдерді қайта қарауды, эмитенттер қызметінің эмитенттің облигациялық қарыздар бойынша өз міндеттемелерін орындау қабілетіне ықпал ететін көрсеткіштерінің нашарлауына уәкілетті органның ерте ден қою жүйесін енгізуді, бұрын шығарылған бағалы қағаздар бойынша дефолтқа жол берген немесе бағалы қағаздар шығарылымының талаптарын бұзған эмитенттер басшыларының жауапкершілігін қатаңдатуды талап етеді.

      Сонымен қатар корпоративтік басқару және эмитенттердің ақпаратты жария ету жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ эмитенттердің және олардың тәуекелдерді басқару жүйесінің айқындылығын арттыруға күш салу қажет.

3. 2-міндет: экономикалық ықпалдасу және жаһандану
жағдайларында қаржы секторының тиімділігін арттыру

      Дамудың жалпы бағыттары.

      1. Қаржы нарығына қолжетімділікті ырықтандыру шеңберінде симметриялық және тәуекелдерге барабар реттеуші ортаны құру.

      Шетелдік қаржы ұйымдары филиалдарының қызметін жүзеге асыру мүмкіндігімен елдің қаржылық қызметтері нарығына қолжетімділіктің ашық болуы жағдайларында филиалдың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге және симметриялық реттеуші ортаны құруға байланысты мәселелерді шешу талап етіледі.

      Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға кіруі шеңберінде қабылдайтын қаржылық көрсетілетін қызметтер секторы бойынша ерекше міндеттемелердің тізбесінде (бұдан әрі – ерекше міндеттемелердің тізбесі) шетелдік қаржы ұйымының филиалын ашқан кезде сақталуға міндетті кейбір талаптар көзделген. Бас қаржы ұйымы активтерінің мөлшеріне талаптар белгіленді, шетел банкінің филиалы қабылдайтын депозиттің ең төмен мөлшері айқындалды. Сонымен бірге ерекше міндеттемелер тізбесімен Қазақстанның шетелдік қаржы ұйымы филиалының қызметіне қосымша пруденциялық талаптар белгілеу құқығы көзделген. Мұндай талаптардың ішінде, бірақ олармен шектелместен, бөлек (бас ұйымнан) капиталдандыру бойынша талаптар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі кепілдік берілген қорлар мен депозиттер бойынша жекелеген талаптар, төлем қабілеттілігі бойынша басқа да талаптар, есептілік және оны жариялау бойынша талаптар, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарына қатысты техникалық резервтерді оқшаулау және төлем қабілеттілігі маржасын сақтау бойынша талаптар көзделген. Шетелдік қаржы ұйымдарының филиалдарына олардың тікелей қызметі кезінде қолданылатын тиісті пруденциялық талаптарды әзірлеу шеңберінде мұндай ұйымның нарыққа кіруі кезеңінде қаржылық орнықтылығына кепілдікті қамтамасыз етуді регламенттейтін мәселелерді қарау қосымша талап етіледі.

      Атап айтқанда, филиалдың бас ұйымы елінің қадағалау органдарымен ынтымақтастық және ақпарат алмасу туралы келісім Қазақстан Республикасында филиал ашу үшін алғышарт болуға тиіс. Ақпарат алмасу мүмкіндігі болуға тиіс және бас ұйымның елінде Қазақстан Республикасында филиалдың қызметін инспекциялау мүмкіндігі болуға тиіс. Шетелдік банктердің рейтингісіне орай олар үшін филиалдар ашу жөніндегі шектеулерді белгілеу нарыққа кіруді реттеудің қосымша құралы болып табылады. Мысалы, еншілес банктерді ашу жөніндегі талаптарға ұқсас, рейтинг Қазақстан Республикасына халықаралық рейтингілік агенттіктердің бірі берген тәуелсіз рейтингіден төмен емес деңгейде белгілене алады.

      Сондай-ақ шетелдік қаржы ұйымы филиалының және атап айтқанда, шетелдік банк филиалының нарығына қолжетімділік критерийі ретінде бас ұйым елінің қадағалау органының оның Базельдік негізгі қағидаттарға сәйкестігі туралы өзін-өзі бағалауын алу туралы талабы болуы мүмкін. Бұл ретте, бағалау Капитал туралы Базель келісіміне сәйкестікпен шектелмеуге тиіс, ол БҚБК-нің бүкіл талаптарына толығымен сәйкес болуға тиіс. Егер бағалау қадағалаудағы айтарлықтай кемшіліктерді көрсетсе, лицензия беруден бас тарту тетігін көздеу қажет.

      Бұл ретте банк заңнамасын және сақтандыру қызметі туралы заңнаманы жетілдіру қажеттілігі туралы мәселе Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі туралы шартқа қол қойылуына қарай шамамен 2015 – 2016 жылдары қаралатын болады.

      БЭК-ке қатысушы елдердің қаржы заңнамасын үйлестіру (біріздендіру), сондай-ақ 2025 жылы функциялары мен өкілеттіктері айқындала отырып, қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлттықтан жоғары органды құру БЭК шеңберінде ықпалдасу процестері бөлігіндегі негізгі міндеттер болып табылады. Бұл орган БЭК-ке қатысушы елдердің орталық/ұлттық банктеріне шұғыл түрде ақпарат алмасуға және БЭК-тің ортақ нарығын сыртқы күйзелістер мен дағдарыстық құбылыстардың жағымсыз әсерінен қорғау жөніндегі келісілген шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді.

      2. Қаржылық көрсетілетін қызметтер және микроқаржы ұйымдарының көрсетілетін қызметтері саласында халықтың қаржылық сауаттылығын және құқықтарын қорғау деңгейін арттыру.

      Әлемнің көптеген дамыған және дамушы елдерінде халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесіне барынша көп көңіл бөлінеді, себебі қаржылық сауаттылықтың тиісті деңгейі азаматтардың өмір сүру деңгейінің көтерілуіне, экономиканың дамуына және қоғамның әл-ауқатының артуына ықпал етеді.

      Айтарлықтай күрделенген қаржы жүйесі, жаһандану процесінің үдеуі және жаңа күрделі қаржылық өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің ауқымды аясының пайда болуы халықтың алдында аса күрделі міндеттер қояды, оларды шешуге халық дайын болмай шығады.

      Азаматтарда қаржылық білімнің, бюджетті жоспарлау дағдыларының болмауы және қаржы өнімдерін пайдалану бойынша сараланған шешімдерді қабылдай алмауы қаржы ұйымдарының тарапынан мұндай өнімдердің күшті жарнамасы аясында ұлттық ауқымдағы проблемаларға айналуы мүмкін айтарлықтай теңгерімсіздіктер мен тәуекелдердің жинақталуына апарады.

      Әрбір азаматтың қаржылық сауаттылығының жоғары деңгейі тұтынушылар мен қаржы институттары арасындағы қаржылық өзара қарым-қатынастардың айқындылығын күшейтеді. Сонымен бірге халықтың қаржылық сауаттылығы деңгейінің жекелеген қаржы құралдарын тұтыну үшін талап етілетін деңгейден артта қалуы қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар мен олардың жеткізушілері арасындағы ақпараттық ассиметрияның жоғары деңгейінің себебі болып табылады.

      Осыған байланысты қаржылық көрсетілетін қызметтер және микроқаржы ұйымдарының көрсетілетін қызметтері нарығында тұтынушылардың құқықтарын пәрменді қорғауды және қаржылық сауаттылығын арттыруды тұрақты негізде қамтамасыз ету әділ, ашық және тиімді жұмыс істейтін қаржы нарығының қажетті шарты болып табылады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бұл бағыттағы жұмысын жалғастырады.

      Өзінің кең таралуына орай халықтың банк қызметтері туралы хабардар болу дәрежесі қаржы нарығының басқа көрсетілетін қызметтеріне қарағанда анағұрлым жоғары болып табылады.

      Сақтандыру секторы бөлігінде халықтың тұтастай алғанда сақтандыруға және тарихи тұрғыдан қалыптасқан халықтың мемлекеттің тарапынан әлеуметтік және өзге де көмегіне бағдарлануына теріс көзқарасынан назарды өзгерту қажет. Бұл мақсаттарда халықтың сақтандыру мәдениетін арттыру жұмысы тұрақты негізде жүргізілетін болады.

      Инвесторлардың қаржылық сауаттылығын, олардың бағалы қағаздар нарығында орын алып жатқан процестер және ондағы жұмыс істейтін субъектілердің (бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың, эмитенттердің) қызметі туралы хабардар болуын арттыру жеке жұмыс істеуді талап етеді.

      Қаржылық көрсетілетін қызметтерді және микроқаржы ұйымдарының көрсетілетін қызметтерін тұтынушылардың сауаттылығын арттыру үшін біржолғы іс-шаралар емес, тұрақты әрі кешенді жұмыс қажет. Көптеген дамыған елдердің және дамушы елдердің көпшілігінің табысты іске асырылатын, халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың тұрақты қолданылатын мемлекеттік бағдарламалары бар. Халықтың қаржылық сауаттылығының төмен деңгейі қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынуға теріс әсер етеді және қаржы нарығының өсу қарқынын едәуір бәсеңдетеді.

      Жоғарыда көрсетілген міндеттерді іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстан Республикасы халқының қаржылық сауаттылығының деңгейін арттыру бойынша мыналарды қамтитын күш-жігерін үйлестіруді қамтамасыз етуі қажет:

      1) халықтың қаржылық сауаттылығының деңгейін зерттеу;

      2) жалпы білім беретін мектептерде бастауыш қаржылық білім беру бағдарламаларын енгізу (5-9 сынып оқушыларына арналған кітаптардың және мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдардың мазмұнын жаңарту, 10-11 сынып оқушыларына арналған кітаптарды және мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдарды әзірлеу мен шығару);

      3) экономикалық емес мамандықтары бар жоғары оқу орындарының студенттері үшін қаржылық сауаттылық негіздері туралы курсты енгізу (кітаптар мен әдістемелік құралдарды әзірлеу мен шығару);

      4) бұқаралық ақпарат құралдарын (телевизия, Интернет, баспасөз, арнайы әдебиет шығару) пайдалана отырып қаржы нарықтарына жеке жинақтарын инвестициялау үшін халықты қаржы ұйымдары, олардың өнімдері, көрсетілетін қызметтері туралы хабардар ету және халықты оқыту жүйесін ұйымдастыру;

      5) нысаналы топтар үшін қаржылық сауаттылықты арттыру бағдарламаларын жүргізу;

      6) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мамандандырылған оқыту веб-ресурсын (www.fingramota.kz) қаржылық тақырыптарға арналған өзекті ақпаратпен толтыру;

      7) мультипликациялық роликтерді жасау және кейіпкерлері түсінікті түрде қаржы нарығының бүкіл секторлары бойынша қаржылық сауаттылық негіздеріне үйрететін көшедегі билбордтар сериясын орналастыру. Сонымен қатар, роликтердің сюжеттерін/үзінділерін көшедегі билбордтарда және үлкен сауда мекемелерінде орналастыру ұсынылады;

      8) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушы өзінің құқықтарын қорғау және білікті консультация алу үшін жүгіне алатын тұрақты жұмыс істейтін Call-орталықты және қоғамдық қабылдау бөлмесін ашу;

      9) халыққа қазақстандық бағалы қағаздар нарығын интерактивті режімде зерделеу мүмкіндігін беру;

      10) мобильдік құрылғыларға арналған білім беру қосымшаларын әзірлеу.

      Бұдан басқа, Халықаралық инвесторларды құру жөніндегі форумның және ЭЫДҰ-ның шеңберінде қаржылық сауаттылықты және инвестициялық мәдениетті арттыру саласындағы халықаралық ынтымақтастық барынша маңызды болып табылады.

      Аталған ұйымдар халықтың қаржылық сауаттылығын арттырудың негізгі қағидаттары мен бағыттарын белгілейді, сондай-ақ түрлі құқықтық өкілеттіктерден білім беру провайдерлері арасындағы ақпарат пен идеялар алмасу алаңы болады.

      2011 жылы енгізілген, банк заңнамасына қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған түзетулердің едәуір топтамасына қарамастан, қазіргі уақытта жүйелік сипаты бар бірқатар проблемалар бар.

      Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру қажеттігі туралы мәселені шамамен 2014 – 2015 жылдары қарайтын болады. Бұл ретте, осы ұсыныстарды әзірлеген кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі инвесторлардың және кепілді кредиторлардың мүдделері мен құқықтарын ескеретін болады.

      3. Клиенттің қажеттіліктеріне бағдарланған бизнестің қағидаттарын ұстану.

      Бәсекеге қабілеттіліктің деңгейін арттыру мақсатында қаржы ұйымдары клиенттердің қажеттіліктеріне тұрақты мониторинг жүргізуге және әлеуметтік тұрғыдан жауапты банкингті дамытуға тиіс, оны енгізу коммерциялық негізділік қағидаттарына, оның ішінде корпоративтік басқару қағидаттарын жақсарту есебінен негізделуге тиіс. Анықталған қажеттіліктер нарықтық тәсіл мен бәсекелестіктің арқасында қаржы жүйесінде өз орнын алады, бұл клиенттердің бейілділігін арттыруға ғана емес, сол сияқты жаңа қаржылық көрсетілетін қызметтер саласында уақтылы пайдалы тауашаны алуға мүмкіндік береді.

      Банк секторының тиімділігін арттыру.

      1. Банк жүйесінің институционалдық дамуы.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағалауы банктің нарықтық үлесінің өсуі оның қызметінің тиімділігін, оның ішінде пайдалылығын арттыру көрсеткіштерінің бірі болып табылатынын көрсетіп отыр. Бұл ретте, осы бағалау қысқа мерзімді, сол сияқты ұзақ мерзімді кезеңде де расталады.

      Осыған орай секторды одан әрі шоғырландыру үшін трендті күшейту, оның ішінде банктер үшін меншікті және жарғылық капиталдың ең аз мөлшерін арттыру арқылы күшейту талап етіледі.

      Артық шоғырландыруды шектеу мақсатында басты назар ірі банктерді емес, орташа банктер тобын дамытуға аударылады. "Орташа банктер тобы" отандық капиталы бар 15-20 қаржы институты, сол сияқты шетелдік банктердің еншілес ұйымдары арқылы да ұсынылуға тиіс. Бұл топ корпоративтік сектор және халық үшін банк қызметтерінің негізгі түрлері бойынша елдің банк секторында бәсекелестіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. "Орташа банктер тобы" өз көлемі бойынша біртекті болатыны болжанып отыр: көлемі бойынша бірінші және соңғы банктер арасындағы активтердің көлеміндегі айырмашылық 5 еседен аспауға тиіс.

      Банк жүйесі активтерінің және атаулы ЖІӨ көлемінің төмен арақатынасы банктерге ел экономикасындағы ірі жобаларды қаржыландыруға қатысуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан жүйе құраушы банктер негізінде олардың активтерінің абсолютті шама бойынша сапалы өсуі арқылы, сол сияқты тиімді орташа банктерді отандық және шетелдік әріптес банктермен синдикаттар құруға ынталандыру жолымен "чемпион-банктердің" тобын қалыптастыру бағыттардың бірі болады. "Чемпион-банктер" тобының түрлі мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде бөлінетін бюджеттік ресурстарды бөлуге басымдықпен қатысуын болжайтын тетікті құру мәселесі қаралатын болады.

      Ұсақ банктерді мәжбүрлеп қысқарту немесе банктердің жалпы санын шектеу болжанбайды.

      Банк секторы бәсекелестігінің жеткілікті дәрежесін ескере отырып, мемлекеттің оның жұмыс істеуіне қатысуы талап етілмейді. Банк секторы нарықтық экономиканың толыққанды тетігі болып табылады, оның бәсекеге қабілеттілігі қаржы ресурстарын дербес қайта бөлумен қамтамасыз етіледі. Мемлекет жеке капиталды қосу үшін банк бизнесінің әлеуеті жоқ немесе айтарлықтай шектелген бөліктерінде өз рөлін барынша тиімді орындай алады не бұл бағыт мемлекеттік саясаттың іске асырылуын болжайды. Осыған орай банк секторындағы мемлекеттік саясаттың тікелей ықпалы қызметін тұрғын

      үй-құрылыс жинақтары саласында жүзеге асыратын "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) және мақсаты мемлекетке Қазақстан Республикасы экономикасының бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторын дамытуда жәрдемдесу болып табылатын Қазақстанның Даму Банкі арқылы көрсетілетін болады.

      Экономиканың жекелеген салаларын (ауыл шаруашылығы, индустрия, почта) дамыту бойынша мамандандырылған мемлекеттік банктерді құру бәсекелес ортаны арттыру тұрғысынан да, осы банктер қызметінің тұрақты жұмыс істеуін қолдау жөніндегі мемлекеттің шығыстары тұрғысынан алғанда да тиімсіз болып табылады. Сонымен бірге бұл функциялар Қазақстанның Даму Банкіне жүктелуі мүмкін. Осыған орай мемлекет қатысатын мамандандырылған салалық банктерді құруға тыйым салатын Қазақстан Республикасы банк заңнамасының нормасы сақталады.

      Ислам банктері банктердің жеке тобы болып табылады, олардың дамуына заңды тұлғалар мен халық үшін исламдық қаржы қызметтерінің ену дәрежесі себепші болады.

      Дағдарыстар тарихы ұлтаралық банктердің проблемалар туындаған жағдайда, бірінші кезекте, өздерінің бас бөлімшелерін дамушы елдерде және өтпелі экономикасы бар елдерде орналасқан "еншілес банктерден" ақша шығаруға дейін қолдайтынын көрсетіп отыр. Осыған байланысты банк жүйесінде отандық капиталдың басым түрде сақталуына күш жұмсалады.

      2. Банктердің жеке бизнес стратегияларын дамыту және олардың тәуекелдерін реттеудің барабарлығы.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сондай бағалауы бойынша банктің кредиттік белсенділігі белгілі бір дәрежеде активтердің сапасына және оларды провизиялармен жабу деңгейіне, сондай-ақ банктің банктік бизнестің жекелеген бағыттарына немесе оны қорландыру көздеріне шоғырлануына тәуелді. Кірістілік тұрғысынан алғанда, ең жақсы нәтижелерді неғұрлым жоғары сапалы активтері бар, өтімді активтерінің үлесі төмен, белгілі бір кредиттеу бағыттарына маманданған банктер, сондай-ақ қорландыруды басым түрде ұлттық валютамен тартатын банктер көрсетіп отыр.

      "Аса ірі банктер тобын" дамыту жүйелік дағдарыстың туындау ықтималдылығын азайту мақсатында қызметтің әртараптандырылған стратегиясын сақтау бағытында ынталандырылатын болады. Банктердің осы тобын дамыту стратегиясы қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың барынша ықтимал тобын қамтуы тиіс.

      "Аса ірі банктер тобы" немесе жүйе құраушы банктер үшін экономиканың басым салаларын қаржыландыру және қор нарығына орнықты эмитенттерді шығару бойынша белгілі бір мандаттар ұсынылатын болады. Сонымен бірге банк қызметін реттеу жүйесі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жүйе құраушы банктерге капиталдандыру және капитал буферлерінің болуы және қалыптастыру мерзімдері, өтімділік, жүйе құраушы банктер үшін тәуекелдерді басқару жүйелері бойынша қосымша талаптарды белгілеуін болжайды.

      Көлемі бойынша "орташа банктер тобының" біртектілігі банктердің бизнес стратегияларын біріздендіруді білдірмейді. Банктер акционерлердің басымдығына қарай, банктер бизнес жүргізудің ықтимал тәуекелдерін барабар басқаратынын және бақылайтынын түсінуі шартымен қызметтің әртараптандырылған бағыттылығын немесе мамандандырылған үлгісін дербес таңдайтын болады.

      Мамандандырылған стратегиялардың банктер үшін жүзеге асырылатын, операциялық шығасыларды едәуір қысқартуға мүмкіндік жасайтын бизнес процестерді стандарттау және автоматтандыру есебінен белгілі бір бәсекелестік артықшылығы бар. Басқа жағынан алғанда, осындай үлгілер нарықтық конъюнктура өзгерген жағдайларда көбінесе тәуекелдерге ұшырайды. Тиісінше, жекелеген бағыттарға (тұтынушылық кредиттеу, инвестициялық бизнес, салалық кредиттеу) мамандандырылған банктерге қатысты тәуекелді активтердің өсуіне қатысты талаптар белгіленеді.

      3. "Болашақ банкінің" тиімді моделін қалыптастыру үшін орта құру.

      Банк бизнесін жүргізудің ұзақ мерзімді қайта құрылуы жаңа технологияларға негізделетін болады. "Цифрлық" революцияның арқасында қаржылық қызметтерді көрсету парадигмасы өзгеруде. Электрондық қаржылық көрсетілетін қызметтерді дамыту, қызмет көрсетудің электрондық арналар желілерін құру, оның ішінде электрондық қаржылық көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін және оларды жылжытуды қамтамасыз ету, қаржылық делдалдықты жеке және коммерциялық мақсатта пайдалану үшін басқа да көрсетілетін қызметтерді ұсына отырып, электрондық коммерцияның көрсетілетін қызметтерімен қоса атқару, консалтинг, порталдар және тағы басқалары арқылы қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға қашықтан қызмет көрсетудің ("онлайнды" қоса алғанда) түрлі жүйелері жаппай тарайтын болады. Бұл банктерге микрокредиттеу бойынша "лездік" қызметтер көрсетуге, базалық банктік қызметтердің кең аясын көрсету жөнінде шұғыл түрде шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

      Цифрлық экожүйеге ықпалдасу және ұтқыр технологияларды пайдалану жолымен бірыңғай электрондық есепке алу жүйесі арқылы банктік көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету дамудың негізгі бағыты болып табылады. Бәсекеге қабілетті, толықтай айқын және халықтың орта деңгейі үшін әділ талаптармен түрлі кредит өнімдерін пайдалану, мүлкін қоса алғанда, дербес "балансын" басқару мүмкіндіктері берілген, экономикалық циклдардың әсерінен қорғалған банктік қызмет көрсету дамудың нәтижесі болады.

      Жылдам өзгеретін орта жағдайында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі назарды жаңа банктік технологияларды дамыту мен туындайтын және жылдам өзгеретін тәуекелдерді басқару жөнінде талаптар белгілеу арасында оңтайлы теңгерімді құруға және ұстап тұруға аударатын болады.

      Банктің қарыз алушы тәуекелдерін талдауы қарыз алушының өзі берген мәліметтерге ғана емес, "үлкен деректерге" (Big Data) де негізделетін болады деп күтеледі. Бұл банктер жүзеге асыратын бизнес-процестерді барынша автоматтандыруды, сондай-ақ мемлекеттің қаржы ұйымдары үшін электрондық үкіметтің қолжетімді ақпаратын кеңінен алуы мүмкіндіктерін кеңейтуін талап етеді.

      4. Халықаралық ықпалдасу шеңберінде бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету.

      БЭК қатысушы елдердің бірыңғай қаржы нарығын құру бүкіл елдердің кеңістігіндегі банктерді реттеу мен қадағалаудың халықаралық стандарттары мен әлемдік озық практикаға (атап айтқанда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің) негізделетін бірыңғай стандарттарын үйлестіруді ғана емес, сонымен қатар әзірлеуді, сондай-ақ отандық болмыстарды да ескеруді болжайды. Сонымен бірге, БЭК елдерінің қаржы нарығындағы қызмет жөніндегі заңнамаларын жақындату қажеттілігінің ДСҰ-ға кірудің шетелдік қаржы ұйымдарының БЭК елдерінің нарықтарына қолжетімділігі бөлігіндегі әртүрлі талаптарын ескеруі тиіс. Осыған байланысты қадағалау стандарттарын біріздендіру нәтижесінде әлсіреу тәуекелдері және банк қызметінің стандарттарын ішінара қайта реттеу орын алуы мүмкін.

      Осылайша, жұмсарту мүмкін болмайтын қол жеткізілген позицияларды айқындау талап етіледі, себебі олар көбінесе мынадай озық халықаралық тәжірибеге негізделеді:

      1) банктер үшін жарғылық және меншікті капиталдардың ең төменгі мөлшері жөніндегі талаптарды жоғары деңгейде сақтау;

      2) банктер капиталдарының жеткіліктілік нормативтеріне экономика және қаржы жүйесіне тән тәуекелдерге және банктердің бәсекеге қабілеттілігін қолдауға барабар талаптарды белгілеу;

      3) БЭК қатысушы елдердің банк жүйелері құрылымының ерекшелігін ескере отырып, Базель II және Базель III стандарттарына толық көшу.

      Сақтандыру секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

      1. Сақтандыру секторын институционалдық дамыту.

      Капиталдандыруға қойылатын талаптарды арттыру сақтандыру ұйымдарын нығайтуға және шоғырландыруға мүмкіндік жасайды. Сақтандыру нарығында төлем қабілеттілігінің халықаралық стандарттарына сәйкес келетін капиталдың жеткілікті деңгейі бар ірі сақтандыру ұйымдары жұмыс істейтін болады.

      Шетелдік сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына ашық қол жеткізу жағдайында сақтандыру нарығын дамыту айтарлықтай өзгереді. Мұнай-газ, энергетика, тау-кен өндіру салаларындағы ірі тәуекелдерді сақтандыруды резидент еместер тұрақты жұмыс істейтін мекемелерін құрамастан тікелей жүзеге асырады. Шетелдік сақтандыру делдалдарының (сақтандыру агенттері мен сақтандыру брокерлерінің) ірі тәуекелдерді бағалау және шетелдік сақтандыру ұйымдарына орналастыру жөніндегі белсенді қызметі күтіледі.

      Шағын және орта бизнесті сақтандыру секторы қазіргі кезде бағалау бойынша, сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық мөлшерінің 11 %-нан аспайды. Жалпы алғанда, сақтандыру секторының шамалы көлемі және шағын және орта бизнесті сақтандыру үлесі осы сегментке шетелдік инвестициялардың әкелінуін барынша тартымды етеді.

      Жеке тұлғаларды сақтандыру секторы жоғары әкімшілік шығасылар болғандықтан, шығыны ең көп болып табылады. Осы бағыт бойынша шетелдік сақтандыру ұйымдарының белсенді мүддесі де күтілмейді.

      Сақтандыру нарығында шетелдік инвесторлар Қазақстан Республикасы экономикасының ұзақ мерзімді мақсаттары мен стратегиясы бар өзге секторларында ірі инвесторлардың пайда болуы жағдайында ғана пайда болуы мүмкін.

      Ірі тәуекелдерді тежеу үшін қаржы мүмкіндіктерін жақсарту мақсатында қоса сақтандыру тетіктерін дамытуды ынталандыру жөнінде бірқатар шаралар қабылдау қажет, олардың көмегі арқылы ірі немесе аса белгілі емес және жаңа тәуекелдер басым түрде сақтандырылады. Сақтандыру (қайта сақтандыру) пулдарының қатысушылары сақтанушылар алдында ортақ жауапкершілік атқарады. Сондықтан олардың қызметінің ерекшелігін ескеретін қажетті заңнамалық негізді шамамен 2016 – 2020 жылдары құрған жөн.

      Сақтандыру ұйымдарын ірілендіру жергілікті сақтандыру ұйымдарына қайта сақтандыру қызметінің сапа тұрғысынан жаңа деңгейге өтуіне мүмкіндік береді. Сақтандыру ұйымдары капиталдың жеткілікті мөлшерін иелене және қаржы жүйесінің айтарлықтай ойыншысы бола отырып, жергілікті сақтандыруды ұлғайтуымен отандық сақтандыру нарығын капиталдандыруды ұлғайтуға және шетелден қайта сақтандыру сыйлықақыларының әкелінуіне ықпал ететін болады.

      Сақтандыру нарығының инфрақұрылымын нығайту мақсатында ірі тәуекелдер бойынша, сондай-ақ шетелдік қайта сақтандыру компаниялары мүдделі емес ерекше тәуекелдер, мысалы ауыл шаруашылығының тәуекелдері бойынша ішінара немесе толық қайта сақтандырып өтеуді ұсынатын мемлекеттік қайта сақтандыру ұйымын құру мүмкіндігін қарау қажет.

      Сонымен қатар, ірі өндірістік тәуекелдерді, су және әуе көлігінің тәуекелдерін сақтандыруға қатысатын сақтандыру ұйымдары үшін төлем қабілеттілігі маржасының (меншікті капиталының) ең төменгі мөлшерін едәуір ұлғайту қажет.

      Сақтандыру нарығын қадағалауды неғұрлым тиімді жүзеге асыру мақсатында сақтандыру брокерлеріне меншікті және жарғылық капиталдарының мөлшері бөлігінде қойылатын талаптар қатаңдатылады. Бұл ретте, сақтандыру брокерлерінің жауапкершілігін және қызметінің тиімділігін күшейту мақсатында сақтандыру қызметі бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыратын сақтандыру брокерлері үшін және қайта сақтандыру қызметі бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыратын брокерлер үшін жеке талаптарды белгілеу қажет.

      Қазіргі уақытта пайда мен залалдарды қатысушылар мен оператор арасында бөлу тетігін көздейтін, исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес келетін сақтандыру жүйесі – "Такафулды" енгізу бойынша жұмыстар заңнамалық деңгейде жүргізілуде.

      2. Жеке тұтынушылар мен институционалдық инвестор үшін сақтандыру өнімдерін дамыту.

      Міндетті сақтандыру жүйесі оның тиімді дамуына, оның ішінде міндетті сақтандырудың тиімді жұмыс істемейтін және қайталанатын сыныптарын оңтайландыруды және алып тастауға кедергі келтіретін жинақталған проблемаларды ретке келтіруді және шешуді талап етеді.

      Міндетті сақтандыру саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу, оның ішінде сақтандырудың міндетті түрлерін енгізудің критерийлерін және нақты тізбесін заңнамалық деңгейде айқындау қажет. Сақтандыру оқиғасының басталу кездейсоқтығы, шоғырландырудың жаппай болуы және болмауы, шығындарды анықтау және бағалау мүмкіндіктері, әлеуметтілігі және қоғамдық маңыздылығы міндетті сақтандырудың критерийлері болуы тиіс.

      Теңестірілген және тиімді міндетті сақтандыру жүйесін құру жөнінде шаралар қабылданады. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (бұдан әрі – ЖОМС) бойынша кәсіптік аурулардың бақылау жасауға болмайтын өсуінен және ЖОМС жүйесінің жоғары шығындылығынан туындаған жоғалтқан жалақыны өтеу жөніндегі төлемдер теңгерімсіздігі проблемаларын шешуге мүмкіндік жасайтын параметрлік өзгерістер енгізілетін болады.

      Міндетті сақтандыруды дамыту үшін жеке тұлғалардың жылжымайтын мүлкін төтенше жағдайлардан міндетті сақтандыруды енгізу мәселесі қарастырылатын болады.

      Сақтандыру ұйымдары жылжымайтын мүлікті сақтандыру шарттарын жасау кезінде сақтандыру делдалдары ретінде бола отырып, апаттық тәуекелдерге толықтыру ретінде өрт тәуекелін, жылжымайтын мүлік иелерінің үшінші тұлғалар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін жабуды ұсына алады.

      Сонымен қатар, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, оның ішінде көлік құралының өзін (айдап әкетуден, өрттен, үшінші тұлғалардың заңға қарсы әрекеттерінен) міндетті сақтандыру шеңберінде қосымша тәуекелдерді жабу мәселесі қаралатын болады.

      Ерікті мүліктік сақтандыру бойынша жаңа сақтандыру өнімдерін дамыту жөнінде шаралар қабылдау қажет. Неғұрлым талап етілетін және маңызды жеке өнімдер бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында сақтандыру шарттарының талаптары, тарифтердің есептері, мүлікті бағалау, шығынды реттеу және сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру рәсімдері стандартталады.

      Сонымен бірге жинақтаушы сақтандыруды дамыту азаматтарға бірқатар міндеттер кешенін шешуге мүмкіндік береді. Біріншіден, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру және қамтамасыз ету жүйесінің жеткіліксіз болуын өтеу (мысалы, зейнеткерлікке шығуға немесе кәмелет жасына жетуге немесе сақтандырылған адамның өміріндегі басқа оқиғаларға қатысты белгілі бір ақша сомаларын жинақтау). Екіншіден, еңбекке жарамдылығын жоғалтқан және қайтыс болған кезде қаржылық мүдделерді қорғау.

      Өмірді сақтандыру саласы әлеуметтік бағдары мен жинақтаушы функциясына ие бола отырып, банктік депозиттерге балама бола алады, сақтандырып қорғаудың бар болуы оның басымдығы болып табылады. Қосымша әлеуметтік қорғау болып табылатын өмірді сақтандыру қаржылық көрсетілетін қызметтердің басқа түрлерін алу үшін пайдаланылатын болады.

      Өмірді сақтандыру өнімдерін дамытуды ынталандыру, басқа қаржылық көрсетілетін қызметтерді алу, мысалы, кепіл нысанасы ретінде өмірді сақтандыру полистерін пайдалану, оның ішінде ипотекалық кредиттеу шеңберінде пайдалану кезінде өмірді сақтандыруды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту мүмкіндігін қарастыру қажет. Сонымен қатар, жинақтаушы сақтандыру өнімдерін ынталандыру мақсатында сақтандыру төлемдерін салық салудан босату және сақтандыру сыйлықақыларына (жарналар) қолданысты салықтық жеңілдіктерді жою арқылы оларға салық салу тәсілі қайта қаралады, бұл жинақтаушы сақтандыруға әкімшілік салық салуды едәуір оңайлатады.

      Жинақтаушы сақтандыруды дамытудағы ерекше орынды сақтанушыларға инвестициялық басқаруды өмірді басқарумен қоса атқаруына (unit-linked) және сақтандырушының пайдасына қатысуына мүмкіндік беретін жаңа сақтандыру өнімдері алуы тиіс.

      Медициналық сақтандыру әлемдік тәжірибеде халықты әлеуметтік қорғаудың кең таралған нысандарының бірі болып табылады. Сақтандырудың осы түрі халыққа денсаулығы бұзылған жағдайда медициналық көрсетілетін қызметтердің белгілі бір көлемін тегін алуына кепілдік береді.

      Қазақстан Республикасында қазіргі кезде медициналық сақтандыру ерікті болғандықтан, жеткілікті түрде дамыған жоқ. Осыған байланысты, медициналық сақтандыруды дамыту мақсатында міндетті медициналық сақтандыру тетігін енгізудің орындылығы мәселесін қарау және зерделеу жоспарланып отыр.

      Сақтандырудың барлық түрі бойынша әкімшілік шығасылардың жоғары болуын ескере отырып, сақтандыру өнімдерін, әсіресе сақтандырудың міндетті түрлері бойынша сақтандыру агенттері арқылы сату үлесін төмендету мәселесі қаралатын болады.

      Қазақстанның сақтандыру пулдарын дамыту жөнінде, оның ішінде шетелдік қайта сақтандыру ұйымдарын тарту және сақтандыру пулына резидент еместерде тікелей қайта сақтандыруға дейін сақтандыру тәуекелін ұсынудың экономикалық міндетін белгілеу арқылы шаралар қабылданатын болады.

      Сонымен қатар, сақтандыру ұйымдарының қызметін тексеру нәтижелері, сондай-ақ сақтанушылардан түскен шағымдар көрсетіп отырғандай, сақтандыру делдалдарының алаяқтық іс-әрекеттерінің өсу үрдісі, комиссиялық сыйақының негізсіз мөлшерлерін төлеу, заңнаманың комиссиялық сыйақы төлеудің кезеңділігі жөніндегі, сондай-ақ сақтандыру сыйлықақысын төлеу үшін сақтанушылардан қолма-қол ақша қабылдау жөніндегі талаптарының бұзылуы, сақтанушыларды жаңылыстыруға алып келу, жалған сақтандыру полистерін беру жалғасып отыр.

      Осыған байланысты, көрсетілген проблемалар тұжырымдамалық шешімді талап етеді және сақтандыру нарығының қатысушылары сақтандыру қызметтерін көрсету барысында туындайтын "сақтандыру ұйымы – сақтандыру агенті – сақтанушы" тізбегінің өзара іс-қимылының қолданыстағы схемасын қайта қарауды талап етеді.

      Мәселен, шешу жолдарының бірі ретінде сақтандырудың міндетті және ерікті түрлеріне (мысалы, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша) қатысты сақтандыру полистерін электрондық сатуды енгізу ұсынылады, мұнда автокөлік иелерінің міндетті сақтандырылып қорғалғанын тексеру үшін мүдделі тұлғалардың кіруіне рұқсат етілетін Сақтандыру жөніндегі бірыңғай деректер қоры (бұдан әрі – СДБҚ) негізінде деректер қорын қалыптастыру және жүргізу жөніндегі есептік ұйымның болуы көзделеді.

      3. Сақтандыру ұйымдары үшін инвестициялық мүмкіндіктерді ұлғайту.

      Өмірді сақтандырудың сақтандыру шарттарының ұзақ мерзімділігіне және тиісінше сақтандыру ұйымдары міндеттемелерінің ұзақ мерзімділігіне байланысты ерекшелігін ескере отырып, "өмірді сақтандыру" саласындағы қызметті жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдары үшін олардың инфляция деңгейін жабуы және қабылданған міндеттемелер бойынша төлем жасауға қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында табысты инвестициялық қызметті қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалады.

      Өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялар ұзақ мерзімді институционалдық инвесторлар бола отырып, қор нарығының неғұрлым белсенді ойыншылары болуы мүмкін, бұл ретте өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардың инвестициялық стратегиясы ұзақ мерзімді инвестициялық кезеңге есептелуі тиіс, бұл қабылданған міндеттемелердің мерзімдеріне қарай инвестициялық портфельдің салыстырмалы дюрациясын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Бұл жағдайда өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардың инвестициялық портфельді басқару бөлігіндегі қызметін реттеуді, міндеттемелердің жабылмау тәуекелін азайту мақсатында ұзақ мерзімді кезеңде сақтандыру ұйымдарының кірістілігін қамтамасыз етуді қайта қарау қажет. Өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында портфельдерді иммундау жөніндегі талаптар сақталған жағдайда активтерді ұзақ мерзімді қаржы құралдарын инвестициялауға қойылатын талаптарды ырықтандыру мәселесі қаралатын болады.

      4. БЭК шеңберінде міндетті сақтандыру талаптарын біріздендіру.

      БЭК шеңберінде міндетті сақтандырудың түрлері мен оларды жүзеге асыру талаптарын (сақтандыру тарифтері, жауапкершілік мөлшері, шарттардың талаптары) кезең-кезеңімен біріздендіру бойынша жұмыстар жүргізу қажет. Бірінші кезекте, міндетті сақтандырудың неғұрлым жаппай және талап етілетін түрі ретінде көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру тарифтерін теңестіру керек (кезең-кезеңімен, уақытша шығатындар үшін, ал одан кейін көлік құралдарының барлық иелері үшін).

      Бағалы қағаздар нарығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

      1. Эмитенттердің қор биржасында бағалы қағаздарды орналастыру есебінен қаржыландыру қаражатын тарту көздерін банктік қарыздарға балама ретінде қамтамасыз ету мақсатында бағалы қағаздар нарығындағы сұранысты арттыру және ынталандыру.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігімен бірлесіп, нарықтың қатысушыларына тәуекелсіз мөлшерлеменің индикаторы болып табылатын барабар кірістілік ауытқымасын құру арқылы мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту бойынша жұмысты жүргізуін жалғастырады. Ауытқыманы құру бойынша жүргізілетін жұмыс шеңберінде бастапқы дилерлер және маркет-мейкерлер институты жүйесі әзірленеді, мемлекеттік борышты басқару жүйесі жаңартылады, инвесторлық база кеңейтіледі.

      Сұраныстың артуына және мемлекеттік бағалы қағаздардың әлеуетті өтімділігін жетілдіруге қолданыстағы шығарылымдағы мемлекеттік бағалы қағаздарды қайта орналастыру жолымен көлемін арттыруды (ірілендіруді) болжайтын нарықты бөліп-бөліп көрсету жөніндегі шаралар ықпал етеді. Жиынтығында бұл шаралар стандартты құралдардың пайда болуына және нарықтың осы сегментінде өтімділікті арттыруға ықпал ете отырып, мерзімдері, сол сияқты бағалары бойынша құралдардың түрлері бойынша құрылымдалған нарықты құруға және нарықта эталондық көрсеткіштерді қалыптастыруға ықпал ете алады.

      Мемлекеттік емес бағалы қағаздарға қатысты, отандық бағалы қағаздар нарығының, оның ішінде Қазақстан қор биржасының өкілдік индексіне кіретін акциялар нарығының төмен өтімділігі салдарынан инвесторларға қажет болған жағдайда бағалы қағаздарды сатып алу не сату біршама күрделі. Ол үшін бағалы қағаздарды сатып алу-сату жөніндегі операцияларды сыйлықақымен не дисконтпен жасау қажет болады. Функциясы бағалы қағаздар бойынша сұраныс пен ұсынысты қолдау болып табылатын маркет-мейкерлер көбінесе қаражатының шектеулі болуына байланысты мәмілелер жасау үшін тиімсіз шарттарды ұсынады. Осыған орай қор биржасында бағалы қағаздармен сауда-саттық көлемі мардымды бола қоймайды.

      Сұранысты арттыру мақсатында бірінші кезекте, инвесторлардың барлық санаттары үшін тартымды нарықта қолжетімді қаржы құралдарының базасын көбейту, сондай-ақ сауда-саттық көлемін және бағалы қағаздардың өтімділігін, әсіресе қор биржасының өкілдік тізіміне кіретін акциялар көлемін арттыруды, оның ішінде маркет-мейкерлер институтын жетілдіру және жеке тұлға инвесторларға бұрын сатып алған бағалы қағаздарды сату мүмкіндігін қамтамасыз ету арқылы ынталандыру қажет.

      Сонымен қатар жеке, сол сияқты институционалдық инвесторлардан құралған инвесторлық базаны ұлғайту жөніндегі шараларды да қабылдау қажет. Жеке инвесторлар санының ұлғаюына халықтың қаржылық сауаттылығын және инвестициялық мәдениетін арттыру жөніндегі

      іс-шараларды іске асыру, сондай-ақ оларды инвестициялардың ұжымдық нысандарына тарту деңгейін арттыру ықпал ететін болады. Ол үшін венчурлік және басқа жобаларға инвестицияларды жүзеге асыруға арналған тәуекелдік инвестициялаудың инвестициялық қорларына қатысты реттеуіш талаптар ырықтандырылады, бұл олардың инвестициялық шектерін кеңейтеді және оларға өз кірістілігін арттыруға мүмкіндік береді.

      Банктердің ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығындағы инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі қаралатын болады, бұл өтімділік өсіп, нарық тереңдеген жағдайда, банктерге өтімділікті тиімдірек басқаруға да мүмкіндік береді.

      Сонымен қатар, инвесторлық базаны ұлғайту шетелдік инвесторларды бағалы қағаздардың жергілікті нарығына тарту есебінен жүзеге асырылуы мүмкін. Ол үшін бағалы қағаздар нарығына шетелдік инвесторлар үшін инвестициялау тұрғысынан қызғылықты құралдар шығаруды қамтамасыз ету қажет.

      Аталған шаралар инвесторларға шығындарды өтеу, Қазақстан Республикасы халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттыру жүйесін қалыптастырумен қатар бағалы қағаздар нарығында сұранысты арттыруға және ынталандыруға мүмкіндік береді.

      2. Білікті инвесторлар институтының жұмыс істеу тетігін жетілдіру.

      Инвесторлардың құқықтарын қорғаудың қолданыстағы тетігі инвесторларды біліктілік қағидаты бойынша бөлмейді. Тиісінше, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары үшін инвесторлардың тәуекелдерін барынша азайту бөлігінде белгіленген шектеулер инвестициялық операцияларға қатысты тәжірибесі мен білімі жоқ клиенттердің активтерімен операцияларға, сол сияқты білікті инвесторлардың операцияларына да қатысты қолданылады.

      Өз кезегінде, білікті инвесторлардың инвестициялау саласында қажетті білімі бар және қаржы тұрғысынан шығын тәуекелін өздері көтеруге қабілетті. Тиісінше, бағалы қағаздар нарығында инвесторлардың осы класын жандандыру мақсатында олардың активтерімен мәмілелер жасау кезінде қазіргі реттейтін шектеулерді барынша қысқарту қажет.

      Инвесторлардың құқықтарын қорғау тетігі "біліксіз" инвесторлар тарапынан сенімді арттыруға бағытталуға тиіс.

      Қазақстан Республикасында инвесторларды олардың біліктілігіне қарай кластарға бөлу, халықаралық практикада көзделгендей, олардың қорғалуы дәрежесіндегі айырмашылықты көздемейді. Мысалы, клиенттерге Еуропалық Одақта инвестициялық қызметтерді ұсынатын барлық мекемелерге қатысты директива 2004/39/CE (Markets in Financial Instruments Directive) көрсетілген аталған мекемелердің инвесторлардың мүдделерін олардың біліктілігіне қарай қорғау жөніндегі шараларды енгізуі бойынша талапты белгілейді. "Біліксіз" клиент мәртебесі берілген клиенттер анағұрлым қорғау дәрежесін алады. Мұндай тұлғалар инвестициялық қызметті орындамау немесе нарықтық ауытқулар салдарынан қаржы құралы құнының азаюына байланысты емес қаржы құралдарын қайтарусыз жоғалту нәтижесінде туындаған шығындар үшін өтемақы ала алады. Инвестициялық компания клиенттердің аталған класына инвесторлардың мүдделерін қорғау жөніндегі барлық іс-шараларды қамтамасыз етуге міндетті.

      Осыған байланысты, білікті инвесторлардың активтерімен мәмілелер бойынша операцияларды жандандыру мақсатында брокерлік ұйымдардың қызметіндегі "төлемге қарсы жеткізу" қағидатын орындау, халықаралық нарықтарда мәмілелерді жасау кезінде кастодиан банктің қызметтерін және бағалы қағаздардың ұйымдастырылмаған нарығында мәмілелер жасауға шектеулерді, сондай-ақ пруденциялық реттеуді пайдалану бойынша шектеулерді қайта қарау қажет.

      3. Инвестициялық банкингті дамыту үшін жағдайлар жасау.

      Бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын одан әрі дамыту және ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру мақсатында инвестициялық банкинг институты кезең-кезеңімен құрылатын болады.

      Инвестициялық банкингті брокерлік көрсетілетін қызметтерді, бағалы қағаздар мен өзге де мүлікті сенімгерлікпен басқаруды, клиенттерді бағалы қағаздарды сатып алу үшін не бағалы қағаздармен кредиттеуді, қаржылық консультация беруді және кастодиандық көрсетілетін қызметтерді, құрылымдық өнімдер шығаруды, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін қоса алғанда, өздерінің клиенттеріне қызметтердің кең ауқымын көрсететін қаржы институттары жүзеге асыратын болады.

      Инвестициялық банкинг тұжырымдамасын іске асыру жобалық қаржыландырудың тәуекел құралдарын пайдалануға байланысты коммерциялық банктердің тәуекелдерін төмендетуге ықпал етуі мүмкін. Бұл қаржылық көрсетілетін қызметтердің барынша жоғары ену деңгейін қамтамасыз етеді, сондай-ақ халықтың жинақ ақшасын ұлғайту үшін балама құралды ұсынады.

      4. Брокерлік ұйымдардың клиенттерге қызмет көрсету бөлігіндегі функционалы мен мүмкіндіктерін кеңейту.

      Брокерлердің өз клиенттерінің операцияларын кредиттеудің әлемде кең тараған практикасын, сондай-ақ брокердің өз клиенттерінің уақытша бос қаражатын дилерлік қызметте пайдалану тетігін енгізу талап етіледі. Мұндай тетіктер брокерлік ұйымның клиенттеріне "T+n" есеп айырысу жүйесі бойынша бағалы қағаздармен мәмілелерде неттингті пайдалануға, банктік кредиттеуге жүгінбей, бағалы қағаздарды сатып алу үшін барынша қолжетімді қорландыруға қол жеткізуге, ал брокерлік ұйымдарға бағалы қағаздармен сауда-саттық процесінде өтімділікті қамтамасыз ету үшін барынша икемді құралдарды иеленуге мүмкіндік береді.

      Бұл міндет брокерлік ұйымдарға банк операцияларының жекелеген түрлерін, атап айтқанда банктік қарыз операцияларын жүргізуге лицензияны алу мүмкіндігін беру арқылы іске асырылуы мүмкін, бұл бағалы қағаздар нарығы туралы заңнаманы және банк заңнамасын жетілдіру қажеттігі туралы мәселені шамамен 2016 – 2020 жылдары қарауды талап етеді. Бұл ретте, тәуекелдерді брокерлік ұйымдардың клиенттерді бағалы қағаздарды сатып алу мақсаты үшін кредиттеумен ғана қарыз операцияларын жүзеге асыру мүмкіндігін шектеу есебінен азайтуға болады.

      Бұдан басқа, инвесторлардың шығасыларын оңтайландыру және клиенттердің ақшасын есепке алудың айқындылығын арттыру мақсатында брокерлердің өздігінен клиенттердің ағымдағы шоттарын ашу мен жүргізу мүмкіндігін көздеу қажет. Ол үшін брокерлерге ағымдағы шоттарды ашу мен жүргізу үшін лицензияның болуы талап етіледі, бұл да банк операцияларының жекелеген түрлеріне жатады.

      Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргізуге осындай лицензиялардың болуы осындай лицензиялары бар брокерлік ұйымдарды реттеуге қолданыстағы тәсілді өзгертуді де талап етеді. Атап айтқанда, осындай брокерлік ұйымдарды пруденциялық реттеуді қайта қарау және оны банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарды реттеуге ұқсас белгілеу талап етіледі.

      Зейнетақы активтерін басқарудың осыған дейін жинақтаушы зейнетақы қорлары арқылы ұсынылған жеке сектордан Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне берілуіне байланысты, бағалы қағаздар нарығындағы қызметке қойылатын талаптар айтарлықтай дәрежеде ырықтандырылып, оңайлатылуға тиіс. Реттеу көп дәрежеде инвесторлардың өздерінің инвестициялық шешімдер қабылдаған кезде нарықтық тәуекелдерді дербес бағалау мүмкіндіктеріне бағдарлануға тиіс. Мұндай шараларды қолдану бағалы қағаздар нарығын дамыту үшін қажетті серпін береді және оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

      Брокерлік ұйымдардың эмиссиялық бағалы қағаздармен және басқа қаржы құралдарымен сауда-саттыққа қатысуы үшін бағалы қағаздар нарығына тікелей қол жеткізу қызметтерін өз клиенттеріне көрсету үшін Direct Market Access (бұдан әрі – DMA) жүйелерін кеңінен пайдалануды ынталандыру барынша маңызды болып табылады.

      Инвесторлардың, оның ішінде "Халықтық IPO" бағдарламасына қатысатын инвесторлар санының өсуі брокерлік ұйымдардан инвесторлардың клиенттік тапсырыстарын өңдеу үшін материалдық-техникалық ресурстарын ұлғайтуды талап етеді, бұл, түпкі нәтижесінде, олар көрсететін қызметтердің қымбаттауына әкелуі мүмкін.

      Осыған орай, инвесторлардың ауқымды санына қызмет көрсететін брокерлерге қатысты DMA жүйелерін пайдалану жөніндегі талаптарды белгілеу қажет, бұл биржаға өтінімді жеткізу және оның жай-күйі туралы ақпарат алу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

      Биржаға тікелей қолжетімділігі арқасында инвесторлар өз тапсырыстарын DMA жүйелерінде дербес қалыптастыра алады және оларға қызмет көрсететін брокерлерге қашықтықтан бере алады. Бұл ретте, брокер алынған клиенттік тапсырыстарға жылдамдатылған (әдетте автоматты) тапсырыстарды тіркеу, тексеру, верификациялау, есепке алу, орындау және қор биржасының сауда жүйесінде осы тапсырыстардың негізінде өтінімдерді қалыптастыру рәсімдерін қолдана алады. Сондай-ақ тікелей қолжетімділігі брокерлердің клиенттеріне қор биржасының сауда жүйесінен нарықтық ақпаратты ең аз кідіріспен алуға, өз клиенттік тапсырыстарын электрондық түрде қалыптастыруға, оларды брокерге оның кеңсесіне бару қажеттілігінсіз беруге, сондай-ақ іс жүзінде нақты уақытта өз өтінімін қор биржасының сауда жүйесінде көруге мүмкіндік береді.

      Бұл міндетті іске асыру жеке инвесторлардың едәуір көлеміне қызмет көрсететін брокерлік ұйымдарға қатысты DMA жүйелерін пайдалана отырып, тікелей қол жеткізілетін қызметтерді көрсету жөнінде талаптар белгілеуді, сондай-ақ брокерлік ұйымдардың бағдарламалық-техникалық қамтамасыз етуіне арналған қолданыстағы талаптарды жетілдіру мәселесін қарауды талап етеді.

      5. Сауда-саттықты ұйымдастырушы ұсынатын қызметтер тізбесін кеңейту.

      Қор биржасы биржаның нарық сұранысына ден қоюының икемділігін көтеруге, сондай-ақ қор биржасы мүшелері клиенттерінің белсенділігін арттыруға бағытталған стратегиялық жобаларды:

      1) қазақстандық және шетелдік инвесторларға Интернет арқылы қор биржасында сауда жасаудың қосымша технологиялық мүмкіндіктерін беретін пайдаланушылар сервистерін, жаңа бағдарламалық өнімдерді одан әрі дамыту;

      2) осы арқылы Қазақстан Республикасынан басқа өзге мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес құрылған және жұмыс істейтін заңды тұлғалар мұндай тұлғалардың Қазақстан Республикасы заңнамасының және қор биржасы ішкі құжаттарының талаптарына сәйкес келген жағдайда сауда-саттыққа қандай да болмасын қаржы құралдарының тиісті қолжетімдігімен қор биржасына мүшелікті ала алатындай, Қазақстан қор биржасына қашықтан мүшелікті дамыту;

      3) брокерлік компаниялар мен инвесторлардың қор нарығының секторларына және қор биржасының туынды қаржы құралдарының нарығына тікелей кіруі үшін мүмкіндіктерін арттыру, сондай-ақ биржаның валюта нарығына тікелей кіруіне мүмкіндік жасау;

      4) ішінара қамтамасыз етумен, клирингпен және тәуекелдерді басқарудың тиісті жүйесімен қор нарығында кейінге қалдырылған төлемдер жүйесін енгізу;

      5) операциялық тиімділікті арттыру, есеп айырысу аударымдарының санын/көлемдерін, қор биржасындағы шығыстарды азайту, тәуекелдерді барынша азайту және нарыққа қатысушыларды дефолттардан қорғау, оның ішінде орталық контрагенттің қызметтерін қолдана отырып қорғау мақсатында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін клирингтік және есеп айырысу жүйелерін биржаға енгізу жолымен жалғастыратын болады.

      6. БЭК елдерінде бірыңғай биржалық кеңістікті қалыптастыру, Қазақстан қор биржасының листингіне жіберілген отандық эмитенттер акцияларының кросс-трейдингі мен кросс-листингі.

      БЭК-қа қатысушы елдерде бірыңғай биржалық кеңістікті қалыптастыру капиталдың еркін қозғалысы қағидаттарында жүзеге асырылуға тиіс, бұл мыналарды білдіреді:

      1) инвесторларға, БЭК-қа қатысушы елдердің азаматтарына қор биржалары тізімінің қайсысында бұл бағалы қағаздардың немесе Ресей Федерациясы, Қазақстан Республикасы немесе Беларусь Республикасы болсын инвестордың орналасу елінің тізімінде болуына қарамастан, БЭК-қа қатысушы елдердің эмитенттерінің бағалы қағаздарымен операциялар жүргізу мүмкіндігін беру;

      2) БЭК-қа қатысушы елдерде тіркелген заңды тұлғаларға инвестициялау мүмкіндігін не бұл заңды тұлғалар тіркелген елге қарамастан, БЭК-қа қатысушы елдерде орналасқан басқа заңды тұлғаларды иелену мүмкіндігін беру.

      Бұл қағидатты іске асыру өзара тану және брокерлік ұйымдарды БЭК-қа қатысушы елдердің бағалы қағаздар нарықтарына жіберу (кросс-трейдинг) арқылы жүзеге асырылуға тиіс.

      Бұл инвесторларға, БЭК-қа қатысушы елдердің резиденттеріне құқықтық өкілеттіктерінде осы бағалы қағаздармен сауда-саттық жүзеге асырылатын БЭК-қа қатысушы елдің брокерлік ұйымдарына жүгінбей, жергілікті брокерлік ұйымдардың көрсетілетін қызметтерін пайдалана отырып, БЭК-қа қатысушы елдердің эмитенттерінің бағалы қағаздарымен операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

      Сонымен бірге Қазақстан Республикасы резидент эмитенттерінің акцияларын бірнеше қор биржаларында кросс-листинг жүргізу мүмкіндігі, яғни осы қор биржалары арасындағы өзара уағдаластықтар негізінде не эмитенттің листинг рәсімінен өтуі жөніндегі іс-қимылдарымен байланысты емес заңнамаға (халықаралық шартқа) сәйкес бірнеше қор биржасында бір мезгілде акциялардың бағаларын белгілеу мүмкіндігі бар. Акциялардың кросс-листингі нәтижесінде шетелдік инвесторлар тарапынан операциялардың негізгі көлемі шетелдік құқықтық өкілеттіктердегі қор биржаларында жасалуы мүмкін, бұл отандық қор биржасынан өтімділіктің шығарылуына әкеледі.

      Осылайша, БЭК елдерінде бірыңғай биржалық кеңістікті қалыптастыру акциялардың кросс-листингін емес, кросс-трейдингін дамыту арқылы жүзеге асырылуға тиіс.

      Бұл жағдайда Қазақстан Республикасы резидент-эмитенттері акцияларының шетелдік қор биржаларындағы листингі осы биржалар мен Қазақстан қор биржасының арасындағы келісімдердің негізінде емес, олардың осы биржаларға қосарлама листинг рәсімдерінен өтуі арқылы немесе заңнаманың (халықаралық шарттың) өзге нормаларына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.

      Бұдан басқа, шетелдік қор биржаларының листингіне енгізілген, Қазақстан Республикасының резидент ұйымдарының бағалы қағаздарын отандық қор биржасына басымдықпен орналастыруды ынталандыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру да талап етіледі. Бұл ұйымдардың қосарлама листингі өтімділіктің ауқымды бөлігінің шетелдік қор биржаларына шоғырлануына әкеледі және соның нәтижесінде, Лондон қор биржасында көрсетілген акциялар бағаларының өзгеруі олардың Қазақстан қор биржасындағы трендіне әсер етеді.

      Бұл міндетті іске асыру Қазақстан Республикасының резидент ұйымдары акцияларының Қазақстан қор биржасында басымдықпен айналыста болуы үшін оңтайлы жағдайлар жасауды талап етеді.

4. 3-міндет: инфрақұрылымды жетілдіру және қаржы жүйесін сапалы
дамыту үшін оңтайлы жағдайлар жасау

      1. Банктік тәуекелдерді барынша азайту мақсатында бизнес процестерді автоматтандыру.

      Қазақстандық қаржы ұйымдарының бизнес процестерді тиімді орналастыру және оларды автоматтандыру мәселелеріне жеткіліксіз көңіл бөлуі шетелдік бәсекелестер алдындағы олардың бәсеке қабілеттілігінің осалдығына себепші болды.

      "Кредиттік нарық параметрлерінің жай-күйі және болжамы" атты тоқсан сайын зерттеу жүргізу шеңберінде сұхбаттасу кезінде банктерден алынатын ақпаратқа сәйкес бизнес процестер жүйесін барынша тиімді ұйымдастырумен үйлестірілетін барынша сапалы ақпараттық жүйелердің болуы Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін шетелдік банктердің маңызды ерекшелігі болып табылады. Бұл фактор шетелдік банктердің қазақстандық нарықта өктемдік саясатын жүргізу кезіндегі олардың маңызды бәсекелестік артықшылығы бола алады.

      Осылайша, операциялық тәуекелдердің айқындылығын арттыру және оларды барынша азайту мақсатында менеджменттің халықаралық сапа стандарттарын енгізу және сапа стандарттары бойынша ішкі бағдарлардың болуы қажет. Қаржы ұйымдарының бизнес процестерін ұйымдастыру деңгейін арттыру қажет, ол ойдағыдай енгізілген жағдайда, қаржы ұйымы тиімділігінің көрсеткіштеріне, оның орнықтылығына, ашықтық дәрежесіне, шығындардың төмендеуіне, сондай-ақ олар көрсететін қызмет сапасына оң әсерін тигізеді.

      Сонымен қатар, банк секторының қызметі туралы шынайы ақпарат алу және оны талдау үшін пайдалану әрі банк қызметіне тән тәуекелдерді ерте сатыда анықтау мақсатында Кредиттік тізілімді жаңғырту жұмысы жалғастырылатын болады. Жаңғыртылған Кредиттік тізілімді енгізу қарыздар бойынша кіріс ақпаратты жинау, бақылау, өңдеу және бір көзден жиынтық есептер алу рәсімдерін оңтайландыруға, бағдарламалық қамтамасыз етудегі іркілістерге және адам факторына байланысты операциялық тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік береді.

      2. Төлем қызметтері нарығының инфрақұрылымын дамыту.

      Экономикалық қызметтің айқындылығын арттыру мақсатында тиісті технологиялық инфрақұрылымды дамыту және осы төлемдердің экономикалық тиімділігі үшін жағдайлар жасау арқылы қолма-қол жасалмайтын бөлшек төлемдердің үлесін арттыру қажет.

      Әлемдік практиканы және халықаралық стандарттарды ескере отырып, Қазақстан Республикасының төлем кеңістігінде төлем жүйелерінің инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру, қазіргі заманғы төлем тетіктері мен инновациялық шешімдерді енгізу міндеттерін шешуде мемлекеттің реттеуші және үйлестіруші рөлі сақталады. Қаржы секторының төлемдеріне жоғары технологиялық деңгейде қызмет көрсету үшін төлем жүйелерінің қызметін қолдау, жүйелік тәуекелдерді шектеу және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің көрсетілетін төлем қызметтерін жетілдіру жұмыстары жүргізіледі. Бөлшек төлемдер үшін технологиялық ортаны және инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінетін болады. Электрондық төлемдер тетіктерінің әлеуетін толық іске асыру және оңтайлы пайдалану үшін банктердің және төлем қызметтерін көрсететін өзге де ұйымдардың тиімді әрі сенімді түрлі жаңа көрсетілетін қызметтерді қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдармен және бизнес субъектілерімен нарықтық өзара іс-қимылды кеңейтуге, электрондық іс-қимылды автоматтандыруға және жақсартуға бағытталған күштері қолдау табатын болады.

      Төлем нарығының сенімді және қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін төлем қызметтері нарығының субъектілерін мемлекеттік реттеу және бақылау жүйесін жетілдіру шаралары қабылданатын болады. Төлем қызметтерін көрсететін банктік емес ұйымдарға қадағалауды жүзеге асыру бойынша тиімді шешімдер іздеу жүзеге асырылатын болады және оларға көрсетілетін төлем қызметтерінің аясы айқындалады.

      Жоғарыда көрсетілген міндеттерді іске асыру шеңберінде 2016 жылы төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнаманы жетілдіру мәселесін қарау жоспарланып отыр.

      3. Сақтандыру бойынша деректердің статистикалық базасын жетілдіру.

      Қазіргі уақытта бірқатар өзгерістерге ұшыраған сақтандыру нарығының инфрақұрылымы сақтандыру секторының толыққанды дамуын сақтандыру бойынша толыққанды және шынайы статистикалық базаны қалыптастыру жолымен қамтамасыз етеді. Бұл сақтандырудың ерікті түрлері бойынша сақтандыру тарифтерінің барабар және негізделген мөлшерлерін қалыптастыруға және сақтандыру жағдайлары мен төлемдері бойынша жалпы статистиканы ескере отырып, барабар резервтердің қалыптасуына мүмкіндік береді.

      Осыған байланысты сақтандыру шарттарының барлық параметрлері бойынша статистика жинауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін СДБҚ ақпараттық жүйелерінің ішкі процестерін одан әрі жетілдіру қажет. Бұдан басқа, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында СДБҚ базасында сақтандырудың барлық кластары үшін сақтандыру тарифтерінің актуарлық есептері үшін, сондай-ақ өмірді жинақтаушы сақтандыру үшін қайтыс болудың актуарлық кестелерін жасау үшін статистикалық ақпаратқа талдауды жүзеге асыратын тиісті бөлімше құру қажеттілігі туындады.

      Сонымен қатар, сақтандыру бойынша дерекқордың мемлекеттік дерекқорлармен өзара іс-қимыл қажеттігі бар, себебі мүліктік және жеке сақтандыру шарттарын жасау кезінде жеке тұлғалар бойынша дербес деректер пайдаланылады. Осыған байланысты, нақты уақыт режимінде ақпарат алу мүмкіндігімен жеке тұлғаларды есепке алу бойынша мемлекеттік дерекқорға қол жеткізу мүмкіндігі қаралатын болады.

      4. Автосақтандырудың өңірлік жүйесін құру.

      Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандырудың инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында, сондай-ақ БЭК шеңберінде Қазақстан Республикасының ықпалдасу жағдайларында Ұлттық мотор бюросын құру мәселесі қаралады.

      Ұлттық мотор бюросының негізгі мақсаты автосақтандырудың өңірлік жүйесі шеңберінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша міндеттемелерге кепілдік беруді және талаптарды реттеуді қамтамасыз ететін болады.

      Осындай мақсаттармен БЭК шеңберінде халықаралық келісімдер жасасу қажет, онда залалдарды реттеу тәртібі, сақтандыру ұйымдары мен сақтандыру полистерін өзара тану критерийлері, кепілдік қорының көлемі, сақтандыру тарифтерін біріздендіру және жауапкершілік көзделетін болады.

      5. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесін дамыту.

      Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі сақтандырудың міндетті түрлерін ғана жабатын болады. Кепілдік беру жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында сақтандыру ұйымы тәуекелдерінің деңгейіне байланысты міндетті жарналардың сараланған мөлшерлемелер жүйесі енгізіледі. Сондай-ақ міндеттемелерді толық жабу тұтынушыларды барынша тұрақты сақтандыру ұйымын таңдауға ынталандырмауына байланысты кепілдік және өтемақы төлемдері бойынша лимиттер белгіленеді.

      6. Дауларды сотқа дейін реттеу институтын – қаржы омбудсманын құру және сақтандыру омбудсманының өкілеттіктерін кеңейту.

      2007 жылы сақтандыру омбудсманын және 2011 жылы банк омбудсманын құру сақтандыру ұйымдары/банктері және олардың көрсетілетін қызметтерін тұтынушылар арасындағы өзара қатынастарды реттеу тетігін құруға мүмкіндік берді. Сонымен бірге бағалы қағаздар нарығының және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің көрсетілетін қызметтері тұтынушылары омбудсмандарды реттеу схемасымен қамтылмай қалды.

      Шет елдерде қаржы омбудсманы институты табысты жұмыс істейді, ол азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау арқылы бүкіл қаржы нарығы тұтынушыларының құқықтарын қорғаумен айналысады, сонымен қатар қаржы нарығының реттеушісі ретінде тұжырымды мәселелерді шешуге бағытталған функцияларды жүзеге асырады.

      Қаржы жүйесіне сенімділікті арттыру мақсатында қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың, оның ішінде әлеуетті инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жүйесін қаржы нарығында дауларды сотқа дейін реттеу институтын – қаржы омбудсманын құру арқылы жетілдіру ұсынылады. Осы институтқа сақтандырудың міндетті және ерікті кластары бойынша тиісінше, банктік қызмет көрсетудің барлық шарттары бойынша дауларды сотқа дейін реттеу жөніндегі банктік және сақтандыру омбудсмандарының өкілеттіктерін кеңейте отырып, салалық омбудсмандар қосылатын болады.

      Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржылық көрсетілетін қызметтер стандарттарын әзірлеуге, қаржылық көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға, Қазақстан Республикасы заңнамасын сақтау мониторингіне, халықтық қаржылық сауаттылығын арттыруға, ал қаржы

      омбудсманы – қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың қаржы ұйымдарына жеке шағым-талаптарын сотқа дейін тәуелсіз және әділ реттеуге баса назар аударады.

      Жоғарыда көрсетілген міндеттерді іске асыру шеңберінде 2016 жылы қаржы омбудсманының қызметін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі туралы мәселені қарау жоспарланып отыр.

      7. Қор биржасының ресми тізімі құрылымының және эмитенттерге қойылатын листингтік талаптардың реформасы.

      Бағалы қағаздардың отандық нарығының тартымдылығын арттыру және қор нарығында саудаласатын құралдар желісін ұлғайту мақсатында листинг құрылымына және листинг талаптарына қолданылатын тәсілді айтарлықтай өзгертуді қажет етеді. Эмитенттердің бағалы қағаздарын Қазақстан қор биржасының ресми тізіміне қосуға және онда болуына арналған түйінді талаптар Мәскеу және Лондон қор биржаларындағы листинг талаптарының үлгісі бойынша сауда-саттық жүргізуге және инвесторлар алдындағы ақпаратты (ақпараттық листинг) ашуға ыңғайлы болуға тиіс.

      Қазақстан қор биржасы эмитенттерді қатаң саралаудан және листинг санаттары бойынша бағалы қағаздар шығарудан кетіп, көбінесе эмитенттер туралы ақпаратты ашатын сауда алаңының функциясын атқаруы тиіс, ал инвесторлар өз кезегінде биржа ашқан ақпаратты басшылыққа ала отырып, өз бетінше шешім қабылдайды.

      Бұл ретте, листинг санаты капиталдандыру және эмитенттің кірістілігі критерийлеріне қатысты емес инвестор үшін сауда-саттық жүргізуге ыңғайлы талаптармен (айналыста бағалы қағаздардың болуымен) қалыптасуға тиіс.

      Мәселен, листинг құрылымында бағалы қағаздардың екі өзгеше тобын, атап айтқанда үлестік бағалы қағаздарды және борыштық бағалы қағаздарды көздеу қажет.

      Үлестік бағалы қағаздар үшін листингке қосылу бойынша рәсімдердің толық тізбесі сақталады, ал борыштық бағалы қағаздар қор биржасының ресми тізіміне айналысқа рұқсат берудің оңайлатылған рәсімінен өтетін болады.

      8. Бағалы қағаздардың биржадан тыс нарығының шоғырландырылған ақпараттық жүйесін және бағалы қағаздардың биржадан тыс нарығының баға белгілейтін ұйымын құру.

      Бағалы қағаздардың ұйымдастырылмаған нарығының айқындылығын арттыру мақсатында бағалы қағаздардың ұйымдастырылмаған нарығында бағалы қағаздармен мәмілелер (операциялар) туралы ақпаратты ашуды қамтамасыз ету қажет.

      Бағалы қағаздардың биржадан тыс нарығының шоғырландырылған ақпараттық жүйесін құру бағалы қағаздардың ұйымдастырылмаған нарығында эмитенттердің бағалы қағаздарымен мәмілелердің айқындылығын және ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ оның ауқымдарын бағалауға және осындай мәмілелерді қадағалау тетіктерін жақсартуға мүмкіндік береді.

      Өз кезегінде, бағалы қағаздардың биржадан тыс нарығының баға белгілейтін ұйымын құру инвесторларға бағалы қағаздары биржадан тыс нарықтың алаңында айналыста жүрген және бағалы қағаздардың осы нарығында сатылатын эмитенттер туралы толық ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік беріп, мәмілелер бойынша контрагенттер іздеуді жеңілдетеді, бұл сондай-ақ бағалы қағаздардың биржадан тыс нарығының өтімділігін арттыруға ықпал ететін болады.

      Бағалы қағаздардың биржадан тыс нарығының баға белгілейтін ұйымын құру Қазақстанның қор биржасының базасында, сол сияқты Бағалы қағаздардың бірыңғай тіркеушісі базасында жүзеге асырылуы мүмкін.

      9. Жергілікті рейтинг агенттіктері нарығын дамыту.

      Әлемде кредиттік рейтинг агенттіктері қаржы нарығының маңызды элементіне айналды. Осы ұйымдардың қаржылық қызметтерін эмитенттер бағалы қағаздарды шығарған және орналастырған кезде, жеке және инстутиционалды инвесторлар инвестициялық стратегияны қалыптастырған және бағалы қағаздарды сатып алған кезде, сондай-ақ мемлекеттік органдар реттеу мақсатында, мысалы банктік реттеуде, банктік портфельдердің тәуекелділігін бағалау және банктер төлем қабілетсіздігінен қорғау үшін сақтауы тиіс капиталдың мөлшерін айқындау үшін пайдаланады.

      Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында рейтингілік бағаларды беру жөніндегі көрсетілетін қызметтер нарығында Standard & Poor’s, Moody’s және Fitch сияқты халықаралық рейтинг агенттіктерінен басқа, жергілікті рейтинг агенттіктері жұмыс істейді.

      Өз кезегінде, жергілікті рейтингілік агенттіктерінде рейтингілік бағаларды беру тәжірибесі жеткіліксіз дәрежеде пысықталды, осының салдарынан олардың рейтингілік бағаларды беру жөніндегі әдістемесі бірдей емес және жетілдіруді қажет етуі мүмкін.

      Осыған байланысты қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мақсатында жергілікті рейтингілік агенттіктері берген рейтингілік бағаларды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі пайдаланбайды.

      Алайда Қазақстан Республикасындағы эмитенттердің барлығы кредиттік рейтингілерді беру үшін халықаралық рейтингілік агенттіктерді тарту мүмкіндігіне ие бола алмайды, себебі олардың көрсетілетін қызметтерінің құны біршама жоғары болып табылады.

      Кредиттік рейтингілік агенттіктерінің ішкі нарығын дамыту қажет. Олардың өзінің клиенттік базасын өсіру және өзінің клиенттеріне көрсетілетін қызметтердің үлкен тізбесін ұсыну үшін оларға барынша кең өкілеттіктер беруді қажет етеді. Сонымен бір мезгілде олардың өкілеттіктерін кеңейте отырып, рейтинг агенттіктерінің қызметін реттеу, бағалау және қадағалау және қаржы ұйымдарын реттеуде олар берген рейтингілік бағаларды тану тетіктерін енгізу мүмкіндігін, сондай-ақ рейтинг агенттіктерінің рейтингілік бағаларды ұсыну жауапкершілігін арттыруды қажет етеді.

      10. Алматы қаласы жетекші қаржы орталығы ретінде.

      Әлемдік қаржы орталықтарының озық тәжірибесін негізге ала отырып, АӨҚО-ның құқықтық өрісі қызмет аясын, көрсетілетін қызметтерді, қатысушыларды, уәкілетті орган ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мақсаттарын, міндеттері мен құзыретін кеңейту бөлігінде қайта қаралады. АӨҚО дамытудың 2020 жылға дейінгі жаңа жоспарын әзірлеу қажеттілігі қаралатын болады. Нарыққа қатысушылар үшін қолданылып жүрген жеңілдіктер мен артықшылықтарды сақтай отырып, бизнес жүргізу және капитал тарту үшін инвестицияларды отандық қор нарығына шоғырландыру мен тартуға ықпал ететін жаңа талаптар енгізу мүмкіндігі қаралады.

      АӨҚО дамыту жөніндегі кеңес құрылады, оған мемлекеттік органдардың, қаржы нарығының, бизнестің, жұртшылықтың және жергілікті атқарушы органның өкілдері кіреді. Кеңестің қажетті құжаттарын уақтылы әзірлеу үшін Кеңестің жұмыс органдарын құру мүмкіндігі қаралады.

      Болашақта, АӨҚО-да Boston Consulting Group-нің "Алматы Өңірлік Қаржы Орталығы ретінде" есебіне сәйкес мынадай қызметтердің кең спектрі көрсетілетін болады: қаржы, аудиторлық, заң, консультациялық, жетекші қаржы орталықтарының үлгісімен рейтингілік көрсетілетін қызметтер. Исламдық қаржыландыру перспективті бағыттардың бірі ретінде қаралатын болады.

      АӨҚО дамуы мыналарға бағытталады:

      1) қаржылық инфрақұрылымды дамыту (заманауи нарықтық инфрақұрылым, қатысушылар мен инвесторларға жағдайлар жасау, әртүрлі қаржы құралдарын ұсыну, тиімді реттеу жүйесін енгізу, ақпараттық және желілік технологиялар секторын дамыту);

      2) Алматы қаласын өңірдегі ірі, серпінді дамитын, бәсекеге қабілетті мегаполиске айналдыру (қаланың брендін және имиджін қалыптастыру бойынша белсенді маркетинг саясаты, инфрақұрылымды және туризмді дамыту, тіршілік етудің жайлы жағдайлары мен деңгейі, экологиялық жағдайды жақсарту, қаланы абаттандыру);

      3) бизнес ортаны құру (оның ішінде қолайлы іскерлік және инвестициялық ахуалды, заңнаманың икемді жүйесін, тартымды салықтық талаптарды, тиімді құқық және сот жүйелерін және шетелдік ойыншыларды тартуға бағытталған басқа да ынталандыру шараларын қалыптастыру жөніндегі мәселелерді қарау);

      4) қаржы нарығының және АӨҚО-ның түйінді салалар бойынша бәсекеге қабілеттілігін арттыру: адами фактор, бизнес орта, нарықтарға қол жеткізу, инфрақұрылым, жалпы бәсекеге қабілеттілік, сондай-ақ осындай жұмысқа жетекші талдау орталықтары мен сарапшыларды тарта отырып, бәсекелестік позицияларды, стратегиялық мамандануды, одан әрі дамудың сценарийлерін айқындау және АӨҚО дамуының балама мүмкіндіктерін тану;

      5) GFCI рейтингілік бағалауында Алматы қаласының қаржы орталығы ретіндегі позициясын жақсарту;

      6) алдыңғы қатарлы қаржы орталықтарымен тәжірибе мен ақпарат алмасу саласында тығыз ынтымақтастықты орнату және қолдау;

      7) корпоративтік басқаруды және тұтынушылардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғауды жетілдіру, сондай-ақ халықтың қаржылық білімінің деңгейін арттыру арқылы оларды қаржы нарықтарына тарту;

      8) Дүниежүзілік Банкінің Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде, Doing Business және басқа да рейтингілерде Қазақстанның негізгі экономикалық көрсеткіштерін жақсарту.

      Жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасы Үкіметімен және басқа да мүдделі тұлғалармен қатар аталған іс-шараларды іске асыруға белсенді түрде және тікелей қатысатын болады.

      Ұлттық қаржы нарықтарын дамыту үшін ортақ артықшылықтар мен мүмкіндіктерді анықтау жолымен мемлекеттердің арасында ынтымақтастықты кеңейте және тереңдете отырып, Қазақстан Республикасының халықаралық және өңірлік диалогтарға, форумдарға және конференцияларға қатысуы шеңберінде АӨҚО-ның дамуындағы ұлттық мүдделерді, әсіресе Орталық Азияда алға бастыру жалғастырылатын болады. Таяу шетел елдерінен инвесторлар мен эмитенттерді тарту мақсатында қаржылық қызметтер көрсету бойынша шекараларды кеңейту мүмкіндігі қарастырылады, бұл АӨҚО-ға Орталық Азияда қаржы орталығы ретіндегі позицияларын нығайтуға көмектеседі.

      Қазақстан қаржы нарығының айтарлықтай ішкі көздері (жеке отандық инвесторлардың активтері де, мемлекет ресурстары да) оларды жұмылдыру және одан әрі экономиканы қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Оларды тарту және отандық қаржы нарығын дамыту мүдделерінде пайдалану жөніндегі мәселелер пысықталатын болады.

      Осылайша, АӨҚО-ны құру және одан әрі дамыту, стратегиялық перспективада халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, бәсекеге қабілетті Алматы қаласының қаржы орталығын дамыту үшін және оның Азияның он алдыңғы қатарлы қаржы орталықтары тобына енуі үшін қажетті жағдайлар жасау жөніндегі стратегиялық міндетті іске асыруға бағытталған кешенді шаралар қабылданады.

      11. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы және Орталық Азиядағы исламдық қаржылық хаб ретінде Алматы қаласын дамыту.

      Исламдық қаржыландыруды одан әрі дамыту исламдық қаржы құралдарын кеңейту, исламдық өнімдер нарығының инфрақұрылымын қалыптастыру және оның қатысушыларының қызметін жүзеге асыруы үшін қолайлы жағдай жасау, отандық бағалы қағаздар нарығына өз қызметін исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес жүзеге асыратын эмитенттер мен инвесторларды тарту бойынша ынталандыру шараларын қабылдау бағытында жүзеге асырылады.

      Исламдық қаржыландырудың әлеуетін толыққанды пайдалану үшін мына мәселелер:

      1) отандық заңнаманы салық салу, исламдық қаржыландыру институттарын пруденциялық қадағалау, исламдық қаржы институттары үшін тіркеу кедергілерін жою бөлігінде исламдық қаржыландыру ерекшеліктеріне қарай одан әрі бейімдеу;

      2) исламдық өнімдермен жұмыс істеу тәжірибесі бар кадрлардың тапшылығын қысқарту;

      3) халықтың және бизнестің қаржылық сауаттылығын және исламдық қаржыландыру өнімдері туралы хабардар болуын арттыру қаралатын болады.

      Сонымен бірге, исламдық қаржыландыруды реттеу үлгісін түбегейлі, оның ішінде институционалдық қағидаттан бас тартып, оларды кім ұсынатындығына қарамастан, исламдық қаржы құралдары мен өнімдерін функционалдық реттеуге көшуді қайта қарастыру қажет.

      Исламдық қаржыландыруды дамытатын ел ретінде Қазақстан Республикасының имиджін арттыру мақсатында исламдық қаржы өнімдерінің промоушені және оларды жылжыту, жаңа исламдық банктерді ашу, исламдық банктік емес және микроқаржы мекемелерін ашу арқылы, сондай-ақ исламдық капитал нарығын дамыту жолымен Таяу Шығыс пен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінен инвестицияларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіледі.

      Осы процеске Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға кіруі ықпал ететін болады, бұл дамыған исламдық банк жүйесі бар ДСҰ-ға мүше елдер үшін отандық нарыққа жол ашады.

      Халықаралық стандарттарды зерделеу және енгізу мақсатында халықаралық исламдық қаржы ұйымдарымен (Islamic Financial Service Board, Islamic Liquidity Management Centre, International Islamic Financial Market, Accounting and Auditing Organization for Islamic Financial Institutions, International Islamic Rating Agency, General Council of Islamic Banks and Financial Institutions) өзара іс-қимылды жасасуды және Малайзия рейтингілік агенттігімен (RAM Holding) ынтымақтасуды жандандыру бойынша шаралар қабылданады.

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында және Орталық Азияда исламдық қаржыландыруды дамыту бойынша көшбасшы ретіндегі Қазақстан Республикасының позициясы күшейтіледі. Алматы қаласы исламдық қаржыландыруды енгізуге және дамытуға байланысты мәселелер бойынша конференциялар, форумдар, семинарлар және басқа да іс-шараларды өткізу орталығына айналады.

      Исламдық қаржыландыруды дамыту бойынша қойылған міндеттерді шешу үшін Исламдық қаржыландыруды дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасы қайта қаралып, өзектілендірілетін болады.

      12. Микроқаржы ұйымдарының қызметін дамыту.

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес микроқаржы ұйымдары үшін өтпелі кезең аяқталғаннан кейін, осы ұйымдарды бақылау мен қадағалау шеңберінде алынған ақпараттың негізінде олардың қызметін жетілдіру мақсатында микроқаржы ұйымдарының жаңа көрсетілетін қызметтерін енгізу мүмкіндігі, сондай-ақ жаңа тиісті реттеушілік талаптарды енгізу қажеттілігі қаралатын болады.

      Микроқаржы ұйымдарын одан әрі дамыту үшін ұйымдардың жаңа ұйымдық-құқықтық нысандары және микроқаржы ұйымдары секторында өзін-өзі реттеу институтын енгізу көзделуі мүмкін.

      Қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістерді 2016 жылдан бұрын емес (2016 – 2020 жылдары), яғни өтпелі кезең аяқталғаннан кейін қарау жоспарланып отыр.

5. 4-міндет: қаржы секторы өсуінің ресурстарын, оның ішінде
экономика қажеттіліктеріне жауап беретін қаржы өнімдері
есебінен кеңейту

      1. Банктердің әртүрлі қорландыру көздері бойынша әртараптандырылған ресурстық базасын қалыптастыру.

      Ішкі нарықта облигациялар шығару арқылы ресурстарды тарту неғұрлым қымбат, бірақ бұл ретте депозиттерді тартуға қарағанда, ұзақ мерзімді қорландыру болып табылады. Банктердің ішкі нарықта облигациялар шығаруын жандандыру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы құралдарының осы түріне әлеуетті инвесторлардың қызығушылығын арттыру үшін реттеушілік ортаны өзгерту қажеттілігін қарайды.

      Сонымен бірге, сыртқы борышының қазіргі салыстырмалы төмен деңгейі банктерге сыртқы қарыз тартуды бастауға мүмкіндік береді, бұл оның көлемі орташа болған және тиімді басқарылған кезде сыртқы борыш дағдарысына апармайды. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі банктердің сыртқы борышына қатысты резидент еместер алдында банктер берешегінің асыра өсуіне жол бермей, консервативтік саясатты ұстанады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, капиталға айырбасталатын облигациялар бойынша міндеттемелерді қоспағанда, банк секторы міндеттемелерінің жиынтық мөлшеріндегі оның сыртқы міндеттемелерінің үлесін 30 %-дан аспайтын деңгейде ұстап тұру банктердің сыртқы берешегінің қолайлы деңгейі деп санайды.

      Депозиттік сертификаттар сияқты ресурстарды тартудың құралын дамыту бөлігінде қолданыстағы заңнаманы жетілдіру орындылығы қаралатын болады.

      Нормативтік құқықтық базаның болуына қарамастан, активтерді секьюритилендіру тетігі дамымастан қалды. Секьюритилендірілген активтерді шығаруды ынталандыру және олардың нарығын дамыту бойынша шаралар қабылданатын болатын.

      Сонымен қатар, банктерді ұлттық валютада қорландырудың ұзақ мерзімді көздерінің өсуін қамтамасыз ету үшін банк салымы шоттарынан мерзімнен бұрын ақша алуды ынталандырмайтын айыппұлдар жүйесін немесе басқа да шараларды енгізу мәселесін қарау қажет.

      БЖЗҚ банктерді қорландырудың орнықтылығы мен ұзақ мерзімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Зейнетақы активтері банктердің қаржы құралдарына орналастырылатын белгілі бір кво-мәртебесін сақтау көзделеді. Зейнетақы активтерінің бір бөлігін банктердің қаржы құралдарына орналастыру мәселесі зерделеніп, тиімді тетігі айқындалады.

      2. Шетелдік борыштық емес капиталдың әкелінуін ынталандыру арқылы Қазақстан Республикасының қаржы жүйесіне деген сұранысты арттыру.

      Капиталдың қосымша әкелінуін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар елде іске асырылған "қаржылық хаб" үлгісі жан-жақты зерделенетін болады. "Қаржылық хаб" үлгісі арнайы қаржы аймақтарын құруды болжайды, оның шеңберінде салық салудың тек аумақтық қағидаты іске асырылады. Мемлекеттің қалған, яғни "қаржылық хабтан" тыс аумағында салық салудың жалпы белгіленген тәртібі сақталады.

      Зерделеу нәтижесінде оны Қазақстан Республикасында енгізудің, оның ішінде ел экономикасына ықпалын ескере отырып, сондай-ақ капиталды жылыстатуға қарсы іс-қимыл бойынша халықаралық талаптар тұрғысынан орындылығы қарастырылатын болады.

      3. Тиімді қайта қаржыландыру жүйесін құру.

      Банк секторын шоғырландыру бойынша мемлекеттік саясат шараларының бағдарлануын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жаңа қайта қаржыландыру жүйесін енгізеді. Операцияларды көбінесе ірі және орта банктермен жүргізу мәселесі қаралады, бұл бағалы қағаздар нарығында бастапқы дилерлер жүйесін дамыту шеңберінде іске асырылуы мүмкін.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құралдары жүйесі банктерді өтімділікпен (кез келген уақытта қойылатын талаптарды қанағаттандырған кезде) жеке негізде, сондай-ақ жүйелік проблемалар туындаған кезде де нығайтуды қамтамасыз ететіндей икемделеді. Бұл банктерге кредит саясатындағы акценттерді ұзақ мерзімді активтерді қалыптастыруға ауыстыруға мүмкіндік береді.

      Осындай құралдар жүйесі ақша-кредит саясатының классикалық құралдарының (тұрақты тетіктер, ашық нарығының операциялары), сондай-ақ шартты қорландыруды беру (атап айтқанда, банктің проблемалық активтердің көлемін төмендету, басым секторларға кредит беру, туынды қаржы құралдары нарығында алыпсатарлық қатысуын азайту бойынша міндеттеменің орнына өтімділік беру) тетігін практикаға енгізуді көздейді. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі кепілдік қамтамасыз ету ретінде қабылдауға болады деп қарайтын қаржы құралдарының тізімін кеңейту олардың тәуекел дәрежесімен ақталуы тиіс.

      Тіпті тиімді жұмыс істейтін қайта қаржыландыру жүйесінің болуы да банктерден өтімділігі маусымдық және қысқа мерзімді күрт және біршама құбылған жағдайда алдын ала өтімділік буферлерін қалыптастыруды талап етеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі сол үшін барлық қажетті жағдайларды жасайды.

      Өтімділікті басқару сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі банкаралық кредиттеу нарығын қалыптастыруды және дамытуды ынталандыратын болады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мәміленің аяқталуын қамтамасыз етуін көздейтін тетікті енгізу, мысалы, кепілдік беру мәселесі қарастырылады, бұл банктерге бір-бірімен жасалатын операцияларды кеңейтуге мүмкіндік береді.

      4. Бағалы қағаздар нарығында ұсынысты қалыптастыру және ұстап тұру және инвестициялаудың тартымды объектілері болып табылатын эмитенттердің акцияларын бастапқы орналастыруға шығару.

      Бағалы қағаздар нарығы дамуының, онда тұрақты ұсынысты қалыптастырудың және ұстап тұрудың, сондай-ақ инвесторлық базаны ұлғайтудың түйінді факторы акцияларды бастапқы орналастыруға жаңа компанияларды шығару болып табылады, ол жүйелік негізде жүзеге асырылуға тиіс.

      Мемлекет осы мәселеде белсенді рөл атқаруға тиіс, ол Қазақстан нарығында жария орналастыру үшін "квазимемлекеттік" сектор компанияларының бағалы қағаздарын ұсына алады, олар ең өтімді құралдар тобын құрайтын болады.

      Осылайша, бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту мақсатында "Халықтық IPO" бағдарламасы шеңберінде "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының еншілес және (немесе) тәуелді ұйымдарының акцияларын бастапқы орналастыруды жалғастыру және осы бағдарламаның жалғасуына кедергі жасайтын барлық себептерді жою қажет.

      Сондай-ақ, жоспарланып отырған жекешелендіру объектісі болып табылатын және ұлттық басқарушы холдингтерінің құрылымына кіретін ұйымдардың акцияларын отандық қор биржасында орналастыру арқылы кейінгі жекешелендіруді жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру талап етіледі.

      Квазимемлекеттік кәсіпорындардың акцияларын отандық қор биржасында орналастыру арқылы жекешелендіруді жүргізу бағалы қағаздар нарығының дамуына күшті серпіліс береді және нарыққа шетелдік инвесторларды тарту үшін катализатор болады. Осындай жекешелендіру

      сауда-саттықтың барлық қатысушыларына сауда-саттыққа қатысудың тең жағдайларын, сауда-саттыққа қатысушылардың шектеусіз саны арасында бәсекелестікті, жекешелендіру объектілеріне айқын және әділ баға қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

      Отандық қор биржасында кәсіпорындардың жекешелендіруін өткізгеннен кейін олардың акцияларының қайталама айналуын қамтамасыз ету бойынша талапты қарастыру маңызды, өйткені бұл жекешелендіру объектілерінің тартымдылығын, оның ішінде шетелдік инвесторлар үшін де арттыратын болады және олардың кейінгі қызметінің айқындылығын қамтамасыз етеді.

      Cондай-ақ бағалы қағаздар нарығында ұсынысты ұстап тұру және оның өтімділігін жоғары деңгейде сақтау мақсатында маркет-мейкерлер институтын дамыту қажет, олар нарықта ұсынысты өздерінің баға белгілеуінің жоғары көлемдерімен және осындай баға белгілеу арасындағы тар спрэдтерімен ұстап тұруға тиіс. Бұл ретте, маркет-мейкерлердің негізгі ресурстарын әлеуетті өтімді қаржы құралдарына шоғырландыру қажет.

      Басым міндеттердің бірі Қазақстан Республикасының резидент эмитенттерінің шетелдік бағалы қағаздар нарығында акционерлік және қарыз капиталын тарту үшін кетуін шектеу болып табылады. Қазіргі кезде шығаруға және шет мемлекетінің аумағында орналастыруға жоспарланған бағалы қағаздарының белгілі бір санын отандық инвесторлар арасында орналастыру бойынша талаптар белгіленген Қазақстан Республикасының резидент эмитенттерінің сипаттамасы резидент эмитенттердің Қазақстан Республикасының заңнамасын орындауын бақылау бойынша қолда бар тетіктерді толыққанды қолдануға мүмкіндік бермей отыр.

      Қазақстандық инвесторлардың мүдделерін қорғау үшін Қазақстан Республикасының резидент эмитенттерінің қызметіне мониторингті жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауды бақылау жөніндегі уәкілетті органның өкілеттіктерін кеңейту қажет. Бұл шара оған бағалы қағаздардың айналымын тоқтата тұру не эмитент орналастыру талаптарын бұзған не оның бағалы қағаздары казақстандық немесе шетелдік нарықтарда айналымда болған жағдайда бағалы қағаздарды орналастыруды жарамсыз деп тану құқығын беру мүмкіндігін қарау жолымен іске асырылатын болады.

      Салық салу жүйесі қажет болған жағдайда экономика секторларының дамуын қамтамасыз етуге, не олардың қызып кетуін тежеуге мүмкіндік беретін, мемлекеттік реттеудің неғұрлым икемді құралы болып табылады. Салықтық жеңілдіктерді және преференцияларды пайдалану кеңінен қолданылатын бағалы қағаздар нарығын дамыту тетігі болып табылады.

      Қазақстан Республикасында қазіргі кезде қор биржасына шығатын инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер бар, алайда бұл акциялардың корпоративтік эмитенттерінің IPO-ға және ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығына шығуына әлсіз ынталандыру болып табылады.

      Осыған байланысты отандық бағалы қағаздар нарығында Қазақстан эмитенттерінің IPO санының әлсіз өсу себептері талданып, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығындағы салық салу мәселесі қарастырылатын болады.

      Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы резидент эмитенттерінің кетуін ішінара шектеу мақсатында бағалы қағаздардың шетел нарықтарында акционерлік және қарыз капиталын тарту үшін бағалы қағаздарды шығаруды және оларды шетел нарықтарында орналастыруды жоспарлап отырған резидент эмитенттер үшін қосымша салық алымдарын енгізу мақсатқа сай болып табылады. Сондай-ақ осы эмитенттер үшін бағалы қағаздарды шетел нарықтарында орналастыруға кірісердің алдында бұрын отандық бағалы қағаздар нарығында олар орналастыруы тиіс бағалы қағаздар көлемінің ең төменгі шекті мәнін кезең-кезеңімен арттыру қажет.

      Бағалы қағаздар нарығында ұсыныстар қалыптастыру және қолдау мақсатында сондай-ақ сыртқы эмитенттерді Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығына тарту қажет. Бағалы қағаздар нарығындағы ұсыныстарды Қазақстан Республикасы шегінде ғана емес, сондай-ақ басқа елдерде, оның ішінде Орталық Азия, БЭК және ДСҰ елдерінде де шетел эмитенттерінің бағалы қағаздарының отандық нарығына олардың акцияларын бастапқы орналастыру мақсатында тарту үшін қолайлы жағдай жасау арқылы ынталандыру қажет.

      Осы міндетті іске асыру АӨҚО одан әрі дамыту және оны өңірлік қаржылық хаб ретінде белгілеу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

      Сондай-ақ отандық кәсіпорындарды қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде іске асырылатын тиісті мемлекеттік субсидиялар алуға үміткер ұйымдардың бағалы қағаздарын Қазақстанның қор биржасында листингке міндетті енгізу мәселесін қарау талап етіледі.

      Бағалы қағаздар нарығында ұсыныстарды арттырумен қатар, осы шараны іске асыру осы ұйымдардың айқындылығын қамтамасыз етеді және олардың қызметін мониторингілеуді жеңілдетеді.

      5. Даму институттарының рөлі.

      Қаржылық даму институттары дамып келе жатқан экономика жағдайында орнықты қаржы секторының қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Даму институттары арқылы мемлекеттің қатысуы және қолдауы қаржы секторының ұзақ мерзімді және табысты дамуының ажырамас шарты болып табылады.

      "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы және оның еншілес ұйымдары (бұдан әрі – холдинг) мемлекеттік даму бағдарламаларын қаржыландыруда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаржылық құралы болып табылады. Экономиканың басымды салаларын қаржыландыру капиталдың жергілікті және халықаралық нарықтарынан қорландыруды тарту арқылы іске асырылады.

      Қаржы ресурстарын тиімді пайдалану және бөлу есебінен холдинг тұрақты негізде мынадай міндеттерді іске асырады:

      1) мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру кезінде қаржы ресурстарымен уақтылы қамтамасыз ету;

      2) тартылатын қаржыландырудың оңтайлы шарттары;

      3) тартылатын қаржыландырудың нысаналы мәні;

      4) холдингтің қаржылық орнықтылығын сақтау.

      Холдингтің құрамына қаржы секторының қалыптасуына және экономиканың басымды салаларында қаржыландырудың қажетті құралдарын ұсынуға тікелей белсенді қатысатын даму институттары кіреді. Бұл ретте, қатысушылардың айқындылығы мен хабардар болуының жоғары деңгейімен инфляция деңгейінде немесе жоғары кірістілікті қамтамасыз ету бойынша бар күш-жігер жұмсалады.

      Мысалы, холдинг тобына кіретін Қазақстанның Даму Банкі тұрақты негізде Қазақстан экономикасын қаржыландырудың жаңа өнімдерін ұсыну және барларын жетілдіру, оның ішінде банктермен өзара іс-қимыл жасасу арқылы жұмыстар жүргізеді.

      "ҚазЭкспортГарант" экспорттық-кредиттік сақтандыру корпорациясы" акционерлік қоғамы сауда қаржыландыру операцияларын және экспорттық сауда операцияларын сақтандыруды қолдау жөніндегі қаржы операторы болып айқындалды. Қаржыландыру сауда қаржыландыру үшін банкаралық нарықта шетел банкіне қарыз беретін банктердің шартты салым ұсыну арқылы жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар, сақтандыру өнімдерінің қатары кеңейтіліп, оларда банктермен бірлесе іске асырылатын болады.

      Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін дамыту және жеңілдікпен, оның ішінде әлеуметтік бағыттағы ипотекалық кредиттерді ұсыну арқылы халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша құралдардың тұтас спектрін ұсынуға белсенді түрде қатысады.

      "Қазақстан ипотекалық компаниясы" ипотекалық ұйымы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қазақстан ипотекалық компаниясы) өз қызметі шеңберінде банктерден ішкі нарықта қорландырудың ұзақ мерзімді қаражатын тарту есебінен ипотекалық портфельдерді сатып алады. Бұл ретте, Қазақстан ипотекалық компаниясы банктер үшін ипотекалық мөлшерлемелерді төмендету мүмкіндігі мақсатында қарыз алуды арзандатуға ұмтылады. Қазақстан ипотекалық компаниясының қызметі банктерді қажетті ұзақ мерзімді қорландырумен және одан әрі кредиттеу үшін ресурстарды босатумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Осылайша, даму институттары қаржылық инфрақұрылымды жетілдіруге, қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, теңгерімді экономикалық ортаны ұстап тұруға және экономикадағы кредиттік тәуекелдерді төмендетуге тікелей үлес қосады және белсенді түрде қатысады. Бұл ретте, қаржы секторы өсуінің ресурстарын, оның ішінде даму институттарын дамыту есебінен жүйелі кеңейту мақсатында, ұзақ мерзімді қаржыландырудың барлық ықтималды көздеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет. Даму институттарын қорландырудың көздерін әртараптандыру экономиканың басымды салаларын теңгемен қаржыландырудың ұзақ мерзімді көздерімен қамтамасыз етуге, проблемалық жобаларды қайта құрылымдауға және сауықтыруға мүмкіндік береді.

      Бұл ретте, даму институттары экономикадағы ұзақ мерзімді қаржыландыруды ұсынуды қамтамасыз ете отырып, жеке инвестицияларға, оның ішінде банктік кредиттеуге бәсекелестік жасамауға тиіс.

6. 5-міндет: теңгерімделген экономикалық ортаны ұстап тұру және
экономикадағы кредиттік тәуекелдерді төмендету

      1. Экономиканың нақты секторының ашықтығын арттыру.

      Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын кәсіпорындар айқындылығы деңгейінің төмендігі, сондай-ақ корпоративтік басқарудың дамымай қалуы қаржы институттары үшін әлеуетті кредиттік тәуекелдер деңгейінің ұлғаюына әкеліп, қор нарығының дамуын тежейді, сондай-ақ мемлекеттің салық саясатының тиімді жүзеге асырылуына кедергі келтіреді.

      Бұл ретте салық төлеудің толықтығы мен уақтылылығы бойынша тексеру рәсімдері ғана емес, сонымен қатар айқындылықты арттыру нәтижесінде бизнес алатын нақты пайданы көрсету арқылы ақпаратты шынайы ашуға кәсіпорындарды уәждемелеу қажет. Сонымен қатар дұрыс жолға қойылған корпоративтік басқару экономикадағы тәуекелдерді төмендету құралдарының бірі бола алады.

      2. Қаржы нарығы субъектілерінің тарапынан нарықтық тәртіпті көтеру және корпоративтік басқаруды жетілдіру.

      Қаржы нарығына қатысушылардың ақпаратты ашуы тұтынушылар үшін оның операциялық және қаржы көрсеткіштері, тәуекелге ұшыраушылығы, тәуекелді бағалау процестері және тиісінше, мекеме капиталының жеткіліктілігі туралы ақпарат негізінде қаржы институтын дербес таңдауға мүмкіндік жасайды, бұл болашақта клиенттердің бейілдігіне оң ықпал етеді.

      Қаржы ұйымдары корпоративтік басқаруды жетілдіру процесін үнемі жүргізіп отыруға тиіс. Бұл ретте, банктерде директорлар кеңесі бекіткен және ашылатын ақпараттың сипатының анықтамасына банктің тәсілін сипаттайтын ақпаратты ашудың ресми саясаты, сондай-ақ оны ашудың барысына ішкі бақылау болуы тиіс. Оның үстіне, банктер ақпаратты ашудың негіздемесін және кезеңділігін қоса алғанда, оның заңдылығын бағалау процесін енгізуге міндетті.

      Сонымен қатар, банктерде тәуекелдің әрбір түрі бойынша стратегияларды және процестерді; тәуекелді басқарудың тиісті функциясы бар ұйымның құрылымы мен схемасын; тәуекелдің есептілігі және/немесе өлшеу жүйесінің аясы мен сипатын; тәуекелді хеджирлеу және/немесе төмендету саясатын, сондай-ақ тәуекелді хеджирлеу немесе төмендету құралдарының тиімділігін үнемі бақылау стратегиясы мен процестерін қамтитын тәуекелді басқарудың саясаты болуға тиіс.

      Ақпаратты ашу банктік тәуекелдер туралы нарықты ақпараттандырудың тиімді құралы болып табылады және түрлі институттарды анағұрлым тиімді салыстыруға мүмкіндік беретін ақпаратты ілеспелі және түсінікті ашудың тетігін қамтамасыз етеді. Ақпаратты ашу қаржы институтының қоғам алдындағы моральдық жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

      3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік институтын дамыту.

      Жеке бизнесті дамытуды ынталандыру бойынша, сондай-ақ бизнестің халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бойынша экономикалық саясаттың мақсатына қол жеткізу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік институтын әрбір қатысушының тәуекелдерін, оның ішінде мына бағыттар бойынша қатаң шектей отырып одан әрі дамыту қажет:

      мемлекеттік (мемлекеттің басымды даму бағдарламаларын, оның ішінде әлеуметтік бағдарламаларды орындау мақсатында экономиканың нақты секторын ынталандыруға, сондай-ақ сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жұмыс істеуін жалғастыру мақсатқа сай), оның ішінде "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы ұлттық басқарушы холдингтерінің қатысуымен қолдау;

      жекешелік қолдау (Қазақстан Республикасының өңірлерінде шағын және орта бизнеске ұзақ мерзімді инвестициялар ұсыну үшін отандық және шетелдік бизнестің ірі өкілдері венчурлік қорларды немесе еншілес компанияларын құру қажет);

      борышкерлерді санациялау (Қазақстан Республикасы Үкіметін анағұрлым белсенді тарта отырып, себебі қарыз алушының өздерінің, мысалы, ауыл шаруашылы тарапынан төлем қабілеттілігі проблемасы орын алады);

      кредиторлар мен қарыз алушылардың мүдделер теңгерімін қамтамасыз етуді ескере отырып, борышты өндіріп алудың соттан тыс тетігін заңнамалық деңгейде жетілдіру, бұл соттардың жұмысын жеңілдетуге ықпал етіп, борышты құнын жоғалтпастан қайтару мерзімін қысқартады (құжаттамалық және рәсімдік тұрғыдан нақты нысандандырылған сот тәртібіне қосымша, бірақ қарыздар бойынша міндеттемелердің орындалуы ұзақ).

      4. Кредиттік шешім қабылдау барысында қарыз алушыны бағалау процесін күшейту.

      Кредиттік шешім қабылдау барысында қарыз алушының жағдайын бағалау қарыз алушының өзінің деректерін бағалау негізінде ғана емес, сонымен қатар, бағаланатын факторлардың анағұрлым кең спектрін, мысалы, саладағы экономикалық ахуалды бағалауды, бәсекеге қабілеттілікті бағалауды және басқаларды қамтитын болады.

5. Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030
жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асырудың күтілетін нәтижелері

      Қаржы нарығын дамытудың түйінді көрсеткіштері бойынша 2020 жылға қарай мынадай нысаналы бағдарларға қол жеткізу жоспарланып отыр.

      Банктердің активтері мұнай емес ЖІӨ-нің кемінде 80 %-ын, несие портфелі – мұнай емес ЖІӨ-нің кемінде 60 %-ын құрайды, бұл олардың экономиканы, әсіресе мемлекеттік даму бағдарламаларында қаржыландыруға қатысуын кеңейтуді болжайды. Осы мәндер шетел банктерінің қазақстандық нарыққа көлемді өктемдік саясатын шектеу, отандық қаржылық жүйені сақтау және отандық банктерге шетелдің қаржы институттарының кіруін толық ырықтандырудан отандық банктердің шығындарын төмендету үшін ең аз қажеттіліктер деп бағаланады.

      Алайда банк секторы бойынша нысаналы бағдарларға қол жеткізілмейді деген тәуекелдер, ең алдымен, ірі отандық кәсіпорындардың, әсіресе мемлекеттің қатысуымен және сыртқы нарықтарда даму институттарының көлемді қарыз алуларымен байланысты. Нәтижесінде отандық банктік жүйе шағын және орта бизнес және халық үшін ғана сұранысқа ие болып қалып отыр, себебі олардың әлеуеті активтердің белсенділігін "көпіршіксіз" айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бермейді.

      Нарық бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2-2,5 есе ұлғаяды. Сақтандыру сыйлықақыларының көлемі халықтың бөлшек ерікті сақтандыруды, оның ішінде өмірді жинақтап сақтандыруды қамтуды кеңейту есебінен ұлғаятын болады. Сақтандырудың міндетті түрлері бойынша сақтандыру сыйлықақыларының өсуі тұтыну бағалары индексінің артуы және сақтандыру объектілері санының ұлғаюы есебінен қолдау табады.

      Акциялар нарығын ЖІӨ-ге қатысты капиталдандыру "Халықтық IPO" бағдарламасын іске асыру және жаңа IPO корпоративтік эмитенттермен жүргізу шартымен екі есе ұлғаяды.

      Ислам банктерінің үлесі Қазақстан Республикасының банктік жүйесі активтері көлемінің 3-5 %-ын құрайды.

      АӨҚО Азияның жетекші он қаржы орталығының тобына кіреді.

      2020 жылға жоспарланып отырған қаржы нарығын дамытудың түйінді нысаналы көрсеткіштері қаржылық делдалдық тереңдігінің, тұтынушыларға көрсетілетін қаржы қызметтерінің көлемі мен сапасының қаржы секторының негізгі сегменттерінде шекара ашу жағдайларында шетелдік ойыншылармен бәсекелестіктің қажетті деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін деңгейге дейін өсуін болжайды.

      Қаржы жүйесін 2030 жылға дейін дамытудың түпкілікті көрсеткіштерін белгілеу ұсынылған қаржылық үлгі нәтижелеріне негізделетін болады. Сондықтан тиісті бағдарларды белгілеу 2020 жылы қол жеткізуге жоспарланып отырған нәтижелерге қол жеткізуге негізделуі тиіс.

      Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының міндеттерін қабылдау және іске асыру Қазақстан Республикасы ДСҰ-ға кіргеннен кейін және БЭК аумағында ортақ қаржы нарығы құрылғаннан кейін "қаржылық шекараны" ашу жағдайында 2020 жылдан кейін қаржы нарығының сегменттерін сапалы дамыту үшін негіз қалайды. Тұтынушылардың ауқымды көлеміне қаржылық көрсетілетін қызметтерге қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Олардың қаржылық сауаттылығын арттыру, мүдделерінің қорғалуы және

      қаржы нарығына қатысушылардың жинақтарының сақталуы қамтамасыз етіледі.

      Осының барлығы Қазақстан Республикасының әлемнің ең дамыған

      30 елінің қатарына кіруі үшін қосымша жағдайларды қамтамасыз етеді.

      Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қаржылық делдалдық тетіктерінің, оның ішінде әлемнің озық тәжірибесінің дамуына қарай түзетілетіндігін атап өткен жөн.

6. Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030
жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру болжанып отырған
нормативтік құқықтық актілердің және бағдарламалық құжаттардың
тізбесі

      Тұжырымдаманы іске асыруды мына нормативтік құқықтық актілер арқылы қамтамасыз ету болжанып отыр.

      1. 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Жалпы бөлім).

      2. 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Ерекше бөлім).

      3. "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Кодексі.

      4. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі (Салық кодексі).

      5. "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы.

      6. "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы.

      7. "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы.

      8. "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы.

      9. "Жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы" 2003 жылғы 11 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы.

      10. "Аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгін мiндеттi сақтандыру туралы" 2003 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы.

      11. "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы.

      12. "Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы.

      13. "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы.

      14. "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы.

      15. "Туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру туралы" 2003 жылғы 31 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы.

      16. "Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы" 2004 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы.

      17. "Қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы" 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы.

      18. "Инвестициялық қорлар туралы" 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы.

      19. "Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" 2005 жылғы 7 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы.

      20. "Міндетті экологиялық сақтандыру туралы" 2005 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы.

      21. "Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы туралы" 2006 жылғы 5 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы.

      22. "Өзара сақтандыру туралы" 2006 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы.

      23. "Микроқаржы ұйымдары туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы.

      24. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы.

      25. Тиісті кезеңге бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Стратегиялық жоспары.